Байланыс формасы

Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "АІЖК-не" деген сөз "АПК-не" деген сөзбен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Азаматтарға тиесiлi өзiндiк мүлiктiк емес игілiктер мен құқықтарды қорғау және оларға келтiрiлген моральдық зиянды өтеу мәселелерiн реттейтiн заңнаманы сот практикасында дұрыс әрi бiркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етедi:

      1. Жеке тұлғаларға тумысынан немесе заң бойынша тиесiлi өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарды сот арқылы қорғаудың, сондай-ақ оларға келтiрiлген моральдық зиянды өтеудiң адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырудың тиiмдi кепілі болып табылатынына соттардың назары аударылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (бұдан әрi — АК)9 және 141-баптары мен республиканың басқа да заңдарына сәйкес, сот өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарды қорғауды:

      құқықты тану;

      өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар бұзылғанға дейiн болған жағдайды қалпына келтiру, оның iшiнде мемлекеттік органдардың заңнамаға сәйкес келмейтiн актілерін жарамсыз немесе қолдануға жатпайды деп тану;

      өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтардың бұзылуы салдарын жою;

      моральдық зиянды өтеу арқылы жүргізедi.

      Өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарды сот жоғарыда көрсетiлген тәсiлдердiң жиынтығын, сондай-ақ олардың әрқайсысын бөлек қолдану арқылы қорғайды.

      Өзiндiк мүлiктiк емес құқықтарды қорғаудың АК-де көзделген тәсiлдерiн сот осындай құқықтарды қорғау еңбек туралы, неке және отбасы туралы, табиғи ресурстарды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау туралы және басқа да заңнамалық актілерде арнайы бекітілмеген жағдайларда да қолдануы мүмкiн.

      3. Бұзылуы, айырылуы немесе кемсiтiлуi жәбірленушіге моральдық зиян келтiруге әкеп соғатын өзіндік мүлiктiк емес игіліктер мен құқықтар деп азаматтың жеке басымен тұтасымен байланысты әрі оған тумысынан тиесiлi игiлiктерді немесе заңмен берілген құқықтарды түсiну қажет. Адамға тумысынан тиесiлi игiлiктерге өмiрін, денсаулығын, ар-намысын, қадір-қасиетін, бостандығын, жеке басына қол сұқпаушылықты, ал азаматтың заңмен берілген құқықтарына тұрғын үйiне немесе меншiгіне қол сұқпаушылық, жеке өмiрiнiң немесе отбасының құпиясы, телефон, телеграф хабарларының және хат алысу құпиясы; атын пайдалану; өз бейнесiне; авторлық және аралас құқықтар туралы заңнамаға сәйкес авторлық және басқа да мүлiктiк емес өзiндiк; емiн-еркiн жүрiп-тұру және тұрғылықты жерiн таңдау, анық ақпарат алу құқығын, сондай-ақ заңнамада көзделген басқа да құқықтарды жатқызуға болады.

      Моральдық зиян деп азаматтың өзіне тиесiлi өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтардың заңға қайшы бұзылуының, кемсiтiлуiнің немесе олардан айырылуының нәтижесінде туындаған жан немесе тән азабын түсiну қажет.

      Жан азабы (адамның эмоциялық-еріктік уайымдары) деп оның басынан кешкен қорлануына, ызалануына, қысым жасалуына, ашулануына, ұялуына, түңілуіне, залал шегуіне, қолайсыз жағдайға болуына және т.б. қатысты сезiмдерiн түсiну қажет. Мұндай сезiмдер жәбiрленушiнiң өзiнің, сондай-ақ оның жақын туыстарының, жұбайының/зайыбының өмiрi мен денсаулығына құқыққа қарсы қол сұғылудың; бас бостандығынан заңсыз айырылудың немесе шектелудің, не емiн-еркiн жүрiп-тұру құқығынан заңсыз айырылудың; денсаулығына зиян келтірілуiнің, оның iшiнде адамның бет әлпетiне танымастай болып жарақат пен сызат түсiретiн; отбасылық, жеке немесе дәрiгерлiк құпиясы ашылуының; хат-хабар алмасу, телефон немесе телеграф ақпараты құпиясы бұзылуының; азаматтың қадiр-қасиетi мен ар-намысына кiр келтiретiн, шындыққа жанаспайтын мәлiметтердiң таратылуының; өз атына, өз бейнесiне құқықтарының бұзылуының; оның авторлық құқығының және аралас құқықтарының бұзылуының және т.б. салдарынан келтірілуі мүмкiн.

      Тән азабы деп күш қолданылуына немесе денсаулығына зиян келтірілуіне байланысты азаматтың сезiнетiн тәнiнiң ауырғанын түсiну қажет.

      4. АК-нің 187-бабының 1) тармақшасына сәйкес, моральдық зиянды өтеу туралы талаптарға заңнамалық актілермен көзделген жағдайлардан басқа кездерде талап қою мерзiмi қолданылмайды. Бұл ретте соттар "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, азаматтардың өзiндiк мүлiктiк емес құқықтарын қорғауды көздейтiн заң актілерінiң, егер заң актілерімен өзгеше тәртiп көзделмесе, олар қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн пайда болатын құқықтық қатынастарға қолданылатынына назар аударуы қажет. "Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiн (Ерекше бөлiм) қолданысқа енгізу туралы" 1999 жылғы 1 шілдедегі № 410-I Қазақстан Республикасы Заңының 8-тармағында АК-нің 922 және 923-баптарында көрсетілген келтiрiлген мүлiктiк емес зиян, егер ол 1999 жылдың 1 шiлдесiне дейiн, бiрақ 1996 жылдың 1 шілдесінен ерте емес кезеңде келтiрiлсе және өтелмей қалса, өтелетіні белгіленген.

      Жәбiрленушiнiң осындай зиянды өтеу құқығын көздейтiн заң актісi қолданысқа енгiзiлгенге дейiн келтiрiлген моральдық зиянды өтеу туралы талап қанағаттандырылуға жатпайды. Мұндай зиян заң актiсi қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн азамат жан немесе тән азабын тартуын одан әрі жалғастырған жағдайларда да қанағаттандырылуға жатпайды.

      Егер жәбiрленушiге моральдық зиян келтiрілген құқыққа қарсы әрекет (әрекетсiздiк) заңнамалық акт қолданысқа енгiзiлгенге дейiн басталса және ол қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн жалғасса, онда заңнамалық акт қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн жасалған құқыққа қарсы әрекетпен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген моральдық зиян өтелуге жатады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      5. Моральдық зиянды өтеу зиян келтірушінің кінәсі анықталған кезде жүргізіледі. АК-мен көзделген жағдайларда өзіндік мүліктік емес игіліктер мен құқықтар осы құқықтарды бұзған тұлғаның кінәсіне қарамастан сот арқылы қорғалуға жатады.

      Талапкер талап қоюда оның нақтылы өзіндік мүліктік емес игіліктері мен құқықтарының бұзылуының мән-жайларын көрсетіп, оны растайтын дәлелдемелерді келтіріп, оларды қорғау қажеттілігін, сондай-ақ оның пікірі бойынша өзіне келтірілген моральдық зиянды өтеуді қамтамасыз ететін өтемақы сомасын көрсетуге міндетті.

      Қылмыстық процесті жүргізетін органдар келтірген моральдық зиянды өтеу туралы азаматтардың талаптары азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.

      6. АК-нің 917-бабының 1-тармағына сай, моральдық зиянды құқыққа қарсы (қасақана немесе абайсыздықтан) жасаған әрекетiмен (әрекетсiздiгiмен) келтiрген тұлға оны толық көлемiнде өтеуге тиiс.

      Моральдық зиянды толық өтеу деп зиян келтiрушi тарапынан оның заң актілері нормаларының тiкелей талабына сәйкес ол орындауға міндетті іс-әрекеттерді (мысалы, "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі № 451-I Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары ол таратқан шындыққа сай келмейтiн мәлiметтерге түзету жариялауға міндетті; Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі — ҚПК) 41-бабына сәйкес, қылмыстық процестi жүргiзушi орган моральдық зиянның салдарын жою жөнiнде іс-шараларды қолдануға міндетті) және қойылған талап бойынша жәбiрленушiге сот шешiмiмен белгiленген сомадағы моральдық зиянға өтемақы төлеуді түсінген жөн.

      7. АК-нің 952-бабының талаптары бойынша моральдық зиян ақшалай нысанда өтеледі. Осы ретте сот өтемақы сомасын ақыл-парасаттылық пен әділдік өлшемдерін негізге ала отырып анықтайды.

      Моральдық зиян өтемақысының мөлшерін, егер оны анықтаған кезде азаматтың өзіндік мүліктік емес құқықтарының бұзылуына байланысты мән-жайлар ескерілсе, ақыл-парасатқа сай әрі әдiл деп есептеген жөн. Ақшалай өтемақының мөлшері құқыққа қарсы әрекет жасалғаны үшін және оның зиян келтірушіге келтірілген салдары үшін жауапкершілік шарасы болады.

      Бiрiншi сатыдағы сот өндiрген моральдық зиян өтемақысының мөлшерi, егер бұл мөлшер жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмейтiн болса, жоғары тұрған сот сатыларында қайта қаралуы мүмкiн.

      8. Соттар моральдық зиян өтемақысының мөлшерiн анықтаған кезде азаматқа келтiрiлген жан мен тән азабының ауырлығын, оның субъективтік бағалануын, сондай-ақ осы жағдайларды куәландыратын объективтi мәлiметтердi, атап айтқанда:

      өзіндік мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтардың (өмiрi, денсаулығы, бостандығы, тұрғын үйге қолсұқпаушылық, жеке және отбасылық құпиясы, ар-намысы мен қадiр-қасиетi және т.б.) өмiрлiк маңызын;

      жәбiрленушiнiң басынан кешірген жан немесе тән азабының дәрежесін (бас бостандығынан айырылуы, дене жарақаттарының келтірілуі, жақын туыстарынан айырылуы, еңбек қабiлетiн жоғалтуы немесе оның шектелуi және т.б.);

      моральдық зиянды өтеу үшiн қажет болып табылатын зиян келтiрушiнiң кiнәсiнiң түрін (пиғыл, абайсыздық) назарға алуы қажет.

      Сот моральдық зиян өтемақысының мөлшерiн анықтаған кезде iс материалдарымен бекітілген басқа да мән-жайларды, атап айтқанда, жәбiрленушiге келтiрiлген моральдық зиян үшiн жауаптылыққа тартылатын адамның отбасылық және мүлiктiк жағдайын назарға алуға құқылы.

      9. АК-нің 917-бабының 1-тармағына және 951-бабының 2-тармағына сәйкес, моральдық зиянның орнын толтыру бойынша міндеттеме мынадай негіздерде:

      тікелей жеке тұлғаға қатысты осы адамның заңмен қорғалатын өзіндік мүліктік емес құқықтарына және игіліктеріне қол сұғатын құқық бұзушылықты (деликтіні) жасаған;

      құқық бұзушылық пен жәбірленушіге келтірілген зиян мен ол қайтыс болған жағдайда оның жақын туыстарына тиесілі өзіндік мүліктік емес құқықтардың бұзылуы мен жан азабына және тән азабына әкеп соқтырған, оған тиесілі өзіндік мүліктік емес құқықтардың бұзылуы арасындағы себепті байланыс болған;

      заңмен көзделген кінәсіз жеке мүліктік емес зиянды өтеу жағдайларынан басқа, зиян келтірушінің кінәсі болған кезде туындайды.

      Жоғарыда аталған негіздердің кез келгенінің болмауы өзіндік мүліктік емес игіліктер мен құқықтарды қорғау мүмкіндігін болдырмайды, өйткені олар бұзылмаған деп есептеледі.

      10. Соттар "Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы" 1993 жылғы 14 сәуірдегі № 2143-XII Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі — "Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы" Заң) 22-бабымен жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарына мүлiктiк және мүлiктiк емес зиянның бас бостандығынан айыру орындарында заңсыз болған әрбiр айы үшiн ақталушы әлеуметтiк қорғау органдарына жүгiнген күнге Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң төрттен үшi мөлшерiнде 2001 жылдың 1 қаңтарынан бастап өтелуге жататыны қарастырылғанына назар аударсын. Алайда мүлiктiк және мүлiктiк емес зиян өтемақысының жалпы сомасы 100 айлық есептiк көрсеткiштен аспауы қажет.

      Моральдық зиянның өтемақысы жәбiрленушiнiң жеке басына ажырамастай байланысты, тиісінше, осы өтемақы есептелген (сот өндiрген), бiрақ ақталған адам қайтыс болуы себебінен алынбаған жағдайлардан басқа кезде, бұл өтемақы жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарының мұрагерлерiне төленбейді.

      Соттардың "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" Заңның 26-бабындағы осы Заң қолданысқа енгенге дейін ақталған жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына 18-ден бастап 24-ті қоса алғандағы баптардың күшінің қолданылатыны туралы нұсқау Заң қабылданғаннан кейін ақталған адамдардың құқықтарын шектеместен осы баптардың қолданылуына кері күш береді деп түсінген жөн.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      11. АК-нің 922-бабының 1-тармағына, 923-бабының 1 және 2-тармақтарына, 951-бабының 3-тармағына сәйкес:

      мемлекеттік органдардың заңнамалық актілерге сәйкес келмейтiн актiлер шығаруының;

      заңсыз соттаудың;

      заңсыз қылмыстық жауаптылыққа тартудың;

      бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауда ұстаудың, үйқамақта ұстаудың, ешқайда кетпеу туралы қолхат алудың;

      қамаққа алу түрiндегі әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолданудың;

      психиатриялық немесе басқа емдеу мекемелерiне заңсыз орналастырудың;

      заңнамалық актiлермен көзделген өзге де жағдайлардың нәтижесiнде азаматқа келтiрiлген моральдық зиян мемлекеттік қазына (республикалық немесе жергiлiктi бюджет қаражаты) есебiнен зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан өтеледi.

      12. Мемлекеттік қазына (республикалық немесе жергiлiктi бюджеттің) есебiнен моральдық зиянды өтеу туралы қойылған талап қоюлар бойынша жауапкер мемлекет болып табылады және бұл жағдайда осы санат бойынша iстердiң соттардың қарауына жататындығын мемлекеттік қазына өкiлiнiң тұрған жерi бойынша анықтаған жөн.

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі не мемлекеттік қазынаның мүдделерiн білдіру жөнiнде арнайы өкілеттікті иеленген өзге де мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар немесе азаматтар мемлекеттік қазынаның өкiлдерi бола алады.

      Соттар осы санаттағы істерді қараған кезде мемлекеттік қазынаның және тиiстi бюджеттік бағдарламаның әкiмшiсiнің нақтылы өкілін анықтауға және оларды іске қатысуға тартуға тиiс.

      13. Соттар жоғары қауiптiлiк көзi келтiрген моральдық зиян өтемақысын өндiру туралы азаматтардың талап қоюларын қараған кезде, егер осы зиянның жойқын күштің немесе жәбiрленушiнiң пиғылының салдарынан не жоғары қауіптiлiк көзiнiң зиян келтiрушiнiң құқыққа қарсы әрекеттерiнiң нәтижесiнде иесінің ырқынан шығып кетуiне байланысты келтiрiлгенiн дәлелдей алмаса, жоғары қауiптiлiк көзiнің иесi моральдық зиянды өтеуге міндетті екенiн назарда ұстаулары қажет.

      Соттар жәбiрленушiнiң жоғары қауiптiлiк көзiмен қауiпсiз жұмыс iстеу ережесін бiле тұра қасақана бұзуын (иттер мен басқа да үй жануарларын айтақтау; хайуанаттар бақтарында және олар қамауда ұсталатын басқа да жерлерде жабайы жануарларды айтақтау; өрт қаупi бар, жарылғыш, ионданушы және адам денсаулығы мен өміріне қауiптi басқа да нәрселер мен заттарды пайдалану тәртібін бұзу және т.б.) дәлелдейтiн, оның жәбiрленушiге моральдық зиян келтiруiне ықпал еткен әрекеттерiн жәбiрленушiнiң пиғылы деп түсiнгендерi жөн.

      Жоғары қауiптiлiк көзi иесінің құқыққа сай иелігінен шығып кетуi деп жоғары қауiптiлiк көзi иесiнiң үшiншi тұлғаның қалыпты жағдайларда жоғары қауiптiлiк көзiн оның еркiнен тыс пайдаланып кетуiн болдырмайтын тиiстi әрi жеткiлiктi іс-шараларды қолдануын түсiну қажет.

      Жоғары қауiптілiк көзiн иеленген тұлғалар құқыққа қайшы әрекеттерiмен жәбiрленушiге мүлiктiк зиян келтiрген жағдайда, моральдық зиянды өтеу жөніндегі мiндеттердi осындай зиянды келтiрген тұлғалар тiкелей өздерi атқарады. Егер жоғары қауiптiлiк көзi иесінің құқыққа сай иелiгінен шықса, бірақ осы ретте оның кінәсінің бар екені анықталса, онда мүлiктiк зиян үшiн жауапкершiлiк үлестік тәртібімен зиян келтiрушiнiң тiкелей өзiне, сондай-ақ жоғары қауiптiлiк көзiнiң иесiне жүктеледi.

      14. Еңбекақыны өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу туралы талап арыздарды қараған кезде соттар Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі — Конституция) 24-бабының негізінде әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына, қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін қандай да бір кемсітушіліксіз сыйақы алуға құқығы бар екенін назарда ұстаулары қажет. Жұмыстан заңсыз шығару, еңбекақыны уақтылы төлемеу қызметкердің еңбегі үшін сыйақы алу конституциялық құқығын бұзу болып табылады, олар еңбекақыны өндіріп алу туралы талапты қойған кезде азаматтардың қорғалуға жататын мүліктік емес құқықтарының да бұзылуына әкеп соқтырады.

      15. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрi – Неке туралы кодекс) 1-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес, жақын туыстар – бұл ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер. Некелік-отбасылық қатынастарды қорғау қажеттілігі Конституцияның 27-бабынан және Неке туралы кодекстің 2-бабынан туындайды, олар бойынша отбасы мемлекеттің қорғауында болады.

      Қайтыс болған адамның жақын туыстарының, жұбайының/зайыбының моральдық зиянды өтеу туралы талаптары бойынша істерді қараған кезде сот оларға жан азабының келтірілу дерегін, олардың қайтыс болған адаммен шын мәнісінде туыстық, отбасылық қарым-қатынас жасағанын дәлелдеуге, сондай-ақ келтірілген моральдық зиянды бағалаудың басқа да өлшемдерін ұсынуға тиіс. Бұл жағдайда жоғарыда көрсетілген адамдардың талаптары қаралуға жатады.

      Әрбір жақын туыстың, жұбайының/зайыбының азаматтық істер бойынша талап қойып бірнеше мәрте жүгінуін болдырмау мақсатында соттар барлық жақын туыстардың талап қоюшы жағында үшінші тұлғалар ретінде іске қатысуы туралы мәселені істі қарауға дайындау сатысында шешулері және оларға Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі - АПК) сәйкес дербес талап қою құқығын түсіндірулері қажет.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      16. Жеке айыптау істері бойынша соттың ақтау үкімін шығаруы, сондай-ақ ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген негіздер бойынша қылмыстық істің қысқартылуы, бұл жағдайда осы шағымдарды қарау құзыретіне жатқызылған органдарға жүгіну жөніндегі конституциялық құқықты іске асыру орын алғандықтан, ақталған адамға моральдық зиян өтемақысын өтеу міндетін жеке айыптаушыға жүктеу үшін өздігінен негіз бола алмайтынына соттардың назары аударылсын.

      Моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы жеке айыптау ісі бойынша ақталған адамның қойған талабы, егер жеке шағымның ешбір құқықтық негізі болмаған және сотқа жүгіну басқа адамға зиян келтіруге бағытталған жағдайда ғана (құқықты теріс пайдалану) қанағаттандырылуы мүмкін. Осы ретте талап қоюшы айыптаушының тарапынан жіберілген құқықты теріс пайдалану дерегін дәлелдеуге тиіс.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      17. АК-нің 143-бабының 6-тармағына сай, азаматқа қатысты оның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар таратылған болса, ол мұндай мағлұматтарды теріске шығарумен қатар олардың таратылуынан өзiне келтірілген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.

      Осы санаттағы істер бойынша жауапкер бағалау пайымы үшін жауаптылыққа тартылмайды.

      Азаматтың іскерлік беделін қорғау туралы талап, моральдық зиянды өтеу туралы талапты қоспағанда, заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғауға да қолданылады. Заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғауға АК-де белгіленген тәртіпте залалдарды өтеу туралы қағидалар қолданылады.

      Азаматтық заңнама заңды тұлғаға моральдық зиянды өтеуді қарастырмайды және соттар осыған байланысты заңды тұлғалардың моральдық зиянды өтеу туралы талап арыздарын қабылдаудан бас тартқандары жөн, ал қойылған талап арыз қабылданған жағдайда іс бойынша іс жүргізу қысқартылуға жатады.

      Моральдық зиянды өтеу туралы талаптар қойылған кезде, талапкер жан азабы мен тән азабын бастан кешіргенін дәлелдеуге тиіс.

      Сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, парасаттылық пен әділеттілік өлшемдерін негізге алып, моральдық зиян мөлшерін анықтағанда таратылған мәліметтердің сипатын, таратылудың шегін, жауапкердің кінәсінің түрін, оның материалдық жағдайын және басқа да назар аударарлық мән-жайларды ескеруге тиіс.

      18. "Сақтандыру қызметi туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы № 126-II Қазақстан Республикасының Заңында және азаматтық-құқықтық жауапкершiлiкті мiндеттi сақтандыру саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерде автокөлiк құралы иесінің немесе тасымалдаушының жәбiрленушiге келтiрiлген моральдық зиян үшiн жолаушылар алдындағы жауапкершiлiгiн сақтандыру көзделмегеніне соттардың назары аударылсын.

      Сақтандыру ұйымдарына (сақтандырушыларға, қайта сақтандырушыларға) сақтандыру жағдайының туындауына байланысты үшiншi тұлғаларға моральдық зиянды өтеу міндеті жүктелмейдi.

      Сақтандыру жағдайы туындаған кезде моральдық зиянды өтеу жөнiндегі мiндет автокөлiк құралының иесiне немесе тасымалдаушыға жүктелуге тиiс.

      Егер ерiктi сақтандыру келісімінде сақтанушының мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарын сақтандыру көзделсе, онда сақтандыру төлемдерi ерiктi сақтандыру келісімнің шарттарына сәйкес жүргізiлуге тиiс.

      19. Соттарға АК-нің 951-бабының 4-тармағына сәйкес, жеке тұлғалардың мүлiктiк құқықтарының бұзылуы моральдық зиянға өтем жасау мүмкiндiгiн болдырмайтыны, атап айтқанда: мүлiктi иеленуге, пайдалануға және басқаруға байланысты құқықтар; құқықтық қатынастарға қатысушылар арасында пайда болатын мүлiктiк талаптар (мүлiктiк немесе мiндеттемелiк құқықтар, оның iшiнде азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеуге, мiндеттемелердiң орындалмауына немесе тиiсiнше орындалмауына байланысты және т.б.), сондай-ақ авторлардың өздерi тудырған шығарма немесе ашқан өнертабысы үшiн сыйақы алу құқығы; мұрагерлiк құқықтар түсiндiрілсін.

      Егер азаматтардың мүлiктiк құқықтарының бұзылуы оның өзіндік мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуымен қатар орын алса, онда келтірілген мүлiктiк залалды өтеу туралы талапты қанағаттандырумен қатар моральдық зиянды өтеу туралы талап та қанағаттандыруға жатады (мысалы, тұрғын үйге қол сұқпаушылықты бұза отырып, жәбiрленушiнiң мүлігін заңсыз иелену; тұтынушының сапалы тауарға құқығын бұзу; авторлықты иелену және т.б.).

      АК-нің 352-бабына сай, егер міндеттемені тиісті түрде орындамау кредит берушінің мүліктік құқықтарының бұзылуымен байланысты болмаса, АК-нің 272-ден бастап 288-ні қоса алғандағы баптарында көзделген мiндеттемелердi орындамау моральдық зиянды өтеу үшiн негiз бола алады. Борышкердiң мүлiктiк құқықтарын қозғайтын мiндеттемелердiң тиісті түрде орындалмауы (мысалы, қарыз шарты бойынша ақшаны қайтарудан жалтару; сатып алу-сату шарты бойынша сатып алынған заттың құнын төлеу немесе мәмiле нысанасын беру бөлiгiнде мiндеттемелердi орындамау және т.б.) АК-нің 951-бабының 4-тармағына сәйкес моральдық зиянды өтеу мүмкіндігін болдырмайды.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      20. Бiрнеше заңды немесе жеке тұлғалардың бірлесіп жасаған құқыққа қарсы әрекеттерiмен жәбiрленушiге келтiрiлген моральдық зиян АК-нің 287-бабының 1-ден бастап 4-ні қоса алғандағы тармақтары мен 932-бабына сәйкес осындай зиянды келтіргендермен ортақ немесе үлестік тәртіппен толық көлемде өтеуге жатады.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      21. Жәбiрленушiге жас балалар немесе кәмелетке толмағандар не заңмен белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi не әрекетке қабiлеттi, бiрақ денсаулығына байланысты өз әрекетiнiң мәнiн түсiнуге және оларды басқаруға қабiлетi жоқ азаматтар моральдық зиян келтiрген жағдайда соттар оларды өтеудi АК-нің 925-ден бастап 930-ны қоса алғандағы баптарында белгiленген ережелер бойынша жүргiзедi.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      22. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің тұтынушылардың анықталмаған тобына моральдық зиянды өтеу туралы арыздары азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды, өйткені моральдық зиянды өтеу туралы талап азаматтың жеке басымен тығыз байланысты.

      23. Егер талап қоюшы мемлекеттік бажды заңнамаға сәйкес төлеуден босатылмаса, азаматтардың моральдық зиянды өтеу туралы талаптары бойынша АПК-не және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес мемлекеттік баж төленуге жатады.

      Талап қоюшы мүлiктiк сипаттағы және моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды бiр талап арызында қойған кезде, мәлiмделген әрбiр талап үшiн мемлекеттік баж бөлек төленуге жатады. Абыройын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін түсіретін мәліметтерді таратудан келтірілген моральдық зиянды өтеуді ақшалай мәнде өндіріп алу туралы талап қоюлардың бағасы өндіріп алу талап етілген сомамен айқындалады.

      АПК-не сәйкес, моральдық зиянды өндіру туралы талап қанағаттандырылғанда сот талапкер арыз берген кезде төлеген немесе төлеуге тиіс болған мемлекеттік бажды жауапкердің есебінен тиісінше талапкердің пайдасына немесе жергілікті бюджеттің кірісіне өндіруге міндетті. Осы ретте мемлекеттік баждың көрсетілген сомасы моральдық зиянды өтеу туралы қанағаттандырылған талаптың мөлшеріне пропорционалды түрде өндірілуге жатады.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      24. Моральдық зиянды өтеу туралы шешімде:

      жәбiрленушiге моральдық зиян келтiрген құқық бұзушылықтың сипатын айқындап көрсетуге;

      жәбiрленушiнiң бұзылған құқығы мен өзіндік мүлiктiк емес құқықтары мен игілiктерiн көрсетуге;

      жәбiрленушi шеккен жан немесе тән азабы туралы мәлiметтерді келтiруге;

      мүлiктiк емес құқықтарды қорғау тәсiлi (құқық бұзылмай тұрған кездегi жағдайды қалпына келтiру; моральдық зиянның салдарын жою; моральдық зиян өтемақысын өндiру), сондай-ақ моральдық зиян мөлшерiн негiздеуге;

      шешiм шығару кезiнде басшылыққа алған материалдық құқық нормаларын көрсетуге тиiс.

      Сот шешімінiң қарар бөлiгiнде жауапкерге тиесілі жауаптылықтың түрiн (субсидиарлы, үлестік, ортақ, жеке-дара), сондай-ақ моральдық зиянды өндiру көзiн (жеке тұлғаның мүлкi немесе заңды тұлғаның банктiк шотындағы ақшаның; мемлекеттік қазынаның есебiнен) көрсетуге тиiс. Мемлекеттік қазынадан моральдық зиянға өтемақы жасаған кезде сот заңды күшiне енген сот шешiмiнiң орындалуын заңмен белгіленген тәртiппен қамтамасыз ететiн тиiстi бюджет бағдарламасының әкiмшiсiн көрсетуге мiндеттi.

      25. Мыналардың күші жойылған деп танылсын:

      1) "Соттардың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 21 маусымдағы № 3 нормативтік қаулысы;

      2) "Соттардың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 21 маусымдағы № 3 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы № 3 нормативтік қаулысы.

      26. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы

Қ.Мәми.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы

Қ.Шаухаров.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады