"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының жарғысын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 1418 Қаулысы.

      "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.08.2022 № 522 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – "Самұрық-Қазына" АҚ) жарғысы бекітілсін.

      2. "Самұрық-Қазына" АҚ Басқармасының төрағасы қоса беріліп отырған "Самұрық-Қазына" АҚ-ның жарғысына қол қойсын және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 8 қарашадағы
№ 1418 қаулысымен
бекітілген

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының жарғысы

1. Жалпы ережелер

      1. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қор) "Қазына" орнықты даму қоры" және "Самұрық" мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі" акционерлік қоғамдарын біріктіру жолымен "Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі және тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 13 қазандағы № 669 Жарлығына және "Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 13 қазандағы № 669 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 қазандағы № 962 қаулысына сәйкес құрылды.

      Қор "Самұрық" мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі" және "Қазына" орнықты даму қоры" акционерлік қоғамдарының құқықтары мен міндеттерінің заңды мирасқоры болып табылады.

      2. Қордың атауы:

      1) мемлекеттік тілде – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы;

      қысқаша – "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ;

      2) орыс тілінде – акционерное общество "Фонд национального благосостояния "Самұрық-Қазына";

      қысқаша – АО "Самрук-Қазына";

      3) ағылшын тілінде – joint-stock company "Sovereign Wealth Fund "Samruk-Kazyna";

      қысқаша – JSC "Samruk-Kazyna".

      3. Қордың (оның Басқармасының) орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Нұра ауданы, Сығанақ көшесі, 17/10 құрылыс.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2024 № 91 қаулысымен.

      4. Қордың қызмет мерзімі – шектелмеген.

      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті тұлғасында қордың құрылтайшысы болып табылады.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қордың Жалғыз акционері болып табылады.

      6. Осы Қордың жарғысы (бұдан әрі – Жарғы) қордың құрылтай құжаты болып табылады. Барлық мүдделі тұлғалар осы Жарғымен танысуға құқылы.

2. Қордың заңдық мәртебесі

      7. Қор Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылады және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң), "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Жарғыға сәйкес өз қызметін жүзеге асырады және ұлттық басқарушы холдинг мәртебесіне ие болады.

      8. Қор әділет органдарында мемлекеттік тіркелген сәтінен бастап заңды тұлға мәртебесіне ие болды.

      9. Қордың қаржылық және өндірістік қызметі шаруашылық дербестік негізінде жүзеге асырылады. Қордың қызметін қаржыландыру жарғылық капитал қаражатының, ұлттық даму институттарының, ұлттық компаниялардың, акциялар пакеттері (қатысу үлестері) меншік немесе сенімгерлікпен басқару құқығымен Қорға тиесілі өзге де заңды тұлғалардың (бұдан әрі – компаниялар) дивидендтері есебінен қалыптасатын кірістер, Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де кірістер есебінен жүзеге асырылады.

      10. Қордың дербес балансы, банктік шоттары, мемлекеттік және орыс тілдерінде толық фирмалық атауы көрсетілген мөрі болады.

      11. Қордың өзінің тауарлық белгісі мен өзге рәмізі болуы мүмкін, олардың үлгілерін Қор Басқармасы бекітеді және белгіленген тәртіппен тіркеледі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тілдер туралы заңнамасына сәйкес тілдерде мөртаңбалары, фирмалық бланкілері мен басқа да деректемелері болады.

3. Қор қызметінің негізгі мақсаттары, міндеттері мен нысанасы

      12. Қор қызметінің негізгі мақсаты Қордың тобына кіретін ұйымдардың ұзақ мерзімді құнын (құндылығын) ұлғайту, Қордың тобына кіретін активтерді тиімді басқару арқылы Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын арттыру болып табылады.

      13. Қордың міндеттері:

      1) Қордың тобына кіретін ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін, нарықтық құнын және кірістілігін арттыру;

      2) Қор тобына корпоративтік басқарудың озық практикасын енгізу;

      3) инновациялық үдерістер мен технологиялар әзірлеу және Қор тобына енгізу;

      4) Қазақстан Республикасына инвестициялар тартуға қатысу, Қордың тобына кіретін ұйымдардың инвестициялық белсенділігі үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын ескере отырып, Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту;

      5) ұлттық, салааралық және өңірлік ауқымдағы инвестициялық стратегиялық жобаларды әзірлеу және іске асыру, Қазақстан экономикасын жаңғырту мен әртараптандыру бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

      6) Алып тасталды – ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.

      7) Қазақстан Республикасы экономикасының орнықты дамуына ықпал ететін әлеуметтік маңызы бар өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды Қордың іске асыруының Заңда белгіленген ерекшеліктерін ескере отырып, оларды іске асыруға қатысу болып табылады.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597; 20.07.2022 № 509 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      14. Қор қызметінің нысанасы:

      1) Қордың тобына кіретін активтерді тиімді басқару;

      2) компаниялардың стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуін қамтамасыз ету;

      3) инвестициялық қызмет;

      4) Қор тобына корпоративтік басқарудың ең үздік әлемдік практикасын енгізу;

      5) компаниялар қызметінің экономикалық тиімділігін арттыру, оның ішінде олардың қаржылық нәтижелерін барынша жоғарылату;

      6) Қордың негізгі мақсаттарына сәйкес келетін өзге де қызмет болып табылады.

4. Қордың құқықтары мен міндеттері

      15. Қордың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құқықтары болады және оған міндеттер жүктеледі.

      16. Қор Жалғыз акционердің мүлкінен оқшауланған мүлікті иеленеді және оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Қор өз міндеттемелері бойынша өз мүлкі шегінде жауап береді.

      17. Жалғыз акционер Қордың міндеттемелері бойынша жауап бермейді және Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген жағдайларды қоспағанда, Қор қызметіне байланысты шығындардың тәуекелін өзіне тиесілі акциялар құнының шегінде көтереді.

      18. Қор мемлекеттің міндеттемелері бойынша жауап бермейді, сол сияқты мемлекет Қордың міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      19. Қор өз атынан шарттар және басқа да мәмілелер жасап, мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттемелерді алуы, сотта талапкер немесе жауапкер болуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да іс-қимылды жүзеге асыруы мүмкін.

      20. Қор зияткерлік меншік құқығының объектілерін және басқа ақпаратты иелену және пайдалану құқығын алуы және беруі мүмкін.

      21. Қор шығарылуы, орналастырылуы, айналымы және өтеу шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген бағалы қағаздарды шығара алады.

      22. Қор Қазақстан Республикасында және одан тысқары жерлерде өз филиалдары мен өкілдіктерін аша алады, оларға меншікті мүлік есебінен негізгі және айналым қаражатын үлестіріп бере алады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың қызмет тәртібін айқындай алады. Филиалдың немесе өкілдіктің мүлкі олардың жеке теңгерімінде және толығымен Қордың теңгерімінде ескеріледі.

      Филиалдардың немесе өкілдіктердің қызметін басқаруды Қор Басқармасының мақұлдауымен Қор Басқармасының төрағасы (бұдан әрі – Басқарма төрағасы) тағайындайтын тұлға жүзеге асырады. Филиалдар мен өкілдіктердің басшылары Қор берген сенімхат негізінде әрекет етеді.

      23. Қор қызметкерлерге жалақы төлеуге, материалдық-техникалық жабдықтауға, әлеуметтік дамытуға, кадрларды іріктеуге, орналастыруға және қайта даярлауға байланысты мәселелерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес шешеді.

      24. Қор белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде орналасқан банктерде және басқа да қаржылық мекемелерде ұлттық, сол сияқты шетел валютасында есепшоттар ашуға құқылы.

      25. Қордың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теңгемен және шетелдік валютамен қарыз алуға және кредиттерді пайдалануға құқығы бар.

      26. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын арттыру, ұлттық әл-ауқатты қамтамасыз ету мақсатында Қордың мынадай ерекше өкілеттіктері болады:

      1) мемлекеттік емес заңды тұлға немесе жеке тұлға стратегиялық объектіні иеліктен шығаруды жүргізуге ниет білдірген жағдайда, сондай-ақ стратегиялық объектіге өндіріп алу қолданылған немесе стратегиялық объектіні оңалтушы немесе конкурстық басқарушы иеліктен шығарған не кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті (стратегиялық объектіні) соттан тыс тәртіппен өткізген, не стратегиялық объект сот актісінің негізінде өндіріп алынған жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша стратегиялық объектілерді сатып алудың басым құқығы;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес акциялар пакеттері (қатысу үлестері) стратегиялық объектілерге жатқызылған ұйымдар немесе республиканың экономикасы үшін маңызды стратегиялық маңызы бар ұйымдарға жатқызылған ұйымдар банкрот болған кезде конкурстық массаны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша сатып алудың басым құқығы;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен банктердің акцияларын сатып алу құқығы.

      27. "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген тәртіппен және шарттарда жер қойнауын пайдалану құқығына (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестерге) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіге ие тұлғаның жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні иеліктен шығару ниеті болған жағдайда мемлекет Қор, ұлттық компания немесе уәкілетті мемлекеттік орган арқылы иеліктен шығарылатын жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні иеленудің басым құқығына ие болады.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.

      28. Қор Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа құқықтарға ие болуы және басқа да міндеттерге жауапты болуы мүмкін.

5. Қордың акциялары және басқа бағалы қағаздары

      29. Қор акциялар, облигациялар, айырбасталатын және басқа да бағалы, оның ішінде одан туынды қағаздар шығаруды жүзеге асыруға құқылы. Қордың бағалы қағаздарды шығаруының, орналастыруының, айналымы мен өтеуінің шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасымен айқындалады.

      30. Қордың акциялары мемлекеттің айрықша меншігі болып табылады және иеліктен шығаруға жатпайды.

      Қор тек жай акцияларды ғана шығарады.

      Жай акция "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Заңға сәйкес Жалғыз акционерге өзінің қарауына енгізілетін барлық мәселелер бойынша шешімдер қабылдау құқығын береді. Жай акция да Жалғыз акционерге Қордың таза табысы болған жағдайда дивидендтер алуға және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қор таратылған кезде Қор мүлкін алуға құқық береді.

      31. Қор акцияларын шығару құжаттамалық емес нысанда жүзеге асырылады.

      32. Жарияланған акциялар санының шегінде акцияларды орналастыру (сату) туралы, оның ішінде Қордың орналастырылатын (сатылатын) акцияларының саны, оларды орналастыру (сату) тәсілі мен бағасы туралы шешімді Қордың Директорлар кеңесі қабылдайды.

      Қор өз акцияларын олардың шығарылуы мемлекеттік тіркелгеннен кейін бір немесе бірнеше орналастыру арқылы орналастырады.

      33. Қордың орналастырылатын акцияларына ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      34. Қор акцияларын ұстаушылардың тізілімдер жүйесін жүргізуді Қордың және оның аффилирленген тұлғаларының аффилирленген тұлғасы болып табылмауға тиіс Қордың тіркеушісі ғана жүзеге асыра алады.

6. Дивидендтер

      35. Жалғыз акционерге тиесілі акциялар бойынша Қор төлейтін кіріс дивиденд болып табылады.

      Дивидендтерді төлеу ақшамен (ұлттық валютада) жүргізіледі.

      36. Жылдың қорытындысы бойынша жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімді Жалғыз акционер қабылдайды.

      Жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер Жалғыз акционер дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған кезде белгілеген мерзімде төленеді.

      Бұл ретте Жалғыз акционердің шешімі бойынша жай акциялар бойынша дивидендтерді Жалғыз акционердің дивидендтер төлеу туралы шешімінде белгіленген мерзімдерде және мөлшерде жартыжылдықтың қорытындысы бойынша төлеуге жол беріледі.

      Осы тармақта көрсетілген дивидендтерді төлеу Қордың тиісті кезеңдегі қаржылық есептілігіне аудит жүргізілгеннен кейін жүзеге асырылады.

      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.08.2022 № 522 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      37. Қордың жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұл шешім бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс.

      Дивидендтер төлеу туралы шешімде мынадай ақпарат болуы тиіс:

      1) Қордың атауы, орналасқан жері, банктік және өзге де деректемелері;

      2) дивидендтер төленетін кезең;

      3) бір жай акцияға есептегендегі дивидендтің мөлшері;

      4) дивидендтерді төлеу басталатын күн;

      5) дивидендтерді төлеу тәртібі мен нысаны.

      38. Жалғыз акционер Қор берешегінің қалыптасқан мерзіміне қарамастан, алынбаған дивидендтерді төлеуді талап етуге құқылы.

      Дивидендтерді төлеу үшін белгіленген мерзімде олар төленбеген жағдайда Жалғыз акционерге дивидендтердің негізгі сомасы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақшалай міндеттеме немесе оның тиісті бөлігі орындалған күніндегі қайта қаржыландырудың ресми ставкасын басшылыққа ала отырып есептелетін өсімпұлы төленеді.

      39. Дивидендтерді Қор Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен төлейді.

      Қордың жай акциялары бойынша:

      1) меншікті капитал мөлшері теріс болған кезде немесе егер Қордың меншікті капиталының мөлшері оның акциялары бойынша дивидендтер есептеу нәтижесінде теріс болса;

      2) егер Қор Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңнамасына сәйкес төлем қабілетсіздігі немесе дәрменсіздік белгілеріне сәйкес келсе не аталған белгілер Қорда оның акциялары бойынша дивидендтер төлеу нәтижесінде пайда болса, дивидендтер есептеуге жол берілмейді.

      40. Жалғыз акционер Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Жарғыда көзделген өз өкілеттіктері шегінде жылдың қорытындылары бойынша жай акциялар бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдауға құқылы, ол шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жарияланады.

7. Қордың органдары

      41. Қордың органдары мыналар:

      1) жоғары орган – Жалғыз акционер;

      2) басқару органы – Директорлар кеңесі;

      3) атқарушы орган – Басқарма;

      4) Қордың қаржы-шаруашылық қызметін бақылауды, Қордың қызметін жетілдіру мақсатында ішкі бақылау, тәуекелдерді басқару саласында бағалауды, корпоративтік басқару және консультация беру саласында құжаттарды орындауды жүзеге асыратын орган – Ішкі аудит қызметі болып табылады.

7-1. Қорды басқару жөніндегі кеңес

      Ескерту. Жарғы 7-1-бөліммен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен; алып тасталды - ҚР Үкіметінің 16.02.2024 № 91 қаулысымен.

8. Жалғыз акционер

      42. Қазақстан Республикасының заңдарымен және/немесе осы Жарғымен Жалғыз акционердің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді Қазақстан Республикасының Үкіметі жеке қаулы нысанында қабылдайды.

      43. "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оның құзыретіне жатқызылған мәселелерді Жалғыз акционердің қарауына шығаруға Жалғыз акционер және Директорлар кеңесі бастамашылық етеді, ал ерікті түрде тарату үдерісінде Қордың тарату комиссиясы да бастамашылық ете алады.

      Қазақстан Республикасының заңдарымен мәселелер міндетті түрде Жалғыз акционердің қарауына шығарылатын жағдайлар көзделуі мүмкін.

      44. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мәселелерді Жалғыз акционердің қарауына шығару жөніндегі шығыстарды Қор көтереді.

      45. Жалғыз акционердің қарауына шығарылатын мәселелер жөніндегі материалдарда осы мәселелер бойынша негізді шешімдер қабылдау үшін қажетті көлемдегі ақпарат қамтылуы тиіс.

      46. Қордың органдарын сайлау мәселелері жөніндегі материалдарда ұсынылып отырған үміткерлер туралы мынадай ақпарат қамтылуы тиіс:

      1) тегі, аты, сондай-ақ қалауы бойынша әкесінің аты;

      2) білімі туралы мәліметтер;

      3) Қорға аффилирленуі туралы мәліметтер;

      4) соңғы үш жылдағы жұмыс орындары мен лауазымдары туралы мәліметтер;

      5) үміткерлердің біліктілігін, жұмыс тәжірибесін растайтын өзге де ақпарат.

      47. Жалғыз акционердің қарауына Директорлар кеңесін сайлау (Директорлар кеңесінің жаңа мүшесін сайлау) туралы мәселе шығарылған жағдайда материалдарда Директорлар кеңесінің мүшелігіне ұсынылып отырған үміткер Жалғыз акционердің өкілі болып табылатын-табылмайтыны және (немесе) ол Қордың тәуелсіз директоры лауазымына үміткер болып табылатын-табылмайтыны көрсетілуге тиіс.

      48. Басқарма Жалғыз акционер шешімдерінің көшірмелерін сақтауды қамтамасыз етуге тиіс.

      49. Жалғыз акционердің айрықша құзыретіне мынадай мәселелер жатады:

      1) Қордың жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе оны жаңа редакцияда бекіту;

      2) Қордың жылдық қаржылық есептілігін бекіту;

      3) Қордың даму жоспарын бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

      4) Қорды ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату;

      5) Қордың жарияланған акциялар санын ұлғайту және Қордың орналастырылмаған жарияланған акцияларының түрін өзгерту туралы шешім қабылдау;

      6) Қордың директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімін айқындау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;

      6-1) Қордың тәуелсіз директорларына сыйақылар мөлшері мен төлеу шарттарын айқындау;

      7) Қордың Жалғыз акционері айқындаған тізбе бойынша компаниялардың акцияларын (қатысу үлестерін) иеліктен шығару, сондай-ақ көрсетілген акцияларды (қатысу үлестерін) сенімгерлік басқаруға беру;

      8) Қордың Жалғыз акционері айқындаған тізбе бойынша компанияларды тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешімдер қабылдау;

      9) Басқарма төрағасын тағайындау және мерзімінен бұрын қызметтен босату;

      10) есепті қаржы жылындағы Қордың таза кірісін бөлу тәртібін бекіту, жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдау және Қордың бір жай акциясына есептегендегі дивидендтің мөлшерін бекіту;

      11) "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайлар орын алған кезде жай акциялар бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдау;

      12) Қордың дивиденд саясатын айқындау;

      13) осы Жарғының 57-тармағының 19) тармақшасына сәйкес қабылданған Қордың Директорлар кеңесінің шешімін бекіту;

      14) банктердің акцияларын сатып алу және оларды иеліктен шығару, сондай-ақ көрсетілген акцияларды сенімгерлікпен басқаруға беру;

      15) корпоративтік басқару кодексін, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтыруларды бекіту;

      15-1) Қордың директорлар кеңесінің қызметі туралы есепті қарау;

      15-2) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес қаржылық есептілікте қаржыландыру сомасын көрсете отырып, Қордың жобаларды қаржыландыруы туралы шешімдер қабылдау;

      15-3) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылатын жобалар шеңберінде Қордың тобына кірмейтін заңды тұлғаларға қамтамасыз етусіз несие (қарыз) беру туралы шешімдер қабылдау;

      15-4) Қордың Қоғамдық кеңесі туралы ережені бекіту;

      15-5) Қордың "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры түріндегі коммерциялық емес ұйымға өзінің таза кірісінің кемінде жеті пайызы мөлшерінде жыл сайын қаражат бөлуі туралы шешім қабылдауы;

      15-6) Қордың ұсынуы бойынша Қордың немесе Қор тобының ұйымының бір көзден алу тәсілімен, оның ішінде Қазақстан Республикасы экономикасының орнықты дамуына ықпал ететін әлеуметтік маңызы бар, өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде сатып алуды жүзеге асыруы туралы шешім қабылдауы;

      16) Заңға және (немесе) осы Жарғыға сәйкес өзге мәселелер.

      Ескерту. 49-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597; 24.10.2018 № 676; 13.09.2021 № 633; 20.07.2022 № 509 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 25.01.2023 № 45 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.06.2023 № 484 қаулыларымен.
      49-1. Ескерту. Жарғы 49-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен; алып тасталды - ҚР Үкіметінің 16.02.2024 № 91 қаулысымен.

      50. Қор Жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылмайтын компанияларға қатысты осы Жарғының 49-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша шешімді компаниялар акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстарында Қордың уәкілетті өкілдерінің кейіннен дауыс беруі мақсатында акционер (қатысушы) ретінде Қордың ұстанымын айқындау үшін Қордың Жалғыз акционері қабылдайды.

      51. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, олар бойынша шешім қабылдау Жалғыз акционердің айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді Қордың басқа органдарының, лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің құзыретіне беруге жол берілмейді.

9. Жалғыз акционердің құқықтары мен міндеттері

      52. Жалғыз акционердің:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) осы Жарғыда көзделген тәртіппен Қорды басқаруға қатысуға;

      2) дивидендтер алуға;

      3) Қор қызметі туралы ақпарат алуға, оның ішінде осы Жарғыда айқындалған тәртіппен Қордың қаржылық есептілігімен танысуға;

      4) Қордың тіркеушісінен немесе нақтылы ұстаушыдан бағалы қағаздарға өзінің меншік құқығын растайтын көшірмелер алуға;

      5) Қордың органдары қабылдаған шешімдерге сот тәртібінде шағымдануға;

      6) Қор таратылған кезде мүлікке;

      7) "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен Қордың акцияларын немесе оның акцияларына айырбасталатын басқа бағалы қағаздарын басымдықпен сатып алуға;

      8) "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 63 және 74-баптарында көзделген жағдайларда, Қордың лауазымды адамдарының Қорға келтірілген залалдарды Қорға өтеуі және Қордың лауазымды адамдарының және (немесе) олардың аффилиирленген тұлғаларының ірі мәмілелер және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелер жасасу (жасасуға ұсыныс) туралы шешім қабылдау нәтижесінде алған пайданы (табысты) Қорға қайтаруы туралы талаппен өз атынан сот органдарына жүгінуге;

      9) Қорға оның қызметі туралы жазбаша сұраумен жүгінуге және Қорға сұрау келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күннің ішінде уәжді жауаптар алуға;

      10) Директорлар кеңесінің отырысын шақыруды талап етуге;

      11) өз есебінен аудиторлық ұйымның Қорға аудит жүргізуін талап етуге құқығы бар.

      53. Жалғыз акционер Қордың ішкі қызметіне жататын мәселелер бойынша Қордың өзге де органдарының кез келген шешімінің күшін жоюға құқылы.

      54. Жалғыз акционер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтарға ие болуы мүмкін.

      55. Жалғыз акционер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндеттерді орындайды.

10. Директорлар кеңесі

      56. Директорлар кеңесі Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) осы Жарғыда Жалғыз акционердің айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешуді қоспағанда, Қордың қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.

      57. Қордың Директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне мынадай мәселелер бойынша шешімдер қабылдау жатқызылады:

      1) Қордың іс-шаралар жоспарын бекіту;

      2) Қордың іс-шаралар жоспарын әзірлеу, бекіту, мониторингтеу, іске асырылуын бағалау, орындалуы бойынша есеп беру тәртібін, сондай-ақ оның мазмұнына қойылатын талаптарды айқындау;

      3) Қордың іс-шаралар жоспарының орындалуын бақылауды және талдауды, іске асырылуын бағалауды жүзеге асыру;

      4) Қордың іс-шаралар жоспары шеңберінде Қор қызметінің негізгі көрсеткіштерін айқындау;

      5) Қордың жылдық бюджетін әзірлеу, бекіту, атқару және мониторингілеу тәртібін айқындау;

      6) Қордың жылдық бюджетін бекіту;

      7) осы Заңда оларды тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешу Қордың Жалғыз акционерінің құзыретіне жатқызылған компанияларды қоспағанда, компанияларды тарату, қайта ұйымдастыру туралы шешімдер қабылдау;

      8) жарияланған акциялардың саны шегiнде акцияларды орналастыру (сату) туралы, оның iшiнде орналастырылатын (сатылатын) акциялардың саны, оларды орналастыру (өткiзу) тәсiлi мен бағасы туралы шешiм қабылдау;

      9) акцияларды қоспағанда, орналастырылған бағалы қағаздарды Қордың сатып алуы және оларды сатып алу бағасы туралы шешім қабылдау;

      10) Қордың: тәуекелдерді басқару, демеушілік және қайырымдылық туралы көмек жөніндегі, әлеуметтік жауапкершілік, ақпаратты ашу, кредит, өнеркәсіптік-инновациялық саясат және өзге де саясаттарын бекіту;

      11) Қордың аудитін жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды және жылдық бюджетті бекіту шеңберінде оның қызметтеріне ақы төлеудің шекті мөлшерін айқындау;

      12) осы Жарғының 49-тармағының 15-2) тармақшасында көзделген мәселені қоспағанда, мәселелерді Жалғыз акционердің қарауына шығару туралы шешім қабылдау;

      13) Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.
      14) Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.

      15) Қордың Директорлар кеңесінің жанынан комитеттер құру туралы шешімдер қабылдау;

      16) Басқарманың сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, Басқарма мүшелерін сайлау, сондай-ақ Басқарма төрағасын қоспағанда, олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;

      17) Басқарма төрағасы мен оның мүшелерінің лауазымдық жалақыларының мөлшерін және еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы беру шарттарын айқындау;

      18) Ішкі аудит қызметінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысын тағайындау, сондай-ақ оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, Ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, Ішкі аудит қызметі қызметкерлеріне еңбекақы мен сыйлықақы мөлшерін және оларды төлеу шарттарын айқындау;

      19) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін іске асыру мақсатында бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында орналастырылатын Қор тобына кіретін ұйымдар акцияларының бағасы, саны, орналастыру құрылымы туралы шешім қабылдау;

      20) Қордың ішкі қызметін реттейтін құжаттарды бекіту. Директорлар кеңесі бекітуге тиіс құжаттардың тізбесін ол дербес айқындайды;

      21) "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында жасалуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелердің Қордың тобына кіретін ұйымдар арасында жасалуының тәртібін айқындау;

      22) Қордағы корпоративтік басқаруды бағалау тәртібін бекіту;

      23) Қорға тиесілі барлық активтердің жиынтығында жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын активтердің бір бөлігін немесе бірнеше бөлігін беру арқылы Қордың өзге заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметіне қатысу;

      24) Қордың міндеттемелерін оның меншікті капиталы мөлшерінің он және одан көп пайызын құрайтын шамаға ұлғайту;

      25) басқа заңды тұлғалар акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он және одан да көп пайызын Қордың иеленуі (иеліктен шығаруы);

      26) Қордың облигацияларын, туынды бағалы қағаздарын шығару және Қордың меншікті капиталы мөлшерінің бір және одан да көп пайызы сомасына Қордың өзге де қарыз тартуы шарттарын айқындау;

      27) Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.

      28) Қордың Директорлар кеңесінің қызметіне жыл сайын бағалау жүргізу;

      29) осы Заңға сәйкес Жалғыз акционердің, Басқарманың немесе Басқарма төрағасының айрықша құзыретіне жататын шешімдерді қоспағанда, Директорлар кеңесі бекітетін ішкі құжаттарда көзделген шешімдерді қабылдау;

      29-1) корпоративтік хатшыны тағайындау және оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, корпоративтік хатшы өкілеттігінің мерзімін, корпоративтік хатшыға қойылатын талаптарды, оның функцияларын, қызмет тәртібін, корпоративтік хатшының лауазымдық айлықақысының мөлшерін және корпоративтік хатшыға сыйақы төлеу шарттарын айқындау;

      29-2) Басқарма төрағасына және еңбек жағдайларын Қордың Директорлар кеңесі айқындайтын жұмыскерлерге тәртіптік жазалар қолдану тәртібін бекіту;

      30) Қордың тобына кірмейтін, Қордың аффилирленген тұлғалармен оларды жасауға мүдделілігі бар мәмілелер жасасу туралы шешімдер қабылдау;

      31) "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры" акционерлік қоғамының тұрғын үй және коммерциялық (тұрғын емес) үй-жайларды сату қағидаларын бекіту;

      31-1) Қордың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызын Қор тікелей немесе жанама түрде иеленетін ұйымдардың сатып алуын жүзеге асыру тәртібін бекіту;

      32) жалғыз акционері Қор болып табылатын ұлттық компаниямен мәміле немесе оның (олардың) нәтижесінде ұлттық компания құны ұлттық компанияның активтері құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын мүлік сатып алынатын немесе иеліктен шығарылатын (сатып алынуы немесе иеліктен шығарылуы мүмкін) жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелер жасасу туралы шешім қабылдау;

      33) Қордың Жалғыз акционерінің шешімдерінен туындайтын шешімдер қабылдау;

      34) Қордың жылдық есебін бекіту;

      35) Қазақстан Республикасының Үкіметі бастама жасайтын, Қор немесе Қордың тобына кіретін ұйымдар іске асыратын әлеуметтік маңызы бар және/немесе өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды рентабельділігі төмен жобаларға жатқызу туралы шешім қабылдау;

      36) Қазақстан Республикасының Үкіметі бастама жасайтын, рентабельділігі төмен болып табылатын әлеуметтік маңызы бар және/немесе өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды қаржыландыру туралы шешім қабылдау;

      37) Заңға және (немесе) осы Қордың Жарғысына сәйкес өзге де мәселелер.

      Ескерту. 57-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597; 20.07.2022 № 509 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 16.02.2024 № 91 қаулыларымен.

      57-1. Қордың директорлар кеңесінің шешімі негізінде осы Жарғының 57-тармағының 10) тармақшасында көрсетілген саясат барлық дауыс беретін акцияларына (қатысу үлестеріне) Қор тікелей немесе жанама иелік ететін Қор тобына кіретін компанияларға не ұйымдарға қолданылуы мүмкін.

      Ескерту. Жарғы 57-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.

      58. Қор жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылмайтын компанияларға қатысты осы Жарғының 57-тармағының 7) және 19) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша шешімді компаниялардың акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстарында Қордың уәкілетті өкілдері кейіннен дауыс беру мақсатында акционер (қатысушы) ретіндегі Қордың ұстанымын анықтау үшін Қордың Директорлар кеңесі қабылдайды.

      59. Тізбесі осы Жарғының 57-тармағында белгіленген мәселелер Басқармаға шешу үшін берілмейді.

      Директорлар кеңесінің Жалғыз акционердің шешімдеріне қайшы келетін шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.

      60. Қордың Директорлар кеңесі Қордың жалғыз акционері сайлайтын төраға мен мүшелерден тұрады.

      Директорлар кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға (Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерін қоспағанда) қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Жарғыда белгіленеді.

      Директорлар кеңесінің мүшелігіне кандидаттардың (Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерін қоспағанда) Жалғыз акционер мен Қордың мүдделерінде өздерінің міндеттерін орындау және Директорлар кеңесінің тиімді жұмысын ұйымдастыру үшін қажет тиісті жұмыс тәжірибесі, білімі, біліктілігі және іскерлік және/немесе салалық ортадағы оң жетістіктері болуға тиіс.

      Ескерту. 60-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.01.2023 № 45 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      61. Басқарма төрағасынан басқа Басқарма мүшелері Директорлар кеңесіне сайлана алмайды.

      62. Директорлар кеңесінің құрамына сайланған тұлғалардың, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, бірнеше рет қайта сайлануына шек қойылмайды.

      Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі Жалғыз акционер жаңа директорлар кеңесін сайлау өткізілетін шешім қабылдаған кезде аяқталады. Жалғыз акционер директорлар кеңесінің барлық немесе жекелеген мүшелерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.

      Директорлар кеңесі мүшесінің өкілеттігін өз бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтату Директорлар кеңесіне берілген жазбаша хабарлама негізінде жүзеге асырылады. Директорлар кеңесінің мұндай мүшесінің өкілеттігі Директорлар кеңесі аталған хабарламаны алған кезден бастап тоқтатылады.

      Директорлар кеңесі мүшесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған және Жалғыз акционер директорлар кеңесінің жаңа мүшесін сайлаған жағдайда соңғысының өкілеттігі тұтас алғанда директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімінің өтуімен бір мезгілде аяқталады.

      63. Қордың Директорлар кеңесінің төрағасын (бұдан әрі – Директорлар кеңесінің төрағасы) Қордың жалғыз акционері сайлайды.

      Директорлар кеңесінің төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Жарғыда белгіленген тәртіппен:

      1) Директорлар кеңесінің жұмысын ұйымдастырады;

      2) Қордың Директорлар кеңесінің отырыстарын шақырады және оларда төрағалық етеді;

      3) отырыстарды жүргізеді және хаттамаға қол қояды;

      4) Директорлар кеңесінің шешіміне сәйкес лауазымдық жалақының мөлшерін белгілей отырып, Қордың атынан Басқарма төрағасымен еңбек шартын жасасады.

      Директорлар кеңесінің төрағасы болмаған жағдайда оның функцияларын Директорлар кеңесінің шешімі бойынша Директорлар кеңесі мүшелерінің бірі жүзеге асырады, бұл ретте Директорлар кеңесі төрағасының функцияларын Басқарма төрағасы жүзеге асыра алмайды.

      Ескерту. 63-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.01.2023 № 45 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      64. Неғұрлым маңызды мәселелерді қарау және Қордың Директорлар кеңесіне ұсынымдар дайындау үшін Қордың Директорлар кеңесінің жанынан тұрақты жұмыс істейтін комитеттер құрылуы мүмкін.

      Стратегиялық жоспарлау мәселелерін қарау үшін стратегия комитеті құрылады, оның басшысы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бірінші басшысы болып табылады.

      Егер Қордың Директорлар кеңесінің қарауына шығарылатын мәселелер қандай да бір комитеттің өкілеттігіне кірсе, олар тиісті мәселені міндетті түрде алдын ала қарайды және ол бойынша қорытынды дайындайды.

      Заңның 14-бабында көзделген Мамандандырылған комитет міндетті түрде құрылады.

      Қор Директорлар кеңесінің комитеттерін құру және олардың жұмыс істеу тәртібі, олардың өкілеттіктері, сандық құрамы Қордың Директорлар кеңесі бекітетін ішкі құжаттарда белгіленеді.

      Ескерту. 64-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.

      65. Директорлар кеңесінің отырысы оның төрағасының немесе Басқарманың бастамасы бойынша не:

      1) Директорлар кеңесінің кез келген мүшесінің;

      2) Қордың Ішкі аудит қызметінің;

      3) Қордың аудитін жүзеге асыратын аудиторлық ұйымның;

      4) Жалғыз акционердің талап етуі бойынша шақырылуы мүмкін.

      66. Директорлар кеңесінің отырысын шақыру туралы талап Директорлар кеңесінің төрағасына Директорлар кеңесі отырысының ұсынылатын күн тәртібін қамтитын тиісті жазбаша хабар жіберу арқылы қойылады.

      Директорлар кеңесінің төрағасы отырысты шақырудан бас тартқан жағдайда, бастамашы аталған талаппен Басқармаға жүгінуге құқылы, ол Директорлар кеңесінің отырысын шақыруға міндетті.

      Директорлар кеңесінің отырысын Директорлар кеңесінің төрағасы немесе Басқарма шақыру туралы талап келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей шақыруға тиіс.

      Директорлар кеңесінің отырысы осы талапты қойған тұлғаны міндетті түрде шақырып өткізіледі.

      Қордың Директорлар кеңесі отырысының күн тәртібін Қоғамның корпоративтік хатшысы қалыптастырады. Қордың Директорлар кеңесінің мүшелеріне отырысты өткізу туралы барлық қажетті материалдар қоса берілген хабарламаны Директорлар кеңесінің отырысы өткізілгенге дейін кемінде бес күн бұрын Қордың корпоративтік хатшысы жібереді.

      Ірі мәміле және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәміле жасасу жөнінде шешім қабылдау туралы мәселелер қаралған жағдайда, мәміле туралы ақпаратта мәміленің тараптары, мәміленің орындалу мерзімдері мен талаптары, тартылған адамдардың қатысу үлесінің сипаты мен көлемі туралы мәліметтер, сондай-ақ бағалаушының есебі ("Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 69-бабының 1-тармағында көзделген жағдайда) қамтылуға тиіс.

      Сырттай дауыс беру арқылы Директорлар кеңесінің отырысын өткізу туралы жазбаша хабарламаға сырттай дауыс беруге арналған бюллетень де қоса беріледі, ол бірыңғай нысан бойынша Директорлар кеңесінің барлық мүшелеріне беріледі.

      Сырттай дауыс беруге арналған бюллетень:

      1) Қор Басқармасының атауын және орналасқан жерін;

      2) қол қойылған бюллетеннің корпоративтік хатшыға берілген күнін;

      3) отырыстың күн тәртібін;

      4) дауыс беруге қойылған мәселелерді және олар бойынша дауыс беру нұсқаларын;

      5) өзге де мәліметтерді қамтуы тиіс.

      Сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньдерді Директорлар кеңесінің мүшелеріне жіберген кезде корпоративтік хатшы олардың дұрыс және бірізді жасалғанын өзінің қолтаңбасымен куәландырады.

      67. Директорлар кеңесінің мүшесі өзінің Директорлар кеңесінің отырысына қатыса алмайтыны туралы Басқармаға алдын ала хабарлауға міндетті.

      68. Директорлар кеңесінің отырысын өткізу үшін кворум Директорлар кеңесі мүшелері санының кемінде жартысын құрайды және техникалық байланыс құралдарын пайдаланып (бейнеконференция сеансы, телефондық конференц-байланыс және т.б. режимінде) қарастырылып жатқан мәселелерді талқылауға және дауыс беруге қатысатын не олардың жазбаша түрде білдірілген дауыстары болған жағдайда Директорлар кеңесінің қатыспаған мүшелері ескеріле отырып анықталуы мүмкін.

      Егер Директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы саны осы тармақта белгіленген кворумға қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайда, Директорлар кеңесінің жаңа мүшелерін сайлау (тағайындау) мәселесін Жалғыз акционердің қарауына шығаруға міндетті. Директорлар кеңесінің қалған мүшелері мұндай мәселені Жалғыз акционердің қарауына шығару туралы ғана шешім қабылдауға құқылы.

      69. Директорлар кеңесінің әрбір мүшесі бір дауысқа ие болады. Директорлар кеңесінің шешімдері, егер "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және осы Жарғыда өзгеше көзделмесе, Директорлар кеңесінің отырысқа қатысқан мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.

      Дауыстар саны тең болған кезде Директорлар кеңесі төрағасының немесе Директорлар кеңесінің отырысына төрағалық етуші адамның даусы шешуші болып табылады.

      Қордың Директорлар кеңесінің отырысына қатыспаған немесе Директорлар кеңесі "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қордың осы Жарғысында белгіленген тәртіпті бұза отырып қабылдаған шешімге қарсы дауыс берген Қордың Директорлар кеңесінің мүшесі оны сот тәртібімен даулауға құқылы.

      Директорлар кеңесі өзінің жабық отырысын өткізу туралы шешім қабылдауға құқылы, оған Директорлар кеңесінің мүшелері ғана қатыса алады.

      70. Директорлар кеңесі төрағасының қалауы бойынша Директорлар кеңесінің қарауына шығарылған мәселелер бойынша шешімдер сырттай дауыс беру арқылы қабылдануы мүмкін. Бұл ретте отырыстың күн тәртібінің мәселелері бойынша сырттай дауыс беру үшін бюллетеньдер қолданылады.

      Сырттай дауыс беру арқылы қабылданған шешім белгіленген мерзімде алынған бюллетеньдерде кворум болған жағдайда қабылданды деп танылады. Директорлар кеңесінің сырттай отырысының шешімі жазбаша түрде ресімделуі, оған Директорлар кеңесінің төрағасы мен корпоративтік хатшысы қол қоюы, сондай-ақ онда:

      1) Қор Басқармасының атауы және орналасқан жері;

      2) сырттай отырыстың шешімі жазбаша ресімделген күні және орны;

      3) Директорлар кеңесінің құрамы туралы мәліметтер;

      4) отырысты шақыруды жүзеге асырған тұлғаның (органның) нұсқауы;

      5) отырыстың күн тәртібі;

      6) шешім қабылдау үшін кворумның бар-жоғы туралы жазба;

      7) Директорлар кеңесі күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша Директорлар кеңесінің әр мүшесі дауысының нәтижесі көрсетіле отырып, дауыс беруге қойылған мәселелер және олар бойынша дауыс беру қорытындылары;

      8) өзге де мәліметтер қамтылуы тиіс.

      Шешім ресiмделген күннен бастап жиырма күн iшiнде Директорлар кеңесiнiң мүшелеріне жiберiлуге тиіс, оған осы шешiмдi қабылдауға негіз болған бюллетеньдер қоса беріледі.

      71. Директорлар кеңесінің қатысу тәртібімен өткен отырысында қабылданған шешімдері хаттамамен ресімделеді, ол отырыс өткен күннен бастап үш күн ішінде жасалып, оған Директорлар кеңесінің төрағасы не отырысқа төрағалық еткен тұлға және корпоративтік хатшысының қол қоюы және онда:

      1) Қордың толық атауы және Басқармасының орналасқан жері;

      2) отырыстың өткізілген күні, уақыты және орны;

      3) отырысқа қатысқан адамдар туралы мәліметтер;

      4) отырыстың күн тәртібі;

      5) Директорлар кеңесі күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша Директорлар кеңесінің әр мүшесі дауысының нәтижесі көрсетіле отырып, дауыс беруге қойылған мәселелер және олар бойынша дауыс беру қорытындылары;

      6) қабылданған шешімдер;

      7) Директорлар кеңесінің шешімі бойынша өзге де мәліметтер қамтылуы тиіс.

      Директорлар кеңесі отырысының хаттамасына корпоративтік хатшы қол қойғаннан кейін хаттамаға келісу парақ жасалады, оған Директорлар кеңесінің барлық мүшелері (Директорлар кеңесінің төрағасынан басқа) қол қояды, содан кейін отырыстың хаттамасына Директорлар кеңесінің төрағасы қол қояды.

      Директорлар кеңесі отырыстарының хаттамалары және сырттай дауыс беру арқылы қабылдаған Директорлар кеңесінің шешімдері, сондай-ақ қол қойылған бюллетеньдер Қорда сақталады.

      Корпоративтік хатшы Директорлар кеңесі мүшесінің талап етуі бойынша оған Директорлар кеңесі отырысының хаттамасын және сырттай дауыс беру арқылы қабылданған шешімдерді танысу үшін беруге және (немесе) оған хаттама мен шешімнің өз қолымен және Қор мөрінің бедерімен расталған үзінділерін беруге міндетті.

11. Басқарма

      72. Ағымдағы қызметке басшылық жасауды Басқарма жүзеге асырады. Басқарманы Басқарма төрағасы басқарады.

      73. Қор Басқармасының құзыретіне мына мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кіреді:

      1) Қордың бағалы қағаздарын айырбастау шарттары мен тәртібін айқындау, сондай-ақ оларды өзгерту;

      2) Қор акцияларына төлемге берілген не ірі мәміленің нысанасы болып табылатын мүліктің нарықтық құнын бағалау жөніндегі бағалаушының қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау;

      3) Заңға сәйкес Қордың Жалғыз акционері немесе директорлар кеңесі қабылдайтын мәселелер бойынша шешімдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) жарғыға сәйкес компанияның акционерлері (қатысушылары) жалпы жиналысының, өзге органының немесе өзіне қатысты Қор акционер, қатысушы болып табылатын немесе мүліктегі үлеске құқығы бар өзге заңды тұлғаның құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешімдер қабылдау;

      3-1) Заңға сәйкес Қордың Жалғыз акционері немесе Директорлар кеңесі қабылдайтын мәселелер бойынша шешімдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына және акциялары (қатысу үлестері) сенімгерлік басқару құқығында Қорға тиесілі заңды тұлғалардың жарғыларына сәйкес осындай заңды тұлғалардың акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешімдер қабылдау;

      4) Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.

      5) ұлттық компаниялардың, сондай-ақ барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға меншік және (немесе) сенімгерлік басқару құқығымен тиесілі заңды тұлғалардың атқарушы органдарының басшыларын тағайындау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату мәселелерін келісу;

      6) инвестициялық шешімдер мен инвестициялық жобаларды іске асырудың толымдылығы мен мерзімдері бойынша іркіліс болуына жол бермеу жөнінде компанияларға қатысты жедел шаралар қабылдау;

      7) компанияларға қатысты (оның ішінде компаниялар қызметінің салалары бойынша) қаржылық, инвестициялық, өндірістік-шаруашылық, ғылыми-техникалық, ақшаны басқару жөнінде біртұтас кадр саясатын, әлеуметтік және өзге де саясатты қалыптастыру;

      7-1) Қор тобына кіретін ұйымдардың корпоративтік басқару кодекстерін, сондай-ақ оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекіту;

      8) дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғаларға қатысты әдістемелік ұсынымдар мен корпоративтік стандарттарды бекіту;

      9) компаниялардың даму жоспарларын әзірлеу, келісу, бекіту, түзету, оларды орындау және олардың орындалуына мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту;

      10) дивидендтік саясатты және компаниялар үшін дивидендтер есептеу нормативтерін бекіту;

      11) Қазақстан Республикасының Үкіметі енгізетін ұсыныстар бойынша Қордың, сондай-ақ барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі компаниялардың әкімшілік шығыстарының нормативтері мен лимиттерінің жекелеген түрлерін бекіту;

      12) Қордың штат санын, штат кестесі мен ұйымдық құрылымын бекіту;

      13) Қордың филиалдары мен өкілдіктерін құру туралы шешімдер қабылдау;

      14) Қор Басқармасы үшін ұсыныстар тұжырымдау мақсатында Қор Басқармасының жанынан Қордың, компаниялардың қызметкерлерінен және өзге де адамдардан тұратын комитеттер құру туралы шешімдер қабылдау;

      15) Қор немесе оның қызметі туралы қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты айқындау;

      16) Қордың облигацияларын, туынды бағалы қағаздарын шығарудың және Қордың меншікті капиталы мөлшерінің бір пайызынан аспайтын сомаға Қордың өзге де қарыз тарту шарттарын айқындау;

      17) осы Қор Жарғысының 57-тармағының 20) тармақшасында көзделгендерді қоспағанда, Қордың ішкі қызметін реттейтін құжаттарды бекіту;

      18) Заңның 24-бабының 1-тармағына сәйкес орталықтандырылған қызметтер құру;

      18-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізілетін сатып алуға қолжетімділіктің бірыңғай нүктесін қалыптастыру мақсатында сатып алудың ақпараттық жүйесін Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараттық жүйесімен интеграциялауды қамтамасыз ету;

      19) жыл сайынғы негізде компаниялар қызметінің нәтижелерін тыңдау және Қордың Директорлар кеңесіне компаниялар қызметінің нәтижелері туралы есептер беру;

      20) Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қордың осы Жарғысында белгіленген тәртіппен Қордың атынан мәмілелер жасасу;

      21) Қордың ішкі қызметінің өндірістік мәселелері бойынша шешімдер қабылдау;

      22) Қордың іс-шаралар жоспарын әзірлеу және кейіннен Жалғыз акционерге бекітуге ұсыну үшін Директорлар кеңесіне шығару;

      23) Қордың қызметі туралы есептер дайындау;

      24) Қордың міндеттемелерін Қордың өз капиталының 1 пайызынан 10 пайызына дейінгі мөлшерді құрайтын шамаға ұлғайту;

      25) Заңда және (немесе) Қордың осы Жарғысында Қордың басқа органдарының құзыретіне жатқызылмаған өзге де мәселелер.

      Ескерту. 73-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597; 13.09.2021 № 633; 20.07.2022 № 509 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      73-1. Қор басқармасы осы Жарғының 73-тармағының 3) және 3-1) тармақшаларында көзделген, олар бойынша шешімдерді Қордың басқарма төрағасы қабылдай алатын мәселелер тізбесін, сондай-ақ осындай шешімдерді қабылдау тәртібін айқындауға құқылы.

      Ескерту. Жарғы 73-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.

      74. Осы Жарғының 73-тармағының 3), 3-1), 10 тармақшаларында және 73-1-тармағында көрсетілген, Қор Жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылмайтын компаниялар қызметінің мәселелері бойынша шешімдерді компаниялар акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналыстарында Қордың уәкілетті өкілдерінің кейіннен дауыс беруі үшін акционер (қатысушы) ретінде Қордың ұстанымын айқындау мақсатында Қордың басқармасы немесе басқарма төрағасы қабылдайды.

      Ескерту. 74-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.
      75. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.

      76. Директорлар кеңесінің мүшелеріне жүктелген функцияларды орындау кезінде Басқарма оларға Қордың қызметі туралы, оның ішінде құпия сипаттағы ақпаратты сұрау салу алынған күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, уақтылы беруді қамтамасыз етеді.

      77. Басқарма Жалғыз акционер мен Директорлар кеңесінің шешімдерін орындауға міндетті.

      Қор Басқарманың Қор белгілеген шектеулерді бұзып жасаған мәміленің жарамдылығын, егер мәмілені жасасу кезінде тараптардың мұндай шектеулер туралы білгендігін дәлелдесе, даулауға құқылы.

      78. Қор Басқармасы Басқарма төрағасынан, оның орынбасарларынан және өзге де тұлғалардан тұрады.

      Басқарма төрағасының атқарушы орган басшысының не атқарушы органның басшысы қызметін жеке-дара жүзеге асыратын тұлғаның, басқа заңды тұлғаның лауазымын атқаруға құқығы жоқ.

      Басқарма мүшелері Басқарма төрағасын өздері жетекшілік ететін мәселелер шеңберіндегі істердің жай-күйі туралы хабардар етеді.

      Басқарма мүшесінің өзге де функциялары, құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Жарғымен, сондай-ақ көрсетілген тұлғаның Қормен жасасқан еңбек шартымен айқындалады. Басқарма төрағасымен жасалған еңбек шартына Қордың атынан Қордың Директорлар кеңесінің төрағасы немесе оған Жалғыз акционер немесе Директорлар кеңесі өкілеттік берген тұлға қол қояды. Басқарманың қалған мүшелерімен жасалған еңбек шартына Басқарма төрағасы қол қояды.

      79. Басқарма кемінде 5 (бес) адамнан тұрады.

      80. Басқарма, әдетте, айына кемінде 1 (бір) рет жиналады.

      81. Басқарма өз қызметін мынадай тәсілдермен шешім қабылдау арқылы жүзеге асырады:

      1) Басқарма мүшелерінің отырысында (ішкі отырыс) дауыс беруімен;

      2) Басқарма мүшелерінің сырттай шешімімен (сырттай отырыс – сауал жүргізу арқылы).

      Басқарма отырысын өткізу үшін кворум сайланған Басқарма мүшелері санының кемінде жартысын құрайды.

      Басқарманың шешімдері отырысқа қатысып отырған Басқарма мүшелерінің немесе сырттай отырысқа қатысатындардың көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Басқарма төрағасы дауыс берген шешім қабылданады.

      Қор Басқармасының шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған Басқарманың отырысқа қатысқан барлық мүшелері қол қоюға және онда дауысқа қойылған мәселелер, Басқарманың әр мүшесінің әрбір мәселе бойынша дауыс беру нәтижесі көрсетілуге, осы мәселелер бойынша дауыс беру қорытындылары қамтылуға тиіс.

      82. Басқарма төрағасы:

      1) Басқарманы басқарады;

      2) Жалғыз акционердің, Директорлар кеңесінің және Басқарманың шешімдерін орындауды ұйымдастырады;

      3) Қордың атынан сенімхатсыз үшінші тұлғаларға қатысты іс-қимыл жасайды;

      4) Қордың атынан үшінші тұлғаларға қатысты өкілдік ету құқығына сенімхаттар береді;

      5) Қордың міндеттемелерін Қордың өз капиталы мөлшерінің 1 пайызына дейін құрайтын шамаға ұлғайту туралы шешім қабылдайды, сондай-ақ Қордың атынан тиісті мәмілелер жасайды;

      6) Қордың қызметкерлерін ("Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңымен белгіленген жағдайларды қоспағанда) қабылдауды, ауыстыруды және қызметінен босатуды жүзеге асырады, оларға көтермелеу шараларын және тәртіптік жаза қолданады, жалақы мен өзге де сыйақылар төлеу Қордың Директорлар кеңесінің айырықша құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қордың ішкі құжаттарына сәйкес Қор қызметкерлеріне жалақы мен сыйақы төлеу мәселелерін шешеді;

      7) өзі болмаған жағдайда өзінің міндеттерін орындауды тиісті бұйрық шығару жолымен Басқарма мүшелерінің біріне жүктейді;

      8) Басқарма мүшелерінің арасында міндеттерді, сондай-ақ өкілеттіктер мен жауапкершілік аясын бөледі;

      9) Қордың жұмыс режимін белгілейді;

      10) Қордың ағымдағы және перспективалық жоспарлары мен бағдарламаларының - жұмыстарының орындалуын қамтамасыз етеді;

      11) Жалғыз акционердің алдында Қордың жұмысы үшін жауапты болады;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Директорлар кеңесінің алдында есептерді жүзеге асырады;

      12-1) Қордың интернет-ресурсында орналастырылатын Қор қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы жария есепті дайындау;

      12-2) Қор қызметінің мәселелері бойынша бизнес-қоғамдастықпен және шетелдік инвесторлармен тұрақты негізде кездесулер өткізу;

      13) Қордың банктік және басқа да шоттарын ашады;

      14) құзыреті шегінде бұйрықтар, оның ішінде Қордың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекіту, жұмыс топтары мен комиссиялар құру туралы, Қор тобының ұйымдарымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша бұйрықтар шығарады;

      15) Басқарма отырыстарын шақырады және қажетті материалдарды қарауға ұсынады;

      16) Қордың атынан Қор қызметкерлерімен, оның ішінде белгіленген тәртіппен Басқарма мүшелерімен және корпоративтік хатшымен еңбек шарттарын жасайды және бұзады;

      17) Басқарма айқындайтын тәртіппен ішкі нормативтік құжаттарды бекітеді;

      18) Қордың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген Қор жоспарларын және Қордың жылдық бюджетін әзірлеуді қамтамасыз етеді;

      19) компанияларға және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызын компаниялар тікелей немесе жанама түрде иеленетін өзге де заңды тұлғаларға тексерулер (тексерістер) тағайындау туралы шешімдер қабылдайды;

      20) барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі компаниялар орындау үшін олардың қызметі мәселелері бойынша тура (жедел) тапсырмалар береді;

      21) өздеріне қатысты Қор Жалғыз акционер немесе барлық дауыс беретін акцияларын иеленетін тұлға, жалғыз қатысушы не заңды тұлғаның мүлкіне құқығы бар жалғыз тұлға болып табылатын заңды тұлғалардың атқарушы органдарының басшыларын тәртіптік жауаптылыққа тартады;

      22) Заңға және (немесе) Қордың осы Жарғысына сәйкес өзге де мәселелер бойынша шешім қабылдайды.

      Ескерту. 82-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597; 25.01.2023 № 45 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      83. Басқарма төрағасының шешімі бойынша Басқарма мүшелеріне оның өкілеттіктерінің қандай да бірі берілуі мүмкін.

12. Ішкі аудит қызметі

      84. Қордың Ішкі аудит қызметін Қордың қаржы-шаруашылық қызметін бақылауды, Қордың қызметін жетілдіру мақсатында ішкі бақылауды, тәуекелдерді басқару жүйесі саласында бағалауды, корпоративтік басқару және консультация беру саласында құжаттарды орындауды жүзеге асыру үшін Қордың Директорлар кеңесі құрады.

      85. Ішкі аудит қызметі тікелей Директорлар кеңесіне бағынады және оның алдында өз жұмысы туралы есеп береді. Қордың Ішкі аудит қызметінің міндеттері мен функциялары, құқықтары мен жауапкершілігі және жұмыс тәртібі Қордың Директорлар кеңесі бекітетін Қордың Ішкі аудит қызметі туралы ережеде айқындалады.

      86. Қор мен Ішкі аудит қызметі қызметкерлерінің арасындағы еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Жарғымен реттеледі.

12-1. Қордың Қоғамдық кеңесі

      Ескерту. Жарғы 12-1-бөліммен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 13.09.2021 № 633 қаулысымен.

      86-1. Азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, Қор мен Қор тобына кіретін ұлттық компаниялар қызметінің есептілігі мен ашықтығын арттыру мақсатында Қор "Қоғамдық кеңестер туралы" және "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес консультативтік-кеңесші орган – Қордың Қоғамдық кеңесін құрады.

13. Қордың лауазымды тұлғалары

      87. Қордың лауазымды адамдары (Директорлар кеңесінің мүшелері, Басқарма мүшелері):

      1) өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындайды және Қор мен Жалғыз акционердің мүдделерін мейлінше жоғары дәрежеде көрсететін тәсілдерді пайдаланады;

      2) Қордың мүлкін осы Жарғыға, Жалғыз акционердің және Директорлар кеңесінің шешімдеріне қарама-қайшылықта, сондай-ақ жеке басының мақсаттарына пайдаланбауға немесе пайдаланылуына жол бермеуге және үлестес тұлғалармен мәмілелер жасасу кезінде теріс пайдаланбауға тиіс;

      3) тәуелсіз аудит жүргізуді қоса алғанда, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етуге міндетті;

      4) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес Қордың қызметі туралы ақпараттың ашылуы мен ұсынылуын бақылайды;

      5) егер Қордың ішкі құжаттарында өзгеше белгіленбесе, Қордың қызметі туралы ақпараттың құпиялылығын, оның ішінде Қордағы жұмыс тоқтатылған сәттен бастап үш жыл ішінде сақтауға міндетті.

      Бір мезгілде мынадай жағдайлар болған кезде:

      егер мәміле жасасу туралы шешім қабылдау кезінде осы мүліктің құны "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалаушы айқындаған оның нарықтық құнына анық мөлшерлес болмауы дәлелденсе;

      Қордың Жалғыз акционерін оның лауазымды адамы (адамдары) өзі (өздері) не үлестес тұлғалары пайда (кіріс) алуы мақсатында қасақана жаңылыстыру фактісін сот анықтаса, Қор Жалғыз акционердің шешімі негізінде немесе Жалғыз акционер өз атынан Қор мүддесінде жасауға мүдделі болған мәмілені Қордың жасасуы нәтижесінде және құны Қор активтерінің баланстық құнының жалпы мөлшерінің он және одан көп пайызын құрайтын мүлікті Қордың иеленуі немесе иеліктен шығаруы нәтижесінде Қорда туындаған зиян үшін лауазымды адамды жауаптылыққа тарту туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.

      Ескерту. 87-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.

      88. Қоғамның лауазымды тұлғалары мыналардың:

      1) қателесуге әкеліп соқтыратын ақпарат немесе көрінеу жалған ақпарат беру;

      2) Заңда белгіленген ақпарат беру тәртібін бұзу;

      3) олардың теріс пиғылды әрекеттерінің және (немесе) әрекетсіздігінің нәтижесінде, оның ішінде олардың не олардың аффилирленген тұлғалары Қормен осындай мәмілелер жасасу нәтижесінде пайда (табыс) табу мақсатында, Қорға зиян келтіруге әкеп соқтырған ірі мәмілелерді және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелерді жасасуға ұсыну және (немесе) жасасу туралы шешім қабылдау нәтижесінде келтірілген залалдарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, өздерінің іс-әрекеттерінен және (немесе) әрекетсіздігінен келтірілген зиян үшін және Қорға келтірілген залалдар үшін Қор мен Жалғыз акционер алдында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілік жүктеледі.

      89. Қор Жалғыз акционердің шешімі негізінде немесе Жалғыз акционер өз атынан лауазымды тұлғаға оның Қорға келтірген зиянын не залалдарын Қорға өтеуі туралы, сондай-ақ, егер лауазымды тұлға теріс пиғылды әрекет еткен және (немесе) әрекет етпеген жағдайда, Қорға залал келтіруге әкеп соқтырған ірі мәмілелер және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелер жасасу туралы шешімдер (жасасуға ұсыныстар) қабылдау нәтижесінде алынған пайданы (табысты) лауазымды тұлғаның және (немесе) оның аффилирленген тұлғаларының Қорға қайтаруы туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

      90. Қор Жалғыз акционердің шешімі негізінде немесе Жалғыз акционер өз атынан Қордың лауазымды тұлғасына және (немесе) үшінші тұлғаға, егер осындай мәмілені жасасу және (немесе) жүзеге асыру кезінде Қордың осы лауазымды тұлғасы осындай үшінші тұлғамен келісім негізінде Қазақстан Республикасы заңнамасының, осы Жарғының және Қордың ішкі құжаттарының талаптарын немесе оның еңбек шартын (келісімін) бұза отырып әрекет етсе, Қордың осы үшінші тұлғамен жасаған мәмілесі нәтижесінде Қорға келтірілген залалдарды Қорға өтеуі туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы. Бұл жағдайда аталған үшінші тұлға және Қордың лауазымды тұлғасы Қорға осындай залалдарды өтеу кезінде ынтымақты борышкерлер ретінде әрекет етеді.

      91. Сот органдарына жүгінгенге дейін Қордың Жалғыз акционері Қордың лауазымды тұлғалары келтірген залалдарды Қорға өтеуі және ірі мәмілелер және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелер жасасу туралы шешімдер (жасасуға ұсыныстар) қабылдау нәтижесінде алынған пайданы (табысты) Қордың лауазымды тұлғаларының және (немесе) олардың аффилирленген тұлғаларының Қорға қайтаруы туралы мәселені Директорлар кеңесінің отырысына шығару туралы талаппен Қордың Директорлар кеңесінің төрағасына жүгінуге тиіс.

      Директорлар кеңесінің төрағасы жоғарыда көрсетілген өтініш түскен күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде Директорлар кеңесінің ішкі отырысын шақыруға міндетті.

      Жалғыз акционердің өтініші бойынша Директорлар кеңесінің шешімі отырыс өткізілген күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде оның назарына жеткізіледі. Директорлар кеңесінің көрсетілген шешімін алғаннан кейін не оны осы тармақта белгіленген мерзімде алмаса, Жалғыз акционер өз атынан көрсетілген мәселе бойынша Директорлар кеңесінің төрағасына Жалғыз акционердің өтінішін растайтын құжаттар болған кезде Қордың мүдделерін қорғау үшін талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

      92. Мәміленің жасалуына мүдделі және орындау нәтижесінде Қорға залалдар келтірілген мәмілені жасасуды ұсынған лауазымды тұлғаны қоспағанда, Қордың лауазымды тұлғалары, егер Қорға не Жалғыз акционерге залалдар келтіруге әкеп соқтырған Қордың органы қабылдаған шешімге қарсы дауыс берген немесе дәлелді себептермен дауыс беруге қатыспаған жағдайда, жауапкершіліктен босатылады.

      Егер лауазымды тұлғаның "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген Қордың лауазымды тұлғалары қызметінің қағидаттарын сақтай отырып, шешім қабылдау сәтіндегі өзекті (тиісті) ақпарат негізінде тиісінше әрекет еткені және мұндай шешім Қор мүддесін білдіреді деп негіздемелі түрде есептегені дәлелденген жағдайда, ол коммерциялық (кәсіпкерлік) шешімнің нәтижесінде туындаған залалдарды өтеуден босатылады.

      93. Егер Қордың қаржылық есептілігі Қордың қаржылық жағдайын бұрмалаған жағдайда, Қордың осы қаржылық есептілігіне қол қойған Қордың лауазымды тұлғалары осының нәтижесінде материалдық зиян келтірілген үшінші тұлғалар алдында жауапкершілікте болады

14. Есеп, есептілік, аудит және бюджеттік кредиттер мен инвестицияларды жоспарлау

      94. Қоғамның бухгалтерлік есебін жүргізу және қаржылық есептілігін жасау тәртібі Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленеді.

      95. Қор уәкілетті орган белгілеген мерзімде шоғырландырылған жылдық қаржылық есептілікті және аудиторлық есепті бұқаралық ақпарат құралдарында жыл сайын жариялауға міндетті.

      Ірі мәміле және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәміле туралы ақпарат қаржылық есептiлiктің халықаралық стандарттарына сәйкес жылдық қаржылық есептiлiкке түсіндірме жазбада жария етіледі. Нәтижесінде Қор активтері мөлшерінің он және одан да көп пайызы сомасына мүлік сатып алынатын не иеліктен шығарылатын мәміле туралы ақпаратта мәміленің тараптары, мәміленің мерзімі мен талаптары, тартылған адамдардың қатысу үлесінің сипаты мен көлемі туралы, сондай-ақ мәміле туралы өзге де мәліметтер қамтылуға тиіс.

      96. Қордың жылдық қаржылық есептілігін ол Жалғыз акционердің қарауына шығарылған күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірілмей Директорлар кеңесінде алдын ала бекітіледі. Қордың жылдық қаржылық есептілігін түпкілікті бекіту Жалғыз акционердің шешімімен жүргізіледі.

      97. Қор жылдық қаржылық есептіліктің аудитін жүргізуге міндетті.

      Қордың аудиті Директорлар кеңесінің, Басқарманың бастамасы бойынша Қордың есебінен не Жалғыз акционердің талабы бойынша оның есебінен жүргізілуі мүмкін, бұл ретте Жалғыз акционер аудиторлық ұйымды дербес айқындауға құқылы.

      Жалғыз акционердің талабы бойынша аудит жүргізілген жағдайда, Қор аудиторлық ұйым сұрататын барлық қажетті құжаттарды (материалдарды) беруге міндетті.

      Егер Басқарма Қордың аудитін жүргізуден жалтарса, аудит кез келген мүдделі тұлғаның талап-арызы бойынша соттың шешімімен белгіленуі мүмкін.

      98. Қордың статистикалық есебі және есептілігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      99. Бюджеттік кредит беру бағдарламаларын, бюджеттік инвестициялық бағдарламаларды жоспарлау және оларды іске асыру кезінде қаржылық-экономикалық және техникалық-экономикалық негіздемені мақұлдауды, сондай-ақ оларды түзетулерді Қор Басқармасының жанындағы тиісті Комитет жүзеге асырады. Уәкілетті мемлекеттік органға жолданатын қаржылық-экономикалық және техникалық-экономикалық негіздемелерге оны жіберуге жауапты Қордың басқарма мүшесі, ал оларға басқа да қосымша материалдарға – оны жіберуге жауапты Қордың құрылымдық бөлімшесінің басшысы әр парағына қол қояды.

15. Қордың ақпаратты жария етуі. Қордың құжаттары

      100. Қор өз қызметі туралы ақпаратты интернет желісіндегі Қордың WEB-сайтында (www.sk.kz) және (немесе) белгіленген тәртіппен айқындалған мерзімді баспасөз басылымдарында жариялайды.

      Қор Жалғыз акционердің және инвесторлардың назарына Қордың мынадай корпоративтік оқиғалары:

      1) Жалғыз акционер қабылдаған шешімдер;

      2) Қордың ішкі құжаттарына сәйкес ақпарат Жалғыз акционердің және инвесторлардың назарына жеткізілуі тиіс мәселелер тізбесі бойынша Директорлар кеңесі қабылдаған шешімдер;

      3) Қордың акцияларын және басқа да бағалы қағаздарды шығару және Қордың бағалы қағаздарын орналастыру қорытындылары туралы есептерді, Қордың бағалы қағаздарын өтеу қорытындылары туралы есептерді уәкілетті органның бекітуі, Қордың бағалы қағаздарын уәкілетті органның жоюы;

      4) Қордың ірі мәмілелерді және бір уақытта мынадай талаптарға жауап беретін: жасауда Қордың мүддесі бар және құны Қордың тиісті органы осындай мәмілелер жасасу туралы шешімдер қабылдаған күні Қор активтерінің жалпы баланстық құнының мөлшерінен он және одан көп пайызды құрайтын мүлікті сатып алуға немесе иеліктен шығаруға мәмілелерді жасауы.

      Нәтижесінде Қор активтері мөлшерінің он және одан көп пайызының сомасына мүлік сатып алынған немесе иеліктен шығарылған мәміле туралы ақпаратта мәміле жасасатын тараптар, сатып алынған немесе иеліктен шығарылған активтер, мәміленің мерзімдері мен талаптары, тартылған тұлғалардың қатысу үлестерінің сипаты мен көлемі, сондай-ақ болған жағдайда, мәміле туралы өзге де мәліметтер қамтылуы тиіс;

      5) Қор активтерінің бес және одан да көп пайызын құрайтын сомаға Қордың мүлкін кепілге (қайтадан кепілге) беруі;

      6) Қордың меншікті капиталы мөлшерінің жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын мөлшерде Қордың қарыз алуы;

      7) қызметтің қандай да бір түрлерін жүзеге асыруға Қордың рұқсат алуы, қызметтің қандай да бір түрлерін жүзеге асыруға Қордың бұрын алған рұқсаты қолданысының тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы;

      8) Қордың заңды тұлға құруға қатысуы;

      9) Қордың мүлкіне тыйым салу;

      10) нәтижесінде баланстық құны Қор активтерінің жалпы мөлшерінің он және одан да көп пайызын құрайтын Қор мүлкі жойылған төтенше сипаттағы мән-жайлардың болуы;

      11) Қордың және оның лауазымды адамдарының әкімшілік жауаптылыққа тартылуы;

      12) сотта корпоративтік дау бойынша істі қозғау;

      13) Қорды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру туралы шешімдер;

      14) осы Жарғыға, сондай-ақ Қордың бағалы қағаздарды шығару проспектісіне сәйкес Қордың Жалғыз акционерінің және инвесторлардың мүдделерін қозғайтын өзге де оқиғалар туралы ақпаратты жеткізуге міндетті.

      Қор Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес айқындалған қаржылық есептілігін, корпоративтік оқиғалар туралы ақпаратты, Қордың жылдық қаржылық есептілігі мен аудиторлық есептерді, үлестес тұлғалардың тізімдерін, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және мерзімде жыл қорытындылары бойынша Басқарма мүшелері сыйақысының жиынтық мөлшері туралы ақпаратты депозитарийдің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етеді.

      Қордың бағалы қағаздарын қор биржасының тізіміне қосқан кезде осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген ақпаратқа толықтыру ретінде Қор Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес айқындалған қаржылық есептілігін, тоқсан сайынғы қаржылық есептілікті депозитарийдің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етеді және барлық корпоративтік оқиғалар және тоқсан сайынғы қаржылық есептілік туралы ақпаратты қор биржасының интернет-ресурсына жариялау үшін оның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен қор биржасына ұсынады.

      Қор Жалғыз акционер туралы ақпаратты, сондай-ақ қор биржасының ішкі құжаттарында анықталатын тәртіппен басқа заңды тұлғадағы өкілеттіктері мен міндеттері туралы ақпарат көрсетілген басқа заңды тұлғадағы басшы лауазымды немесе өзге де негізгі қызметті қоса атқаратын Қордың басқару органының мүшелері туралы мәліметтерді корпоративтік веб-сайтта орналастыруға міндетті.

      Ескерту. 100-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.

      101. Корпоративтік оқиғалар туралы ақпаратты беру Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Жарғыға және Қордың ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Сотта корпоративтік дау жөнінде іс қозғау туралы ақпарат Қордың корпоративтік дау жөніндегі азаматтық іс бойынша тиісті сот хабарламасын (шақыруын) алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде Жалғыз акционерге берілуге тиіс.

      Қор қызметтік немесе коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа ие Қоғам қызметкерлері тізімінің міндетті түрде жүргізілуін қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 101-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.

      102. Қордың өз қызметіне қатысты құжаттары оның қызметінің бүкіл мерзімі ішінде Басқарма орналасқан жерде немесе Басқарманың шешімі бойынша өзге жерде сақталады.

      Мына құжаттар:

      1) Қордың осы Жарғысы, оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар;

      2) жалғыз құрылтайшының шешімдері, жалғыз құрылтайшының шешімдеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар;

      3) Қордың белгілі бір қызмет түрлерімен айналысуға және (немесе) белгілі бір іс-қимылдар (операциялар) жасауға рұқсаттары;

      4) Қордың өз балансында тұратын (тұрған) мүлікке құқығын растайтын құжаттар;

      5) Қордың бағалы қағаздарын шығару проспектілері;

      6) Қордың бағалы қағаздар шығарылымының мемлекеттік тіркелгенін, бағалы қағаздар күшінің жойылғанын растайтын құжаттар, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органға берілген Қордың бағалы қағаздарын орналастыру мен өтеу қорытындылары туралы есептерді бекіту;

      7) Қордың филиалдары мен өкілдіктері туралы ереже;

      8) Жалғыз акционердің шешімдері және оларға тиісті материалдар;

      9) Директорлар кеңесі отырыстарының (сырттай өткізілген отырыстар шешімдерінің) хаттамалары және бюллетеньдер (оның ішінде жарамсыз деп танылған бюллетеньдер), Директорлар кеңесінің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдар;

      10) Басқарма отырыстарының (шешімдерінің) хаттамалары;

      11) Корпоративтік басқару кодексі сақталуға тиіс.

      Ескерту. 102-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 27.09.2018 № 597 қаулысымен.

      103. Өзге құжаттар, оның ішінде Қордың қаржылық есептілігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген мерзім ішінде сақталады.

      104. Жалғыз акционердің талабы бойынша Қор оған "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген құжаттардың көшірмелерін Қорға осындай талап келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей беруге міндетті, бұл ретте қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты беруге шектеулер енгізуге жол беріледі.

      Құжаттардың көшірмелерін бергені үшін төлем мөлшерін Қор белгілейді және ол құжаттардың көшірмелерін дайындауға жұмсалған шығыстардың құнынан және Жалғыз акционерге құжаттарды жеткізуге байланысты шығыстар төлемінен аспайды.

      Қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты қамтитын, Қордың бағалы қағаздарын шығарудың, орналастырудың, айналымға жіберудің және айырбастаудың жекелеген мәселелерін регламенттейтін құжаттар танысу үшін Жалғыз акционерге оның талабы бойынша берілуге тиіс.

      Ескерту. 104-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.08.2022 № 522 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      105. Қор өзінің аффилирленген тұлғалары беретін мәліметтердің негізінде олардың есебін жүргізеді.

      Бағалы қағаздар нарығын реттеуді және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органға Қор өзінің аффилирленген тұлғаларының тізімін ол белгілеген тәртіппен ұсынады.

      Қордың лауазымды тұлғалары өзінің аффилирленген тұлғалары туралы ақпаратты осы Жарғы бекітілген күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде, сондай-ақ аффилирлену пайда болу шамасына қарай, ол туындаған күннен бастап күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде Қорға ұсынады.

      Қордың аффилирленген тұлғалары болып табылатын жеке және заңды тұлғалар аффилирлену пайда болған күннен бастап күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде өзінің аффилирленген тұлғалары туралы мәліметті Қорға табыс етуге міндетті.

      Бұрын Қордың лауазымды тұлғасы деп аффилирленген тұлға ретінде көрсетілген тұлға ондай болуын тоқтатқан жағдайда, Қордың лауазымды тұлғасы бес күндік мерзімде Қорға бұл туралы хабардар етеді.

16. Қорды қайта ұйымдастыру

      106. Қорды қайта ұйымдастыру (біріктіру, қосу, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      107. Қайта ұйымдастыру ерікті немесе мәжбүрлі түрде жүргізілуі мүмкін.

      108. Мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда сот органдарының шешімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

17. Қорды тарату

      109. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Жалғыз акционер Қорды ерікті түрде тарату туралы шешім қабылдайды.

      110. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, сот Қорды мәжбүрлі түрде таратуды жүзеге асырады.

      Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, Қорды тарату туралы талапты мүдделі тұлғалар сотқа беруі мүмкін.

      111. Соттың немесе Жалғыз акционердің Қорды тарату туралы шешімімен тарату комиссиясы тағайындалады.

      Тарату комиссиясы Қордың таратылуы кезеңінде оны басқару және тізбесі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған іс-қимылды жасау жөніндегі өкілеттіктерге ие болады.

      Ерікті түрде тарату кезінде тарату комиссиясының құрамына Жалғыз акционердің өкілдері, сондай-ақ Жалғыз акционердің шешіміне сәйкес өзге де тұлғалар кіруі мүмкін.

      112. Қорды тарату рәсімі және оның кредиторларының талаптарын қанағаттандыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

      Қорды тарату кезінде оның жарияланған, оның ішінде орналастырылған акциялары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жойылады.

      Таратылатын Қордың мүлкін бөлу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

18. Қорытынды ережелер

      113. Осы Жарғы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 2012 жылғы 8 қарашадағы
№ 1418 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші
жойылған кейбір шешімдерінің
тізбесі

      1. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының жарғысын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 12 желтоқсандағы № 2095 қаулысы;

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 18 маусымдағы № 613 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 24-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 39, 342-құжат);

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 12 желтоқсандағы № 2095 қаулысына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13 тамыздағы № 815 қаулысы;

      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 2 наурыздағы № 209 қаулысы 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 23, 286-құжат).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады