"Қарсы барлау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 26 қазандағы № 623 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қарсы барлау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           Б. Сағынтаев

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қарсы барлау қызметі туралы

      Осы Заң қарсы барлау қызметінің құқықтық негіздерін айқындайды, оны жүзеге асыру заңдылығының кепілдігі жүйесін нығайтады.
      Қарсы барлау қызметі Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін барлау-бүлдіру іс-әрекетінен қорғауды қамтамасыз етуге арналған.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) абоненттер және/немесе абоненттік құрылғылар арасындағы қосылу туралы мәліметтерді жедел алу – абонент және/немесе абоненттік құрылғы арасындағы қосылу күні, айы, жылы, уақыты, ұзақтығы және өзге де мәліметтер туралы жасырын ақпарат алу;
      2) ақпаратты жинауға, өңдеуге, беруге және сақтауға арналған құрылғылардан ақпаратты жедел алып тастау – компьютерлерден, аппараттық-бағдарламалық кешендерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, беруге және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты техникалық құралдармен және/немесе бағдарламалық қамтамасыз ете отырып жасырын алып тастау;
      3) ақпаратты ресми түрде алу – құжаттарды, материалдарды, электрондық ақпараттық ресурстарды тікелей зерделеу, аталған ақпаратты білетін немесе білуі мүмкін жеке және заңды тұлғаларға сауал жолдау арқылы қарсы барлау қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар ақпаратты алу;
      4) байланыс желісіне жедел мониторинг жасау – байланыс желісі арқылы берілетін ақпараттан барлау-бүлдіру іс-әрекетінің белгілерін жасырын табу;
      5) бақыланатын берілім – барлау-бүлдіру іс-әрекетін жүзеге асыру үшін пайдаланылатын нәрселер мен заттардың иемденіп алыну, өткізілу, беріп жіберілу, орыны ауыстырылу процесін жасырын байқау және құжаттау;
      6) бақылау мақсатында сатып алу – барлау-бүлдіру іс-әрекетін жүзеге асыру үшін пайдаланылатын нәрселер мен заттарды иемденіп алу жөнінде ақы төленетін жалған мәміле жасау;
      7) барлау акциясы – Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, мәліметтерге қол жеткізу, жинау;
      8) барлау-бүлдіру іс-әрекеті – шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерінің, өзге де шетелдік ұйымдардың, сондай-ақ жекелеген адамдардың жүзеге асыратын барлау және/немесе бүлдіру акциялары;
      9) барлау-бүлдіру іс-әрекетінің белгілері – барлау және/немесе бүлдіру акциялары жүргізілуі мүмкін екендігі туралы куәландыратын, іс-қимылдардың, оқиғалардың, процестер мен құбылыстардың айырым ерекшеліктері;
      10) барлау-бүлдіру іс-әрекетінің фактілері – барлау және/немесе бүлдіру акцияларының жүргізілуі туралы куәландыратын, іс-қимылдар, оқиғалар, процестер және құбылыстар;
      11) барлау және/немесе бүлдіру акцияларын ашу – барлау-бүлдіру іс-әрекетін жүзеге асыру белгілерінің, фактілері мен шарттарының жиынтығын табу;
      12) бүлдіру акциясы – Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, қоғамдық қатынастарға әсер ету;
      13) құпия көмекшілер – он сегіз жасқа толған, әрекетке қабілетті, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органмен құпиялылық негізде ынтымақтасып жүрген немесе бұрын ынтымақтастықта болған (оның ішінде келісімшарт бойынша) жеке тұлғалар;
      14) құпия көмекшілердің және жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтер – құпия көмекшілердің және жасырын қызметкерлердің тегін, атын, әкесінің атын (болған жағдайда), бүркеншік атын (болған жағдайда), туған күні, айы, жылы мен туған жерін, тұрғылықты мекенжайын, жұмыс (оқу) орнын, отбасы мүшелері мен жақын туыстарын, сондай-ақ олардың қарсы барлау іс-шараларына қатысуын анықтауға мүмкіндік беретін ақпарат;
      15) жедел байқау – жеке адамдардың іс-әрекетін, қоғамдық орындарда болып жатқан оқиғаларды, процестерді жасырын байқау, оның ішінде техникалық құралдарды, фототүсірілімді, бейнебайқауды және аудиожазбаны пайдалана отырып жасырын түйсіну;
      16) жедел енгізу қарсы барлау іс-әрекетін жүзеге асыратын органның қызметкерін, әскери қызметшісін не құпия көмекшіні жедел мүдделілік туғызатын объект ортасына жасырын енгізу;
      17) жедел ену – оларды зерделеу, сондай-ақ қарсы барлау іс-шараларын дайындау және жүргізу мақсатында тұрғын, қызметтік, өндірістік және өзге де үй-жайларға, ғимараттарға, құрылысжайларға, қоймаларға, көлік құралдарына немесе жергілікті учаскелерге жасырын ену;
      18) жедел эксперимент – қылмысқа арандатуға жол бермейтін, арнайы қолдан жасалған, бақыланатын жағдайда іс-қимылды, процестерді жасырын зерделеу арқылы қарсы барлау ақпаратын алу;
      19) жекелеген тұлғалар – шет мемлекеттердің арнаулы қызметтері, өзге де ұйымдар атынан немесе дербес, олардың мүдделері үшін әрекет ететін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар;
      20) қарсы барлау ақпараты – барлау-бүлдіру іс-әрекетінің белгілері, фактілері және оны жүзеге асыруға септігін тигізетін жағдайлар туралы мәліметтер;
      21) қарсы барлау сауалы – сауал салынған адамның сөздерінен барлау-бүлдіру ақпаратын жария немесе жасырын алу;
      22) қарсы барлау қызметі – Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін барлау-бүлдіру іс-әрекетінен қорғау жөніндегі Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары жүзеге асыратын қарсы барлау және ұйымдастыру іс-шаралары жүйесі;
      23) қарсы барлаудан қамсыздандыру – барлау-бүлдіру іс-әрекетінен оқшаулау шаралары жүйесі;
      24) қарсы барлау ісі – қарсы барлау іс-шаралары материалдарын жүйелеу, қарсы барлау ақпаратын тексеру және бағалау бойынша оқшауландырылған іс жүргізу;
      25) қарсы барлау іс-шарасы – барлау және/немесе бүлдіру акцияларының алдын алуға, оларды ашуға және олардың жолын кесуге бағытталған жария және жасырын іс-қимылдар;
      26) жасырын қызметкер – жеке басы және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органға тиесілілігі шифрланған қызметкер, әскери қызметші;
      27) пошта және өзге де жөнелтілімдерді жедел бақылау – хаттардан, бандерольдерден, посылкалардан және өзге де жөнелтілімдерден қарсы барлау ақпаратын жасырын алу;
      28) адамды немесе орынды жедел аудио- және/немесе бейнебақылау – бейне-, аудиотехниканы не өзге де техникалық құралдарды пайдалана отырып, жеке адамның сөзбен айтылған және өзге де ақпаратын, сондай-ақ белгілі бір орында болып жатқан оқиғаларды жасырын құжаттау;
      29) ұйымдастыру іс-шарасы – қарсы барлау іс-шараларын жүргізу үшін қажетті жағдайларды жасау, сондай-ақ олардың нәтижелерін пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдар;
      30) шетелдік ұйымдар – ұйымдарға шет мемлекеттің заңнамасына немесе халықаралық құқық нормаларына сәйкес қандай да бір мәртебе берілуіне қарамастан, аталған шет мемлекет аумағында басшылық жасайтын органдары бар ұйымдар немесе шет мемлекеттің, оның ішінде Қазақстан Республикасы мойындамаған шет мемлекеттің қолдауын пайдаланушылар не шет мемлекеттің заңнамасында және/немесе халықаралық құқық нормаларында тыйым салынған іс-әрекеттерді жүзеге асыратындар, аталған шет мемлекеттің оларға қарсы әрекет етуінің объективті қабілетсіздігін пайдаланушылар;
      31) электрлік байланыс желілерінен ақпаратты жедел алып тастау – сым, радио, оптикалық және басқа да электромагниттік жүйелер арқылы берілетін белгілерді, сигналдарды, дыбыстық ақпаратты, жазбаша мәтінді, бейнелерді, бейнекөріністерді, дыбыстарды және басқа да ақпаратты алып тастау жөніндегі жасырын іс-қимылдар.

      2-бап. Қарсы барлау қызметінің құқықтық негізі
      1. Қарсы барлау қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарт қағидалары қолданылады.

      3-бап. Қарсы барлау қызметінің міндеттері
      Қарсы барлау қызметінің міндеттері:
      1) барлау-бүлдіру іс-әрекетінен:
      Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы негіздерін, мемлекеттік егемендігін, аумақтық тұтастығын, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін;
      Қазақстан Республикасының Президентін және басқа да күзетілетін тұлғаларды;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді қорғау;
      2) барлау және/немесе бүлдіру, оның ішінде:
      терроризмді және экстремизді жүзеге асырумен;
      қылмыстық топтарды құрумен және олардың іс-әрекетімен;
      қарулардың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың, радиоактивтік заттар мен ядролық материалдардың заңсыз айналымымен;
      есірткі, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен байланысты акциялардың алдын алу, оларды ашу және олардың жолын кесу;
      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын, мемлекеттік заңды тұлғаларды, квазимемлекеттік сектор субьектілерін, маңызды мемлекеттік мәні бар стратегиялық және өзге де обьектілерді қарсы барлаумен қамтамасыз ету;
      4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатердің алдын алу, оларды бейтараптандыру және ұлттық мүдделерін ілгерілетуде мемлекеттік органдарға көмек көрсету болып табылады.
      Қарсы барлау іс-әрекеті міндеттерінің тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен толықтырылуы мүмкін.

      4-бап. Қарсы барлау қызметінің қағидаттары
      Қарсы барлау қызметі:
      1) Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін сақтау;
      2) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығын құрметтеу;
      3) Қазақстан Республикасын дамытудың стратегиялық мақсаттарына бағыну;
      4) барлау және/немесе бүлдіру акцияларының алдын алу, оларды ашу, олардың жолын кесу жөніндегі осы заманғы белсенді іс-қимылдарды жүзеге асыру;
      5) барлау және/немесе бүлдіру акцияларын алдын алуда, ашуда, жолын кесуде қарсы барлау шараларын қолданудың басымдығы;
      6) құпия ақпарат көздерін шифрлау және оған қол жеткізуді жабу арқылы күштерді, құралдарды, іс-қимылдарды, жоспарларды және ниеттерді бүркемелеу;
      7) барлау-бүлдіру іс-қимылының нақты фактілері бойынша қолданылатын құқықтық және өзге де шараларға қарамастан қарсы барлау іс-шарларын жүргізудің үздіксіздігі қағидаттарына негізделеді.

      5-бап. Қарсы барлау іс-әрекетін жүзеге асыру кезінде жеке
              адамның құқықтары мен бостандығын сақтау кепілдігі
      1. Осы Заңда көзделмеген міндеттерді шешу үшін қарсы барлау іс-әрекетін жүзеге асыруға, сондай-ақ оны жүргізу барысында алынған ақпаратты пайдалануға жол берілмейді.
      2. Қарсы барлау іс-әрекетін жүзеге асыру кезінде адам мен азаматтың абыройы мен қадір-қасиетін төмендететін іс-әрекетке жол берілмейді.
      3. Қарсы барлау іс-әректін жүзеге асыратын органның іс-қимылына жоғары тұрған органға, прокуратураға немесе сотқа шағымдауға болады.
      Адамның жасаған шағымы жоғары тұрған органның, прокуратураның немесе соттың шағым жасалған іс-әрекет жөнінде тиісті шешімі қабылданғанға дейін тоқтатылмайды.
      4. Прокурордың немесе соттың шағымды қарау үшін талап еткен құжаттары шағымдану мәніне жатқызылуға және қарсы барлау іс-әрекетінің ұйымдастырылуына және тактикасына, нақты қарсы барлау іс-шараларына қатысты ақпараттың, сондай-ақ құпия көмекшілер мен жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтердің ұсынылуына жол бермеуге тиіс.

      6-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің қарсы барлау
              қызметі саласындағы өкілеттіктері
      Қазақстан Республикасының Президенті:
      1) қарсы барлау қызметінің негізгі бағыттары мен басымдылықтарын айқындайды;
      2) оларға уәкілетті органдарға қарсы барлау қызметін дамыту және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау мәселелерін қарауды тапсырады;
      3) қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың қызметін қадағалайды, қадағалау нысанын және оны жүзеге асыру тәртібін белгілейді;
      4) оларға белгіленген тәртіппен және мерзімде қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар басшыларының есептерін тыңдайды;
      5) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      7-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар
      1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары жатады.
      2. Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары қарсы барлау қызметін осы Заңмен белгіленген тәртіппен және осы баптың 3, 4, 5-тармақтарында айқындалған шегінде жүзеге асырады.
      3. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары (бұдан әрі – ұлттық қауіпсіздік органдары) қарсы барлау іс-шараларын осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 1), 2), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша өткізеді.
      Ұлттық қауіпсіздік органдары қарсы барлау іс-шараларын Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының және Мемлекеттік күзет қызметінің бірлескен нормативтік актілерімен белгіленген жағдайларда және тәртіппен осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша өткізеді.
      4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі – Мемлекеттік күзет қызметі) қарсы барлау іс-шараларын осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 3), 9), 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша өткізеді.
      5. Қазақстан Республикасының сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган) қарсы барлау іс-шараларын осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 4), 9), 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша өткізеді.
      Сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган қарсы барлау іс-шараларын сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган мен ұлттық қауіпсіздік органдарының бірлескен нормативтік актілерімен айқындалған жағдайларда және тәртіпте осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында көзделген негіз бойынша өткізеді.
      6. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі бірлескен нормативтік құқықтық актілермен айқындалады.
      7. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың бірінші басшылары қарсы барлау қызметін жүзеге асыруға құқығы бар оларға бағынысты ведомстволардың, қызметтердің, бөлімшелердің, қызметкерлер санатының тізбесін белгілейді, қарсы барлау қызметін ұйымдастыру мен тактика және оның міндеттерін іске асыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер шығарады.

      8-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың
              міндеттері
      Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар:
      1) олардың құзыреттеріне сәйкес Қазақстан Республикасының конституциялық құрылыс негіздерін, мемлекеттік егемендігін, аумақтық тұтастықты, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін, Қазақстан Республикасының Президентін және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының басқа да күзетілетін тұлғаларын, мемлекеттік заңды тұлғаларды, квазимемлекеттік сектор субъектілерін, мемлекеттік аса маңызы бар стратегиялық және өзге де объектілерді, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді барлау-бүлдіру іс-әрекеттерінен қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауға;
      2) барлау-бүлдіру іс-әрекетінің белгілерін, фактілерін және оны жүзеге асыруға ықпал етуші жағдайларды анықтауды қамтамасыз етуге;
      3) Қазақстан Республикасының Президентін және мемлекеттік органдарды Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатер туралы ақпараттандыруға;
      4) қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде құпиялылықты және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын орган күштерінің, құралдары мен ақпаратының қорғалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға;
      5) халықаралық шарттар негізінде шетел мемлекеті арнаулы қызметтерінің, қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының, халықаралық құқық қорғау ұйымдарының сұрауларын орындауға;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен көзделген өзге де міндеттерді атқаруға міндетті.

      9-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың
              құқықтары
      Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар:
      1) қарсы барлау іс-шараларын ұйымдастыру мен оның тактикасын айқындауға;
      2) жеке тұлғаларды құпиялы ынтымақтастыққа тартуға;
      3) құпия объектілер (кәсіпорындар мен ұйымдар) құруға, сондай-ақ қызметкерлерді, әскери қызметшілерді, құпия көмекшілерді, бөлімшелерді, ұйымдарды, үй-жайлар мен көлік құралдарының ведомстволық тиесілілігін шифрлайтын құжаттарды пайдалануға;
      4) ұйымдардың аумағына және үй-жайларына, ал ерекше режімдік, режімдік, стратегиялық және мемлекеттік аса маңызы бар өзге де объектілердің аумағына тек осы Заңның 11-бабында көзделген қарсы барлау іс-шараларын өткізу үшін олардың басшыларын хабарландыра отырып, тәуліктің кез келген уақытында кедергісіз кіруге;
      5) қарсы барлау іс-шараларының барысында жеке және заңды тұлғалардың жазбаша немесе ауызша келісімі бойынша олардың мүлкін пайдалануға;
      6) қарсы барлау іс-шараларын өткізу кезінде жедел іздестіру қызметін жүзеге асыруға құқығы бар органдардың келісімі бойынша осы органдардың күштері мен құралдарын тартуға;
      7) қажетті ғылыми-техникалық немесе өзге де арнайы білімі бар лауазымды тұлғалар мен мамандардың көмегін пайдалануға;
      8) қарсы барлау іс-шараларын өткізу кезінде барлау-бүлдіру іс-әрекетін имитациялайтын іс-қимылдарды жүзеге асыруға;
      9) барлау-бүлдіру іс-әрекетін жүзеге асыруға ықпал ететін жағдайларды болдырмау жөнінде ұсыныс енгізуге;
      10) қарсы барлау іс-шараларын өткізуге арналған арнайы және өзге де техникалық құралдарды, жабдықты қолдануға;
      11) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Президентінің актілерімен көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      10-бап. Қарсы барлау іс-шараларын жүзеге асырудың
               негіздері
      1. Қарсы барлау іс-шараларын жүзеге асырудың негіздері:
      1) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін барлау-бүлдіру іс-әрекетінен қорғау бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шараларды іске асыру;
      2) қарсы барлау ақпаратының болуы, оның ішінде сотқа дейінгі тергеу барысында алынған ақпарат;
      3) күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажеттілігі;
      4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін іс-қимылдар, оқиғалар, процестер мен көріністер туралы мәліметтер алу, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатердің қалыптасуына ықпал етуші себептер мен жағдайларды анықтаудың қажеттілігі;
      5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын, мемлекеттік заңды тұлғаларды, квазимемлекеттік сектор субъектілерін, мемлекеттік аса маңызы бар стратегиялық және өзге де объектілерді қарсы барлаумен қамтамасыз етудің қажеттілігі;
      6) жұмысы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін радиоэлектрондық құралдар арқылы берілетін радиосәулеленуді, сондай-ақ барлау-бүлдіру іс-әрекетінде байланыс желілерін пайдалану жөніндегі іс-қимылдарды анықтау қажеттілігі;
      7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерге рұқсат алуға ресімделетін (қайта ресімделетін), сондай-ақ мемлекеттік қызметке кіретін және сонда тұрған, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі лауазымын атқаруға үміткер адамдарға міндетті арнайы тексеру жүргізу;
      8) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына жұмысқа, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғаларға немесе квазимемлекеттік сектордың субъектілеріне басқарушылық функцияларды орындауға байланысты лауазымға тартылатын шетелдіктерге міндетті арнайы тексеру жүргізу;
      9) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шетел мемлекеттері арнаулы қызметтерінің, қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының, халықаралық және өзге де ұйымдарының сұраухаттары;
      10) қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның күштерінің, құралдары мен ақпараттарының барлау-бүлдіру іс-әрекетінен қорғалуын қамтамасыз ету қажеттілігі болып табылады.
      2. Ұйымдастырушылық-құқықтық нысан, заңды тұлғалардың мемлекеттік тиесілілігі, сондай-ақ азаматтығы, жынысы, ұлты, тұрғылықты мекенжайы, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, қоғамдық бірлестіктерге тиесілігі, дінге көзқарасы және жеке тұлғалардың саяси нанымдары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, оларға қатысты қарсы барлау іс-шараларын өткізуге кедергі болып табылмайды.

      11-бап. Қарсы барлау іс-шаралары
      1. Қарсы барлау іс-шараларына:
      1) ақпаратты ресми түрде алу;
      2) қарсы барлаулық сауал қою;
      3) жеке тұлғалармен ашық және жасырын қатынастарын анықтау, олардың мүмкіндіктерін қарсы барлау қызметтеріне пайдалану;
      4) жедел енгізу;
      5) жедел бақылау;
      6) жедел эксперимент;
      7) нәрселер мен заттарды жедел табу, зерттеу, тіркеу;
      8) бақыланатын жеткізілім;
      9) бақылау мақсатында сатып алу;
      10) техникалық барлау құралдарын және ақпараттың тарап кетуінің техникалық арналарын іздеу;
      11) байланыс желілерінің жедел мониторингі;
      12) пошта және өзге жөнелтілімдерді жедел бақылау;
      13) электрлік байланыс желілерінен ақпаратты жедел алу;
      14) абоненттер және/немесе абоненттік қондырғылар арасындағы байланыстар туралы мәліметтерді жедел алу;
      15) ақпаратты жинауға, өңдеуге, беруге және сақтауға арналған құрылғылардан ақпаратты жедел алу;
      16) адамды немесе орынды жедел аудио- және/немесе бейнебақылау;
      17) жедел ену жатады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген қарсы барлау іс-шараларын оларға жүктелген міндеттерге сәйкес қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын барлық органдар жүргізеді.
      3. Осы баптың 1-тармағының 1)-11) тармақшаларында көзделген қарсы барлау іс-шараларын өткізу тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
      4. Осы баптың 1-тармағының 12)-17) тармақшаларында көрсетілген қарсы барлау іс-шаралары Қазақстан Республикасы Бас Прокурорымен келісілген тәртіппен, сол сияқты Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімі бойынша қабылданатын қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес прокурордың санкциясымен де жүргізілуі мүмкін.
      5. Мемлекеттік құпиялары болып табылатын әдістер мен құралдарды қолданумен байланысты осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген қарсы барлау іс-шараларын жүргізудің тізбесі мен тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
      Аталған іс-шаралар заңмен қорғалатын жеке өмірге қол сұқпауды, хат алмасу құпиясын, телефонмен сөйлесуді, телеграфтық хабарламалар мен пошталық жөнелтілімдерді, сондай-ақ тұрғын жайға қол сұқпау құқығын қозғамауы қажет. Оларда қолданылатын арнайы әдістер мен құралдар адамның өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға қауіп туғызбауы қажет.
      6. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын барлық органдардың міндеттерді шешу мүддесінде байланыс желісін пайдаланумен байланысты қарсы барлау іс-шараларын техникалық тұрғыда ұлттық қауіпсіздік органдары жүзеге асырады.
      7. Қарсы барлау міндеттерін шешу үшін байланыс саласындағы заңнамалар талаптарына сәйкес байланыс операторлары алған және орнатқан техникалық құралдар пайдаланылуы мүмкін.
      8. Мемлекеттік күзет қызметі және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы аумағындағы байланыс қызметі мен құралдарын ұсынатын жеке және заңды тұлғаларды стационарлы байланыс аппаратурасы мен желілеріне қосуды болдырмайтын, осы баптың 1-тармағының 13) және 14) тармақшаларында көрсетілген қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге құқылы.
      9. Мемлекеттік күзет қызметінің жедел қамтамасыз ету объектілеріндегі және күзету іс-шаралары өтетін аймақтағы қарсы барлау іс-шаралары қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың бірлескен бұйрықтарында айқындалған тәртіппен Мемлекеттік күзет қызметімен келісім бойынша жүргізіледі.
      10. Нақты қарсы барлау іс-шараларының реттілігі мен мазмұны қарсы барлау қызметінің шарттарымен айқындалады.
      11. Қарсы барлау іс-шараларын өткізу барысында алынған мүлікті иелену және оны мемлекет кірісіне айналдыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      12-бап. Қарсы барлау қызметінің материалдарын пайдалану
      Қарсы барлау қызметінің материалдары:
      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында өзге де стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу;
      2) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдер қабылдауы;
      3) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың, мемлекеттік заңды тұлғалардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шешімдер қабылдауы;
      4) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін және халықаралық шарттарды әзірлеу;
      5) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді талдау, бағалау және болжау;
      6) барлау және/немесе бүлдіру акцияларының алдын алу, ашу және жолын кесу;
      7) Қазақстан Республикасының әкімшілік және қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген тәртіппен әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін пайдаланылады.

      13-бап. Қарсы барлау қызметін ақпараттық қамтамасыз ету
               және құжаттау
      1. Осы Заңда көзделген міндеттерді шешу үшін қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын орган ақпарат объектілерін құрады, пайдаланады, дамытады, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ қарсы барлау істерін жүргізеді.
      2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның ақпарат объектілерін құру, дамыту, пайдалану және қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
      3. Қарсы барлау істерін ашу және тоқтату тәртібі Қазақстан Республикасы Бас прокурорының келісімі бойынша қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысының нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

      14-бап. Қарсы барлау қызметінің материалдарын сақтау
      1. Қарсы барлау қызметінің материалдары қылмыстық іске қоса тіркелген мәліметтерді қоспағанда, тек қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органда ғана сақталуға жатады.
      2. Қарсы барлау қызметінің материалдарын сақтау және жою тәртібі мен мерзімдері қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысының нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

      15-бап. Қарсы барлау қызметі саласындағы өзара іс-қимыл
               және халықаралық ынтымақтастық
      1. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері өз құзыреті шегінде қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға осы Заңның 3-бабында көзделген міндеттерді шешуде жәрдем көрсетеді.
      2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар халықаралық ынтымақтастық шеңберінде шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау органдарымен, халықаралық ұйымдармен тиісті шарттардың негізінде өзара іс-қимыл жасайды.
      3. Халықаралық шарттардың тараптары арасында қарсы барлау саласындағы өзара іс-қимылға қатысты мәселелер бойынша мәліметтер өзара іс-қимылдың көлемі мен мазмұны туралы ақпарат сияқты оған да қолжетімділік шектеледі және кімге де болсын берілмейді немесе тараптардың әрқайсысының жазбаша келісімінсіз және талаптарын толық ескерместен қолданылмайды.

      16-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың
               қызметкерлері, әскери қызметшілері
      1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілерінің құқықтық мәртебесі, оларды құқықтық және әлеуметтік қорғау шаралары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
      2. Қарсы барлау қызметіне заңсыз араласу немесе кедергі келтіру, сондай-ақ қарсы барлау іс-шараларын өткізу кезінде қызметкерлердің, әскери қызметшілердің заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
      3. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның қызметкері, әскери қызметшісі қарсы барлау іс-шараларын өткізген кезде оны әкімшілік ұстауға, сондай-ақ жеке басын қарап-тексеруге, оның жанындағы заттарды, пайдаланатын қызметтік көлік құралдарын жете тексеруге жол берілмейді.

      17-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар
               қызметкерлерінің, әскери қызметшілерінің
               жауапкершілігі
      1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде құқыққа қайшы әрекет жасаған қызметкерлер, әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікте болады.
      2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың келтірген залалы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеледі.

      18-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға
               көмек көрсететін құпия көмекшілер
      1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға көмек көрсететін құпия көмекшілер мемлекеттің қорғауында болады.
      2. Құпия көмекшілердің жеке басы туралы мәліметтерді кімге де болсын беруге жол берілмейді.
      3. Құпия көмекшілердің, сол сияқты олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне анық қауіп төнген кезде, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын орган құқыққа қарсы әрекеттерді болғызбау, кінәлілерді анықтау және оларды жауапқа тарту жөніндегі барлық қажетті шараларды, сондай-ақ қажет болған жағдайда, қылмыстық процеске қатысатын адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңнамаға сәйкес қауіпсіздік шараларын қолдануға мiндеттi.
      4. Құпия көмекшілер қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға өтеулі немесе өтеусіз негізде жәрдем көрсетеді. Өтеулі негізде жәрдем көрсететін құпия көмекшілерге сыйақы төлеу тәртібін қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысы белгілейді.
      5. Құпия көмекші қарсы барлау іс-шараларын өткізуге қатысу кезінде қайтыс болған жағдайда, қаза тапқан жасырын көмекшінің отбасына және оның асырауындағыларға:
      ақылы негізде ынтымақтастықта болған қаза тапқан адамның он жылдық ақшалай сыйақы сомасы;
      ақысыз негізде ынтымақтастықта болған адам қаза тапқан кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі бір айлық жалақысының он жылдық сомасы мөлшерінде бір жолғы жәрдемақы төленеді.
      6. Қарсы барлау іс-шараларын өткізуге қатысуына байланысты құпия көмекші мертіккенде немесе денсаулығына өзге де зиян келтірілгенде оған қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысы айқындайтын мөлшерде біржолғы жәрдемақы төленеді, бұл мөлшер:
      ақылы негізде ынтымақтастықта болғандар үшін – бес жылдық ақшалай сыйақы сомасынан;
      ақысыз негізде ынтымақтастықта болғандар үшін – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген айлық жалақысының ең төменгі мөлшерінің бес жылдық сомасынан аспауға тиіс.
      7. Қарсы барлау іс-шараларын өткізуге қатысуына байланысты құпия көмекші қаза тапқан жағдайда не мертіккенде немесе денсаулығына өзге де зиян келтірілгенде біржолғы жәрдемақы төлемі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның қаржысы есебінен жүргізіледі.
      8. Құпия көмекшілермен жұмысты ұйымдастыру және жүргізу тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

      19-бап. Қарсы барлау қызметіне ведомстволық бақылау жасау
      1. Қарсы барлау қызметіне ведомстволық бақылау жасауды ұйымдастыру және жүргізу қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысына жүктеледі.
      2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысы:
      қарсы барлау қызметін ұйымдастыруды, оның тактикасын, нысандары мен әдістерін, жұмылдырылған күштер мен құралдарды;
      шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау органдарымен, халықаралық ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру мен жүзеге асыруды;
      құпиялылық пен астыртын әрекеттің қамтамасыз етілуін ақылауды жүзеге асырады.

      20-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезіндегі
               прокурорлық қадағалау
      1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл және біркелкі қолданылуына жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және ол уәкілеттік берген прокурорлар жүзеге асырады.
      2. Қадағалауды ұйымдастыру кезінде прокуратура органдары мен қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның өзара қатынастары Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органының бірінші басшысының бірлескен нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы, азаматтың қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның өз құқықтары мен бостандықтарын бұзғандығы туралы өтініші прокуратураның тексеру жүргізуі үшін негіз болып табылады.
      4. Құпия көмекшілер мен жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы, сондай-ақ қарсы барлау қызметін ұйымдастыру және оның тактикасы, шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау органдарымен, халықаралық ұйымдармен халықаралық ынтымақтастық туралы мәліметтер қадағалау нысанасына кірмейді.
      5. Осы Заңның 11-бабы 1-тармағының 12)-17) тармақшаларында көрсетілген қарсы барлау іс-шараларын өткізуге санкция алған кезде прокурорға мазмұны бойынша құпия көмекшілер мен жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы, сондай-ақ қарсы барлау қызметін ұйымдастыруға және оның тактикасына қатысты мәліметтердің құпиясын ашу мүмкіндігін болғызбайтын нысанда оларды өткізу үшін негіз болған материалдар ұсынылады.
      Қарсы барлау іс-шараларының нәтижесі туралы оны өткізуге санкция берген прокурор хабардар етіледі.
      6. Қадағалау мәселелері бойынша уәкілетті прокурорлардың қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын орган басшыларының кідіріссіз қабылдауында болуға құқығы бар. Уәкілетті прокурорлардың тізбесі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысының келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен белгіленеді.
      7. Уәкілетті прокурорлар қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның объектілерінде болған уақытта, оларға осы органда белгіленген өткізу режімі мен объектішілік режімнің талаптары қолданылады.

      21-бап. Қарсы барлау қызметін қаржылық және
               материалдық-техникалық қамтамасыз ету
      Қарсы барлау қызметін қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету заңнамада көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады