Байланыс формасы

"Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 24 наурыздағы № 153 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысын бекіту туралы

      «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 1-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысы бекітілсін.
      2. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң  
2016 жылғы   
      № Жарлығымен  
      БЕКІТІЛГЕН   

Қазақстан Республикасының
Консулдық жарғысы
 
 

      Осы Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысы (бұдан әрі – Жарғы) Қазақстан Республикасының консулдық қызметінің құқықтық негіздерін, Қазақстан Республикасының консулдық лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде Қазақстан Республикасының, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтары мен міндеттерін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жарғыда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) Қазақстан Республикасының консулдық мекемесі (бұдан әрі – консулдық мекеме) – белгілі бір консулдық округтің шегінде Қазақстан Республикасының атынан консулдық функцияларды орындайтын Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесі;
      2) консулдық мекеменің сыныбы – Қазақстан Республикасы болу мемлекетімен келісу бойынша оның болу мемлекетіндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси маңызына және орналасқан жеріне байланысты айқындайтын консулдық мекеменің мәртебесі;
      3) консулдық мекеменің басшысы – консулдық мекемені басқаратын Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің қызметкері;
      4) Қазақстан Республикасының консулдық лауазымды адамы (бұдан әрі – консул) – Қазақстан Республикасының атынан консулдық округтің шегінде консулдық функцияларды орындайтын Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің қызметкері;
      5) Қазақстан Республикасының құрметті (штаттан тыс) консулы (бұдан әрі – құрметті консул) – Қазақстан Республикасының құрметті консулдығын (бұдан әрі – құрметті консулдық) басқаратын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметінде тұрмайтын, Қазақстан Республикасы атынан шет мемлекеттің аумағында консулдық округтің шегінде жекелеген консулдық функцияларды орындау тапсырылған адам;
      6) консулдық округ – консулдық функцияларды орындау үшiн консулдық мекемеге бөлiнiп берiлген аумақ;
      7) консулдық архив – құжаттар, хат-хабарлар, аудио және бейне материалдар, ақпаратты электрондық жеткізгіштер, кітаптар, журналдар, тізілімдер, картотекалар, шифрлар, кодтар, мөрлер, мөртаңбалар және консулдық функцияларды орындауға арналған өзге де заттар;
      8) болу мемлекеті – аумағында Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі орналасқан шет мемлекет.
      2. Қазақстан Республикасының консулдық қызметі – халықаралық құқық жол беретін шектерде мемлекеттің, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен достық қарым-қатынастарын дамытуға, экономикалық, сауда-саттық, ғылыми-техникалық, ізгілік-мәдени байланыстарды және туризмді кеңейтуге жәрдемдесетін Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің бір бөлігі.
      3. Қазақстан Республикасының Консулдық қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына, осы Жарғыға, болу мемлекетінің заңнамасын ескере отырып өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Дипломатиялық және оған теңестірілген өкiлдiктер (бұдан әрі – дипломатиялық өкілдік) жоқ мемлекеттерде болу мемлекетінiң келiсімі бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) консулдық мекеменің басшысына дипломатиялық функцияларды жүктеуi мүмкiн.
      5. Консулдық мекемелердің ғимараттарында міндетті түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріледі және Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылады.
      6. Консулдық мекеменің Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы бейнеленген және мекеменiң атауы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлінде және болу мемлекетінiң ресми тiлiнде жазылған мөрі болады.
      7. Консулдық мекеменiң орналасқан жері, оның сыныбы мен консулдық округi болу мемлекетімен келiсу бойынша айқындалады.

2. Консулдық мекемелердің қызметін ұйымдастыру

      8. Консулдық мекемелер мынадай сыныптарға бөлінеді: бас консулдықтар, консулдықтар, вице-консулдықтар және консулдық агенттіктер.
      Дипломатиялық өкілдіктер жанында консулдық функцияларды орындайтын консулдық бөлімдер жұмыс істейді.
      Дипломатиялық өкілдіктің консулдық бөлімін болу мемлекетінің аумағындағы немесе дипломатиялық өкілдік қоса атқарушы болып аккредиттелген басқа мемлекеттің аумағындағы дипломатиялық өкілдіктің басшысы құрады.
      9. Консулдық мекеме болу мемлекетінің аумағында сол мемлекеттің келісімі бойынша ғана ашылады.
      10. Консулдық мекемелер Министрліктің және болу мемлекетіндегі дипломатиялық өкілдіктің (бар болған жағдайда) басшылығымен немесе Министрліктің тапсырмасы бойынша басқа мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктің басшылығымен жұмыс істейді.
      11. Консулдық мекемелер Министрлікке консулдық қызметі туралы есептер ұсынады.
      12. Консулдық мекемелер:
      1) бас консулдықтар – Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының;
      2) консулдықтар, вице-консулдықтар және консулдық агенттіктер – Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының негізінде құрылады, қайта ұйымдастырылады және өз қызметтерін тоқтатады.
      13. Консулдық мекеменің орналасқан жерін болу мемлекеті шегінде өзгерту консулдық мекемені ашу үшін көзделген қосымша актіні қабылдауды талап етпейді және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің (бұдан әрі – Министр) шешімімен жүзеге асырылады.
      14. Консулдық мекемелер және олардың персоналы болу мемлекетінде болу мемлекетінің заңнамасына, халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына, Қазақстан Республикасы мен болу мемлекеті ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
      15. Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен консулдық байланыс орнатуы өзара келісім бойынша жүзеге асырылады. Дипломатиялық қатынастар орнатуға келісім, егер өзгеше ескертілмесе, консулдық қарым-қатынастар орнатуға келісімді білдіреді.
      16. Консулдық мекемелер Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимылды консулдық округте орналасқан олардың өкілдіктерін қоспағанда, Министрлік арқылы жүзеге асырады.
      17. Консулдық көрсетілетін қызметтерді алу үшін жеке және заңды тұлғалардан түсетін құжаттарды қабылдауды және өңдеуді Қазақстан Республикасының аумағында – Министрліктің және Министрлікке жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға жәрдемдесетін Министрлікке ведомстволық бағынысты шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның қызметкерлері, шет елдерде – Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері жүзеге асырады.
      18. Қазақстан Республикасының аумағында консулдық функцияларды іске асыру кезінде материалдық-техникалық қамтамасыз етуді Министрлік және Министрлікке жүктелген функцияларды жүзеге асыруға жәрдемдесетін Министрлікке ведомстволық бағынысты шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.

3. Консулдық мекеменің басшысы және персоналы

      19. Бас консулдықтарды, консулдықтарды, вице-консулдықтарды және консулдық агенттiктердi тиiсiнше бас консулдар, консулдар, вице-консулдар және консулдық агенттер басқарады.
      Дипломатиялық өкiлдiктердiң консулдық бөлiмдерiн консулдық бөлiмдердiң меңгерушiлерi басқарады.
      20. Консулдық мекеменің басшысына лауазымға тағайындалған кезде Министр немесе оның міндетін атқарушы өзге адам қол қоятын жазбаша өкілеттік – консулдық патент беріледі, онда басшының толық аты мен тегі, консулдық мекеменің сыныбы, консулдық округ және консулдық мекеменің болу мемлекетіндегі орналасқан жері көрсетіледі.
      Консулдық патентті құрметті консулға берген кезде қосымша оның азаматтығы көрсетіледі.
      21. Консулдық мекеменің басшысы өз мiндеттерiн атқаруға болу мемлекетінiң рұқсатын – экзекватурасын алғаннан кейiн кiрiседi. Осы Жарғының 22-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, консулдық мекеменің басшысы экзекватура алғанға дейін өз міндеттерін атқаруға кірісе алмайды.
      22. Болу мемлекетінің келісімімен консулдық мекеменің басшысы өзіне экзекватура берілгенге дейін консулдық функцияларды орындауға уақытша жіберіледі.
      Егер консулдық мекеменің басшысы қандай да бiр себепке орай өз функцияларын орындай алмаса немесе консулдық мекеменің басшысы лауазымы уақытша бос болса, оның мiндеттерiн уақытша атқаруды Министрліктің айқындауы бойынша осы немесе өзге консулдық мекеменiң (дипломатиялық өкілдіктің) консулы жүзеге асырады.
      Егер консулдық мекеменің басшысы қызметтік қажеттілікке байланысты болу мемлекетінен тыс жерде немесе еңбек демалысында болса, оның міндеттерін уақытша атқаруды консулдық мекеменің басшысы айқындайтын осы консулдық мекеменің консулы жүзеге асырады.
      23. Консулдық мекеменің басшысы:
      1) Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін барлық заңды құралдармен және әдістермен қорғайды;
      2) консулдық округтегі ішкі және сыртқы саясат мәселелері бойынша Министрлікті хабардар етеді;
      3) Қазақстан Республикасының болу мемлекетімен ынтымақтастығын дамытуды қамтамасыз етеді;
      4) болу мемлекетінде консулдық мекемеге, персоналға және олардың отбасы мүшелеріне халықаралық құқық нормалары мен болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес берілетін артықшылықтар мен иммунитеттерді қамтамасыз ету жөнінде қажетті шараларды қабылдайды;
      5) консулдық округтен тыс жерге қысқа мерзімді қызметтік іссапарларға шығуды Министрлікпен келіседі;
      6) заңнамамен және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен өз құзыретіне жатқызылған басқа да функцияларды орындайды.
      24. Консулдық мекеменің басшысы:
      1) Министрлікке болу мемлекетімен екіжақты қатынастар мәселелері жөнінде белгіленген тәртіппен ұсыныстар енгізуге;
      2) консулдық мекеменің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарынан қажетті материалдар мен құжаттарды белгіленген тәртіппен алуға;
      3) Министрлiкке консулдық мекеменің персоналын мемлекеттiк наградалармен марапаттау, дәрежесi мен лауазымын көтеру, мерзiмiнен бұрын елге қайтару немесе шетелдегi жұмыс мерзiмiн ұзарту, тәртiптiк жаза қолдану туралы ұсыныстар енгiзуге;
      4) консулдық мекемені қаржыландыру жоспарында көзделген қаражаттың (шығыстың) лимитiне билiк етуге;
      5) консулдық мекеменің қызметі мәселелерi бойынша бұйрықтар шығаруға, Министрлікпен келісу бойынша қызмет көрсетушi персоналмен еңбек қатынастарына байланысты мәселелер бойынша шешiмдер қабылдауға, консулдық қызмет персоналының жыл сайынғы ақысы төленетiн еңбек демалыстарының кестесiн бекiтуге;
      6) жыл сайынғы ақысы төленетiн еңбек демалысы берiлген кездегі жол жүрудi қоспағанда, болу мемлекетіндегі дипломатиялық өкiлдiк басшысымен (бар болған жағдайда) келiсу бойынша консулдық мекеме персоналының және олардың отбасы мүшелерiнiң консулдық округтен тыс жерлерге қысқа мерзiмдi жол жүруiне рұқсат беруге;
      7) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен Министрдің бірлескен бұйрығында белгіленген тәртіппен болу мемлекетінде өзінің қызметкерлері жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша анықтау жүргізуге құқылы.
      25. Консулдық мекемелердің персоналы мен олардың отбасы мүшелері болу мемлекетінің заңдарын сақтауға, жергілікті салт-дәстүрлерді құрметтеуге және болу мемлекетінің ішкі істеріне араласу ретінде қарастырылуы мүмкін кез келген іс-әрекеттен тартынуға тиіс.
      26. Өз қызметін Қазақстан Республикасынан тыс жерде жүзеге асыратын консулдарға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын шет елдердегі дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттары қолданылады.

4. Консулдық функциялар және оларды орындау

      27. Консулдық функцияларды Қазақстан Республикасы атынан:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында – Министрлік;
      2) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде:
      Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері;
      болу мемлекеті келіскен кезде Қазақстан Республикасы тиісті халықаралық шарт жасасқан басқа мемлекеттер орындайды.
      28. Консулдық мекеменің басшысы өзiне жүктелген функцияларды жеке өзi орындайды.
      Консулдық мекемеде жекелеген консулдық функцияларды орындау – консулдық мекеме басшысының, дипломатиялық өкілдікте – дипломатиялық өкілдік басшысының бұйрығы негізінде басқа консулға жүктелуі мүмкін.
      29. Консулдық мекемеде консулдық функцияларды орындау кезінде заңдылықтың сақталуына дербес жауаптылық – консулдық мекеменің басшысына, дипломатиялық өкілдікте – дипломатиялық өкілдіктің басшысына және консулдық бөлімнің меңгерушісіне жүктеледі.
      30. Консул консулдық функцияларды консулдық округ шегінде орындайды. Консулдық функцияларды консулдық округтан тыс жерлерде орындау ерекше жағдайларда Министрліктің тапсырмасы бойынша болу мемлекетінің келісімімен жүзеге асырылады.
      31. Консулдың басқа мемлекеттің атынан консулдық функцияларды орындауы осы мемлекетпен уағдаластық бойынша және болу мемлекетінің келісімімен жүзеге асырылуы мүмкін.
      32. Консул жылына кемiнде бiр рет өз консулдық округiн аралап шығады.
      33. Консул консулдық архивке қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды.
      34. Консул өз консулдық округiнiң шегiнде консулдық мекеменiң қызметiне байланысты барлық мәселелер бойынша болу мемлекетінiң билік орындарына өтiнiш бiлдiруге құқылы.
      35. Консул өзінің консулдық қызметіне қатысты Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының, сондай-ақ шетелдік жеке және заңды тұлғалардың жазбаша және ауызша өтініштерін қабылдайды.
      36. Консулдық функцияларды жүзеге асыратын адамның әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымды консулдық мекеменің басшысы, дипломатиялық өкілдіктің басшысы немесе Министрлік, сондай-ақ өзге де тұлғалар және ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.
      37. Консулдық функцияларға:
      1) Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде шаралар қабылдау;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтарын консулдық есепке алу;
      3) Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелерін қарау;
      4) Қазақстан Республикасының визаларын беру, қалпына келтіру, жою, олардың қолданылу мерзімін ұзарту және қысқарту;
      5) жеке басты куәландыратын құжаттарды беру және алып қою;
      6) Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілерін тіркеу;
      7) Қазақстан Республикасының шет елдегі азаматтарын асырап алу, қамқоршылыққа және қорғаншылыққа алу;
      8) Қазақстан Республикасы азаматтарының шет елдерде тұрақты тұруына рұқсатты ресімдеу;
      9) құжаттарды заңдастыру;
      10) нотариаттық іс-әрекеттер жасау;
      11) құжаттарды талап етіп алдыру;
      12) Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлау құқықтарын іске асыру;
      13) санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық қорғау саласында шаралар қабылдау;
      14) Қазақстан Республикасының әуе кемелеріне, теңіз және өзен флоты кемелеріне, автомобиль және теміржол көлігі құралдарына жәрдемдесу;
      15) Қазақстан Республикасы азаматтарының мүлкін қорғауға қатысты шаралар қабылдау;
      16) болу мемлекетінде қиын жағдайға ұшыраған, оның ішінде форс-мажорлық жағдайлар салдарынан, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ қайтыс болған Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты шаралар қабылдау;
      17) қамаққа алынған, түрмеге қамалған, күзетке алынған немесе ұсталған Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты, сондай-ақ консулдық округ аумағында хабар-ошарсыз кеткен Қазақстан Республикасының азаматтарын іздестіру бойынша шаралар қабылдау жатады.
      38. 2008 жылғы 10 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес консулдық іс-әрекеттер жасағаны үшін консулдық алым алынады.
      39. Қазақстан Республикасының заңнамасында, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзге де консулдық функциялар көзделуі мүмкін.

5. Консулдың Қазақстан Республикасының жеке және заңды
тұлғаларына қатысты функциялары

      40. Консул Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының оларға болу мемлекетінiң заңнамасы және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар ұсынған барлық құқықтарды толық көлемде пайдалануы үшiн шаралар қабылдайды.
      41. Консул консулдық округ аумағындағы Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының және болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және қамтамасыз ету мақсатында жәрдем көрсетеді.
      42. Консул Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының бұзылған құқықтарын қалпына келтiру үшiн шаралар қабылдайды.
      43. Консул өзінің консулдық округінде уақытша жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарын болу мемлекетінің қолданыстағы заңнамасы, сондай-ақ жергілікті салт-дәстүрлер туралы хабардар етеді.
      44. Қазақстан Республикасы азаматтарының шет елде болуына қатысты мәселелер жөнiндегi консул өкiмдерiнiң олар үшiн мiндеттi күшi бар.
      45. Егер Қазақстан Республикасының азаматтары болмаса немесе қаржылық сипаттағы немесе науқастану себептерiне байланысты өздері қатыса алмаса әрi iстiң жүргiзiлуiн қандай да бiр адамға тапсырылмаса немесе басқа да себептермен өз мүдделерiн қорғай алмайтын болса, консулдық болу мемлекетінiң мекемелерiнде олардың атынан сенiмхатсыз өкiлдiк етуге құқығы бар. Бұл өкiлдiк олар өз уәкiлетті адамдарын тағайындағанға дейiн немесе өз құқықтары мен мүдделерiн қорғауды өздеріне алғанға дейiн жалғасады.

6. Қазақстан Республикасының азаматтарын консулдық есепке алу
жөніндегі функциялар

      46. Консул өзiнiң консулдық округiнде тұрақты тұрып жатқан және уақытша жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының есебін жүргiзедi.

7. Консулдың Қазақстан Республикасының азаматтығы
мәселелері жөніндегі функциялары

      47. Консул:
      1) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын адамдардан Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселесі бойынша өтініштер қабылдайды және оны қажетті құжаттармен бірге Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына жолдайды;
      2) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуын тіркейді;
      3) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтығына тиесілілігін айқындайды;
      4) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын адамдарды Қазақстан Республикасы Президентінің азаматтық мәселесі бойынша қабылдаған шешімі туралы хабардар етеді.

8. Консулдың Қазақстан Республикасы визаларын беру
жөніндегі функциялары

      48. Консул:
      1) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының визаларын береді, олардың күшін жояды, қалпына келтіреді, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзартады және қысқартады не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының визаларын беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды;
      2) шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың келуіне визалар беру есебінің бірыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі түрде жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішкі істер және ұлттық қауiпсiздiк органдарымен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасына өз еркімен қоныс аударуға ниет білдірген этностық қазақтарға келу, оның ішінде оралмандарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге келу шарттары, қабылдау шарттары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат береді;
      4) Қазақстан Республикасына келу туралы өтініштер берген көшіп келушілердің, оның ішінде этностық қазақтардың құжаттарын қабылдайды, тіркейді, оларды халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру үшін келуге арналған визаларды ресімдейді.

9. Консулдың жеке басты куәландыратын құжаттарды беру және
алып қою мәселелері жөніндегі функциялары

      49. Консул:
      1) Қазақстан Республикасының шет елдердегі азаматтарына паспорттар жасауға құжаттарды қабылдайды және жібереді әрі олардың паспорттарына қажетті жазбалар енгізеді;
      2) Қазақстан Республикасына қайтып оралу куәлігін береді;
      3) шетелде тұрақты тұру құқығына құжаттар алған Қазақстан Республикасының азаматтарынан – жеке куәліктерін, өзге мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда – Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алып қояды.
      50. Жеке басты куәландыратын құжаттарды беру және алып қою «Жеке басты кәуландыратын құжаттар туралы» 2013 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

10. Консулдың азаматтық хал актiлерiн тiркеу
жөнiндегi функциялары

      51. Консул:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық хал актілерін тіркеуді жүзеге асырады;
      2) азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгiзу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдік азаматтардың және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілері жазбалары органдарында тіркелген азаматтық хал актілерi жазбаларын қалпына келтіру және жою жөнінде шаралар қабылдайды.

11. Консулдың Қазақстан Республикасының шет елдегі азаматтарын
асырап алуға, қамқоршылыққа және қорғаншылыққа алуға қатысты
функциялары

      52. Консул Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға ниет білдірген шетелдіктердің есебін жүргізеді.
      53. Министрлік Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасына сәйкес шетелдiктерге асырап алуға берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды есепке қоюды жүзеге асырады.
      Шетелдіктерге асырап алуға берілген Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде есепке қою және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің балаларды бақылауды жүзеге асыру тәртібі Министрдің бұйрығымен бекітіледі.
      54. Консул консулдық округ шегiнде шетелдiктерге асырап алуға берiлген балаларды бақылауды жүзеге асырады.
      55. Консул консулдық округ аумағында тұрақты тұратын шетелдік азаматтар болып табылатын асырап алушылардың асырап алған баланың өмір сүру, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулығы туралы есеп беруін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
      56. Консул өзiнiң консулдық округiндегі, ата-ана қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған Қазақстан Республикасының азаматтарына қамқоршылық және қорғаншылық белгілеу үшін шаралар қабылдайды.
      Консул сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты өз құқықтарын өздігінен жүзеге асыра алмайтын және өз мiндеттерiн орындай алмайтын, кәмелетке толған Қазақстан Республикасының азаматтарына қамқоршылық белгілеу үшін шаралар қабылдайды.

12. Консулдың Қазақстан Республикасының азаматтарына шет елде
тұрақты тұруға рұқсат беруді ресімдеу мәселелері
жөніндегі функциялары

      57. Консул Қазақстан Республикасынан тыс жерге уақытша шыққан және шет мемлекетте тұрақты тұруды ресімдеуге ниет білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарына шет елде тұрақты тұруға рұқсат беруді ресімдеу құжаттарын қабылдауды жүзеге асырады.
      58. Консул шет елге уақытша шыққан және онда тұрақты тұруды ресімдеуге ниет білдірген Қазақстан Республикасы азаматтарының шет елде тұрақты тұруы мәселелері жөніндегі шешімдерді Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының рұқсаттары негізінде қабылдайды.
      59. Қазақстан Республикасынан тыс жерге уақытша жұмыстармен шыққан және онда тұрақты тұруды ресімдеуге ниет білдірген Қазақстан Республикасы азаматтарының құжаттарын қабылдау және жолдау тәртібі Министрдің бұйрығымен бекітіледі.

13. Консулдың құжаттарды заңдастыру мәселелері
жөніндегі функциялары

      60. Консул консулдық округтің билігі, сондай-ақ консулдық округте аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктер мен шет мемлекеттердің консулдық мекемелері жасаған немесе куәландырған құжаттар мен актiлердi заңдастыруға қабылдайды.
      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары шет мемлекеттер билігінің қатысуымен жасалған немесе осы биліктен шығатын құжаттар мен актiлерді заңдастырылған жағдайда ғана қарауына қабылдайды.
      61. Құжаттарды заңдастыру құжаттарды басқа мемлекетте пайдалану мақсатында лауазымды адамның қойған қолы мен құжаттардағы мөрдiң төлнұсқалығын белгілеу және куәландыру болып табылады.
      62. Құжаттарды заңдастыру тәртiбi Министрдің бұйрығымен бекітіледі.

14. Консулдың нотариаттық іс-әрекеттер жасау мәселелері
жөніндегі функциялары

      63. Консул мынадай нотариаттық іс-әрекеттер жасайды:
      1) Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардан басқа мәмілелерді куәландырады;
      2) мұраға құқық туралы куәліктер береді;
      3) ерлі-зайыптылардың және ортақ бірлескен меншік құқығында мүлкі бар өзге адамдардың ортақ мүліктегі үлеске меншік құқығы туралы куәліктер береді;
      4) құжаттардың көшірмелері мен олардан алынған үзінділердің дұрыстығын куәландырады;
      5) құжаттарға қойылған қолдың төлнұсқалығын куәландырады;
      6) құжаттардың бір тілден екінші тілге дұрыс аударылғанын куәландырады;
      7) азаматтың тірі екендігі фактісін куәландырады;
      8) азаматтың белгілі бір жерде болу фактісін куәландырады;
      9) құжаттардың берілген уақытын куәландырады;
      10) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін басқа жеке және заңды тұлғаларға береді;
      11) ақшаларды депозитке қабылдайды;
      12) құжаттар мен бағалы қағаздарды сақтауға қабылдайды;
      13) теңіз наразылықтарын жасайды;
      14) дәлелдемелерді қамтамасыз етеді.
      64. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде консул жасайтын өзге де нотариаттық іс-әрекеттер көзделуі мүмкін.
      65. Консул өз атына және өз атынан, өз жұбайының, оның және өз туыстарының (ата-аналары, балалары, аға-інілері, апа-сіңлілері, қарындастары, немерелері, атасы, әжесі) атына және олардың атынан нотариаттық іс-әрекеттер жасауға құқығы жоқ.

15. Консулдың құжаттарды талап етіп алдыру мәселелері
жөніндегі функциялары

      66. Консул өзiнiң консулдық округiнде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға олардың өз құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге қатысты құжаттарды талап етіп алдыруға жәрдем көрсетеді.
      Құжаттарды талап етіп алдыру Қазақстан Республикасынан немесе шет елдерден Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге қатысты құжаттарды салып жіберу (жеткізу, өткізу) болып табылады.
      67. Министрліктің мекемелері арқылы Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге қатысты құжаттарды талап етіп алдыру тәртібі Министр мен Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бірлескен бұйрығымен белгіленеді.

16. Консулдың Қазақстан Республикасы азаматтарының
сайлау құқықтарын іске асыру жөніндегі функциялары

      68. Консул Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың сайлау құқықтарының іске асырылуына, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сайлау құқығы қағидаттарының сақталуына жәрдем көрсетеді.
      69. Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды және республикалық референдумды өткізу кезінде Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесінің үй-жайында сайлау учаскесі құрылған жағдайда, консулдық мекеме бұл туралы консулдық округтің билік органдарын ресми түрде хабардар етеді.

17. Консулдың қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен лауазымды
адамдарының және сот органдарының тапсырмаларын орындау
жөнiндегi функциялары

      70. Консул Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген тәртіппен қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен лауазымды адамдарының және сот органдарының Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты тапсырмаларын орындайды.
      71. Консул консулдық округ шегіндегі Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өкілдеріне қызметтiк мiндеттерiн орындауға жәрдем көрсетеді.

18. Консулдың санитариялық, фитосанитариялық және
ветеринариялық қорғау саласында шаралар қабылдау
жөніндегі функциялары

      72. Консулдық округ аумағында карантиндiк аурулар пайда болған кезде консул Қазақстан Республикасының санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық қорғау саласындағы уәкiлеттi органдарын ауру таралған ауданның атын және шекарасын, ауруға шалдығу оқиғаларының санын және жергiлiктi биліктің iндетке қарсы қабылдаған шараларын көрсетiп, хабардар етедi.
      Консул Қазақстан Республикасына баруға рұқсат алған азаматтарға Қазақстан Республикасына барған кезде екпелер туралы халықаралық сертификат ұсыну қажеттiгi туралы хабардар етедi.
      73. Консулдық округ шегiнде ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң қауiптi аурулары немесе зиянкестерi пайда болған, сондай-ақ мал мен құстар жаппай ауырған немесе адам мен жануарларға ортақ аурулардың таралу қаупi болған жағдайларда консул бұл туралы Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарына хабарлайды.
      74. Консул Қазақстан Республикасына баруға рұқсат алған азаматтарға Қазақстан Республикасына барған кезде малға, шикiзатқа және жануарлардан алынатын өнiмдерге ветеринариялық сертификаттар ұсыну қажеттігі және Қазақстан Республикасына тұқымды, тірі өсімдіктерді, екпе материалды, жаңа піскен жемістер мен көкөністерді әкелу қағидалары туралы хабардар етеді.

19. Консулдың Қазақстан Республикасының әуе кемелеріне, теңіз
және өзен флоты кемелеріне, автомобиль құралдарына және
теміржол көлігіне қатысты функциялары

      75. Консул болу мемлекетінiң әуежайларында, өзiнiң консулдық округi шегiнде Қазақстан Республикасы әуе кемесiнiң (бұдан әрi – әуе кемесi) командирiне, экипажы мен жолаушыларына болу мемлекетінің заңнамасына және Қазақстан Республикасы мен болу мемлекеті ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес құқықтар мен иммунитеттер толық көлемде берiлуi үшін шаралар қабылдайды.
      76. Консул Қазақстан Республикасы әуе кемесiнің командирiне, экипажына және жолаушыларына болу мемлекетінiң билігімен қатынас жасауда жәрдем көрсетеді, сондай-ақ қажет болған жағдайда әуе кемесiн, оның экипажы мен жолаушыларын Қазақстан Республикасына қайтаруға немесе ұшуды жалғастыруына қатысты шаралар қабылдайды.
      77. Әуе кемесi консулдық округтiң шегiнде аварияға ұшыраған, қонуға мәжбүр болған немесе басқа бiр оқиғаға ұшыраған жағдайларда консул экипаж бен жолаушыларға қажеттi көмек көрсетедi.
      78. Әуе кемесiнiң бортында қылмыс жасалған жағдайда консул әуе кемесiнiң командирiне Қазақстан Республикасының заңнамасынан және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан туындайтын мiндеттердi орындауына жәрдем көрсетедi.
      79. Министрліктің Қазақстан Республикасының авиакомпанияларымен уағдаластығы бойынша консул дипломатиялық поштаны және дипломатиялық жүктердi Қазақстан Республикасының әуежайларына ұшып бара жатқан Қазақстан Республикасының әуе кемелерiмен Министрлік пен Қазақстан Республикасы авиакомпанияларының арасындағы келісілген тарифтер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы авиакомпанияларының қауіпсіздік қағидаларының талаптарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жiбереді.
      80. Болу мемлекетінде әртүрлi себептерге немесе табиғи катаклизмдерге байланысты төтенше жағдай жарияланған жағдайда консул Қазақстан Республикасының азаматтарын Қазақстан Республикасының әуежайларына ұшып бара жатқан Қазақстан Республикасының әуе кемелерiмен жіберу бойынша жәрдем көрсетеді.
      81. Осы тараудың 75-80-тармақтарының ережелерi Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi авиациясының ұшақтарына (тiкұшақтарына), теңіз және өзен флоты кемелеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының автомобиль және темiржол көлiгi құралдарына да қолданылады.
      82. Теңіз кемесі шетелде сатып алынған жағдайда консул Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын көтеріп жүзу құқығына уақытша куәлiк бередi.

20. Консулдың болу мемлекетінде, оның ішінде форс-мажорлық
мән-жайлар салдарынан қиын жағдайға ұшыраған Қазақстан
Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау,
сондай-ақ қайтыс болған Қазақстан Республикасы азаматтарына
қатысты шаралар қабылдау жөніндегі функциялары

      83. Егер Қазақстан Республикасының азаматы болу мемлекетінде форс-мажорлық мән-жайлар салдарынан қиын жағдайға ұшыраған және өмір сүруге қаражаты болмаған, сондай-ақ қылмыстық құрылымдар әрекетінің және адам саудасының құрбаны болған және осы туралы консулдық мекемеге хабарлаған жағдайларда консул:
      1) осы азаматты шақырған адамның немесе ұйымның оның осы мемлекетте болуына байланысты шығыстарын өтеу міндеттемелерінің бар-жоғын белгілейді және олардың орындалуына жәрдемдеседі;
      2) осы азаматтың өзінің отбасы мүшелерімен, туыстарымен немесе өзге адамдармен байланыс орнатуына жәрдем көрсетеді;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де қажетті, оның ішінде қаржылық көмек көрсетеді;
      4) осы жағдай туралы Министрлікті хабардар етеді.
      84. Қазақстан Республикасының азаматы қайтыс болған жағдайда консул оны тиісті құрметпен жерлеу немесе қайтыс болған азаматтың мәйітін Қазақстан Республикасына жіберу шараларын қабылдайды.
      85. Болу мемлекетінде, оның ішінде форс-мажорлық мән-жайлар салдарынан қиын жағдайға ұшыраған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ қайтыс болған Қазақстан Республикасы азаматтарына қатысты шаралар қабылдау бойынша іс-шараларды іске асыру Қазақстан Республикасының Әділет министрі және Қазақстан Республикасының Қаржы министрімен келісім бойынша Министр бекітетін «Шетелде Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіру» бағдарламасы бойынша республикалық бюджетте көзделген қаражатты пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

21. Консулдың Қазақстан Республикасы азаматтарының мүлкiне
қатысты функциялары

      86. Консул Қазақстан Республикасының азаматы қайтыс болғаннан кейiн оның артында қалған мүлiктi кейіннен мұрагерлерге беру үшiн оны қорғау шараларын қабылдайды.
      87. Консул Қазақстан Республикасының азаматтарына тиесiлi ақшаны, бағалы заттарды, құнды қағаздарды және құжаттарды сақтауға қабылдайды.
      Сақтауға тапсырылған мүлiктiң иесi қайтыс болған жағдайда, мұндай мүлiкке осы Жарғының 86-тармағының ережелерi қолданылады.

22. Консулдың қамаққа алынған, түрмеге қамалған, күзетке
алынған не ұсталған Қазақстан Республикасының азаматтарына,
сондай-ақ консулдық округ аумағында хабар-ошарсыз кеткен
Қазақстан Республикасы азаматтарын іздестіруге қатысты
функциялары

      88. Консул күзетпен қамауға алынған (тұтқындалған) немесе қылмыс жасады деген күдiк бойынша ұсталған, немесе бас бостандығын шектейтiн басқа да шараларға ұшыраған, немесе бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жүрген, сол сияқты сот немесе әкiмшiлiк ықпал етудің өзге шаралары қолданылатын Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты болу мемлекетінiң заңнамасы мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың сақталуы үшін шаралар қабылдайды.
      89. Консул мүдделi адамдардың өтiнiшi және өз бастамасы бойынша қамау орындарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарына барады және оларды ұстау жағдайларын анықтайды, болу мемлекетін Қазақстан Республикасының мұндай азаматтарының санитария мен гигиена талаптарына сай жағдайларда ұсталуы, олардың қатыгездiкке ұшырамауы және адамдық қасиеттерiнiң қорланбауы қажеттілігі туралы хабардар ету үшін шаралар қабылдайды.
      90. Консул қамаққа алынған, түрмеге қамалған, күзетке алынған не ұсталған Қазақстан Республикасының азаматы атынан оның тиісті шаралардың қабылдануына қарсы жазбаша қарсылығы болған кезде, кез келген шара қабылдаудан тартынады.
      91. Консул өз консулдық округі аумағында хабар-ошарсыз кеткен Қазақстан Республикасы азаматтарын іздестіруге жәрдемдесу үшін болу мемлекетінің құзыретті органдарына жүгінеді.

23. Құрметті консулдықтардың қызметі

      92. Құрметті консулдардың Қазақстан Республикасы атынан жекелеген консулдық функцияларды орындауы Министрдің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.
      93. Құрметті консулдықтарды болу мемлекетінің келісімі бойынша Министр тағайындайтын құрметті консулдар басқарады.
      Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің азаматы құрметті консул болып тағайындалады.
      94. Құрметті консулдықтар болу мемлекетінің келісімі бойынша Министрдің бұйрығы негізінде құрылады, қайта ұйымдастырылады және өз қызметін тоқтатады.
      95. Құрметті консулдардың функциялары мен өкілеттіктері Министрдің бұйрығымен айқындалады.

Қазақстан Республикасы
Президентінің  
2016 жылғы  
№ Жарлығына 
ҚОСЫМША   

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған
кейбір жарлықтарының тізбесі

      1. «Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 27 қыркүйектегі № 217  Жарлығы(Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 47, 430-құжат).
      2. «Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 27 қыркүйектегі № 217 Жарлығына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы № 1503 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 51, 670-құжат).
      3. «Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 27 қыркүйектегі № 217 Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 26 маусымдағы № 623 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 31, 308-құжат).
      4. «Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 27 қыркүйектегі № 217 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 30 қаңтардағы № 260 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 27-28, 366-құжат).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады