Байланыс формасы

"Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1111 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К.Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Халықты жұмыспен қамту туралы

      Осы Заң халықты жұмыспен қамту саласындағы құқықтық, экономикалық және ұйымдық қатынастарды реттейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) әлеуметтiк жұмыс орны – жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт негізінде жұмыссыздардың еңбек ақысын субсидиялау арқылы оларды жұмысқа орналастыру үшiн құратын жұмыс орны;
      2) әлеуметтік келісімшарт – жұмыс іздеп жүрген, жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар қатарындағы жеке тұлға мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, ал осы Заңда көзделген жағдайларда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыруға тартылған жеке және заңды тұлғалармен тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу туралы келісім;
      3) бос орын – жұмыс берушiдегi бос жұмыс орны (лауазым);
      4) еңбек нарығы – жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты қалыптастыратын сала;
      5) еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасы – халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында уәкілетті органдардың, халықты жұмыспен қамту орталықтарының, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның және еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметі мен өзара iс-қимыл жасауын автоматтандыруға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
      6) еркiн таңдап алынған жұмыспен қамтылу – Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың еңбекке, жұмыс орны мен кәсiптi таңдауға қабiлетiн еркiн пайдалану арқылы өздерi таңдап алған қызметi;
      7) жалақыны субсидиялау – халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамалары бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған қызметкерлердің еңбегіне жұмыс берушінің ақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу;
      8) жаңа жұмыс орны – жаңа шаруашылық жүргiзу субъектiсін (тоқтату арқылы құрылғаннан басқа) құруға немесе қызметкерлердің штат санының артуына байланысты, сондай-ақ қызметкердің жаңа білімін, дағдылары мен ептілігін талап ететін өндіріс технологиясын жаңғырту немесе өзгерту арқылы құрылған жұмыс орны;
      9) жастар практикасы – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі;
      10) жеке жұмыспен қамту агенттiгi – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелген, жұмысқа орналастыруда жәрдем көрсететiн жеке немесе заңды тұлға;
      11) жұмыс күшi – еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамтылған және жұмыссыз халық;
      12) жұмыс күші құрамына кірмейтін адамдар – есепті қысқа уақыт ішінде не жұмыспен қамтылған, не жұмыссыз болып табылмаған еңбекке қабілетті жастағы адамдар;
      13) жұмыс орны – еңбек қызметі процесінде қызметкердің еңбек міндеттерін орындауы кезінде оның тұрақты немесе уақытша болатын орны;
      14) жұмысқа орналастыру – халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге септігін тигізуге бағытталған ұйымдық, экономикалық және құқықтық iс-шаралар кешенi;
      15) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары – халықты жұмыспен қамту саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылатын жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарын және оралмандарды, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда өзге адамдарды мемлекеттік қолдау шаралары;
      16) жұмыспен қамтылу – азаматтардың жеке және қоғамдық қажеттіліктерін қанағаттандыруына байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн, ақы немесе кіріс алу үшін орындалатын еңбек қызметі;
      17) жұмысқа орналастырудың жеке картасы – жұмыссыздың жеке басының деректері, жұмыспен қамтылу тарихы, ұсынылатын және іске асырылатын іс-шаралар, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсаты және олардың орындалуы көрсетілетін құжат;
      18) жұмыссыздар – ақы немесе кіріс алу үшін орындалатын еңбек қызметiмен айналыспайтын, жұмыс iздеп жүрген және еңбек етуге дайын, халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген еңбекке қабілетті жастағы жеке тұлғалар;
      19) жұмыссыздық – жұмыс күшінің бiр бөлiгiнiң еңбек нарығында қажет болмай қалуынан туындайтын әлеуметтiк-экономикалық құбылыс;
      20) жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғау – халықты жұмыспен қамту саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекет жүзеге асыратын шаралар кешенi;
      21) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер – өздеріне әлеуметтік аударымдар төленген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылатын, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдардың пайдасына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүзеге асыратын төлемдер;
      22) кәсіптік бағдарлау – адамның кәсіби білімін, дағдыларын, қызығушылықтарын және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіп таңдауда, кәсіп түрін ауыстыруда және біліктілігін арттыруда практикалық көмек көрсетуге бағытталған өзара байланысқан іс-шаралар кешені;
      23) кәсіптік оқыту – жаңа мамандықтар (кәсіптер) алу және біліктілігін арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында не білім беру қызметіне құқығы бар жұмыс берушілер ұйымдарының жанындағы оқу орталықтарында кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды қамтитын оқыту;
      24) корпоративішілік ауыстыру – Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан және әрекет ететін Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдің аумағында құрылған, заңды тұлғада басшы, менеджер немесе маман лауазымында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды осы заңды тұлғаның Қазақстан Республикасы аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған филиалдарына, еншілес ұйымдарына, өкілдіктеріне еңбек шартында айқындалған, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге, бір жылға ұзарту құқығымен уақытша ауыстыру;
      25) қоғамдық жұмыстар – қызметкердiң алдын ала кәсiптік даярлаудан өтуiн талап етпейтiн, олардың уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшiн халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын әлеуметтiк пайдалы бағыттағы еңбек қызметiнiң түрлерi;
      26) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы асыраушысынан айырылған жағдайда оның асырауындағы отбасы мүшелерін қоса алғанда, әлеуметтік қатер жағдайы туындаған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына әлеуметтік аударымдар мен төлемдерді шоғырландыруды жүргізетін коммерциялық емес заңды тұлға;
      27) мүгедектерді жұмысқа орналастыруға арналған арнайы жұмыс орындары – мүгедектің жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып жабдықталған жұмыс орны;
      28) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – табыс алу үшін тауарларды, жұмыстарды мен көрсетілетін қызметтерді өндірумен (өткізумен) дара айналысатындар, өндірістік кооперативтер мүшелері, отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) және жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілердің еңбекақы төленбейтін қызметкерлері қатарындағы жеке тұлғалар;
      29) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама – халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасында жұмысқа өз бетінше орналасу үшін экономиканың басым салаларындағы (экономикалық қызмет түрлеріндегі) сұранысқа ие кәсіптер бойынша біліктілік талаптары және білім деңгейі сәйкес келетін шетелдік қызметкерге немесе азаматтығы жоқ адамға берілетін белгіленген нысандағы құжат;
      30) ұзаққа созылған жұмыссыздық – он екі және одан да көп айға созылған жұмыссыздық;
      31) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган – өңірлік еңбек нарығындағы ахуалға сүйене отырып, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің негізгі бағыттарын айқындайтын ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының құрылымдық бөлiмшесi;
      32) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      33) халықты жұмыспен қамту орталығы – ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру мақсатында құратын мемлекеттік мекеме;
      34) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
      35) «Шетелдік жұмыс күші» ақпараттық жүйесі – жұмыс берушілер тартатын немесе Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін өз бетінше жүзеге асыруға келген шетелдік қызметкерді немесе азаматтығы жоқ адамды тіркеуге, оларға рұқсаттар, анықтамалар беруге, олардың мониторингін жүргізуге арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйе;
      36) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілердің тартуына рұқсат етілген шетелдік жұмыс күшінің шекті саны;
      37) шетелдiк жұмыс күшін тартуға рұқсат – халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегiнде Қазақстан Республикасына шетелдiк жұмыс күшiн тарту үшін жұмыс берушiге жергілікті атқарушы орган беретiн белгiленген нысандағы құжат.

      2-бап. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту
              туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
      2. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
      3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады және халықаралық шартта оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, тiкелей қолданылады.

      3-бап. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк
              саясаттың негiзгi бағыттары

      1. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясат толық, нәтижелі және еркін таңдап алынған жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.
      2. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк саясат:
      1) жұмыс күшін дамытуға, олардың ұтқырлығын арттыруға;
      2) ұлтына, жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, саяси ұстанымына және дінге деген көзқарасына қарамастан ерікті жұмысқа және жұмыспен қамтуды еркiн таңдау құқығын іске асыруда бiрдей мүмкiндiктердi қамтамасыз етуге;
      3) азаматтардың еңбек және кәсiпкерлiк бастамашылығын қолдауға, олардың өнiмдi, шығармашылық еңбекке қабiлетiн дамытуға жәрдемдесуге;
      4) бiлiм беру жүйесiн еңбек нарығының қажеттіліктеріне және оның даму перспективаларына сәйкес кадрлар даярлауға бағдарлауға;
      5) жұмыс іздеуде қиындық көріп жүрген адамдарды жұмыспен қамтуға ықпал ететін іс-шараларды жүзеге асыруға;
      6) жаппай жұмыссыздықтың алдын алуға және ұзаққа созылған жұмыссыздықты қысқартуға;
      7) жұмысынан айырылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыруға және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауға;
      8) еңбек нарығына қатысушылардың күш-жігерін біріктіруге және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі іс-шараларды іске асыру кезінде олардың әрекеттерінің келiсілуіне;
      9) халықты жұмыспен қамту орталықтары және жеке жұмыспен қамту агенттiктерi арқылы еңбек делдалдығын ұйымдастыруға;
      10) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квота белгiлеу арқылы iшкi еңбек нарығын қорғауға;
      11) жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөнiндегi республикалық iс-шараларды жергiлiктi атқарушы органдар қолданатын шаралармен ұштастыруға;
      12) мемлекеттiк органдардың халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететiн шараларды әзiрлеу мен iске асыру жөнiндегi қызметiн үйлестiру мен реттеуге және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;
      13) Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдегi және шетелдiктердiң Қазақстан Республикасының аумағындағы еңбек қызметiне байланысты мәселелердi шешудi қоса алғанда, халықты жұмыспен қамту проблемаларын шешуде халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыруға;
      14) жұмыспен қамту саясатымен келісілген, қосымша жұмыс орындарын және мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ашуды ынталандыратын қаржы, салық және инвестиция саясатын жүргізуге бағытталған.

      4-бап. Жұмыспен қамтылған халық

      Жұмыспен қамтылған халыққа:
      1) еңбек шарты (келісімшарт) бойынша жұмыс iстейтiн, оның ішінде жұмысты ақы үшiн толық не толық емес жұмыс уақыты жағдайларында орындайтын немесе ақы төленетiн өзге жұмысы (қызметi) бар;
      2) өзін-өзі жұмыспен қамтыған, оның ішінде:
      кәсіпкерлік қызметпен айналысатын;
      қосалқы кәсiпшiлiкпен айналысатын және шарттар бойынша өнiмді өткiзетiн;
      нысанасы жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстар орындайтын;
      3) ақы төленетiн қызметке сайланған, тағайындалған немесе бекiтiлген;
      4) Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткерiп жүрген адамдар жатады.

      5-бап. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік
              шаралары

      Мемлекет:
      1) жұмыс түрін және жұмысты таңдау еркіндігіне;
      2) кемсітушіліктің кез келген нысандарынан қорғауға және кәсіп пен жұмыс алуда, жұмыспен қамтылу мен еңбек жағдайларын таңдауда мүмкіндіктер теңдігіне;
      3) жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауға негізделген халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қамтамасыз етеді.

2-тарау. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік реттеу

      6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің халықты жұмыспен
              қамтуды реттеу саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
      2) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота белгілеу және оны Қазақстан Республикасының өңірлері арасында бөлу тәртібін бекітеді;
      3) Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      7-бап. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі
              уәкілетті органның құзыреті

      1. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган өз құзыретi шегiнде:
      1) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдарды, еңбек ресурстарын дамыту орталығын үйлестіруді жүзеге асырады;
      2) халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      3) жұмыс күшіне болжамды қажеттіліктерді айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
      4) жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдайды, болжайды, еңбек нарығының жай-күйі туралы Үкіметке хабарлайды;
      5) экономиканың кадрларға қажеттілігінің болжамын әзірлейді және оны мүдделі орталық атқарушы органдармен келіседі;
      6) мыналарды:
      қоғамдық жұмыстарды;
      әлеуметтік жұмыс орындарын;
      жастар практикасын;
      кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      7) мүгедектер үшін жұмыс орындарын квоталау тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      8) мүгедектің жұмыс орнының стандарттарын әзірлейді және бекітеді;
      9) мыналарды:
      интернаттық ұйымдардың кәмелетке толмаған түлектерін;
      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды;
      пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын квоталау тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      10) кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу бойынша шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      11) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      12) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;
      13) білім беру саласындағы орталық уәкілетті органмен келісу бойынша кәсіптік бағдарлау жүргізудің тәртібін әзірлейді және бекітеді;
      14) еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасын қалыптастырады, оны қалыптастыру қағидаларын бекітеді;
      15) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ведомстволық есептіліктер, тексеру парақтары, қатер дәрежесін бағалау өлшемшарттары нысандарын әзірлейді және бекітеді;
      16) халықты жұмыспен қамту орталығының үлгілік жарғысын әзірлейді және бекітеді;
      17) ағымдағы бос орындар және болжанатын жұмыс орындары дерекқорына қосу үшін қажетті мамандықтар мен бос жұмыс орындары туралы мәліметтер беруге арналған әкімшілік есепке алу нысандарын әзірлейді және бекітеді;
      18) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) және өңірлік комиссиялар туралы үлгілік ережелерді әзірлейді және бекітеді;
      19) өңірлердің (аудандардың, қалалардың және облыстардың) жұмыспен қамту картасын қалыптастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;
      20) жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту, тоқтату, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру тәртібі мен шарттарын бекітеді;
      21) шетелдік қызметкерге өз бетінше жұмысқа орналасу үшін оның біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама беру тәртібін, шетелдік қызметкерлердің өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін басым салалардың (экономикалық қызмет түрлері) және олардағы сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін бекітеді;
      22) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілеу және оны Қазақстан Республикасының өңірлері арасында бөлу тәртібін әзірлейді;
      23) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны облыстар, Астана және Алматы қалалары арасында Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген шекте және тәртіппен бөледі;
      24) «Шетелдік жұмыс күші» ақпараттық жүйесін жүргізуді қамтамасыз етеді;
      25) жұмысқа орналастырудың жеке картасын және оны толтыру нысанын әзірлейді және бекітеді;
      26) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелердi қолдана отырып, электрондық қызметтер көрсетедi.

      8-бап. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы

      1. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы – еңбек нарығын реттеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру жөніндегі мемлекеттік саясатты ақпараттық және талдамалық қолдауды, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдар мен халықты жұмыспен қамту орталықтарын әдіснамалық қолдауды қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға.
      2. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы:
      1) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға:
      еңбек нарығының жай-күйін, жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныс болжамын бағалау;
      кадрларға қажеттілікті болжауды ұйымдастыруды және кадрларды кәсіптік даярлауға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру бойынша, сондай-ақ қайта даярлау және біліктілікті арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының іске асырылу барысын мониторингілеуді, оларды бағалауды және оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу бойынша қызметтер көрсетуді;
      жұмыспен қамту, еңбек көші-қоны және азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша ведомстволық статистикалық есептілікті жинауды ұйымдастыруды жүзеге асырады.
      2) еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасын және «Шетелдік жұмыс күші» ақпараттық жүйесін сүйемелдеуді.

      9-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

      Жергілікті атқарушы органдар халықты жұмыспен қамту саясатын іске асыруды:
      1) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін іс-шараларды өткізу;
      2) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдарды үйлестіруді және әдістемелік басшылықты жүзеге асыру;
      3) кәсіпкерлік бастамашылықты дамыту арқылы қосымша жұмыс орындарын құруды қолдау;
      4) жұмыс іздеп жүрген адамдарға, жұмыссыздарға әлеуметтік қорғау көрсету;
      5) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде не квотадан тыс корпоративішілік ауыстыру шеңберінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру және (немесе) ұзарту, тоқтату, сондай-ақ көрсетілген рұқсаттарды тоқтата тұру және кері қайтарып алу;
      6) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау;
      7) ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерiнде мүгедектер үшiн жұмыс орындарына квота белгiлеу;
      8) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеу;
      9) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеу;
      10) интернаттық ұйымдардың кәмелетке толмаған түлектерін жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеу;
      11) халықты жұмыспен қамту орталықтарының жарғысын бекіту;
      12) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы үшін елді мекендерді айқындау;
      13) бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да шараларын жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етеді.

      10-бап. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі
               жергілікті органның құзыреті

      Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган:
      1) жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдайды, болжайды, өңірдің еңбек нарығының жай-күйі туралы жергілікті атқарушы органдарға және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға хабарлайды;
      2) мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалар және аумақтарды дамыту бағдарламалары, сондай-ақ жеке сектор бастамалары шеңберінде іске асырылатын жобаларда сұранысқа ие мамандықтар бойынша ағымдағы бос орындар және құрылатын жұмыс орындарының болжамы туралы өңірдің еңбек нарығы деректерінің біртұтас ақпараттық базасын қалыптастырады;
      3) осы Заңның 17-бабының 2-тармағына сәйкес халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастырады;
      4) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастырады;
      5) білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдардан, білім беру ұйымдарынан, оқытуды жүзеге асыратын білім беру қызметіне құқығы бар ұйымдардың жанындағы оқу орталықтарынан түлектердің жұмысқа орналасуы туралы мәліметтер, оқыту жүргізілетін кәсіптер (мамандықтар) туралы және нақты кәсіптер (мамандықтар) бойынша даярланған және даярлау жоспарланып отырған және бітіріп шығатын мамандар саны туралы ақпарат сұратады;
      6) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы үшін елді мекендерді айқындау бойынша ұсыныстарды жергілікті атқарушы органдарға енгізеді;
      7) халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын үйлестіреді;
      8) жұмыс берушілерден кадрларға болжамды қажеттілік туралы ақпарат сұратады;
      9) жұмыстан босату және жұмыс орындарын қысқарту қатері бар кәсіпорындардың мониторингін жүзеге асырады.

      11-бап. Халықты жұмыспен қамту орталығы

      Халықты жұмыспен қамту орталығы:
      1) халықты жұмыспен қамту жағдайын бағалауды және дамуын болжауды, халықты еңбек нарығының жай-күйі туралы ақпараттандыруды жүзеге асырады;
      2) осы Заңда көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларын іске асыруды жүзеге асырады;
      3) өтініш білдірген адамдарды осы Заңның 13, 14-баптарына сәйкес жұмыс іздеуші және жұмыссыздар ретінде тіркейді;
      4) тізбесін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады және оларды Мемлекеттік корпорацияға жібереді;
      5) кәсіптік бағдарлау бойынша қызметтер көрсетеді;
      6) жұмыс іздеп жүрген адамдарға және жұмыссыздарға жұмыс таңдауға жәрдемдеседі, жұмысқа орналасу үшін жолдама береді;
      7) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен өзара iс-қимыл жасауды жүзеге асырады;
      8) бос жұмыс орындарының (вакансиялардың) есебін жүргізеді;
      9) жұмыссызды жұмысқа орналастырудың жеке картасын жүргізеді;
      10) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының қатысушылары болып табылатын адамдармен әлеуметтік келісімшарттар жасасады;
      11) еңбек делдалдығын көрсетеді;
      12) халықты жұмыспен қамту саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын көрсетеді.

3-тарау. Жұмыссыздық

      12-бап. Лайықты жұмыс

      1. Кәсiби даярлығына, еңбек өтіліне және бұрынғы мамандығы бойынша жұмыс тәжiрибесiне, денсаулық жағдайына, жаңа жұмыс орнына көлiктiң қолайлылығына сәйкес келетiн жұмыс, оның ішінде уақытша сипаттағы жұмыс, ал жеті жасқа дейінгі балаларды бағып-күтумен айналысатын адамдар үшін икемді және толық емес жұмыс уақыты режиміндегі жұмыс та лайықты жұмыс деп есептеледi. Егер жұмыс іздеп жүрген адамның немесе жұмыссыздың келісімінсіз тұрғылықты жерін өзгертумен байланысты болса, лайықты жұмыс деп есептелмейді.
      Тұрғылықты жерінен лайықты жұмысқа көлiктiң қолайлылығын осы жердің қоғамдық көлік желілерін дамытуды ескере отырып, тиісті атқарушы орган айқындайды.
      2. Бiрiншi рет жұмыс iздеп жүрген, бiрақ кәсiбi (мамандығы) жоқ, сондай-ақ екі жылдан артық жұмысы жоқ адамдар үшін алдын-ала кәсiптiк даярлықты талап ететiн жұмысты, ал оны ұсыну мүмкін болмаған жағдайда адамдардың жас және өзге де ерекшеліктері мен Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын ескере отырып, басқа ақы төленетін жұмысты (уақытша сипаттағы жұмысты қоса алғанда) лайықты жұмыс деп есептеуге болады.
      3. Мүгедек үшін оның тіршілік әрекетінің шектеулілігін ескере отырып, оны жүзеге асыру үшін физикалық қолжетімділік қамтамасыз етілген, осы баптың 1-тармағында көрсетілген шарттарға сәйкес келетін жұмыс лайықты деп есептеледі.
      4. Алдын ала даярлықты талап ететін немесе талап етпейтін (азаматтардың жас және өзге де ерекшелiктерiн ескере отырып) уақытша сипаттағы жұмыс:
      1) бiрiншi рет жұмыс iздеп жүрген (бұрын жұмыс істемеген) және біліктілігі жоқ;
      2) жазғы демалыс кезеңінде студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары;
      3) бос тұрып қалуға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар;
      4) ұзақ үзілістен (екі жылдан астам) кейін еңбек қызметін қалпына келтіруге талпынғандар, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту орталықтары оқуға жібергендер және кінәлі әрекеттері үшін оқудан шығарылғандар;
      5) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер аяқталғаннан кейін кәсіптік оқытудан немесе қосымша білім алудан бас тартқан адамдар арасынан жұмыс iздеп жүрген адамдарға және жұмыссыздарға лайықты деп есептеледі.

      13-бап. Жұмыс іздеп жүрген адамдар

      1. Лайықты жұмыс іздеп жүрген, жұмысы және/немесе табысы (кірісі) жоқ еңбекке қабілетті жастағы жеке тұлғалар жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін өтініш білдірген кезде, тұрғылықты жерi бойынша халықты жұмыспен қамту орталығында не «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы мынадай құжаттардың негізінде жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеледі:
      1) жеке басын куәландыратын құжат;
      2) еңбек қызметін растайтын құжат (бар болған кезде);
      3) білімі, біліктілігі, арнайы білімінің немесе кәсіби даярлығының болуы туралы құжат (бар болған кезде).
      Сонымен қатар, он алты жасқа толмаған адам оның заңды өкілдерінің бірінің жазбаша өтінішін ұсынады.
      2. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адамды тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс таңдауда оған жәрдемдеседі, сондай-ақ тегін кәсіптік бағдарлау алу, кәсіптік оқытудан өту және жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аударуға және осы Заңда көзделген жағдайларда қоғамдық жұмыстарға қатысу мүмкіндігін ұсынады.
      Жұмыс іздеп жүрген адамды кәсіптік оқытуға жіберген кезде, ол жұмыссыз ретінде тіркеледі.
      3. Жұмыс іздеп жүрген адам үш жұмыс күні ішінде кемінде бір рет халықты жұмыспен қамту орталығына, ал ауылдық елді мекендерде тұратындар кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне бару арқылы жұмыс іздеуде қызығушылық білдіруге тиіс.

      14-бап. Жұмыссыздарды тiркеу

      1. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, халықты жұмыспен қамту орталығы өтініш білдірген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс таңдалмаған жұмыс іздеп жүрген жұмыссыз адамды жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешім қабылдайды.
      2. Жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы оның деректерін тексергеннен кейін жұмысқа орналастырудың жеке картасына алынған мәлiметтердi енгiзе отырып жүзеге асырылады.
      3. Халықты жұмыспен қамту орталығы күнтізбелік он күн өткен соң жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу және есепке қойған күні немесе тіркеуден бас тартқаны туралы:
      1) «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы өтініш жасаған кезде бір жұмыс күнінен;
      2) халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш жасаған кезде үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.
      4. Халықты жұмыспен қамту орталығында тiркелген жұмыссыздар – он жұмыс күні iшiнде бiр реттен сиретпей халықты жұмыспен қамту орталығында, ал ауылдық елдi мекендерде тұратын жұмыссыздар айына бiр реттен сиретпей кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнде белгiленiп тұруға тиiс.
      5. Жұмыссыз адам ретінде тіркелуге:
      1) он алты жасқа толмаған;
      2) еңбек шарты (келісімшарт) бойынша жұмыс iстейтiн, оның ішінде жұмысты ақы үшiн толық не толық емес жұмыс уақыты жағдайларында орындайтын немесе ақы төленетiн өзге жұмысы (қызметi) бар;
      3) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған;
      4) жұмысы мен табысының жоқтығы туралы көрінеу жалған мәліметтерді қамтитын құжаттар ұсынған, сондай-ақ оларды жұмыссыз деп тану үшін басқа да дұрыс емес деректер ұсынған адамдардың құқығы жоқ.

      15-бап. Жұмыссыздардың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Жұмыссыздар:
      1) халықты жұмыспен қамту орталығынан:
      лайықты жұмыс іздестіру және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары жөніндегі көрсетілетін қызметті;
      қызмет (кәсіп) түрін таңдау немесе өзгерту мақсатында консультациялық, ақпараттық көрсетілетін қызметтерді және кәсіптік бағдарлау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді;
      еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасында қамтылған өзі туралы мәліметтерді тегін алуға;
      2) егер ол міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылса, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерге;
      3) «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес атаулы әлеуметтік көмекке құқылы.
      1. Жұмыссыздар:
      1) осы Заңның талаптарын сақтауға;
      2) осы Заңға сәйкес халықты жұмыспен қамту орталығына келiп тұрудың тәртiбiн, шарттарын және мерзiмдерiн сақтауға;
      3) халықты жұмыспен қамту орталығы берген жұмысқа жолдаманы алған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде жұмысқа орналасу мәселесi бойынша жұмыс берушiге жүгінуге;
      4) халықты жұмыспен қамту орталығына:
      тұрғылықты жерiн ауыстыруды;
      тұрақты, уақытша жұмысқа, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмысқа орналасуды;
      кәсiпкерлiк қызметпен айналысуды;
      ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншiк нысанына қарамастан, ұйымға құрылтайшы (ортақ құрылтайшы) болуды;
      мүгедектiк тобын белгiлеудi немесе оның өзгеруiн;
      зейнетақы төлемдерін тағайындауды қоса алғанда, жұмыссызбен алдағы уақытта жұмыс iстеу тәртiбiне ықпал ететiн өзгерiстер туралы мәлiметтердi уақтылы, бес жұмыс күнi iшiнде ұсынуға мiндеттi.
      3. Осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген мәлiметтердi жасырған немесе көрiнеу жалған мәлiметтер немесе жасанды құжаттар берген жағдайда, жұмыссыздар тiркеуден шығарылады.

      16-бап. Жұмыссызды есептен шығару

      1. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссызды мынадай жағдайларда:
      1) лайықты жұмыстың ұсынылған екi түрiнен жазбаша түрде бас тартқанда;
      2) дәлелсiз себептермен:
      халықты жұмыспен қамту орталығы жолдама берген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде ұсынылған жұмысқа орналасу немесе оқу орнына;
      шақыру бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу үшін үш жұмыс күнi ішінде халықты жұмыспен қамту орталығына келмегенде;
      халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуды өз бетiнше тоқтатқанда;
      3) жұмыссыздар осы Заңда көзделген халықты жұмыспен қамту орталығына келiп тұру мерзiмдерiн дәлелсiз себептермен бұзғанда;
      4) тұрғылықты жерi өзгергенде;
      5) лайықты жұмысқа орналасқанда;
      6) жұмыссыз бас бостандығынан айыру түрiндегi жазамен сотталғанда не күшіне енген сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп емдеуге жiберiлгенде;
      7) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес зейнетақы төлемдері тағайындалғанда есептен шығарады.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1) – 3) тармақшаларына сәйкес есептен шығарылған жұмыссыздар есептен шыққан күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн өткен соң ғана халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыс іздеуші адам ретінде қайтадан тiркеле алады.

4-тарау. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау

      17-бап. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шаралары

      1. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар елдің және өңірлердің экономикалық және әлеуметтік даму болжамдары негізінде:
      1) кәсіптік бағдарлау жүргізуді;
      2) жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуді;
      3) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын;
      4) жұмыссыздарға әлеуметтік көмекті;
      5) азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін квота белгілеуді көздейтін жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шараларын әзірлейді.
      2. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары:
      1) кәсіптік оқытуға жіберуді;
      2) азаматтардың кәсіпкерлік бастамашылығына жәрдемдесуді;
      3) жастар практикасына жіберуді;
      4) әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды;
      5) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесуді;
      6) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыруды;
      7) қоғамдық жұмыстарды қамтиды.
      3. Әлеуметтік көмек:
      1) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын жұмыссыздарға жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді;
      2) «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шарттарда және мөлшерде атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді қамтиды.
      4. Жұмысқа орналастыруға арналған квоталар:
      1) еңбек қызметі үшін медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектер;
      2) интернаттық ұйымдардың кәмелетке толмаған тәрбиеленушілері;
      3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар;
      4) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар үшін көзделеді.

      18-бап. Кәсіптік бағдарлау

      1. Кәсіптік бағдарлау бюджетте көзделген қаражат шегінде жеке адамның кәсіби білімдерін, дағдыларын, қызығушылықтарын ескере отырып, жұмыс іздеген адамдарға, жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, оралмандарға, сондай-ақ студенттерге, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдауда, қызмет түрін ауыстыруда және біліктілігін арттыруда практикалық көмек көрсету мақсатында жүргізіледі.
      2. Кәсіптік бағдарлау:
      1) еңбек қызметі, еңбек нарығының жай-күйі, қолда бар мамандықтар бойынша жұмысқа орналастыру немесе кәсіптік оқытудан өту мүмкіндіктері туралы кәсіби ақпараттандыруды;
      2) адамның жеке-психологиялық сипаттамасының, өмірлік жағдайлары ерекшеліктерінің, кәсіби білімдерінің, дағдыларының, қызығушылықтарының, денсаулық жағдайының және еңбек нарығындағы қажеттіліктерінің негізінде жұмыс орны мен мамандық таңдауда кәсіби консультацияларды;
      3) нақты кәсіп (мамандықтар) түрлері және лауазымдар үшін айқындалған біліктілік талаптарына адамдардың сәйкестігін белгілеу арқылы кәсіби іріктеуді қамтиды.
      3. Кәсіптік бағдарлауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамасына сәйкес жеке жұмыспен қамту агенттіктерін және/немесе өзге де ұйымдарды тарту құқығымен халықты жұмыспен қамту орталықтары жүргізеді.
      4. Халықты жұмыспен қамту орталықтары кәсіптік бағдарлаудан өткен адамдар туралы мәліметтерді еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасында орналастырады.

      19-бап. Кәсіптік оқыту

      1. Кәсіптік оқыту кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды.
      2. Егер:
      1) қажетті кәсіби біліктіліктің болмауынан лайықты жұмыс таңдау мүмкін болмағанда;
      2) кәсіби дағдыларға сай келетін жұмыстардың болмауына байланысты кәсібін (мамандығын), қызмет түрін өзгерту қажет болғанда;
      3) бұрынғы мамандығы бойынша жұмысты орындау қабілетін жоғалтқанда, халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша кәсіптік оқыту жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Кәсіптік оқыту:
      1) жұмыс іздеп жүрген адамдар;
      2) жұмыссыздар;
      3) еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндер үшін жүзеге асырылады.
      4. Жұмыс іздеп жүрген және жұмыссыз адамдардың ішінде басым тәртіппен кәсіптік оқытудан өтуге:
      1) мүгедектердің;
      2) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың, асырап алушылардың, қорғаншылардың (қамқоршылардың);
      3) халықты жұмыспен қамту орталығында алты айдан астам есепте тұрған жұмыссыздардың;
      4) бірінші рет жұмыс іздеп жүрген (бұрын жұмыс істемеген) және бұл ретте біліктілігі жоқ азаматтардың;
      5) бас бостандығынан айыру және (немесе) мәжбүрлеп емдеу орындарынан босатылған адамдардың құқығы бар.
      5. Кәсіптік оқыту бюджетте көзделген қаражат есебінен Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес білім беру қызметіне құқығы бар білім беру ұйымдарында не жұмыс берушілер ұйымдарының оқу орталықтарында жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша еңбек нарығындағы қажеттіліктер ескеріле отырып, жүргізіледі.
      6. Халықты жұмыспен қамту орталығы, оқытуды жүргізетін ұйым, жұмыс беруші және оқитын адам арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
      Әлеуметтік келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттерін, оқуға ақы төлеу шартын, мерзімінен бұрын бұзу шартын, кәсіптік оқытуды қаржыландыру мерзімі мен көздерін қамтуға тиіс.
      7. Халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқытуға жіберген адамдар өздігінен, дәлелсіз себептермен оқуын тоқтатса, халықты жұмыспен қамту орталығында қайта тіркелген күннен бастап үш жыл өткен соң оқуға қайта жіберілуі мүмкін.

      20-бап. Әлеуметтік жұмыс орнын ұйымдастыру

      1. Әлеуметтік жұмыс орнын ұйымдастыру үшін тұрақты жұмыс орындарындағы бос орындар пайдаланылмайды және олар еңбек жағдайлары ауыр, зиянды және қауіпті өндірісте құрылмайды.
      2. Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздар үшін арнайы құрылады, олардың арасында:
      1) балалар ауылының тәрбиеленушiлерi және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған он алты жастан жиырма үш жасқа дейiнгi балаларға арналған балалар үйлерінің, мектеп-интернаттардың түлектері;
      2) зейнеткерлiк жас алдындағы адамдар (зейнеткерлiкке шығуға екi жыл қалған);
      3) мүгедектер;
      4) бас бостандығынан айыру және (немесе) мәжбүрлеп емдеу орындарынан босатылған адамдар;
      5) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар;
      6) кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жалғызiлiктi, көп балалы ата-аналар;
      7) жеті жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді бағып-күтуді жүзеге асыратын адамдар;
      8) оралмандар;
      9) терроризм актісінен жәбірленуші адамдар және оның жолын кесуге қатысқан адамдар басым құқыққа ие болады.
      3. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органның шешімі бойынша:
      1) әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсыныс айқындалады;
      2) әлеуметтік жұмыс орнын құруға өтініш берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесі, ұйымдастырылатын жұмыс орындарының саны және нақты жұмыс жағдайы, қатысушыларға төленетін еңбекақы мөлшері және оларды қаржыландыру көздері бекітіледі.
      4. Жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жіберуге олардың келісімімен ғана жол беріледі. Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу кезінде азаматтардың денсаулық жағдайы, жас, кәсіптік және жеке ерекшеліктері ескеріледі.
      Халықты жұмыспен қамту орталығы мен арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыратын жұмыс беруші және әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілетін жұмыссыз арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
      Әлеуметтік келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттерін, еңбекақы мөлшерін және оны төлеу шарттарын, әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыру мерзімдері мен көздерін қамтуға тиіс.
      5. Әлеуметтік жұмыс орындарындағы еңбек қызметін дәлелсіз себептермен өз бетінше тоқтатқан жұмыссыздар жұмыссыздар ретінде есептен шығарылады және халықты жұмыспен қамту орталығына қайтадан тіркелген (өтініш білдірген) күннен бастап үш ай өткеннен кейін ғана жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қайта қатысуы мүмкін.
      6. Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.

      21-бап. Жастар практикасын ұйымдастыру

      1. Жастар практикасы алған кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының жиырма тоғыз жастан аспаған түлектері қатарындағы жұмыссыздарға әдейi арналған.
      2. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдар:
      1)  жастар практикасын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсынысты қалыптастырады;
      2) жастар практикасын ұйымдастыруға өтініш берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесін, тартылатын түлектердің санын, қатысушылардың еңбек жағдайы мен еңбекақысы және оларды қаржыландыру көздерін айқындайды.
      3. Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасасқан шарт негізінде жастар практикасынан өту үшін жұмыс орындарын құрады. Оны ұйымдастыру үшін тұрақты жұмыс орындарындағы бос орындар пайдаланылмайды.
      Орындалатын жұмыс түлектің алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес келуге тиіс.
      4. Түлектерді жастар практикасына жіберуге олардың келісімімен ғана жол беріледі. Жастар практикасына қатысушыларға еңбекақы төлеу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      5. Халықты жұмыспен қамту орталығы мен жастар практикасын ұйымдастыратын жұмыс беруші және жастар практикасына жіберілетін түлек арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
      Әлеуметтік келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттерін, еңбек жағдайын, еңбекақы мөлшері мен оны төлеу шарттарын, қаржыландыру мерзімі мен көздерін қамтуға тиіс.
      6. Жастар практикасына жіберілген жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.

      22-бап. Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру

      1. Қоғамдық жұмыстарды халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдарда ұйымдастырады және бюджет қаражаты мен жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша олардың қаражаты есебінен қаржыландырылады.
      2. Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:
      1) жұмыссыздардың;
      2) жазғы демалыс кезеңінде студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының;
      3) бос тұрып қалуға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдардың құқығы бар.
      Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:
      1) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алмайтын жұмыссыздар;
      2) халықты жұмыспен қамту орталығында алты айдан астам есепте тұрған жұмыссыздар басым құқықты пайдаланады.
      Адамдардың қоғамдық жұмыстарға қатысуы, олардың халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген күніне сәйкес кезектілік тәртібінде олардың келісімімен жүзеге асырылады.
      3. Қоғамдық жұмыстарға қатысқысы келетін адамдармен әлеуметтік келісімшарт жасалады.
      4. Қоғамдық жұмыстарға қатысуды дәлелсіз себептермен өз бетінше тоқтатқан жұмыссыздар жұмыссыздар ретінде есептен шығарылады және халықты жұмыспен қамту орталығында қайта тіркелген (өтініш білдірген) күннен бастап үш ай өткеннен кейін ғана қоғамдық жұмыстарға қайта жіберілуі мүмкін.
      5. Авариялар, табиғи апаттар, дүлей зiлзалалар және басқа да төтенше жағдайлар зардаптарын жедел жою қажеттiлiгiне байланысты қызмет түрлерi қоғамдық жұмыстарға жатпайды.
      6. Осы Заң Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында көзделген қоғамдық жұмыстарға тарту жөнiндегi құқықтық қатынастарды реттемейдi.
      7. Қоғамдық жұмыстарға қатысатын адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.

      23-бап. Кәсiпкерлiк бастамашылыққа жәрдемдесу

      1. Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдем жұмыссыздарға және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жобаны сүйемелдеу бойынша сервистік қызметтер көрсету, қайтарымды негізде микрокредиттер беру арқылы жүзеге асырылады.
      2. Жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасынан мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін:
      1) ауылдық жерлерде, моно және шағын қалаларда тұратын адамдардың;
      2) мүгедектердің, егер медициналық қорытынды бойынша олардың денсаулық жағдайы еңбек міндеттемелерін орындауға кедергі келтірмесе не олардың денсаулығына және (немесе) басқа адамдардың еңбек қауіпсіздігіне қауіп төндірмесе;
      3) зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін елу жастан асқан адамдардың;
      4) жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастардың басым құқығы бар.
      3. Халықты жұмыспен қамту орталығы мен микрокредит алған адам арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.

      24-бап. Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде
               қоныс аударуға жәрдемдесу

      1. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмысқа орналастыру үшін жаңа тұрғылықты жерге:
      1) жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына;
      2) «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қоныс аударушыларды және оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге адамдардың ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдеседі.
      2. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмысқа орналастыру үшін мынадай санаттағы:
      1) жұмыс іздеген адамдардың;
      2) жұмыссыздардың;
      3) өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдеседі.
      3. Жұмысқа орналасу үшін жұмыс іздеп жүрген және жұмыссыз адамдар арасында жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аудару үшін:
      1) балалар ауылының тәрбиеленушiлерi және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған он алты жастан жиырма үш жасқа дейiнгi балаларға арналған балалар үйлерінің, мектеп-интернаттардың түлектері;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныс аударатын оралмандар;
      3) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері;
      4) жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші – жеке тұлғаның қызметін тоқтатуына, қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты жұмыстан босатылған адамдар басым құқықты пайдаланады.
      4. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде қоныс аударатын адамдарды мемлекеттік қолдау:
      1) қызметкердің қоныс аударуы жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің қоныс аударуына, соған байланысты шығыстардың орнын толтыруға субсидиялар беруді;
      2) жұмыс беруші қызметкерге тұрғын үй-жай ұсынған жағдайларды қоспағанда, тұрғын үй беру, қызметтік тұрғын үй немесе жатақханалардан бөлме беруді;
      3) жұмыс берушілердің қажеттіліктері бар болған кезде кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарында оқытуды;
      4) жаңа тұрғылықты жерде жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді қамтиды.
      5. Халықты жұмыспен қамту орталығы жаңа тұрғылықты жерге қоныс аударатын адаммен және жұмыс орнын ұсынатын жұмыс берушімен ерікті түрде әлеуметтік келісімшарт жасайды.

      25-бап. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс
               орындарын ұйымдастыру

      1. Арнайы жұмыс орны мүгедектерді жұмысқа орналастыру және олардың жұмыспен қамтылуын оны құрған кезден бастап кемінде күнтізбелік он екі ай мерзімге сақтау үшін құрылады.
      2. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын құруды жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасасқан шарт негізінде жүзеге асырады.
      3. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі мен шартын халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

      26-бап. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік
               төлемдерді ұйымдастыру

      1. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын, белгiленген тәртiппен жұмыссыздар деп танылған адамдар жұмысынан айырылған жағдайда «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар.
      2. Жұмысынан айырылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылатын жұмыссыздардың әлеуметтік төлем алуға құқығы оларды халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқытуға, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға жіберген кезде сақталады.
      3. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздың осы Заңның 16-бабы 1-тармағының талаптарын бұзғаны туралы ақпарат анықталған күннен бастап, оны Мемлекеттік корпорация арқылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ұсынады.
      Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ақпаратты алу негізінде жұмысынан айырылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамада көзделген тәртіппен және шарттарда әлеуметтік төлемдерді тоқтата тұрады.
      4. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналастырудың жеке картасына тиісті өзгерістерді уақтылы енгізеді.

      27-бап. Азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа
               орналастыру үшін жұмыс орындарына квоталар

      1. Жергілікті атқарушы органдар:
      1) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерiнде мүгедектерді;
      2) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды;
      3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды;
      4) интернаттық ұйымдардың кәмелеттік жасқа толмаған түлектерін жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгілейді.
      2. Мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ қызметкерлердің орташа жылдық санының жиырма пайызынан астамын мүгедектер құрайтын ұйымдарға квота белгіленбейді.
      3. Интернаттық ұйымдардың кәмелеттік жасқа толмаған түлектерін, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгілеу тәртібін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

5-тарау. Халықты жұмыспен қамту саласындағы әлеуметтік
серіктестікті ұйымдастыру

      28-бап. Жұмыс берушiлердiң халықты жұмыспен қамтуға
               қатысуы

      1. Жұмыс берушiлер мемлекеттік жұмыспен қамту саясатын iске асыруға:
      1) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарттары мен ұжымдық шарттардың талаптарын сақтай отырып, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсету;
      2) персоналды кәсiптік оқыту жүйесін дамыту;
      3) кадрларды техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары арқылы даярлау;
      4) құрылымдық өзгерiстер барысында білiктi қызметкерлердің кадрлық әлеуетiн сақтау және ұтымды пайдалану;
      5) қоғамдық жұмыстарды және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін жұмыс орындарын құру;
      6) жұмысқа орналастыру мәселесi бойынша, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша өтiнiш жасаған адамдарды ұйымдарда белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бар бос орындарға қабылдау;
      7) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құру;
      8) еңбек нарығының біртұтас ақпараттық деректер базасына сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос орындар және жұмыс орындарын болжамды құру туралы деректерді ұсыну;
      9) жұмыс орындарын құру арқылы қатысады.
      2. Жұмыс берушi:
      1) еңбек жағдайын және оған ақы төлеуді көрсете отырып, бос жұмыс орындары (бос қызметтер) пайда болған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде халықты жұмыспен қамту орталығына ол туралы мәлiмет жiберуге;
      2) жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші – жеке тұлғаның қызметінің тоқтатылуына, адам санының немесе штаттың қысқартылуына байланысты, оның ішінде жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкеп соққан өндірістің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі кезінде алдағы уақытта қызметкерлердiң жұмыстан босайтыны, босатылатын қызметкерлердiң қызметтерi мен кәсіптері, мамандықтары, бiлiктiлiгi және еңбекақы мөлшерi көрсетiле отырып, босатылуы мүмкiн қызметкерлердiң саны мен санаттары туралы және олар босатылатын мерзiмдер туралы жұмыстан босату басталардан кемінде бір ай бұрын халықты жұмыспен қамту орталығына толық көлемде ақпарат беруге;
      3) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру мекемелерінің бұрын ерікті мәлімделген түлектерін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 54-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бас тартқан жағдайларды қоспағанда, жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталығының кәсіптік оқытуға, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының қатысушыларына шәкіртақылар төлеуге және материалдық көмекке бағытталған шығыстарын өтеуге;
      4) жолдамаға тиiстi белгi қою арқылы жұмысқа қабылдау немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарту себебiн көрсете отырып, ол туралы дер кезiнде (халықты жұмыспен қамту орталығы оған жұмыс іздеп жүрген адамдарды жiберген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде) халықты жұмыспен қамту орталығына хабарлауға;
      5) мүгедектер, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар және интернаттық ұйымдардың кәмелеттік жасқа толмаған түлектері үшін жұмыс орындарының белгiленген квотасын орындауға;
      6) жұмысқа қабылдау үшін бос жұмыс орындары туралы ақпараттарда еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптарға жол бермеуге;
      7) шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат қолданысының тоқтатылуына байланысты, тартылған шетелдік қызметкердің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуын қамтамасыз етуге;
      8) міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік аударымдар жүргізуге міндетті.
      3. Жұмыс берушінің:
      1) оған тікелей өтініш білдірген адамды халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы бар адамдармен бірдей жағдайда жұмысқа қабылдауға;
      2) халықты жұмыспен қамту орталықтарынан еңбек нарығының жай-күйі туралы тегін ақпарат алуға;
      3) халықты жұмыспен қамту орталығынан жұмыс іздеп жүрген адамдарды жұмысқа орналастыруға іріктеу және жіберу бойынша көрсетілетін қызметтерді алуға;
      4) қоғамдық жұмыстарды және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысуға, уақытша сипаттағы жұмыстардың басқа да түрлерін ұйымдастыруға және жүргізуге;
      5) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға халықты жұмыспен қамту орталығынан субсидия алуға;
      6) экономиканың салалары бойынша кадрларға қажеттілікті болжауды ұйымдастыруға және анықтауға қатысуға құқығы бар.

      29-бап. Кәсіптік одақтардың халықты жұмыспен қамту
               саласына қатысуы

      1. Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жұмыссыздықтан және оның салдарларынан қорғау бойынша кәсіптік одақтар мен олардың бірлестіктерінің қатысуы осы Заңмен, «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен, ұжымдық шарттармен және келісімдермен айқындалады.
      2. Кәсіптік одақтар:
      халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға;
      халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға құқығы бар.

6-тарау. Еңбек делдалдығы

      30-бап. Жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу

      Жұмыс іздеп жүрген адамдарға, жұмыссыздарға және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жұмысқа орналасуға осы Заңның 11, 31-баптарына сәйкес халықты жұмыспен қамту орталығы, жеке жұмыспен қамту агенттіктері жәрдемдеседі.

      31-бап. Жеке жұмыспен қамту агенттiгi

      1. Жеке жұмыспен қамту агенттiгiнiң:
      1) өтiнiш жасаған адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасының мәселелерi бойынша консультация беруге;
      2) жұмысқа орналасу мүмкiндiгi туралы ақпарат беруге және өтiнiш жасаған адамдардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге;
      3) бос орындары бар жұмыс берушiлер мен жұмысқа орналасқысы келетiн адамдар туралы мәлiметтер қалыптастыруға;
      4) жұмыскерлердiң жұмыс берушiнiң бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуiн ескере отырып, оларды iрiктеудi жүзеге асыруға;
      5) халықаралық шарттар бар болған кезде, бiр елден екiншi елге жұмысқа орналастыру үшiн жұмыскерлер жинауды жүзеге асыруға;
      6) өтiнiш жасаған адамдарды кәсiптiк даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастырып, бұдан кейiн жұмысқа орналастыруға;
      7) адамдарды шет елде жұмысқа орналастырған жағдайда, оларды әкетуге рұқсат құжаттарын ресiмдеуге;
      8) халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жіберген адамдарды кәсіптік бағдарлау жүргізу бойынша конкурстарға қатысуға құқығы бар.
      2. Жеке жұмыспен қамту агенттiгi:
      1) кемсiтушiлiктiң кез келген нысанына жол бермеуге;
      2) өтiнiш жасаған адамдардан алынатын ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
      3) бала еңбегiн пайдалануға, адамдарды жыныстық және (немесе) өзге де мақсатта пайдалану үшiн тартуға жол бермеуге;
      4) өтiнiш жасаған адамдармен еңбек делдалдығы бойынша қызметтер көрсету туралы шарттар жасасуға;
      5) кәсіптер (мамандықтар) бөлінісінде еңбек делдалдығы үшін өтініш берген және жұмысқа орналасқан адамдардың саны туралы халықты жұмыспен қамту орталығына тоқсан сайын ақпарат беруге;
      6) еңбек нарығының біртұтас ақпараттық деректер базасын қалыптастыруға қатысуға мiндеттi.
      3. Жеке жұмыспен қамту агенттiктерi жұмысқа орналастыру, жұмыс орындарын құру, кәсіптік оқыту мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдармен, халықты жұмыспен қамту орталықтарымен, жұмыс берушiлермен өзара iс-қимыл жасайды.
      Жеке жұмыспен қамту агенттiктерінің халықты жұмыспен қамту орталықтарынан еңбек нарығының жай-күйі туралы тегін ақпарат алуға құқығы бар.
      4. Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкетуге байланысты қызметті жеке меншік жұмыспен қамту агенттiктерi жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкету жұмысқа орналастыратын елдiң банктерiне жұмыскердің атына кепілді жарна енгiзу арқылы шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн жұмыскердiң өз елiне оралуына жеке жұмыспен қамту агенттiгі кепiлдiк берген кезде ғана жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкету кезінде жұмыс берушілердің банктерге кепілді жарна енгізу тәртібі мен шарттары жұмысқа орналастыратын елдің заңнамасымен реттеледі.

7-тарау. Қазақстан Республикасында шетелдіктердің еңбегін қолдану

      32-бап. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота

      1. Iшкi еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квота белгiлейдi.
      Осы Заңның шетелдiк жұмыс күшiн квоталау және жұмыс берушілерге шетелдiк жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру туралы нормалары:
      1) дербес бiлiм беру ұйымдарында, олардың ұйымдарында, сондай-ақ «Назарбаев Қорында» басшылар және мамандар лауазымдарында жұмыс iстейтiн жоғары бiлiмдi;
      2) мемлекеттік органдарда жұмыс iстейтiн, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртіппен расталған құжаттары бар;
      3) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттар жасасқан Қазақстан Республикасының ұйымдарында жұмыс істейтін, сондай-ақ аталған заңды тұлғалар (не олардың мердігерлері) бас мердігер, мердігер, қосалқы мердігер немесе сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында (іздестіру және жобалау қызметін, инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда) көрсетілетін қызметтерді орындаушы ретінде инвестициялық қызмет объектісі пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл өткенге дейінгі мерзімге тартатын ұйымдарда басшылар және жоғары білімі бар мамандар ретінде, сондай-ақ инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттарда айқындалатын кәсiптер тізбесіне және санға сәйкес білікті жұмысшылар ретінде жұмыс істейтін;
      4) «Инновациялық технологиялар паркi» арнайы экономикалық аймағының дербес кластерлік қорында басшылар және мамандар лауазымдарында жұмыс істейтін жоғары бiлiмді;
      5) Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда жұмыс істейтін;
      6) Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушылар немесе қатысушылардың қызметкерлері болып табылатын;
      7) құны бір миллион айлық есептік көрсеткіштен жоғары жобалары бар, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары болып табылатын заңды тұлғаларда, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың аталған қатысушылары (не олардың мердігерлері) бас мердігер, мердігер, қосалқы мердігер немесе арнайы экономикалық аймақтар аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау кезеңінде орындаушы ретінде және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган мен арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы органның бiрлескен шешiмiмен бекітілген тәртіппен халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган және мүдделі мемлекеттік орталық орган өкілдері арасынан ведомствоаралық комиссия айқындайтын санаттар тізбесіне және санға сәйкес объект (объектілер) пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл өткенге дейін тартатын ұйымдарда жұмыс істейтін;
      8) экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша өз бетінше жұмысқа орналасуға келген;
      9) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
      2. Осы Заңның шетелдік жұмыс күшін жыл сайын квоталау туралы нормалары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерде корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
      3. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота жұмыс күшіне пайыздық қатынаста белгіленеді, ол:
      1) экономикалық қызмет түрлері бойынша шетелдік қызметкерлерді тартуға арналған квотаны;
      2) Қазақстан Республикасы ратификациялаған еңбек көші-қоны және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттар болған кезде, шығу елдері бойынша шетелдік қызметкерлерді тартуға арналған квотаны;
      3) еңбекші иммигранттарды тартуға арналған квотаны қамтиды.
      4. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны еңбек нарығындағы алдағы жылға (жылдарға) арналған сұраныс пен ұсыныс жағдайының болжамын және мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган қалыптастырады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізеді.

      33-бап. Жұмыс берушілердің шетелдiк жұмыс күшiн тартуы

      1. Жұмыс берушілер тартатын шетелдік қызметкерлер Қазақстан Республикасында еңбек қызметін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары шетелдік жұмыс күшін тартуға берген рұқсаттар негізінде жүзеге асырады.
      2. Жергілікті атқарушы органдар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында, еңбек қызметін жүзеге асыру үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын адамдарды қоспағанда, жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар береді және (немесе) оларды ұзартады не рұқсаттар беруден, ұзартудан бас тартады, сондай-ақ аталған рұқсаттарды тоқтата тұрады және кері қайтарып алады.
      3. Жергілікті атқарушы органдар берген рұқсат басқа жұмыс берушілерге беруге жатпайды, жұмыс берушінің рұқсат алған шетелдік қызметкерлерді күнтізбелік бір жыл ішінде жиынтығы күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімге басқа әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында орналасқан кәсіпорындарға, ұйымдарға іссапарға жіберуін қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ғана қолданылады.
      4. Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімге Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген құжаттарды ұсынған және алымды төлеген кезде беріледі және (немесе) ұзартылады.
      Осы тармақтың жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттарды бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым төлеу бөлігіндегі ережесі корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жұмыс істейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
      5. Жергілікті атқарушы орган қажетті құжаттарды қабылдауды, сондай-ақ жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беруді және (немесе) ұзартуды халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, оның ішінде рұқсаттар мен хабарламалардың ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда жүзеге асырады.
      6. Жұмыс беруші рұқсаттар бойынша тартатын шетелдік жұмыс күшінің саны халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын қазақстандық кадрлар санының пайыздық қатынасына сәйкес келуге тиіс.
      7. Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн жұмыс берушілер тартатын шетелдiк жұмыс күшiнiң бiлiм деңгейi (кәсiби даярлығы) мен практикалық жұмыс тәжiрибесi (өтілі) кәсіби стандарттарға, Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына және Басшылар, мамандар мен басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығына, ұйымдардың басшылары, мамандары мен басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес жұмысшылардың кәсiптерiне және басшылардың, мамандар мен қызметшілердің лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарына сай келуге тиiс.

      34-бап. Өз бетінше жұмысқа орналасу шеңберінде
               шетелдіктердің еңбек қызметін жүзеге асыруы

      1. Шетелдік қызметкерлер экономиканың басым салаларындағы (экономикалық қызмет түрлеріндегі) сұранысқа ие мамандықтар бойынша өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы үш айдан аспайтын мерзімге жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган берген анықтамалардың негізінде еңбек шартының мерзімін үш жылдан аспайтын мерзімге ұзарту құқығымен Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыра алады.
      2. Экономиканың басым салаларындағы (экономикалық қызмет түрлеріндегі) сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін еңбек нарығындағы алдағы жылға (жылдарға) арналған сұраныс пен ұсыныс жағдайының болжамын және мемлекеттік басқарудың тиісті саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
      3. Шетелдік қызметкер өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама алу үшін Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелеріне жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жіберілетін, Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу туралы өтініш береді.
      Шетелдік қызметкер Қазақстан Республикасында болған жағдайда, өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама алу үшін шетелдік қызметкер жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу туралы өтініш береді.
      4. Анықтама беру тәртібі мен шетелдік қызметкерлердің біліктілігі және білім деңгейіне қойылатын талаптарды, сондай-ақ өз бетінше жұмысқа орналасу үшін басым салалардың (экономикалық қызмет түрлерінің) және олардағы сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін мемлекеттік басқарудың тиісті саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу арқылы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

      35-бап. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде
               шетелдіктердің еңбек қызметін жүзеге асыруы

      1. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жұмыс берушілер тартатын шетелдік қызметкерлер еңбек шартында айқындалған үш жылдан аспайтын мерзімге, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы шетелдік жұмыс күшін тартуға берген рұқсаттар негізінде еңбек шартының мерзімін бір жылға ұзарту құқығымен Қазақстан Республикасында уақытша еңбек қызметін жүзеге асырады.
      2. Жұмыс берушілерге корпоративішілік ауыстыру шеңберінде ауыстырылатын шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру шарттары мен тәртібін жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
      3. Корпоративішілік ауыстыру шеңберінде шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды тартатын жұмыс берушілер, олар Қазақстан Республикасының аумағына кіргеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде жазбаша түрде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға олар туралы:
      1) олар ауысатын ұйымның және елдің санын, атауын;
      2) тегін, атын, әкесінің атын (егер олар жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілсе);
      3) әрқайсысының білім деңгейін, біліктілігін, мамандығын және жұмыс тәжірибесін;
      4) еңбек қызметін жүзеге асыру мерзімін қамтитын ақпарат жібереді.
      4. Менеджерлерді және мамандарды корпоративішілік ауыстыру халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын шетелдік қызметкерлер санының қазақстандық кадрлар санына пайыздық арақатынасын сақтауды ескере отырып жүзеге асырылады.
      5. Жергілікті атқарушы органдар корпоративішілік ауыстыру шеңберінде жұмыс істейтін шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды жүргізеді.

8-тарау. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік
бақылау және есептілік

      36-бап. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік
               бақылау

      1. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      37-бап. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік
               бақылауды жүзеге асыратын органдар

      Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік бақылауды халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

      38-бап. Халықты жұмыспен қамту саласындағы ведомстволық
               статистикалық байқау

      1. Халықты жұмыспен қамту саласындағы жағдайға, сондай-ақ еңбек нарығындағы ахуалға, оның болжануы мен реттелуiне объективтi баға беру үшiн халықты жұмыспен қамту саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ведомстволық статистикалық байқау жүргізіледі.
      2. Еңбек делдалдығымен айналысатын жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ шетелдік қызметкерлерді тартатын жұмыс берушілер, оның ішінде осы Заңның 32-бабына сәйкес уәкiлеттi органға халықты жұмыспен қамту саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен және мерзiмде алғашқы статистикалық деректерді табыс етуге мiндеттi.
      3. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен, салық органдарымен, ішкі істер органдарымен және республикалық және өңірлік деңгейдегi басқа да мүдделi мемлекеттік органдармен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әр тараптың өз функцияларын орындауы үшiн қажет болатын есептi құжаттамамен және мәлiметтермен өтеусiз негiзде алмасады.
      4. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға халықты жұмыспен қамту саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмде алғашқы статистикалық деректерді табыс етедi.

9-тарау. Қорытынды ережелер

      39-бап. Қазақстан Республикасының Халықты жұмыспен қамту
               туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасын бұзған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      40-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң:
      1) 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 33) және 34) тармақшаларын, 7-баптың 22), 23), 25) және 26) тармақшаларын, 9-баптың 5) тармақшасын, 31-баптың 4-тармағын, 32-бапты, 33-бапты, 34-бапты және 35-бапты;
      2) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 9-баптың 6) тармақшасын, 10-баптың 4) тармақшасын, 17-баптың 2-тармағының 6) тармақшасын және 3-тармағының 2) тармақшасын, 25-бапты, 28-баптың 1-тармағының 7) тармақшасын және 3-тармағының 5) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылатын 7-баптың 5-1) тармақшасын, 10-баптың 4-тармағын, 11-бапты қоспағанда, «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 3, 18-құжат; 2004 ж., № 2, 10-құжат; 2005 ж., № 7-8, 19-құжат; № 17-18, 76-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 10, 52-құжат; 2007 ж., № 2, 14, 18-құжаттар; № 3, 20-құжат; № 8, 52-құжат; № 9, 67-құжат; № 15, 106-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 1, 4-құжат; № 9-10, 50-құжат; № 18,84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 8, 41-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 21-құжат; № 10, 86-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 16, 128-құжат; 2012 ж., № 2, 11, 14-құжаттар; № 5, 35-құжат; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 15, 97-құжат; № 20, 121-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 9, 51-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 21-22, 114-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 11, 63, 64-құжаттар; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 118, 122-құжаттар; № 23, 143-құжат; 2015 жылғы 29 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 27 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 30 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 28 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 3 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 25 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне еңбекті реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 25 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 26 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады