Стационарлық бақылау жасау пункттері туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 сәуірдегі № 524 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 тамыздағы № 628 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 10.08.2015 № 628 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 145-1-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Стационарлық бақылау жасау пункттері туралы ереже бекітілсін.
      2. «Табиғи ортаның жайын бақылайтын станциялардың мәртебесі жөніндегі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 10 қаңтардағы № 38 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 26 сәуірдегі
№ 524 қаулысымен  
бекітілген    

Стационарлық бақылау жасау пункттері туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Стационарлық бақылау жасау пункттері туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 145-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және стационарлық бақылау жасау пункттерінің (бұдан әрі – СБП) мақсаттарын, міндеттерін, функцияларын және оларды ұйымдастыруына, жұмыс істеуіне, қызметінің қамтамасыз етілуіне қойылатын негізгі талаптарды белгілейді.

2. Терминдер мен анықтамалар

      2. Осы Ережеде мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
      1) агрометеорологиялық бақылау – метеорологиялық элементтерді (ауа температурасы, жауын-шашын мөлшері және басқалар), ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің өсуі мен дамуын, топырақтың жай-күйін және өткізілетін агротехникалық іс-шараларды бір уақытта бақылау;
      2) актинометриялық бақылау – тікелей, шашыраңқы және жиынтық күн радиациясының үдемелілігін, сондай-ақ тиімді сәулеленуді, радиациялық теңгерім мен альбедоны (топырақтың шағылыстырғыш қабілеті) бақылау;
      3) мамандандырылған бақылау – жекелеген дүлей құбылыстардың (сел, қар көшкіні және басқа да қауіпті гидрометеорологиялық құбылыстар) қалыптасуын, туындауын және өту жағдайларын бақылау кешені;
      4) аэрологиялық бақылау – атмосфералық ауа сипаттамаларын түрлі биіктіктерге радиозондтың көмегімен көтерілетін аэрологиялық аспаптармен өлшеу;
      5) бақылау пунктінің көрнекілігі – СБП орналасуы, онда оның жұмыс істеуіне қоршаған жермен салыстырғанда қатты білінетін және өзіндік жер бедері мен жер үстінің төсем элементтері әсер етпейді, ал СБП бақылау осы өңірдің жалпы сипаттамасы (климаты, су объектілері) үшін көрсетімді;
      6) гидрологиялық бақылау – су объектілерінің жай-күйін бақылау (судың деңгейі, температурасы және шығыны, мұз құбылысы, жауын-шашын, ауа температурасы, қар жамылғысы, қатты ағын, толқын, химиялық құрам және т.б.);
      7) жерге жақын метеорологиялық бақылау – атмосфераның жерге жақын қабатындағы метеорологиялық элементтердің сандық мәнін және олардың ауытқуын өлшеу, сондай-ақ атмосфералық құбылыстың сапалық сипаттамасын бағалау (мысалы, бұлттың формасы мен жауын-шашынның түрлері);
      8) қатынасы қиын бақылау пункттері – күрделі географиялық және климаттық жағдайларда, шөл, биік таулы аймақтарда, немесе ірі елді мекендерден алыс, тұрақты көлік байланысы жоқ қоныстанбаған ауданда орналасқан пункт;
      9) озонометриялық бақылау – ультрафиолетті спектр маңында күн сәулесін озонмен сіңіруін өлшеу жолымен атмосферадағы озонның құрамын анықтау;
      10) радиолокациялық метеорологиялық бақылау – радиолокатор экранында пайда болатын радио толқындар жаңғырығын бағалауға негізделген қатты дауылдарды қоса алғанда, ауа-райының белгілі бір түрін көрсете алатын атмосфералық құбылыстардың бағдар көрсеткішін, қамтуын, қарқындылығын, қарқынды үрдісін, қозғалу биіктігін өлшеу;
      11) радиометриялық бақылау – қоршаған ортаның радиациялық фонын бақылау;
      12) реперлік бақылау пункттері – климаттық жағдайлар мен шаруашылық әрекеттердің өзгеру әсерінен климат өзгеруінің көпжылдық үрдістерін, агрометеорологиялық сипаттамаларын құрлық, теңіз және мұхит су объектілерінің гидрологиялық және гидрохимиялық жай-күйін, геофизикалық үдерістерін, қоршаған ортаның ластану жай-күйін зерделуді жүзеге асыратын бақылау пунктері;
      13) стационарлық бақылау жасау пункті (станция, бекет) – белгіленген географиялық координаталарымен қоршаған ортаның метеорологиялық, агрометеорологиялық және гидрологиялық сипаттамаларын бақылау пункті;
      14) теңіз гидрометеорологиялық бақылау – теңіздердің жағалық және сағалық ауданындағы теңіз ортасы (судың деңгейі және температурасы, толқыны, тұщылығы және басқа) мен атмосфераның (ауа температурасы, желдің жылдамдығы мен бағыты, атмосфералық құбылыстар) жай-күйінің сипаттамаларын бақылау;
      15) теңіз ортасы – судың қабаты мен тереңдігі шектелген қоршаған ортаның физикалық, геологиялық, химиялық және биологиялық факторларының үйлесуі.

3. Негізгі мақсаттары және міндеттері

      3. Қоршаған ортаның жай-күйі туралы дәйекті ақпарат алу үшін үнемді және тиімді СБП желісін құру мақсатында СБП ұйымдастырылады.
      4. СБП негізгі міндеттері атқарушы билік пен мемлекеттік басқару органдарын, сондай-ақ тұрғындарды гидрометеорологиялық ақпаратпен және қоршаған ортаның ластану деңгейі туралы деректермен қамтамасыз ету үшін атмосфераның, құрлық пен теңіздегі сулардың, топырақтың, жер үстінің, ауыл шаруашылығы дақылдарының жай-күйіне жүйелі бақылау жүргізу болып табылады.

4. Стационарлық бақылау пунктінің түрлері

      5. СБП негізгі (тірек) және арнайы болып бөлінеді:
      Негізгі (тірек) СБП толық, дәл берілген және уақыт пен кеңістікте рұқсат етілген табиғи ортаның жай-күйі туралы ақпаратты жүйелі алу үшін қызмет етеді. Олар әрекетінің ұзақтығы жеке аумақ режимін зерделеу дәрежесімен, сондай-ақ мемлекеттік органдарға, ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің болжау құрылымдарына ақпарат беру қажеттілігімен анықталады.
      Негізгі СБП құрамына реперлік бақылау пункттері кіреді.
      Арнайы СБП ірі су қоймаларының, суару аймақтарының, ірі қалалардың гидрометеорологиялық сипаттамаларының жергілікті ерекшеліктерін зерделеуге, ірі шаруашылық объектілерін (жылу мен атом электр станцияларын, темір жолдарды, тау-кен өндіруші кәсіпорындарын) деректермен қамтамасыз етуге, жобалық шешімдердің негізделуіне және басқа да мемлекеттік мақсаттарға арналған. Арнайы СБП іс-қимылының ұзақтығы қойылған міндеттермен анықталады, орындалғаннан кейін олар жабылуы мүмкін.
      6. СБП құрамында қатынасы қиын бақылау пункттері ерекшеленеді.
      7. Реперлік және қатынасы қиын СБП тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

5. СБП негізгі функциялары

      8. СБП мынадай функцияларды орындайды:
      1) бақылау түрлерін жүргізу:
      жерге жақын метеорологиялық;
      актинометриялық;
      аэрологиялық;
      радиолокациялық метеорологиялық;
      агрометеорологиялық;
      гидрологиялық;
      теңіз гидрометеорологиялық;
      озонометриялық;
      атмосфераның, құрлық суларының, теңіз суларының, топырақ пен қар жамылғысының ластану деңгейіне;
      радиометриялық;
      арнайы;
      2) бақылау нәтижелерін жазу және бастапқы өңдеу, қажет болған жағдайда кестелік материалдарды жасау;
      3) байланыс арналары арқылы (телефон, ұялы байланыс, интернет, рация) ақпаратты жинау орталығына бақылау деректерін жедел беру.

6. СБП ұйымдастырылуына және жұмыс істеуіне қойылатын талаптар

      9. СБП ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі мынадай негізгі талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады:
      1) бақылау пункттерінің көрнекілігі;
      2) әдістерінің біртұтастығы мен салыстырылатындығы, бақылау нәтижелерінің өңделуі және қорытылуы;
      3) алынатын нәтижелердің дәйектілігін және пайдаланушылар үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету.
      10. СБП орналастыру гидрометеорологиялық режимді, Қазақстан аумағындағы қоршаған ортаның ластану деңгейін жан-жақты зерделеуді қамтамасыз ету ескеріле отырып жүргізіледі.
      11. СБП бақылау түрлеріне байланысты нақты СБП-ға қойылатын талаптарын ескере отырып, жер учаскелерінде және/немесе су акваториясының бір бөлігіне орналастырылады.
      12. Қоршаған ортаның жай-күйі мен оның ластануы туралы дәйекті ақпарат алу мақсатында СБП айналасында барлық бағыттар бойынша осы бақылау пункттер аумағының шекараларынан 200 м қашықтықта, тұйықталған шектеулі сызықтармен шектелген, шаруашылық қызметке шектеу белгіленетін жер учаскелері (су кеңістігі) түрінде қорғау аймақтары құрылады.
      13. СБП қызметтік және қажет болған жағдайларда тұрғын ғимараттармен (үй-жайлармен), көлікпен, байланыс құралдарымен, энергиямен және жылумен, өндірістік құрылыстармен, құрылғылармен және қондырғылармен, жүзу құралдарымен, арнайы киіммен және аяқ киіммен, шаруашылық бұйымдармен және құралдармен, бақылау құралдарымен (аспаптармен, жабдықтармен), шығыс және бланк материалдарымен, өндірістік-техникалық әдебиетпен, тиісті біліктілігі бар кадрлармен қамтамасыз етіледі. Қатынасы қиын СБП персоналы паек үлесімен қамтамасыз етіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады