Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1198 қаулысы.

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 64-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1198 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 64-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту тәртібін белгілейді.

      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) уәкілетті комиссия – Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру, оны өткеру және тоқтату, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту мәселелерін қарайтын комиссия, оның ережесі мен құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді;

      1-1) уәкілетті мемлекеттік органдар – мемлекеттік жоспарлау, еңбек, инвестициялар және даму саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;

      2) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының шетелдік жұмыскері – (бұдан әрі – шетелдік жұмыскер) – Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына еңбек шарты бойынша тартылған шетелдік.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 30.06.2017 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      3. Шетелдік жұмыскерлердің лауазымдарын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары уәкілетті комиссиямен келісу бойынша белгілейді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қабылдайтын шетелдік жұмыскерлер қызметінің сапасы үшін дербес жауапкершілік мемлекеттік органдардың басшыларына жүктеледі.

      Шетелдік жұмыскерлер мемлекеттік лауазымдарды атқармайды және лауазымды тұлғалар бола алмайды.

      4. Шетелдік жұмыскерлерге мемлекеттік құпияларға рұқсат беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында айқындалады.

      5. Алып тасталды – ҚР Үкіметінің 30.06.2017 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      5-1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары шетелдік жұмыскерлердің лауазымдарын және оларға қойылатын біліктілік талаптарын белгілейді және оларды осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға келісуге жібереді.

      Ескерту. Қағидалар 5-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 30.06.2017 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      5-2. Уәкілетті мемлекеттік органдар он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары ұсынған шетелдік жұмыскерлердің лауазымдарын қарайды және келіседі не осы Қағидаларға 2-қосымшада жазылған көрсеткіштерге сай келмеген кезде оларды келісуден бас тартады.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары келісу нәтижелерін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға уәкілетті мемлекеттік органдардың келісуін қоса бере отырып, шетелдік жұмыскерлердің лауазымдарын белгілеу туралы ұсыныстар енгізеді.

      Ескерту. Қағидалар 5-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 30.06.2017 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      5-3. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган шетелдік жұмыскерлердің лауазымдарын белгілеу туралы ұсыныстарды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде белгіленген тәртіппен оларды жинақтап, кейіннен уәкілетті комиссияның қарауына жібереді.

      Уәкілетті комиссияның оң шешімін алған жағдайда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары бес жұмыс күні ішінде шетелдік жұмыскерлердің лауазымдарын және шетелдік жұмыскерлерге қойылатын біліктілік талаптарын белгілейді.

      Ескерту. Қағидалар 5-3-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 30.06.2017 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

2. Шетелдік жұмыскерлерді жұмысқа қабылдау, еңбек шартын жасасу және бұзу тәртібі

      6. Шетелдік жұмыскерді қабылдау кезеңдері:

      1) шетелдік жұмыскерден Қағидалардың 7-тармағында көзделген құжаттарды қабылдау;

      2) шетелдік жұмыскерлердің құжаттарын Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына міндетті арнайы тексеру үшін жіберу;

      3) шетелдік жұмыскерді жұмысқа қабылдауды уәкілетті комиссиямен келісу;

      4) еңбек шартын жасасу.

      7. Шетелдік жұмыскер Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына мынадай құжаттарды:

      1) қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармасымен қоса жұмысқа қабылдау туралы еркін нысандағы өтінішті;

      2) жеке басты куәландыратын құжаттар мен олардың нотариат куәландырған аудармаларын;

      3) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмеген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тану немесе нострификациялау рәсімінен өткен бiлiм туралы құжаттардың нотариат куәландырған аудармаларын (қазақ немесе орыс тілінде);

      4) еңбек қызметін растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін, сондай-ақ олардың қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасын;

      5) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген № 086/у нысанындағы медициналық анықтаманы;

      6) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына жұмысқа қабылдау кезінде шетелдік қызметкерлерге Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының міндетті арнайы тексеру жүргізу қағидаларында көзделген талаптарға сәйкес өзге де құжаттарды ұсынады.

      8. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына ұсынылатын құжаттардың қазақ не орыс тілдеріндегі аудармасын шетелдік жұмыскер қамтамасыз етеді.

       9. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) ұсынылған құжаттарды шетелдік жұмыскердің тиісті лауазымға қойылатын белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды және олар сәйкес келген жағдайда Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттарды қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде міндетті арнайы тексеру жүргізу үшін қажетті материалдарды қалыптастырады және оларды Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына жібереді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 30.06.2017 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      10. Міндетті арнайы тексерудің оң нәтижесі алынған жағдайда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы бес жұмыс күні ішінде Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген шетелдік жұмыскердің құжаттарын Ұлттық комиссияға келісуге жібереді.

      Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органының міндетті арнайы тексеруінің теріс нәтижесі шетелдік жұмыскерді жұмысқа қабылдау құжаттарын уәкілетті комиссияға келісуге жіберуден бас тартудың негіздемесі болып табылады.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы үш жұмыс күні ішінде шетелдік жұмыскерді міндетті арнайы тексерудің нәтижелері туралы хабардар етеді.

      11. Уәкілетті комиссия ұсынылған кандидатураны және еңбек шартын жасасу мерзімін келіседі не оны келісуден бас тартады. Уәкілетті комиссияның шешімі бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына жіберіледі.

      12. Уәкілетті комиссияның оң қорытындысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына шетелдік жұмыскерді жұмысқа қабылдау үшін негіздеме болып табылады.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы үш жұмыс күні ішінде шетелдік жұмыскерді уәкілетті комиссияның қабылданған шешімі туралы хабардар етеді.

      13. Орталық атқарушы органның жауапты хатшысы немесе белгіленген тәртіппен тиісті өкілеттіктер жүктелген лауазымды адамы, ал жауапты хатшы немесе көрсетілген лауазымды адам болмаған жағдайларда – мемлекеттік органның басшысы шетелдік жұмыскерді мемлекеттік орган уәкілетті комиссиямен келісу бойынша белгілеген лауазымға тағайындайды және шетелдік жұмыскермен бір жылдан аспайтын мерзімге, оның алдына қойылған міндеттерді қамтитын еңбек шартын жасасады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 30.06.2017 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      14. Еңбек шартын тоқтату Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген тәртіппен және негіздемелер бойынша жүзеге асырылады.

      15. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары шетелдік жұмыскермен жасалған еңбек шартының мерзімі өткенге дейін екі айдан кешіктірмей уәкілетті мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлер қызметінің нәтижелері туралы ақпаратты жібереді.

      Еңбек шарты бір жылдан аз мерзімге жасалған жағдайда шетелдік жұмыскерлер қызметінің нәтижелері туралы ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскермен жасалған еңбек шарты аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жіберіледі.

      Ескерту. Қағидалар 15-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 30.06.2017 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      16. Уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жіберген шетелдік жұмыскер қызметінің нәтижелері туралы ақпаратты алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарап, оның нәтижелері бойынша осы Қағидаларға 2-қосымшада көзделген көрсеткіштерге сәйкес шетелдік жұмыскерлердің қызметі туралы қорытындыны береді және оны мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      Ескерту. Қағидалар 16-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 30.06.2017 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      17. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган уәкілетті мемлекеттік органдардың шетелдік жұмыскерлердің қызметі туралы қорытындыларын жинақтайды және соңғы қорытындыны бес жұмыс күні ішінде уәкілетті комиссияның қарауына жібереді.

      Шетелдік жұмыскерлер қызметінің нәтижелері туралы ақпаратты қарау және уәкілетті комиссияның оң шешімінің қорытындылары бойынша еңбек шарты бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.

      Ескерту. Қағидалар 17-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 30.06.2017 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту
қағидаларына
1-қосымша
  Нысан

Лауазымдар мен шетелдік жұмыскерлерге қойылатын біліктілік талаптары

      Ескерту. Қағидалар 1-қосымшамен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 30.06.2017 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      _________________________________________

      (Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының атауы)

Р/с №

Лауазымның атауы

Біліктілік талаптары*

Негіздеме

1





      ___________________________

      (Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының басшысы)

      * шетелдік жұмыскерлердің лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары нақты лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес салаларда біліктілікке және жұмыс тәжірибесіне қойылатын талаптарды нақтылайды.

 
  Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту
қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Шетелдік жұмыскерлердің лауазымдарын келісу

      Ескерту. Қағидалар 2-қосымшамен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 30.06.2017 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.


Р/с №

Лауазымның атауы және біліктілік талаптары

Көрсеткіштер

Сәйкес келеді/сәйкес келмейді
 

Негіздеме

1

2

3

4

5

1


елдің немесе жекелеген өңірлердің даму бағытының өзектілігі мен басымдығы



елде қажетті салалар және қызмет салалары бойынша тиісті кадрлардың болмауы не бар кадрлардың біліктілігінің жеткіліксіздігі



озық әлемдік технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз ету не заманауи арнайы білім беру



мемлекеттік аппараттың еңбекті ұйымдастыру тиімділігін және мәдениетін арттыру



елдің немесе жекелеген өңірлердің нақты салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру





шетелдік жұмыскерлерге еңбекақы төлеуге жұмсалған қаражатты қайтару анықтығы мен болжамдылығы



      ___________________________

      (Қазақстан Республикасы уәкілетті мемлекеттік органының басшысы)


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады