"Жергілікті жер комендатурасының қызметі туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 1330 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Жергілікті жер комендатурасының қызметі туралы үлгі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      С.Ахметов

Жергілікті жер комендатурасының қызметі туралы үлгі ережені бекіту туралы

      «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 3-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Жергілікті жер комендатурасының қызметі туралы үлгі ереже бекітілсін.
      2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2013 жылғы « »   
№ Жарлығымен   
бекітілген    

Жергілікті жер комендатурасының қызметі туралы үлгі ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Жергілікті жер комендатурасы төтенше жағдай енгізілген кезеңде Қазақстан Республикасының Президенті құратын, орталық және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік басқару органы болып табылады.
      2. Жергілікті жер комендатурасы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Жергілікті жер комендатурасы өз құзыреті шегінде төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен барлық жеке және заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ ішкі істер органдары, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның бөлімшелері, төтенше жағдай енгізілген жерде орналасқан (дислокацияланған) және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін қосымша тартылатын әскери құралымдар бастықтарының (командирлерінің) тиісті аумақта орындауына міндетті жергілікті жер комендантының бұйрықтарымен және өкімдерімен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      4. Жергілікті жер комендатурасы төтенше жағдай енгізілген жерде орналасқан Қазақстан Республикасының орталық, жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдары мен Қарулы Күштерінің өкілдерінен құралады. Жергілікті жер комендатурасы аппаратының персонал құрамы мен құрылымын жергілікті жер коменданты төтенше жағдай енгізу үшін негіз болған мән-жайларды ескере отырып айқындайды.
      5. Жергілікті жер комендатурасының болу орны болып төтенше жағдай режимі енгізілген және оның тұрақты жұмыс істейтін органы бар жергілікті аумақ немесе елді мекен танылады.
      6. Жергілікті жер комендатурасының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының мемлекеттік және жергілікті резервтерінен жүзеге асырылады, ал Қазақстан Республикасының Президенті төтенше бюджетті енгізген кезде, қаржыландыру төтенше бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

2. Жергілікті жер комендатурасының негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      7. Жергілікті жер комендатурасының негізгі міндеттері:
      1) төтенше жағдай режимі енгізілген жерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілерді, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігі мен көліктің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілерді күзетуді қамтамасыз ету;
      2) төтенше жағдай режимін бұзған, ұсталған адамдарды ұстау және қоғамнан оқшаулау;
      3) ұйымдар басшыларының өз міндеттерін, коменданттың бұйрықтары мен өкімдерін тиісінше орындауын бақылауды;
      4) төтенше жағдай талаптарында қолданылатын енгізілген шаралар мен уақытша шектеулердің орындалуын бақылау болып табылады.
      8. Негізгі міндеттерді орындау үшін жергілікті жер комендатурасы мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жергілікті жер комендантының бұйрықтары мен өкімдерінің жобаларын, сондай-ақ төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлейді;
      2) төтенше жағдай енгізілген жерде тиісті қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті, сондай-ақ террористік тұрғыдан осал объектілерді күзетуді және қорғауды қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      3) бақылау-өткізу режимін, азаматтар мен көлік құралдарын тексеруді және қарап тексеруді, осы жердің тұрғындары болып табылмайтын қоғамдық тәртіпті бұзушыларды олардың есебінен өздерінің тұрақты болу жеріне немесе төтенше жағдай жарияланған жергілікті жерден тыс жерге шығарып жіберуді ұйымдастырады;
      4) төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарын, Мемлекеттік комиссияның және жергілікті жер комендантының бұйрықтары мен өкімдерін халықтың назарына жеткізуді ұйымдастырады;
      5) төтенше жағдай енгізілген жергілікті жер комендатурасының жанындағы журналистерді аккредиттеуді ұйымдастырады;
      6) төтенше жағдай режимін бұзған, ұсталған адамдарды төтенше жағдай режимі енгізілген жерде, сол сияқты одан тыс жерде орналасқан арнайы мекемелерде, ұстауды қамтамасыз етеді;
      7) коменданттық сағат талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді;
      8) ұйымдар басшыларының өз міндеттерін, коменданттың бұйрықтары мен өкімдерін орындауына талдау жүргізеді;
      9) төтенше жағдай енгізілген жерде «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қосымша шаралар мен уақытша шектеулерді қолдану қажеттілігіне талдау жүргізеді және осы шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;
      10) төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды қосымша қаржыландыру қажеттілігіне талдау жүргізеді;
      11) төтенше жағдай енгізілген жерде «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қосымша шаралар мен уақытша шектеулерді қолдану қажеттігін қарастырады және осы шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;
      12) төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды қосымша қаржыландыру қажеттілігі мәселелерін қарайды;
      13) төтенше жағдай енгізілген жерде заңдылықты және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараларды жоспарлауды және өткізуді жүзеге асырады;
      14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      9. Жергілікті жер комендатурасы:
      1) орталық және жергілікті атқарушы органдардан, ұйымдардан өз
қызметін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратуға және алуға;
      2) төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жою үшін
ұйымдарды тартуға;
      3) төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жою үшін мәселелерін шешу үшін талдамалық, сараптамалық және басқа да қажетті жұмыстарды орындауға орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың мамандарын тартуға;
      4) орталық және жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі міндеттерді орындауға қатысты мәселелерді қарау туралы ұсыныстар енгізуге;
      5) ішкі істер органдарының аумақтық жедел басқару орталықтарының және жұмылдырылған құқық қорғау органдарының кезекші бөлімдерінің құралдары мен резервтерін қолдануға құқылы.
      10. Жергілікті жер комендатурасының міндеттері:
      1) «Төтенше жағдайлар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15, 16-баптарында көзделген шаралар мен уақытша шектеулерді қолдануды  қамтамасыз ету;
      2) күн сайын, төтенше жағдай режимі енгізілген аумақта орналасқан құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен олардың қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің тиісті деңгейін ұстау жөніндегі жұмысының ұйымдастырылуын талдау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және оған жол бермеу жөніндегі ұйымдастырушылық-практикалық шараларды айқындау;
      3) нарядқа шығар алдында патрульдердің жеке құрамына нұсқамалар өткізуді ұйымдастыру, қызметкерлердің қажетті қару-жарақпен, арнайы құралдармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілуін бақылау;
      4) патрульдердің, сондай-ақ аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілерді, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігі мен көліктің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетін жүзеге асыратын бекеттердің қызмет өткеруін тексеруді ұйымдастыру;
      5) бақылау-өткізу режимінің жай-күйін тексеруді ұйымдастыру;
      6) еліміздің басқа өңірлерінен қосымша күштер мен құралдардың келуін және ауыстырылуын бақылауды жүзеге асыру;
      7) жергілікті жер комендатурасының міндеттерін орындауға қатысты мәселелер бойынша төтенше жағдай енгізілген аумақта қызметін жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды қолдау;
      8) төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі коменданттың бұйрықтары мен өкімдерін орындау туралы ұйымдар басшыларын тыңдау;
      9) бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз-конференцияларын немесе брифингтер өткізу;
      10) төтенше жағдай режимін ұстау жөніндегі іс-шараларға қаржылық шығыстарды есепке алуды жүргізу.

3. Жергілікті жер комендатурасының қызметін ұйымдастыру

      11. Жергілікті жер комендатурасына басшылықты жергілікті жер комендатурасына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болатын жергілікті жер коменданты жүзеге асырады.
      12. Жергілікті жер коменданты Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
      13. Құрылған сәттен бастап Жергілікті жер комендатурасы өз қызметін үздіксіз жұмыс режимінде жүзеге асырады, оның нақты тәртібін комендант белгілейді.
      14. Жергілікті жер комендатурасы аппаратының құрамына:
      1) коменданттың төтенше жағдай режимін қамтамасыз ететін күштер мен құралдарға басшылық жасау жөніндегі, коменданттық сағат режимін қамтамасыз ету жөніндегі; тылдық және техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасарлары;
      2) коменданттың жергілікті халықпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жөніндегі көмекшілері;
      3) бөлімшелер: штаб, хатшылық, құқықтық қамтамасыз ету, ақпараттық қарсы тұру, радиоэлектрондық барлау және басу топтары кіреді.
      15. Жергілікті жер комендатурасы аппаратының құрамы мен құрылымы төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды негізге ала отырып, өзгеруі немесе қосымша топтармен толықтырылуы мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады