Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 354 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Жоспар) бекітілсін.

      2. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (келісім бойынша) "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) бірлесіп:

      1) Жоспардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;

      2) 2014 жылғы 15 маусымға қарай Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне Жоспардың іске асырылуы туралы ақпарат берсін.

      3. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі 2014 жылғы 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жоспардың орындалуы туралы жиынтық ақпарат берсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
К.Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 14 сәуірдегі
№ 354 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары

1. Ағымдағы жағдайды талдау

      2014 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның (бұдан әрі – ҮИИДМБ) алғашқы бесжылдығы аяқталады. ҮИИДМБ алдын ала қорытындысы оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізгенін айғақтайды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2008 жылмен салыстырғанда нақты мәнде 22,5 % ұлғайды, өңдеуші сектордағы еңбек өнімділігінің деңгейі 37,3 мың АҚШ долларынан 58,5 мың АҚШ долларына дейін ұлғайды. ҮИИДМБ іске асыру шеңберінде 651 жоба пайдалануға беріліп, оларда 67 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

      Оң үрдістерге қарамастан, республикада салалардың дамуындағы теңгерімсіздік сақталып отыр, экономиканың өсуіндегі өндірістік секторлардың маңыздылығы төмендеп барады, негізгі капиталға шетелдік инвестицияның құйылуы және республика экспортындағы шикізат емес өнімнің үлесі азаю үстінде. Егер өңдеу өнеркәсібі өнімінің өсу серпінін қарастыратын болсақ, оның қарқыны соңғы жылдар ішінде төмендеп кеткен: өсу қарқыны 13,6 %-ға жеткен 2010 жылмен салыстырғанда 2013 жылдың қорытындысы бойынша өсу деңгейі тек 1,6% болып отыр. Бұдан басқа, жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі – ЖІӨ) озыңқы қарқынмен өсуі есебінен оның да құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі азайып келеді. 2010 – 2013 жылдар ішінде өңдеу өнеркәсібі секторының ЖІӨ-ге үлесі 0,7 пайыздық тармаққа қысқарып, 10,6 %-ды құрады. Бұл ретте ҮИИДМБ-ның 2015 жылғы нысаналы индикаторы өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ құрылымындағы үлесін кемінде 12,5 % деңгейіне дейін жеткізу болып табылады.



      Секторды қаржыландыруды қалпына келтіру процесінің ұзаққа созылуы өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқынының баяулауының негізгі себептерінің бірі болып табылады. Соңғы тоғыз жыл ішінде өңдеу өнеркәсібіне кредит берудегі үш кезеңді бөліп көрсетуге болады:

      1) дағдарысқа дейінгі кезең (2008 жылға дейін) – екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – ЕДБ) несие қоржынының біртіндеп ұлғаюы;

      2) дағдарыс кезеңі (2008 – 2010 жылдар) – кредит беруді тоқтата тұру және несие қоржынын 440 – 455 млрд. теңге деңгейінде тіркеу;

      3) дағдарыстан кейінгі кезең – соңғы 4 жылда қоржынның 455 млрд. теңгеден 876 млрд. теңгеге дейін 2 есеге артуы.



      2010 жылы "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасының іске қосылуы ЕДБ кредит беруі үшін өңдеуші секторды тартымдырақ етті. Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлікті қаржылай қолдаудың көрсетілген бағдарламада көзделген сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау және кредиттерге кепілдік беру сияқты шаралары жыл сайын берілетін қаржы көлемін 383 млрд. теңгеден 938 млрд. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл шаралар ЕДБ-дағы өтімділікті экономиканың басым секторларына кредит беруге тартуға бағытталған болатын. ЕДБ-ны мемлекет тарапынан қорландыру жүзеге асырылған жоқ.

      Дегенмен, қазіргі уақытта өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бәсеңдеген кезде экономиканың осы секторының кәсіпорындары үшін, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік (бұдан әрі – ШОК) үшін қаржы қаражатына деген тапшылықтың қалыптасқаны айқындала түсті. Егер өңдеу өнеркәсібі өнімінің жалпы көлеміндегі ШОК өнімінің үлесін қарастырар болсақ, 2010 – 2013 жылдары ол 22,8 %-дан 15,4 %-ға дейін төмендеген. Мұндай төмендеу ЕДБ кредиттерінің жалпы көлемінде өнеркәсіптегі шағын кәсіпкерлікке берілетін кредиттер үлесінің азаюы аясында орын алғанының маңызы аз емес: 2010 жылғы 19,4 %-дан 2013 жылы 12,3 %-ға дейін азайды, ал 2013 жылы жедел деректер бойынша кредиттің абсолютті мәнде 20 млрд. теңгеге азаюымен бірге, өңдеу өнеркәсібіндегі ШОК өнімін шығару 85 млрд. теңгеге төмендеді.



      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҚРҰБ) зерттеу деректері бойынша өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының кредитке деген сұранысы жалпы экономикаға қарағанда жоғары.

      ЕДБ ұсынатын сыйақы мөлшерлемелері экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындар межелегеннен едәуір жоғары. Өңдеу өнеркәсібіндегі ұзақ мерзімді кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі орта есеппен 11,4 % деңгейінде болса, ҚРҰБ зерттеуіне сәйкес экономиканың нақты секторындағы (оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі) кәсіпорындар үшін қолайлы пайыздық мөлшерлеме теңгемен 8,7 % және шетел валютасында 6,9 % деңгейінде. Соңғы бірнеше жылдар бойы межелі (қолайлы) пайыздық мөлшерлеме деңгейін экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындардың азайту үрдісі байқалып келеді, яғни экономиканың басым секторларындағы кәсіпорындар бүгінде неғұрлым төмен пайыздық мөлшерлеме бойынша қарыз капиталын қажет етеді.

      Бұл ретте, өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарына кредит беруге деген ЕДБ қызығушылығы өткен кезеңмен салыстырғанда біршама төмендеп кетті – кредит бөлгісі келетін ЕДБ саны 47 %-дан 35 %-ға дейін азайды.

      Сондай-ақ, теңгенің құнсыздануы да өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қаржыландыруға келеңсіз әсерін тигізді. Банктік емес заңды тұлғалар кредиттерінің 37 %-ға жуығын шетел валютасындағы кредиттер құрайды. Бағамдық айырма нәтижесінде кредиттерге қызмет көрсету бойынша өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына түсетін жүктеме 570 млрд. теңгеге немесе жиынтық несие берешегінің 7 %-ына өсті.

      Осылайша, өңдеу өнеркәсібінің жобалары үшін кредит қаражатының қолжетімділігін арттыру қажеттігі өндеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі қосымша жаңа шаралар қабылдауды талап етеді.

2. Мақсатқа қол жеткізу және алға қойылған міндеттерді іске асыру тетіктері

      Ескерту. 2-бөлімге өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 29.12.2018 № 937 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі кейіннен өндеу өнеркәсібіндегі ШОК жобаларына кредит беру үшін ЕДБ қаржыландыру бойынша шара қолданылатын болады.

      Өңдеу өнеркәсібіндегі ШОК жобаларын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатынан қаржыландырудың жалпы көлемі 100 млрд. теңгені құрайды.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын пайдалану "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – "Даму" КДҚ" АҚ) қаражатын өңдеу өнеркәсібіндегі ШОК субъектілерін қаржыландыру үшін ЕДБ-ге шартты түрде орналастыру жолымен жүзеге асырылады. Мақсатты пайдалану шарты "Цеснабанк" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Цеснабанк" АҚ) берген қарыздарға қолданылмайды.

      Бұл мақсат үшін "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ) облигациялар айналысы басталған күннен бастап 20 жылға дейінгі мерзімге жылдық 0,1 % сыйақы мөлшерлемесі бойынша 100 млрд. теңге сомасына облигациялар шығару жолымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қарыз алуды жүзеге асырады. Облигациялық қарызды өтеу мерзімі – айналыс мерзімінің соңында, 2024 жылдан бастап эмитенттің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын өтеу құқығы болады.

      Қаражат алғаннан кейін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ "Даму" КДҚ" АҚ-на жасалған тиісті Кредит шартының талаптарына сәйкес мерзім соңында қаражатты бір сомамен өтеу шартымен жылдық 0,15 %сыйақы мөлшерлемесі бойынша 20 жылға дейінгі мерзімге 100 млрд. теңге сомасына кредит береді.

3. Қаражатты екінші деңгейдегі банктерге шартты түрде орналастырудың шарттары мен тетіктері

      Ескерту. 3-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 15.12.2017 № 847 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.08.2018 № 523; 29.12.2018 № 937; 12.02.2019 № 57; 13.05.2019 № 274; 21.09.2021 № 643 қаулыларымен.

      ЕДБ тізбесі мен олар бойынша лимиттер сомасы Қазақстан Республикасының Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) тиісті шешімімен айқындалады. Мемлекеттік комиссия соңғы қарыз алушылар үшін сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін қалыптастыру тәсілдерін айқындайды.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ, "Даму" КДҚ" АҚ және ЕДБ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінетін қаражат бойынша төлемдер өткізу үшін ҚРҰБ-да жеке банктік шот ашады.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ "Даму" КДҚ" АҚ-ның ҚР ҰБ-дағы жеке банктік шотына Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған кредиттік шарт бойынша қаражат сомасын орналастырады.

      "Даму" КДҚ" АҚ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ЕДБ-мен кредиттік келісімдер жасасуды жүзеге асырады.

      "Даму" КДҚ" АҚ алынған кредит қаражатын ЕДБ-да жылдық 2,0 %-дан аспайтын мөлшерлемемен орналастырады.

      "Даму" КДҚ" АҚ кредит қаражатын ЕДБ-ның ҚРҰБ-дағы жеке банктік шотына орналастыруды Мемлекеттік комиссия мақұлдаған лимиттер шегінде қамтамасыз етпей жүзеге асырады.

      ЕДБ кредит беру валютасы – теңге.

      ЕДБ кредит беру мерзімі – 20 жылға дейін.

      ЕДБ үшін "Даму" КДҚ" АҚ-дан қаражат тарту мөлшерлемесі мен ШОК субъектілеріне кредит беру мөлшерлемесі арасындағы айырма жылдық 4,0 %-дан аспауы тиіс.

      Қаражат ЕДБ шотына түскен күннен бастап ЕДБ-ның кредиттік қаражатты игеру мерзімі:

      инвестициялық мақсаттарға берілетін кредиттер бойынша – 12 ай;

      айналым қаражатын толықтыру және бұрын берілген ЕДБ қарыздарын қайта қаржыландыру мақсаттарына берілетін кредиттер бойынша – 6 ай.

      Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу шарттары мен тәртібі кредиттік келісімде белгіленеді.

      ДБ орналастырылған кредит қаражатының мақсатты пайдаланылуы мен игерілуі бойынша "Даму" КДҚ" АҚ алдында есеп береді.

      ЕДБ есептерін ұсыну тәртібі, нысаны мен кезеңділігі, сондай-ақ ЕДБ-ге кредит берудің осы Жоспарда көзделмеген өзге де, оның ішінде: экспорттық түсімнің бар болуын анықтау үшін ковенанттарды белгілеу шарттары тиісті кредиттік келісімде белгіленеді. Экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыру және/немесе экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыру үшін іріктеу кезінде басымдық осындай жобаны қаржыландыру басталған күннен бастап 1 (бір) қаржы жылынан кейін экспорттық түсімнің жыл сайын кемінде 5 % өсуін қамтамасыз ететін жобаларға берілуі тиіс. Мұндай жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылданғанға дейін алдыңғы 2 (екі) жыл ішінде ШОК субъектілерінің экспорттық түсімінің көлемін экспорттық түсімнің орташа жылдық көлемі деңгейінде сақтауды қамтамасыз ететін экспортқа бағытталған жобаларды экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыруға және/немесе қаржыландыруға жол беріледі.

      ЕДБ бөлінетін қаражатты ШОК субъектілерінің қолданыстағы инвестициялық кредиттерін орналастырылған қаражат сомасының 50 %-ына дейін қайта қаржыландыру мақсатына жібереді. Бұл талап кәсіпкерлерді қаржылық қолдау бағдарламаларына ("Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, "Даму Өндіріс" бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының сауықтыру бағдарламалары) қатысатын қолданыстағы қарыздарға қолданылмайды.

      Соңғы қарыз алушылардың осы Жоспарға 1-1-қосымша мен техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеушінің С секциясы (Өңдеу өнеркәсібі) 11-бөлімінің (Сусындар өндірісі) 11.06. және 11.07-сыныбына сәйкес келетін тамақ өнеркәсібі саласында іске асырылатын жаңа жобаларын қаржыландыру мақсатына ЕДБ бағыттайтын қарыздардың үлесі - кредит сомасының кемінде 25 %-ы.

      2019 жылдан бастап ШОК субъектілерін қаржыландырудан қайтарылған қаражат есебінен 50 млрд. теңге Ұлттық қор қаражатының айналым мерзімінің соңына дейін қайтарылатын негізде экспорттау алдындағы/экспорттық қаржыландыруға және/немесе экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыруға жолданатын болады.

      Экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыру - өнімді өндіруге және экспортқа өткізуге байланысты айналым қаражатын толықтыруға ШОК субъектілерінің жобасын қаржыландыру. Экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыру – кейіннен экспорт үшін өнім өндіру мақсатында инвестициялық шығындарды жүзеге асыруға ШОК субъектілеріне қаражат беру.

      14 және 15-бөліктерде көзделген пропорцияларды сақтау ЕДБ-нің қаражатын екінші рет орналастыруға қолданылмайды.

      "Даму" КДҚ" АҚ босаған кредит қаражатын ЕДБ-ға қайтадан кредит беруге жұмсайды.

      ЕДБ орналастырылатын қаражатты мақсатына сай пайдаланбаған, толықтай немесе ішінара игермеген жағдайларда, сондай-ақ кредиттік келісімде көзделген өзге де жағдайлар туындаған кезде "Даму" КДҚ" АҚ ЕДБ-ге қатысты кредиттік келісімнің талаптарына сәйкес шаралар қолданады, оның ішінде кредиттік келісімдерді мерзімінен бұрын бұзу, және/немесе орналастырылған қаражатты, кейін оларды басқа ЕДБ-лер арасында қайта бөле отырып кері қайтарып алу, және/немесе ЕДБ портфелін (ШОК субъектілеріне банктік қарыздар шарттары бойынша құқықтарды (талаптарды) басқа ЕДБ-ге беру мәселесіне бастама көтеру. Кері қайтарып алынған, ЕДБ мерзімінен бұрын өтеген қаражатты қайта бөлу, сондай-ақ ЕДБ портфелін (ШОК субъектілеріне банктік қарыздар шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) басқа ЕДБ-ге беру ЕДБ арасында Мемлекеттік комиссияның тиісті шешімі негізінде жүзеге асырылады.

      ЕДБ ай сайынғы негізде ШОК субъектілерінің бұрын берілген қарыздарын өтеу есебінен босатылған қаражатты ҚР ҰБ-дағы өзінің жеке банктік шоттарына есепке жазуды жүзеге асырады. Бұл ретте ЕДБ үш ай ішінде қаражатты ШОК субъектілерін одан әрі кредит беруге бағыттайды не "Даму" КДҚ" АҚ-ның ҚР ҰБ-дағы жеке банктік шоттарына мерзімінен бұрын қайтарады.

      "Цеснабанк" АҚ берген қарыздарға:

      мақсатты пайдалану шарты;

      ҚРҰБ-да шот ашу бойынша ЕДБ-ға қойылатын талаптар;

      "Даму" КДҚ" АҚ-ға орналастырылған кредиттік қаражатты мақсатты пайдалану туралы есепті ұсыну бойынша ЕДБ-ға қойылатын талаптар қолданылмайды.

4. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру шарттары

      Ескерту. 4-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 08.09.2016 № 528; 15.12.2017 № 847 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2018 № 937; 12.02.2019 № 57; 13.05.2019 № 274; 21.09.2021 № 643 қаулыларымен.

      Нысаналы топ - оларға кредит беру осы Жоспарға 1-1-қосымшаға сәйкес тамақ өнеркәсібінің қаржыландыруға арналған салаларының тізбесіне (бұдан әрі - тізбе) сәйкес жүзеге асырылатын тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаларды қоспағанда, осы Жоспарға 1-қосымшаға сәйкес жобаларды өңдеу өнеркәсібінде іске асыратын және (немесе) іске асыруды жоспарлап отырған ШОК субъектілері. Бұл ретте, тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаның нысаналы мақсатын растау үшін Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің (бұдан әрі - ЭҚЖЖ) нақты кодына байланыстырылған тізбеден кемінде бір тауар түрін шығару жеткілікті. Көрсетілетін қызметтер саласы үшін ЭҚЖЖ кодтарына жатқызу сәйкестік өлшемшарты болып табылады.

      Мынадай:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген құрамында спирт бар медициналық мақсаттағы өнімнің (бальзамдардан басқа) шығарылуын көздейтін жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауарлардың шығарылуын көздейтін жобаларды іске асыратын;

      2) акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей мемлекеттік кәсіпорындарға/мекемелерге, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға тиесілі;

      3) жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қайта құрылған және (немесе) кредиттің сомасы 60 миллион теңгеден аспайтын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік тіркелген кезден бастап алты айдан аз уақыт өткен;

      4) кредиттің мақсаты қайта қаржыландыру болып табылатын жағдайларды қоспағанда, кредиттік бюроның деректеріне сәйкес кредит берілген немесе кредиттік өтінім берілген сәтте күнтізбелік тоқсан күннен астам мерзімге кешіктірілген несиелік берешегі бар;

      5) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6058 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 10 ақпандағы № 52 бұйрығында және (немесе) "Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары қызметінің және бағалы қағаздар рыногында лицензияланатын басқа да қызмет түрлерінің, жинақтаушы зейнетақы қорлары мен акционерлік инвестициялық қорлар қызметінің мақсаттары үшін оффшорлық аймақтардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008 жылғы 2 қазандағы № 145 қаулысында көрсетілген оффшорлық аймақтарда тіркелген, сондай-ақ қатысушылары және (немесе) акционерлері оффшорлық аймақтарда тіркелген ШОК субъектілері қатысушы бола алмайды.

      ШОК субъектілерінің мақұлданған өтінімдеріне кредит беру мақсатында ЕДБ ҚР ҰБ-дегі жеке банктік шотынан қаражатты есептен шығару үшін қажетті соманы "Даму" КДҚ" АҚ-мен алдын ала келісуді жүзеге асырады. Бұл ретте қаражаттың мақсатты пайдаланылуына түпкілікті тексеруді "Даму" КДҚ" АҚ ШОК субъектілері жобаны іске асыратын жерге барғаннан кейін жүзеге асырады.

      Кредиттер ШОК субъектілеріне мақсатты пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарымен беріледі.

      Кредит валютасы – теңге.

      ШОК субъектілеріне кредит беру мақсаты:

      1) негізгі құралдардың түпкілікті қарыз алушылар үшін жаңаларын (яғни түпкілікті қарыз алушылар алғаш пайдаланатын) сатып алу, құру және жаңғырту;

      2) әрбір ЕДБ-ге кредит қаражаты сомасының 50 %-ына дейін қолданыстағы инвестициялық кредиттерді қайта қаржыландыру;

      3) экспорт алдындағы/экспорттық қаржыландыру және/немесе экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыру мақсаттары үшін айналым қаражатын толықтыру және/немесе инвестициялық жобаларды қаржыландыру.

      Басқа шарттар кредиттік келісімде айқындалады.

      ШОК Субъектілері үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6,0 %-дан аспайды;

      Лимиті жоқ тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаларды қоспағанда, бір ШОК субъектісіне арналған қаржыландыру лимиті 3600000000 (үш миллиард алты жүз миллион) теңге.

      ШОК Субъектілеріне кредит беру мерзімі – 10 жылға дейін.

      Соңғы қарыз алушылардың техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктемесінің С секциясының (Өңдеу өнеркәсібі) 10-бөліміне (Тамақ өнімдерінің өндірісі) және 11-бөлімінің (Сусындар өндірісі) 11.06. және 11.07.-сыныбына сәйкес келетін, экономика саласында іске асырылатын жаңа жобаларын қаржыландыру мақсатына Банк жіберетін қарыздардың үлесі – кредит сомасының кемінде 25 (жиырма бес) %-ы.

      Тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаларға 500000000 (бес жүз миллион) теңгеден жоғары сомаға кредит берілген жағдайда, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) оң қорытындысы қажет. Ол үшін "Даму" КДҚ" АҚ уәкілетті органға сұрау салу және мынадай ақпаратты жібереді: жоба бойынша қысқаша ақпарат, жобаның қуаты, өндірілетін өнім, жобаны іске асырылатын жер (облыс, аудан, елді мекен), шикізат базасының болуы, әлеуетті өткізу нарықтары.

      Уәкілетті орган сұрау салуды алған күннен кейін 7 (жеті) жұмыс күні ішінде жобаны қаржыландырудың салалық орындылығы немесе орынсыздығы туралы қорытынды береді.";

      Осы бөлімнің шарттары "Цеснабанк" АҚ берген қарыздарға қолданылмайды.

5. Екінші деңгейдегі банктерге қойылатын талаптар

      Халықаралық рейтинг агенттігі берген кредит рейтингінің "В-" төмен болмауы.

      Қазақстан Республикасының кемінде 5 өңірінде филиалдар желісінің болуы.

      Қаражат берілген күні жұмыс істемей тұрған кредиттерінің деңгейі 15 %-дан жоғары ЕДБ үшін ҚРҰБ-мен жеке келісім жасасу талабы қосымша белгіленеді. Жеке келісімде ЕДБ-ның жұмыс істемей тұрған кредиттер деңгейін ҚРҰБ белгілеген мерзімде 15 %-ға дейін төмендету міндеті көзделетін болады. ЕДБ жеке келісімнің шарттарын орындамаған жағдайда, қаражатты "Даму" КДҚ" АҚ-ға қайтару көзделеді.

6. Мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары

      Ескерту. 6-бөлім жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 21.09.2021 № 643 қаулысымен.

      Осы Жоспар шеңберінде қаражат алатын ШОК субъектілерінің жаңа жобаларын қаржыландыруды ынталандыру үшін "Даму" КДҚ" АҚ "Бизнестің жол картасы – 2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа жобалар бойынша кредиттерді кепілдендіру тетігін қолдана алады.

7. Мониторинг

      Ескерту. 7-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 29.12.2018 № 937 қаулысымен.

      "Даму" КДҚ" АҚ:

      1) ЕДБ-ның қаражатты мақсатты пайдаланылуы мен уақтылы игерілуіне;

      2) ШОК субъектілері алған қаражаттың мақсатты пайдаланылуына;

      3) ЕДБ-нің бұрын берілген қарыздарды өтеуден босатылатын қаражат есебінен ШОК субъектілерін уақтылы қаржыландыруына мониторингті жүзеге асырады.

      Бөлінетін қаражаттың экономикалық нәтижелеріне мониторинг жүргізу мақсатында ШОК субъектілерінің келісімі болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті "Даму" КДҚ" АҚ-ға салықтық құпия болып табылатын мынадай мәліметтерді: салық салуға жатпайтын кірістерді ескере отырып, жиынтық жылдық кіріс, шетелдік көздерден түсетін кірістер, салық салынатын кіріс, сатылған тауарлар (жұмыстар, көрсетілген қызметтер) бойынша жұмсалған шығыстар, жұмыскерлердің есепке жазылған кірістері бойынша жұмсалған шығыстар, таза кіріс, жұмыскерлердің саны (адам), бір жұмыскерге есептегенде орташа айлық жалақы, салықтық төлемдердің сомалары туралы ақпаратты ұсынады.

      "Даму" КДҚ" АҚ осы Жоспарды іске асыруға қатысатын ЕДБ-ның қаржы-экономикалық жағдайын талдауды тұрақты түрде жүзеге асыратын болады.

      ЕДБ "Даму" КДҚ" АҚ-ға тұрақты түрде қаражаттың игерілуі туралы есеп жіберіп тұрады, есеп беру нысаны мен мерзімдері тиісті кредиттік келісімде көрсетіледі. Бұл ақпаратты "Даму" КДҚ" АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 281 өкімімен құрылған Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау комиссиясына (бұдан әрі – Комиссия) және "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ға береді.

      ЕДБ қаржыландырылған ШОК субъектілеріне мониторинг жүргізеді. Бұл ретте ШОК субъектісінің қаржыландырылған әрбір жобасы бойынша жеке кредит досьесі жүргізіледі, онда ШОК субъектісінің қаражатты мақсатты пайдаланғанын растайтын құжаттар сақталуы тиіс.

      "Даму" КДҚ" АҚ Жоспар шеңберінде бөлінетін қаражат бойынша ЕДБ төлем тәртібін қадағалайтын болады.

      "Даму" КДҚ" АҚ Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатының есебінен ЕДБ-ден қарыздар алған түпкілікті қарыз алушылар және ЕДБ-ге кредит беру жөнінде өтініш білдірген, сондай-ақ ЕДБ-нің кредит беру туралы оң шешімін алған кәсіпкерлік субъектілері туралы ақпаратты, оның ішінде банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, "Даму" КДҚ" АҚ мен ЕДБ арасында жасалған кредиттік келісімдердің талаптарына сәйкес ЕДБ-ден алынған ақпаратты Комиссияға және оның құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ұсынады.

      "Даму" КДҚ" АҚ-ның осы Жоспарды іске асыруға қатысатын ЕДБ-ның қаржылық-экономикалық жағдайын талдауды тұрақты негізде жүзеге асыру міндеттемесін қоспағанда, осы бөлімнің шарттары "Цеснабанк" АҚ берген қарыздарға қолданылмайды.

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Қазақстан
Республикасы Ұлттық
Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі
шағын және орта кәсіпкерлік
жобаларын қаржыландыруды
қамтамасыз ету жөніндегі
бірлескен іс-қимыл жоспарына
1-қосымша

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын қаржыландыру үшін өңдеу өнеркәсібі салаларының тізбесі

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119; 12.02.2019 № 57 қаулыларымен.

Секция

Атауы

ЭҚЖЖ коды

С

Өңдеу өнеркәсібі

10-33.


Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 12.02.2019 № 57 қаулысымен



Сусындар өндірісі

11


Тоқыма бұйымдарының өндірісі

13


Киім өндірісі

14


Былғары және оған қатысты өнімдер өндірісі

15


Жиһаздан басқа ағаш және тығын бұйымдарының өндірісі; сабаннан және тоқуға арналған материалдардан жасалған бұйымдар өндірісі

16


Қағаз және қағаз өнімдерінің өндірісі

17


Жазып алынған материалдарды басып шығару және тыңдатып көрсету

18


Кокс және мұнай өңдеу өнімдерінің өндірісі

19


Химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі

20


Негізгі фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндірісі

21


Резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі

22


Өзге де металл емес минералды өнімдер өндірісі

23


Металлургия өнеркәсібі

24


Машиналар мен жабдықтардан басқа, дайын металл бұйымдардың өндірісі

25


Компьютерлер, электрондық және оптикалық өнімдер өндірісі

26


Электр жабдықтарының өндірісі

27


Басқа да санаттарға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар өндірісі

28


Автокөлік құралдары, трейлерлер мен жартылай тіркемелер өндірісі

29


Өзге де көлік құралдарының өндірісі

30


Жиһаз өндірісі

31


Өзге де дайын өнімдер өндірісі

32


Машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату

33

     

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Қазақстан
Республикасы Ұлттық
Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі
шағын және орта кәсіпкерлік
жобаларын қаржыландыруды
қамтамасыз ету жөніндегі
бірлескен іс-қимыл жоспарына
1-1-қосымша

Қаржыландырылатын тамақ өнеркәсібі салаларының тізбесі

      Ескерту. Қаулы 1-1-қосымшамен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 12.02.2019 № 57; жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 21.09.2021 № 643 қаулыларымен.

Р/с

ЭҚЖЖ кодының атауы

ЭҚЖЖ коды

1 2 3

1

Ет өңдеу және консервілеу

1011

2

Ауыл шаруашылығы құсының етін өңдеу және консервілеу

1012

3

Ет өнімдерін және ауыл шаруашылығы құсының етінен жасалған өнімдер өндірісі

1013

4

Балықты, шаян тәрізділерді және моллюскаларды өңдеу және консервілеу

1020

5

Картопты өңдеу және консервілеу

1031

6

Жеміс және көкөніс шырындарының өндірісі

1032

7

Жемістер мен көкөністерді өңдеу және консервілеудің өзге де түрлері

1039

8

Май және тоң май өндірісі

1041

9

Маргарин және оған ұқсас тағамдық майлар өндірісі

1042

10

Сүтті өңдеу және ірімшік өндірісі

1051

11

Балмұздақ өндірісі

1052

12

Ұн-жарма өнімдерінің өндірісі

1061

13

Крахмал және крахмал өнімдерінің өндірісі

1062

14

Ұзақ сақталмайтын нан-тоқаш және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер өндірісі

1071

15

Кептірілген нан және печенье, ұзақ сақталатын ұннан жасалған кондитерлік бұйымдар өндірісі

1072

16

Макарон өнімдерінің өндірісі

1073

17

Қант өндірісі

1081

18

Какао, шоколад және қантты кондитерлік бұйымдар өндірісі

1082

19

Шай және кофе өндірісі*

1083

20

Дәмдеуіштер мен дәмдеуіштер өндірісі*

1084

21

Дайын тағам өнімдерінің өндірісі

1085

22

Балалар тағамын және емдәмдік тамақ өнімдерінің өндірісі

1086

23

Басқа топтамаларға енгізілмеген басқа тамақ өнімдерінің өндірісі

1089

24

Ауыл шаруашылығы жануарларына арналған дайын азықтар өндірісі

1091

25

Үй жануарларына арналған дайын азықтар өндірісі

1092

      *ескертпе: ЭҚЖЖ 1083, 1084 кодтары шеңберінде өнімді экспорттайтын кәсіпкерлік субъектілері үшін ғана қарыздар беруге жол беріледі.

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Қазақстан
Республикасы Ұлттық Банкінің
өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және
орта кәсіпкерлік
жобаларын қаржыландыруды
қамтамасыз ету жөніндегі
бірлескен іс-қимыл жоспарына
2-қосымша

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы мен екінші
деңгейдегі банктер арасындағы өңдеу өнеркәсібі саласындағы
шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кейіннен кредит беру
үшін қаражатты екінші деңгейдегі банктерге орналастыру туралы
кредиттік келісім

      Ескерту. 2-қосымша алып тасталды - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады