Шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға азаматтарды тарту қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 27 тамыздағы № 866 қаулысы.

      "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" 2013 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 55-бабының 18) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға азаматтарды тарту қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

C. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 27 тамыздағы
№ 866 қаулысымен
бекітілген

Шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға азаматтарды тарту

ҚАҒИДАЛАРЫ 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға азаматтарды тарту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" 2013 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 55-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленді және шекаралық кеңістік шегінде Мемлекеттік шекарасын қорғауға Қазақстан Республикасының азаматтарын (бұдан әрі – Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдар) тарту тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар "Жедел-iздестiру қызметi туралы" 1994 жылғы 15 қыркүйектегі және "Қарсы барлау қызметі туралы" 2016 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңдарымен регламенттелетін жедел іздестіру және қарсы барлау қызметіне байланысты туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылмайды.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 12.03.2019 № 104 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасының шекаралық кеңістігі (бұдан әрі – шекаралық кеңістік) – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) және Қазақстан Республикасының ішкі сулары және аумақтық сулары бар шекаралық аймақтың сыртқы шектеріне дейін оған шектесіп жатқан Қазақстан Республикасының аумағы, Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінің және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындардың аумақтары, өз шегінде уәкілетті органдар шекаралық қызметті жүзеге асыратын балық аулау аймағы, континенттік қайраң, сондай-ақ олардың үстіндегі әуе кеңістігі;

      2) ерікті жасақ – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі (бұдан әрі – Шекара қызметі) аумақтық бөлімшесінің құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – құрылымдық бөлімше) өкілдерінің басшылығымен ерікті және жария негізде Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын Қазақстан Республикасы азаматтарының тобы;

      3) ерікті жасақшы – Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу бойынша өз еркімен өзіне алған міндеттерді Шекара қызметі құрылымдық бөлімшесі өкілдерінің басшылығымен орындайтын ерікті жасақ мүшесі;

      4) Шекара қызметінің штаттан тыс қызметкері – Шекара қызметі құрылымдық бөлімшесінің өкілдері ұзақ мерзімді міндеттерді шешу үшін немесе қажеттілік туындаған кезде ерікті негізде Мемлекеттік шекараны қорғауға тартатын Қазақстан Республикасының азаматы;

      5) шекара қызметінің кітабы – Шекара қызметі бөлімшесінің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылын көрсететін есептік құжат.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.05.2023 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2. Мемлекеттік шекараны қорғауға тартудың нысандары мен түрлері

      4. Мемлекеттік шекараны қорғауға адамдарды тарту ашық және жасырын ынтымақтастық түрінде жүзеге асырылады.

      5. Мемлекеттік шекараны қорғауға адамдарды ашық ынтымақтастық түрінде тарту тәртібі осы Қағидаларға сәйкес айқындалады.

      6. Жасырын ынтымақтастық түрінде Мемлекеттік шекараны қорғауға адамдарды тарту Қазақстан Республикасының "Жедел-іздестіру қызметі туралы" 1994 жылғы 15 қыркүйектегі және "Қарсы барлау қызметі туралы" 2016 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 12.03.2019 № 104 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Мемлекеттік шекараны қорғауға ерікті негізде қатысатын адамдардың іс-қимылын үйлестіру және тиімділігін арттыру мақсатында шекара маңындағы аудандардың (қалалардың) әкімдіктері жанында құрылатын шекара мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңестерінің шешімдерімен ерікті жасақтар құрылады және олардың басшылары тағайындалады.

      Ерікті жасақтардың басшылары осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген мән-жайлардың біреуі туындаған жағдайға дейінгі мерзімге ерікті жасақшылар қатарынан тағайындалады.

      Ерікті жасақтардың басшылары өз қызметін Шекара қызметі құрылымдық бөлімшелері басшылығының бақылауында жүзеге асырады, оларға есеп береді.

      Ерікті жасақтардың басшылары Шекара қызметінің құрылымдық бөлімшелері өкілдерімен бірлесе отырып, шекаралық кеңістік шегінде Мемлекеттік шекараны қорғау іс-шараларын жоспарлау, ұйымдастыру және оларға ерікті жасақтардың мүшелерін тарту мәселелері бойынша міндеттерді шешуге қатысады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.05.2023 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Мемлекеттік шекараны қорғауға адамдар мынадай нысандарда тартылады:

      1) штаттан тыс қызметкерлер ретінде;

      2) жеке – ерікті жасақшы ретінде;

      3) ұжымдық – ерікті жасақтар құрамында.

      9. Адамдардың Мемлекеттік шекараны қорғауға жеке қатысуы Мемлекеттік шекараны, Мемлекеттік шекара режимін, өткізу пункттеріндегі режимді, шекаралық режимді, ішкі және аумақтық сулар режимін, балық аулау аймағы режимін және континенттік қайраң режимін бұзудың өздеріне белгілі болған фактілері мен әрекеттері туралы хабарлау жолымен Шекара қызметі құрылымдық бөлімшелерінің өкілдеріне жәрдем көрсету арқылы көрініс табады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.05.2023 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Штаттан тыс қызметкерлер, ерікті жасақшылар өз қызметін құрылымдық бөлімшелер өкілдерінің бақылауымен:

      1) Мемлекеттік шекарадан өтетін жерде қалқалау, шекаралық кеңістікте белгіленген режимдерді бұзған адамдарды іздеу, табу, ұстау мақсатында дербес және (немесе) құрылымдық бөлімшелердің өкілдерімен бірлесіп қызмет атқаруға қатысу, шекара кеңістігін аралап шығу, аралап өту арқылы Мемлекеттік шекараны бұзушыларды іздеуді, ізін түсуді және ұстауды орындау;

      2) белгісіз адамдардың болу себептері мен жағдайларын анықтау мақсатында Мемлекеттік шекараны бұзушылардың ықтимал жүру бағыттарын, олардың жасырыну орындарын, көлік құралдарын және шекара кеңістігіндегі жерлерді дербес және (немесе) құрылымдық бөлімшелердің өкілдерімен бірлесіп қарап тексеруді жүргізу, белгіленген режимді бұзған адамдарды анықтау және ұстау мақсатында шекара кеңістігінің жергілікті жерлерін дүркін-дүркін қарап тексеру арқылы тұрғындармен әңгімелесуді, құжаттарды тексеруді орындау;

      3) шекара кеңістігіндегі құқық бұзушылықтардың дербес алдын алу және жолын кесу;

      4) құқық бұзушылықтардың жолын кесу және құқық бұзушыларды ұстау мақсатында, егер көрсетілген мақсаттарға өзге тәсілдермен қол жеткізу мүмкін болмаса, дене күшін және басқа да құралдарды қолдану;

      5) шекара кеңістігінде құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау және құрылымдық бөлімшелерге, құқық қорғау немесе өзге де уәкілетті органдарға жеткізу арқылы жүзеге асырады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.04.2020 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген іс-шараларды өткізу тиісті әскери бөлімнің базасында жүзеге асырылатын Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдарды құқықтық дайындаумен басталады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.04.2020 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      12. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдар Мемлекеттік шекараны қорғау бойынша міндеттерді орындау кезінде:

      1) Шекара қызметінің бөлімшелерін шекаралық кеңістікте дайындалып жатқан не жасалған құқық бұзушылықтардың өздеріне мәлім болған фактілері туралы дереу хабардар етеді;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда азаматтардың талап етуі бойынша өздерінің Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу заңдылығын растайтын куәліктерді көрсетеді;

      3) құқық бұзушылықтар жасағаны үшін ұсталған азаматтарға оларға қолданылатын мәжбүрлеу шараларының негіздерін түсіндіреді.

      13. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдармен құқықтық дайындықты ұйымдастыруды бақылау Шекара қызметінің аумақтық бөлімшелерінің бірінші басшыларына жүктеледі.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.04.2020 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

3. Мемлекеттік шекараны қорғауға адамдарды тарту тәртібі

      14. Мемлекеттік шекараны қорғауға адамдарды тарту осы Қағидаларға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес олардың Шекара қызметіне мемлекеттік шекараны қорғауға жәрдем көрсету үшін ерікті түрде қатысуы арқылы жүзеге асырылады.

      15. Мыналар:

      1) қылмыстық жауаптылыққа тарту;

      2) бірнеше рет (бір жыл ішінде екі және одан да көп) қасақана әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау;

      3) Қазақстан Республикасы шекаралық кеңістігінен тыс жерге тұрақты тұруға кету;

      4) Мемлекеттік шекараны қорғауға одан әрі қатысуын болғызбайтын мән-жайлардың басталуы (психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының), Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес айналадағылар үшін қауіп төндіретін өзге де аурудың анықталуы, азаматтың қайтыс болуы);

      5) шекаралық кеңістік шегінде Мемлекеттік шекараны қорғауға одан әрі қатысқысы келмеуі Қазақстан Республикасы азаматының шекаралық кеңістік шегінде Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу мүмкіндігін болғызбайтын мән-жайлар болып табылады.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 09.02.2021 № 46 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Мемлекеттік шекараны қорғауға штаттан тыс қызметкер ретінде қатысуға тілек білдірген адам Мемлекеттік шекараны қорғауды жүзеге асыратын Шекара қызметінің аумақтық бөлімшесіне Мемлекеттік шекараны қорғауға тарту туралы өтініш береді, оған Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің не паспортының көшірмесін қоса береді. Адам көрсетілген құжаттарға өмірі мен денсаулығын сақтандыру туралы куәліктің көшірмесін қоса беруге құқылы.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.04.2020 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      17. Шекара қызметінің аумақтық бөлімшесі өтініш түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде адамды наркологиялық және психоневрологиялық есептер бойынша, соттылығының бар-жоғын тексереді, содан кейін оң шешім қабылдайды не қабылданған шешімнің себептерін көрсетпей, өтініш берушіден бас тартады.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.04.2020 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      18. Штаттан тыс қызметкер ретінде тарту туралы оң шешім қабылданған жағдайда адамның өтініші бойынша Шекара қызметінің аумақтық бөлімшесі тіркеу жүргізеді және оны Мемлекеттік шекараны қорғауға тартылған адамдардың есебіне алады, ол туралы көрсетілген адамға хабарлайды және оған осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес штаттан тыс қызметкердің куәлігін береді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.04.2020 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      19. Жергілікті атқарушы орган ерікті жасақ мүшелерінің тізімін жеке куәліктерінің көшірмесімен бірге көрсетілген адамдарды соттылығының бар-жоғына және наркологиялық және психоневрологиялық есеп бойынша тексеру үшін Шекара қызметінің аумақтық бөлімшесіне жібереді.

      Мемлекеттік шекараны қорғауға ерікті жасақтар құрамында адамдардың қатысу мүмкіндігін жоққа шығаратын мән-жайлар болмаған кезде Шекара қызметінің аумақтық бөлімшесі оларды құрылымдық бөлімшелердің шекара қызметі кітаптарының тиісті бөлімдеріне тіркейді, ал мұндай мән-жайлар болған кезде белгілі бір адамды ерікті жасақтар құрамынан шығару үшін жергілікті атқарушы орган хабардар етіледі.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.04.2020 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      20. Тіркегеннен кейін Шекара қызметінің аумақтық бөлімшесі осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес ерікті жасақ мүшесінің куәлігін береді.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.04.2020 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      21. Осы Қағидалардың 18 және 20-тармақтарында көрсетілген куәліктерге Шекара қызметі аумақтық бөлімшесінің бастығы қол қояды. Мемлекеттік шекараны қорғауға тартылған адамдардың куәліктерін есепке алуды, тіркеуді және беруді Шекара қызметінің аумақтық бөлімшесі жүзеге асырады.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.04.2020 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      22. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген мән-жайлар туындаған кезде құрылымдық бөлімше шекара кеңістігі шегінде Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамды есептен шығарады, ол туралы көрсетілген адамға хабарлайды.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.04.2020 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      23. Мемлекеттік шекараны қорғауға тартылған адамдардың есептік деректері және олармен жұмыс нәтижелері құрылымдық бөлімшелердің шекара қызметі кітабының тиісті бөлімдеріне енгізіледі. Жалпы есепті Шекара қызметінің аумақтық бөлімшесі жүзеге асырады.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.04.2020 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Шекаралық кеңістік шегінде
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік шекарасын
қорғауға азаматтарды
тарту қағидаларына
1-қосымша

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 12.03.2019 № 104 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 29.04.2020 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ № ___ куәлік ___________________________ ___________________________ Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің штаттан тыс қызметкері болып табылады. ____________аумақтық бөлімшесі
Жеке қолы:_______ Куәлік 20 __жылғы "____"________берілді
М.О._________________



Осы куәлікті көрсетуші шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға жәрдем көрсетеді. Осы куәлік жеке басын куәландыратын куәлікті көрсеткен кезде жарамды.

 
Шекаралық кеңістік шегіндегі мемлекеттік органдардың, ведомстволардың, кәсіпорындар мен мекемелердің (бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан) барлық лауазымды адамдарынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау мәселелері бойынша көмек көрсетуді сұраймын.
_________________________________ (лауазымы) ___________ _________ _________ (әскери атағы) (жеке қолы) (Т.А.Ә.)


  Шекаралық кеңістік шегінде
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік шекарасын
қорғауға азаматтарды тарту
қағидаларына
2-қосымша

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 12.03.2019 № 104 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 29.04.2020 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ № ___ куәлік ____________________________ __________________________ Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің ерікті жасақшысы болып табылады. ____________аумақтық бөлімшесі
Жеке қолы:_______ Куәлік 20 __жылғы "____"________берілді
М.О._________________



Осы куәлікті көрсетуші шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға жәрдем көрсетеді. Осы куәлік жеке басын куәландыратын куәлікті көрсеткен кезде жарамды.

 
Шекаралық кеңістік шегіндегі мемлекеттік органдардың, ведомстволардың, кәсіпорындар мен мекемелердің (бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан) барлық лауазымды адамдарынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау мәселелері бойынша көмек көрсетуді сұраймын.
______________________________ (лауазымы) ___________ _________ _________ (әскери атағы) (жеке қолы) (Т.А.Ә.)


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады