Байланыс формасы

Қоса қаржыландыруды қоса алғанда, индустриялық-инновациялық жобаларды қаржыландырудың, индустриялық-инновациялық қызмет субьектілерін лизингтік қаржыландырудың шарттары мен тетіктерін айқындау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 5 маусымдағы № 745 Қаулысы

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңының 14-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес қоса қаржыландыруды қоса алғанда, индустриялық-инновациялық жобаларды қаржыландырудың, индустриялық-инновациялық қызмет субьектілерін лизингтік қаржыландырудың шарттары мен тетіктері айқындалсын.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 05 маусымдағы
№ 745 қаулысына 
қосымша         

Қоса қаржыландыруды қоса алғанда, индустриялық-инновациялық жобаларды қаржыландырудың, индустриялық-инновациялық қызмет субьектілерін лизингтік қаржыландырудың шарттары мен тетіктері

1. Қаржыландыру шарттары

      1. Қоса қаржыландыруды қоса алғанда, индустриялық-инновациялық жобаларды қаржыландырудың, индустриялық-инновациялық қызмет субьектілерін лизингтік қаржыландырудың шарттары:
      1) Қазақстан Даму Банкінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын басқа да ұлттық даму институттарының (бұдан әрі – қаржыландырушы ұйым) индустриялық-инновациялық жобаны (бұдан әрі - жоба) қаржыландыруға қатысу мөлшері ол жоба сметасы сомасының 80 % (сексен пайыз) аспайды;
      2) жоба сметасы шеңберіндегі индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің (бұдан әрі – субъект) және (немесе) өзге үшінші тұлғалардың қаржыландыру үлесі ақшалай қаражатпен жүзеге асырылады;
      3) жобаны іске асыру бойынша тәуекелдер толық көлемде жабылған, оның ішінде қамтамасыз етілген;
      4) қоса қаржыландыруды қоса алғанда, қаржыландыру жиырма жылдан аспайтын мерзімге ұсынылады;
      5) жобалық шешімдердің технологиялық және техникалық негізделуі болып табылады.
      2. Қоса қаржыландыру кезінде жобаны қажетті қаржы ресурстарымен (ақшамен) ішінара қамтамасыз етуді жүзеге асыратын қаржыландырушы ұйымнан басқа тараптың болуы қосымша шарт болып табылады.
      3. Лизингтік қаржыландыру субъектілерге үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге беріледі. Лизингтік қаржыландыру ұлттық валютада жүзеге асырылады.

2. Қаржыландыру тетіктері

      4. Қоса қаржыландыруды қоса алғанда, жобаларды қаржыландыру кезінде мына тетіктер қолданылады:
      1) субъектілерге ақылылық, жеделділік және қайтарымдылық шарттарында ақшалай нысанында кредит беру (қарыздар);
      2) жобаны дайындауды қамтамасыз ету және іске асыру мақсатында жобаны қаржыландыру (аралық қаржыландыру);
      3) оны акцияларға немесе субъектінің жарғылық капиталына қатысу үлесіне айырбастау құқығымен қарыз беру (мезониндік қаржыландыру);
      4) қамтамасыз ету мүлікті құрғаны және бергені үшін күтілетін жүйелік ақша төлемдері, сондай-ақ құрылған мүлікті пайдалану үдерісінде қызмет көрсету және (немесе) тауарлар өндіру және (немесе) жұмыстар орындау болып табылатын талап ету құқығын берумен жобаны қаржыландыру (жобалық қаржыландыру).
      5. Субъектілерді лизингтік қаржыландырудың тетіктері лизинг беруші сатушыдан меншігіне сатып алынған және лизинг шартымен негізделген лизинг мәнін субъектілерге белгілі бір ақыға және кәсіпкерлік мақсатында белгілі бір шарттарда үш жылдан кем емес мерзімге уақытша иеленуге және пайдалануға беруге міндеттенетін жобаларды қажетті қаржы ресурстарымен (ақшамен) қамтамасыз ету болып табылады.
      6. Лизингтік қаржыландыру таза лизинг беру арқылы жүзеге асырылады.
      7. Субъекті қоса қаржыландыруды қоса алғанда, жобаларды қаржыландыруға, лизингтік қаржыландыруға қаржыландырушы ұйымға еркін нысанда өтініш беру жолымен жүгінеді және мына құжаттарды ұсынады:
      1) жеке тұлға үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, дара кәсіпкер ретінде тіркеу туралы құжаттың көшірмесі; заңды тұлға үшін – мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің* немесе анықтаманың көшірмесі.
      Ескертпе: *«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметi тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады;
      2) заңды тұлғалар үшін құрылтай құжаттарының көшірмелері;
      3) жобаның бизнес жоспары;
      4) өтініш беру алдындағы соңғы есептік жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша заңды тұлғаның бухгалтерлік теңгерімі;
      5) салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ (бар) екені туралы салық органы берген анықтама;
      6) құқықты куәландыратын, оның ішінде кепіл түріндегі жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікке ауыртпалықтың бар немесе жоқ екендігі туралы құжаттардың көшірмесі;
      7) жаңғыртуға (техникалық қайта жарақтандыруға) және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейтуге бағытталған жобаның сипаттамасы және оны іске асырудан жоспарланатын экономикалық және қаржылық тиімділік;
      8) жобаны қаржыландыруда субъектінің және (немесе) өзге үшінші тұлғалардың ақшалай қаражатпен қатысуын растайтын құжаттар.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 N 1363 қаулысымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз).
      8. Қаржыландырушы ұйым қоса қаржыландыруды қоса алғанда, жобаларды қаржыландыруды, лизингтік қаржыландыруды субъект ұсынған құжаттарды қарау және талдау нәтижелері бойынша жүзеге асырады.
      9. Қаржыландырушы ұйым өтініш түскен күнінен бастап екі ай ішінде субьектінің қоса қаржыландыруды қоса алғанда, жобаларды қаржыландырудың, лизингтік қаржыландырудың шарттары мен тетіктерінің (бұдан әрі – шарттар мен тетіктер) 7-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттарын қарайды.
      10. Тиісті құжаттарды қарау нәтижелері бойынша қаржыландырушы ұйым үш жұмыс күні ішінде қоса қаржыландыруды қоса алғанда, жобаларды қаржыландыруды, лизингтік қаржыландыруды ұсыну немесе ұсынудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      11. Қоса қаржыландыруды қоса алғанда, жобаларды қаржыландыруды, лизингтік қаржыландыруды ұсынудан бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда қаржыландырушы ұйым үш жұмыс күні ішінде субъектіге тиісті дәлелденген хабарлама жібереді.
      12. Қоса қаржыландыруды қоса алғанда, жобаларды қаржыландырудан, лизингтік қаржыландырудан бас тарту туралы шешім мына негіздемелер бойынша қабылданады:
      1) субъектінің осы шарттар мен тетіктердің 1 және 2-тармақтарына сәйкес айқындалған шарттарға сәйкес болмауы;
      2) субъектінің осы шарттар мен тетіктердің 7-тармағында айқындалған қажетті құжаттарды ұсынбауы.
      13. Қоса қаржыландыруды қоса алғанда, жобаларды қаржыландыру, лизингтік қаржыландыру туралы шешім қабылданған жағдайда қаржыландырушы ұйым бес жұмыс күні ішінде субъектімен шарт жасасады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады