Ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 12 мамырдағы № 287 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 22 қыркүйектегі № 830 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 22.09.2023 № 830 қаулысымен.

      "Атом энергиясын пайдалану туралы" 2016 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 12 мамырдағы
№ 287 қаулысымен
бекітілген

Ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 10.06.2021 № 399 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Атом энергиясын пайдалану туралы" 2016 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы

      5-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді әрі ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару тәртібін (бұдан әрі – пайдаланудан шығару) айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      1) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – атом энергиясын пайдалану саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) пайдаланушы ұйым – атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      3) радиациялық қондырғы – өзіне қатысты үй-жайларды, құрылысжайлар мен жабдықтарды қоса алғанда, ядролық материалдармен және (немесе) радиоактивті заттармен жұмыс істеу жүзеге асырылатын, ядролық болып табылмайтын арнайы қондырғы;

      4) ядролық қондырғы – табиғи уранды немесе торийді өндіруге және (немесе) қайта өңдеуге арналған қондырғыларды қоспағанда, үй-жайларды, құрылысжайлар мен жабдықтарды қоса алғанда, мына қызмет түрлерінің біреуі немесе бірнешеуі: ядролық материалды шығару, қайта өңдеу, пайдалану, тасымалдау, сақтау, көму жүзеге асырылатын қондырғы.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 10.06.2021 № 399 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Ядролық қондырғыларды пайдаланудан шығару тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 10.06.2021 № 399 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Пайдаланушы ұйым ядролық қондырғыны жобалау сатысында жобалау алдындағы құжаттаманы дайындау кезінде уәкілетті органмен келісім бойынша ядролық қондырғыны пайдаланудан шығарудың алдын ала жоспарын (бұдан әрі – алдын ала жоспар) әзірлейді.

      4. Алдын ала жоспар жаңа ядролық қондырғыны салу және пайдалану үшін лицензия алуға арналған өтініммен бірге негіз қалаушы құжаттар құрамында ұсынылады. Алдын ала жоспарда қаржы құралы ұсынылады және негізделеді, ол арқылы пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру қамтамасыз етілетін болады.

      5. Алдын ала жоспар пайдаланудан шығарудың мынадай стратегияларына негізделеді:

      1) активсіздендіру және барлық радиоактивті материалдарды алаңнан шығару (дереу бөлшектеу);

      2) қауіпсіз ұзақ сақтау және кейіннен активсіздендіру және бөлшектеу (кейінге қалдырылған бөлшектеу);

      3) қондырғыны кейіннен алаңға кіруін шектей отырып бекіту (орнында көму).

      6. Пайдаланудан шығару стратегиясының ең қолайлы нұсқасын таңдау кезінде:

      1) ядролық қондырғының сипаттамалары;

      2) радиологиялық және радиологиялық емес қауіп-қатерді бағалау нәтижелері;

      3) бөлшектеу кейінге қалдырылған жағдайда ғимараттардың, конструкциялардың жай-күйін болжамдық бағалау нәтижелері;

      4) жиналған радиоактивті қалдықтар мөлшері және оларды қайта өңдеу, сақтау және көму бойынша қолда бар мүмкіндіктер;

      5) пайдаланудан шығарудың таңдалған әдісін қауіпсіз жүзеге асыру үшін жоспарланған немесе қолда бар қаржы ресурстарының жеткіліктілігі;

      6) персоналдың, атап айтқанда қондырғыны пайдаланған персоналдың, сыналған әдістердің, технологиялардың және жабдықтың болуы;

      7) пайдаланудан шығарудың бұдан бұрынғы ұқсас жобаларының тәжірибесі;

      8) қоршаған табиғи ортаға ықтимал әсері;

      9) әлеуметтік-экономикалық жағдайлар;

      10) санитариялық-гигиеналық талаптар;

      11) ядролық қондырғыны және оның алаңына іргелес аймақты одан әрі дамыту және пайдалану жоспарлары есепке алынады.

      7. Алдын ала жоспар ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару кезеңдерінің, негізгі конструкцияларды бөлшектеу әдістерінің, жұмыстардың құнын бағалау мен оларды орындау мерзімдерінің, қажетті ресурстардың сипатын, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды, ядролық қондырғыны пайдаланудан шығарғаннан кейін оларды орналастыру алаңының негізгі нормалары мен сипаттамаларын қамтиды.

      8. Ядролық қондырғыны пайдалану кезінде алдын ала жоспар жаңа техникалық және технологиялық әзірлемелер, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының өзгерістері, жұмыстардың құны мен талап етілетін ресурстар ескеріле отырып, кезең-кезеңімен, бірақ 10 жылда кемінде бір рет қайта қаралуға және жаңғыртылуға жатады.

      9. Ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару туралы шешім қабылдау кезінде пайдаланушы ұйым сол уақытта қолда бар технологияларды, әдістемелерді, экономикалық көрсеткіштерді, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын ескере отырып, пайдаланудан шығарудың түпкілікті жоспарын (бұдан әрі – түпкілікті жоспар) жасайды. Пайдаланудан шығарудың түпкілікті жоспары ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстарды жобалау және жүргізу үшін негіз болып табылады.

      10. Түпкілікті жоспарды іске асыру мерзімі ядролық қондырғыны түпкілікті тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап 60 жылдан аспайды.

      11. Энергетикалық немесе зерттеу реакторлары бар қондырғылар үшін түпкілікті жоспарда ядролық материалдарды, пайдаланылған ядролық отынды және оны одан әрі ұзақ уақыт сақтауды немесе қайта өңдеуді жүзеге асыратын ұйымның ядролық материалдарды есепке алу және бақылау жөніндегі құжаттамасын тапсыру тәртібі әзірленеді.

      12. Пайдаланушы ұйым қондырғыны пайдалануды тоқтату туралы шешімді тіршілік циклінің кез келген кезеңінде дербес қабылдайды. Бұл ретте пайдаланушы ұйым қабылданған шешім, пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру басталатын күн мен оның мерзімдері туралы уәкілетті органды хабардар етеді. Пайдаланушы ұйым пайдаланудан шығару жоспары бойынша жұмыстардың толық көлемде орындалуын қамтамасыз етеді.

      13. Пайдаланудан шығаруды жүзеге асыру барысында түпкілікті жоспарға түзетулер немесе нақтылаулар енгізу қажет болған жағдайда соңғылары уәкілетті органмен қосымша келісіледі.

      14. Пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстар жобалау құжаттамасының және тиісті қызмет түріне лицензияның болуы негізінде жүзеге асырылады. Жобалау құжаттамасы техникалық және ұйымдастыру құралдарын және персонал мен халықтың сәулеленуінің, шығарындылар мен төгінділердің, қоршаған ортаның радиоактивті заттармен ластануының, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті орган бекіткен радиациялық қауіпсіздік шектері мен нормалардан аспайтын деңгейін қамтамасыз ететін шараларды көздейді.

      15. Жобалау құжаттамасы мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық сараптамадан өтеді.

      16. Жобалау құжаттамасының ядролық қауіпсіздігіне және (немесе) радиациялық қауіпсіздігіне, және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздігіне сараптама жүргізілуге тиіс. Тиісті оң сараптама қорытындысы алынғаннан кейін жобалау құжаттамасы уәкілетті органға ұсынылады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 10.06.2021 № 399 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      17. Пайдаланушы ұйым пайдаланудан шығару жөніндегі барлық жұмыстарды құжаттандыруды және құжаттаманың сақталуын қамтамасыз етеді. Құжаттама және пайдаланудан шығару жөніндегі есепке алу құжаттары:

      1) радиоактивті қалдықтардың шығуы, табылған жері, физикалық және химиялық сипаттамалары, олардың жойылуы немесе қондырғыдан төгілуі туралы жазбалар көрсетілген түгендеу санын;

      2) алаңның жоспарларын, инженерлік сызбаларын, техникалық сипаттамалары мен технологиялық процестердің сипаттамасын;

      3) сапаны қамтамасыз ету және бақылау рәсімдерін, сондай-ақ пайдалану қызметін жүзеге асыру нәтижесінде алынған деректерді;

      4) қауіпсіздікті және қоршаған ортаға әсерін бағалау әдістерін және қауіпсіздікті және қоршаған ортаға әсерін бағалау нәтижелерін;

      5) радиоактивті қалдықтар қаптамасын сәйкестендіруді;

      6) қондырғының ұзақ сақтауға жабудың, көмудің күнін қамтиды.

      18. Пайдаланудан шығарудың аяқталуы, ядролық қондырғы мен оны орналастыру алаңының қауіпсіздік жөніндегі талаптарға сәйкес келетін түпкілікті жай-күйін қамтамасыз ете отырып, оны мемлекеттік бақылаудан алып тастау және жұмыстардың аяқталғаны туралы есептеме және актімен ресімделеді.

      19. Ядролық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару туралы шешімді ядролық және (немесе) радиациялық аварияға алып келген немесе алып келуі мүмкін, ядролық қондырғыны қауіпсіз пайдалану талаптары бұзылған жағдайда және пайдаланушы ұйымның ядролық қондырғыны одан әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге негізделген мүмкіндігі болмаған жағдайда, уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады