Байланыс формасы

Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1106 қаулысы

      «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2013 жылғы 18 қазандағы
№ 1106 қаулысымен  
бекітілген      

Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі
қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі қағидалары «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 39-3-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі тәртібін белгілейді.
      2. Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің аумағындағы ауылдың, көшенің, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындары (бұдан әрі - бөлек жиын) жергілікті қоғамдастықтың жиынына қатысу үшін өкілдерді  сайлау мақсатында шақырылады және өткізіледі.

2. Бөлек жиындарды өткізу тәртібі

      3. Бөлек жиынды аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі шақырады.
      Тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің жергілікті қоғамдастық жиынын өткізуге оң шешімі бар болған жағдайда бөлек жиынды өткізуге болады.
      4. Жергілікті қоғамдастық халқы бөлек жиындардың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей хабардар етіледі.
      5. Ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй шегінде бөлек жиынды өткізуді аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің және ауылдық округтің әкімі ұйымдастырады.
      6. Бөлек жиынды ашудың алдында тиісті ауылдың, көшенің, көппәтерлі тұрғын үйдің қатысып отырған және оған қатысуға құқығы бар тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.
      7. Бөлек жиынды аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ашады.
      Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жиынның төрағасы болып табылады.
      Бөлек жиынның хаттамасын рәсімдеу үшін ашық дауыспен хатшы сайланады.
      8. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаты бекіткен сандық құрамға сәйкес бөлек жиынның қатысушылары ұсынады.
      Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің саны тең өкілдік ету қағидаты негізінде айқындалады.
      9. Дауыс беру ашық түрде әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Бөлек жиын қатысушыларының ең көп дауыстарына ие болған кандидаттар сайланған болып есептеледі.
      10. Бөлек жиында хаттама жүргізіледі, оған төраға мен хатшы қол қояды және оны тиісті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімінің аппаратына береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады