1996 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметінің 2016 жылғы 8 қазандағы № 578 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 1996 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Өксікбайұлы Исабаевқа 1996 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
 

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрі

Б. Сағынтаев

   
 


Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 8 қазандағы № 578 қаулысымен мақұлданған




Жоба

1996 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы хаттама
 

            Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi,
      1996 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға (бұдан әрі – Конвенция) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама жасасуға ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:
 

1-бап

      1. Конвенцияның атауындағы "табыс пен мүлікке" деген сөздер "табысқа" деген сөзбен ауыстырылсын.
      2. Конвенцияның бүкіл мәтіні бойынша "әкімшілік бөлімшесі" деген сөздер тиісті септіктегі "әкімшілік-аумақтық бөлімшесі" деген сөздермен ауыстырылсын.
 

2-бап

      1. Конвенцияның 2-бабының 1-тармағындағы "табыс пен мүлікке" деген сөздер "табысқа" деген сөзбен ауыстырылсын.
      2. Конвенцияның 2-бабының 2-тармағындағы "табыс пен мүлікке" деген сөздер "табысқа" деген сөзбен ауыстырылып, ", мүліктің жалпы құнынан", "яки мүліктің" деген сөздер алып тасталсын.
      3. Конвенцияның 2-бабының 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Осы Конвенция қолданылатын қазір алынып жүрген салықтар, атап айтқанда, мыналар болып табылады:
      a) Қазақстан Республикасында:
      (i) корпоративтік табыс салығы;
      (ii) жеке табыс салығы;
      (бұдан әрi "Қазақстан салықтары" деп аталатындар);
      б) Әзербайжан Республикасында:
      (i) заңды тұлғалардың пайдасына салынатын салық;
      (ii) жеке тұлғалардың табыстарына салынатын салық
      (бұдан әрi "Әзербайжан салықтары" деп аталатындар).".
 

3-бап

      1. Конвенцияның 3-бабы 1-тармағының а) тармақшасының (і) және (іі) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      "(i) "Қазақстан" термині Қазақстан Республикасын білдіреді және географиялық мағынада қолданған кезде "Қазақстан" термині оның заңнамасына және халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік аумағын және Қазақстан өзінің егеменді құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыратын аймақтарды білдіреді;
      (ii) "Әзербайжан" термині Әзербайжан Республикасының iшкi суларын, Әзербайжан Республикасына тиесілі Каспий теңiзiнiң (көлінің) секторын, Әзербайжан Республикасының үстiндегi әуе кеңiстiгiн, сондай-ақ халықаралық құқыққа және Әзербайжан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес оның шегiнде Әзербайжан Республикасы жер қойнауларына, теңiз түбiне және табиғи ресурстарға қатысты өзiнiң егеменді құқықтарын және юрисдикциясын жүзеге асыратын аумақ ретінде айқындалатын немесе болашақта айқындалатын кез келген басқа да аумақты қоса алғанда, Әзербайжан Республикасының аумағын бiлдiредi;".
      2. Конвенцияның 3-бабы 1-тармағының е) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "е) "бір Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны" және "екінші Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны" терминдері тиісінше бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын кәсіпорынды және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын кәсіпорынды білдіреді;".
      3. Конвенцияның 3-бабы 1-тармағының g) тармақшасының (ii) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "(ii) Әзербайжанда: Салықтар жөніндегі министрлікті және Қаржы министрлігін білдіреді;".
      4. Конвенцияның 3-бабының 2-тармағы мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:
      "Осы Уағдаласушы Мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес кез келген мағына терминге осы Уағдаласушы Мемлекеттiң басқа заңдары бойынша берiлетiн мағынадан жоғары басымдыққа ие болады.";
 

4-бап

      1. Конвенцияның 4-бабының 1-тармағында:
      (i) мынадай сөйлем алып тасталсын:
      "Ол сондай-ақ Уағдаласушы Мемлекеттiң заңдарына сәйкес құрылған және, әдетте, осы Мемлекетте салық салудан босатылған кез келген ұйымды қамтиды.";
      (ii) "немесе осы Мемлекеттегi мүлiктен" деген сөздер алып тасталсын.
      2. Конвенцияның 4-бабы 2-тармағының d) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "d) егер жеке тұлғаның резиденттігі мәртебесін осы тармақтың а), b) және с) тармақшаларының ережелеріне сәйкес айқындала алмайтын болса, онда Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары осы мәселені өзара келісім бойынша шешеді.".
 

5-бап

      1. Конвенцияның 5-бабы 3-тармағының b) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "b) қызметшілер немесе кәсіпорын осындай мақсаттар үшін жалдаған басқа да персонал арқылы кәсіпорын көрсететін консультациялық қызметтерді қоса алғанда, қызметтер көрсету, бірақ егер осындай сипаттағы қызмет (осындай немесе оған байланысты жоба үшін) Уағдаласушы Мемлекетте кез келген 12 айлық кезең шегінде 6 айдан астам кезең немесе кезеңдер бойы жалғасатын болса ғана.".
      2. Конвенцияның 5-бабының 6-тармағы мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:
      "Алайда, мұндай агенттің қызметі осындай кәсіпорынның атынан толық немесе толық дерлік орындалса және осындай кәсіпорын мен агенттің арасында олардың коммерциялық және қаржылық өзара қатынастарында тәуелсіз кәсіпорындар арасында орнатылуы мүмкін болатыннан өзгеше жағдайлар жасалса, онда ол осы тармаққа сәйкес тәуелсіз мәртебесі бар агент болып есептелмейді.".
      3. Конвенцияның 5-бабы мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:
      "8. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан, бір Уағдаласушы Мемлекеттiң сақтандыру ұйымы қайта сақтандыруды қоспағанда, егер ол басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң аумағында жарналар жинаумен айналысса немесе онда туындайтын, осы баптың 6-тармағының ережелері қолданылатын тәуелсіз мәртебесі бар агенттен өзге тұлға арқылы тәуекелдерді сақтандырса, басқа Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекеме құрады.".
 

6-бап

      Конвенцияның 7-бабы 1-тармағының екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
      "Егер кәсiпорын кәсіпкерлік қызметті жоғарыда көрсетілгендей жүзеге асырса, онда осындай кәсiпорынның пайдасына екiншi Уағдаласушы Мемлекетте, бiрақ тек:
      а) осындай тұрақты мекемеге (өкілдікке);
      b) осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекеме (өкілдік) арқылы сатылатын тауарларға немесе бұйымдарға ұқсас немесе олармен бірдей тауарлардың немесе бұйымдардың сатылымына; немесе
      с) осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асырылатын, өзінің сипаты бойынша тұрақты мекеме (өкілдік) арқылы жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметке ұқсас немесе онымен бірдей басқа кәсіпкерлік қызметке жататын бөлiгiне ғана салық салынуы мүмкiн.".
 

7-бап

      1. Конвенцияның 11-бабының 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Осы баптың 2-тармағының ережелерiне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын пайыздарға, егер пайыздардың нақты иесі:
      а) Қазақстан жағдайында:
      (i) Үкімет,
      (ii) орталық немесе жергілікті билік органы,
      (iii) Ұлттық Банк,
      (iv) басқа Уағдаласушы Мемлекетке толығымен тиесілі кез келген басқа қаржы мекемесі;
      b) Әзербайжан жағдайында:
      (i) Үкімет,
      (ii) орталық немесе жергілікті билік органы,
      (iii) Орталық банк,
      (iv) басқа Уағдаласушы Мемлекетке толығымен тиесілі кез келген басқа қаржы мекемесі болып табылса, осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салудан босатылады.".
      2. Конвенцияның 11-бабының 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "6. Егер төлеушi осы Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылса, пайыздар Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі. Алайда, егер пайыздарды төлейтін тұлғаның Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатынына немесе табылмайтынына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте оған байланысты пайыздарды төлеу жөніндегі міндеттеме туындайтын тұрақты мекемесі (өкілдігі) немесе тұрақты базасы болса және осындай пайыздар бойынша шығыстарды тұрақты мекеме (өкілдік) немесе тұрақты база төлейтiн болса, онда осындай пайыздар мұндай тұрақты мекеме (өкілдік) немесе тұрақты база орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі.".
 

8-бап

      Конвенцияның 12-бабының 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Егер төлеушi осы Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылса, роялти Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі. Алайда, егер роялтиді төлейтін тұлғаның Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатынына немесе табылмайтынына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте оған байланысты роялтиді төлеу жөніндегі міндеттеме туындайтын тұрақты мекемесі (өкілдігі) немесе тұрақты базасы болса және осындай роялти бойынша шығыстарды тұрақты мекеме (өкілдік) немесе тұрақты база төлейтiн болса, онда роялти тұрақты мекеме (өкілдік) немесе тұрақты база орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі.".
 

9-бап

      1. Конвенцияның 13-бабының 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Бір Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi құнының 50 пайыздан астамы басқа Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiкке тiкелей немесе жанама түрде байланысты компанияның акцияларын, капиталындағы қатысу үлестерін немесе өзге құқықтарын иелiктен шығарудан алған табыстарға осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.".
      2. Конвенцияның 13-бабы мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
      "5. Осы баптың алдыңғы тармақтарында көзделгеннен өзге кез келген мүлікті иелiктен шығарудан алынған табыстарға мүлікті иелiктен шығарып отырған тұлға резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.".
 

10-бап

      Конвенцияның 14-бабының 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Уағдаласушы Мемлекеттің резидентiнің кәсiби қызметтеріне немесе тәуелсiз сипаттағы басқа да қызметіне қатысты алатын табысына осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады, мұндай табысқа:
      а) егер оның өз қызметiн жүзеге асыру мақсаттары үшiн басқа Уағдаласушы Мемлекетте оған тиесілі тұрақты базасы бар болса; бұл жағдайда табыстың осы тұрақты базаға қатысты бөлiгiне ғана; немесе
      b) егер ол басқа Уағдаласушы Мемлекетте кез келген он екі айлық кезеңде жиынтығында 183 күннен асатын кезең немесе кезеңдер бойы болса; бұл жағдайда осы басқа Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асырылатын қызметтен алынған табыстың бөлігіне ғана екінші Уағдаласушы Мемлекетте де салық салынуы мүмкін жағдайлар жатпайды.".
 

11-бап

      Конвенцияның 19-бабы 1-тармағының а) тармақшасындағы "осы Мемлекетке, әкiмшiлiк бөлiмшесiне немесе жергiлiктi өкімет органына көрсетiлетiн қызметтерге қатысты" деген сөздер "осы Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкiмшiлiк-аумақтық бөлiмшесi, орталық немесе жергiлiктi билік органы үшін жүзеге асырылатын қызмет үшін" деген сөздермен ауыстырылсын.
 

12-бап

      Конвенцияның 22-бабы алып тасталсын.
 

13-бап

      Конвенцияның 23-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
 

"23-бап

Қосарланған салық салуды жою

      1. Қазақстан жағдайында қосарланған салық салу былай жойылады:
      а) егер Қазақстанның резидентi осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес Әзербайжанда салық салынуы мүмкiн табыс тапса, Қазақстан резиденттiң осындай табысына салынатын салықтан Әзербайжанда төленген табыс салығына тең соманы шегерiп тастауға мүмкіндік береді.
      Мұндай шегерiм кез келген жағдайда Қазақстанда қолданылып жүрген мөлшерлемелер бойынша осындай табысқа есептелуi мүмкiн салықтың мөлшерiнен аспауы тиiс;
      b) егер Қазақстанның резидентi осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес тек қана Әзербайжанда салық салынатын табыс тапса, Қазақстан бұл табысты салық салу базасына, бiрақ тек Қазақстанда салық салынуға жататын осындай басқа табысқа салынатын салық мөлшерлемесін белгiлеу мақсаттары үшiн ғана енгiзуi мүмкiн.
      2. Әзербайжан жағдайында қосарланған салық салу былай жойылады:
      егер Әзербайжанның резидентi осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес Қазақстанда салық салынуы мүмкiн табыс тапса, онда Қазақстанда төленген осы табысқа салынатын салық сомасы Әзербайжанда резиденттің осындай табысынан алынатын салықтан шегерiлiп тасталуы тиiс. Мұндай шегерiм, алайда, Әзербайжанның салық заңнамасына сәйкес есептелген осындай табысқа салынатын оның салық сомасынан аспайтын болады.".
 

14-бап

Конвенцияның 26-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

"26-бап

Ақпарат алмасу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары осы Конвенцияның ережелерін орындау немесе әкімшілендіру немесе Уағдаласушы Мемлекеттердiң, олардың әкімшілік-аумақтық бөлiмшелерiнiң, орталық немесе жергiлiктi билiк органдарының атынан салық салу осы Конвенцияға қайшы келмейтін дәрежеде алынатын салықтардың кез келген түріне және сипатына қатысты ұлттық заңнаманы қолдану үшін қажетті ақпарат алмасады. Ақпарат алмасу осы Конвенцияның 1 және 2-баптарымен шектелмейді.
      2. Уағдаласушы Мемлекет осы баптың 1-тармағына сәйкес алған кез келген ақпарат осы Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес алынған ақпарат сияқты құпия болып есептеледі және осы баптың 1-тармағында айтылған салықтарға қатысты бағалаумен немесе жинаумен, мәжбүрлеп өндiрiп алумен немесе сот қудалауымен немесе апелляцияларды қараумен, сол сияқты жоғарыда көрсетілгендердің барлығын қадағалаумен айналысатын тұлғаларға немесе органдарға (соттарды және әкiмшiлiк органдарды қоса алғанда) ғана жария етіледі. Мұндай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшiн ғана пайдалана алады. Олар ақпаратты ашық сот отырысы барысында немесе сот шешiмдерiн қабылдаған кезде жария ете алады.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерi Уағдаласушы Мемлекетке:
      а) осы немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң заңнамасына және әкiмшiлiк практикасына қайшы келетiн әкiмшiлiк шараларын қолдану;
      b) осы немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттiң заңнамасы бойынша немесе әдеттегi әкiмшiлендіру барысында алуға болмайтын ақпаратты ұсыну;
      с) қандай да бiр сауда, кәсiпкерлiк, өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе кәсіптік құпияны немесе сауда процесін ашуы мүмкiн ақпаратты немесе ашылуы мемлекеттiк саясатқа (ordre public) қайшы келуi мүмкiн ақпаратты ұсыну мiндеттемелерiн жүктейтіндей түсіндірілмейді.
      4. Егер ақпаратты осы бапқа сәйкес бір Уағдаласушы Мемлекет сұратса, басқа Уағдаласушы Мемлекет тіпті, егер осындай ақпарат осы басқа Уағдаласушы Мемлекетке өзінің жеке салықтық мақсаттары үшін қажет болмаса да, сұрау салынған ақпаратты жинау жөніндегі шараларды қолданады. Алдыңғы сөйлемде қамтылған міндеттемеге осы баптың 3-тармағының шектеулері қолданылады, бірақ мұндай шектеулер Уағдаласушы Мемлекетке осындай ақпаратқа ішкі мүдделіліктің болмауы себебінен ғана ақпарат ұсынудан бас тартуға рұқсат беретіндей түсіндірілмейді.
      5. Осы баптың 3-тармағының ережелері ақпарат иесі банк, басқа қаржы мекемесі, номиналды ұстаушы немесе агент немесе сенім білдірілген өкіл ретінде әрекет ететін тұлға болып табылатындығы себебінен немесе ақпарат меншік құқығы берілген тұлғаға қатысты болуы себебінен ғана Уағдаласушы Мемлекетке ақпарат ұсынудан бас тартуға рұқсат беретіндей түсіндірілмейді.".
 

15-бап

Конвенция мынадай мазмұндағы 28-1-баппен толықтырылсын:

"28-1-бап

Жеңілдіктерді шектеу

      1. Осы Конвенцияның ережелері ешқандай жағдайда да Уағдаласушы Мемлекетке өзінің ұлттық заңнамасының ережелерін және салықтан жалтаруға немесе шын мәнінде осылайша сипатталған жалтаруға қарсы шараларды қолдануға тыйым салмайды.
      2. Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне, егер оның ісі басты мақсат немесе басты мақсаттардың бірі осы Конвенциядан пайда алу болып табылатындай құрылған болса, осы Конвенцияны қолдану құқығы берілмеуі тиіс.".
 

16-бап

      1. Осы Хаттама Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасында көзделген оның күшіне енуі жөніндегі рәсімдерді Уағдаласушы Мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен кейінгі 30-шы күні күшіне енеді.
      2. Осы Хаттама мыналарға:
      а) Хаттама күшіне енген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін алынған табыстардан алынатын төлем көзінен ұсталатын салықтарға;
      b) Хаттама күшіне енген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін басталатын кез келген салық салынатын кезең үшін табыстарға салынатын басқа салықтарға қолданылады.
      Осыны куәландыру үшiн, оған тиiстi түрде уәкiлеттiк берілген төменде қол қоюшылар Конвенцияның ажырамас бөлігі болып табылатын осы Хаттамаға қол қойды.
      20__ жылғы "__"________ ______ қаласында қазақ, әзербайжан және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіруде алшақтықтар туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.
 

      Қазақстан Республикасының

Әзербайжан Республикасының

      Үкіметі үшін

Үкіметі үшін

   

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады