Байланыс формасы

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілеу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 2 шілдедегі № 756 қаулысы

      «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасы белгіленсiн.
      2. «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жіктемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 13 желтоқсандағы № 1310 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 48, 620-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң      
2014 жылғы 2 шілдедегі
№ 756 қаулысына 
қосымша       

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың
сыныптамасы

      1. Егер авария, табиғи зiлзала немесе апат салдарында төтенше жағдай аймағы объектi аумағының шегiнен шықпаса, бұл ретте мынадай салдардың бiрi туындаса немесе туындауы мүмкiн болса:
      1) 5-тен астам, бiрақ 10-нан көп емес адам қаза болса;
      2) 50-ден астам, бiрақ 100-ден көп емес адамның тiршiлiк әрекеті жағдайлары бұзылса;
      3) адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзу объектiлерiне келтiрiлген материалдық залалдың мөлшерi бес мыңнан он бес мыңға дейiнгi айлық есептiк көрсеткiштi құраса, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдай объектiлiкке жатады.
      2. Егер авария, табиғи зiлзала немесе апат салдарында төтенше жағдай аймағы өндiрiстiк немесе әлеуметтiк мақсаттағы объектiнiң аумағы шегiнен шықса және облыстың екi ауданының шегiнен шықпаса, бұл ретте мынадай салдардың бiрi туындаса немесе туындауы мүмкiн болса:
      1) 10-нан астам, бiрақ 50-ден көп емес адам қаза болса;
      2) 100-ден астам, бiрақ 500-ден көп емес адамның тiршiлiк әрекеті жағдайлары бұзылса;
      3) адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзу объектiлерiне келтiрiлген материалдық залалдың мөлшерi он бес мыңнан жүз мыңға дейiнгi айлық есептiк көрсеткiштi құраса, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдай жергiлiктiге жатады.
      3. Егер авария, табиғи зiлзала немесе апат салдарында төтенше жағдай аймағы бiр облыстың кемiнде үш ауданының аумағын қамтыса не төтенше жағдай Қазақстан Республикасының екi облысының аумағында болса, бұл ретте мынадай салдардың бiрi туындаса немесе туындауы мүмкiн болса:
      1) 50-ден астам, бiрақ 200-ден көп емес адам қаза болса;
      2) 500-ден астам, бiрақ 1500-ден көп емес адамның тiршiлiк әрекеті жағдайлары бұзылса;
      3) адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзу объектiлерiне келтiрiлген материалдық залалдың мөлшерi жүз мыңнан екi жүз мыңға дейiнгi айлық есептiк көрсеткiштi құраса, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдай өңiрлiкке жатады.
      4. Егер авария, табиғи зiлзала немесе апат салдарында төтенше жағдай Қазақстан Республикасының үш және одан да көп облысының аумағында болса не шектес мемлекеттердiң аумағын қамтыса, бұл ретте мынадай салдардың бiрi туындаса немесе туындауы мүмкiн болса:
      1) 200-ден астам адам қаза болса;
      2) 1500-ден астам адамның тiршiлiк әрекеті жағдайлары бұзылса;
      3) адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзу объектiлерiне келтiрiлген материалдық залалдың мөлшерi екi жүз мыңнан аса айлық есептiк көрсеткiштi құраса, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдай жаһандыққа жатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады