Байланыс формасы

Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 қазандағы № 1142 қаулысы.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 8-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.


Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов



  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2014 жылғы 28 қазандағы
  № 1142 қаулысымен
  бекітілген

Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 8-тармағына сәйкес әзірленді және "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында ерекше тәрбиелеу, оқыту жағдайларын және арнаулы педагогикалық тәсілді талап ететін он бір жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету тәртібін белгілейді.

      Адамдардың жоғарыда көрсетілген санаттары бірлесіп көрсетілетін қызметті алушылар деп аталады.

      2. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын субъектілер ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымы болып табылады.

      3. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге байланысты шығындар облыстық бюджет қаражаты есебінен өтеледі.

2. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын ұйымға
қабылдау және одан шығу тәртібі

      4. Көрсетілетін қызметті алушыларды ұйымға қабылдау бүкіл күнтізбелік жыл бойы жүзеге асырылады.

      5. Сот органдарының арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберу туралы шешімі, кәмелетке толмағанды ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымына жіберу үшін негіз болып табылады, оған мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) туу туралы куәлік немесе жеке куәлік;

      2) ата-анасы туралы мәліметтерді қамтитын құжаттар (ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жеке куәліктері, ата-анасының қайтыс болғаны туралы куәліктердің көшірмелері, соттың шешімі (ата-аналасын ата-ана құқықтарынан айыру немесе шектеу, ата-анасын хабар-ошарсыз кеткен деп тану, қайтыс болған деп жариялау немесе әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектелуі) деп тану, ата-анасына іздеу салу туралы анықтама). Егер кәмелетке толмаған бала жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған болса, оның мәртебесін растайтын құжат;

      3) денсаулық жағдайы мен екпелері туралы медициналық құжаттар;

      4) үлгерім табелінің көшірмесімен қоса оқу орнынан анықтама, негізгі мектепті бітіргені туралы куәлік;

      5) осы ұйымға жіберілгенге дейін оқыған және (немесе) тәрбиеленген білім беру ұйымынан мінездеме;

      6) тұрғылықты жерінен (отбасы, ұйым), мүліктің, бекітілген тұрғын ауданының бар-жоғы туралы анықтама, әлеуметтік жәрдемақы алатын баланың атына дербес шот ашу туралы шарттың көшірмесі, алимент өндіріп алу туралы сот шешімінің көшірмесі және жеке ісінде бар болса, басқа да құжаттар.

      "Кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдары мен ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында бағып-күтуге және оқытуға кедергі болатын аурулардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 маусымдағы № 592 қаулысына сәйкес ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында ұстауға және оқытуға кедергі болатын аурулары бар кәмелетке толмағандар көрсетілген білім беру ұйымына орналастырылмайды.

      Егер осы Қағидалардың 5-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттар жоқ болған жағдайда, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымы кәмелетке толмағандарды қабылдауды қамтамасыз етеді және кәмелетке толмаған баланың жеке ісін қалыптастыру үшін құзыретті органдар мен ұйымдарға тиісті сауал жолдайды.

      6. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымынан шыққан кезде көрсетілетін қызметті алушыға мынадай құжаттар беріледі:

      1) туу туралы куәлік немесе жеке куәлік;

      2) білім беру ұйымында болғаны туралы анықтама;

      3) денсаулық жағдайы мен екпелері туралы медициналық құжаттар;

      4) үлгерім табелімен қоса оқу орнынан анықтама, негізгі мектепті аяқтағаны туралы куәлік;

      5) кәмелетке толмаған балаға мінездеме.

3. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынудың көлемі мен шарттары

      7. Тұратын орын бере отырып, балалардың білім алу, тәрбиелену құқықтарының мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз ететін ұйымда көрсетілетін қызметті алушылардың тыныс-тіршілігін қолдауға бағытталған әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер:

      1) "Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1684 қаулысына сәйкес тұрғын алаңын ұсынуды;

      2) оңалту және емдеу, білім беру, мәдени іс-шараларға, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларына, тұрмыстық бағдар негіздеріне оқытуға арналған жиһазбен және (немесе) арнайы жабдықтармен жабдықталған үй-жайларды ұсынуды;

      3) жұмсақ мүкәммалды (киім, аяқ киім, іш киім және төсек-орын жабдықтары) ұсынуды;

      4) "Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1684 қаулысына сәйкес құнарлы және емдәмдік тамақтануды ұсынуды;

      5) тұрмыстық қызмет көрсетумен (іш киімдерді, киімдерді, төсек-орын жабдықтарын жуу, кептіру, үтіктеу, залалсыздандыру) қамтамасыз етуді;

      6) кәсіптік тұрғыдан өзін-өзі айқындау және шығармашылық еңбек үшін қажетті жабдықтармен бірге жағдайлар жасауды;

      7) емделу, оқу, мәдени, спорттық іс-шараларға қатысу үшін көрсетілетін қызметті алушыларды тасымалдау кезінде көлік қызметін ұсынуды, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың мекемеде болу мерзімі аяқталған соң тұратын жеріне дейін алып жүруді;

      8) көрсетілетін қызметті алушылардың ақыл-ой, эмоциялық, рухани және дене дамуына ықпал ететін отбасылық ортаға жақын қолайлы жағдай жасауды қамтиды;

      8. Тұратын орын бере отырып, балалардың білім алу, тәрбиелену құқықтарының мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз ететін ұйымда көрсетілетін қызметті алушылардың жеке жағдайын ескере отырып, денсаулығын қолдауға және жақсартуға бағытталған әлеуметтік-медициналық қызметтер:

      1) медициналық-әлеуметтік тексеруді ұйымдастыруды және өткізуді (қажет болған жағдайда денсаулық сақтау ұйымдарының мамандарын тарта отырып);

      2) медициналық алғашқы тексеруді және алғашқы санитариялық өңдеу жүргізуді;

      3) медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді;

      4) тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін керсетуге ықпал етуді;

      5) емдеу-сауықтыру іс-шараларын, оның ішінде денсаулық сақтау мекемелерінде ұйымдастыруды;

      6) жедел ауруханаға жатқызуды және денсаулық сақтау ұйымдарында еріп жүруді;

      7) көрсетілетін қызметті алушылардың денсаулық жағдайын ескере отырып, оларды күтуді қамтамасыз етуді;

      8) консультациялық көмек көрсетуді (білікті маман болмаған жағдайда - денсаулық сақтау ұйымдарынан маманды міндетті түрде тарту);

      9) шұғыл жағдайларда алғашқы медициналық көмек керсетуді;

      10) профилактикалық іс-шараларды өткізуді;

      11) әлеуметтік-медициналық сипаттағы оңалту іс-шараларын жүргізуді қамтиды.

      9. Тұратын орын бере отырып, балалардың білім алу, тәрбиелену құқықтарының мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз ететін ұйымда көрсетілетін қызметті алушылардың әлеуметтік бейімделуі, әлеуметтенуі мен әлеуметтік ортаға ықпалдасуына бағытталған олардың психологиялық жай-күйін түзетуді көздейтін әлеуметтік-психологиялық қызметтер:

      1) тұлғаны психологиялық диагностикалауды және тексеруді;

      2) әлеуметтік-психологиялық патронажды (жүйелі қадағалау);

      3) көрсетілетін қызметті алушылармен психологиялық профилактикалық жұмыстарды;

      4) психологиялық консультация беруді;

      5) көрсетілетін қызметті алушыларға психологиялық көмек көрсетуді, оның ішінде әңгімелесу, сөйлесу, тыңдау, көңілін көтеру, белсенділікке ынталандыруды;

      6) психологиялық тренингтерді;

      7) көрсетілетін қызметті алушыларды психологиялық түзетуді;

      8) өзара қолдау топтарында, қарым-қатынас клубтарында сабақ өткізуді қамтиды.

      10. Тұратын орын бере отырып, балалардың білім алу, тәрбиелену құқықтарының мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз ететін ұйымда көрсетілетін қызметті алушылардың дене мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттерін ескере отырып, оларды педагогикалық түзету мен оқытуға бағытталған әлеуметтік-педагогикалық қызметтер:

      1) әлеуметтік-педагогикалық консультация беруді;

      2) көрсетілетін қызметті алушыларды тәрбиелеу мен оқыту процесін ұйымдастыруды, олардың әлеуметтенуін, бейімделуін және әлеуметтік ортаға ықпалдасуын;

      3) көрсетілетін қызметті алушылардың дене мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттерін ескере отырып, олардың білім алуына ықпал етуді қамтиды.

      11. Көрсетілетін қызметті алушыларға тұратын орын бере отырып, балалардың білім алу, тәрбиелену құқықтарының мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз ететін ұйым жағдайында тұлғалық даму деңгейін көтеруге, әлеуметтік бейімдеуге, кәсіптік тұрғыдан өзін-өзі айқындауға және одан әрі жұмысқа орналастыруға бағытталған әлеуметтік-еңбек қызметтер:

      1) көрсетілетін қызметті алушыларда бар еңбек дағдыларын зерттеу жөнінде іс-шаралар өткізуді;

      2) емдеу-еңбек қызметін жүргізуді;

      3) көрсетілетін қызметті алушыларды қолжетімді кәсіптік дағдыларға үйрету жөніндегі іс-шараларды өткізуге ықпал етуді;

      4) жеке физикалық мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттеріне сәйкес кәсіп алу үшін ықпал етуді қамтиды.

      12. Тұратын орын бере отырып, балалардың білім алу, тәрбиелену құқықтарының мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз ететін ұйым жағдайында көрсетілетін қызметті алушылардың бос уақытын ұйымдастыруға және оларды бос уақыт іс-шаралары мен салауатты өмір салтының негізін қалыптастыруға тартуға бағытталған әлеуметтік-мәдени қызметтер:

      1) мерекелер мен бос уақытты өткізу іс-шараларын ұйымдастыруды;

      2) клубтық және үйірмелік жұмысты ұйымдастыру мен жүргізуді;

      3) бос уақыт іс-шараларына тартуды, мәдени іс-шараларға қатыстыруды (экскурсиялар ұйымдастыру, театрға, көрмелерге, концерттер мен басқа да іс-шараларға бару) қамтиды.

      13. Тұратын орын бере отырып, балалардың білім алу, тәрбиелену құқықтарының мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз ететін ұйым жағдайында көрсетілетін қызметті алушыларға құқықтық мәртебеге ие болу немесе өзгерту, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге, заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған әлеуметтік-құқықтық қызметтер:

      1) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында әлеуметтік қамтамасыз ету құқығына байланысты мәселелер бойынша заң кеңесін беруді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көмекті;

      2) заңдық мәні бар құжаттарды ресімдеуге көмек көрсетуді;

      3) арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін және көрсетілетін қызметті алушылардың заңды құқықтарын бұзатын немесе шектейтін ұйымдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне өтініш дайындауға және беруге кемек көрсетуді;

      4) заңнамада белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтарды, әлеуметтік телемдерді алуға көмек көрсетуді және ықпал етуді;

      5) көрсетілетін қызметті алушыларға немесе олардың отбасы мүшелеріне жасалған физикалық және психикалық зорлық-зомбылыққа кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартуға ықпал етуді;

      6) жұмысқа орналасу үшін, жеке басын куәландыратын құжат және заңды мәні бар басқа да құжаттарды алу үшін құжаттарды ресімдеуге заң көмегін көрсетуге ықпал етуді;

      7) қорғаншылық және қамқоршылық органдарына балаларды отбасына орналастыруға, оның ішінде асырап алуға, қамқорлыққа, патронатқа, қорғаншылыққа беруге ықпал етуді;

      8) 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде, Қазақстан Республикасының "Адвокаттық қызмет туралы" 1997 жылғы 5 желтоқсандағы, "Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы" 2013 жылғы 3 шілдедегі заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен мемлекет кепілдік берген құқықтық көмек алуға ықпал етуді қамтиды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады