"Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1124 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Коллекторлық қызмет туралы

      Осы Заң коллекторлық қызметті жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, коллекторлық агенттіктердің құқықтық жағдайының, құрылуының, қызметінің ерекшеліктерін белгілейді, сондай-ақ коллекторлық қызметті мемлекеттік реттеудің, бақылаудың ерекшелiктерiн айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша берешек (бұдан әрі – берешек) – борышкердің негізгі борышты және (немесе) сыйақыны төлеу жөніндегі міндеттемелерін банктік қарыз шартында немесе микрокредит беру туралы шартында белгіленген мерзімдерде орындамауы немесе тиісінше орындамауы;
      2) борышкер – банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша кредитордың алдында берешегі бар жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ дара кәсіпкер;
      3) есептік тіркеу – коллекторлық агенттікті осы Заңның 5-бабына сәйкес коллекторлық агенттіктердің тізіліміне қосу;
      4) коллекторлық агенттік – ресми мәртебесі әділет органдарында мемлекеттік тіркелу және есептік тіркеуден өту арқылы айқындалатын, коллекторлық қызметті жүзеге асыратын, коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға;
      5) коллекторлық агенттіктердің тізілімі – коллекторлық агенттіктердің бірыңғай тізбесі;
      6) коллекторлық қызмет – коллекторлық агенттіктің борышкердің банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша берешегін сотқа дейін өндіріп алуға, сондай-ақ оған байланысты ақпаратты жинақтауға бағытталған қызметі;
      7) коллекторлық қызмет саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі;
      8) кредитор – екінші деңгейдегі банк, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым немесе борышкерге оның банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша соңғысына міндеттемелерді орындауы жөнінде талап қою құқығы бар микроқаржы ұйымы.

      2-бап. Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет
              туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. «Шаруашылық серіктестіктер туралы» және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңдары коллекторлық агенттіктерге осы Заңда реттелмеген бөлiгiнде қолданылады.
      3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

2-тарау. Коллекторлық агенттікті құру және оның қызметі

      3-бап. Коллекторлық агенттік

      1. Коллекторлық агенттік борышкердің кредитор алдындағы берешегін сотқа дейін өндіріп алуды жүзеге асырады.
      2. Коллекторлық қызметті шаруашылық серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын коллекторлық агенттіктер ғана жүзеге асыруға құқылы.
      Ресми түрде коллекторлық агенттік мәртебесі жоқ бірде-бір заңды тұлға «коллекторлық агенттік» болып атала алмайды немесе өз атауында «коллекторлық агенттіктен» туындайтын сөздерді пайдалана алмайды немесе өзін коллекторлық қызметпен айналысады деп сипаттай алмайды, сондай-ақ борышкердің берешегін сотқа дейін өндіріп алу, сондай-ақ оған байланысты ақпаратты жинақтау жөніндегі талаптар қамтылған шарттарды жасаса алмайды.
      3. Коллекторлық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаның атауында мiндеттi түрде «коллекторлық агенттік» деген сөздер болуға тиiс. Атауын қысқартуға жол берілмейді.

      4-бап. Коллекторлық қызметті жүзеге асырудың негіздері

      1. Коллекторлық агенттік өзінің қызметін кредитормен жасалатын берешекті сотқа дейін өндіріп алу туралы шарт (бұдан әрі – берешекті өндіріп алу туралы шарт) және коллекторлық қызметті жүзеге асыру және борышкермен өзара іс-қимыл жасау қағидалары негізінде жүзеге асырады.
      2. Коллекторлық қызметті жүзеге асыру және борышкермен өзара іс-қимыл жасау қағидаларында мынадай мәліметтер:
      1) берешекті өндіріп алу туралы шартты жасасу тәртібі;
      2) кредитормен өзара іс-қимыл тәртібі;
      3) құқықтарды (талаптарды) басқаға беру кезінде кредитор құқықтарының басқаға өту тәртібі;
      4) берешекті өндіріп алу барысында борышкерлермен өзара іс-қимыл жасау рәсімдері мен әдістері;
      5) коллекторлық агенттіктің қызметкерлеріне қойылатын талаптар;
      6) коллекторлық қызметті жүзеге асыру кезіндегі мөлшерлемелер мен тарифтердің шекті шамалары;
      7) берешекті өндіріп алу туралы өзіне қатысты шарт жасалған борышкердің берешегі бойынша құжаттаманы қабылдау, жүргізу және кредиторға кері беру тәртібі;
      8) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін өзге де мәліметтер қамтылуға тиіс.
      3. Коллекторлық қызметті жүзеге асыру және борышкермен өзара іс-қимыл жасау қағидаларын коллекторлық агенттіктің жоғары органы бекітеді.
      4. Коллекторлық қызметті жүзеге асыру және борышкермен өзара іс-қимыл жасау қағидалары болмаған кезде коллекторлық агенттік коллекторлық қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.
      Коллекторлық қызметті және борышкермен өзара іс-қимылды жүзеге асыру қағидалары ашық ақпарат болып табылады және коллекторлық қызмет құпиясының нысанасы бола алмайды.
      5. Берешекті өндіріп алу туралы шартта «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржы ұйымдары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талаптар қамтылуға тиіс.
      Берешекті өндіріп алу туралы шарт борышкер жеке тұлғаның тұрғын үй түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген берешегіне қатысты, сондай-ақ сот актілері негізінде берілетін атқару құжаттары бойынша жасала алмайды.

      5-бап. Коллекторлық агенттіктерді есептік тіркеу

      1. Коллекторлық агенттіктер есептік тіркелуге жатады.
      2. Коллекторлық агенттік есептік тіркеуден өту үшін уәкілетті органға:
      1) еркін нысандағы өтінішті;
      2) ішкі бақылау қызметі туралы ережені (бар болса);
      3) өтініш берген күннің алдындағы күнгі жағдай бойынша коллекторлық агенттіктің құрылтайшылары (қатысушылары) туралы, басшы қызметкерлері туралы мәліметтерді;
      4) коллекторлық қызметті және борышкермен өзара іс-қимылды жүзеге асыру қағидаларының көшірмесін;
      5) «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған ақпарат беру туралы шарттың көшірмесін және кредиттік тарихты қалыптастыру және оларды пайдалану жүйесінің қатысушыларына қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы құжаттың көшірмесін табыс етеді.
      3. Коллекторлық агенттік осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттар қоса берілген өтінішті уәкілетті орган бекіткен Есептік тіркеуден өту және коллекторлық агенттіктердің тізілімін жүргізу қағидаларында көзделген тәртіппен қағаз жеткізгіште не электрондық түрде ұсынады.
      4. Уәкілетті орган ұсынылған құжаттардың толықтығын есептік тіркеуден өтуге арналған құжаттарды алған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде тексереді.
      Өтініш беруші құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, уәкілетті орган көрсетілген мерзімдерде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді түрде бас тартады.
      5. Есептік тіркеуді не есептік тіркеуден дәлелді түрде бас тартуды уәкілетті орган өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде жүзеге асырады.
      6. Уәкілетті орган осы баптың 5-тармағында белгіленген мерзімде коллекторлық агенттікті коллекторлық агенттіктердің тізіліміне енгізеді және оны осы шешім туралы хабардар етеді не есептік тіркеуден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді түрде жауап береді.
      7. Есептік тіркеуден өткен коллекторлық агенттіктердің тізілімі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.

      6-бап. Коллекторлық агенттіктерді есептік тіркеуден бас
              тарту негіздері

      1. Коллекторлық агенттікті есептік тіркеуден бас тарту:
      1) коллекторлық қызметті және борышкермен өзара іс-қимылды жүзеге асыру қағидалары осы Заңның 4-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
      2) осы Заңның 5-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттарда көрсетілуге тиіс мәліметтер мен ақпарат дұрыс берілмеген;
      3) егер коллекторлық агенттік әділет органдарында мемлекеттік тіркелген (қайта тіркелген) күнінен бастап бір жыл ішінде уәкілетті органға есептік тіркеуден өту туралы өтініш жасамаған;
      4) коллекторлық агенттіктің басшы қызметкерлері осы Заңның 11-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келмеген;
      5) егер коллекторлық агенттік құрылтайшыларының бірінің өтелмеген немесе алынбаған соттылығы болған, сондай-ақ коллекторлық агенттіктің басшы қызметкері немесе оның құрылтайшысы бұрын уәкілетті орган осы коллекторлық агенттікті осы Заңның 7-бабы 1-тармағының 1) – 8) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тізілімнен шығару туралы шешім қабылдағанға дейін бір жылдан аспайтын кезеңде коллекторлық агенттіктің бірінші басшысы немесе құрылтайшысы болған жағдайларда жүргізіледі.
      2. Есептік тіркеуден бас тартылған жағдайда, коллекторлық агенттік ретінде тіркелген заңды тұлға отыз жұмыс күні ішінде осы Заңның 5-бабының 3-тармағына сәйкес қайтадан өтініш беруге құқылы (осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша бас тартуды қоспағанда) немесе атауын өзгерту туралы не қайта ұйымдастыру немесе тарату арқылы қызметін ерікті тоқтату туралы шешім қабылдауға міндетті.

      7-бап. Коллекторлық агенттіктердің тізілімінен шығару
              негіздері

      1. Коллекторлық агенттік тізілімнен:
      1) қызметін осы Заңның, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын ұдайы (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен артық) бұза отырып жүзеге асырған;
      2) уәкілетті органға есептілікті ұдайы (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен артық) ұсынбаған;
      3) дәйексіз ақпарат бергені үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі реттен артық);
      4) уәкілетті органның шектеулі ықпал ету шараларын ұдайы (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен артық) орындамаған;
      5) коллекторлық агенттіктердің тізіліміне қосылған күннен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде қызметті жүзеге асырмаған;
      6) коллекторлық агенттіктің қызметін тоқтату туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
      7) коллекторлық агенттік тексеру жүргізуге, оны белгіленген мерзімдерде жүргізуге мүмкіндік бермейтін екі реттен артық кедергі жасаған;
      8) борышкермен өзара іс-қимыл жасай отырып, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржы ұйымдары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған жосықсыз іс-әрекеттерді жүзеге асырған;
      9) коллекторлық агенттік қайта ұйымдастыру немесе тарату арқылы өз қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайларда шығарылады. Коллекторлық агенттік коллекторлық агенттіктердің тізілімінен шығару туралы өтініш бергенге дейін өзінің барлық міндеттемелерін орындауға, оның ішінде бастапқы кредиторға не басқа коллекторлық агенттіке баланстағы талап ету құқықтарын беруге (сатуға) тиіс. Өтінішке бір мезгілде барлық міндеттемелерінің орындалғанын растау туралы, сондай-ақ баланста бұрын иеленген талап ету құқықтарының болмауы туралы хат қоса беріледі.
      2. Коллекторлық агенттіктердің тізілімінен шығарылған жағдайда, уәкілетті орган шығарылған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде коллекторлық агенттікті бұл жөнінде жазбаша түрде хабардар етеді.
      Хабарлама есептік тіркеуден өту үшін өтініште көрсетілген мекенжай бойынша жіберіледі.
      3. Уәкілетті органның коллекторлық агенттіктердің тізілімінен шығару туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
      Уәкілетті органның коллекторлық агенттіктердің тізілімінен шығару туралы шешімдеріне шағым жасау осы шешімдердің орындалуын тоқтата алмайды.
      4. Коллекторлық агенттіктердің тізілімінен өзінің шығарылғаны туралы уәкілетті органның жазбаша хабарламасын алғаннан кейін коллекторлық агенттіктің берешекті өндіріп алу және талап ету құқығын басқаға беру туралы жаңа шарттарды жасасуына тыйым салынады.
      5. Коллекторлық агенттік уәкілетті орган коллекторлық агенттіктердің тізілімінен шығарылғаны туралы хабарлаған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде коллекторлық агенттіктің атауын өзгерту не қайта ұйымдастыру немесе тарату арқылы қызметінің ерікті тоқтатылғаны туралы шешім қабылдауға міндетті.
      6. Коллекторлық агенттік уәкілетті орган коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығару туралы хабарлаған кезден бастап күнтізбелік бес күн ішінде берешекті өндіріп алу туралы шарттар жасасқан кредиторларға бұл туралы хабарлауға міндетті.

      8-бап. Коллекторлық қызметті жүзеге асыру бойынша
              құжаттама жүргiзу тәртiбi

      1. Коллекторлық агенттік кредиторлармен жасалатын барлық шартты шарттарды тіркеу журналына тіркейді және берешекті өндіріп алуға байланысты кредиторлардан қабылданатын құжаттарды, оның ішінде:
      1) берешекті өндіріп алу туралы шарттарды;
      2) талап ету құқығын беру шарттарын, сондай-ақ оларға қоса берілетін құжаттарды (бар болса);
      3) кепіл нысанасына арналған құжаттарды (егер негізгі міндеттеме кепілмен қамтамасыз етілген жағдайда);
      4) кепілгерлік және кепiлдiк шарттарын (егер негізгі міндеттеме кепілгерлікпен немесе кепiлдiкпен қамтамасыз етілген жағдайда);
      5) борышкердің құқық (талап ету) берілген күнгі берешегін
есептеулерді;
      6) борышкер мен кредитордың наразылық хат алмасуын;
      7) борышкердің құрылтай құжаттарының көшірмелерін (заңды тұлғалар үшін);
      8) борышкердің жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесін (жеке тұлғалар үшін);
      9) борышкердің уәкілетті органдарда мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжатының көшірмесін (дара кәсіпкерлер үшін);
      10) борышкердің берешекті толық немесе ішінара өтеуін растайтын құжаттарын (немесе олардың көшірмелерін);
      11) кепілге салынған мүлікті сату жөніндегі құжаттарды;
      12) берешекті өндіріп алу туралы шартта берілуі көзделген өзге де құжаттарды есепке алуды жүргізеді.
      2. Шарттарды тіркеу журналын жүргізу электрондық немесе қағаз жеткізгіштерде жүзеге асырылады.

      9-бап. Коллекторлық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері

      1. Коллекторлық агенттік коллекторлық қызметті жүзеге асырған кезде борышкермен және (немесе) оның өкілімен мынадай тәсілдермен өзара іс-қимыл жасауға:
      1) телефон арқылы келіссөздер жүргізуге;
      2) борышкермен жеке кездесулер өткізуге;
      3) борышкерге оның тұрғылықты мекенжайы бойынша жазбаша (почталық) хабарламалар жіберуге;
      4) ұялы байланыс арқылы мәтіндік және өзге де хабарламалар жіберуге;
      5) Интернет желісі арқылы өзара іс-қимыл жасауға құқылы.
      Коллекторлық агенттік борышкердің орналасқан жерінің не борышкердің тіркелген орнының уақытымен жұмыс күндері сағат 21:00-ден 8:00-де дейінгі кезеңде және мереке мен демалыс күндері сағат 19:00-ден 10:00-ге дейінгі кезеңде борышкермен және (немесе) оның өкілімен өзара іс-қимыл жасауға құқылы емес.
      2. Кредитордың құқықтарын қорғаудың және коллекторлық қызметті оңтайландырудың оңтайлы тәсілі үшін коллекторлық агенттік:
      1) берешекті өндіріп алу перспективаларын талдауды жүзеге асыруға, кредиторға берешекті өндіріп алу перспективалары туралы қорытындылар беруге;
      2) берешекті қайта құрылымдауға бағытталған модельдерді әзірлеуге, берешекті өндіріп алу туралы шартқа сәйкес қайта құрылымдау, берешекті өндіріп алу туралы шартпен бекітілген кредитордың келісімі болған кезде берешектің мерзімін ұзарту туралы келісімдерді жасауға;
      3) коллекторлық қызметке байланысты салада ғылыми-зерттеу ізденістерін жүргізуге және олардың нәтижелерін қағаз және электрондық жеткізгіштерде таратуға;
      4) берешек туындауының профилактикасы, скорингтік бағалау моделін жасау мақсатында заңды және жеке тұлғалардың төлем қабілетін бағалау үшін ақпарат ауқымын өңдеуге (ашық дереккөздерден алынған ақпаратты жинауға, жинақтауға және жүйелеуге) құқылы.

      10-бап. Коллекторлық қызметтің құпиясы

      1. Коллекторлық қызметтің құпиясы борышкер, кредитор, үшінші тұлғалар, борышкерлер берешегінің жиынтық мөлшері, берешекті өндіріп алу туралы жасалған шарттардың талаптары туралы кез келген мәліметтер мен коллекторлық қызметті жүзеге асыру кезінде коллекторлық агенттік алған және (немесе) жасаған өзге де мәліметтерді қамтиды.
      2. Коллекторлық агенттік коллекторлық қызмет құпиясына кепiлдiк бередi.
      3. Коллекторлық қызмет құпиясы борышкерге, борышкердің жазбаша келiсiмi, оның ішінде банк құпиясын ашуға банктік қарыз шартын немесе микрокредит беру құпиясын ашуға микрокредит беру туралы шартты жасаған кезде берілген жазбаша келісімі негiзiнде үшiншi тұлғаға, сондай-ақ осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетiлген тұлғаларға ғана ашылуы мүмкiн.
      4. Борышкер, кредитор, үшінші тұлғалар, борышкерлер берешегінің жиынтық мөлшері, берешекті өндіріп алу туралы жасалған шарттардың талаптары туралы кез келген мәліметтер мен коллекторлық қызметті жүзеге асыру кезінде коллекторлық агенттік алған және (немесе) жасаған өзге де мәліметтер:
      1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына: мөрмен расталып, прокурор санкция берген жазбаша сұрау салу негiзiнде олардың
іс жүргізуіндегі қылмыстық iстер бойынша;
      2) соттарға: сот ұйғарымы, қаулысы, шешiмi және үкiмi негiзiнде олардың іс жүргізуіндегі iстер бойынша;
      3) атқарушылық іс жүргізу органдарына және жеке сот орындаушыларына: атқарушылық іс жүргізу органының мөрімен немесе жеке сот орындаушысының мөрімен расталып, сот орындаушысының сот санкция берген қаулысы негізінде олардың іс жүргізуіндегі атқарушылық іс жүргізу істері бойынша;
      4) прокурорға: оның қарауында жатқан материал бойынша өз құзыретi шегiнде тексеру ісін жүргізу туралы қаулы негiзiнде;
      5) мемлекеттік кіріс органдарына: ұйғарым негiзiнде тексерiлетiн тұлғаға салық салуға байланысты мәселелер бойынша;
      6) борышкердің өкiлдерiне: нотариат куәландырған сенiмхат негiзiнде;
      7) оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті органға, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен банкрот деп танылған тұлғаларға қатысты уақытша және банкроттық басқарушыға;
      8) коллекторлық қызметке бақылауды жүзеге асыруға байланысты мәселелер жөніндегі уәкілетті органға беріледі.
      5. Борышкер кредитор, үшінші тұлғалар, борышкерлер берешегінің жиынтық мөлшері, берешекті өндіріп алу туралы жасалған шарттардың талаптары туралы кез келген мәліметтер мен коллекторлық қызметті жүзеге асыру кезінде коллекторлық агенттік алған және (немесе) жасаған өзге де мәліметтер, осы баптың 4-тармағында көзделген тұлғалардан басқа, жазбаша сұрау салу негiзiнде де:
      1) борышкер өсиетте көрсеткен адамдарға;
      2) нотариустарға: нотариустың мөрiмен расталып, оның жазбаша сұрау салуы негiзiнде олардың іс жүргізуіндегі мұрагерлiк iстер бойынша (нотариустың жазбаша сұрау салуына қайтыс болу туралы куәлiктiң көшiрмесi қоса берiлуге тиiс);
      3) шетелдiк консулдық мекемелерге: олардың іс жүргiзуіндегі мұрагерлiк iстер бойынша берiледi.
      6. Коллекторлық агенттіктердің «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» 
Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кредиттік бюроларға ақпарат
беруі және кредиттік бюролардың берешекке қатысты борышкер туралы ақпарат беруі коллекторлық қызмет құпиясының ашылуы болып
табылмайды.
      7. Осы Заңның және басқа да заңдардың негізінде заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтерге қол жеткізген коллекторлық агенттіктер, сондай-ақ өзге де тұлғалар көрсетілген мәлiметтердi жария еткенi немесе заңсыз пайдаланғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      11-бап. Коллекторлық агенттік қызметкерлеріне қойылатын
               талаптар

      1. Атқарушы органның бірінші басшысы мен мүшелері, байқаушы кеңестің (бар болса) бірінші басшысы мен мүшелері, бас бухгалтер коллекторлық агенттіктің басшы қызметкерлері болып танылады.
      2. Мынадай:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ;
      2) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі заңгерлік немесе экономикалық білімі жоқ;
      3) алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар;
      4) мамандығы бойынша, оның ішінде қаржылық, заңгерлік қызметтерді көрсету не заңды және (немесе) жеке тұлғалардан берешекті өндіріп алу саласында жұмыс тәжірибесі жоқ (көрсетілген саладағы тиісті жұмыс өтілі жұмысқа қабылданған күніне кемінде бір жыл болуға тиіс) жеке тұлға коллекторлық агенттіктің басшы қызметкері бола алмайды.
      3. Егер көрсетілген адам мемлекеттік функцияларын орындау кезеңінде мемлекеттік қызметті тоқтату алдындағы соңғы жылы осы адам өзінің лауазымдық өкілеттіктеріне орай осы коллекторлық агенттіктің қызметін тексеру нысанындағы бақылауды тікелей жүзеге асырса не осы коллекторлық агенттіктің қызметі осы адаммен оның құзыретіне сәйкес тікелей байланысты болса, мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін бір жыл ішінде оның коллекторлық агенттікке жұмысқа орналасуына жол берілмейді.
      Коллекторлық агенттікке мемлекеттік қызметтен немесе арнайы және құқық қорғау органдарынан жағымсыз себептермен жұмыстан шығарылған адамдарды жұмысқа орналастыруға жол берілмейді. Көрсетілген талап ол адам жұмыстан босатылған күннен бастап үш жыл бойы қолданылады.
      4. Осы баптың 2-тармағының 2) – 4) тармақшаларында көзделген талаптар коллекторлық агенттіктің борышкерлермен өзара тікелей іс-қимыл жасайтын қызметкерлеріне қолданылады.
      5. Коллекторлық агенттіктің өзге қызметкерлеріне қойылатын талаптар коллекторлық агенттіктің ішкі құжаттарында белгіленеді.

      12-бап. Бухгалтерлiк есепті жүргiзу және қаржылық
               есептiлiкті жасау

      Коллекторлық агенттіктің бухгалтерлік есепті жүргізуі және
қаржылық есептілікті жасауы, бухгалтерлік есептің жүргізілуін
автоматтандыру уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      13-бап. Құжаттарды сақтау

      Коллекторлық қызметке байланысты құжаттарды сақтау «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

3-тарау. Коллекторлық агенттіктің құқықтары мен міндеттері және
борышкердің немесе оның өкілінің құқықтары

      14-бап. Коллекторлық агенттіктің құқықтары

      Коллекторлық агенттік:
      1) коллекторлық қызметті кредиторлармен жасалатын берешекті өндіріп алу туралы шарттар негізінде және осы Заңның талаптарына, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржы ұйымдары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыруға;
      2) кредитордан коллекторлық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды (түпнұсқаларды және көшірмелерді), борышкер туралы түсіндірмелер мен қосымша мәліметтерді алуға;
      3) берешекті өндіріп алу туралы шарттың талаптарына сәйкес берешекті өндіріп алу жөніндегі қызметті жүзеге асырғаны үшін кредитордан ақшалай сыйақы талап етуге;
      4) өз мүшелерінің мүдделерін қорғау және білдіру, олардың қызметін үйлестіру, олардың ғылыми, ақпараттық және кәсіптік мүдделерін қанағаттандыру, өзге де бірлескен міндеттерін шешу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен қауымдастықтар (одақтар) құруға;
      5) кепiлге салынған мүлiкті (Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заң актісінде көзделген жағдайларды қоспағанда) соттан тыс тәртіппен не сот тәртібімен өндіріп алуға;
      6) егер кредитор берешекті өндіріп алу туралы шарттың талаптарын бұзған, коллекторлық қызмет объектісі туралы қажетті ақпарат беруді қамтамасыз етпеген, дәйексіз деректер берген не берешекті өндіріп алу туралы шартқа сәйкес келетін жұмыс талаптарын қамтамасыз етпеген жағдайларда, коллекторлық қызметті жүзеге асырудан бас тартуға;
      7) негізгі борыш және (немесе) оның сыйақысы бойынша мерзімі қатарынан күнтізбелік тоқсан күннен асып кеткен банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша, жеке тұлғаға берілген қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күннен асатын ипотекалық қарыз бойынша кредитормен талап ету құқығын басқаға беру шартын жасасуға құқылы.
      Коллекторлық агенттіктің борышкер жеке тұлғаның тұрғын үй түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген берешегіне қатысты талап ету құқығын басқаға беру шартын жасасуына жол берілмейді.
      8) тиісті сұрау салудың негізінде берешекті өндіріп алу туралы жасалған шарттар бойынша банктік құпия, микрокредитті беру құпиясы болып табылатын борышкерлер туралы мәліметтерді кредитордан алуға;
      9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және берешекті өндіріп алу туралы шартта белгіленген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      15-бап. Коллекторлық агенттіктің мiндеттерi

      Коллекторлық агенттік:
      1) кредиторға борышкермен өзінің үлестестігі туралы, осындай үлестестіктің негіздері туралы, сондай-ақ коллекторлық агенттіктің шарттық міндеттемелерін орындауына әсерін тигізетін немесе әсерін тигізуі мүмкін және (немесе) коллекторлық агенттіктің жеке мүддесі мен кредитордың заңды мүдделері арасында қайшылықтың туындауына не кредитордың заңды мүдделеріне, оның ішінде коллекторлық агенттіктің борышкердің кредитор алдындағы өзінің міндеттемелерін орындамауына тікелей немесе жанама мүдделі болуы нәтижесінде зиян келтіруге әкеп соғуы мүмкін өзге де жағдайлар туралы ақпаратты кредитордың назарына уақтылы жеткізуге;
      2) орналасқан жерi не атауы өзгерген жағдайда, бұл туралы сатып алынған құқықтар (талап ету) бойынша борышкерлерге коллекторлық агенттіктің орналасқан жері бойынша осындай өзгерiстер болған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде тиiстi ақпаратты екi баспа басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялау арқылы хабарлауға;
      3) коллекторлық қызмет құпиясын сақтауға;
      4) айына бір реттен асырмай борышкердің жазбаша сұрау салуы бойынша сұрау салу алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде негізгі борыштың, сыйақының, комиссияның, айыпақының, айыппұлдардың мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының және иеленген талап ету құқықтары бойынша басқа да төленуге жататын сомалардың қалдығы туралы мәліметтерді жазбаша нысанда өтеусіз беруге;
      5) кредитордан, борышкерден және үшінші тұлғалардан алынатын құжаттар мен ақпараттың сақталуын, Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес борышкерлердің дербес деректерінің қорғалуын қамтамасыз етуге;
      6) кредитордың банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру кезінде борышкерден қосымша комиссиялар мен төлемдерді біржақты тәртіппен алуына жол бермеуге;
      7) талап ету құқығын басқаға беру шарты бойынша кредитордың құқықтары (талаптары) ауысқан кезде бастапқы кредитор мен борышкер арасында жасалған кредиттік шарттарға Қазақстан Республикасының заңнамасында қойылатын талаптар мен шектеулерді сақтауға;
      8) борышкерлердің қызметін автоматтандыру және берешегін есепке алу үшін пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтылымның болуына;
      9) кредиттік бюромен ақпарат беру туралы шарт жасасуға;
      10) уәкілетті орган айқындаған мерзімдерде және тәртіппен уәкілетті органға есептілік беруге;
      11) осы Заңның 5-бабы 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген құжаттарға енгізілген өзгерістер туралы он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге;
      12) борышкердің талап етуі бойынша не оның келісімі болған кезде борышкермен өзара іс-қимыл процесін аудиотехника және (немесе) бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеуге;
      13) борышкермен өзара іс-қимыл жасау кезінде коллекторлық қызметті және борышкермен өзара іс-қимылды жүзеге асыру қағидаларын сақтауға;
      14) уәкілетті органға оның сұрау салуы негізінде борышкерлер мен кредиторлардың шағымдары бойынша аудио- және (немесе) бейнежазба (бар болса) материалдарын беруге;
      15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген коллекторлық қызметті жүзеге асыру және борышкермен өзара іс-қимыл жасау қағидаларын және өзге де талаптарды сақтауға мiндеттi.

      16-бап. Борышкердің немесе оның өкілінің құқықтары

      Борышкер немесе оның өкілі коллекторлық агенттіктің берешекті өндіріп алуды жүзеге асыруы кезінде:
      1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, берешекті өндіріп алуды жүзеге асыратын коллекторлық агенттік, оның орналасқан жері, онда өзінің дербес деректерінің болуы, берешектің мөлшері мен құрылымы туралы мәліметтер алуға;
      2) коллекторлық агенттіктің талаптарына толығымен, сондай-ақ оның бөлігінде дау айтуға;
      3) өзінің берешегі туралы ақпарат алу үшін коллекторлық қызметті және борышкермен өзара іс-қимылды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған кез келген тәсілмен коллекторлық агенттікпен өзара іс-қимыл жасауға;
      4) коллекторлық агенттіктің жосықсыз қызметіне уәкілетті органға шағыммен жүгінуге;
      5) коллекторлық агенттікпен өзара іс-қимыл жасау кезінде аудиотехника және (немесе) бейнетехника құралдарының көмегімен өзара іс-қимыл процесін тіркеуді талап етуге;
      6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтардың болуына құқылы.

4-тарау. Коллекторлық агенттіктерді мемлекеттік реттеу, олардың қызметін бақылау

      17-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      1. Коллекторлық агенттіктердің қызметін мемлекеттік реттеуді және бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес уәкілетті орган жүзеге асырады.
      2. Уәкілетті орган:
      1) коллекторлық агенттіктерді есептік тіркеуді жүргізедi және коллекторлық агенттіктердің тізілімін жүргізеді;
      2) коллекторлық агенттік есептілігінің тiзбесiн, нысанын, оны ұсыну мерзiмдерi мен тәртiбiн айқындайды;
      3) коллекторлық қызметті және борышкермен өзара іс-қимылды жүзеге асыру қағидаларына қойылатын жалпы талаптарды белгілейді;
      4) коллекторлық агенттіктің қызметін тексеруді жүзеге асырады;
      5) борышкердің коллекторлық агенттіктің жосықсыз қызметіне шағымын қарайды;
      6) осы Заңның 6-бабының 2-тармағында және 7-бабының 5-тармағында көзделген талаптарды орындамаған жағдайда, коллекторлық агенттікті қайта ұйымдастыру не тарату туралы сотқа талап қою арызын береді;
      7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      18-бап. Ықпал ету шаралары және оларды қолдану негіздері

      1. Коллекторлық агенттік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған, коллекторлық қызметті жүзеге асыру және борышкермен өзара іс-қимыл жасау қағидаларының сақталмауы, коллекторлық агенттіктің басшы қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған кезде уәкілетті орган осы бапта белгіленген ықпал ету шараларын қолданады. Шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар ықпал ету шаралары деп түсініледі.
      2. Уәкілетті орган коллекторлық агенттікке мынадай шектеулі ықпал ету шараларын қолдануға:
      1) коллекторлық агенттікке анықталған бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ оларды жасауға ықпал ететін жағдайларды белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған орындалуы мiндеттi түзеу шараларын қабылдауға және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ оларды жасауға ықпал ететін жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – іс-шаралар жоспары) белгiленген мерзiмде ұсыну қажеттігіне арналған орындалуы мiндеттi жазбаша ұйғарым жіберуге құқылы.
      Жазбаша ұйғарым белгіленген мерзімде ұсынылған іс-шаралар жоспарында олардың туындауына әкеп соққан бұзушылықтардың, себептердің сипаттамасы, жоспарланған іс-шаралар тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі.
      Уәкілетті органның жазбаша ұйғарымында сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
      2) уәкілетті орган осы ескерту шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде жазбаша ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасының, Қазақстан Республикасының банк заңнамасының не Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасының нормаларын қайталап бұзушылықты анықтаған жағдайда, коллекторлық агенттікке осы баптың 5-тармағында көзделген санкцияларды қолдану мүмкіндігі туралы жазбаша ескерту шығаруға;
      3) уәкілетті орган мен коллекторлық агенттік арасында анықталған бұзушылықтарды дереу жою қажеттігі және оларды жою мерзімдерін көрсете отырып, осы бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар тізбесін және (немесе) коллекторлық агенттік анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін өзіне қабылдайтын шектеулер тізбесін бекіту туралы жазбаша келісім жасауға құқылы.
      Жазбаша келісімге коллекторлық агенттіктің тарапынан міндетті түрде қол қойылуға тиіс.
      3. Коллекторлық агенттік уәкілетті органды жазбаша ұйғарымда және жазбаша келісімде көрсетілген шаралардың осы құжаттарда көзделген мерзімде орындалғаны туралы хабардар етуге міндетті.
      Егер бұзушылықты жою үшін белгіленген мерзім бір айдан асатын болса, коллекторлық агенттік орын алған кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралардың орындалуы туралы уәкілетті органды ай сайын айдың жиырмасына дейін хабардар етеді.
      Бір шектеулі ықпал ету шарасын қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда басқа шектеулі ықпал ету шараларының қолданылуын жоққа шығармайды, бұрын қабылданған шаралардың қолданылуын тоқтата тұрмайды және тоқтатпайды.
      4. Іс-шаралар жоспарында, жазбаша келісімде не жазбаша ұйғарымда белгіленген мерзімде коллекторлық агенттікке байланысты емес себептер бойынша бұзушылықтарды жою мүмкін болмаған жағдайда, іс-шаралар жоспарын, жазбаша келісімді не жазбаша ұйғарымды орындау мерзімін уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен уәкілетті орган ұзарта алады.
      5. Уәкілетті орган санкциялар ретінде:
      1) осы Заңның 7-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша коллекторлық агенттікті коллекторлық агенттіктердің тізілімінен шығаруды;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген негіздер бойынша айыппұл салу мен өндіріп алуды қолдануға құқылы.
      6. Уәкілетті органның коллекторлық агенттікке осы бапта көзделген ықпал ету шараларын қолдану туралы шешіміне сотқа шағымдануға болады.

      19-бап. Коллекторлық қызметті тексеру

      1. Коллекторлық агенттіктің қызметiн тексеруді уәкілетті орган «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырады.
      2. Коллекторлық агенттік уәкілетті органның тексеруге берген тапсырмасында көрсетiлген мәселелер бойынша уәкілетті органға жәрдем көрсетуге, сондай-ақ кез келген лауазымды адамдар мен қызметкерлерден жауап алу мүмкiндiгiн және тексерудi орындауға қажеттi кез келген ақпарат көздеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Уәкілетті органның қызметкерлеріне коллекторлық агенттіктің қызметiн тексеру барысында алынған мәлiметтердi жария етуге не үшiншi тұлғаларға беруге тыйым салынады.
      4. Тексерудi жүзеге асыратын адамдар коллекторлық агенттіктің қызметiн тексеру барысында алынған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi жария еткенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

5-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

      20-бап. Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет
               туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      21-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заңда айқындалған коллекторлық қызметті жүзеге асыратын және коллекторлық агенттіктер ретінде тіркелмеген ұйымдар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік қайта тіркелуге жатады.
      2. Осы бапта белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда, коллекторлық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қайта ұйымдастырылуға не таратылуға жатады.

      22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. Осы Заңның 4-бабы 5-тармағының екінші бөлігінің талабы осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл ішінде әділет органдарында мемлекеттік қайта тіркеуден және есептік тіркеуден өткен коллекторлық агенттіктерге қолданылмайды.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады