"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшыру кезінде тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы ретінде Қазақстан Республикасының аумағындағы жер учаскесін беру және пайдалану шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 сәуірдегі № 231 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы ретінде Қазақстан Республикасының аумағындағы жер учаскесін беру және пайдалану шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде
тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін беліктердің құлау ауданы
ретінде Қазақстан Республикасының аумағындағы жер учаскесін
беру және пайдалану шарттары туралы келісімді
ратификациялау туралы

      2014 жылғы 23 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы ретінде Қазақстан Республикасының аумағындағы жер учаскесін беру және пайдалану шарттары туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде
тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы
ретінде Қазақстан Республикасының аумағындағы жер учаскесін
беру және пайдалану шарттары туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі
      1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы келісімнің, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалдау шартының (бұдан әрі — Жалдау шарты) және 2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімнің ережелеріне адалдығын растай отырып,
      Ресей Федерациясының ғарыштық бағдарламалар іс-шараларын, халықаралық ғарыштық бағдарламалар мен коммерциялық ғарыштық жобаларды жүзеге асыру мақсаттары үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалану тиімділігін арттыру мүдделерінде іс-әрекет жасауға ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде «Союз» типіндегі тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы ретінде Қазақстан Республикасының аумағындағы жер учаскесін беруге және пайдалануға байланысты Тараптар мен құқықтық қатынастардың басқа да қатысушылары арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін реттеу үшін ұйымдық-құқықтық негіз белгілеу осы Келісімнің мәні болып табылады.

2-бап

      1. Осы Келісімді орындау бойынша жұмыстарды үйлестіруге жауапты уәкілетті органдар:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті;
      Ресей Тарапынан - Федералдық ғарыш агенттігі болып табылады.
      2. Тараптар осы Келісімді орындау жөніндегі жұмыстарды үйлестіруге жауапты өздерінің уәкілетті органдарының өзгергені туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етеді.

3-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
      «құлау ауданы» - осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Қосымшаға сәйкес координаттары бар, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде «Союз» типіндегі тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктерді қабылдауға арналған, Жалдау шарты бойынша Ресей Федерациясы жалға алған құлау аудандарының құрамына енбеген, Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық сараптамасының және Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар саласындағы орталық мемлекеттік органының оң қорытындылары бар Қазақстан Республикасының Ақтөбе және Қостанай облыстарының аумағындағы жер учаскесі;
      «ұшыруды жүргізетін ұйым» - осы Келісімге сәйкес «Союз» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруларды жүргізу үшін пайдаланылатын «Байқоңыр» ғарыш айлағының объектілерін белгіленген тәртіппен пайдаланатын ресейлік ұйым.

4-бап

      Осы Келісіммен реттелмейтін, бірақ құлау ауданын пайдалану жөніндегі қызметке жататын мәселелерге қатысты «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы халықаралық шарттардың ережелері қолданылады.

5-бап

      Қазақстан Тарапы Ресей Тарапына ұшыруды жүргізетін ұйым мен Қазақстан Республикасының Ақтөбе және Қостанай облыстарының әкімдіктері арасында тиісті шарттар жасала отырып, құлау ауданы ретінде Қазақстан Республикасының аумағындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығында береді.
      Құлау ауданын пайдалану үшін төлемақы «Союз» типіндегі тасымалдағыш зымырандардың ұшырылған санына қарамастан, жылына 460 (төрт жүз алпыс) мың АҚШ доллары мөлшерінде белгіленеді және Қазақстан Республикасының Ақтөбе және Қостанай облыстарының әкімдіктері арасында тиісінше 103 (жүз үш) мың АҚШ доллары және 357 (үш жүз елу жеті) мың АҚШ доллары мөлшерінде бөлінуге жатады.

6-бап

      Осы Келісім шеңберінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшырудың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұшыруды жүргізетін ұйым Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті уәкілеттік берген ұйымның қатысуымен құлау ауданының алдын ала кешенді экологиялық тексеруін және ондағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды бағалауын (санитариялық-экологиялық тексеру бөлігінде) жүргізуді қамтамасыз етеді, «Союз» типіндегі тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлауының экологиялық салдарын бағалауды және жоюды, оның ішінде олардың фрагменттерін өздігінен шығаруды, жоюды, сондай-ақ құлау ауданының шегінде орналасқан жер учаскесін қалпына келтіруді жүзеге асырады.
      Ұшыруды жүргізетін ұйым ұшыру жүргізілгеннен кейін 30 тәулік ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен келісілген нысан бойынша «Байқоңыр» ғарыш айлағының позициялық ауданында және құлау ауданында экологиялық мониторинг туралы есепті Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетіне ұсынады.

7-бап

      1. Ұшыруды жүргізетін ұйым:
      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қозғалысын басқару бас орталығымен — «Союз» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыру кезінде «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен құлау ауданының үстінен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану аясында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен;
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық басқару пунктімен - ұшуға немесе оны ауыстыруға сағаттық әзірлік туралы ақпараттандыру және Қазақстан Республикасының аумағының үстінен «Союз» типіндегі тасымалдағыш зымыранның ұшырылуы және ұшуы туралы нақты уақыт режимінде ақпараттандыру рәсіміне қолданылатын келісілген тәртіппен өзара іс-қимыл жасайды.
      2. Ұшыруды жүргізетін ұйым Қазақстан Республикасының аумағының үстінен «Союз» типіндегі тасымалдағыш зымыранның ұшырылуы және ұшуы туралы ақпаратты «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Республикалық дағдарыс орталығы» мемлекеттік мекемесі мен Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетіне бір мезгілде береді.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе орындауға байланысты даулар туындаған жағдайларда Тараптар өздерінің уәкілетті органдары арқылы оларды реттеу үшін консультациялар немесе келіссөздер жүргізеді.

9-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді.

10-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді және Ресей Тарапының «Байқоңыр» кешенін жалға алу мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады.
      2. Тараптардың әрқайсысы басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өз ниеті туралы жазбаша хабарламаны жіберу арқылы осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады.
      Бұл жағдайда осы Келісім Тараптардың біреуі тиісті хабарламаны алған күннен бастап 6 ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
      3. Осы баптың 2-тармағында көзделген тәртіппен осы Келісімнің қолданылуын тоқтату, оның қолданылу кезеңінде басталған және оның қолданылуы тоқтатылған күнге аяқталмаған іс-шараларды орындау, сондай-ақ осы Келісімнің қолданылу кезеңінде пайда болған қаржылық міндеттемелерді реттеу бойынша Тараптардың міндеттемелерін қозғамайды.

      2014 жылғы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының     Ресей Федерациясының
           Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы
«Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде
тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін 
бөліктердің құлау ауданы ретінде  
Қазақстан Республикасының аумағындағы
жер учаскесін беру және пайдалану 
шарттары туралы келісімге қосымша 

«Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде «Союз» типіндегі тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы ретінде Ресей Федерациясына берілетін жер учаскесінің координаттары

Құлау ауданының нөмірі

Аймақ нөмірі

Учаскенің нысаны

Орталықтың координаттары (град., мин., сек.)

Осьтер көлемі (км)

Үлкен осьтің азимуты (град.)

Учаскенің алаңы (мың га)

Әкімшілік тиесілілігі  (облыс)

Солтүстік ендік

Шығыс бойлық

120

Ю-40

Эллипс

48 58 00

62 44 00

+18,5 х -25 +11 х -7,5

348

63,2

Ақтөбе (22,52 мың га) Қостанай (40,68 мың га)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады