"Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы № 1430 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы 1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар

      Осы Заң Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес ауыл шаруашылығы кооперативтерінің және олардың тексеру одақтарының (қауымдастықтарының) құқықтық ережесін, қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін, олардың құрылу, қызметі, қайта ұйымдастырылу және таратылу тәртібін айқындайды.

      2-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі ұғымы

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативі (бұдан әрі – кооператив) – табыс алу, кооператив қатысушыларының тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге (қызмет көрсетуге) деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, сондай-ақ кооператив жарғысына сәйкес өзге де мақсаттарда жеке және (немесе) заңды тұлғалар өндірістік кооперативтің ұйымдық-құқықтық нысанында құрған ұйым.
      2. Егер кооперативтің құрылтай құжаттарында оның белгілі бір мерзімге немесе белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін құрылатыны көзделмесе, кооператив белгіленбеген мерзімге құрылған болып есептеледі.
      3. Кооператив заңды тұлға болып табылады.
      4. Кооператив өзінің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлікпен жауап береді.
      5. Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, кооператив қатысушылары оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және өздері енгізген салым құны шегінде кооператив қызметімен байланысты шығындар тәуекелін көтереді.
      6. Кооперативтің жарғылық капиталға салымдарын толық енгізбеген мүшелері оның міндеттемелері бойынша әрбір қатысушының енгізбеген салымы бөлігінің құны шегінде ортақ жауаптылықта болады.
      7. Кооператив өз қатысушыларының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      3-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін құрудың және оның
             қызметінің негізгі қағидаттары

      Кооператив мынадай:
      1) кооперативке қатысудың еріктілігі және осы Заңның талаптарына сай келетін адамдардың кооперативке кіру мүмкіндігі;
      2) өзара көмек және кооператив қатысушылары үшін экономикалық пайданы қамтамасыз ету;
      3) кооператив қатысушыларының тең құқылығына негізделген демократиялық басқару: бір қатысушы – бір дауыс;
      4) кооперативтің өз қатысушыларына өзіндік құны бойынша тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатуы;
      5) өз қатысушылары үшін кооператив қызметінің айқындылығы қағидаттарында құрылады және өз қызметін жүзеге асырады.

      4-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің фирмалық атауы

      1. Кооперативтің кооператив атауын, оның ішінде «өндірістік ауыл шаруашылығы кооперативі» деген сөздерді немесе «ӨАШК» деген аббревиатураны қамтуға тиіс фирмалық атауы болады.
      Кооператив фирмалық атаудың қысқарған нысанын және оның шет тілдердегі баламаларын пайдалануға да құқылы.

      5-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің орналасқан жері
             мен мекенжайы

      1. Кооперативтің орналасқан жері деп оның тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жері танылады.
      2. Кооператив орналасқан жерiн ауыстырған кезде кооператив бұл туралы қажеттi өзгерiстердi Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзу үшiн кооперативтің нақты мекенжайы бойынша заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органды хабардар етуге мiндеттi.

      6-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің құқық
             қабілеттілігі

      1. Кооператив коммерциялық ұйым болып табылады, азаматтық құқықтары болады және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған қызметтің кез келген түрін жүзеге асыруға қажетті, оның қызметімен байланысты міндеттерді атқарады.
      2. Кооператив тізбесі заңнамалық актілерінде айқындалатын жекелеген қызмет түрлерімен лицензия негізінде ғана айналыса алады.

      7-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің филиалдары мен
             өкілдіктері

      1. Кооператив өзі орналасқан жерден тыс жерлерде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 43-бабына сәйкес филиалдар құруға және өкілдіктер ашуға құқылы.
      2. Кооперативтің филиалдарын құру және өкілдіктерін ашу туралы шешімді, егер кооператив жарғысында мұндай шешімдерді оның қатысушыларының жалпы жиналысы қабылдайтыны көзделмесе, кооперативтің атқарушы органы қабылдайды.

      8-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің қатысушылары

      1. Кооператив құрылтайшылары, сондай-ақ ол құрылғаннан кейін кооператив мүлкінен үлеске құқық алған адамдар оның қатысушылары болып табылады.
      2. Мекеме, егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, өзінің меншік иесінің рұқсатымен кооперативке қатысушы бола алады.

      9-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының саны

      Кооператив қатысушыларының саны үштен кем болмауға тиіс.
      Егер қатысушыларының шығуы нәтижесінде олардың саны ең төменгі саннан аз болса, қатысушылар алты ай ішінде жаңа қатысушыларды қабылдауға және кооперативті сақтап қалуға құқылы. Алты ай өткен соң көрсетілген талаптарды орындамаған кезде кооператив мүдделі тараптардың талап-арызы бойынша жоюға жатады не өз атауынан «ауыл шаруашылығы» деген сөздерді, сондай-ақ осындай сөздер мен сөз тіркестерінен туындайтын сөздерді алып тастауға немесе құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу жолымен «ӨАШК» деген аббревиатураны «ӨК» деген аббревиатураға ауыстыруға міндетті.

      10-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының
              құқықтары

      1. Кооператив қатысушылары:
      1) осы Заңда және кооперативтің жарғысында көзделген тәртіппен кооператив істерін басқаруға қатысуға;
      2) кооперативтің жарғысында көзделген тәртіппен кооперативтің қызметі туралы ақпарат алуға, оның бухгалтерлік және өзге де құжаттамасымен танысуға;
      3) осы Заңға, кооперативтің құрылтай құжаттарына және оның жалпы жиналысының шешімдеріне сәйкес кооперативтің қызметінен табыс алуға;
      4) кооператив таратылған жағдайда кредиторлармен есеп айырысқаннан кейін қалған мүліктің бір бөлігінің құнын немесе кооперативке барлық қатысушылардың келісімі бойынша осы мүліктің бір бөлігін заттай алуға;
      5) осы Заңда көзделген тәртіппен өз үлесін иеліктен шығару жолымен кооперативке қатысуын тоқтатуға;
      6) осы Заңда және (немесе) кооператив жарғысында көзделген олардың құқықтарын бұзған кооператив органдарының шешімдеріне сот тәртібімен дау айтуға;
      7) кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының шешімдеріне сәйкес кооперативтің тауарларын, жұмыстарын, көрсетілетін қызметтерін өзіндік құны бойынша сатып алуға;
      8) жарғыға және кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының шешімдеріне сәйкес кооперативтік төлемдер алуға құқылы.
      2. Кооператив қатысушыларының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтары болуы мүмкін.

      11-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының
              міндеттері

      1. Кооператив қатысушылары:
      1) құрылтай шартының талаптарын сақтауға;
      2) құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен, мөлшерде және мерзімде кооперативтің жарғылық капиталына салымдар салуға;
      3) кооператив коммерциялық құпия деп жариялаған мәліметтерді жария етпеуге;
      4) кооператив қатысушыларының тізілімін жүргізген жағдайда, осы Заңның 17-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген мәліметтердің өзгергені туралы атқарушы органды, сондай-ақ тіркеушіні жазбаша хабардар етуге;
      5) кооперативтің органдарына олармен мәмілелер жасау туралы шешім қабылдау үшін жеткілікті өзінің қаржылық жағдайы туралы дәйекті ақпаратты ұсынуға міндетті.
      2. Кооператив қатысушылары кооперативтің құрылтай құжаттарында, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде көзделген басқа да міндеттерді мойнына алуы мүмкін.

      12-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру
              одақтары (қауымдастықтары)

      1. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одағы (қауымдастығы) (бұдан әрі – тексеру одағы) – коммерциялық емес ұйымдар нысанында құрылған және оған кіретін кооперативтердің қаржы-шаруашылық қызметінің ішкі аудитін жүргізуді, осы қызметті үйлестіруді, кооперативтердің мүліктік мүдделерін білдіруді және қорғауды, тексеру одағының мүшелеріне ішкі аудитке жанама қызметтер көрсетуді, сондай-ақ осы Заңда көзделген өзге де қызметті жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің одағы.
      2. Тексеру одағы оның құрылтайшылары болып табылатын кемінде 10 кооперативтің бастамасы бойынша құрылады. Осы Заңда белгіленген кооперативтердің – тексеру одағы мүшелерінің саны азайған жағдайда, тексеру одағы алты ай ішінде жаңа мүшелер қабылдауға және тексеру одағын сақтап қалуға құқылы. Алты ай өткен соң көрсетілген талаптарды орындамаған кезде тексеру одағы таратылуға жатады.
      3. Кооператив міндетті түрде өзінің таңдауы бойынша тексеру одақтарының біріне кіреді. Өзгеше жағдайда кооператив соттың шешімі бойынша не мүдделі тараптардың талаптары бойынша 6 (алты) айдан аспайтын мерзімде таратылуға жатады. Тексеру одағынан шыққан кооператив 30 күн ішінде басқа тексеру одағында өзінің мүшелігін ресімдеуге міндетті. Кооперативтің бір уақытта бірден артық тексеру одағына мүше болуға құқығы жоқ.
      4. Тексеру одағы өз қызметін осы Заңға, жарғыға және құрылтай шартына сәйкес жүзеге асырады. Тексеру одағы мүшелерінің жалпы жиналысы және тексеру одағы мүшелерінің жалпы жиналысы сайлайтын оның байқаушы кеңесі тексеру одағын басқарудың жоғары органы болып табылады. Тексеру одағының байқаушы кеңесі еңбек шарты негізінде жалдайтын тексеру одағының атқарушы директоры тексеру одағының атқарушы органы болып табылады. Аудитордың біліктілік куәлігі бар адам ғана тексеру одағының атқарушы директоры бола алады.
      5. Тексеру одағы тексеру одағының қағидаларына сәйкес ішкі аудитті жүзеге асырады.
      6. Тексеру одағының қаржылық қызметі оның құрылтай құжаттарына сәйкес тексеру одағын алқалы басқару органы бекіткен кірістер және шығыстар сметасы негізінде жүзеге асырылады. Ішкі аудитті жүзеге асыруға және ішкі аудитке жанама қызметтерді көрсетуге жұмсалған тексеру одағының шығыстары мүшелік жарналар есебінен өтеледі, оның мөлшері көрсетілген смета немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге көздер негізінде белгіленеді.
      7. Тексеру одағы ішкі аудит нәтижелері бойынша жазбаша нысанда ішкі аудит қорытындысын жасайды, ол кооператив мүшелеріне және кооперативтің бухгалтерлік есептілігін өзге де пайдаланушыларға арналған және тексеру одағының кооперативтің бухгалтерлік есептілігінің дұрыстығы, кооперативтің бухгалтерлік есептілікті жүргізу тәртібінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі, кооперативті басқарушы органдардың жарғы мен Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелерін сақтауы туралы белгіленген нысанда білдірген пікірін, сондай-ақ кооперативтің, кооперативтер одағының қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижесін нашарлатуға әкеп соғуы мүмкін анықталған бұзушылықтар немесе олардың дәрменсіздігі (банкроттығы) туралы деректерді қамтитын ресми құжат болып табылады.
      8. Ішкі аудит қорытындысының нысаны, мазмұны, оған қол қою тәртібі және ұсыну тәртібі тексеру одағының қағидаларында айқындалады.
      9. Тексеру одағының байқаушы кеңесі мүшелері санының кемінде 50 пайызын кооперативтердің – осы одақ мүшелерінің байқаушы кеңестерінің төрағалары құрауға тиіс.
      10. Тексеру одағының атауы «ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одағы» деген сөздерді қамтуға тиіс.

2-тарау. Ауыл шаруашылығы кооперативін құру

      13-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін құру рәсімі

      1. Кооперативті құру оның құрылтайшыларының құрылтай шартын жасасуынан (осы Заңның 14-бабы) басталады және кооперативті заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өткізумен (осы Заңның 18-бабы) аяқталады.
      2. Кооперативті құру рәсімі ол аяқталғанға дейін:
      1) бір жыл ішінде, ал егер құрылтай шартында басқа мерзім белгіленсе, осы мерзім ішінде, құрылтай шарты жасалған күннен бастап кооперативті мемлекеттік тіркеу туралы тиісті өтініш берілмеген жағдайда;
      2) егер кооперативті мемлекеттік тіркеуден бас тартуға сот тәртібімен белгіленген мерзімде шағым жасалмаса не шағым жасалып, бірақ шағым қабылданбаған жағдайда тоқтатылады.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларда кооперативті құру рәсімі ол аяқталғанға дейін тоқтатылған кезде:
      1) жарғылық капиталды қалыптастыру үшін ақша, бағалы қағаздар, заттар, зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықты қоса алғанда, мүліктік құқықтарын және өзге де мүлігін салған кооперативтің құрылтайшылары оларды дереу қайтаруды талап етуге құқылы;
      2) осы Заңның негізінде жасалған сенімгерлік басқару туралы шарт оның тараптары арасында өзгеше келісім болмаған жағдайда тоқтатылады және осындай шарт бойынша берілген мүлік қайтарылуға тиіс.
      4. Кооператив құру рәсімі ол аяқталғанға дейін тоқтатылған кезде (осы баптың 2-тармағы), егер құрылтайшылар жаңа құрылтай шартын жасасса, кооперативті құруға болады. Бұл ретте мемлекеттік тіркеуден бас тартуға себеп болған мән-жайлар ескерілуге тиіс.

      14-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай шарты

      1. Кооператив құрылтай шарты негізінде құрылады.
      2. Кооперативтің құрылтай шартында мыналар:
      1) кооперативті құру туралы шешім, оның фирмалық атауы және орналасқан жері;
      2) кооператив құрылтайшыларының атауы, орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмiрлерi (егер құрылтайшы заңды тұлға болса) немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), тұрғылықты жері мен жеке сәйкестендіру нөмiрi (егер құрылтайшы жеке тұлға болса) көрсетілген кооператив құрылтайшыларының тізбесі;
      3) кооперативті құру тәртібі; оның құрылуына байланысты құрылтайшылардың міндеттері, сондай-ақ құрылтайшылардың кооперативті құру жөніндегі қызметті жүзеге асыруының өзге де шарттары; көрсетілген адамдардың, сондай-ақ кооперативті құру мен тіркеу барысында құрылатын кооперативтің мүдделерін білдіруге уәкілеттік берілетін басқа да адамдардың өкілеттігін айқындау;
      4) кооператив жарғылық капиталының мөлшері;
      5) кооперативтің жарғылық капиталына әрбір құрылтайшының ақша салымының құрамы, мөлшері мен мерзімдері туралы немесе заттай нысанда немесе мүліктік құқықтар түрінде салынған салымның ақшалай бағалануы туралы мәліметтер; кооперативтің жарғылық капиталына қосымша салымдар салу туралы шешім қабылдаудың тәртібі, сондай-ақ кооперативтің жарғылық капиталына салымдарды уақтылы салмаудың салдарлары;
      6) құрылтайшының кооператив мүлкіндегі үлесін айқындау; кооператив қатысушылары үлестерінің ауысу тәртібі;
      7) кооператив жарғысын бекіту;
      8) кооперативтің таза кірісін бөлу тәртібі қамтылуға тиіс.
      Құрылтайшылардың шешімі бойынша құрылтай шартына кооперативті құруға және оның қызметіне қатысты осы Заңға және басқа да заңнамалық актілерге қайшы келмейтін өзге де шарттар енгізілуі мүмкін.
      3. Кооперативтің құрылтай шартында оның қызметінің мәні мен мақсаты көзделуі мүмкін.
      4. Егер құрылтай шартында өзгеше көзделмесе, кооперативтің құрылтай шарты коммерциялық құпия болып табылатын құжаттар құрамына кіреді, мемлекеттік және өзге де ресми органдарға, сондай-ақ үшінші жаққа кооператив органдарының шешімімен ғана не заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларда ұсынылуы тиіс.
      Мемлекеттік тіркеу кезінде тіркеуші органға құрылтай шартын ұсыну талап етілмейді.
      5. Құрылтай шартының талаптары осы шартқа қол қойған құрылтайшылар үшін, сондай-ақ кооператив құрылып, тіркелгеннен кейін оған кірген жаңа қатысушылар үшін міндетті болып табылады.

      15-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай шартын
              жасау тәртібі мен оның нысаны

      1. Кооперативтің құрылтай шарты әрбір құрылтайшының немесе оның уәкілетті өкілінің шартқа қол қоюы арқылы жасалады.
      2. Кооперативтің құрылтай шарты жазбаша нысанда жасалады.
      3. Шартқа кооперативтің барлық құрылтайшылары қол қояды.
      Құрылтайшылар өкілдерінің кооперативті құруға және құрылтай шартына қол қоюға құқық беретін тиісті өкілеттігі болуға тиіс.
      Құрылтайшылар қатарына кіретін заңды тұлғаларды олардың тиісті заңды тұлға атынан сенімхатсыз әрекет етуге құқылы басшылары білдіруі мүмкін.
      4. Шартқа қол қоюдан бас тарту кооперативке кіруден бас тартуды білдіреді. Шартқа қол қоймаған адамдарды оның құрылтайшыларының тізбесінде көрсетуге болмайды.
      Шартқа ескертпелер жасай отырып қол қоюға жол берілмейді. Кооперативтің жекелеген қатысушылары мәртебесінің ерекшеліктері барлық құрылтайшылар қол қойған шарттың мәтінінде көрсетілуге тиіс.
      5. Құрылтай шарты нотариалды куәландыруға жатады.
      6. Құрылтай шартына қол қойған құрылтайшылар кооператив мемлекеттік тіркеуден өткен соң кооперативтің қатысушылары болады.

      16-бап. Тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын ауыл
              шаруашылығы кооперативінің құрылу және қызмет ету
              ерекшелiктерi

      1. Кооператив бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушысымен (тiркеушiмен) кооператив қатысушыларының тiзiлiмiн жүргiзуге шарт жасасуға құқылы.
      Құрылтай шартының қолданысы кооператив қатысушыларының тiзiлiмi қалыптастырылған күннен бастап тоқтатылады. Кооператив қатысушыларының тiзiлiмiнен алынған үзiнді-көшiрме қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын кооперативтің жарғылық капиталындағы үлеске құқықты растайтын құжат болып табылады.
      Акционерлiк қоғам оның қатысушыларының тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын кооператив болып қайта құрылған жағдайда құрылтай шарты жасалмайды.
      2. Акционерлiк қоғамнан қайта құрылған кооперативтің жарғысына қайта құру туралы шешім қабылдаған акционерлердiң жалпы жиналысы уәкiлеттiк берген адам қол қояды.
      Акционерлiк қоғамнан қайта құрылған кооперативтiң жарғысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы шешiм осы Заңның 47-бабында белгiленген тәртiппен кооператив қатысушыларының жалпы жиналысында қабылданады.

      17-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысы

      1. Кооператив жарғысы кооперативтің заңды тұлға ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындайтын құжат болып табылады.
      2. Кооператив жарғысында мыналар:
      1) кооперативтің фирмалық атауы, орналасқан жері мен мекенжайы;
      2) олардың атауы, орналасқан жерi, бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (eгep құрылтайшы заңды тұлға болса) немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), тұрғылықты жерi және жеке сәйкестендіру нөмірі (eгep құрылтайшы жеке тұлға болса) көрсетiлген кооператив қатысушыларының тiзбесi (кооператив қатысушыларының тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын кооперативті қоспағанда);
      3) кооперативтің жарғылық капиталының мөлшері туралы мәліметтер;
      4) кооператив органдарын құру тәртібі мен олардың құзыреті;
      5) кооперативті қайта ұйымдастыру және оның қызметін тоқтату шарттары;
      6) кооперативтiң таза кiрiсiн бөлудiң тәртiбi;
      7) кооперативтік төлемдерді бөлу тәртібі;
      8) кооператив қатысушыларына және үлестерді сатып алушыларға кооперативтің қызметі туралы ақпаратты ұсыну тәртібі және мерзімі;
      9) кооперативтің қызметі туралы ақпаратты жариялау үшін пайдаланылатын бұқаралық ақпарат құралының атауы;
      10) кооператив қатысушыларының құқықтары мен міндеттері қамтылуға тиіс.
      Жарғыда Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа ережелер де қамтылуы мүмкін.
      Кооперативтің жарғысында оның қызметінің мәні мен мақсаттары көзделуі мүмкін.
      3. Жарғыны құрылтайшылардың жалпы жиналысы бірауыздан бекітуі және оған барлық құрылтайшылар немесе олардың уәкілетті өкілдері қол қоюы тиіс.
      4. Кооператив өз қызметін мазмұнын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайтын Ауыл шаруашылығы кооперативінің үлгілік жарғысы негізінде жүзеге асыруға құқылы.
      5. Кооперативтің жарғысын өзгерту осы Заңның 47-бабының нормаларына сәйкес қабылданатын жалпы жиналыстың шешімі бойынша жүзеге асырылады.

      18-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін мемлекеттік тіркеу

      1. Кооператив мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап құрылған болып есептеледі.
      2. Кооперативті мемлекеттік тіркеуді әділет органдары заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырады.
      3. Мемлекеттiк тiркеу деректерi, оның iшiнде кооперативтің фирмалық атауы, жарғылық капиталының мөлшерi, кооператив құрылтайшыларының құрамы мен атқарушы органдары, оның орналасқан жерi туралы мәлiметтер бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізіледі.

      19-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін құрумен байланысты
              міндеттемелер бойынша жауапкершілік

      Кооперативтің құрылтайшылары кооперативті құрумен байланысты және оны мемлекеттік тіркеуге дейін туындаған міндеттемелер бойынша, егер бұл ретте құрылтайшылардың кооператив мүдделері үшін іс-әрекет жасағаны дәлелденсе, ортақ жауапкершілікте болады. Көрсетілген адамдардың іс-әрекеттері кооператив қатысушыларының жалпы жиналысында кейіннен мақұлданған жағдайда кооператив мұндай міндеттемелер бойынша жауап береді.

      20-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының
              құрамындағы өзгеріс

      1. Қатысушылардың жалпы жиналысының шешіміне сәйкес, сондай-ақ осы Заңның, кооператив жарғысының және құрылтай шартының талаптарын сақтай отырып жүргізілген кооперативтің жаңа мүшесін қабылдау құрылтай шартына қосылу туралы шартпен ресімделеді. Қосылу туралы шартқа кооператив органының уәкілетті басшысы мен қосылған қатысушы қол қояды.
      Қосылу туралы шарт құрылтай шартының ажырамас бөлігі болып табылады, ол қосылу туралы шарттың талаптарынан туындайтын бөлігінде өзгертілген болып есептеледі. Құрылтай шартына қосылу туралы шарт нотариалды куәландыруға жатады.
      Жаңа қатысушы кооперативтің құрылтай шартына және оның жарғысына, осы құжаттардағы қосылу туралы шарттың талаптарынан туындайтын өзгерістер ескеріле отырып, қосылған болып есептеледі.
      2. Қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын кооперативке жаңа қатысушыны қабылдау кооператив қатысушыларының тiзiлiмiне жазба енгiзу арқылы ресiмделеді.
      3. Шығып кеткен қатысушының үлесін сатып алу нәтижесінде немесе үлес ауысуының өзге негіздері бойынша кооператив қатысушысы болған адам үлеске құқық өзіне ауысқан сәттен бастап кооперативтің құрылтай шарты мен жарғысына қосылған болып есептеледі.

3-тарау. Ауыл шаруашылығы кооперативинің жарғылық капиталы

      21-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғылық
              капиталын құру

      1. Кооперативтің жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдарын біріктіру жолымен құралады.
      2. Жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері жүз теңгеден кем болмауға тиіс шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын кооперативті қоспағанда, жарғылық капиталдың бастапқы мөлшері құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдарының сомасына тең және кооперативті мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар ұсынылған күнге жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне баламалы сомадан аз болмауы тиіс.
      3. Кооперативтің жарғылық капиталына салым ақша, бағалы қағаздар, заттар, мүліктік құқықтар, оның ішінде жер пайдалану құқығы мен зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқық және өзге де мүлік болуы мүмкін.
      Салымды жеке мүліктік емес құқықтар және өзге де материалдық емес игіліктер түрінде енгізуге жол берілмейді.
      4. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) жарғылық капиталға заттай нысандағы немесе мүліктік құқықтар түріндегі салымдар барлық құрылтайшылардың (қатысушылардың) келісімі бойынша немесе кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының шешімі бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне баламалы сомадан асып түсетін болса, оның бағасын тәуелсіз сарапшы растауға тиіс.
      5. Кооперативке салым ретінде мүлікті пайдалану құқығы берілген жағдайларда бұл салымның мөлшері құрылтай құжаттарында көрсетілген бүкіл мерзімге есептелген пайдалану ақысымен айқындалады.
      Пайдалану құқығы кооперативтің жарғылық капиталына салым болып табылатын мүлікті жалпы жиналыстың келісімінсіз мерзімінен бұрын алуға жол берілмейді.
      Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, кооперативке пайдалануға берілген мүліктің кездейсоқ құрып кету немесе бүліну қаупі мүліктің меншік иесіне жүктеледі.
      6. Егер құрылтай шартында өзгеше көзделмесе, әрбір қатысушы салымының жарғылық капиталдың жалпы сомасына қатынасы қатысушының жарғылық капиталдағы үлесі болып табылады.
      Кооперативке жаңа қатысушылардың қабылдануына немесе кооперативтен бұрынғы қатысушылардың бірінің шығуына байланысты жарғылық капиталдың мөлшерін қандай да бір өзгерту қабылдану немесе шығу сәтінде қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестерін тиісінше қайта есептеуге әкеп соғады.
      7. Құқығы (оның iшiнде шартты жер үлесiне құқығы) кооперативтің жарғылық капиталына салым ретiнде берiлген жер учаскесiн нақтылы бөлiп шығару Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      22-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғылық
              капиталын құру мерзімдері

      1. Жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген мерзімде барлық қатысушылар кооперативтің жарғылық капиталына салымды толық енгізуге тиіс. Мұндай мерзім кооперативті мемлекеттік тіркеген күннен бастап бір жылдан аспауға тиіс.
      2. Кооператив қатысушысы белгіленген мерзімде үлес енгізу жөніндегі міндетін орындамаған кезде кооператив қатысушы енгізбеген үлестің бөлігін өз капиталының (өзінің таза активтерінің) есебінен енгізуге не жарғылық капиталды оның енгізілген бөлігіне дейін азайтуды жүргізуге тиіс.
      Өз үлесін мерзімінде енгізбеген қатысушы кооперативке залалдың орнын толтыруға, сондай-ақ, егер кооперативтің құрылтай шартында немесе жарғысында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 353-бабына сәйкес кооперативке тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті.
      3. Кооперативтің жалпы жиналысының шешімі бойынша қатысушы белгіленген мерзімде енгізбеген үлес немесе оның бір бөлігі осы Заңның 29-бабының 1-тармағында немесе кооперативтің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен қалған қатысушылар арасында бөлінуі мүмкін не үшінші тұлғаларға сатып алу үшін ұсынылуы мүмкін.
      Салымның енгізілмеген бөлігін осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімде сату мүмкін болмаған кезде кооперативтің жарғылық капиталы осы сомаға азайтылады және соған сәйкес қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестері өзгертіледі.
      4. Егер қатысушының салымы біршама уақыттан кейін ғана пайдаланылуы мүмкін мүлікті құрайтын болса, мұндай салым жалпы жиналыстың шешімі бойынша қатысушыдан салымның сипаты, оның ақшалай бағасы мен енгізу мерзімі көрсетілген, нотариалды куәландырылған борыш міндеттемесін алған күннен бастап енгізілген деп танылуы мүмкін. Мұндай мерзім үш жылдан аспайды.
      5. Өз үлесін толық енгізген кооператив қатысушысы кооперативтен өзінің кооператив қатысушысы екендігін куәландыратын куәлік алуға құқылы.
      6. Кооператив құрылғанға дейін ақша енгізу арқылы оның жарғылық капиталын төлеу үшін, кооперативтің құрылтайшылары құрылтай шартында тиісті қаражатты аудару үшін құрылтайшылар арасынан банкте өз атына жинақтау шотын ашатын құрылтайшыны көрсете алады.
      Кооператив құрылып, ол екінші деңгейлі банкте өз шотын ашқаннан кейін атына жинақтау шоты ашылған құрылтайшы осы шоттан кооператив шотына ақша аударуды 5 (бес) жұмыс күн ішінде жүзеге асыруға міндетті. Құрылтайшы ақша аудару жөніндегі міндетін уақтылы орындамаған кезде ол, егер осындай кешіктірудің өзгедей зардаптарын құрылтайшылар айқындамаған болса, кооперативке жинақтау шотында ұсталған сомадан Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 353-бабында белгіленген мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге тиіс.
      7. Егер кооперативтің жарғысында оның құрылтайшылары кооперативтің жарғылық капиталына салымдар есебіне ақша емес, өзге мүлік енгізуі көзделсе, кооператив құрылтайшылары құрылтай шартында тиісті мүлік кооператив құрылғанға дейінгі және құрылғаннан кейінгі кезеңге сенімгерлік басқаруға берілуге тиіс құрылтайшының біреуін немесе үшінші тарапты көрсете алады.
      8. Сенімгерлік басқару туралы шартта:
      1) сенімгер басқарушының барлық құрылтайшылардың мүдделері үшін, ал кооператив құрылғаннан кейін кооператив мүдделері үшін тиісті мүлікті басқаруды жүзеге асыру міндетті;
      2) кооперативке ол құрылған сәттен бастап, пайдасына шарт жасалған және сенімгерлік басқаруға берілген мүлік осы сәттен бастап меншігіне ауысатын адамның құқықтарын беру көзделуге тиіс.

      23-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғылық
              капиталын тексеру

      1. Кооперативті мемлекеттік тіркеу (немесе қайта тіркеу) кезінде жарғылық капитал және оның меншікті капиталымен арақатынасы тексерілмейді.
      2. Кооперативтің жарғылық капиталын тексеру:
      1) кез келген қатысушының талап етуі бойынша тәуелсіз сарапшымен жүргізілуі мүмкін. Сараптамаға мүдделі қатысушы ақы төлейді;
      2) сот шешімі бойынша;
      3) әрбір қаржы жылының қорытындылары бойынша - қаржы есептері бойынша жүргізілуі мүмкін.
      3. Кооператив мәлімдеген жарғылық капитал нақты жарғылық капиталдан асып кеткен кезде кооператив қатысушылары кредит берушілер алдында жарғылық капиталдың меншікті капиталынан асып кеткен сомада кооперативтің борыштары бойынша субсидиарлы түрде ортақ жауапты болады.

      24-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғылық
              капиталын ұлғайту

      1. Кооперативтің жарғылық капиталын ұлғайтуға оны толық төлегеннен кейін жол беріледі.
      2. Кооперативтің жарғылық капиталын ұлғайту:
      1) кооперативтің барлық қатысушылары жүргізетін қосымша пропорционалды салымдар;
      2) жарғылық капитал мөлшерін кооперативтің меншікті капиталы есебінен, оның ішінде өзінің резервтік капиталының есебінен ұлғайту;
      3) қалған барлық қатысушылар келіскен жағдайда бір немесе бірнеше қатысушының қосымша салымдар салуы;
      4) кооператив құрамына осы Заңның 20-бабында көзделген жаңа қатысушыларды қабылдау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Жарғылық капитал мөлшері осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген тәртіппен ұлғайтылған кезде қатысушылар үлестерінің мөлшері өзгермейді.
      4. Жарғылық капитал осы баптың 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген кооператив қатысушыларының бірінің не жаңадан қабылданатын қатысушысының қосымша салым салуы арқылы ұлғайтылған кезде мұндай салымның мөлшері кооперативтің жарғылық капиталына олардың осының алдындағы салымының мөлшерін және барлық қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестерін қайта есептеу қажеттігі ескеріле отырып белгіленеді.
      Шешім барлық қатысушылардың жалпы келісімімен қабылданады.
      5. Кооператив жалпы жиналыстың жарғылық капиталды ұлғайту туралы шешім қабылдаған күнінен бастап үш айдың ішінде жарғылық капиталдың ұлғайтылғандығы туралы өзін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға хабарлауға міндетті. Хабарлаған сәтке қарай жарғылық капитал ұлғайтылатын соманың кемінде жартысына тең сомада салымдар енгізілуге тиіс.
      Егер кооператив өзін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға хабарламаса, жарғылық капитал ұлғайтылмаған болып танылады.
      6. Жарғылық капитал ұлғайтылмай қалған жағдайда қатысушының немесе өз салымын салған, кооперативке кіруге ниет білдірген үшінші тұлға кооперативтен Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 353-бабына сәйкес не залалдарды, оның ішінде, салым ретінде салынған мүлікті пайдалану мүмкін болмауы салдарынан жіберіп алынған пайдасын өтеп, салымды қайтаруды және тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етуге құқылы.

      25-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғылық
              капиталын азайту

      1. Кооперативтің жарғылық капиталын азайту кооперативтің барлық қатысушылары салымдарының мөлшерін пропорционалды мөлшерде азайту не жекелеген қатысушылардың үлестерін толық немесе ішінара өтеу арқылы жүзеге асыра алады.
      2. Қатысушы үлесін өтеу арқылы жарғылық капитал азайтылған кезде қалған қатысушылардың үлестері соған мөлшерлес өзгереді.
      3. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдаған сәттен бастап кооператив бұл шешім туралы шешім қабылданған соң туындайтын міндеттемелер бойынша кредит берушілерге хабарлауға міндетті.
      4. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі ай мерзім ішінде кооператив өзінің барлық кредит берушілеріне жарғылық капиталдың азайтылғаны туралы жазбаша хабарлама жіберуге не заңды тұлғалар туралы мәліметтер жарияланатын ресми басылымда тиісті хабарландыру беруге міндетті. Кооперативтің кредит берушілері хабарлама алған немесе хабарландыру жарияланған күннен бастап бір ай мерзімде кооперативтен қосымша кепілдіктерді не кооперативтің тиісті міндеттемелерді мерзімінен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы. Талаптар кооперативке жазбаша нысанда жіберіледі, ал олардың көшірмелері кооперативті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға ұсынылуы мүмкін.
      5. Кооперативтің жарғылық капиталын азайтуды кооперативті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған орган кооперативке талаптар мәлімдеу үшін кредит берушілерге ұсынылған мерзім аяқталған соң тіркейді. Егер кооперативті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға кредит берушілер талаптарының көшірмелері түссе, жарғылық капиталды азайтуды кооператив осы талаптардың орындалғандығы туралы дәлелдерді ұсынған не мәлімдеген кредит берушілердің кооперативтің жарғылық капиталын азайуды тіркеуге қарсылықтары болмаған кезде тіркеледі.
      6. Егер кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы жарғылық капиталды азайту туралы шешім қабылдаған күннен бастап алты ай ішінде кооператив қайта тіркеу туралы өтініш бермесе не қажетті дәлелдер ұсынбаса жарғылық капитал азайтылмаған болып есептеледі. Бұл жағдайда жарғылық капиталды азайту осы баптың талаптарын сақтай отырып, кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының жаңа шешімі бойынша ғана жүргізілуі мүмкін.
      7. Осы бапта белгіленген тәртіпті бұза отырып, жарғылық капиталды азайту мүдделі адамдардың өтініші бойынша сот шешімімен кооперативтің таратылуына негіз болып табылады.
      8. Кооператив жарғылық капиталдың азайтылуына байланысты жарғылық капиталдың жаңа мөлшерінен асатын таза активтердің бір бөлігі шегінде ғана өз қатысушыларына төлемдер жасауға құқылы. Төлемдер жарғылық капиталдың азайтылуына байланысты қайта мемлекеттік тіркеуден кейін кооператив жарғысында немесе жалпы жиналыстың жарғылық капиталды азайту туралы шешімінде белгіленген мерзімде, бірақ мемлекеттік тіркеу сәтінен бастап үш айдан кешіктірмей жасалады.
      Төлемдер кооператив қатысушылары үлестерінің мөлшеріне сәйкес жасалады.
      9. Жарғылық капиталды азайту осы Заңның 22-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, қатысушылардың өз салымдарын құрылтай құжаттарында мәлімделген жарғылық капиталдың толық мөлшеріне дейін салғаннан кейін ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

      26-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының
              үлестері

      1. Барлық қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестері және тиісінше олардың кооператив мүлкінің құнындағы үлестері (мүліктегі үлес), егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың жарғылық капиталдағы салымдарына пропорционалды болады.
      Үлес мөлшері осы Заңның 21-бабының 6-тармағында көзделген тәртіппен айқындалады. Қатысушылардың тым болмағанда біреуінің жарғылық капиталдағы салымының қандай да бір өзгеруі (ұлғаюы немесе азаюы) кооперативтің барлық қатысушылары үлестерінің мөлшерін тиісті түрде қайта есептеуге әкеледі.
      2. Кез келген негіз бойынша үлеске деген құқықтан айрылу қатысушының кооперативтен шығуына әкеп соғады. Осы Заңда белгіленген тәртіппен үлес сатып алу үлесті сатып алушының кооператив қатысушыларының құрамына кіргендігін білдіреді.
      3. Кооперативтің құрылтай құжаттарымен кооперативтің бір қатысушысына тиесілі болатын үлестің ең көп мөлшері шектелуі мүмкін. Мұндай шектеу белгілі бір қатысушыға қатысты белгіленбеуі мүмкін. Құрылтай құжаттарында сол сияқты кооператив қатысушылары үлестерінің ара қатынасын өзгерту мүмкіндігі шектелуі мүмкін.
      4. Кооператив мүлкіне қатысушының үлесіне құқық заттық емес, міндеттемелік сипатта болады.

      27-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушысының
              кооператив мүлкіндегі өз үлесіне билік етуі

      1. Қатысушының кооператив мүлкіндегі үлесі салым төленіп қойылған бөлігінде ғана салым толық төленгенге дейін иеліктен алынуы немесе кепілге берілуі мүмкін.
      2. Кооператив қатысушысы өз таңдауы бойынша сол кооперативтің бір немесе бірнеше қатысушысына кооператив мүлкіндегі өз үлесін немесе оның бір бөлігін сатуға немесе өзге де тәсілмен беруге құқылы. Кооператив қатысушысы кооперативке басқа қатысушы алдындағы өз міндеттемесін қамтамасыз ету үшін үлесін кепілге беруге құқылы. Бұл мәмілелерді жасауға кооперативтің немесе басқа да қатысушылардың келісімі талап етілмейді. Алайда, егер кооперативтің құрылтай құжаттарында осы Заңның 26-бабының 3-тармағында көрсетілген шарттар көзделсе, бұл шарттар үлесті басқаға беру кезінде сақталуға тиіс.
      Шығатын қатысушының кооператив мүлкіндегi (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иелiктен шығару (басқаға беру) шартының тарапы жеке тұлға болып табылатын жағдайда, жеке тұлға қолының түпнұсқалығы нотариалды куәландыруға жатады.
      3. Кооператив мүлкіндегі үлес кепілін тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Тіркеуші кооператив қатысушыларының тізілімін жүргізген жағдайда кооператив мүлкіндегі үлес кепілін тіркеу осы Заңның және (немесе) кооператив жарғысының талаптарын сақтаған кезде тіркеушінің ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      28-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушысының үлесін
              үшінші тұлғаға иеліктен шығарып беру мүмкіндігі

      1. Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, кооператив қатысушысының өз үлесін (оның бір бөлігін) үшінші тұлғаларға иеліктен шығарып беруіне немесе қатысушының үшінші тұлға алдындағы міндеттемесін қамтамасыз ету үшін үлесті (үлестің бір бөлігін) кепілге беруіне жол беріледі.
      2. Кооперативтің құрылтай құжаттарында үлесті үшінші тұлғаға сатуға тек белгілі бір шарттар сақталғанда ғана жол берілетіндігі көзделуі мүмкін.
      3. Осы бапта белгіленген шектеулер мемлекетке немесе мемлекеттік заңды тұлғаға тиесілі үлесті сату жағдайларына, егер мұндай сату «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес үлесті саудада сату арқылы жүзеге асырылса, қолданылмайды. Алайда мұндай сату кезінде кооперативтің басқа қатысушысының (басқа қатысушыларының) осы Заңның 29-бабында көзделген үлесті сатып алуға басым құқығы сақталады.

      29-бап. Иеліктен шығарылатын үлесті сатып алуға басым
              құқық

      1. Кооператив қатысушылары заңнамалық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, қатысушылардың бірі үлесін сатқан кезде оны немесе оның бір бөлігін сатып алу кезінде үшінші тұлғалардың алдында артықшылықты пайдаланады. Мұндай құқықты әрбір қатысушы пайдалана алады. Егер сатып алудағы басым құқықты пайдалануды қалайтын қатысушылар бірнеше болса және құрылтай құжаттарында немесе кооператив қатысушыларының өзге келісімінде өзгеше көзделмесе, үлесті (оның бір бөлігін) сатып алудағы басым құқықты қатысушылар жарғылық капиталдағы өз үлестерінің мөлшеріне пропорционалды жүзеге асырады.
      2. Өз үлесін немесе оның бір бөлігін үшінші тұлғаға сатқысы келген кооператив қатысушысы өзінің ниеті туралы кооперативтің атқарушы органына сатудың болжамды бағасын көрсетіп, жазбаша хабарлауға міндетті.
      3. Кооператив қатысушысынан үлесті сату ұсынысы туралы хабарлама алған кезден бастап атқарушы орган жеті күн ішінде бұл туралы кооперативтің барлық қатысушыларына хабарлайды. Сатып алуда басым құқықты жүзеге асыруды қалайтын кооператив қатысушысы сатуға ұсынылған үлесті толық немесе оның белгілі бір бөлігін сатып алу ниетін көрсете отырып, бұл туралы кооперативтің атқарушы органын жеті күндік мерзімде хабардар етуге тиіс.
      4. Егер келіп түскен ұсыныстардың жиынтық шамасы сатылатын үлестің мөлшерінен аспаса, қатысушының әрқайсысы оның өзінің хабарламасында көрсеткен бөлігін сатып алады. Егер үлесті иеліктен шыаруға дейін кооператив қатысушыларынан қосымша ұсыныстар түспесе, үлестің қалған бөлігі үшінші тұлғаға иеліктен шығарылып берілуі мүмкін.
      5. Егер кооперативтің атқарушы органына үлестің сатуға ұсынылғаны туралы хабарлама жіберілген күннен бастап бір ай ішінде оны немесе оның бір бөлігін кооператив қатысушылары басым құқықты жүзеге асыру тәртібімен сатып алмаса, үлесті сатуға ұсынған қатысушы үлесті (үлестің сатып алынбаған бөлігін) хабарламада көрсетілген бағадан төмен емес баға бойынша үшінші тұлғаға сатуға құқылы.
      6. Егер үлес хабарламада көрсетілген бағадан неғұрлым төмен баға бойынша үшінші тұлғаға иеліктен шығарылып берілсе, үлесті сатып алу-сату туралы шарт жарамсыз деп танылуы мүмкін. Қатысушылардың үлестің немесе оның бір бөлігінің іс жүзіндегі сату бағасын ескеріп, үлесті сатып алудағы басым құқықты жүзеге асыру рәсімін қайталауға құқығы бар.
      7. Үлесті немесе оның бір бөлігін сатып алудағы басым құқық бұзылып сатылған жағдайда кооперативтің кез келген қатысушысы үш ай ішінде сот тәртібімен сатып алушының құқықтары мен міндеттерін өзіне ауыстыруды талап ете алады.
      8. Иеліктен шығарылған үлесті сатып алудағы басым құқық үлесті сатудың кез келген тәсілі кезінде, оның ішінде сауда-саттық кезінде жүзеге асырылады.
      9. Үлесті сатып алудағы басым құқықты басқаға беруге жол берілмейді.
      10. Иеліктен айырылған үлесті немесе оның бір бөлігін кооператив қатысушысы (қатысушылары) сатып алған жағдайда оның (олардың) кооперативтің жарғылық капиталындағы үлесі тиісінше ұлғаяды.
      11. Осы баптың нормалары үлесті айырбас шарты бойынша иеліктен шығарған кезде де қолданылады.
      12. Үлесті немесе оның бір бөлігін үшінші тұлғаға сатқан кезде кооператив қатысушылары сатып алудағы басым құқықты пайдалануды қаламаған жағдайда, сатып алудағы басым құқықты осы баптың 2, 5-9 және 11-тармақтарын ескере отырып, кооперативтің өзі пайдалана алады.

      30-бап. Басқа қатысушылар үлесті сатып алудан бас тартқан
              кезде ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушысының
              үлесін сату

      1. Кооперативтің құрылтай құжаттарында кооператив қатысушысының өз үлесін үшінші тұлғаларға сатуына тыйым салу немесе шек қою көзделуі мүмкін (мысалы, үлесті кооперативтің басқа қатысушыларына не үшінші тұлғалардың шектеулі тобына ғана сату). Бұл жағдайда сату осындай тыйым салуды немесе шектеулерді сақтай отырып жүргізілуі тиіс.
      Қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын кооперативтің жарғылық капиталына қатысу үлесін қатысушының сату тәртiбi кооперативтiң жарғысында белгіленеді.
      2. Үлесті сату сатушыға байланысты емес мән-жайлар бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген тыйым салуларды немесе шектеулерді сақтай отырып жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, үлесін сатқысы келетін кооператив қатысушысы осы үлесті сатып алуын немесе оны үшінші тұлғаға сатуға рұқсат етуін талап ете отырып кооперативке жүгінуге құқылы.
      Осы нұсқалардың бірін таңдау кооператив қатысушыларының жалпы жиналысында жүргізіледі.
      3. Үлесті кооператив сатып алған жағдайда үлес бағасы тараптардың келісімінде белгіленеді, келісімге қол жеткізілмеген кезде сот белгілейді.
      4. Кооператив үлесті үшінші тұлғаға сатуға келіскен кезде кооператив қатысушыларына осы Заңның 29-бабында көзделген үлесті сатып алудағы басым құқығы сақталады.

      31-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушысының үлесін
              сатып алу салдары

      1. Кооператив осы Заңда көзделген тәртіппен қатысушы үлесін сатып алғаннан кейін, сондай-ақ кооператив тараптардың келісімі бойынша қатысушының үлесін сатып алғаннан кейін, кооператив басқа қатысушыларға жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген баға бойынша осы үлесті сатып алуды ұсынуға міндетті.
      2. Үлесті сатып алуға бірнеше қатысушы ниет білдірген жағдайда үлес олардың арасында кооперативтің жарғылық капиталындағы өз үлестерінің мөлшеріне пропорционалды бөлінеді.
      Қатысушы сатып алған үлес мөлшері сатып алғанға дейін осы қатысушыға тиесілі үлес мөлшеріне қосылады. Бұл ретте кооперативтің бір қатысушысына тиесілі болуы мүмкін үлес мөлшерін шектеу мүмкіндігі туралы осы Заңның 26-бабы 3-тармағының нормалары сақталады.
      3. Шығып кеткен қатысушыдан кооператив сатып алған үлесті қатысушылар сатып алғысы келмеген кезде үлес жарғылық капиталды тиісінше азайту және кооператив қатысушыларының жарғылық капиталдағы үлестерін қайта есептеу арқылы өтеледі.
      4. Кооператив жалпы жиналыстың шешімі бойынша осы баптың 3-тармағында көзделген үлесті өтеудің орнына бұл үлесті кооператив атынан үшінші тұлғаға сатуға құқылы.
      5. Кооперативтің шығып кеткен қатысушысының кооперативке ауысқан үлесіне барлық жағдайда ол өтелгенге не басқа қатысушыға немесе үшінші тұлғаға сатылғанға дейін дивидендтер есептелмейді.

      32-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушысынан үлесті
              мәжбүрлеп сатып алу

      1. Кооператив қатысушысы кооперативке немесе оның қатысушыларына зиян келтірген кезде олар зиян келтірушіден зиянды өтеуді талап етуге құқылы.
      2. Елеулі түрде зиян келтірілген кезде кооператив зиянды өтеу туралы талаптан басқа және зиян келтірген кінәлі қатысушының үлесін кооперативтің мәжбүрлеп сатып алуы туралы мәселе қоюдан басқа, сондай-ақ оның қатысушылар құрамынан шығуын талап етуге де құқылы.
      3. Үлесті мәжбүрлеп сатып алу сот тәртібімен жүргізіледі. Кооператив қатысушысынан үлесті мәжбүрлеп сатып алу халықаралық стандарттар негізінде бағалау қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген талаптарға жауап беретін тәуелсіз бағалаушы белгілеген нарық бағасы бойынша жүзеге асырылады.

      33-бап Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғылық
             капиталындағы үлестің мұрагерлік бойынша ауысуы

      Егер кооперативтің құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, кооператив қатысушысының үлесі оның мұрагерлеріне ауысады. Үлестің мұрагерлерге ауысуы және оны бірнеше мұрагерлер арасында бөлу Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жүргізіледі.

      34-бап. Заңды тұлғалардың ауыл шаруашылығы кооперативінің
              жарғылық капиталындағы үлеске қатысты құқықтық
              мұрагерлігі

      1. Заңды тұлға бірігу, қосылу немесе қайта құрылу нысанында қайта ұйымдастырылған жағдайда кооперативтің жарғылық капиталындағы оның үлесі қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқықтық мұрагеріне ауысады.
      2. Егер қайта ұйымдастыру заңды тұлғаны бөлу немесе жаңа заңды тұлғаның құрамынан (жаңа заңды тұлғалардың) бөліп шығару болып табылса, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның үлесі бөлу оның құқықтық мұрагерлеріне балансына сәйкес ауысады.
      3. Жалпы жиналыс осы баптың 2-тармағында көзделген заңды тұлғаның құқықтық мұрагерлеріне үлестің ауысуына келіспеген кезде кооператив үлесті осы Заңның 32-бабында көзделген тәртіппен сатып алуға міндетті.

      35-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушысының
              үлесінен оның кредиторларының өндіріп алуы

      1. Кооператив қатысушысының кредиторлары сот шешімінің негізінде мәжбүрлі түрде осындай қатысушының кооператив мүлкіндегі үлесінен немесе үлесінің бір бөлігінен өндіріп алуды талап етуге құқылы.
      2. Үлеске (үлестің бір бөлігіне) қатысты кепіл ұстаушы құқығы жоқ оны өндіріп алатын кредитор кооперативке борышкерден үлесті (үлестің бір бөлігін) мәжбүрлеп сатып алатыны және сатып алудан түскен сомадан борышты өтеуін талап ететіні туралы мәлімдейді. Үлесті (үлестің бір бөлігін) сатып алуды кооператив немесе оның қатысушылары үлесі сатып алынатын қатысушы бұған келіскен кезде тараптар белгілейтін баға бойынша жүзеге асырады.
      3. Кооператив және үлесі өндіріп алынатын қатысушы келіскен кезде мұндай үлес (үлестің бір бөлігі) үшінші тұлғаға сатылуы мүмкін.
      4. Егер кредитордың талабы мәлімденген күннен бастап үш ай ішінде кооператив немесе оның қатысушылары, немесе үшінші тұлғалар үлесті (оның бір бөлігін) сатып алмаса және талапты қанағаттандыруды жүргізбесе, кредитор үлесті (оның бір бөлігін) Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен көпшілік сауда-саттықта сатуды талап етуге құқылы. Бұл жағдайда кооперативтің басқа қатысушыларының осы Заңның 29-бабында көзделген үлесті сатып алудағы басым құқығы сақталады.
      5. Үлесті сатудан түскен ақшадан оны бағалауға, сатуды ұйымдастыру мен өткізуге және үлестен өндіріп алуды талап еткен кредитордың талаптарын қанағаттандыруға жұмсалатын шығыстар өтеледі. Қалған ақша, егер ол бар болса, үлесі (үлесінің бір бөлігі) сатылған адамға беріледі.

4-тарау. Ауыл шаруашылығы кооперативінің мүлкі

      36-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің мүлкін
              қалыптастыру

      1. Кооператив мүлкі оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) салымдары, кооператив алған табыстар, сондай-ақ заңнамада тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      2. Заңнамалық актілерде немесе кооперативтің құрылтай құжаттарында резервтік капитал және басқа да қорлар құру көзделуі мүмкін.
      3. Кооператив мүлкі оның балансында есепке алынады.

      37-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі мүлкіне қосымша
              жарналар

      1. Егер кооператив жарғысында өзгеше көзделмесе, қатысушылардың жалпы жиналысы қатысушылардың кооператив мүлкіне қосымша жарналар енгізуі туралы шешім қабылдай алады. Шешім кооперативтің барлық қатысушыларының төрттен үшінің көпшілік дауысымен қабылданады. Мұндай шешімді жақтап дауыс бермеген қатысушылар (оның ішінде жиналыста болмағандар, дауыс беруге қатыспағандар немесе дауыс беруден қалыс қалғандар) өз үлестерін қосымша жарналар енгізуді жақтап дауыс берген қатысушылардың сатып алуын талап етуге құқылы. Қосымша жарналарды жақтап дауыс берген қатысушылар осы үлестерді кооперативтің жарғылық капиталындағы өз үлестеріне пропорционалды мөлшерде осы Заңның нормаларына сәйкес айқындалатын баға бойынша сатып алады.
      Қосымша жарналар өздерінің үлестерін сатып алу туралы талапты мәлімдеген қатысушылармен есеп айырысу аяқталған соң ғана енгізіледі.
      2. Қатысушылардың кооператив мүлкіне қосымша жарналар енгізу тәртібі мен мерзімі, сондай-ақ оны енгізу мерзімін өткізіп алғаны үшін жауапкершілік осы Заңның 22-бабының нормаларына сәйкес айқындалады.
      3. Қатысушылардың кооператив мүлкіне қосымша жарналары оның жарғылық капиталының және кооператив қатысушылары үлестерінің мөлшерін өзгертпейді.

      38-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларына
              кооперативтік төлемдер

      1. Кооперативтік төлемдер – кооператив қатысушыларына кооператив жарғысында белгіленген тәртіппен олардың кооперативтің шаруашылық қызметіндегі (кооперативке тауарлар беруге, жұмыстарды орындауға және (немесе) кооперативке қызмет көрсетуге) қатысуына пропорционалды төленетін, кооператив табысының бір бөлігі.
      2. Кооперативтік төлемдерді бөлу туралы шешім кооператив қатысушыларының кооперативтің тиісті жылдағы қызметінің нәтижелерін бекітуге арнаған жалпы жиналысының шешімі қабылданғанға дейін қабылданады.

      39-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің таза табысын оның
              қатысушылары арасында бөлу

      1. Кооператив қатысушылары арасында кооперативтің бір жыл ішіндегі өз қызметінің нәтижелері бойынша алған таза табысын бөлу кооператив қатысушыларының кооперативтің тиісті жылдағы қызметінің нәтижелерін бекітуге арналған кезекті жиналысының шешіміне сәйкес жүргізіледі.
      Таза табысты бөлу кооператив жарғысында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Жалпы жиналыс таза табысты немесе оның бір бөлігін кооператив қатысушылары арасында бөлуден алып тастау туралы шешім қабылдауға құқылы.
      2. Таза табысты төлеуді кооператив жалпы жиналыс таза табысты бөлу туралы шешім қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде ақшалай нысанда жүргізуге тиіс.
      3. Кооперативтің барлық жарғылық капиталы толық төленгенге дейін табысты қатысушылар арасында бөлуге кооператив құқылы емес.

5-тарау. Ауыл шаруашылығы кооперативін басқару

      40-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің органдары және
              лауазымды адамдары

      1. Мыналар кооперативтің органдары болып табылады:
      1) кооперативтің жоғары органы – оның қатысушыларының жалпы жиналысы (жалпы жиналыс);
      2) кооперативтің атқарушы органы (алқалы немесе жеке-дара);
      3) байқаушы кеңес.
      2. Кооперативтің атқарушы органының мүшелері немесе кооперативтің атқарушы органының функцияларын жеке-дара атқаратын адам, сондай-ақ байқаушы кеңестің мүшелері кооперативтің лауазымды адамдары болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамалық актісінде белгіленген тәртіппен кооператив банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайларда, оны басқару жөніндегі барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.
      4. Кооператив жарғысында көзделген жағдайда байқаушы кеңес құрылуы мүмкін.
      5. Кооператив органдарының құзыреті, сондай-ақ олардың шешім қабылдау немесе кооператив атынан әрекет ету тәртібі осы Заңда, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде және кооператив жарғысында айқындалады.

      41-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жалпы жиналысы

      1. Кооперативтің жоғары органы (жалпы жиналыс) қатысушылардың кезекті немесе кезектен тыс жалпы жиналысы ретінде шақырылады.
      2. Кооперативтің барлық қатысушыларының жалпы жиналысқа қатысуға, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға қатысуға және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге құқығы бар.
      Кооператив қатысушыларының көрсетілген құқықтарын шектейтін кооператив жарғысының және кез келген басқа құжаттардың, шешімдердің ережелері жарамсыз.
      3. Кооператив қатысушысы жалпы жиналысқа жеке өзі немесе өкілі арқылы қатыса алады.
      Сенімгердің өзі тиісінше кооперативтің атқарушы органының мүшесі немесе бақылау органының мүшесі болып табылатын жағдайларды қоспағанда, атқарушы орган мүшелерінің және бақылау органдары қатысушыларының жалпы жиналыста кооператив қатысушыларының өкілдері ретінде әрекет етуге құқылы емес.
      Кооператив қатысушысы жеке тұлғаның өкілі ретінде сенімхат негізінде өзге адамдар әрекет етуге құқылы. Өкілдің жалпы жиналысқа қатысуына жеке тұлғаның сенімхаты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабында көзделген нысанда берілуі не нотариалды куәландырылуы тиіс.
      Кооператив қатысушысы заңды тұлғаның өкілі ретінде оның басшысы сенімхатсыз не өзге өкіл сенімхат негізінде қатысуға құқылы. Өкілдің жалпы жиналысқа қатысуына заңды тұлғаның сенімхаты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабында көзделген нысанда берілуі тиіс.
      4. Егер қатысушы мен сенімгер басқарушы арасындағы шартта өзгеше көрсетілмесе немесе мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, қатысушы үлесін сенімгерлік басқару құрылған жағдайда жалпы жиналыста оның өкілі ретінде қатысушы атынан сенімгер басқарушы әрекет етуге құқылы. Қатысушы мүдделерін білдіру тәртібіне қойылатын талаптар мүлікті сенімгерлік басқару туралы заңнамада белгіленеді.
      5. Кооперативтің әрбір қатысушысы жалпы жиналыста дауыс беру кезінде, оның жарғылық капиталдағы үлес мөлшеріне қарамастан, бір дауысқа ие болады.
      6. Кооперативтің атқарушы органының кооператив қатысушысы болып табылмайтын мүшелері, егер кооператив жарғысында өзгеше көзделмесе, жалпы жиналысқа кеңесші дауыс құқығымен қатыса алады.

      42-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының
              жалпы жиналысының құзыреті

      1. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының құзыреті осы Заңға сәйкес кооператив жарғысында айқындалады.
      2. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының ерекше құзыретіне:
      1) кооперативтің жарғылық капиталы мөлшерін, орналасқан жері мен фирмалық атауын өзгертуді қоса алғанда, оның жарғысын өзгерту немесе кооперативтің жаңа редакциядағы жарғысын бекіту;
      2) кооперативтің атқарушы органын құру және оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ кооперативті немесе оның мүлкін сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдау және осылай берудің шарттарын айқындау;
      3) кооперативтің байқаушы кеңесін сайлау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
      4) жылдық қаржылық есептілікті бекіту және таза табысты бөлу;
      5) бекітілуі кооперативтің жарғысында кооперативтің өзге органдарының құзыретіне жатқызылған құжаттардан басқа, кооперативтің ішкі қызметін реттейтін ішкі қағидаларды, оларды қабылдау рәсімін және басқа құжаттарды бекіту;
      6) кооперативтің өзге шаруашылық кооперативтерге, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарға қатысуы туралы шешім;
      7) кооперативті қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім;
      8) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекіту;
      9) кооператив қатысушысынан үлесті осы Заңның 32-бабына сәйкес мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім;
      10) кооперативтің бүкіл мүлкінің кепілі туралы шешім;
      11) кооператив мүлкіне қосымша жарналарды осы Заңның 37-бабына сәйкес енгізу туралы шешім;
      12) кооператив қатысушыларына және үлестерді сатып алушыларға кооперативтің қызметі туралы ақпаратты берудің тәртібін және мерзімдерін бекіту;
      13) кооперативке жаңа қатысушы қабылдау туралы шешім жатады.
      3. Осы Заңда жалпы жиналыстың ерекше құзыретіне жатқызылған мәселелермен қатар кооператив жарғысында оның құзыретіне басқа да мәселелер жатқызылуы мүмкін.
      Егер кооператив жарғысында өзгеше белгіленбесе, жалпы жиналыс өзінің ерекше құзыретіне жатпайтын өкілеттіктерді кооперативтің атқарушы органына немесе байқаушы кеңесіне беруге құқылы.
      4. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы, өзінің құзыреті кооператив жарғысында қалай белгіленгеніне қарамастан, кооператив қызметіне байланысты кез келген мәселені қарауына алуға құқылы.
      5. Қатысушылардың жалпы жиналысы, егер кооперативтің жарғысында өзгеше белгіленбесе, кооперативтің ішкі қызметіне қатысты мәселелер бойынша кооперативтің өзге органдарының кез келген шешімінің күшін жоюға құқылы.

      43-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының
              кезекті жалпы жиналысы

      1. Кооператив қатысушыларының кезекті жалпы жиналысын кооперативтің атқарушы органы кооператив жарғысында белгіленген мерзімде, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады.
      2. Кооперативтің жылдық қаржылық есептілігін бекітуге арналған жиналыс есепті қаржы жылы аяқталғаннан кейін үш айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.

      44-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының
              кезектен тыс жалпы жиналысы

      1. Кооператив қатысушыларының кезектен тыс (төтенше) жалпы жиналысы осы Заңда, кооператив жарғысында көзделген жағдайларда, сондай-ақ кооператив мүдделері осындай жиналысты шақыруды талап ететін кез келген өзге де жағдайларда шақырылады.
      2. Кооператив қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысы кооперативтің атқарушы органының өз бастамасы бойынша, ал кооперативтің байқаушы кеңесін құрған жағдайда – кооперативтің байқаушы кеңесінің талап етуі не жиынтығында жалпы дауыс санының оннан бірінен астамын иеленетін кооператив қатысушыларының бастамасы бойынша шақырылады.
      Егер байқаушы кеңестің немесе кооператив қатысушыларының талап етуіне қарамастан атқарушы орган кезектен тыс жалпы жиналысты шақырмаса, оны кооперативтің байқаушы кеңесі немесе жиынтығында дауыс санының оннан бірінен астамын иеленетін кооператив қатысушылары дербес шақыра алады.
      3. Таратылу процесінде тұрған кооператив қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысын тарату комиссиясы (таратушы) да шақыра алады.

      45-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының
              жалпы жиналысын шақыру тәртібі

      1. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын шақыратын орган немесе адам (адамдар) жиналыс ашылғанға дейін он күннен кешіктірмей, кооперативтің атқарушы органы жүргізетін қатысушылардың тізілімінде көрсетілген мекенжай бойынша кооперативтің әрбір қатысушысына оның өткізілетіні туралы жазбаша хабарлауға міндетті.
      Хабарламада жиналыс өтетін уақыт пен орын, сондай-ақ ұсынылатын күн тәртібі көрсетілуге тиіс.
      Кооператив қатысушыларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қосымша хабарлауға құқылы.
      2. Жүз және одан да көп қатысушысы бар акционерлік қоғамнан қайта құрылған кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын шақыратын орган немесе адам (адамдар) кооператив қатысушыларының жиналысы ашылғанға дейін он бес күннен кешіктірмей, оны өткiзу туралы хабардар етуге мiндеттi. Жүз және одан да көп қатысушысы бар кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын өткізу туралы хабарлама кооперативтің жарғысында көрсетілген бұқаралық ақпарат құралында жариялануға тиiс.
      Қатысушылар саны жүзден аз, қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеудi жүзеге асыратын кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын шақыратын орган немесе адам (адамдар) жиналыс ашылғанға дейін он бес күннен кешіктірмей кооператив қатысушыларының тiзiлiмiнде көрсетiлген мекенжай бойынша кооперативтің әрбiр қатысушысына оның өткізілетіні туралы жазбаша хабарлауға міндетті.
      3. Кооперативтің кез келген қатысушысы жалпы жиналыстың күн тәртібі бойынша ол ашылғанға дейін он күннен кешіктірмей өз ұсыныстарын енгізуге құқылы. Осы мерзім ішінде жиынтығында жалпы дауыс санының жиырмадан бірінен астамын иеленетін кооператив қатысушылары өздері айқындаған мәселелерді жалпы жиналыстың күн тәртібіне енгізуді талап етуге құқылы. Бұл талапты орындау жалпы жиналысты шақырған орган немесе адам (адамдар) үшін міндетті.
      Егер кооператив қатысушыларының ұсыныс жасауы немесе талап етуі бойынша жалпы жиналыстың бастапқы күн тәртібіне өзгерістер енгізілсе, жиналысты шақырған орган немесе (адам) адамдар жиналыс ашылғанға дейін бес күннен кешіктірмей, осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген әдіспен кооперативтің әрбір қатысушысына бұл өзгерістер туралы хабарлауға міндетті.
      4. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын шақырушы орган немесе адам (адамдар) түскен ұсыныстарды қарап, жиналыс ашылғанға дейін жеті күннен кешіктірмей оларды кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының күн тәртібіне енгізу немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдауға міндетті. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын шақырушы орган немесе адам (адамдар) ұсыныстар қабылданған жағдайда кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы ашылғанға дейін бес күннен кешіктірмей күн тәртібіне енгізілген өзгерістер туралы кооператив қатысушыларына хабарлауға, сондай-ақ жалпы жиналыстың күн тәртібіне өзгерістер немесе толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар қабылданбаған жағдайда өтініш берушіге бас тарту туралы дәлелді жауап беруге міндетті.
      Егер ұсыныстарды жалпы жиналыстың күн тәртібіне енгізуден бас тарту және ол бойынша қабылданған шешім өтініш берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, ол мұндай шешімге осы Заңның 49-бабында көзделген тәртіппен шағымдануға құқылы.
      Жалпы жиналыстың күн тәртібіне «әр түрлі», «өзге де», «басқа» және осыларға ұқсас тұжырымдауларды қоса алғанда, жалпылама ұғымдағы мәселелерді енгізуге тыйым салынады.
      5. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын шақырушы орган немесе адам (адамдар) кооператив қатысушысының жиналыстың ашылуына дейін он күннен кешіктірмей жіберілген талабы бойынша оған жазбаша түрде және жиналыстың ашылу күніне дейін жеті күннен кешіктірмей күн тәртібінің барлық мәселелері жөніндегі шешімдердің жобаларын, талқылануы күн тәртібіне енгізілген құжаттардың көшірмелерін, сондай-ақ кооператив жарғысында не кооперативтің ішкі қызметін реттейтін құжаттарда көзделген басқа да мәліметтерді жіберуге міндетті.
      Өткен бөлікте көрсетілген құжаттар мен мәліметтер, сондай-ақ есепті кезеңге арналған қаржылық есептілік және (немесе) аудиторлық ұйымның есебi жалпы жиналыс өткізілетіні туралы хабарланған кезден бастап, бірақ жиналыс ашылғанға дейін он бес күннен кешіктірмей кооперативтің атқарушы органының үй-жайында еркін танысу үшін кооперативтің барлық қатысушыларына ұсынылуы тиіс. Бұл ретте кооператив қатысушыларына танысу үшін берілген құжаттардан тегін көшірмелер түсіріп алу мүмкіндігі берілуге тиіс.
      Өткен үш жылдың қаржылық есептіліктері және (немесе) олар бойынша қорытындылар және (немесе) аудиторлық ұйымның есебi кооперативтің атқарушы органында сақталуы тиіс және кез келген уақытта кооперативтің кез келген қатысушысына танысу үшін беріледі. Кооператив қатысушыларының талап етуі бойынша оларға көрсетілген құжаттардан куәландырылған көшірмелер беріледі.
      6. Қатысушылары жетіден аз кооператив жарғысында осы бапта және осы Заңның 46-бабының 5-тармағында көрсетілген мерзімдерден өзге мерзімдер көзделуі мүмкін.

      46-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының
              жалпы жиналысын өткізу тәртібі

      1. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының регламенті осы Заңға, кооператив жарғысына, кооперативтің ішкі қызметін реттейтін қағидаларға және өзге де құжаттарға сәйкес не тікелей жалпы жиналыспен айқындалады.
      2. Жалпы жиналыс ашылар алдында келген кооператив қатысушыларын және олардың өкілдерін тіркеу жүргізіледі. Қатысушылардың өкілдері осы Заңның 41-бабының 3 және 4-тармақтарында көзделген тиісті өкілеттіктерін көрсетуге тиіс. Тіркелмеген қатысушы (қатысушының өкілі) кворумды айқындау кезінде есепке алынбайды және оның дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ.
      3. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы келген қатысушылар мен олардың өкілдерін тіркеу деректері тиісті кворум бар деп болжауға жеткілікті негіз берген жағдайда, жарияланған уақытта ашылады.
      Кооперативтің барлық қатысушылары немесе олардың өкілдері тіркеліп болған, жиналыстың ашылу уақытының өзгертілгендігі туралы хабардар етілген және оған қарсылық болмаған жағдайды қоспағанда, жиналысты жарияланған уақыттан ерте ашуға болмайды.
      4. Егер жиналысқа қатысып отырған немесе оған өкілдік алған қатысушылар жиынтығында жалпы дауыс санының жартысынан астамын иеленсе, кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы заңды, ал кворум шарттары сақталған болып танылады. Күн тәртібіне енгізілген мәселе жөніндегі шешім дауыстың басым көпшілігімен немесе бірауыздан қабылдануға тиіс жағдайларда, егер қатысып отырған немесе оған ұсынылған кооператив қатысушылары жиынтығында жалпы дауыс санының үштен екісінен астамын иеленсе, онда жиналыс шешім қабылдауға құқылы.
      5. Кворум болмаған жағдайда кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы бірінші шақырылған күннен бастап он бес күннен кешіктірілмей қайта шақырылады. Жалпы жиналысты қайта шақырған кезде осы Заңның 45-бабында белгіленген нормалар сақталуға тиіс.
      Қайта шақырылған жиналыс кооператив қатысушыларының жиналысқа қатысып отырған немесе оған өкілдік алған қатысушылары иеленген дауыс санына қарамастан заңды болып табылады. Егер жиналысқа қатысып отырған немесе оған өкілдік алған қатысушылар жиынтығында жалпы дауыс санының жартысынан кемін иеленсе, онда мұндай жиналыс дауыстың басым көпшілігін немесе бірауыздан берілуін қажет етпейтін мәселелер бойынша ғана шешімдер қабылдауға құқылы.
      6. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын атқарушы органның бірінші басшысы немесе оның міндетін атқарушы адам ашады. Байқаушы кеңес немесе кооператив қатысушылары (осы Заңның  44-бабының 2-тармағы) шақырған жалпы жиналысты тиісінше байқаушы кеңестің төрағасы немесе оның міндетін атқарушы адам (адамдар) не жалпы жиналысты шақырған кооператив қатысушыларының бірі ашады.
      Тарату комиссиясы (таратушы) шақырған жалпы жиналысты тарату комиссиясының төрағасы (таратушы) немесе оны алмастырушы адам ашады.
      7. Жалпы жиналысты ашатын адам жалпы жиналыстың төрағалық етушісі мен хатшысының сайлауын өткізеді. Егер кооператив жарғысында өзгеше көзделмесе, жалпы жиналыстың төрағалық етушісі мен хатшысын сайлау жөніндегі мәселе бойынша дауыс беру кезінде жиналыстың әрбір қатысушысының бір дауысы болады (жарғылық капиталдағы үлесіне қарамастан), ал шешім қатысушылар санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.
      Жиналысқа қатысып отырған кооперативтің барлық қатысушылары атқарушы органға кіретін жағдайларды қоспағанда, кооперативтің атқарушы органының мүшелері жалпы жиналыста төрағалық ете алмайды.
      8. Жалпы жиналыстың хатшысы жалпы жиналыстың хаттамасын жүргізуге жауап береді.
      Хаттамаға жалпы жиналыстың төрағалық етушісі және хатшысы қол қояды.
      Барлық жалпы жиналыстардың хаттамалары кооперативтің атқарушы органында сақталатын және кез келген уақытта кооперативтің кез келген қатысушысына танысу үшін берілуге тиіс хаттамалар кітабына тігіледі. Кооператив қатысушыларының талап етуі бойынша оларға хаттамалар кітабынан куәландырылған үзінді-көшірмелер беріледі.
      9. Күн тәртібіне енгізілген мәселелерді талқылау басталғанға дейін жалпы жиналыс кворумды атап өтуге міндетті. Бұл талапты сақтамау кворумның бар екендігі анықталғанға дейін жалпы жиналыс қабылдаған барлық шешімдердің жарамсыз болып шығуына әкеп соғады.
      Осы Заңның 42-бабы 2-тармағының 1), 4), 7), 9), 10) және 13) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша дауыс беру кезінде, сондай-ақ кооператив жарғысында немесе оның ішкі қызметін реттейтін қағидаларда және өзге құжаттарда көзделген өзге жағдайларда тікелей дауыс беру алдында кворумды тағы да атап өтуі қажет.

      47-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының
              жалпы жиналысының шешімдер қабылдау тәртібі

      1. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы осы Заңның 45-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес қатысушыларға хабарланған күн тәртібінің мәселелері бойынша ғана шешім қабылдауға құқылы. Бұл ретте жалпы жиналыстың күн тәртібіне енгізілуін осы Заңның 45-бабының 2-тармағына сәйкес кооператив қатысушылары талап еткен мәселелер, егер жиналысты шақырушы орган немесе адамдар көрсетілген тармақтың екінші бөлігінде көзделген міндеттерді орындамаса да, күн тәртібіне енгізілген болып саналады.
      2. Осы Заңның 42-бабы 2-тармағының 1), 7), 9). 10) және 13) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша, сондай-ақ кооперативтің жарғысында айқындалған басқа да мәселелер бойынша шешімдер, егер кооператив жарғысы олардың қабылдануы үшін сан жағынан көпшілік дауысты немесе бірауыздан дауыс беруді талап етпесе, жиналысқа қатысып отырған және оған өкілдік алған кооператив қатысушылары дауысының төрттен үш бөлігінің басым көпшілік даусымен қабылданады.
      Осы Заңның 42-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы бойынша шешім қабылданған кезде үлесі мәжбүрлеу тәртібімен сатып алынатын қатысушы дауыс беруге қатыспайды және оған тиесілі дауыс саны есептеу кезінде ескерілмейді.
      Егер кооператив жарғысы шешімдер қабылдау үшін сан жағынан көпшілік дауысты немесе бірауыздан дауыс беруді талап етпесе, қалған шешімдер кооператив қатысушыларының жалпы жиналысына қатысушылар мен оған ұсынылғандардың қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.
      Кооператив қатысушыларының дауыстары тең болған жағдайда шешім қабылданбаған болып саналады.
      Егер кооператив қатысушыларының саны 100-ден асқан жағдайда дауыстарды санауды есеп комиссиясы жүзеге асырады.
      3. Егер кооперативтің жарғысында немесе кооперативтің ішкі қызметін реттейтін қағидаларда және өзге құжаттарда жасырын дауыс беру көзделмесе, кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
      Жалпы жиналыстың шешімдері дауыстың жалпы санының кемінде бестен бір бөлігіне ие кооператив қатысушылары жасырын дауыс беруді талап еткен жағдайда жасырын дауыс беру арқылы қабылдануға тиіс.
      Жасырын дауыс беру кезінде оны өткізу рәсімі дауыстардың дәлме-дәл есептелуін және дауыс беру нәтижелерінің шынайылығын қамтамасыз етуге тиіс.

      48-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының
              жалпы жиналысын сырттай өткізу

      1. Кооператив жарғысында көзделген жағдайларда және жиынтығында дауыстардың жалпы санының төрттен үш бөлігінен астамын иеленген кооператив қатысушыларының тікелей келісім беруімен жалпы жиналыс хат, факсимильдік немесе электрондық хабарлар алмасу не барлық қатысушыларға қол жетімді және жіберілетін әрі қабылданатын хабарлардың теңтүпнұсқалығын қамтамасыз ететін өзге байланыс құралдарын пайдалану арқылы сырттай сұрау салу арқылы өткізілуі мүмкін. Сырттай өткізілетін жалпы жиналыстың осы Заңның 42-бабы 2-тармағының 1), 7) – 10) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқығы жоқ.
      2. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысын сырттай өткізу кезінде осы Заңның 46-бабының 2, 3, 5 – 7 және 9-тармақтары мен47-бабының 3-тармағы, сондай-ақ 45-бабы 1-3-тармақтарының ережелері оларда көзделген мерзімдер бөлігінде қолданылмайды.
      3. Кооператив қатысушыларының сырттай жалпы жиналысы ұсынылып отырған күн тәртібі мен оған енгізілген мәселелер бойынша шешімдер жобаларын барлық қатысушыларға хабарлауды, дауыс беру басталғанға дейін олардың әрқайсысына барлық қажетті құжаттармен танысу, күн тәртібі бойынша ұсыныстар енгізу және оған белгілі бір мәселелерді енгізуді талап ету мүмкіндігін, сондай-ақ дауыс беру басталғанға дейін өзгертілген күн тәртібін және жекелеген мәселелер бойынша басқа қатысушылардың пікірлерін (сөздерін) барлық қатысушыларға хабарлауды қамтамасыз ететін рәсім бойынша өткізілуге тиіс.

      49-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі органдарының
              шешімдерін даулау

      Осы Заңмен, кооператив жарғысымен немесе кооперативтің ішкі қызметін реттейтін қағидалармен және өзге құжаттармен белгіленген жалпы жиналысты өткізу мен шешімдер қабылдаудың тәртібін бұза отырып қабылданған кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының шешімін, сол сияқты жалпы жиналыстың осы Заңға не кооператив жарғысына қайшы келетін шешімін, оның ішінде кооператив қатысушысының құқықтарын бұзатын шешімін, дауыс беруге қатыспаған немесе дау туғызған шешімге қарсы дауыс берген кооператив қатысушысының арызы бойынша сот толық немесе ішінара жарамыз деп тануы мүмкін. Мұндай арыз кооператив қатысушысының қабылданған шешім туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап алты ай ішінде, ал егер ол шешім қабылдаған жалпы жиналысқа қатысса, онда жалпы жиналыстың бұл шешімді қабылдаған күнінен бастап алты ай ішінде берілуі мүмкін.
      Кооперативтің өзге де органдарының шешімдерін даулау осы баптың бірінші бөлігінде көзделген тәртіп пен мерзімдерде жүзеге асырылады.

      50-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің атқарушы органы

      1. Егер кооператив жарғысында кооперативтің алқалы атқарушы органын (дирекция, басқарма және т.с.с.) құру көзделмесе, кооперативтің қызметіне ағымдағы басшылықты және оның ісін жүргізуді жеке-дара атқарушы орган (директор, басқарушы) жүзеге асырады.
      Атқарушы органның алқалылығымен тікелей байланысты адамдарды қоспағанда, атқарушы орган мүшелері туралы осы Заңның ережелері жеке-дара атқарушы органға қолданылады.
      2. Атқарушы органның мүшесі өз міндеттерін орындау кезінде кооператив мүддесі үшін адал және ақылға қонымды іс-әрекет етуге тиіс.
      3. Атқарушы органның мүшелерін белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге жалпы жиналыс сайлайды.
      4. Кооперативтің атқарушы органының мүшесі ретінде тек жеке тұлға ғана әрекет ете алады, ол кооператив мүшесі болмауы да мүмкін.

      51-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің атқарушы
              органының құзыреті

      1. Кооперативтің атқарушы органының құзыретіне осы Заңда, кооперативтің жарғысында немесе жалпы жиналыс қабылдаған қағидалар және өзге де құжаттарда айқындалған жалпы жиналыстың немесе байқаушы органдардың құзыретіне жатпайтын кооператив қызметін қамтамасыз етудің барлық мәселелері жатады.
      Кооперативтің атқарушы органының құзыретіне сонымен қатар жалпы жиналыстың ерекше құзыретіне жатпайтын, осы Заңның 42-бабының 3-тармағына сәйкес атқарушы органға берілген оның өкілеттіктері де жатады.
      2. Кооператив үшінші тұлғамен қатынастарда кооперативтің атқарушы органының өкілеттіктеріне белгілеген шектеулеріне сілтеме жасауға құқылы емес. Алайда кооператив, егер мәміле жасасу кезінде үшінші тұлғаның мұндай шектеулер туралы білгенін дәлелдесе, өзінің атқарушы органының белгіленген шектеулерді бұза отырып, үшінші тұлғамен жасаған мәмілесінің заңдылығын даулауға құқылы.
      3. Кооперативтің атқарушы органының мүшелері кооперативке кез келген қатысушының талап етуі бойынша олардың кооперативке келтірген зияндарын өтеу бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл ретте олар бірлесіп жүзеге асырған кооперативті тиісінше басқармаудан туындаған зияндар үшін ортақ жауапкершілікте болады.
      4. Кооперативтің атқарушы органы мүшелерінің кооперативті басқаруды тиісінше жүзеге асырмауынан туындаған кооперативтің дәрменсіздігі (банкроттығы) салдарынан үшінші тұлғалар шеккен зияндар үшін кооперативтің атқарушы органының мүшелері осы тұлғалар алдында кооперативпен бірге ортақ субсидиарлық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

      52-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жеке-дара
              атқарушы органы

      1. Кооперативтің жеке-дара атқарушы органы (директор, басқарушы директор және сол секілді):
      1) кооперативтің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      2) кооператив мүддесін білдіру құқығына сенімхаттар, оның ішінде қайта сенім білдіру құқығымен сенімхаттар береді;
      3) кооператив қызметкерлеріне қатысты оларды лауазымға тағайындау туралы, оларды басқа жұмысқа ауыстыру және жұмыстан босату туралы бұйрықтар шығарады, еңбекақы төлеу жүйесін айқындайды, лауазымдық жалақылар және дербес үстемақылар мөлшерін белгілейді, сыйлықақы беру мәселелерін шешеді, көтермелеу шараларын қабылдайды және тәртіптік жаза қолданады;
      4) осы Заңмен немесе кооператив жарғысымен қатысушылардың жалпы жиналысының немесе байқаушы органдардың құзыретіне жатқызылмаған өзге де өкілеттіктерді, сондай-ақ осы Заңның 42-бабының 3-тармағына сәйкес кооператив қатысушыларының жалпы жиналысымен оған берілген өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Кооперативтің жеке-дара атқарушы органы қызметінің және оның шешімдер қабылдау тәртібі кооператив жарғысымен, сондай-ақ қатысушылардың жалпы жиналысында қабылданған қағидалармен және өзге де құжаттармен айқындалады.
      3. Егер кооператив жарғысына сәйкес оның істерін жүргізу алқалы атқарушы органға біріктірілмеген екі немесе бірнеше директорға (басқарушы және сол секілді) тапсырылса, онда мұндай директорлардың (басқарушы және сол секілді) әрқайсысы кооператив атынан сенімхатсыз әрекет етуге құқылы. Мұндай директорларға (басқарушы және сол секілділерге) осы баптың ережелері қолданылады.

      53-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің алқалы атқарушы
              органы

      1. Егер кооперативтің жарғысында алқалы атқарушы орган (дирекция, басқарма және сол секілді) құру көзделген болса, мұндай органды, егер заңнамалық актілерде немесе кооперативтің жарғысында өзгеше белгіленбесе, саны жеті қатысушыдан аспайтын кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы сайлайды.
      2. Кооперативтің алқалы атқарушы органының басшысын, егер кооператив жарғысында оны алқалы органның өзі сайлайтыны көзделмесе, кооперативтің жалпы жиналысы сайлайды.
      3. Кооперативтің алқалы атқарушы органының басшысы осы органның жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және оның отырыстарын басқарады. Ол осы Заңның 52-бабы 1-тармағының 1)-3) тармақшаларына сәйкес кооперативтің жеке-дара атқарушы органына тиесілі құқықтарды иеленеді.
      4. Кооперативтің алқалы атқарушы органы қызметінің және оның шешімдер қабылдау тәртібі кооперативтің жарғысында, сондай-ақ қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдаған қағидалар мен өзге де құжаттарда айқындалады.

      54-бап. Атқарушы орган мен ауыл шаруашылығы кооперативі
              мүшелері мүдделерінің қақтығысы

      1. Кооперативтің атқарушы органының мүшелеріне:
      1) жалпы жиналыстың келісімінсіз кооперативпен одан мүліктік пайда алуға бағытталған мәмілелер (сыйға тарту, қарыз, тегін пайдалану, сатып алу-сату шарттарын және басқаларды қоса алғанда) жасасуға;
      2) кооперативтің үшінші тұлғалармен жасаған мәмілелері үшін кооперативтің өзінен де, үшінші тұлғалардан да комиссиялық сыйақы алуға;
      3) үшінші тұлғалардың кооперативпен арасындағы қатынастарында олардың атынан немесе мүдделері үшін әрекет жасауға;
      4) кооперативтің қызметімен бәсекелесетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
      Кооперативтің жарғысында оның атқарушы органының мүшелері үшін басқа да тыйым салулар көзделуі мүмкін.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген шектеулер кооперативтің атқарушы органы мүшелерінің зайыбына да, барлық тікелей өзінен тарайтын және ата-тегі бойынша туыстарына да, сондай-ақ туған аға-інілері мен апа-сіңлілеріне де қолданылады. Осы шектеулер қолданылатын кооперативтің атқарушы органы мүшелерінің үлестес адамдарының қосымша тізбесі кооператив жарғысында көзделуі мүмкін.
      3. Кооперативтің кез келген қатысушысы атқарушы орган мүшелерінің немесе олардың осы баптың 2-тармағында көрсетілген туған-туыстарының осы баптың 1-тармағында көзделген тыйым салуларды бұзуынан кооперативке келтірген зиянды кооперативке өтеуін сотта талап етуге құқылы.

      55-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін немесе оның мүлкін
              сенімгерлік басқаруға беру

      Кооператив немесе оның мүлкі, егер кооперативтің жарғысында өзгеше көзделмесе, сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.

      56-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің байқаушы кеңесі

      1. Байқаушы кеңес кооперативтің атқарушы органының қызметін бақылауды жүзеге асырады.
      2. Кооперативтің байқаушы кеңесінің мүшелерін белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге жалпы жиналыс сайлайды.
      3. Байқаушы кеңестің мүшесі ретінде тек жеке тұлға ғана әрекет ете алады. Ол бір мезгілде кооперативтің атқарушы органының мүшесі бола алмайды.
      4. Кооперативтің байқаушы кеңесі қызметінің және оның шешімдер қабылдау тәртібі кооперативтің жарғысында, сондай-ақ жалпы жиналыс қабылдаған қағидалар мен өзге де құжаттарда айқындалады.
      Байқаушы кеңесте дауыс беру кезінде кеңестің әр мүшесі бір дауысқа ие болады.
      5. Кооперативтің байқаушы кеңесі өзінің атқарушы органының қызметін бақылауды тиісінше жүзеге асырмауы салдарынан кооперативке және үшінші тұлғаларға келтірілген зиян үшін байқаушы кеңестің мүшелері осы Заңда көзделген нормаларға сәйкес жауап береді.

      57-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің ішкі аудиті

      Кооператив қызметінің олардың бухгалтерлік есептілігінің анықтығы, бухгалтерлік есепті жүргізу тәртібінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі, олардың Қазақстан Республикасының заңнамасын және кооператив жарғысының ережелерін сақтауы, кооперативтерді құру және олардың қызмет ету қағидаттарының сақталуы тұрғысынан, кооперативтің қаржы-шаруашылық қызмет нәтижелерінің нашарлауына немесе дәрменсіздікке (банкроттыққа) әкелген бұзушылықтарды анықтау тұрғысынан ішкі аудитті кооперативтердің тексеру одағы (қауымдастығы) жүзеге асырады.
      Тексеру одағы (қауымдастығы) анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою туралы нұсқама беруге және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы.

      58-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативіндегі сыртқы аудит

      1. Заңнамалық актілерде кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын кооперативтер үшін жылдық қаржылық есептілікке міндетті түрде аудит жүргізу белгіленуі мүмкін.
      2. Кез келген кооператив қатысушысы Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес қаржылық есептілікке өз есебінен аудит жүргізуді талап етуге құқылы.
      3. Егер аудит міндетті болған кезде не оны жүргізуді кооператив қатысушысы талап еткен кезде кооперативтің атқарушы органы кооперативтің жылдық қаржылық есептілігіне аудит жүргізуден жалтарса, аудит кез келген мүдделі адамның не кооператив қатысушысының өтініші бойынша қабылданған сот шешімімен белгіленуі мүмкін.

      59-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің ақпарат беруі

      1. Кооперативтің атқарушы органы сотта корпоративтік дау бойынша іс қозғалғаны туралы кооперативке барлық қатысушыларды хабардар етуге міндетті.
      2. Кооператив қатысушыларына сотта корпоративтік дау бойынша іс қозғалғаны туралы ақпарат кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының шешімінде көзделген тәртіппен (егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе), кооператив соттың тиісті хабарламасын немесе корпоративтік дау бойынша азаматтық іс бойынша шақыруды алған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуге тиіс.

6-тарау. Ауыл шаруашылығы кооперативін қайта ұйымдастыру және тарату

      60-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін қайта ұйымдастыру

      1. Кооперативті қайта ұйымдастыру (қосу, біріктіру, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының шешімі бойынша ерікті түрде жүзеге асырылуы мүмкін.
      Үлесті иеліктен шығару немесе кооператив қатысушылары құрамының өзге де өзгерісі кооперативті қайта ұйымдастыру болып табылмайды.
      2. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда кооперативті бөлу немесе оның құрамынан бір немесе бірнеше кооперативті бөліп шығару нысанында кооперативті қайта ұйымдастыру уәкілетті мемлекеттік органдардың шешімі бойынша немесе соттың шешімі бойынша жүзеге асырылады.
      3. Заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларда қосу немесе біріктіру нысанында кооперативті қайта ұйымдастыру уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
      4. Егер заңнамалық актілерде немесе қайта ұйымдастыру туралы шешімде өзгеше көзделмесе, қайта ұйымдастырылған кооперативтің мүлкі оны мемлекеттік тіркеу кезіндегі оның құқықтық мұрагеріне ауысады.

      61-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін біріктіру, қосу

      1. Екі немесе бірнеше кооперативті біріктіру осы кооперативтердің мүлкін толық біріктіру арқылы жүзеге асырылады. Біріктіру нәтижесінде жаңа кооператив пайда болады. Жаңа кооперативтің құрамына кірген кооперативтер өз қызметін тоқтатады. Бұл ретте біріктіруге қатысатын кооперативтердің әрқайсысының барлық құқықтары мен міндеттері табыстау актісіне сәйкес пайда болатын кооперативке ауысады.
      2. Бір немесе бірнеше кооперативтің басқа кооперативке қосылуы қосылатын кооперативтердің мүлкін қосып алатын кооперативтің мүлкіне қосу арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте қосылатын кооперативтер өз қызметін тоқтатады, ал олардың барлық құқықтары мен міндеттері табыстау актісіне сәйкес жарғысына қайта ұйымдастыруға байланысты өзгерістер енгізілетін қосып алатын кооперативке ауысады.
      3. Біріктіруге, қосылуға қатысатын кооперативтердің атқарушы органдары бірігу, қосылу туралы шарттардың жобаларын дайындайды және бірігу, қосылу туралы мәселені әрбір кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының қарауына және бірігу, қосылу туралы шартты бекітуіне енгізеді.
      Бірігу, қосылу туралы шарттың келісілген мәтініне кооперативтердің осыған уәкілетті атқарушы органдары қол қояды.
      Бірігу, қосылу туралы шартта бірігуге, қосылуға қатысатын әрбір кооперативтің фирмалық атауы, орналасқан жері мен мекенжайы туралы мәліметтер, олардың балансының негізгі деректері қамтылуға, сондай-ақ біріктіру, қосылудың тәртібі мен жағдайлары көзделуге тиіс.
      4. Біріктіруге, қосылуға қатысатын кооперативтердің әрқайсысы оның қатысушыларының жалпы жиналысы бірігу, қосылу туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі айлық мерзімде өзінің барлық кредиторларына бірігу, қосылу туралы жазбаша хабарлама жіберуге және бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті хабарландыру беруге міндетті. Хабарламаға (хабарландыруға) бірігуге, қосылуға қатысатын басқа кооперативтер туралы осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтер қоса беріледі.
      Кооперативтің кредиторлары хабарлама алған немесе хабарландыру жарияланған күннен бастап екі айлық мерзімде кооперативтен қосымша кепілдіктерді не кооперативтің тиісті міндеттемелерді мерзімінен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және зияндарды өтеуін талап етуге құқылы. Талаптар кооперативке жазбаша нысанда жіберіледі, ал олардың көшірмелері кооперативті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға берілуі мүмкін.
      5. Бірігуге, қосылуға қатысатын кооперативтің әрқайсысы оның қатысушыларының жалпы жиналысы бірігу, қосылу туралы шешім қабылдаған кезден бастап шешім қабылданғаннан кейін пайда болатын міндеттемелер бойынша кредиторларына бұл шешім туралы хабарлауға міндетті.
      Кооперативтердің бірігуі, қосылуы туралы шарттың негізінде бірігетін, қосылатын кооперативтердің қатысушылары құрылтай шартын әзірлейді және құрылтай жиналысында оған қол қояды, ал біріккен кезде жаңадан құрылып жатқан кооперативтің жарғысын бекітеді және кооперативтің атқарушы және өзге де органдарын сайлайды.

      62-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін бөлу, бөліп шығару

      1. Кооперативті бөлу осы кооперативтің мүлкін жаңадан пайда болатын екі немесе бірнеше кооператив арасында бөлу арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте бөлінетін кооперативтің құқықтары мен міндеттері бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болатын кооперативтерге ауысады.
      2. Кооперативтен бір немесе бірнеше кооперативті бөліп шығару кооператив мүлкінің бір бөлігін бөліп шығарып, оны жаңадан пайда болатын бір немесе бірнеше кооперативке беру арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте қайта ұйымдастырылатын кооперативтің құқықтары мен міндеттерінің бір бөлігі бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болатын кооперативтерге ауысады.
      3. Қайта ұйымдастырылатын кооперативтің атқарушы органы бөлу, бөліп шығару жоспары мен жаңадан пайда болатын кооперативтер жарғыларының жобаларын дайындайды және қатысушыларының жалпы жиналысының қарауына кооперативті бөлу, бөліп шығару туралы, бөлу, бөліп шығару жоспарын, жаңадан пайда болатын кооперативтердің жарғылары мен бөлу балансын бекіту туралы, сондай-ақ жаңадан пайда болатын кооперативтердің атқарушы және өзге де органдарын сайлау туралы мәселелерді енгізеді.
      4. Егер кооперативтің жарғысында өзгеше көзделмесе, оны бөлу, бөліп шығару кезінде әрбір қатысушы жаңадан пайда болатын әрбір кооперативтің жарғылық капиталынан қайта ұйымдастырылатын кооперативтің жарғылық капиталындағы өз үлесіне тең үлес алуға құқылы.
      5. Кооператив оның қатысушыларының жалпы жиналысы бөлу, бөліп шығару туралы шешім қабылдаған кезден бастап бұл шешім туралы кредиторларына шешім қабылданғаннан кейін пайда болатын міндеттемелер бойынша хабарлауға міндетті.
      6. Кооператив оның қатысушыларының жалпы жиналысы бөлу, бөліп шығару туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі айлық мерзімде өзінің барлық кредиторларына бөлу, бөліп шығару туралы жазбаша хабарлама жіберуге және бұқаралық ақпарат құралдарына тиісті хабарландыру жариялауға міндетті. Хабарламаға (хабарландыруға) бөлу балансы, сондай-ақ жаңадан пайда болатын әрбір кооперативтің фирмалық атауы, орналасқан жері мен мекенжайы туралы мәліметтер қоса беріледі.
      7. Қайта ұйымдастырылатын кооперативтің кредиторлары хабарлама алған (хабарландыру жарияланған) күннен бастап екі айлық мерзімде кооперативтің тиісті міндеттемелерді мерзімінен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және зияндарды өтеуін талап етуге құқылы. Талаптар кооперативке жазбаша нысанда жіберіледі, ал олардың көшірмелері кооперативті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға берілуі мүмкін.
      8. Кооперативті бөлу, бөліп шығару нәтижесінде пайда болған кооперативтер жаңа кооперативтер мемлекеттік тіркелген кезден бастап бір жыл бойы оның міндеттемелері бойынша ортақ жауапкершілікте болады.

      63-бап. Уәкілетті мемлекеттік органның немесе соттың ауыл
              шаруашылығы кооперативін мәжбүрлеп бөлу, бөліп
              шығару туралы шешімін орындамаудың салдары

      1. Егер соттың шешімі бойынша мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру кезінде бөлуді, бөліп шығаруды жүргізуге уәкілетті кооперативтің атқарушы органдары соттың шешімінде белгіленген мерзімде кооперативті бөлуді, бөліп шығаруды жүзеге асырмаса, сот кооперативтің мүлкіне сенімгер басқарушы тағайындайды және оған қайта ұйымдастырылатын кооператив мүлкінің есебінен осы кооперативті бөлуді, бөліп шығаруды жүзеге асыруды тапсырады.
      2. Сенімгер басқарушы тағайындалған кезден бастап кооперативті басқару жөніндегі өкілеттік соған ауысады.
      3. Сенімгер басқарушы сотта кооператив атынан әрекет етеді, бөлу балансын жасайды және оны бөлу, бөліп шығару нәтижесінде пайда болатын кооперативтердің құрылтай құжаттарымен бірге соттың бекітуіне береді. Соттың көрсетілген құжаттарды бекітуі жаңадан пайда болатын кооперативтерді мемлекеттік тіркеу үшін негіз болып табылады.

      64-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін қайта құру

      1. Кооператив табыстау актісіне сәйкес қайта құрылатын кооперативтің барлық құқықтары мен міндеттері соған ауысатын шаруашылық серіктестігі, акционерлік қоғам немесе өндірістік кооператив болып қайта құрылуға құқылы.
      2. Қайта құрылатын кооперативтің атқарушы органы қайта құру тәртібі мен жағдайларын айқындайтын қайта құру жоспары мен жаңадан пайда болатын заңды тұлға жарғысының жобасын дайындайды және кооперативті қайта құру, қайта құрудың жоспары мен жарғыны бекітуге, сондай-ақ жаңадан пайда болатын серіктестіктің, акционерлік қоғамның атқарушы және өзге органдарын сайлау туралы мәселелерді қатысушылардың жалпы жиналысының шешіміне шығарады.
      3. Кооперативті қайта құру нәтижесінде құрылған акционерлік қоғам қоғамның акцияларын тек қана кооператив қатысушылары арасында орналастырады (өткізеді). Қайта құрылған кооперативтің қатысушыларына берілетін акциялардың саны әрбір қатысушы үлесінің баланстық құнының қайта ұйымдастырылатын кооперативтің меншікті капиталының жалпы мөлшеріне арақатынасы негізінде айқындалады.
      4. Құрылатын акционерлік қоғамның жарғылық капиталы оған табыстау актісіне сәйкес берілген активтер мен міндеттемелер арасындағы айырмаға тең болады және «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      65-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін қайта ұйымдастыруға
              дауыс бермеген қатысушылардың үлестерін сатып алу

      1. Кооператив қатысушыларының жалпы жиналысы кооперативті қайта ұйымдастыру туралы мәселені шешкен кезде оған қатыспаған не мұндай шешімге қарсы дауыс берген кооператив қатысушылары өз үлестерін кооперативтің қайта ұйымдастырылуына дауыс берген қатысушылардың сатып алуын талап етуге құқылы.
      2. Үлесті сатып алу тиісті талап мәлімделген күннен бастап бір ай ішінде жүзеге асырылуға тиіс. Үлесті кооперативтің қайта ұйымдастырылуына дауыс берген қатысушылар, егер олардың сатып алу туралы талапты мәлімдеген қатысушының үлесін толық сатып алуды қамтамасыз ететін келісімінде өзгеше белгіленбесе, кооперативтің жарғылық капиталындағы өз үлестеріне пропорционалды бөліктерде сатып алады. Үлестің сатып алынатын бағасы осы Заңның 30-бабының нормаларына сәйкес белгіленеді.
      3. Үлесті сатып алу туралы талапты мәлімдейтін кооператив қатысушысы мұндай талаптың көшірмесін осы Заңның 66-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органға жіберуге құқылы. Үлесті сатып алу туралы талаптың көшірмесі көрсетілген мемлекеттік органға келіп түскен жағдайда тіркеу өтініш берушінің үлесті сатып алу дәлелдемелерін ұсынған немесе талапты мәлімдеген қатысушының тіркеуге қарсылығы болмаған жағдайда ғана жүргізіледі.

      66-бап. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде пайда болатын
              кооперативті мемлекеттік тіркеу

      1. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде пайда болатын кооперативті мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде пайда болатын кооперативті мемлекеттік тіркеуді заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган осы Заңның 61-бабының 4-тармағында және62-бабының 7-тармағында көзделген қайта ұйымдастыруға қатысатын кооперативтерге қойылатын талаптарды мәлімдеу үшін кредиторларға берілген мерзім өткеннен кейін жүргізеді. Егер заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органға кооперативтерді қайта ұйымдастыруға қатысатын кредиторлар талаптарының көшірмелері келіп түссе, жаңадан пайда болатын кооператив бұл талаптардың орындалуының не оларды мәлімдеген кредиторлардың қайта ұйымдастыруға қарсылықтары жоқ екендігінің дәлелдемелерін ұсынған жағдайда тіркеледі.
      3. Егер кооперативті қайта ұйымдастыруға қатысатын соңғы қатысушылардың жалпы жиналысы қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап бір жыл ішінде мемлекеттік тіркеу туралы өтініш берілмесе не осы баптың 2-тармағында көрсетілген қажетті дәлелдемелер ұсынылмаса қайта ұйымдастыру жүргізілмеді деп есептеледі.

      67-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін тарату

      1. Кооператив оның қатысушыларының жалпы жиналысының шешімі бойынша таратылуы мүмкін.
      2. Сот шешімі бойынша кооператив:
      1) банкроттық;
      2) заңды тұлғаны құру кезінде жойылмайтын сипатқа ие заңнаманы бұзушылыққа жол берілуіне байланысты оның тіркелуі жарамсыз деп танылған;
      3) заңды тұлға орналасқан жері немесе нақты мекенжайы бойынша болмаған, сондай-ақ оларсыз заңды тұлға бір жыл ішінде жұмыс істей алмайтын құрылтайшылар (қатысушылар) және лауазымды адамдар болмаған;
      4) қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып:
      заңды тұлғаның жарғылық мақсаттарына қайшы келетін қызметтерді жүйелі түрде жүзеге асырған;
      қызметті тиісті лицензиясыз не заңнамалық актілермен тыйым салынған қызметтерді жүзеге асырған;
      5) осы Заңда белгіленген ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының ең аз санын азайтқан;
      6) ауыл шаруашылығы кооперативінің алты ай ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одақтарына (қауымдастықтарына) кірмеуі;
      7) заңнамалық актілерде көзделген басқа да жағдайларда таратылуы мүмкін.
      3. Егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, осы баптың екінші тармағында көрсетілген негіздер бойынша кооперативті тарату туралы талапты сотқа мүдделі адамдар беруі мүмкін.
      4. Соттың кооперативті тарату туралы шешімімен таратуды жүзеге асыру жөніндегі міндеттер кооперативтің өзіне; кооперативтің уәкілетті органына; оның құрылтай құжаттарымен кооперативті таратуға уәкілетті органға не сот тағайындаған өзге органға (адамға) жүктелуі мүмкін.

      68-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметін тоқтату

      1. Осы Заңның 60, 67-баптарында көзделген негіздерден басқа кооперативтің қызметін тоқтатуға:
      1) жарғылық капиталды азайтқанда оның мөлшері осы Заңның 21-бабының 2-тармағында көзделген ең төменгі мөлшерден азаюы;
      2) қатысушылардың осы Заңның 22-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімде кооперативтің жарғылық капиталын құрмауы негіз болып табылады.
      2. Жарғылық капиталды азайту нәтижесінде оның мөлшері осы Заңның 21-бабының 2-тармағында көзделген ең төменгі мөлшерден аз болып қалған жағдайда, сондай-ақ қатысушылар осы Заңның 22-бабының 2-тармағында белгіленген мерзімде кооперативтің жарғылық капиталын құрмаса, қатысушылар бір жыл ішінде жарғылық капиталға тиісті қосымша салымдар енгізуі қажет. Бұлай болмаған жағдайда кооператив мүдделі адамдардың өтініші бойынша сот шешімімен таратылуға жатады.

      69-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілген кезден бастап:
      1) «Қазақстан Республикасындағы селолық тұтыну кооперациясы туралы» 1999 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 21, 770-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат);
      2) «Ауылшаруашылық серіктестіктері және олардың қауымдастықтары (одақтары) туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 23, 413-құжат; 2006 ж., № 8, 45-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат);
      3) «Су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативі туралы» 2003 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 6, 35-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат; 2014 ж., № 2, 10-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Ауылдық тұтыну кооперативтері, су пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативтері, ауыл шаруашылығы серіктестіктері осы Заң күшіне енген кезден бастап 1 (бір) жыл ішінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге ұйымдық-құқықтық нысандарға қайта тіркеу және қайта ұйымдастыру рәсімін өтуге міндетті.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады