"Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" (жаңа редакция) Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 1747 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» (жаңа редакция) Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы
(жаңа редакция)

      Осы Заң Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары мен оның қызметкерлері қызметінің мәртебесін және құқықтық негізін, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылық профилактикасы, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамның, мемлекеттің, заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне қылмыстық және өзге де құқыққа қайшы қол сұғушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша ішкі істер органдарының қағидаттарын, міндеттерін, жүйесі мен өкілеттіктерін, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметкерлерін, зейнеткерлерін және олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау шараларын айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының
             құқықтық мәртебесі

      1. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары (бұдан әрі – ішкі істер органдары) қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әкімшілік құқық бұзушылықтарға, қылмысқа қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі функцияларды, сондай-ақ анықтауды, алдын ала тергеуді, криминалистикалық және жедел-іздестіру қызметін, қылмыстық жазалардың және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының орындалуын жүзеге асыратын құқық қорғау органы болып табылады.
      Ішкі істер органдарындағы қызмет – Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметінің Қазақстан мемлекеті мен халқы алдында қызметтік міндеттері мен қызметтік борышын орындауға байланысты ерекше түрі.
      2. Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде ішкі істер органдарының қызметіне араласуға, сондай-ақ оларға заңнамамен жүктелмеген міндеттер мен функцияларды орындауға оларды тартуға тыйым салынады.

      2-бап. Ішкі істер органдары қызметінің құқықтық негізі

      Ішкі істер органдары қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, осы Заң, өзге де нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар құрайды.

      3-бап. Ішкі істер органдарының мақсаты мен міндеттері

      1. Ішкі істер органдары Қазақстан халқына қызмет етуге және жеке тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін, қоғамның, мемлекеттің, заңды тұлғалардың заңды мүдделерін қылмыстық және өзге де құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғауға арналған.
      2. Ішкі істер органдарының міндеттері:
      1) адам мен азаматты, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қылмыстық және өзге де құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғау;
      2) құқық бұзушылықтардың профилактикасы;
      3) қылмысқа қарсы күрес;
      4) қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті, оның iшiнде төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы кезінде қамтамасыз ету;
      5) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол жүрісі қауіпсіздігі саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру және мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру;
      6) құзыреті шегінде көші-қон процестерін реттеу, халықтың көші-қоны саласында мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру;
      7) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсас заттар мен прекурсорларының айналымы саласында мемлекеттік саясатты және мемлекеттік бақылауды іске асыру, олардың заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл жасау;
      8) азаматтық, қызметтік қару мен оның патрондарының айналымын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
      9) күзет қызметiн, сондай-ақ күзет дабылы құралдарын монтаждауды, орнатуды және техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын субъектiлердiң қызметiн мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
      10) қылмыстық жазаларды, әкiмшiлiк жазалауларды орындау және сотталғандардың түзелуін ұйымдастыру;
      11) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, оған жақын орналасқан аумақта және арнайы мекемелерде заңдылықты, құқықтық тәртіпті және ұстау режимін қамтамасыз ету;
      12) мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілерді, жеке тұлғаларды күзету, аса маңызды және ерекше режимдегі объектілерде, Қазақстан Республикасының аумағында режимдік және күзет іс-шараларын жүзеге асыру;
      13) жәбірленушілерді, куәгерлерді және қылмыстық сот өндірісінің өзге де қатысушыларын мемлекеттік қорғау;
      14) криминалистикалық зерттеулерді жүзеге асыру;
      15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету болып табылады.

2-тарау. Ішкі істер органдары қызметінің принциптері, өзара
іс-қимыл жасау және ынтымақтастық

      4-бап. Ішкі істер органдары қызметінің принциптері

      Ішкі істер органдарының қызметі Қазақстан Республикасының мемлекеттік және құқық қорғау қызметтерінің принциптеріне және ішкі істер органдарының арнайы принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      Жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның, мемлекеттің, заңды тұлғалардың заңды мүдделерін; қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін сақтау және құрметтеу; ашықтық және жариялылық; ішкі істер органдары жүйесінің біртұтастығы ішкі істер органдары қызметінің арнайы принциптері болып табылады.

      5-бап. Жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын,
             қоғамның, мемлекеттің, заңды тұлғалардың заңды
             мүдделерін сақтау және құрметтеу

      1. Ішкі істер органдары тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатыстылығына, саяси және өзге де көзқарастарына, тұрғылықты жеріне немесе өзге де белгілеріне қарамастан, әрбір адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтайды және құрметтейді.
      2. Ішкі істер органдары заңды тұлғалардың ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, өз құзыреті шегінде олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді.
      3. Ішкі істер органдары жеке тұлғаларға білікті заң көмегіне құқығын іске асыру, адамның ұсталғаны туралы туыстарына хабарлау мүмкіндігін қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайда ұсталған адамдарға медициналық және өзге де көмек көрсетуде жәрдемдеседі, сондай-ақ тұлғаның немесе оның отбасының өміріне, денсаулығына, мүлкіне ұстаумен немесе қамаумен байланысты төнген қауіпті жою бойынша шаралар қабылдайды.
      4. Ішкі істер органының қызметкеріне азаптауды, зорлық-зомбылықты қолдануға, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын, ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас жасауды, қасақана тән зардабын, жан азабын келтіруге тыйым салынады. Қылмыс жасағаны үшін күдікті адамдарды қылмыстық әрекеттерді жасауға өзін кінәлімін деп жауап беруге немесе мойындауға мәжбүрлеуге, осы мақсатпен оларды және басқа адамдарды қорқытуға тыйым салынады.
      5. Ішкі істер органының қызметкері адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзған жағдайда, ішкі істер органдары олардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауға міндетті.

      6-бап. Ашықтық пен жариялылық

      1. Ішкі істер органдарының қызметі Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына қайшы келмейтін шамада қоғам үшін ашық болып табылады.
      2. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен ішкі істер органдарынан өздерінің құқықтары мен мүдделерін тікелей қозғайтын ақпарат алуға құқылы.
      3. Ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің қызметі туралы мемлекеттік органдар мен халықты хабардар етеді. Адам мен азаматтың жеке өміріне қол сұғылмаушылықты қозғайтын мәліметтерді, жеке, отбасылық, коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны, сондай-ақ заңдарда тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмысты орындау барысында мәлім болған мемлекеттік құпияларды жариялауға тыйым салынады.
      4. Жеке және заңды тұлғалар туралы ішкі істер органдары таратқан мәліметтер шындыққа сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда, ішкі істер органдары бір ай мерзімнен кешіктірмей, бұл мәліметтерді жоққа шығаруға тиіс.

      7-бап. Ішкі істер органдары жүйесінің біртұтастығы

      Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары төмен тұрған басшылар жоғары тұрған басшыларға және республиканың Ішкі істер министріне бағынатын органдар мен мекемелердің бірыңғай орталықтандырылған жүйесін құрайды.

      8-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарымен және азаматтық
             қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасау

      1. Ішкі істер органдары заңнама талаптарын сақтай отырып, ресми сұрау салулар бойынша, сондай-ақ баспасөз-конференцияларын, брифингтерін өткізу арқылы өз қызметі туралы бұқаралық ақпарат құралдарына мәліметтер ұсынады.
      2. Ақпараттық хабарламалар Министрліктің және ішкі істер органдары бөліністерінің ресми сайтында орналастырылады.
      3. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары ішкі істер органдарымен келісім бойынша олардың жанында өз журналистерін аккредиттей алады.
      4. Ішкі істер органдарының қызметін жария ету үшін Ішкі істер министрлігінің мамандандырылған бұқаралық ақпарат құралдарын құруға құқығы бар.
      5. Халықтың, азаматтық қоғам институттарының сенімін арттыру мақсатында ішкі істер органдарының қызметінде қоғамдық бақылау жүйесі қолданылады. Қоғамдық бақылау Ішкі істер органдарының қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестер мен қоғамдық байқаушы комиссиялар құру арқылы жүзеге асырылады. Қоғамдық кеңестің ережесі мен құрамын республиканың Ішкі істер министрі белгілейді.

      9-бап. Өзге де мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, оның
             ішінде халықаралық ұйымдармен, лауазымды
             адамдармен және азаматтармен өзара іс-қимыл жасау

      1. Ішкі істер органдары өзге де мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, оның ішінде халықаралық ұйымдармен, лауазымды адамдармен және азаматтармен өзара іс-қимыл жасайды.
      2. Мемлекеттік органдар, ұйымдар, лауазымды адамдар және азаматтар ішкі істер органдарына олардың өз мақсаттары мен міндеттерін орындауына көмек көрсете алады. Ішкі істер органдары өз мақсаттары мен міндеттерін орындау үшін ешкімді мәжбүрлеп ынтымақтастыққа тарта алмайды.
      Азаматтар заңнамада белгіленген тәртіппен жасырын негізде ішкі істер органдарымен ынтымақтастыққа тартылуы мүмкін.
      3. Ішкі істер министрлігі мен басқа мемлекеттердің тиісті органдары, халықаралық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл жасау мемлекетаралық немесе үкіметаралық келісімдердің, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі мен осы органдардың және ұйымдардың арасындағы келісімдердің негізінде жүзеге асырылады.

      10-бап. Жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл
              жасау

      1. Ішкі істер органдары адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайды.
      2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
      1) ішкі істер органдарымен бірлесіп, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында қоғамдық тәртіпті сақтауды және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен лимиттер шегiнде облыстық бюджеттер және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерi есебiнен ұсталатын аумақтық органдардың штат санын ұстауды қамтамасыз етедi;
      3) жанар-жағармай материалдарын сатып алуды, сондай-ақ аумақтық iшкi iстер органдарының коммуналдық қызметтерге, электр энергиясына, жылу беруге және байланыс қызметтерiне ақы төлеу жөніндегі шығындарын қоса алғанда, аумақтық органдар аппараттарының электрондық пошта қызметiн көрсетуге жұмсалатын шығындарды қоспағанда, қызметтiк үй-жайлар мен көлiк құралдарын ұстауды, оларға қызмет көрсетудi және жөндеудi қамтамасыз етедi; қолданыстағы нормаларға сәйкес ішкі істер органдарын материалдық-техникалық жарақтауды қамтамасыз етеді;
      4) өз құзыреті шегінде ішкі істер органдарының мүддесінде құқықтық тәртіп саласындағы өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады;
      5) қылмыстық жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын орындайтын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмек көрсетуді ұйымдастыру жөнінде консультативтік-кеңесші орган құрады.
      3. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары:
      1) iшкi iстер органдарымен бiрлесiп тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында қоғамдық тәртiп пен қоғамдық қауiпсiздiктi сақтауды қамтамасыз етудi ұйымдастырады;
      2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағындағы әкiмшiлiк учаске тұрғындарының пiкiрiн ескере отырып, учаскелiк полиция инспекторларын тағайындау үшiн iшкi iстер органдарымен бiрлесiп, жергiлiктi қоғамдастықтың жиналысын (жиынын) ұйымдастырады;
      3) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      4. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу кезінде ішкі істер органдарының функцияларын орындау үшін оларға жәрдем көрсетеді.

3-тарау. Ішкі істер органдарының жүйесі

      11-бап. Ішкі істер органдарының жүйесі

      1. Ішкі істер органдарының жүйесі полициядан, Ішкі әскерлер мен қылмыстық-атқару жүйесінен тұрады.
      2. Ішкі істер органдарының жүйесін Ішкі істер министрлігі, оның құрамына кіретін ведомстволар, департаменттер, дербес басқармалар, ведомстволық мекемелер, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, Ішкі әскерлер, қылмыстық-атқару жүйесінің аумақтық органдары мен мекемелері, әскери-тергеу органдары, көліктегі ішкі істер органдары және аумақтық органдар, арнайы мақсаттағы бөліністер құрайды.
      3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен республика астанасының, көліктегі ішкі істер департаменттері, қалалық, аудандық, қалалардағы аудандық, желілік ішкі істер органдары Ішкі істер министрлігінің аумақтық органдары болып табылады.
      4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен республика астанасының қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері, мекемелері Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесінің аумақтық органдары мен мекемелері болып табылады.
      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен республика астанасы ішкі істер департаменттерінің бастықтары:
      1) қалалық, аудандық, қалалардағы аудандық ішкі істер органдарының;
      2) тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың аумақтарында орналасқан және қоғамдық тәртіпті сақтау, түзеу мекемелерін күзету және төтенше жағдайлар кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен Ішкі әскерлерге жүктелген басқа да міндеттерді шешу бойынша Ішкі әскерлердің бөлімдері мен құрамаларының командирлеріне қатысты аға жедел бастықтар болып табылады.
      6. Ішкі істер органдарының жүйесінде шынайы және шартты атаулары, мөрлері мен мөртабандары, есеп шоттары, негізгі қорлары бар заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдар құрылады.

      12-бап. Ішкі істер министрлігі

      1. Ішкі істер министрлігі iшкi iстер органдарының бiртұтас жүйесiн басқаратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
      2. Ішкі істер органдарының штат санының лимитін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      3. Ішкі істер министрлігінің жалауы, туы және нышаны болады.
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалаларының және республика астанасының, көліктегі ішкі істер департаменттерінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалаларының және республика астанасының қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі оқу орындарының туы болады.
      Ішкі істер министрлігі жалауының, туының және нышанының, оған бағынысты органдар туларының сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      4. Ішкі істер министрлігін Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі (бұдан әрі – Министр) басқарады.
      5. Министр:
      1) ішкі істер органдарына басшылық етуді жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен штат санының лимиті шегінде ішкі істер органдарының құрылымы мен штат санын белгілейді;
      3) қызметкерлерді тағайындайды, көтермелейді, тәртіптік жазаға тартады және ішкі істер органдарынан шығарады;
      4) ішкі істер органдарындағы лауазымдар номенклатурасын және лауазымдар санаттарына бойынша біліктілік талаптарын, сондай-ақ құрылымдық бөліністер мен аумақтық органдар туралы ережелерді бекітеді;
      5) Ішкі әскерлер қызметіне басшылық етуді жүзеге асырады;
      6) Қазақстан Республикасының Президентіне Министрдің орынбасарлары, Ішкі әскерлердің қолбасшысы лауазымдарына тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады;
      7) Ішкі істер министрлігінің атынан ішкі істер органдарының орындауы үшін міндетті құқықтық актілер, сондай-ақ өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың орындауы үшін міндетті нормативтік құқықтық актілер шығарады;
      8) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ішкі істер органдарының, аумақтық органдардың штат санының лимитін өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді;
      9) өз орынбасарларына, министрліктің және аумақтық ішкі істер органдарының құрылымдық бөліністерінің басшыларына өкілеттіктер береді;
      10) ішкі істер органдарының қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттауға, құрметті және жоғары әскери және арнаулы атақтар беруге ұсынады;
      11) ведомстволық наградалармен марапаттайды;
      12) халықаралық, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда министрліктің мүддесін білдіреді;
      13) ішкі істер органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша халықаралық шарттарға қол қояды;
      14) ішкі істер органдары қызметінің жай-күйі туралы Қазақстан Республикасы Президентінің алдында есеп береді;
      15) ішкі істер органдары қызметкерлерінің қызметін ведомстволық бақылауды жүзеге асыру тәртібін белгілейді;
      16) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
      17) өзіне осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

4-тарау. Үкіметтің және ішкі істер органдарының құзыреті, ішкі
істер органдарының құқықтары мен міндеттері

      13-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) жарылғыш материалдарды сатып алу, сақтау, есепке алу, тасымалдау, әкелу және әкету тәртібін белгілейді;
      2) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатып алу, сақтау, сақтау мен алып жүру, есепке алу, тасымалдау, әкелу, әкету тәртібін белгілейді;
      3) азаматтық пиротехникалық заттарды және олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету тәртібін белгілейді;
      4) есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласында объектiлердi және үй-жайларды пайдалану тәртібін белгілейді;
      5) атыс тирлерi (атыс орындары) мен стенділерiн, штемпель-граверлiк кәсiпорындарды ашу және олардың жұмыс істеу тәртібін белгілейді;
      6) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының криминалистикалық талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру тәртібін белгілейді;
      7) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      14-бап. Ішкі істер министрлігінің құзыреті

      Ішкі істер министрлігі:
      1) қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздік және қылмысқа қарсы күрес саласында мемлекеттік саясатты жүргізуді қамтамасыз етеді;
      2) iшкi iстер органдары жүйесiнде бiрыңғай мемлекеттiк кадр саясатын iске асыруды қамтамасыз етедi;
      3) қоғамдық тәртiптi сақтау, қоғамдық қауiпсiздiк және қылмысқа қарсы күрес саласында нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдайды;
      4) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсас заттар мен прекурсорлардың айналымы, олардың заңсыз айналымына және оларды терiс пайдалануға қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды қамтамасыз етеді;
      5) азаматтық, қызметтік қару мен оның патрондарын мемлекеттік бақылауды жүргізеді;
      6) көші-қон процестерін реттеу саласында кешенді және жүйелі шаралар әзірлейді және қабылдайды;
      7) өкілдік органдар мен жұртшылық беретін сыртқы бағалау тетігін айқындап, сыбайлас жемқорлық деңгейін рейтингілік бағалауды енгізе отырып, қылмыстылық профилактикасы, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін, халықтың сенімін қорғау мәселелерінің басымдығы мен есептілік және қызметті бағалау жүйесін жетілдіреді, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастықтың әртүрлі нысандарын белгілейді;
      8) өзіндік қауiпсiздiкті қамтамасыз етедi;
      9) ішкі істер органдарында іс жүргізудің және мұрағаттық істі ұйымдастырудың бірыңғай мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
      10) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғауды және қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздік және қылмысқа қарсы күрес саласында құпиялылық режимінің сақталуына ведомстволық бақылауды қамтамасыз етеді;
      11) iшкi iстер органдарының жұмылдыру дайындығы, бейбiт уақытта және соғыс уақытында төтенше жағдайлар туындаған кезде олардың жұмысының орнықтылығын арттыру, iшкi iстер органдары арнайы бөлiністерінің толық және уақтылы жұмылдыруға ұдайы әзірлігін қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады;
      12) жедел-iздестiру iс-шараларын жүргiзуге құқығы бар iшкi iстер органдарының бөлiністері мен қызметкерлерiн бақылауды жүзеге асырады;
      13) өз құзыреті шегінде лицензиялық-рұқсат беру қызметін жүзеге асырады;
      14) iшкi iстер органдарының құзыретiне жататын мәселелер бойынша лицензиялау мен рұқсаттар беру қағидаларының сақталуын ведомстволық бақылауды жүзеге асырады;
      15) авариялардың, өрттердің, дүлей апаттардың салдарын жою кезінде және басқа да төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi сақтауды ұйымдастырады, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етедi;
      16) арнайы және әскери тасымалдауды ұйымдастырады;
      17) аумақтық iшкi iстер органдары мен iшкi әскерлер басшыларының кәсiби құзыретіне аттестаттау жүргiзедi;
      18) iшкi iстер органдарының құрылымын, үлгi штаттары мен штаттық нормативтерiн, iшкi iстер органдары қызметкерлерi мен қызметшiлерiнiң жүктеме нормативтерiн әзiрлейді және бекiтедi;
      19) ішкі істер органдары жүйесі үшін, оның ішінде халықаралық шарттардың негізінде шет елдерде кадрлар даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастырады;
      20) ведомстволық ғылымның дамуын қамтамасыз етеді және қоғамдық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, қылмысқа қарсы күрес саласында, сондай-ақ қылмыстық-атқару қызметі саласында ведомстволық ғылыми қызметті үйлестіреді;
      21) ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық және телекоммуникациялық желілерді, байланыс желілерін, деректер банктері мен қорларын құруды, жұмыс істеуін және оларды жетілдірілуін қамтамасыз етеді, олардың түрлерін, құру, пайдалану және дамыту тәртібін айқындайды;
      22) ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды;
      23) ішкі істер органдарын қаржылық, материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету мен жарақтауды жүзеге асырады;
      24) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыруды үйлестіреді, көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу, оларды пайдаланатын тұлғаларды тіркеу және есепке алу, емтихандар қабылдау және басқару құқығына куәліктер беру тәртібін айқындайды, көлік құралдарының жекелеген түрлерінің жол жүрісіне қатысуына рұқсат беруді жүргізеді және оларды жүргізуге құқық береді;
      25) қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күрес саласында, сондай-ақ ішкі істер органдарының қарамағына жатқызылған өзге де мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      26) күзет қызметі, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың күзет дабылы құралдарын монтаждау, орнату және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметі саласында үйлестіруді қамтамасыз етеді;
      27) ішкі істер органдарының жүйесін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      28) соттарда, өзге де мемлекеттік органдарда министрліктің мүдделерін қорғауды және жергілікті жерлерде осы жұмысты үйлестіруді қамтамасыз етеді;
      29) қамауға алынған және сотталған адамдарды ішкі әскерлердің күзетуін және айдауылдауын бақылауды жүзеге асырады;
      30) iшкi iстер органдары арнайы мекемелерiнiң және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қызметiн бақылауды, сондай-ақ айдауылдауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      31) бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың сатуына және пайдалануына тыйым салынған заттардың, бұйымдардың, құралдардың, құжаттар мен азық-түліктің тізбесін бекітеді;
      32) босқын мәртебесін беру туралы қолдаухаттарды тіркеу және қарау тәртібін, баспана іздеген адам куәлігінің үлгілерін бекітеді;
      33) кандидатураны әкiмшiлiк учаске тұрғындарымен жария талқылауды ескере отырып, учаскелiк полиция инспекторларын тағайындау тәртібін айқындайды;
      34) азаматтық және қызметтік қаруға қойылатын криминалистикалық талаптарды әзірлейді, сондай-ақ азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының осы талаптарға сәйкестігіне сынақтар жүргізу тәртібін айқындайды;
      35) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жедел жағдайды бақылайды;
      36) ішкі істер органдарының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен тергеу изоляторларында ұсталатын адамдардың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын және денсаулығын сақтауды қамтамасыз етеді;
      37) жарылғыш материалдарды сатып алу, сақтау, есепке алу, тасымалдау, әкелу және әкету; азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сатып алу, сақтау, сақтау мен алып жүру, есепке алу, тасымалдау, әкелу және әкету; азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды құралдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу және әкету; есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайларды пайдалану; атыс тирлерін (атыс орындары) және стенділерін ашу және олардың жұмыс істеу қағидаларын әзірлейді;
      38) Қазақстан Республикасының заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      15-бап. Ішкі істер органдарының құзыреті

      Ішкі істер органдары:
      1) қоғамдық тәртіпті сақтауды және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді;
      2) құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша профилактикалық қызметті жүзеге асырады;
      3) қылмыстарды ашуды және тергеудi, сондай-ақ анықтау, тергеу органдарынан және соттан жасырынған, қылмыстық жазаны атқарудан және өтеуден жалтарып жүрген, соттардың шешімдерін орындаудан жалтарып жүрген адамдарды, хабарсыз кеткен адамдарды iздестiрудi жүзеге асырады;
      4) қылмысқа қарсы күресті жүзеге асырады;
      5) қылмыстық істер бойынша және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асырады;
      6) жол жүрісі қауіпсіздігінің жай-күйін бақылауды, жол жүрісі қатысушыларының арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасын жүзеге асырады;
      7) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында қағидалардың, стандарттардың, техникалық нормалар мен өзге де нормативтік құжаттардың сақталуын, сондай-ақ көлік құралдары иелерінің мемлекеттік немесе міндетті техникалық байқаудан өтуін бақылауды жүзеге асырады; жол жүрісін реттейді, жол-көлік оқиғасы туралы құжаттарды ресімдейді;
      8) жол жүрісі қауіпсіздігі жай-күйінің негізгі көрсеткіштерін мемлекеттік есепке алуды жүзеге асырады; көлік құралдарын басқару құқығына емтихан қабылдайды және жүргізуші куәліктерін береді; Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көлік құралдарын және олардың тіркемелерін тіркейді және белгіленген жағдайларда олардың қауіпті жүктерді тасымалдауына рұқсат беру туралы куәліктер береді; көлік құралдарына ілесіп жүруді жүзеге асырады;
      9) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымын бақылауды жүзеге асырады;
      10) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен заңды тұлғаларға азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының криминалистикалық талаптарға сәйкестігіне қорытынды береді; азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын әкелуге және әкетуге; жеке тұлғаларға азаматтық қару мен оның патрондарын әкелуге және әкетуге рұқсат береді;
      11) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жеке тұлғаларға азаматтық қару мен оның патрондарын сатып алуға, сақтауға, сақтау мен алып жүруге; заңды тұлғаларға жарылғыш материалдарды сатып алуға, сақтауға; азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтауға; азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сақтауға, тасымалдауға; атыс тирлерін (атыс орындарын) және стенділерін ашуға және олардың жұмыс істеуіне рұқсаттар береді;
      12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктер шегінде әкімшілік жазалау шараларын қолданады;
      13) жеке және заңды тұлғалардың халықтың көші-қоны туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын бақылайды;
      14) Қазақстан Республикасының азаматтарына куәлiктер мен паспорттар құжаттамалауды, дайындауды және берудi, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен азаматтарды есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады, азаматтық мәселелерін қарайды;
      15) босқын мәртебесін беру, ұзарту, айыру және тоқтату рәсімдерін, пана іздеген адамның куәлігін беруді жүзеге асырады;
      16) режимдiк, ерекше қорғалатын объектiлердi, мемлекеттiк күзетілуге тиіс жеке тұлғаларды және объектiлердi күзетудi қамтамасыз етедi;
      17) өз құзыреті шегінде лицензиялау-рұқсат беру қызметін жүзеге асырады;
      18) бұқаралық іс-шаралар уақытында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді;
      19) профилактикалық есеп жүргізеді, профилактикалық және пробациялық бақылауды, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды бақылауды және әкімшілік қадағалауды жүзеге асырады;
      20) күзетпен ұстаудан қашқан адамдарды іздестіруді жүзеге асырады, ұсталған, күзетте ұсталатын және сотталған адамдарды күзетеді және айдауылдайды;
      21) қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін күдікті әскери қызметшілерді ұстайды және оларды әскери патрульдерге, әскери полиция органдарына, әскери комендантқа, әскери бөлімдердің командирлеріне тапсырады;
      22) соғыс жағдайы режимі мен төтенше жағдай режимі енгізілген жағдайда оларды қамтамасыз етуге, сондай-ақ соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы жүйесіне қатысады;
      23) карантиндік, санитарлық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) және экологиялық, оның ішінде төтенше жағдайлар кезіндегі іс-шараларды өткізуге қатысады;
      24) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою кезiнде қоғамдық тәртiпті сақтау мен қоғамдық қауiпсiздiктi сақтауды қамтамасыз етедi;
      25) криминалистикалық қызметті, сондай-ақ криминалистикалық зерттеулер жүргізу құқығына біліктілік куәліктерін беруді жүзеге асырады;
      26) қылмыстық процеске қатысушылар мен заңнамада айқындалған өзге де адамдардың өмiрiн, денсаулығын, абыройын, беделiн және мүлкiн сақтауды қамтамасыз етеді;
      27) іздестіру, тергеу және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де процессуалдық әрекеттерді жүргізу кезінде сот актілерін, прокурордың талаптары мен нұсқауларын, тергеушілердің, анықтаушылардың жазбаша тапсырмаларын орындауды жүзеге асырады;
      28) сотталған адамдарға қатысты соттардың үкімдерін, қаулыларын және ұйғарымдарын орындауды жүзеге асырады, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазаны өтеудің заңнамада белгіленген тәртібі мен шарттарын сақтауды қамтамасыз етеді;
      29) өмір сүру жағдайларына қарай оларды бұрынғы тұратын жерінде қалдыруға болмайтын кезде он сегіз жасқа толмаған, қылмыс жасағаны үшін айыпталушы адамдарды, сондай-ақ ерекше ұстау режиміндегі білім беру ұйымдарына жіберілетін адамдарды сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін арнайы мекемелерде ұстайды;
      30) қадағалаусыз қалған үш жастан он сегіз жасқа дейінгі, сондай-ақ ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу орталықтарына жеткізеді;
      31) күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталғандарды iшкi iстер органдарының арнайы мекемелерiнде және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұстайды;
      32) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдардың және олардың аумағындағы, сондай-ақ оларға іргелес аумақтағы азаматтардың мінез-құлқын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
      33) соттардың үкімдеріне, қаулыларына және ұйғарымдарына сәйкес сотталған адамдарды қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне орналастыруды ұйымдастырады;
      34) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарды тіркеуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды дактилоскопиялауды, фотосуретке, бейне таспаға түсiруді, дыбысын жазуды жүзеге асырады;
      35) сотталған адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді және сотталған адамдарды жалпы білімге және кәсіптік оқытуды жүзеге асырады;
      36) сотталған адамдарға түзету әсерін, оның ішінде психологиялық-педагогикалық әдістерді пайдалану арқылы жүзеге асыруды ұйымдастырады;
      37) сотталған әйелдердің, кәмелетке толмағандардың жазасын өтеуіне арналған қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін, түрмелерді және тергеу изоляторларын күзетуді қамтамасыз етеді;
      38) сотталған адамдарды босатуға дайындау жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды қамтамасыз етеді, рақымшылық және кешірім жасау актілерін, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен органдарының сотталған адамдардың түзелуі, олардың жұмысқа және тұрмыстық орналасу нәтижелерін бекіту бойынша басқа да құқық қорғау органдарымен, мемлекеттік басқару органдарымен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасасуын орындайды;
      39) халықты құқықтық тәрбиелеуге қатысады, құқықтық тәртiптiң жай-күйi мен iшкi iстер органдары қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi шаралар туралы қоғамдық пiкiрдi зерделейдi;
      40) Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қорының құжаттары мен ішкі істер органдарының қызметі туралы өзге де деректі материалдарды жинақтауды, сақтауды және есепке алуды қамтамасыз етеді, құжаттардың негізінде жеке және заңды тұлғаларға мұрағаттық анықтамалар береді;
      41) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      16-бап. Ішкі істер органдарының өкілеттіктері

      1. Ішкі істер органдары:
      1) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауға;
      2) қоғамдық тәртiптi сақтауға және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге;
      3) қылмыстарды анықтауға, болдырмауға, жолын кесуге және ашуға, осы мақсатта жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шаралар өткізуге;
      4) Қазақстан Республикасы заңнамасында бекітілген тәртіппен құзыреті шегінде құқық бұзушылықтың профилактикасы бойынша шаралар қабылдауға;
      5) құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан, оқыс оқиғалар мен жазатайым жағдайлардан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге;
      6) меншіктің барлық нысандарын құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдауға;
      7) кез-келген жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыс туралы арыздарды немесе хабарламаларды қабылдауға, тіркеуге және қарауға, сондай-ақ арыз иесіне заңнамада белгіленген мерзімде арыздарды қарау нәтижелері туралы толық және шынайы ақпарат ұсынуға;
      8) жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыс, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы алынған хабарламаға шұғыл ден қоюға, оның ішінде оқиға орнына дереу келуге, қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша шаралар қабылдауға;
      9) қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға, оларды жою бойынша шаралар қабылдауға;
      10) қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау бойынша шаралар қабылдауға;
      11) жедел-іздестіру қызметін жүргізуге;
      12) өздеріне осы Заңмен жүктелген міндеттерді орындауды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың заңды қызметіне араласпауға;
      13) ішкі істер органдарының беделін түсіруге ықпал ететін әрекет жасауға жол бермеуге және сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға;
      14) табельдік қарудың, оқ-дәрілердің, жарылғыш құрылғылар мен заттардың, басқа да мүліктің, арттехқару-жарақтың сақталуын, сақтау жағдайларын, оларды есепке алуды бақылауды жүзеге асыруға;
      15) күзет қызметі саласында, күзет дабылы құралдарын монтаждау, орнату және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті, сондай-ақ режимдік, ерекше күзетілетін және мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілерді күзетуді қамтамасыз етуге;
      16) қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетi мен қоғамдық имандылықты қорлайтын мас күйде жүрген адамдарды, сондай-ақ азаматтардың өтініштері бойынша олардың тұрғын жайларынан медициналық ұйымдарға жеткiзуге;
      17) қоғамдық қауіпті әрекеттері үшін соттардың шешімімен тағайындалған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларынан жалтарып жүрген адамдарды іздеуді жүзеге асыруға, ұстауға және арнайы медициналық мекемелерге жеткізуге;
      18) жаппай тәртіпсіздіктердің, топтасып бағынбаушылықтардың, оның ішінде арнайы мекемелерде және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жолын кесуге;
      19) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғауды және құпиялылық режимінің сақталуын ведомстволық бақылауды қамтамасыз етуге;
      20) ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге;
      21) дербес деректерді өңдеу кезінде заңнама талаптарын сақтауға;
      22) қылмыстық-атқару жүйесіндегі төтенше оқиғалар жағдайларына қызметтік тергеу жүргізуге, олардың себептерін анықтауға және талдауға, осындай жағдайларды болдырмау жөнінде шаралар қабылдауға;
      23) персоналдың, күдіктілердің, айыпталушылардың және сотталғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
      24) адамның және азаматтың жеке өміріне қол сұғылмаушылықты, жеке, отбасылық, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды қозғайтын мәліметтерді, сондай-ақ мемлекеттік және өзге де құпияларды жария етпеуге;
      25) ұсталған немесе қамауға алынған адамды сот (судья) шешімінің негізінде, сондай-ақ ұстау немесе қамау мерзімі аяқталғаннан кейін дереу босатуға;
      26) ішкі істер органдары оған қатысты мәжбүрлеу шараларын заңсыз қолданған азаматтан жазбаша немесе ауызша түрде ресми кешірім сұрауға міндетті. Ішкі істер органдарының заңсыз әрекеттері нәтижесінде залал келтірілген азаматтарды, ұйымдарды моральдық немесе мүліктік оңалту бойынша заңда көзделген шараларды қабылдауға міндетті.
      Ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді атқарады.
      2. Ішкі істер органдары:
      1) жеке тұлғалардан қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтауды, құқыққа қарсы әрекеттерді тоқтатуды талап етуге, ал бұл талаптар орындалмаған жағдайда тиісті мәжбүрлеу шараларын қолдануға;
      2) объективті негіздер болған жағдайда жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарын, сондай-ақ орындалуын бақылау ішкі істер органдарына жүктелген белгіленген ережелердің сақталуын тексеру үшін қажетті басқа да құжаттарды тексеруге;
      3) қылмыстар, құқық бұзушылықтар жасауда күдікті адамдарды және әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстауға;
      4) қылмыстарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес басқа органдарға, ұйымдар мен лауазымды адамдарға орындалуы міндетті тапсырмалар беруге;
      5) өндірістегі материалдар мен қылмыстық істер бойынша күндізгі уақытта ішкі істер органдарына жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өкілдерін шақыруға, олардан түсініктемелер мен жауаптар, құжаттар, олардың көшірмелерін алуға, ал заңды талаптар орындалмаған жағдайда оларды мәжбүрлеп әкелуге және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де әрекеттерді жүзеге асыруға;
      6) әкімшілік іс жүргізуді жүзеге асыруға; хаттамалар толтыруға, әкімшілік жазаға тартуға, әкімшілік ұстау, жеке тексеру жүргізуге, сондай-ақ заттары мен құжаттарын тексеруге және алып қоюға;
      7) белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды жеке басын анықтау мақсатында оларды соттың санкциясымен ұстауға және қабылдау-тарату орындарында ұстауға;
      8) зерттеулер жүргізуге; криминалистикалық есептерге қою үшін күдіктілерді, айыпталушыларды, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жүрген адамдарды, сондай-ақ әкімшілік қамауға алынған адамдарды фотосуретке түсіруге, даусын жазуға, кино және бейнетаспаға түсіруге, ДНҚ мен одорологиялық үлгілерін іріктеуге, дактилоскопиялауға;
      9) заңсыз митингілердің, шерулердің, пикеттер мен өзге де акциялардың, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікке, жеке тұлғаның өміріне, денсаулығына және меншігіне және заңмен қорғалатын басқа да құқықтарына қауіп төндіретін бейбіт жиындардың жолын кесуге;
      10) төтенше, соғыс жағдайларында, сондай-ақ қылмыскерлер мен құқық бұзушыларды ұстау мақсатында елді мекендерде, жол магистральдарында және аумақтық суларда рейдтер жүргізуге; рейд жүргізу кезінде ішкі істер органдары заңда белгіленген тәртіппен адам мен көлік құралын ұстауға, азаматтардан жеке басын куәландыратын құжаттарын, көлік құралдарын басқару құқығына құжаттарын талап етуге;
      11) жедел, анықтамалық, профилактикалық, криминалистикалық, ақпараттық-талдамалық сипаттағы мамандандырылған ведомстволық есептерді құруға және пайдалануға;
      12) ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық және телекоммуникациялық желілерді, байланыс желілерін, банк және деректер қорларын құруға, пайдалануға және жетілдіруге, ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға;
      13) алкогольдік өнімді, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды тұтынуы тұрғысынан куәландыру үшін адамдарды заңда көзделген тәртіппен медицина ұйымдарына жеткізуге;
      14) ішкі істер органдарына жүктелген функцияларды іске асыру үшін азаматтармен жария немесе жасырын негізде ынтымақтастық орнатуға;
      15) қылмыс жасағаны үшін күдікті адамдардың ізіне түсу, оқиға орнына жету, соғыс немесе төтенше жағдай қолданылатын кезеңде, қарулы қақтығыс жағдайларында, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жою, азаматтарды емдеу мекемелеріне жеткізу кезінде, сондай-ақ кідіртуге болмайтын өзге де жағдайларда көлік құралдарын пайдаланғаны үшін, сондай-ақ оған тиісті залал келтірілген жағдайда иелеріне мемлекеттік бюджет есебінен шығыстарын өтей отырып, көліктің кез келген түрін (дипломатиялық иммунитеті бар ұйымдардың, жедел медициналық көмек қызметтерінің көлік құралдарынан басқа) пайдалануға;
      16) ішкі істер органдарының қызметін жария ету, қылмыстардың мән-жайларын және оларды жасағаны үшін күдікті адамдарды анықтау, іздестіру үшін және қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде туындаған өзге де жағдайларда бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін пайдалануға;
      17) заңнамада тікелей көзделген жағдайларда азаматтардың тұрғын және өзге де үй-жайларына, заңды тұлғалардың үй-жайларына, оларға тиесілі жер учаскелеріне кедергісіз кіруге және оларды қарауға;
      18) егер жеке тұлғалардың тұрғын үйлерде, жергілікті жердің белгілі бір учаскелерінде болуы адамның өмірі мен денсаулығына, меншік объектілеріне қауіп төндіретін болса, ұйымның жұмысын бұзса, көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысына, сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларын, тергеу амалдары мен бұқаралық іс-шараларды жүргізген жағдайларда кедергі келтіретін болса, олардың сол жерлерге кіруін немесе болуын шектеуге, уақытша тыйым салуға;
      19) елді мекендер мен қоғамдық орындарды патрульдеуге, күзетте ұстаудан қашқан адамдарды іздестіру кезінде бақылау-өткізу пункттерін өздігінен, ал карантиндік іс-шараларды өткізу кезінде, сондай-ақ құрамында есірткі бар жабайы өсімдіктер жаппай өсетін, балықтың құнды тұқымдары уылдырық шашатын жерлерде, ұлттық саябақтардың, мемлекеттік қорықтар мен қаумалдардың аумағында тиісті атқарушы органдар мен лауазымды адамдардың шешімімен бақылау-өткізу пункттерін орнатуға;
      20) техникалық жағдайы жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін көлік құралдарын пайдалануға тыйым салуға; кемшіліктерді жою бойынша орындалуы міндетті ұйғарымдар беруге, ұйғарымдар орындалғанға дейін олардың желіге шығарылуын тоқтата тұруға;
      21) көлік құралдарын тоқтатуға және жүргізушілердің оларды пайдалануы және жүргізу құқығына, жүкке және оны тасымалдау құқығына, оларды уақытша әкетуге арналған құжаттарын, көлік құралы иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудың сақтандыру полисін тексеруге, мас күйдегі, көлік құралдарын жүргізуге немесе пайдалануға құқық беретін құжаттары жоқ адамдарды, сондай-ақ заңда көзделген басқа да жағдайларда көлік құралын жүргізуден шеттетуге, көшелер мен жолдарда көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысын уақытша шектеуге немесе тыйым салуға;
      22) профилактикалық іс-шаралар және қылмыс жасағаны үшін күдікті немесе күзетте ұстаудан қашқан адамдарды ұстау жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде көлік құралдарын тексеруді жүзеге асыруға;
      23) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою, карантиндік іс-шаралар өткізу; қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін, сондай-ақ елді мекеннің инфрақұрылымның тіршілік қызметін бұзатын жаппай тәртіпсіздіктер мен топтық әрекеттердің жолын кесу; іздестірудегі адамды ұстау; кепілдегі адамдарды босату; қылмыс, құқық бұзушылық жасағаны үшін күдікті адамдардың ізіне түсу; терроризмге қарсы операцияларды жүргізу, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғылардың, улы және радиоактивті заттардың табылғаны туралы мәліметтерді тексеру; спорттық-бұқаралық, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу жағдайларында жергілікті жердің учаскелерін қоршауға алуға (блоктауға);
      24) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарын, көлік құралдарын және басқа да материалдық-техникалық құралдарды, меншік нысанына қарамастан, ұйымдардың байланыс және химиялық қорғану құралдарын тартуға, қажет болған жағдайда адамдарды, материалдық құндылықтарды қауіпті аймақтан көшіруге өкім беруге; құтқару жұмыстарын жүргізу және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою кезеңінде цехтар мен объектілердің жұмысын тоқтата тұруға; барлық тұрғын, өндірістік және басқа да үй-жайларға бөгетсіз кіруге, сондай-ақ азаматтарды құтқаруға бағытталған өзге де шараларды қабылдауға;
      25) мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілерге өтетін жеке тұлғаларды жеке тексеруді жүргізуге;
      26) заңда белгіленген тәртіппен қаруды, оқ-дәрілерді, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, сондай-ақ тасуға, алып өтуге және алып жүруге тыйым салынған өзге де заттар мен нәрселерді алып қоюға;
      27) өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, ұйымдардың, азаматтардың табиғатты қорғау, санитарлық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) және эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуін бақылауға;
      28) өз құзыреті шеңберінде қылмыс және құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі шаралар туралы мемлекеттік органдарға, заңды және жеке тұлғаларға орындалуы міндетті ұйғарымдар, ұсыныстар беруге;
      29) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әуе кемелеріне өтеусіз аэронавигациялық қызмет көрсетілуіне;
      30) заңнамада белгіленген тәртіппен жеке тұлғалардың дербес деректерін жинауға және өңдеуге;
      31) алкогольдік сусындарды, уытты, есірткі және өзге де психотроптық құралдарды тұтыну фактілерін анықтау мақсатында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес куәландыру жүргізуге;
      32) режимдік талаптар белгіленген қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағында және оған іргелес жатқан аумақтағы адамдарды, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеруге; азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, сондай-ақ тізбесі Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленетін тыйым салынған заттар мен құжаттарды алып қоюға;
      33) көлік қозғалысын уақытша шектеуге немесе тыйым салуға, азаматтардың қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағына, сондай-ақ оларға іргелес жатқан аумаққа кіруіне рұқсат бермеуге немесе ерекше жағдайлар режимі енгізілген кезде оларды қалуға не ол жерден кетуге міндеттеуге;
      34) жүргізілетін тәрбиелік іс-шараларға сотталғандарды міндетті түрде қатысуға тартуға;
      35) әкімшілік немесе қылмыстық заңнаманың әрекетіне түсетін іс-әрекеттерді жасаған адамдарды қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне іргелес аумақтарда ұстауға, оларды ішкі істер органдарына жеткізуге;
      36) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдардан оларға Қазақстан Республикасының заңнамасымен және сот үкімдерімен жүктелген міндеттерді орындауын талап етуге;
      37) прокурордың азаматтар мен лауазымды адамдарды мәжбүрлеп жеткізу (күштеп әкелу) туралы қаулыларын орындауға, сондай-ақ прокурордың өз құзыретi шегiнде шығарған өзге де жазбаша тапсырмалары мен талаптарын орындауға; заңнамада белгіленген тәртіппен адамдарды мәжбүрлеп әкелуді жүзеге асыруға;
      38) заңнамамен белгіленген тәртіпте қоғамдық тәртіпті сақтауда және қылмысқа қарсы күресте ерекше көзге түскен азаматтарды көтермелеуге;
      39) заңнамада көзделген жағдайларда қоғамдық және діни бірлестіктерді қылмыстық-атқару жүйесі қызметіне тартуға;
      40) астыртын ұйымдарды бүркемелеу мақсатында басқа мемлекеттік органдардың және ұйымдардың ведомстволық құжаттарын қолдануға құқылы. Бұл құжаттарды пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      Ішкі істер органдарының Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары бар.

5-тарау. Қызметкерлердің құқықтық жағдайы және ішкі істер
органдарында қызмет өткеруі

      17-бап. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің мәртебесі

      1. Ішкі істер органдарының қызметкерлері мемлекеттік билік өкілдері болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады.
      2. Ішкі істер органдарының қызметкерлері өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Заңның, өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын дәл сақтауға және бағынуға міндетті.
      3. Ішкі істер органының қызметкері заңсыз бұйрық немесе нұсқау алған кезде Заңды басшылыққа алуға және бұл туралы басшылыққа хабарлауға міндетті. Заңсыз бұйрықты немесе нұсқауды орындамау жауапкершілікке әкеп соқпайды. Осындай бұйрықты немесе нұсқауды орындаған ішкі істер органының қызметкері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.
      4. Тікелей бастық қызметкерлерінің қызметтік этиканы сақтауына толық дербес жауапкершілікте болады.
      5. Ішкі істер органдарының қызметкерлері мәтінін Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін ант қабылдайды, оларға белгіленген үлгідегі қызметтік куәліктер мен жетондар беріледі.
      Ішкі істер органдарының қызметкері тиісті даярлықтан өткеннен кейін атыс және өзге де қаруды, сондай-ақ арнайы құралдарды сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқылы.
      6. Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық заңды және жеке тұлғалар ішкі істер органы қызметкерінің заңды талаптарын орындауы тиіс.
      7. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің азаматтардың құқықтарын уақытша шектейтін іс-әрекеттері «Заңның атымен» деген сөздермен ілеседі. Кез келген адам мұндай жағдайда белсенді іс-әрекетті тоқтатып, ішкі істер органдары қызметкерінің талаптарына мүлтіксіз бағынуға және оның қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты нұсқауларын орындауға міндетті.
      8. Ішкі істер органы қызметкерінің заңды талаптарына бағынбау, оған қарсылық көрсету және күш қолдану немесе оны қорлау Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
      9. Мемлекет ішкі істер органдарының қызметкерлерін әлеуметтік және құқықтық қорғауға кепілдік береді, қызметтің ерекше сипатын ескере отырып, өзінің функцияларын толық және тәуелсіз жүзеге асыруы үшін жеткілікті қызметтің тиісті жағдайларын қамтамасыз етеді.
      10. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының арнайы бөліністерінде қызмет өткерген (қызметтегі) қызметкерлер туралы мәліметтер мемлекеттік құпияны құрайды және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда ғана жарияланады.

      18-бап. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің міндеттері

      Ішкі істер органдарының қызметкерлері:
      1) адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қылмыстық және өзге де қол сұғушылықтардан қорғауға;
      2) жеке тұлғалармен қарым қатынас жасау кезінде өздерін таныстыруға және қызметтік куәлігін көрсетуге;
      3) адам мен азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға және құрметтеуге;
      4) азаматтармен қарым қатынас жасау кезінде әдепті және сыпайы болуға, оның жеке басы мен ар-намысына сыйластықпен қарауға;
      5) адамды ұстағаннан кейін оны ұстау негізін айтуға, оның өзіне және жақын туыстарына қарсы куәгер болмауға, бір рет телефон шалуға және қорғаушыға құқығы бар екенін түсіндіруге;
      6) адамды ұстау немесе қамауға алу кезінде мәжбүрлі қорғаныс пен аса қажеттілік жағдайларын қоспағанда, қауіпсіз тәсілдер мен құралдарды пайдалануға;
      7) ұсталғанның, күдіктінің немесе қамаудағы адамның ұсталғаны немесе қамауға алынғаны туралы оның жақын туыстарына хабарлауға;
      8) ұсталғанның, күдіктінің, айыпталушының немесе қамаудағы адамның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
      9) қылмыстан немесе басқа да құқық бұзушылықтардан, жазатайым оқиғадан зардап шеккен, сондай-ақ өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайға түскен адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетуге;
      10) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде адамдар мен мүлікті құтқару жөніндегі іс-шараларға қатысуға;
      11) тұрғын үйге қол сұғылмаушылық құқығын шектеумен байланысты өкілеттіктерді жүзеге асыру кезінде кірер алдында онда тұратын адамдарды тұрғын үйге кіру себебі туралы хабардар етуге;
      12) азаматтардың тұрғын және өзге де үй-жайларына, оларға тиесілі жер учаскелеріне кіру кезінде онда тұрып жатқан адамдардың еркінен басқа қауіпсіз тәсілдер мен құралдарды пайдалануға, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ меншікке ұқыптылықпен және сыйластықпен қарауға;
      13) оларға осы Заңмен жүктелген міндеттерді орындауды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың заңды қызметіне араласпауға;
      14) атқаратын лауазымына, жүрген жеріне және уақытқа қарамастан, оған азаматтар мен лауазымды адамдар жеке немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнген жағдайлар туралы хабарламамен жүгінген не тікелей анықталған жағдайда құқық бұзушылықты болдырмауға және жолын кесуге, адамдарды құтқаруға, мұқтаждарға көмек көрсетуге, құқық бұзушылық жасаған адамдарды анықтауға және ұстауға, құқық бұзушылықты көзімен көргендерді анықтауға, оқиға орнын күзетуге шаралар қабылдауға, бұл туралы жақын жердегі ішкі істер органына хабарлауға;
      15) қылмыс немесе басқа да құқық бұзушылық жасаған не жасауда күдікті, сондай-ақ соттан және тергеуден жалтарған адамдарды заңнамада белгіленген жағдайда және тәртіппен ұстауға;
      16) бағыныстылығы бойынша жоғары тұрған бастықтың заңға қайшы келмейтін бұйрықтары мен нұсқауларын орындауға міндетті.

      19-бап. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің құқықтары

      1. Ішкі істер органдарының қызметкерлері:
      1) әрбір адамнан жеке тұлға мен қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін қылмыстар мен басқа да құқық бұзушылықтарды жасау үшін жағдай туғызатын іс-әрекеттерді тоқтатуды талап етуге;
      2) қылмыстар немесе құқық бұзушылықтар жасауда күдікті адамдардың жеке басын анықтау мақсатында олардың құжаттарын тексеруге;
      3) қылмыс жасағаны үшін күдікті немесе құқық бұзушылық жасаған адамдарды заңнамада белгіленген жағдайда және тәртіппен ұстауға;
      4) қылмыстардың жолын кесу, оларды жасауда күдікті адамдардың ізіне түсу мақсатында меншік нысанына қарамастан, аумақтарға және ұйымдардың үй-жайларына, тұрғын үй-жайларға немесе басқа да объектілерге, жер учаскелеріне кіруге, сондай-ақ өндірістегі материалдар мен қылмыстық істер бойынша жедел-тергеу және іздестіру іс-әрекеттерін шұғыл жүргізуге;
      5) осы Заңмен және «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңмен белгіленген тәртіпте және жағдайларда арнайы құралдарды, атыс қаруын және өзге де қаруды сақтауға, алып жүруге және қолдануға, күш қолдануға;
      6) заңды және жеке тұлғалардан қылмысты тергеумен, сотқа дейінгі өндіріс жүргізумен байланысты түсініктемелер, мәліметтер, анықтамалар, құжаттар алуға;
      7) көлік құралын жүргізуші адам мен онымен бірге болған жолаушылардың қылмыс жасағаны немесе қылмыс жасайтынына күдік бар екені туралы ақпарат болған жағдайда, сондай-ақ көлік құралын басқару қылмыс жасауға шынайы қауіптілік тудырған жағдайда көлік құралының ізіне түсуге;
      8) қылмыстық-атқару инспекцияларының есебінде тұрған адамдарды қадағалау мен бақылауды қамтамасыз ету мақсатында олар тұрып жатқан тұрғын үй-жайларға, оларға тиесілі жер учаскелеріне, олардың жұмыс орны немесе оқу орны бойынша кез келген меншік нысанындағы өндірістік және өзге де ұйымдардың үй-жайларына кедергісіз кіруге құқылы.
      2. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің өз құзыреті шегінде оларға жүктелген міндеттерге сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары бар.

      20-бап. Ішкі істер органдарының кадрлары

      1. Полиция, қылмыстық-атқару жүйесі бөліністерінде қызметте немесе кадрларында немесе арнаулы немесе әскери атақ берілген ішкі істер органдарының білім беру жүйелерінде әскери қызметте тұрған Қазақстан Республикасының азаматы ғана ішкі істер органының қызметкері бола алады.
      2. Ішкі істер органдарының кадрларын полиция қызметкерлері, Ішкі әскерлердің және әскери-тергеу органдарының әскери қызметшілері, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері, білім беру ұйымдарының курсанттары мен тыңдаушылары құрайды.
      3. Ішкі істер органдарының қызметкерлері қатардағы құрам, кіші, орта, аға және жоғары басшы құрам лауазымдарында болады.

      21-бап. Ішкі істер органдарының өзге де жұмыскерлерінің
              еңбегін құқықтық реттеу

      1. Ішкі істер органдарының өзге де жұмыскерлеріне еңбек келісім-шарты жасалған, сондай-ақ әкімшілік лауазымға тағайындалған адамдар жатады.
      2. Ішкі істер органдарының өзге де жұмыскерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.
      3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары кадрларында тұрады.
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің қызметкерлеріне 2011 жылғы 6 қаңтардағы «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-тарауы 67810111213-баптарының, 4-тарауы 1415161719202122232425262728-баптарының, 5-тарауы 2930323334373839404142434446-баптарының, 6-тарауы 47-53-баптарының, 7-тарауының, 61-бабы 1-тармағы 1)2)3)6)7)8) тармақшаларының2-тармағының6264-баптарының, 71-бабы 1-тармағы 1)2)5) тармақшаларының2-тармағының, 72-бабы 1234-тармақтарының, 73-бабы 1234-тармақтарының74-бабының77-бабының78-бабының,  80-бабының (1-тармақтың 12-1) тармақшасын қоспағанда), 8182-баптарының күші қолданылады.

      22-бап. Ішкі істер органдары үшін мамандарды кәсіби
              даярлау

      1. Ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім беру ұйымдарында, сондай-ақ халықаралық шарттардың негізінде шетелде жүзеге асырылады.
      2. Ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылатын, қайта құрылатын және таратылатын Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдары, сондай-ақ өзге де білім беру ұйымдары жүзеге асырады.
      3. Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін тиісті түрдегі білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгі ережелеріне сәйкес Ішкі істер министрі айқындайды.

      23-бап. Ішкі істер органдарындағы қызметпен байланысты
              шектеулер

      1. Мемлекеттік және құқық қорғау қызметінің ерекшеліктеріне байланысты ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
      2. Ішкі істер органының қызметкері қылмыстық процесті жүргізетін орган шешімінің негізінде соңғы процессуалдық шешім шығарылғанға дейін қызметтік міндеттерін орындаудан уақытша шеттетіледі.

      24-бап. Күш қолдану, арнайы құралдарды, атыс қаруын және
              өзге де қаруды қолдану, атыс қаруын қолданудың
              ерекше жағдайлары

      1. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің дене күшін қолдану, арнайы құралдар, атыс және өзге де қаруды қолдануының шарттары мен шектеулері «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.
      2. Ішкі істер органының қызметкері дене күшін қолдану, арнайы құралдарды немесе атыс қаруын қолдану алдында қару қолданылатын адамдарға ішкі істер органы қызметкерінің заңды талаптарын орындауға мүмкіндік пен оны орындау үшін уақыт беріп, оларды қолдану ниеті туралы ескертуге міндетті. Қажет болған жағдайда ескерту оғын атуға болады.
      3. Егер қол сұғушылық жеке тұлғаның немесе қызметкердің өзінің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіпті болса не өзге де ауыр салдарға әкеп соқса, ішкі істер органдары қызметкерінің атыс қаруын ескертусіз жеңіліске қолдану құқығы бар.

      25-бап. Ішкі істер органдарында қызмет өткеру

      1. Ішкі істер органдарында қызмет өткеру тәртібі мен шарттары «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.
      2. Соғыс немесе төтенше жағдай әрекет еткен кезеңде, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезеңінде, қарулы қақтығыстар жағдайларында, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезінде тұрақты орналасқан пункттерде шығарылып, осы бапта көрсетілген, оларға жүктелген міндеттерді орындауға ішкі істер органының қызметкерін жұмылдыруға; қызметтік уақыт режимін өзгертуге, оған қосымша міндеттер жүктеуге, оны басқа жерге қызметке жіберуге, қызмет сипатын өзгертпей, басқа бөлініске уақытша ауыстыруға, сондай-ақ ішкі істер органы қызметкерінің келісімінсіз өзге де ерекше жағдайлар мен қосымша шектеулер белгілеуге рұқсат етіледі. Мұндай жағдайларда ішкі істер органы қызметкерінің қызмет мерзімі бір күн үшін үш күн есебінен есептеледі және жоғары мөлшерде ақшалай қаражат төленедi.

      26-бап. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің нысанды
              киімі

      1. Ішкі істер органдарының қызметкерлері тегін нысанды киіммен қамтамасыз етіледі.
      2. Тізбесін Ішкі істер министрі айқындайтын бөліністердегі лауазымдарда қызмет өткеретін ішкі істер органдарының қызметкерлеріне нысанды киімнің орнына ақшалай өтемақы төленеді.
      3. Ішкі істер органдарында он бес және одан көп жыл қызмет өткерген, жасы, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттың қысқаруына байланысты ішкі істер органдарынан зейнеткерлікке босатылған, қызметтік міндеттерін орындау кезінде жарақат алған және қызметке жарамсыз деп танылған қызметкерлердің салтанатты және салтанатты жиынға арналған нысанды киім кию құқығы бар.

6-тарау. Ішкі істер органдары қызметкерлері, олардың отбасы
мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері

      27-бап. Ішкі істер органдарының қызметкерлері мен олардың
              отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері

      1. Ішкі істер органдарының қызметкерлері қызмет өткеру кезеңінде мемлекеттік орденмен (ордендермен) наградталған қызметшілерге жұмыстан шыққан кезде біржолғы жәрдемақысының мөлшері ақшалай қаражатының екі айлықақысына арттырылады.
      2. Ішкі істер органдары қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған), қызметкерлерінің балаларына мемлекеттік жалпы білім беру және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, жазғы сауықтыру лагерлерінде кезектен тыс орын беріледі.
      3. Жергілікті өкілдік және атқарушы органдар ішкі істер органдарының қызметкерлеріне осы Заңда көзделмеген қосымша әлеуметтік қорғау кепілдіктерін белгілеуге құқылы.

7-тарау. Ішкі істер органдарын қаржымен және
материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      28-бап. Ішкі істер органдарын қаржымен және
              материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      Ішкі істер органдарын қаржыландыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      29-бап. Әскери-тергеу органдарын қаржымен және
              материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      Әскери-тергеу органдарын қаржымен және материалдық-техникалық қамтамасыз ету Ішкі істер министрлігіне бөлінген бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қызметтік үй-жайлар мен байланыс құралдары орналасқан жері бойынша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің есебінен беріледі.

8-тарау. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жауапкершілігі

      30-бап. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің
              жауапкершілігі

      1. Ішкі істер органдары қызметкерінің заңды бұзуына жол берілмейді және заңда белгіленген жауапкершілікке, заңсыз әрекеттері мен шешімдерін жарамсыз деп тануға, сондай-ақ олардың күшін жоюға әкеп соғады.
      2. Ішкі істер органы лауазымды адамының процессуалдық шешімнің күшін жоюы немесе өзгертуі прокуратура немесе сот органдарының актілерінде көрсетілген өрескел заң бұзушылықтарға жол берілмеген болса, аталған адамның жауапкершілігіне әкеп соқпайды.

      31-бап. Ішкі істер органдары қызметкерінің әрекеттеріне
              (әрекетсіздігіне) шағымдану

      Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын ішкі істер органдары қызметкерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.

9-тарау. Қорытынды ережелер

      32-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. «Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., № 23, 154-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 79-құжат; № 12, 184-құжат; 1998 ж., № 17-18, 225-құжат; № 23, 416-құжат; № 24, 436-құжат; 1999 ж., № 8, 233-құжат, 247-құжат; № 23, 920-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2001 ж., № 13-14, 174-құжат; № 17-18, 245-құжат; № 20, 257-құжат; № 23, 309-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 12, 82-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; № 24, 154-құжат, 155-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 3, 20-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; 2008 ж., № 15-16, 61-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; № 18, 84-құжат; № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28, 32-құжат; № 8, 41-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжат; № 2, 25-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; № 5, 35-құжат; № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады