Инвестициялық субсидия беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1120 қаулысы.

      2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 291-бабының 7-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса беріліп отырған Инвестициялық субсидия беру қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Инвестициялық субсидия беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 1175 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 68, 626-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Инвестициялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асырудың кейбір мәселелері туралы" 2003 жылғы 8 мамырдағы № 436 және "Инвестициялық субсидия беру қағидаларын бекіту туралы" 2014 жылғы 4 қарашадағы № 1175 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 210 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 21, 115-құжат).

      3. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 1120 қаулысымен
бекітілген

Инвестициялық субсидия беру қағидаларын бекіту туралы
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Инвестициялық субсидия беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 291-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және инвестициялық субсидия беру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар:

      1) инвестициялық субсидия – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференцияларды беруге және инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған өтінім (бұдан әрі – өтінім) берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бес миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестициялардың жүзеге асырылуын көздейтін инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына өтеусіз және қайтарымсыз негізде инвестициялық преференция ретінде берілетін бюджеттік субсидияның түрі;

      2) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған заңды тұлға, оның ішінде шетелдік қатысумен құрылған заңды тұлға;

      3) инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, инвестициялық келісімшарттар жасасу және олардың орындалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган;

      4) инвестициялық субсидия берілетін инвестициялық басым жоба –заңды тұлғаның жаңа өндірістік объектілердің (фабрика, зауыт, цех) құрылысына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бес миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асыруын көздейтін жаңа өндірістерді құру бойынша инвестициялық жоба;

      5) инвестициялық келісімшарт – инвестицияларды жүзеге асыруды және инвестициялық преференциялар беруді көздейтін инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 27.07.2018 № 468 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Инвестициялық субсидия инвестициялық басым жоба бойынша мынадай шарттар сақталған кезде беріледі:

      1) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы алушы болып табылады;

      2) заңды тұлға республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бес миллион еселенген (жаңа өндірістерді құру бойынша) мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асырады;

      3) заңды тұлға инвестициялық басым жобаларды iске асыру үшiн айқындалған басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне енгiзiлген қызмет түрлерiн жүзеге асырады;

      4) заңды тұлға:

      Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасына сәйкес дербес білім беру ұйымы;

      Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым болып табылмайды;

      5) Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретінде мемлекеттің және (немесе) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы болып табылатын квазимемлекеттік сектор субъектісінің үлесі жиырма алты пайыздан аспайды.

      Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретінде мемлекеттің және (немесе) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы болып табылатын квазимемлекеттік сектор субъектісінің қатысуы инвестициялық келісімшарт тіркелген күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзімді құрайды. Бес жыл ішінде мемлекет және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісі Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығуға міндетті. Бұл талап орындалмаған жағдайда инвестициялық преференцияларды қолдану ол (олар) Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан толық шыққанға дейін, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.

      Тоқтатыла тұрған кезең ішінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығу туралы шартты орындамау инвестициялық келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатуға және бұрын берілген инвестициялық преференцияларды қайтаруға әкеледі.

      Осы тармақшаның ережелері Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретінде мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің үлесі елу пайыздан кем болатын квазимемлекеттік сектор субъектісі өз қызметін көмір қаттарындағы метанды өндіру жөніндегі инвестициялық басым жобаны іске асыру шеңберінде жүзеге асырған жағдайда қолданылмайды;

      6) қаржы институттары арқылы лизингтік қаржыландыруды және кредит беруді қоса алғанда, қайтарымдылық, мерзімділік және ақылылық шарттарымен бөлінетін ақшаны қоспағанда, инвестициялық басым жобаны iске асыру үшiн қаржыландыру көздерi не кепiлдiктерi ретiнде бюджет қаражаты тартылмайды;

      7) инвестициялық қызмет мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты шеңберiнен тыс жүзеге асырылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 27.07.2018 № 468 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      4. алып тасталды - ҚР Үкіметінің 27.07.2018 № 468 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2. Инвестициялық субсидия беру тәртібі

      5. Инвестициялық субсидия алу үшін Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша өтінімді уәкілетті органға жібереді.

      Инвестициялық субсидияны көздейтін өтінім:

      1) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

      2) басшының қолымен және заңды тұлғаның мөрімен (бар болса) расталған заңды тұлға жарғысының көшірмесі;

      3) уәкілетті орган белгілейтін талаптарға сәйкес жасалған инвестициялық жобаның бизнес-жоспары;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жобалау алдындағы және (немесе) жобалау құжаттамасына заңды тұлға басшысының қолтаңбасымен, мөрімен (ол болған кезде) куәландырылған мемлекеттік сараптаманың қорытындысы болған жағдайда қабылданады және тіркеледі.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 27.07.2018 № 468 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Уәкілетті орган өтінім берілген сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде:

      1) Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген инвестициялық субсидия беру талаптарына сәйкестігін тексереді;

      2) инвестициялық жоба бойынша құжаттарды талдауды жүргізеді.

      7. Өтінімді қарағаннан кейін уәкілетті орган 3 (үш) жұмыс күні ішінде инвесторға жазбаша дәлелді жауап жібереді.

      8. Осы Қағидалардың 3-тармағының талаптарына сәйкес келген жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық субсидия беру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

      9. Инвестициялық субсидия Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде беріледі.

      10. Инвестициялық субсидия беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі қолданысқа енгізілген күнінен бастап уәкілетті орган өтінімді тіркеу журналында тіркейді және өтінім тіркелген сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтінім берушіге жазбаша нысанда жауап жібереді.

      11. Уәкілетті орган инвестициялық субсидия беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде модельдік келісімшарт ережелерін ескере отырып, инвестициялық келісімшартты келісімді қол қоюға дайындайды.

      12. Уәкілетті орган инвестициялық келісімшартты қол қойылған күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде тіркейді және ол тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.

      Уәкілетті органның тіркеген күні инвестициялық келісімшартты жасасу күні болып табылады.

      13. Инвестициялық субсидия инвестициялық келісімшарттың жұмыс бағдарламасында көзделген қосылған құн салығы мен акциздер есепке алынбай, құрылыс-монтаждау жұмыстары және жабдықты сатып алу құнының отыз пайызына дейін өтеу арқылы беріледі.

      Құрылыс-монтаждау жұмыстарының және жабдықты сатып алудың іс жүзіндегі шығындары бойынша инвестициялық субсидияны төлеу растайтын құжаттар негізінде жүзеге асырылады, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар жобалау алдындағы құжаттамада көзделген шығындардың құнынан аспайды.

      Инвестициялық субсидия берудің шекті мөлшері Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму, мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдарының бірлескен бұйрығымен құрылыс-монтаждау жұмыстарына және жабдық сатып алуға арналған нақты шығындарды өтеуге республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде белгіленеді және өзгереді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 27.07.2018 № 468 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. Инвестициялық субсидияны төлеу инвестициялық келісімшартта белгіленген өндірістік көрсеткіштер орындалған жағдайда өндіріс толық көлемде пайдалануға берілгеннен кейін жобаның іске асырылу орны бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша жүзеге асырылады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 27.07.2018 № 468 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      15. Инвестициялық субсидияны төлеу кестесі мен жылдық көлемдері инвестициялық келісімшарт шеңберінде кемінде үш жыл, бірақ инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзімінен аспайтын кезеңге инвестициялық субсидияны тең үлестермен бөлу арқылы белгіленеді.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 27.07.2018 № 468 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы жұмыс бағдарламасын іске асыруды аяқтағаннан кейін екі ай ішінде инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға аудиторлық есепті ұсынады, онда мыналар қамтылуы тиіс:

      1) жұмыс бағдарламасына сәйкес инвестициялық міндеттемелердің орындалуы туралы ақпарат;

      2) жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған тіркелген активтер бойынша таратып жазу;

      3) жұмыс бағдарламасының орындалғанын растайтын құжаттардың жиынтық тізілімі;

      4) инвестициялық келісімшарт талаптарының орындалуы туралы мәліметтер.

      Аудиторлық есепті аудиторлық қызмет саласындағы уәкілетті орган белгілеген ең төменгі талаптарға сәйкес келетін аудиторлық ұйым жасауға тиіс.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 27.07.2018 № 468 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      17. Уәкілетті орган төленетін инвестициялық субсидия сомасы бойынша шешім қабылданғаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде инвесторға жазбаша хабарлама жібереді.

      18. Уәкілетті орган инвестициялық субсидия төлеуді Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады