Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық инвестициялық банк арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 13 сәуірдегі № 225 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық инвестициялық банк арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатындағы өзара түсіністік туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық инвестициялық банк арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2015 жылғы 13 сәуірдегі
№ 225 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық инвестициялық банк арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатындағы өзара түсіністік туралы меморандум

1. Бастапқы ережелер

      Бұдан әрі жеке алғанда «Тарап», ал бірге «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - «Үкімет») мен Еуропалық инвестициялық банк (бұдан әрі — «ЕИБ») Тараптардың қайсыбірі үшін заңдық міндеттемелер белгіленбей және Тараптардың қайсы бірінде жауапкершілік туындамай, Қазақстандағы кредиттік операцияларға қатысты ЕИБ басымдықтары ескеріле отырып, бірлескен бастамаларды іске асырудағы ынтымақтастықты және өзара ынтымақтастықты жандандыру үшін мүмкіндіктерге одан әрі зерделеу жүргізуге ниетті.

      Осы Өзара түсіністік туралы меморандум ең бастысы халықтың табысы аз топтарының мүддесі үшін Қазақстан аумағында экономикалық өсудің кең ауқымды базасын қамтамасыз ету мақсатында экономикалық әртараптандыру, тұрақты даму және барлығын қамтитын өсу мәселелеріне арналған. Онда, сондай-ақ Үкіметтің экономикалық даму стратегиялары және атап айтқанда, «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама назарға алынады. Осы Өзара түсіністік туралы меморандум Тараптар 2010 жылғы 10 сәуірде қол қойған, Қазақстан Республикасындағы ЕИБ қызметін реттейтін келісімнен (бұдан әрі - «Негіздемелік келісім») оқшауланған құжат болып табылады және ол Негіздемелік келісімнің шарттарын немесе оның түсіндірілуін өзгертпейді, толықтырмайды және оларға ықпал етпейді.

      Негіздемелік келісімге қол қойылған кезден бастап дамып келе жатқан және 2013 жылғы желтоқсанда екі қаржылық шартқа, оның ішінде шағын және орташа кәсіпорындар мен 120 млн. еуро сомасына орташа капиталдандырылатын кәсіпорындарға арналған ҚДБ кредиті бойынша қаржылық шартқа қол қоюға алып келген ЕИБ-мен ынтымақтастық пен әріптестікке Үкімет жоғары баға беріп отыр.

      ЕИБ Қазақстандағы үшінші операцияны — шағын және орташа кәсіпорындарға, сондай-ақ микро-, шағын және орташа арналған «ҚазАгро Климат» кредитін кәсіпорындарға (200 млн. еуроға дейін) мақұлдады.
      2013 жылы ЕИБ Қазақстандағы ЕО делегациясымен Қазақстанда техникалық жәрдемдесуді ұсыну мақсатында үлестік қатысу туралы екі келісімге қол қойды және қазіргі уақытта Қазақстанда ЕИБ техникалық консультация беру бөлімшесін құруды жоспарлап отыр.

      ЕИБ Қазақстандағы өзінің алдыңғы жұмысының негізінде ынтымақтастықты дамытуды қалайды. Қазақстандағы ЕИБ қызметі Үкіметтің экономикалық даму стратегияларын жетілдіруге және оларды іске асыруға орындылығына қарай жәрдемдесе отырып, Қазақстанның және оның халқының игілігі жолында басым жобаларды іске асыруды қамтиды.

2. Ынтымақтастықтың мақсаттары мен салалары

      1. Осы Өзара түсіністік туралы меморандумда аталған мұраттар ЕО Сыртқы кредиттеу мандатының мақсаттары1 және ЕИБ өзі тәуекелмен жүзеге асырып жатқан кредиттеу бағдарламалары тұрғысынан қаралуға тиіс (бұл ретте Климаттың өзгеруіне қарсы күрес пен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру бағдарламасына (CAEF) және Стратегиялық жобаларды қолдау бағдарламасына (SPF) басымдық беріледі). Осы Өзара түсіністік туралы меморандум бойынша іске асырылатын кез келген қимылдарды Тараптар бірлесіп айқындайтын болады және олар бәсекелестік артқан кезде экономиканың көбірек әртараптандырылуына жәрдемдесу, сондай-ақ «жасыл экономикаға» көшу бойынша Үкіметтің жұмсайтын күш-жігерін қолдауды қамтуы мүмкін. Бұған техникалық жәрдемдесу (ТЖ) арқылы әлеуетті дамытудың, білім алмасудың және саясат мәселелері бойынша сұхбаттың көмегімен, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру мен жекеменшік секторды дамытудың өзге де құралдарының көмегімен қол жеткізуге болады. Өз қызметінде ЕИБ инфрақұрылым мен коммуналдық кәсіпорындарды жаңғыртуға баса назар аудармақ. ЕИБ шағын және орташа кәсіпорындардың қаржы ресурстарына қол жеткізу мүмкіндігін жақсартуға және климаттың өзгеру салдарын азайту және оларға бейімделу мақсатында инфрақұрылымға инвестицияларды жүзеге асыруға да ерекше көңіл бөледі.
___________________________________________
1Еуропа Парламенті мен Кеңесінің Еуропалық инвестициялық банкке ЕО тыс жерлерде инвестициялық жобаларды қаржылық жағынан қолдау бойынша операциялар залалдарын жабуға кепілдік беру туралы 2014 жылғы 16 сәуірдегі № 466/2014/ЕО шешімі.

      2. Осы Өзара түсіністік туралы меморандум бойынша ынтымақтастық салаларына өзгелерден басқа мыналар кіруі мүмкін:
      1) климаттың өзгеру салдарын азайту, атап айтқанда, жаңартылатын энергетика объектілерін (су электр станцияларын, күн және жел электр станцияларын) салған кезде;
      2) шағын және орташа кәсіпорындарды дамыту;
      3) ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік сектор, атап айтқанда, климаттың өзгеру салдарын азайту және оларға бейімделу, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан;
      4) қоршаған ортаны қорғау, атап айтқанда, су шаруашылығы және қалдықтарды басқару объектілерін құру және жаңғырту; және
      5) мемлекеттік сектор салаларында (яғни, бір орталықтан жылыту, электр қуатын беру мен бөлу, тиімді көлік инфрақұрылымын дамыту), сондай-ақ жекеменшік секторда (өнеркәсіп объектілерін жаңғырту) энергетикалық тиімділікті қамтамасыз ету.

3. Іске асыру

      1. Үкімет ЕИБ-мен және басқа да мүдделі тараптармен ынтымақтаса әрі консультация ала отырып, нақты іс-қимылдарға бағдарланған реформалар бағдарламаларын (бұдан әрі — «Бағдарламалар») әзірлейді, оларда жоғарыдағы 2.2-тармақта аталған салалар қамтылуы мүмкін.
      2. Бағдарламаларды іске асыруға қаржылық қолдау көрсету шамамен 500 000 000 000 (бес жүз миллиард) қазақстандық теңге мөлшеріндегі қаражат есебінен жүзеге асырылатын болады, оны шектеусіз 2.2-тармақта аталған Бағдарламаларды қоса алғанда экономиканы әртараптандыруға жәрдемдесу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Үкімет бөлетін болады. Осы қордан қаражатты жұмсаудың нақты тетіктері Тараптардың арасындағы жекелеген келісімдердің шарттары сақталған кезде әрбір нақты жағдайға байланысты айқындалады.
      ЕИБ өзінің 2014 - 2020 жылдардағы кезеңге арналған инвестициялық бағдарламасы арқылы қаржыландырудың осы схемасын қолдау мәселесін қарайды. Қазіргі уақытта ЕИБ барлық қажетті мақұлдаулар алынған жағдайда мұндай қолдаудың мөлшері 1 млрд. еуроға дейін болады деп болжап отыр.
      3. ЕИБ сыртқы кредиттеу мандатының және ЕИБ өзі тәуекелмен ЕО тыс жерлерде жүзеге асырып жатқан кредиттеу бағдарламаларының шеңберінде, сондай-ақ ЕИБ ішкі қағидалары, рәсімдері мен мақұлдаулары сақталған жағдайда, ЕИБ төмендегілерді беруге немесе берілуіне жәрдемдесуге тырысып көруі мүмкін:
      1) кредиттік және өзге де инвестициялық қолдау;
      2) жобаларды іске асыруға және салалық дамытуға консультациялық қолдау көрсету мен техникалық жәрдемдесу; және
      3) оқып-үйрету, әлеуетті дамыту және білім алмасу, атап айтқанда климаттың өзгеруі салдарын азайту және оларға бейімделу, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласында білім алмасу.
      4. ЕИБ экономиканың әртараптандырылуына жәрдемдесу және «жасыл экономикаға» көшу бойынша Үкіметтің жұмсайтын күш-жігерін қолдауды айрықша емес негізде күшейту мақсатында басқа халықаралық қаржы мекемелерімен және даму бойынша өзге де әріптестермен және мүдделі тараптармен тығыз ынтымақтасуды болжап отыр.

4. Ұйымдастыру іс-шаралары

      1. Үкімет осы Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру үшін Үйлестіруші кеңес құрды, оған атап айтқанда, Үкімет пен ЕИБ өкілдері кіреді, ол шешімдердің іске асырылуын және шешімдер қабылдаудың тиімді процесін ұйымдастыруды стратегиялық бақылау мен жалпы қадағалау бойынша негізгі функцияларды атқарады.
      2. Үкімет тиісті министрліктер мен ведомстволардың қатысуымен іске асыру жөніндегі бөлімшелерді құрады, олар тиісті дамыту бағдарламаларын іске асыруды үйлестіретін болады. Үйлестіруші кеңес пен іске асыру жөніндегі бөлімшелердің құрамы мен нақты функциялары Тараптардың арасындағы келісім бойынша айқындалады.
      3. Үкімет пен ЕИБ осы Өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес жобалар мен бағдарламалардың іске асырылу барысын қадағалау үшін бірлесіп күш-жігер жұмсауға және дамыту мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін оның іске асыру мәселелерін уақтылы шешуге ұмтылатын болады.

5. Өзге мәселелер

      1. Осы Өзара түсіністік туралы меморандум оған Тараптар қол қойған сәттен бастап күшіне енеді және 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін күшінде қалады. Осы Өзара түсіністік туралы меморандум Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша ұзартылуы мүмкін. Осы Өзара түсіністік туралы меморандумды Тараптардың кез келгені өзінің айрықша қалауы бойынша, екінші Тарапқа жазбаша хабарлама жіберу арқылы кез келген уақытта дереу бұзуы мүмкін.
      2. Тараптар осы Өзара түсіністік туралы меморандумға байланысты туындауы мүмкін кез келген дауды достастықпен шешуге ұмтылатын болады.
      3. Осы Өзара түсіністік туралы меморандум кез келген сипаттағы заңдық маңызы бар міндеттемелерді белгілеуді мақсат етпейді. Тараптар осы Өзара түсіністік туралы меморандумның бір де бір ережесінің Үкімет, ЕИБ немесе қандай да бір өзге тұлға үшін ешқандай заңды құқықты көздемейтінін және ешқандай заңдық, қаржылық немесе саяси міндеттемелерді белгілемейтінін растайды. Осы Өзара түсіністік туралы меморандумның әкімшілік сипатына сәйкес оның бір де бір ережесі Үкіметтің немесе ЕИБ-нің тәуелсіз, дербес шешімдер қабылдауына кедергі жасайтын ереже ретінде, сондай-ақ, екіұштылыққа жол бермеу үшін, Негіздемелік келісімді өзгертетін, толықтыратын немесе оған әсер ететін ереже ретінде түсіндірілмеуге тиіс. Осы Өзара түсіністік туралы меморандум Тараптардың қайсыбірінің екінші Тарапқа қандай да бір мәселе бойынша артықшылықты режим беруі бойынша міндеттеме болып табылмайды. Осы Өзара түсіністік туралы меморандумның бір де бір ережесі ЕИБ-нің артықшылықтарынан, босатылулары мен иммунитеттерінен бас тартуды мақсат етпейді және сондай деп түсіндірілмеуге тиіс, бұл ретте ЕИБ-де көрсетілген артықшылықтардың, босатылулар мен иммунитеттердің сақталатыны арнайы ескеріліп айтылады.
      Бұдан басқа, осы Өзара түсіністік туралы меморандумның қолданылу саласына жататын жобалар үшін кредиттерді беру шарты, өзгесінен басқа барлық жағдайларда мыналар болып табылады:
      (а) ЕИБ қалауы бойынша әрбір жеке қарыз алушыны (Қазақстан Республикасын қоса алғанда) және қаржыландыру қай жобаны іске асыру үшін сұратылып отырса, сол әрбір жеке жобаны (қоса алғанда, шектеусіз, ЕИБ қолданатын сатып алу стандарттарының сақталуы) техникалық, экологиялық, экономикалық және қаржылық бағалаудың оң мәнді нәтижесі;
      (b) бағалау мен мақұлдау кезінде қолданыста болған ЕИБ ішкі қағидалары мен рәсімдерінің негізінде әрбір жағдайда ЕИБ басшылығы мен басқару органдарының арнайы мақұлдауы; және
      (с) Тараптардың әрбір қаржы шартының талаптары туралы келісімге келуі және осындай қаржы шартына Тараптардың тиісті түрде қол қоюы.
      4. Үкімет пен ЕИБ осы Өзара түсіністік туралы меморандумға 2015 жылғы «__» ___________, ____________ қаласында, әрқайсысы ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде жасалған 3 (үш) төлнұсқа данада қол қойды. Осы Өзара түсіністік туралы меморандумның ағылшын, қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің арасында қарама-қайшылықтар немесе осы Өзара түсіністік туралы меморандумның ағылшын, қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінде кез келген ереженің түсіндірілуіне қатысты дау болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтінінің күші басым болады және түсіндірілу мәселелері ағылшын тілінде ғана шешілуге тиіс. Осы Өзара түсіністік туралы меморандумды Тараптар ақпаратты жария ету бойынша өздері қолданатын қағидаларға сәйкес жұртшылыққа жария ете алады.
      5. Тараптар осы Өзара түсіністік туралы меморандумды орындау бойынша кез келген даулар, келіспеушіліктер, талаптар мен наразылықтар Негіздемелік келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен реттелетінін растайды.

      Қазақстан Республикасы           Еуропалық инвестициялық
         Үкіметінің атынан:                    банктің атынан:

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Меморандум ағылшын тілінде берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады