"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 22 қазандағы № 610 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      Б. Сағынтаев

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне
пробация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар
енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнде (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж, № 15-I, 15-II, 88-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 20-VII, 115-құжат; № 21-III, 137-құжат; № 22-III, 149-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 22-VI, 159-құжат; 2016 ж., № 7-II, 55-құжат; № 8-II, 67-құжат; № 10, 87-құжат):
      64-баптың тоғызыншы бөлігі мынадай мазмұндағы 13-1) бөлікпен толықтырылсын:
      «13-1) өзіне қатысты сотқа дейінгі пробацияны жүргізу үшін пробация қызметіне жүгінуге;».
      2. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінде (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 17, 91-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат; 2015 ж., № 7, 33-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 23-II, 170-құжат; 2016 ж., № 8-II, 67-б.):
      1) 3-баптың 7) және 8) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      «7) пробация – пробациядағы адамға қатысты жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында оның мінез-құлқын түзеу үшін әзірленетін және жеке іске асырылатын шаралар кешені;
      8) пробация қызметі – қылмыстық жазалардың қоғамнан оқшауламай орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі атқарушылық және өкімдік функцияларды жүзеге асыратын және өзінің есебіндегі сотталғандардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына, қайта әлеуметтендіруге, сондай-ақ күдіктіге қатысты сотқа дейінгі баяндаманы жасауға жәрдем көрсететін қылмыстық-атқару жүйесінің органы;»;
      2) 166-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Мекеме әкiмшiлiгi бас бостандығынан айыру мерзiмi аяқталғанға дейiн бір жылдан кешiктiрмей, сотталған адам таңдаған тұрғылықты жердегі республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарын, ішкі істер органдарын және пробация қызметін оның алдағы уақытта босатылатыны, оның тұрғын үйiнiң бар-жоғы, оның еңбекке қабiлеттілігi және алған мамандықтары туралы хабардар етеді.
      Мекеме әкімшілігі бұл ретте сотталған адамға босатылғаннан кейін әлеуметтік бейімделу үшін қажетті әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемі бойынша жеке бағдарлама жасайды, ол сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жолданады.»;
      3) 167-баптың төртінші және бесінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектердi, жүктi әйелдер мен жас балалары бар әйелдердi, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтеуден босату кезiнде мекеменiң әкiмшiлiгi олардың жұбайын (зайыбын), туыстарын не сотталған адамның өтінішінде көрсетілген өзге де адамдарды, сондай-ақ сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша пробация қызметін алты ай бұрын хабардар етедi.
      5. Мекемелерден босатылатын, денсаулық жағдайына байланысты ұдайы күтiмге мұқтаж адамдар, сондай-ақ он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар тұрғылықты жерiне жұбайының (зайыбының), туыстарының немесе оларды алып кетуге келген өзге де адамдардың не мекеме немесе сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша пробация қызметі қызметкерiнің еріп жүруімен жiберiледi.».
      3. «Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы» 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 8, 48-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 16, 79-құжат; № 21-I, 125-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат):
      7-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Қылмыстық-атқару жүйесін ведомство, оның аумақтық органдары, пробация қызметі және жазаларды орындайтын мекемелер, өзге де ведомстволық бағынысты ұйымдар құрайды.».
      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады