Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің азаматтарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 24 қыркүйектегі № 1236 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің азаматтарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Нематұлы Келімбетовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің азаматтарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.19 № 1461 Қаулысымен.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  С. Ахметов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2012 жылғы 24 қыркүйектегі
№ 1236 қаулысымен  
мақұлданған     

Жоба

Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің
азаматтарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету
саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМІ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (бұдан әрі - ЕурАЗЭҚ) мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      ЕурАЗЭҚ мүше мемлекеттерге оларды енгізу бойынша іс-шаралардан тұратын жобалар мен бағдарламаларды қалыптастыру және іске асыру кезінде ЕурАЗЭҚ мүше мемлекеттердің азаматтарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы 2000 жылғы 10 қазандағы Шартқа негізделе отырып және ЕурАЗЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің 2010 жылғы 9 желтоқсандағы № 533 шешімімен бекітілген (мемлекеттер басшыларының деңгейінде), 2011-2013 және кейінгі жылдарға арналған ЕурАЗЭҚ дамуының басым бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар ережелерін ескере отырып,
      ресурстарды қажетсінетін жабдықты, зияткерлік әлеуетті бірлесіп және тиімді пайдаланудың маңыздылығын мойындай отырып, азаматтардың денсаулығын сақтаудың тиімділігін арттыру, ЕурАЗЭҚ-қа мүше мемлекеттердің азаматтарына жоғары технологиялық медициналық көмектің сапасын және қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ ғылымды қажетсінетін заманауи технологиялар мен инновацияларды пайдаланудың негізінде ЕурАЗЭҚ-қа мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіру мақсатында,
      жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету саласындағы заңнаманы үйлестірудің қажеттілігіне негізделе отырып, денсаулық сақтау саласындағы халықаралық шарттарды және Тараптардың заңнамасын басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1 - бап

      Осы Келісімнің мақсаты ЕурАЗЭҚ-қа мүше мемлекеттердің азаматтарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

2 - бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін жоғары технологиялық медициналық көмек термині емдеудің күрделі және (немесе) бірегей жаңа әдістерін, сондай-ақ тиімділігі ғылыми дәлелденген көп ресурс жұмсалатын емдеу әдістерін, оның ішінде жасушалық технологияларды, роботталған техниканы, ақпараттық технологиялар мен медициналық ғылымды және ғылым мен техниканың бір-бірімен байланысты салаларының жетістіктерінің негізінде әзірленген гендік инженерия әдістерін қолданумен медициналық шаралар қолдануды білдіреді.

3-бап

      ЕурАЗЭҚ-қа мүше мемлекеттердің жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттары:
      жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету;
      ЕурАЗЭҚ-қа мүше мемлекеттердің азаматтарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету;
      денсаулық сақтауға инновациялық медициналық технологияларды енгізу (шара қолдану) және тәжірибе алмасу;
      медициналық кадрларды даярлаудың және қайта даярлаудың тиімді жүйесін қамтамасыз ету;
      жоғары технологиялық медициналық көмекпен байланысты ғылыми және өнеркәсіптік салаларды дамыту;
      жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетудің түрлі арнайы бағдараламаларын іске асыру болып табылады.

4-бап

      Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында Тараптар ЕурАЗЭҚ-қа мүше мемлекеттердің жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету саласындағы нормативтік құқықтық актілерін үйлестіруді қамтамасыз етеді.
      ЕурАЗЭҚ-қа мүше мемлекеттердің жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету саласындағы нормативтік құқықтық актілерін үйлестіру кезінде Тараптар мына шарттарды сақтайды:
      адамдардың денсаулығы туралы деректерді тіркеу жеке тұлғаның қадір-қасиеті төмендетілмей және дербес медициналық деректерді жинаудың мақсаты туралы адам ақпарат алған жағдайда жүргізілуі тиіс;
      адам денсаулығының жай-күйі туралы деректердің заңсыз таратылуына жол бермеу;
      Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жеке тұлғалардың олар туралы ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз ету.

5 - бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес мына негізгі қағидаттарға үйлестірілген нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп қабылдайды:
      ұлттық және мемлекетаралық деңгейде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуде үйлестірілген стандарттарды пайдалану (клиникалық хаттамалар, түрлер);
      жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуде мемлекетаралық ақпараттық алмасуды қамтамасыз ету.
      Уәкілетті органдар немесе ұйымдар жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетудің ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық және басқа мәселелері бойынша тәжірибе алмасуды жүзеге асырады.

6 - бап

      Тараптар:
      халыққа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге арналған үйлестірілген нормативтік құқықтық актілерді қолдануға және оларды әзірлеуге қатысқан Тараптар мемлекеттерінің атқарушы билік органдарының өзара іс-қимыл жасауына;
      жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету кезінде адамның құқықтары мен бостандығын қорғау бойынша шараларды қабылдауға;
      ЕурАЗЭҚ-қа мүше мемлекеттердің азаматтарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету саласындағы құжаттамасын біріздендіруге, оны өңдеуге, сақтауға, ақпаратты пайдалануға және қорғауға жәрдемдеседі.

7 - бап

      Тараптар ЕурАЗЭҚ-қа мүше мемлекеттердің азаматтарына жоғары технологиялық медициналық көмектің сапасын және қол жетімділігін арттыруға:
      ЕурАЗЭҚ-қа мүше мемлекеттердің азаматтарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетудің тәжірибесімен алмасу;
      ақпараттық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, трансшекаралық ақпараттық өзара әрекет етуді ұйымдастыру үшін ЕурАЗЭҚ-қа мүше мемлекеттердің азаматтарына жоғары технологиялық медициналық көмектің сапасын және қолжетімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу арқылы жәрдемдеседі.

8-бап

      Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетумен байланысты дербес деректерді беру Тараптар мемлекеттерінің дербес деректерді қорғау жөніндегі заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Медициналық құжаттарды Тараптар орыс тілінде ұсынады.

9-бап

      Осы Келісімнің күшіне енген күнінен бастап 30 күннің ішінде Тараптар осы Келісімді іске асыруға жауапты уәкілетті органдарды және/немесе ұйымдарды анықтайды, олардың тізбесі әрбір Тараппен айқындалып, депозитарийге жолданады.
      Тараптардың әрбіреуі аталған тізбе өзгерген жағдайда 30 күннің ішінде депозитарийге жазбаша хабарлайды.

10 - бап

      Тараптар осы Келісімнің шеңберінде жүзеге асырылатын жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша бірлескен іс-шараларды шарт негізінде жүргізуге ықпал етеді.

11 - бап

      Осы Келісім Тараптардың әрбіреуінің олар қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарынан туындайтын құқықтары мен міндеттеріне тиіспейді.

12 - бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамамен ресімделеді.

13 - бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндірумен және (немесе) қолданумен байланысты даулар келіссөздер консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.
      Егер дау келіссөздер және жүргізу арқылы даудың бір тарапынан екінші дау тарапына оларды өткізу туралы жазбаша ресми өтініш жасаған күннен бастап алты айдың ішінде реттелмесе, кез-келген тарап осы дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастық сотының қарауына тапсыра алады.

14 - бап

      Осы келісім оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік ресімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарийдің алған күнінен бастап 30-шы күнде күшіне енеді

15-бап

      Күшіне енген күнінен бастап осы Келісім ЕурАЗЭҚ-қа мүшелікке қабылданған өзге мемлекеттердің қосылуы үшін ашық. Қосылу туралы құжат депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарийдің қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап күшіне енеді.

16 - бап

      Әрбір Тарап депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлап осы Келісімнен шыға алады.
      Депозитарий тиісті хабарлама алған күннен бастап алты ай өткен соң, осы Келісім мұндай Тарапқа қатысты іс-әрекетін тоқтатады.

     Бір тұпнұсқалық данада орыс тілінде 201___ жылғы "___" _____ _______ қаласында жасалды. Осы Келісімнің тұпнұсқалық данасы осы Келісімнің депозитарийі болып табылатын ЕурАЗЭҚ Интеграциялық комитетінде сақталады және ол Келісімнің куәландырылған көшірмесін Тараптарға жолдайды

      Беларусь Республикасы Үкіметінің атынан

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан

      Қырғыз Республикасы Үкіметінің атынан

      Ресей Федерациясы Үкіметінің атынан

      Тәжікстан Республикасы Үкіметінің атынан

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады