"Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 939 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 958 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 939 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

«Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы
туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің
2014 жылғы 4 қарашадағы № 939 Жарлығына өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 939 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 67, 619-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасында:
      «Кіріспе» деген 1-бөлімде:
      үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «Бүгінгі күні мәдениет пен мәдени әлеуетті дамыту әлемнің көптеген халықтары мен мемлекеттерінің негізгі даму басымдықтарының қатарына жатады. Мәдениеттің даму деңгейі, жалпыұлттық және әлемдік мәдени мұраны сақтап қалу мен байытуды, сапалы мәдени құндылықтардың жасалуын, таратылуы мен қолданылуын, жемісті мәдени алмасу мен тұлғаның рухани-шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетуін қамтамасыз ететін, тиімді жұмыс істейтін мәдени институттар инфрақұрылымы мен тетіктерінің болуы табыстың аса маңызды критерийлерінің бірі болып табылады.»;
      бесінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «Мәдениет саласындағы жетістіктер ведомстволардың, мәдениет мекемелерінің жұмыстарымен, статистиканың сандық көрсеткіштерімен және белгілі есімдердің болуымен ғана өлшенбейді. Бүгінде мәдениет – тұлғаның рухани-эстетикалық дамуының, жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудың және елді әлемдік қоғамдастыққа ықпалдастырудың қуатты құралы.»;
      мынадай мазмұндағы жетінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Қазақстан Республикасының әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына тез арада кіруіне жәрдемдесетін қазіргі заманғы, әлемдік стандарттарға негізделген мәдениет инфрақұрылымын және саласын ұйымдастыру мен басқарудың тиімді моделін құру маңызды басымдық болып табылады. Мәдени саясат тұжырымдамасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің озық тәжірибесі ескеріле отырып әзірленді. Атап айтқанда, жұмыспен қамту және кірістер деңгейінің көрсеткіштері бойынша мәдениет және өнер саласын күшейтуге бағытталған.»;
      «Қазақстан Республикасында мәдениет саласын дамытудың жалпы пайымы» деген 2-бөлімде:
      «Ағымдағы ахуалды талдау» деген 2.1-кіші бөлімнің он төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан халықаралық ынтымақтастық желісі бойынша мәдениет саласындағы мынадай конвенцияларға қатысушы болып табылады: 1972 жылғы Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенция, 2003 жылғы Материалдық емес мәдени мұраны (МеММ) қорғау туралы конвенция, 1954 жылғы Қарулы қақтығыстар болған жағдайда мәдени құндылықтарды қорғау туралы конвенция, 1954 жылғы Еуропа мәдени конвенциясы, 1970 жылғы Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенция, 1928 жылғы Халықаралық көрмелер туралы конвенция.»;
      «Қазақстан Республикасының мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасының қажеттілігіне негіздеме» деген 2.2-кіші бөлімнің үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Мәдени саясат жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудың неғұрлым тиімді құралдарының бірі болып табылады. Ол қоғамда мәдени өмір процестерін мемлекеттік қолдау және азаматтарды мәдениет құралдарымен тәрбиелеу арқылы жүзеге асырылады.»;
      «Қазақстан Республикасы мәдени саясатының жалпы тәсілдері мен негізгі қағидаттары» деген 3-бөлімде:
      «Мақсаты мен міндеттері» деген 3.1-кіші бөлімде:
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді қатысуымен этникалық саналуандылықты сақтау және Қазақстан халқы мәдениетін үйлесімді дамыту негізінде қазақстандық мәдени кеңістікті дамыту;»;
      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «5) тарихи-мәдени мұраны одан әрі сақтау, зерделеу және «Мәңгілік ел» жалпыұлттық жобасын іске асыру арқылы танымал ету;»;
      мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «6-1) азаматтық қағидаттары негізінде қазақстандық бірегейлікті және бірлікті нығайту мен дамыту және «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын танымал ету;»;
      «Негізгі қағидаттар» деген 3.3-кіші бөлімнің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) жаһандық әлемде отандық мәдениеттің өзіндік болмысын айқындайтын жалпыұлттық мәдени мұраның басымдығы;»;
      «Қазақстан Республикасы мәдени саясатының басым бағыттары» деген 4-бөлімде:
      «Ұлттың мәдени жадын сақтау» деген 4.1-кіші бөлімде:
      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «Мемлекеттік мәдени саясат қоғамды рухани, мәдени, жалпыұлттық біріктіруге және адамгершілігі мол, өзіндік ойы бар шығармашыл, жауапты тұлғаны қалыптастыруға бағытталуы тиіс.»;
      мынадай мазмұндағы алтыншы бөлікпен толықтырылсын:
      «Жаңа қазақстандық патриотизмді ілгерілетуге ерекше назар аударылуға тиіс. Осыған байланысты мәдениет саласының қолданыстағы жобалары шеңберіндегі, бұқаралық ақпарат құралдары мен Интернет желісіндегі жұмыс, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің қызметі жалғасатын болады.»;
      «Мәдениет саласындағы басқару жүйесін жетілдіру» деген 4.2-кіші бөлімде:
      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «Мәдени қоғамдастықты тарту және мәдениет саласындағы басқарушылық мәселелерді үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы уәкілетті органының жанынан салалар бойынша көркемдік кеңестер құру ұсынылады.»;
      үшінші бөлік алып тасталсын;
      бесінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «Өңірлердегі мәдениетті дамыту мәселелері салалар бойынша көркемдік кеңестердің ұсынымдарын ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде шешілуге тиіс.»;
      «Халықаралық мәдени кеңістікке ықпалдасу» деген 4.4-кіші бөлімде:
      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстандық мәдениет жаһандық мәдени диалогтың белсенді қатысушысына айналуға және Қазақстан Республикасының әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруіне жәрдемдесуге тиіс. Қазақстандық мәдениетті халықаралық деңгейде ілгерілету бойынша жүйелі және мақсатты бағытталған жұмыс Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асырудың бүкіл кезеңдерінде жүргізілуге тиіс.»;
      мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:
      «Қазақстан Республикасының мәдени саясаты тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру барысында әлемдік ғылыми қоғамдастықтың кеңінен қатысуымен халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына бастама жасау мүмкіндігі қаралатын болады. Халықаралық мәдениет ұйымдарымен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту, бірлескен шығармашылық, зерттеу және ғылыми бағдарламаларды, жетекші шетелдік мәдени, зерттеу, сараптамалық және білім беру институттарымен бірге мәдениет пен өнер салаларын дамыту жөніндегі жобалар диалогтың негізгі шарты болады.
      Осы мақсатқа табысты қол жеткізу үшін қазақстандық бірегейлік пен бірлікті, қоғамдық келісімінің өзіндік моделін нығайту және дамыту жөнінде әрі қарай жұмыстар жүргізу қажет. Сондай-ақ «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының: азаматтық теңдік; еңбекқорлық; адалдық; ғалымдық және білімділік культі; зайырлы ел құндылықтарын жан-жақты ілгерілетуді және танымал етуді жүзеге асыру қажет.»;
      мынадай мазмұндағы тоғызыншы бөлікпен толықтырылсын:
      «Қоғамдық және мәдени өмірде Қазақстан жүргізіп отырған бейбітшілік және келісім саясатын, БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған дінаралық және мәдениетаралық диалогты көтермелеу туралы қарарларды, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының 2013 – 2022 жылдарға арналған Халықаралық мәдениеттер жақындастығының онжылдығын жариялау туралы Қазақстанның бастамасын бекіткенін ескере отырып, Қазақстан Республикасы мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асырудың бірінші кезеңінде Алматы қаласында Мәдениеттердің жақындастығы орталығын құру мәселесі пысықталатын болады. Кейіннен аталған мекемеге ЮНЕСКО аясындағы орталық мәртебесін беру туралы мәселені қарау жоспарланып отыр.»;
      4.6-кіші бөлім мынадай редакцияда жазылсын:
      «4.6. Қазіргі заманғы мәдени кластерлерді дамыту
      Мәдени ортаның бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте кластерлік құрылымдар арқылы қамтамасыз етіледі. Мәдени кластер – шығармашылық, білім мен ғылым, экономика және бизнес арасында өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін, бәсекеге қабілетті өнім жасайтын экономиканың шығармашылық секторы. Кластерлік тәсіл – бұл ең алдымен жекелеген өңірдің немесе саланың, сол сияқты тұтас мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа басқарушылық технология.
      Мәдениет саласын жаңғырту және мәдени кластерлерді басқару саласына қазіргі заманғы теңдестірілген қағидаттарды енгізу Қазақстанның әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіруіне жәрдемдесетін болады. Саланы дамытудың міндеттері мәдени кластерлерді қалыптастырудың екі: шығармашылық және мәдени-туристік бағытын айқындайды.

Шығармашылық кластерлер

      Шығармашылық кластерлер мәдениет пен өнердің жекелеген салаларын дамытуға, мәдени өнімдердің интерактивтік деңгейін арттыруға, қолайлы креативті орта қалыптастыруға, шығармашылық бірлестіктердің және жалпы мәдениет ұйымдарының бәсекелік артықшылықтарын нығайтуға ықпал етеді. Шығармашылық кластерлердің түрі осы бірлестіктердің тұжырымдамасына, пайда болу табиғаты мен басым құрамдас бөліктеріне байланысты. Кластерлік құрылымдарды қалыптастырудың негізгі екі тәсілі бар: біртекті, бұл тәсіл формальды әкімшілік-аумақтық шекарадан тыс саланың бір секторын біріктіру қағидатына негізделген, сондай-ақ көпбейінді, бұл тәсіл белгілі бір аумақтың (қаланың, ауданның, облыстың) шегінде оқшауланған. Елдің біртұтас мәдени кеңістігін қалыптастыру бойынша алға қойылған міндеттердің ерекшелігін ескере отырып, заманауи Қазақстанда екі тәсілді де пайдаланған жөн.
      Саланың біртектес секторлары ұсынған шығармашылық кластерлер мыналарды қамтиды: мұражай ісі, әдебиет, кітап шығару және кітапхана ісі, бейнелеу өнері, дизайн мен сәулет, театр, хореография, музыка, орындаушылық және цирк өнері, кино индустриясы, анимация және ұлттық телевизия.

Мұражайлар ғылым мен зерттеу қызметінің тірек орталықтары
ретінде

      Қазіргі заманғы әлемде мұражай – бұл ғылым, білім, коммуникация, мәдени ақпарат пен шығармашылық инновациялар орталығы. Мұражай ісін реформалау шеңберінде 2020 жылға дейін мұражайлардың функцияларын мәдени-білім беру және имидж орталықтарына дейін кеңейту және ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тарихи ғылыммен, археологиямен, реставрациялаумен, өнертанумен, этнографиямен өзара іс-қимыл жасау үшін (он тоғыз мұражай мен галереяны біріктіретін АҚШ-тың Смитсон институты, Санкт-Петербургтегі Эрмитаж, Париждегі Лувр үлгісі бойынша) жағдай жасау жоспарлануда. Осыған байланысты қор қоймаларының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері қаралатын болады.
      Мұражай ісі бойынша көркемдік кеңес құру ел мұражайларының жұмысын үйлестіруге, мұражайлар желісін нығайтуға, негізгі мұражай қорларын танымал ету және кеңінен таныстыру жүйесін қалыптастыруға, оларды ел ішінде және шет елдерде экспонаттауға, ауқымды мұражайаралық ықпалдасуға жәрдемдеседі.
      Қазақстан Республикасы мәдени саясаты тұжырымдамасын іске асырудың екінші кезеңінде жекелеген республикалық мәдениет ұйымдарының (мұражайлар, театрлар) бірінші басшылары лауазымдарына тәжірибелі шетелдік менеджерлерді шақыру, сондай-ақ жекелеген мәдениет объектілерін (мұражайлар, театрлар, мәдениет үйлері) мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидатында сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі пилоттық жобаны енгізу мәселесі пысықталатын болады.
      Қазақстан мұражайлары тарихи-мәдени мұраны кеңінен танымал ету және қазіргі заманғы форматта түсіндіру мақсатында ғылыми мекемелердің, мұрағаттардың, кітапханалардың өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығының тірек орталықтарына айналуға тиіс.
      Мұражайлар экспозициялық кеңістікті ұйымдастыруға қойылатын қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келуге тиіс. Осыған орай, мультимедиялық құралдарды енгізу туралы мәселені пысықтау қажет. Мұражайлар мәдениет саласының экономикалық тиімді құрылымдық бірліктері болуға және барлық әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеруге тиіс.
      Барлық мұражай қорлары кеңінен қолжетімді, электрондық форматқа көшірілген және виртуалды кеңістікте ұсынылған болуға тиіс.
      Әлемдік құндылыққа ие артефактілерді экспонаттауға бағдарланған Қазақстанның жетекші мұражайларының көркемдік қорларын қалыптастыру тәсілдері жүйелі деңгейде қайта қаралуға тиіс. Мұражайда бірегей артефактіні, халықаралық ауқымдағы тарихи жәдігерді кеңінен танымал ету осы жолдағы маңызды қадам болып табылады. Туристік ағындардың негізі көлемі мәдениет объектілеріне, мінәжат орындары мен тарихи-мәдени ландшафтыларға баруға бағдарланғанын ескерсек, аталған басымдықтың тиімді қайтымы болады.
      Өскелең ұрпақ пен жастар арасында мәдени демалыстың жаңа нысанын танымал ететін «Мұражайдағы түн» тұрақты акциясы перспективалық жоба бола алады.
      Мұражай-қорықтардың жұмыс істеу тұжырымдамасын да қайта қарау қажет. Бұл бірегей объектілер мәдени туризмнің әлемдік орталықтарына айналуға тиіс. Оларды дамыту бекітілген бас жоспарлардың негізінде жүзеге асырылатын болады және Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асырумен нақты үйлестірілетін болады.
      Өңірлік мұражайлар мен мұражай-қорықтарды дамытудың бірыңғай стратегиясы әлемнің жетекші мұражайларымен және халықаралық ұйымдармен ғылыми және шығармашылық алмасуды қамтамасыз етеді.
      Қазақстан 2030 жылға дейін тарихи ғылымды, археология мен өнертануды дамытудың халықаралық орталықтарының біріне айналуға тиіс.

Әдебиет, кітап шығару мен кітапхана ісі

      Мемлекеттік мәдени саясатты толыққанды іске асыру үшін қазіргі заманғы қоғамның және оның құндылық бағдарларының рухани ахуалының жарқын көрінісі болып табылатын қазақ әдебиетін одан әрі дамытуға көңіл бөлу қажет.
      Осы бағытта әдебиет, кітап шығару және кітапхана ісі жөніндегі көркемдік кеңес жетекші рөл атқаруға тиіс, ол елімізде әдебиетті дамытудың негізгі тұжырымдарын белгілейді, үздік шығармашылық ресурстарды біріктіреді, жас дарындарды кеңінен іздеу мен тартуды қамтамасыз етеді.
      Қазақстандықтардың мәдени ділін, отансүйгіштігін, жастар үшін құндылық пайымдары мен бағдарларын қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар әдебиетті басып шығару мемлекеттік мәдени саясаттың басымдығы болып табылады. Баспа қызметі саласындағы саясат жаңа заманның үздік үлгілерін, тарихи мұраны, оқиғаларды және тарих пен мәдениеттің ұлы тұлғаларының бейнелерін, қазіргі заман кейіпкерлерін, балалар әдебиетін, классиканы, әлемдік, ұлттық поэзия мен проза антологиясын қоса алғанда, барлық жанрлар мен бағыттарда бейнелейтін әдебиетке бағдарланатын болады.
      Қазақстан кітапханалары жинақталған қоғамдық білімге кеңінен қол жеткізуді қазіргі заманғы қолайлы форматта қамтамасыз ететін көпфункциялы ақпараттық және демалыс орталықтарына айналуға тиіс. Қазіргі заманғы кітапхананың негізгі міндеті қоғамның ақпараттық мәдениетін, кітап оқуға, тілдерге, отандық тарих пен мәдениетке тұрақты қызығушылықты қалыптастыру болып табылады.

Бейнелеу өнері, дизайн және сәулет

      Бейнелеу өнерін, декоративтік-қолданбалы өнерді, дизайнді, сәулетті шығармашылық кластерлер ретінде қарастыра отырып, олардың өнімдерінің ерекшелігі көпшіліктің санасында халықтың, уақыт пен елдің көрнекі бейнесі ретінде орын алатынын ескеру қажет. Бұл ерекшелік ұлттық мәдени брендтерді жасау мен ілгерілетуде негізгі нысандардың бірі болып табылады. Сәулет пен дизайн өнердің әлеуметтік маңызы бар түрлері бола отырып, елдің мәдени-тарихи ландшафты мен адамның тіршілік ету ортасының эстетикасын қалыптастырады, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени кеңістікті ұйымдастырады.
      Бейнелеу өнері, сәулет және дизайн жөніндегі көркемдік кеңес қызметі арт-кластерлерді ілгерілету, шығармашылық арт-индустриялар үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жұмыстарды үйлестіруге, заманауи өнер мен халық шығармашылығының жаңа бағыттарын қолдауға бағытталатын болады.
      Венециядағы қазіргі заманғы өнердің биенналесі – қазіргі заманғы әлемдік өнердің ең мәртебелі көрмелердің бірі. Венециялық биенналеге ресми Қазақстан павильонының қатысуы туралы мәселе Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асырудың екінші кезеңінде пысықталатын болады, бұл Қазақстанның қазіргі заманғы бейнелеу өнерін жаһандық мәдени диалогтың белсенді қатысуына жәрдемдесетін болады.

Театр, музыка, хореография, орындаушылық және цирк өнері

      Облыстық театрларды, концерт және цирк ұйымдарын қоса алғанда, мәдениет мекемелерін көркемдік кеңестер мен тиісті салалық мәдени кластерлерді дамытуға белсенді қатыстыру арқылы республикалық мәдени саясат орбитасына тарту стратегиялық оңтайлы қадам болмақ.
      Қала және ауыл халқының театр өнеріне теңдей қол жеткізуін қамтамасыз ету, сондай-ақ қазақстандық үздік қойылымдарды халықаралық театр кеңістігіне ілгерілету мақсатында гастрольдік және фестивальдық қызметті ұйымдастырудың жүйелі тәсілі қажет.
      Кәсіптік өсу, оның ішінде бүкіл әлем мойындаған сахналарда кәсіптік өсу және елімізде әлемдік деңгейдегі сахна алаңдарын жасау үшін қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер жасау қажет.
      Республикалық бюджет қаражаты есебінен «Республикалық Драма театрларының фестивалі», «Орталық Азия мемлекеттерінің Халықаралық театр фестивалі» және «Қазақстанның ұлттық театрларының республикалық фестивалі» өткізілетін болады.
      Осы бірлестіктердің институционалдық құрылымдары репертуар саясатын, гастрольдік қызметті үйлестіру, сахналық шеберлікті арттыру, кадрларды іріктеу мен даярлау саласындағы жүйелі мәселелерді бір орталықтан шешуді талап етеді. Осы тәсіл қолда бар ресурстарды шоғырландыруға және олардың қызметін барынша ұтымды етуге қол жеткізуге, дамудағы өңірлік айырмашылықтарды жоюға, кадрларды әлеуметтік қолдау тәсілдерін біріздендіруге мүмкіндік береді.
      2030 жылға қарай біздің еліміз кәсіптік шеберлікті арттыру мен шығармашылық өсудің халықаралық жетекші мектебіне айналуға тиіс.
      Қазақстанның музыкалық мәдениетінің бай мұрасын сақтап қалу және дамыту үшін композиторлар мен дәстүрлі және классикалық музыка орындаушыларын қолдау қажет. Қазақи дәстүрлі музыка мәдениетінің түрлері мен жанрларын сақтау Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы халықаралық конвенцияны іске асыру шеңберіндегі басым міндет болып табылады.
      Классикалық би, сол сияқты халықтық би жанрларын қамтитын хореографиялық өнер би өнерінің заманауи үрдістеріне сай келетін өзіндік болмысын әсем қимылмен көрсету эстетикасында маңызды орын алады. Ұлттық хореография академиясының қызметі мен «Астана-балет» тәрізді жаңа ұжымдарды құру отандық хореографияны дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.

Кино индустриясын қазіргі заманғы мәдени кеңістіктің аса
маңызды кластері ретінде дамыту

      Біздің тарихымыз бен мәдениетімізді өзекті етудің және әлемдік кеңістікке ықпалдастырудың ең тиімді тәсілдерінің бірі кино өнері мен кино индустриясын дамыту, әлемнің жетекші кинокомпаниялары мен телеарналарын ынтымақтастыққа тарту саласында жатыр. Отандық кино өндірісінің тәсілдерін саралау және 2020 жылдан кейін деректі және анимациялық фильмдер шығару бойынша «Kazakh Animation» жеке мемлекеттік кино фабрикасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет.
      Ұлттық кинематограф қазіргі заманның үздік үлгілерін, еліміздің бірегей тарихи-мәдени мұрасын, тарихи оқиғалар мен ұлы тұлғаларды танымал етуге бағдарлануға тиіс. Отансүйгіштік пен төзімділікті қалыптастыру мәселелеріне баса назар аудару қажет. Отандық кинокомпаниялардың қоржынында әлемдік кеңістікте отандық тарихты, мәдениет пен өнерді танытатын жарқын көркем бейнелер жасайтын деректі және көркем фильмдердің ауқымды жобалары болуға тиіс. Қазақ хандығының тарихы, қазақ мемлекеттілігінің тарихы бойынша, қазақ халқының тарихындағы жеке тұлғалар туралы сериалдар мен фильмдер түсіруді ұйымдастырған жөн. Көрнекті қайраткерлер мен тарихи оқиғаларды берудің жарқын және қазіргі заманғы көркем нысандары Қазақстан тарихын әлемдік өріс-аяға ұтымды енгізуге мүмкіндік береді.
      Анимацияны дамыту ерекше маңызды болып табылады. Құндылықтардың жағымды жүйесін ұлықтауға арналған мультфильмдер мен толық метражды мультипликациялық фильмдер «Kazakh Animation» кинофабрикасының негізгі өнімдеріне айналуға тиіс, олар ойын-сауық индустриясының брендтері және «темірқазық» жобалары болуға тиіс. Анимациялық көркем бейнелерден бастап, ойыншықтарға, кәдесыйларға, баспа өнімдеріне дейін және басқа да жарқын имидждік өнімдер жасау қажет.
      Ұлттық телевизия мәдени коммуникацияның жетекші нысаны ретінде, қоғамның базалық рухани құндылықтарын кеңінен таратуға да бағдарлануға тиіс. Дүниетаным мен мәдени ділді қалыптастырудағы ауқымды әсерін ескерсек, ұлттық телевизия жалпы мәдени тұжырымдаманы қажет етеді. «Білім және мәдениет», «Балапан» арналарының бүкіл мәдени байлығымызды, әлемдік өнердің нысандары мен бағыттарының алуан түрін, үздік ұлттық дәстүрлер мен рухани бағдарларды қазіргі заманның жаңа форматында беруде зор әлеуеті бар. Таралатын контентте ғылыми жетістіктер мен жаңалықтарды, археологияның, тарихтың және мәдениеттің бірегей ескерткіштері туралы мәліметтерді пайдалану қажет. Мысалы, «Алтын адам» және сақ артефактілері әлем жұртшылығы баса назар аударатын дүние жүзіне танымал бренд бола алады.

Мәдени-туристік кластерлер

      Мәдени-туристік кластерлерді дамыту өңірлердің мәдени ортасын қалыптастырудың жалпы стратегиясының бір бөлігі ретінде қаралады, бұл ауылдағы жаңа инфрақұрылымдық жобаларды ынталандырады, жастардың, балалардың және жергілікті мәдени қоғамдастықтардың шығармашылық белсенділігін, дәстүрлі кәсіпшілік пен қолөнердің қайта түлеуін қолдайды.
      Өңірдегі адами ресурстардың дамуына нақты инвестициялар бола отырып, мәдени-туристік кластерлер кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырады, экономиканың шығармашылық секторын нығайтады, мәдени құндылықтарға қолжетімділіктегі теңсіздікті жояды және қала-ауыл желісі бойынша өнімді мәдени алмасуға ықпал етеді.
      Жергілікті атқарушы органдар аумақтардың шынайы әлеуеті және жекелеген аудандардың даму ерекшеліктері ескерілетін, өңірлік кластерлердің бірегей құрылымы айқындалатын инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы ахуал қалыптастыру жағдайларын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.
      Мәдени-туристік кластерлердің жоғары әлеуеті тарихи-мәдени аумақтардың халықаралық имиджі мен оң әлеуметтік және экономикалық нәтижеге қол жеткізуге бағытталған инфрақұрылым қалыптастыруға саяды.
      Бұл аумақтардың танымал брендтерін, өңірлердің тарихи-мәдени имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
      Мәдени демалыс сервистік функцияны сақтай және жетілдіре отырып, өз мазмұнын өзгертеді. Мәдениет пен өнердің түрлі бағыттары бойынша әлемдік деңгейдегі ойын-сауық орталықтарын, экологиялық этно-саябақтар, мәдени қорықтар құру еліміздің толық мәдени ландшафтын қалыптастыру үшін база болып табылады.
      Туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында базистерінде мәдениет объектілері маңызды орын алатын туристік кластерлер айқындалған, бұл туристік және мәдени салалардың өзара іс-қимыл жасасуының маңыздылығын айқындайды.

«Астана – Еуразия жүрегі» кластері

      Астананың жоғары бәсекеге қабілеттілігінің түйінді аспектілерінің бірі елорданың қазіргі заманғы жоғары технологиялы мәдени инфрақұрылымы болып табылады, онда 7 театрды, 8 мұражайды, 27 кітапхананы, 7 кинотеатрды, 8 концерт ұйымын, циркті, 9 мәдениет және демалыс саябағын, галереяны және т.б. қамтитын республикалық деңгейдегі мәдениет объектілері шоғырланған.
      «Астана Опера» жаңа опера және балет театры мен «Astana Ballet», Қазақстан тарихының ұлттық мұражайы және басқалар сияқты қазіргі заманғы шығармашылық ұжымдардың бірегей мүмкіндіктері Астанаға классикалық және қазіргі заманғы өнердің ірі халықаралық конкурстарын өткізу алаңына айналуға мүмкіндік береді.
      2020 жылға дейін «Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театрын құруды, «Astana World Theatre Festival» дүниежүзілік театр фестивалін, 24-ші Дүниежүзілік театр Конгресін (ІТІ-UNESCO) өткізуді және басқаларды қамтитын бірқатар ауқымды имидждік жобаларды өткізу мәселелері пысықталатын болады.
      Мүдделі жеке инвесторлар болған жағдайда елорданың маңында «Этноауыл және қолөнершілер көшесі» жобасын іске асыру туралы мәселені қарастыруға болады, ал Щучье-Бурабай курорттық аймағы республикалық және халықаралық деңгейдегі имидждік концерттік іс-шараларды өткізуге арналған амфитеатрмен толықтырылуы мүмкін. Астананың трансөңірлік сипаты Қазақстанның көпғасырлы тарихының куәгері – Ұлытау тәрізді Тәуелсіз Қазақстанның тарихы үшін маңызды символдармен тығыз байланыстыруы айқындайды.
      ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілген тарихи-мәдени объектілерді белсенді дамыту перспективалы бағыт болып табылады: Тасмола мәдениетінің қорғандары, Бегазы-Дәндібай мәдениетінің қорымдары және басқалары, сондай-ақ «Жібек жолы» сериялық трансұлттық номинациясына енгізілген объектілер.
      ЭКСПО-2017 көрмесі Астананың мәдени имиджін халықаралық аренаға жылжытуға зор мүмкіндік ашады. Астана мен оның айналасы төл көшпелі мәдениетімізді және отандық шеберлердің орындауындағы ұлттық және әлемдік музыка, би, театр өнерінің үздік туындыларын таныстыру орталығына айналмақ. Көрме шеңберінде салынған павильондар мен кешендер елорданың мәдени инфрақұрылымын байыта түседі.

«Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы» кластері

      Алматының шығармашылық қала ретінде дамуы шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсету үшін оңтайлы ортаны қалыптастырады.
      Өзінің бай тарихы мен қалыптасқан дәстүрлері бар Алматы қаласының мәдени инфрақұрылымында 13 театр, 15 мұражай, 24 кинотеатр, 12 концерттік ұйым, 31 кітапхана, клуб үлгісіндегі 10 мекеме, хайуанаттар бағы, цирк, 6 мәдениет және демалыс саябағы мен өзге де мәдениет объектілері орналасқан, олардың басым бөлігінің республикалық маңызы бар.
      Қалада танымал болған «Applefest», «Оркестрлер парады», «Арт-алаң», «Алматы жүрегімде», «Arbatfest», «Халықаралық қуыршақтар карнавалы» және басқа да қалалық ірі мерекелер мен фестивальдар жыл сайын өтеді. Тәуелсіз жаңа мәдени ұйымдар - «Шебер» дизайн-шеберханалары қалыптасуда, тәуелсіз жаңа бастамалар - «Weekender» музыка фестивалі, «Откровение» жастар театр фестивалі, «Полифония» әдебиет фестивалі, «Дәм мерекесі» тағамдар фестивалі және басқалар пайда болып, ойдағыдай іске асырылуда.
      Қазақстан Республикасында ЮНЕСКО дүниежүзілік мұра объектілерінің алдын ала тізіміне енгізілген петроглифтері бар Тамғалы бірегей археологиялық ландшафты, Ешкіөлмес петроглифтері бар Жетісу Алатауының тізбегі, сондай-ақ Есік қорғаны мен «Жібек жолы» сериялық трансұлттық номинациясына енгізілген объектілер (Боралдай сақ қорғаны, Талғар, Қаялық, Қарамерген ежелгі қалашықтары) ерекше қызығушылық тудырады.
      Стоунхендждегі өнер фестивалінің үлгісі бойынша Тамғалы тастың ашық аспан астындағы ежелгі ғибадатхананың мінәжат кеңістігін халықаралық фестивальдар (The Spirit of Tengri қазіргі заманғы этностық музыка фестивалі) және мәдениет пен өнер форумдары өткізілетін жерге айналдыруға болады. Мұндай форматтағы айшықты іс-шаралар әлемдік ғылыми қоғамдастықты Алматының тарихи-мәдени объектілеріне тартуға мүмкіндік береді.

«Табиғат пен көшпенді мәдениеттің тұтастығы» кластері

      Кластердің мәдени инфрақұрылымын 10 театр, 35 мұражай, 1005 кітапхана, 774 клуб үлгісіндегі мекеме, 3 концерттік ұйым, 17 кинотеатр, 10 ойын-сауық және демалыс саябағы, 1 хайуанаттар бағы құрайды.
      Қазақстанның солтүстік бөлігінің аумағында көркем ландшафттар, тау тізбектері, орман алқаптары, өзендер мен көлдер көп. Жүздеген археологиялық, тарихи және сәулет ескерткіштері бар. Энеолит дәуіріндегі ботай мәдениетінің бірегей ескерткіштері - дала өркениетінің тарихи негізін ашу мен зерделеу орны болып табылады. Наурызым табиғи қорығы, Баянауыл мен Көкшетау ұлттық саябақтары мәдени, эко-, этно- және медицина туризмінің өңірлік орталықтары бола отырып, өзінің туристік мәртебесін кеңейтеді. Кластер Қожаберген жырау, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және басқалары сияқты солтүстік өңірдің көрнекті тумалары қалдырған ағартушылық пен мәдениеттің дәстүрлерін жалғастырып және кеңейте отырып, елдің өзіндік мәдени-ағартушылық орталығына айналуы мүмкін.
      Өңір тарихының атаулы күндеріне арналған ғылыми және мәдени-білім беру акцияларын, Ш. Уәлихановты еске алуға арналған түрлі ауқымды ғылыми және мәдени жобалардың конкурстарын, Ы. Алтынсарин атындағы мәдени ағартушылық іс-шараларды (байқаулар, фестивальдер, оқулар мен конкурстар), отансүйгіштік поэзия мен Қожаберген жырау атындағы әндер фестивалін және басқа да іс-шараларды жыл сайын өткізу үлкен әлеуетке ие.

«Алтай маржаны» кластері

      Кластердің құрамында: 13 мұражай, 322 кітапхана, 2 театр, 5 концерттік ұйым, 6 кинотеатр, клуб үлгісіндегі 307 мекеме, 3 мәдениет және демалыс саябағы, хайуанаттар бағы бар. Өскемен мен Семей қалаларында бірегей тарихи-мәдени объектілер мен сәулет ескерткіштері, сондай-ақ «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы бар, мұнда «Алтай – түркі халықтарының алтын бесігі» түркітілдес халықтардың дәстүрлі халықаралық фестивалі өткізіледі. Алтайдың табиғи ландшафтының этнотуризмді дамыту үшін зор келешегі бар. Өңірде көптеген қорғандар бар, ІІІ-ІІ ғасырлардағы патша қорымдары табылған.
      2020 жылға дейін мәдени жобаларды іске асыру саланың инфрақұрылымын нығайтып, өңірдегі мәдениет саласын дамытудың жаңа перспективаларын ашады.
      Өскеменде қазірдің өзінде-ақ қалыптасқан «MUSEUMстaн» форматындағы халықаралық мұражай фестивалін өткізу дәстүрі жалғастырылатын болады.
      Ұлы ақын Абайдың отаны Семейде абайтанушылар мен жас әдебиетшілердің халықаралық симпозиумдары өткізілетін болады.
      Қатон-Қарағайда «Бал алқабы» атты ауқымды этномәдени фестивальдың өткізілуі халық кәсіпшілігі мен қолөнерін қайта жандандыруға, өңірдің төл мәдениетін дамытуға өзінің нақты үлесін қосуға қабілеті бар шығармашылық ұжымдар мен жекелеген орындаушыларды, музыканттарды, суретшілерді, декоративтік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдауға бағытталатын болады.

«Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластері

      Кластер 28 мұражайды, 8 театрды, 431 кітапхананы, клуб үлгісіндегі 268 мекемені, 5 кинотеатрды, 39 мәдениет және демалыс саябағын, 2 циркті, хайуанаттар бағын, бір концерттік ұйымды қамтиды. Тарихи-мәдени объектілердің қатарына мыналар кіреді: ежелгі Түркістан мен «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының ескерткіштері, ортағасырлық Отырар қалашығы мен Отырар оазисінің археологиялық объектілері (ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген), Сауран археологиялық кешені, Ақыртас сарай кешені, палеолиттік учаскелері мен геоморфологиясы бар Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы, ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген Арпа-Өзен петроглифтері, Қорқыт ата мемориалдық кешені және тағы да басқалар.
      Осы объектілердің барлығының зор әлеуеті бар және олардың трансшекаралық деңгейде орнығуы әбден мүмкін. «Әзірет-Сұлтан» мемориалдық кешені мен оның маржаны - Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бүкіл әлем мұсылмандары сыйынатын діни орталыққа айналу перспективасы бар.
      Келешекте Шымкентте, Отырар қаласының маңайында Әл-Фараби мұрасына арналған, Қазақстанның мәдениеті мен өнерін зерттеу бойынша халықаралық ғылыми форум өткізу мәселесі қарастырылатын болады.

«Каспий қақпасы» кластері

      Кластердің мәдени инфрақұрылымында 4 театр, 6 мұражай, 405 кітапхана, клуб үлгісіндегі 278 мекеме, 3 концерттік ұйым, 9 кинотеатр, 7 ойын-сауық және демалыс саябағы бар. Мұнда мынадай тарихи-мәдени объектілер орналасқан: Бекет-Ата, Шопан-Ата және Қараман-Ата жерасты мешіттері; Омар және Тұр кесенелері; Маңғышлақ түбегіндегі қорымдар; Шерқала тауы, «Бөкей ордасы» ескерткіштер кешені және тағы басқалар.
      Бұл бірегей өңір танымал мәдени іс-шараларды өткізу орнына айналуы мүмкін. 2020 жылға дейін имиджік іс-шаралар сериясын өткізу мәселесі қарастырылатын болады: отандық батырлар Исатай мен Махамбетке арналған фольклорлық фестиваль, Дина Нұрпейісова атындағы халықаралық композиторлар мен дәстүрлі әндерді орындаушылар конкурсы және басқалар. Каспий күнін халықаралық мерекелеу жаңа серпінге ие болуы мүмкін. Ақтаудағы «Каспий мыңжылдықтар тоғысында» атты қазіргі заманғы ән фестивалі Каспий маңындағы елдер халқының еуразиялық ән конкурсы ретінде орын алуы мүмкін. Этномәдени іс-шаралар өңірдің мәдени төл тұрмысын білдіретін бренд болуы тиіс.
      Мәдениет және демалыс объектілерін, жаңа, кеңінен танылатын сахна алаңдарын дамыту, имидждік іс-шаралар (шетелде Қазақстан мәдениеті маусымдары, «Наурызды» жаңа форматта мерекелеу, халықаралық фестивальдар мен конкурстар) өткізу мүмкіндігі, кино, анимация, көркемсурет, дизайн саласында мәдени имидждік өнімдерді тарату, қолөнер мен халықтың қолданбалы өнерін дамыту - осының барлығы заманауи шығармашылық және мәдени-туристік кластерлерді дамытудың, шығармашылық белсенділікті ынталандыратын, жас дарындар мен шығармашылық индустриялардың дамуын қолдайтын маңызды әлеуметтік жобаларды іске асырудың маңызды құрамдас бөліктеріне айналмақ.
      2030 жылға қарай Қазақстан инфрақұрылымы дамыған және әлемдік деңгейдегі тиімді кластерлері бар мәдениет пен демалыстың халықаралық орталықтарының біріне айналуға тиіс.»;
      «Іске асыру кезеңі мен күтілетін нәтижелер, нысаналы индикаторлар» деген 5-бөлім мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Іске асыру кезеңі мен күтетін нәтижелер, нысаналы индикаторлар
      Мәдени саясаттың берілген қағидаттары мен тәсілдерін іске асыру мынадай кезеңдерді көздейді:
      1-кезең - 2015 – 2019 жылдар;
      2-кезең - 2020 – 2030 жылдар.
      Бірінші кезең құқықтық шаралардың қолданыстағыларын бейімдеу және жаңаларын жасау бойынша нақты қадамдарды, сондай-ақ саланы, негізгі кластерлерді дамытудың институционалдық тетіктерін көздейді, олардың көпшілігі 2015 – 2016 жылдары іске асырылуға тиіс.
      Тиісті аумақтарда мәдени бұқаралық іс-шараларды өткізу бойынша елдің мәдени саясатын практикалық іске асыруда жергілікті атқарушы органдарға бақылауды күшейту қажет.
      Мәдениет саласында жаңғырту процесін нақты мониторингілеу және оның шикізаттық емес сектордағы орнын айқындау мақсатында ЭЫДҰ мен IMD халықаралық рейтингтерінің шеңберінде саланың даму серпінін бағалауға бағытталған әлеуметтанушылық зерттеулер сериясын «форсайт» және мәдениеті жоғары қоғамның әлеуметтік-мәдени индикаторларының негізінде ұзақ мерзімді мәдениеттану болжамының негізінде жүргізу жалғасатын болады.
      Қазақстан Республикасы мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асырудың екінші кезеңінде шығармашылық бәсекеге қабілеттілікті дамыту және дарындыларды ілгерілету мақсатында «Ең үздік театр», «Ең үздік мұражай», «Ең үздік кітапхана», «Ең үздік мәдени ойын-сауық ұйымы», «Ең үздік концерт ұйымы» және т.б. атақтарын беруге арналған республикалық және өңірлік конкурстар өткізу мәселесі пысықталатын болады.
      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін кеңінен қолдану негізінде 2020 жылға қарай өнердің жекелеген түрлері мен мәдениет ұйымдары экономикалық тұрғыдан табысты (рентабельді) деңгейге шығарылатын болады.
      Бірінші кезеңде:
      1) тиісті құқықтық база дайындалады;
      2) 2015 – 2016 оқу жылы «Мюзикл әртісі» мамандығы бойынша кәсіпқой актерлердің алғашқы түлектері шығарылады;
      3) өнер саласында бірыңғай білім беру кеңістігі құрылады;
      4) ғылым мен зерттеу қызметі белсенді дамытылады; еліміздің мұражайлары тарих ғылымын, археология мен өнертануды дамытудың тірек орталықтарына айналады;
      5) салалық көркемдік кеңестер құрылады;
      6) жетекші халықаралық ұйымдардың (ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ, ИСЕСКО және басқалар) жобаларына ықпалдасу күшейтіледі;
      7) бизнеспен әріптестікті дамыту шеңберінде:
      әлемдік деңгейдегі демалыс ойын-сауық орталықтарын құрудың және ұлттық мәдени брендтерді қалыптастырудың салалық кешенді бизнес-жоспары әзірленеді;
      дарынды ауыл жастарын қолдаудың және ілгерілетудің жол картасы әзірленеді;
      мәдени туризмнің трансұлттық маршруттарын дамыту бойынша стартап жобасы әзірленеді;
      8) 2020 жылға дейін еліміздің барлық кітапхана қорын кешенді цифрлауды аяқтау жөніндегі салалық іс-қимыл жоспары іске асырылады;
      9) бірыңғай репертуар, кадр саясатын қалыптастырудың және гастрольдік қызметті ұйымдастырудың нақты тетіктері пысықталады;
      10) ауқымды республикалық және халықаралық имидждік іс-шаралар сериясы іске асырылады;
      11) ауылдар мен моноқалалар үшін мәдениет саласындағы менеджерлер қажеттігінің тұрақты мониторингі қамтамасыз етіледі;
      12) Алматы қаласында мәдениеттердің жақындастығы орталығын құру туралы мәселе қаралады;
      13) ЭКСПО – 2017 көрмесінің мәдени бағдарламаларын кешенді дайындау және іске асыру қамтамасыз етіледі.
      Бірінші кезеңнің түйінді индикаторлары:
      1) 2014 жылмен салыстырғанда 2020 жылға қарай ұлттық кітапханалық кітап қорын 100 % цифрлауға қол жеткізілетін болады;
      2) кітапханаларға келу саны 2 есе көбейеді;
      3) мұражайларға келу саны 3 есе көбейеді;
      4) театрларға келу саны 2 есе көбейеді;
      5) халықтың мәдениет сапасында көрсетілетін қызметтердің сапасымен қанағаттануы кемінде 70 %-ды құрайды.
      Екінші кезең саланы одан әрі институционалдық және инфрақұрылымдық қайта құруды, шығармашылық ресурстардың әлеуетін нығайтуды, саланы кластерлік дамыту және креативті индустрия аймағын құру саласындағы жұмыстарды орындауға және тұрақты өсімді қамтамасыз ететін мәдениет саласын жалпы жаңғыртуға бағытталған, ол оның әрі қарай инновациялық дамуын және тұрақты өсуін қамтамасыз етеді. Бірінші кезеңде қаланған ұлттық брендтерді қалыптастыру негіздері жаппай ілгерілетіледі және еліміз бен шет елдер ауқымында кеңінен таратылады.
      2030 жылға қарай Қазақстан:
      1) әлемдік мәдениет пен өнерді дамыту орталықтарының біріне;
      2) дамыған инфрақұрылымы бар әлемдік ойын-сауық және демалыс орталықтарының біріне;
      3) тарих ғылымын, археология мен өнертануды дамытудың халықаралық орталықтарының біріне;
      4) кәсіптік шеберлікті арттыру мен шығармашылық өсудің халықаралық жетекші мектебіне;
      5) халықаралық жетекші ұйымдардың аса ірі өңірлік орталығына айналады.
      Алдағы уақытта мынадай бағыттар бойынша жұмыс жалғасады:
      1) заманауи өнердің жаңа бағыттарын қолдау, жастар субмәдениетімен өзара іс-қимыл жасасу;
      2) киноны, анимацияны, бейнелеу, театр, музыка өнерін, әдебиетті және тағы басқаларды қоса алғанда, барлық салаларда әлеуметтік бағдарланған, рухани-адамгершілік және отансүйгіштік бағыттағы мәдени өнімдер өндірісінің кешенді жоспарын іске асыру;
      3) мәдениеттің экспорттық әлеуеті бар брендтік өнімін жасау;
      4) еліміздің тарихи-мәдени ландшафтының туристік логистикасын, ішкі және сыртқы туристер легіне қызмет көрсететін трансұлттық бағыттарды кеңейту;
      5) мәдени туризмді дамытудың аса маңызды «темірқазық» жобалары ретінде еліміздің айтулы мәдени кешендерін толық реставрациялау және реконструкциялау және басқалары.
      Екінші кезеңнің түйінді индикаторлары, 2019 жылмен салыстырғанда:
      1) ұлттық кітапханалық кітап қорына түскен жаңа кітаптарды цифрлау 100 % деңгейде қамтамасыз етілетін болады;
      2) кітапханаларға келу саны 20%-ға дерлік көбейеді;
      3) мұражайларға келу саны 2 есе көбейеді;
      4) театрларға келу саны 3 есе көбейеді;
      5) халықтың мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің сапасымен қанағаттануы кемінде 75%-ды құрайды.
      Елдің бірыңғай мәдени кеңістігін құру бойынша іс-қимылдың жаңа ауқымы мен жүйелі шаралар «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының негізінде мәдени өрістің шекаралары мен форматын едәуір кеңейтіп, ұрпақтардың рухани сабақтастығы мен өзін сәйкестендіруді қамтамасыз етеді: шығармашыл капитал, мәдени кластерлер мен бизнес, бәсекеге қабілетті діл. Нәтижесінде мәдениет мекемелері көрсететін қызметтерді бөлудегі аумақтық теңсіздік еңсеріледі, ал креативті индустриялар секторы мәдениетке өзінің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
      Тұтастай алғанда, елдің бірыңғай мәдени кеңістігі экономиканың нақты секторындағы өнердің барлық бағыттарының орнықты дамуын қамтамасыз етеді: 2030 жылға қарай мәдениет секторы ІЖӨ көлемінде, мәдениетте жұмыспен қамтылған халықтың көлемінде, мәдени өнімнің экспорттық әлеуетінде әлемнің дамыған елдерінің орташа көрсеткішіне ұмтылады.».
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады