Мемлекет сыйлықақысын есептеу әдістемесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 27 наурыздағы № 284 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 тамыздағы № 704 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 17.08.2023 № 704 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.12.2022 № 1095 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 5-тармағына, 14-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына және 14-1-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.12.2022 № 1095 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған мемлекет сыйлықақысын есептеу әдістемесі бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.12.2022 № 1095 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 27 наурыздағы
№ 284 қаулысымен
бекітілген

Мемлекет сыйлықақысын есептеу әдістемесі

      Ескерту. Әдістеме жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.12.2022 № 1095 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы мемлекет сыйлықақысын есептеу әдістемесі (бұдан әрі – әдістеме) "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленген және білім беру жинақтау салымдары мен білім беру жинақтау сақтандыру шарттары (бұдан әрі – сақтандыру шарты) бойынша республикалық бюджет (бұдан әрі – бюджет) қаражаты есебінен төленетін жыл сайынғы мемлекет сыйлықақыларының сомаларын айқындау, сондай-ақ білім беру жинақтау салымдары мен сақтандыру шарттары бойынша бюджетке қайтаруға жататын мемлекет сыйлықақыларының сомаларын айқындау үшін қолданылады.

2-тарау. Білім беру жинақтау салымы мен сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысын айқындау

1-параграф. Білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысын айқындау

      2. Білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысы 1 қаңтардағы жағдай бойынша білім беру жинақтау салымының нақты жинақталған қалдығының сомасына қарай (бұдан әрі – салым сомасы) мынадай формулаға сәйкес есептеледі, бұл ретте жинақтаудың ең аз мерзімі – бір жыл:

      МСс = СС / 100 х СМс,

      мұнда:

      МСс – білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысы;

      СС – салым сомасы;

      СМс – білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысы пайызының шамасы:

      7 – Заңның 13-бабының 2-тармағына сәйкес басым санатқа жатқызылған салымшылар үшін;

      5 – Заңның 13-бабының 2-тармағында көзделген басым санатқа жатқызылмаған салымшылар үшін.

      3. Салымшының мәртебесі өзгерген жағдайда білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысы мынадай формулаға сәйкес есептеледі:

      МСс = (СС / 100 х 7 / 12 х Кс) + (СС / 100 х 5 / 12 х (12 – Кс)),

      мұнда:

      МСс – білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысы;

      СС – салым сомасы;

      Кс – салымшы басым санатқа жатқызылған кезең (айлармен).

      4. Білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі – АЕК) бір жүз еселенген мөлшерінен асып кеткен жағдайда АЕК-тің бір жүзге еселенген мөлшері есептеледі.

      5. Білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысы салымның негізгі сомасына қосылады (капиталдандырылады).

2-параграф. Сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысын айқындау

      6. Сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сақтандыру шартының есептік сомасына қарай (бұдан әрі – есептік сома) мынадай формулаға сәйкес есептеледі, бұл ретте жинақтаудың ең аз мерзімі – бір жыл:

      МСш = ЕС / 100 х СМш,

      мұнда:

      МСш – сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысы;

      ЕС – сақтандыру шарты бойынша есептік сома;

      СМш – сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысы пайызының шамасы:

      7 – Заңның 13-бабының 2-тармағына сәйкес басым санатқа жатқызылған пайда алушылар үшін;

      5 – Заңның 13-бабының 2-тармағында көзделген басым санатқа жатқызылмаған пайда алушылар үшін.

      7. Пайда алушылардың мәртебесі өзгерген жағдайда сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысы мынадай формулаға сәйкес есептеледі:

      МСш = (ЕС / 100 х 7 / 12 х Кш) + (СС / 100 х 5 / 12 х (12 – Кш))

      мұнда:

      МСш – сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысы;

      ЕС – сақтандыру шарты бойынша есептік сома;

      Кш – пайда алушы басым санатқа жатқызылған кезең (айлармен).

      8. Сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген АЕК-тің жүз еселенген мөлшерінен асып кеткен жағдайда АЕК-тің бір жүз еселенген мөлшері есептеледі.

      9. Сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысы сақтандыру шартының есептік сомасына қосылады.

3-тарау. Салымшы немесе пайда алушы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан жағдайда білім беру жинақтау салымы мен сақтандыру шарты бойынша бюджетке қайтарылуға тиіс мемлекет сыйлықақысын айқындау

1-параграф. Салымшы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан жағдайда бюджетке қайтарылуға тиіс мемлекет сыйлықақысын айқындау

      10. Салымшы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан жағдайда:

      1) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператор (бұдан әрі – оператор) осы мән-жай туралы мәліметтерді алған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде бұл туралы қатысушы банкке хабарлайды және білім беру жинақтау салымы бойынша мынадай ақпаратты сұратады:

      білім беру жинақтау салымы бойынша жарналардың жалпы сомасы;

      білім беру жинақтау салымы бойынша қатысушы банк сыйақысының жалпы сомасы;

      білім беру қызметтеріне ақы төлеуге жіберілген жалпы сома;

      білім беру жинақтау салымы бойынша нақты жинақталған қалдық;

      2) қатысушы банк оператордан хабарламаны алған сәттен бастап 2 (екі) банк күні ішінде қажетті ақпаратты ұсынады;

      3) оператор ақпаратты алған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде қатысушы банкке бюджетке қайтарылуға тиіс және осы әдістеменің 11 немесе 12-тармақтарына сәйкес есептелетін білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысының шамасы туралы үзінді-анықтаманы жолдайды.

      11. Салымшы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан сәтте білім беру жинақтау салымының бір бөлігі білім беру қызметтеріне ақы төлеуге пайдаланылған жағдайда бюджетке қайтарылатын білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысы мынадай формула бойынша есептеледі:

      БҚМСс = НЖС х МСЖСс / (МСЖСс + ЖЖСс + БСЖС)

      мұнда:

      БҚМСс – білім беру жинақтау салымы бойынша бюджетке қайтарылатын мемлекет сыйлықақысы;

      НЖС – білім беру жинақтау салымы бойынша нақты жинақталған қалдық;

      МСЖСс – білім беру жинақтау салымы ашылған кезден бастап білім беру жинақтау салымы бойынша есептелген мемлекет сыйлықақысының жалпы сомасы;

      ЖЖСс – білім беру жинақтау салымы бойынша жарналардың жалпы сомасы;

      БСЖС – білім беру жинақтау салымы бойынша қатысушы банк сыйақысының жалпы сомасы.

      12. Салымшы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан сәтте білім беру жинақтау салымы білім беру қызметтеріне ақы төлеуге пайдаланылмаған жағдайда білім беру жинақтау салымы ашылған сәттен бастап білім беру жинақтау салымы бойынша есептелген мемлекет сыйлықақысы толық көлемде қайтарылады.

2-параграф. Пайда алушы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан жағдайда бюджетке қайтарылуға тиіс мемлекет сыйлықақысын айқындау

      13. Пайда алушы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан жағдайда:

      1) оператор осы мән-жай туралы мәліметтерді алған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде бұл туралы қатысушы сақтандыру ұйымына хабарлайды және сақтандыру шарты бойынша мынадай ақпаратты сұратады:

      пайда алушы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан сәтке дейін сақтандыру шарты бойынша білім беру қызметтеріне ақы төлеуге жіберілген сақтандыру төлемдерінің сомасын есепке алғандағы сақтандыру шарты бойынша жарналарды, инвестициялық кірісті және өткен кезеңдерге есептелген мемлекет сыйлықақыларын қамтитын қайтару сәтіндегі сақтандыру шарты бойынша есептік сома;

      сақтандыру шарты бойынша жарналарды, инвестициялық кірісті және өткен кезеңдерге есептелген мемлекет сыйлықақыларын қамтитын жинақтау мерзімінің соңындағы сақтандыру шарты бойынша есептік сома;

      сақтандыру шарты жасалған сәттен бастап есептелген сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысының жалпы сомасы;

      2) қатысушы сақтандыру ұйымы оператордың хабарламасын алған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде қажетті ақпаратты ұсынады;

      3) оператор ақпаратты алған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде қатысушы сақтандыру ұйымына бюджетке қайтарылуға тиіс және осы әдістеменің 14 немесе 15-тармақтарына сәйкес есептелетін сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысының шамасы туралы үзінді-анықтаманы жолдайды.

      14. Пайда алушы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан сәтте сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемінің бір бөлігі білім беру қызметтеріне ақы төлеуге пайдаланылған жағдайда бюджетке қайтарылатын сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысы мынадай формула бойынша есептеледі:

      БҚМСш = ЕСш х МСЖСш / ЕС,

      мұнда:

      БҚМСш – сақтандыру шарты бойынша бюджетке қайтарылатын мемлекет сыйлықақысы;

      ЕСш – қайтару сәтіндегі сақтандыру шарты бойынша есептік сома;

      МСЖСш – сақтандыру шарты жасалған сәттен бастап есептелген сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысының жалпы сомасы;

      ЕС – жинақтау мерзімінің соңындағы сақтандыру шарты бойынша есептік сома.

      15. Пайда алушы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан сәтте сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемінің бір бөлігі білім беру қызметтеріне ақы төлеуге пайдаланылмаған жағдайда сақтандыру шарты жасалған сәттен бастап есептелген сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысы толық көлемде қайтарылады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады