Табиғи газға баға белгілеу қағидаларын (әдістемесін) бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 12 қарашадағы № 892 қаулысы

      «Трансферттік баға белгілеу туралы» 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 10-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Табиғи газға баға белгілеу қағидалары (әдістемесі) бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2015 жылғы 12 қарашадағы
№ 892 қаулысымен   
бекітілген     

Табиғи газға баға белгілеу қағидалары (әдістемесі) 1. Жалпы ережелер 

      1. Осы Табиғи газға баға белгілеу қағидалары (әдістемесі) (бұдан әрі – Қағидалар) «Трансферттік баға белгілеу туралы» 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және газбен өзара алмасу жөніндегі мәмілелерді қоспағанда, трансферттік баға белгілеу кезінде бақылауға алынатын, табиғи газды сатып алу-сату келісімшарттарына сәйкес жасалатын барлық мәмілелер бойынша табиғи газды өткізу бағасын айқындау (есептеу) тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
      1) ұзақ мерзімді келісімшарт – 2001 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы газ саласындағы ынтымақтастық туралы және 2006 жылғы 3 қазандағы Орынбор газ өңдеу зауытының базасында шаруашылық қоғам құрудағы ынтымақтастық туралы келісімдер шеңберінде жасасатын табиғи газды сатып алу-сатуға арналған келісімшарт;
      2) мәміле бағасы – осы Қағидалардың ережелеріне сәйкес есептелген және Америка Құрама Штаттарының (бұдан әрі – АҚШ) долларымен берілген табиғи газды өткізу бағасы;
      3) ақпарат көздерінен алынған баға – The McGraw-Hill Companies (Platts) баспасының European Market Scan Basic Service басылымында European products, FOB Med (Italy) деген тақырыппен жарияланатын, АҚШ долларымен берілген баға.

2. Табиғи газға мәміле (өткізу) бағасын айқындау тәртібі

      3. Табиғи газды сатып алу-сатудың келісімшарттары үшін мәміле (өткізу) бағасы төмендегі формула бойынша есептеледі: 

      
 

      мұндағы:
      Pn – табиғи газға арналған мәміле бағасы;
      P0 – 2001 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Газ саласындағы ынтымақтастық туралы және 2006 жылғы 3 қазандағы Орынбор газ өңдеу зауытының базасында шаруашылық қоғамын құрудағы ынтымақтастық туралы келісімдерде уәкілетті ұйымдар болып тағайындалған заңды тұлғалар айқындайтын коэффициентке көбейтілген ұзақ мерзімді келісімшарт жасасу күніне айқындалатын табиғи газға арналған базалық баға;
      G – газойльға (0,1 %) арналған ақпарат көздерінен алынған баға;
      G0 – ұзақ мерзімді келісімшартта айқындалатын газойльға (0,1 %) арналған базалық баға;
      LSFO – құрамында күкірт мөлшері төмен (0,1 %) мазутқа арналған ақпарат көздерінен алынған баға;
      LSFO0 – ұзақ мерзімді келісімшартта айқындалатын құрамында күкірт мөлшері төмен мазутқа (1 %) арналған базалық баға;
      HSFO – құрамында күкірт мөлшері жоғары (3,5 %) мазутқа арналған ақпарат көздерінен алынған баға;
      HSFO0 – ұзақ мерзімді келісімшартта айқындалатын құрамында күкірт мөлшері жоғары мазутқа (3,5 %) арналған базалық баға;
      D – Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасына сәйкес табиғи газға мәміле бағасын салыстырмалы экономикалық шарттарға келтіру үшін қолданылатын және осы Қағидалардың 5 және 6-тармақтарының ережелері ескеріле отырып, айқындалатын табиғи газды сатып алу-сатуға арналған келісімшартта айқындалған табиғи газды жеткізу шарттарына байланысты ескерілетін дифференциал.
      G, LSFO және HSFO шамалары тікелей 1 қаңтар, 1 сәуір, 1 шілде немесе 1 қазан алдындағы 9 ай ішінде әрбір ай үшін ақпарат көзінен алынған бағаның орташа арифметикалық мәні болып табылады.
      Баға (Pn) ауытқуының жоғары және төменгі шегі P0-дан плюс немесе минус 12,5 %-ды құрайды.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 20.12.2016 № 829 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      4. Осы Қағидалардың ережелері трансферттік баға белгілеу кезінде бақылауға алынатын, газбен өзара алмасу бойынша мәмілелерді қоспағанда, табиғи газды сатып алу-сату келісімшартына сәйкес жасасатын, ұзақ мерзімді келісімшарт жасасу күнінен бастап туындайтын барлық мәмілелерге қолданылады.
      5. Табиғи газға мәміле бағасын салыстырмалы экономикалық шарттарға келтіру мақсатында дифференциалға табиғи газды ұзақ мерзімді келісімшартта айқындалған жеткізу базисінен табиғи газды өткізу (меншік құқығын ауыстыру) жүргізілетін жеткізу базисіне дейін тасымалдау жөніндегі құжат түрінде және (немесе) ақпарат көздерімен негізделген және расталған шығыстар енгізіледі. Қазақстан Республикасы/Ресей Федерациясының шекарасы "Александров Гай" газ өлшеу станциясы DAP жеткізу базисінде табиғи газды өткізген кезде дифференциал мәні нөлге теңестіріледі.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.12.2016 № 829 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      6. Дифференциалдың құрамдас бөліктері табиғи газды өткізу (меншік құқығын ауыстыру) жүргізілетін жеткізу базисіне дейін жеткізуге, сондай-ақ оны өткізуге байланысты бастапқы құжаттармен және (немесе) Заңның 18-бабында белгіленген кезектілік бойынша ақпарат көздерімен расталады.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.12.2016 № 829 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады