Тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1182 қаулысы

      2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 15-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қағидалары бекітілсін.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 тамыздағы № 721 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 31, 338-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1115 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 6-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 60, 827-құжат).
      3. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2015 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1182 қаулысымен
бекітілген    

Тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті
қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді
қабылдау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес әзірленді және тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау тәртібін айқындайды.
      2. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілер мынадай талаптарға сай келеді:
      1) өндірістік қызмет нәтижелеріне қатысты қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының басымдығын белгілейді;
      2) қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарына сәйкес келетін еңбек жағдайларына құқықтарын қамтамасыз етеді;
      3) еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы бірыңғай талаптарды белгілейді;
      4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес қызметкерлер, лауазымды тұлғалар және ұйым басшысы арасындағы құқықтар мен міндеттердің аражігін ажыратады;
      5) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган, еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган, жұмыс берушілердің және қызметкерлердің өкілдері арасында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы келісілген іс-қимылдарды қамтамасыз етеді;
      6) эргономикалық, ұйымдастыру, техникалық, технологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық, психофизиологиялық және медициналық нормаларды белгілейді;
      7) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнамалық және басқа да жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілерге, оның ішінде Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келеді.
      3. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді және қызметкерлердің еңбек қызметі процесінде олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған қағидаларды, рәсімдер мен нормативтерді қамтуға тиіс.

2. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы
нормативтік құқықтық актілерді қабылдау тәртібі

      4. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар өздерінің құзіретіне сәйкес жүзеге асырады.
      5. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлейтін мемлекеттік орган жобаны дайындау жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды жұмыс тобының функциясын орындайтын өзінің бөлімшелерінің біріне тапсырады.
      Жұмыс тобының құрамына өздерінің мақсатына қарай мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми мекемелердің өкілдері қосылады.
      6. Мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауды өзіне ведомстволық бағынысты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тапсыруы немесе оны дайындауды шарттық негізде, оның ішінде конкурс бойынша мамандарға, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға немесе олардың ұжымдарына тапсыруы мүмкін. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы әзірленген нормативтік құқықтық актілердің жобалары жұмыс тобына қарауға ұсынылады.
      7. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу кезінде:
      1) еңбек қауіпсіздігінің жалпы талаптары;
      2) жұмыс басталар алдындағы еңбек қауіпсіздігінің талаптары;
      3) жұмыс уақытындағы еңбек қауіпсіздігінің талаптары;
      4) авариялық жағдайлардағы еңбек қауіпсіздігінің талаптары;
      5) жұмыс соңындағы еңбек қауіпсіздігінің талаптары;
      6) өндірістік (технологиялық) процестерге қойылатын талаптар;
      7) өндірістік орын-жайларға қойылатын талаптар;
      8) өндірістік алаңдарға (өндірістік орын-жайлардан тыс жерлерде орындалатын процестер үшін) қойылатын талаптар;
      9) бастапқы материалдарға, дайындамалар мен жартылай фабрикаттарға қойылатын талаптар;
      10) өндірістік жабдықтарға қойылатын талаптар;
      11) өндірістік жабдықтардың орналастырылуына және жұмыс орындарының ұйымдастырылуына қойылатын талаптар;
      12) бастапқы материалдарды, дайындамаларды, жартылай фабрикаттарды, дайын өнімдер мен өндіріс қалдықтарын сақтау және тасымалдау тәсілдеріне қойылатын талаптар;
      13) өндірісте жұмыс істейтіндердің еңбек ету және демалу режимі;
      14) қызметкерлерді кәсіптік іріктеуге және олардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімін тексеруге қойылатын талаптар;
      15) өндірісте жұмыс істейтіндерді арнайы киіммен және басқа да жеке және (немесе) ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету жөніндегі талаптар;
      16) қорғаныш құралдарын қолдануға қойылатын талаптар;
      17) қызметкерлерді санитариялық-тұрмыстық орын-жайлармен қамтамасыз ету жөніндегі талаптар қамтылады.
      8. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық акт қосымша талаптарды қамтуы мүмкін.
      9. Жұмыс тобы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлегеннен кейін оларды  тиісті уәкілетті мемлекеттік органға бекітуге ұсынады.
      10. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен келісу бойынша бекітеді.
      Нормативтік құқықтық актілер «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары ескеріле отырып әзірленеді және қабылданады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады