Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қажеттіліктеріне Астана қаласында және Әбу Даби қаласында жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға өзара беру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қаңтардағы № 4 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қажеттіліктеріне Астана қаласында және Әбу Даби қаласында жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға өзара беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахмановқа Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қажеттіліктеріне Астана қаласында және Әбу Даби қаласында жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға өзара беру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.

      3. Осы қаулы оған қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2017 жылғы 16 қаңтардағы
  № 4 қаулысымен
  мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қажеттіліктеріне Астана қаласында және Әбу Даби қаласында жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға өзара беру туралы

КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі

      өз мемлекеттерінің арасындағы дәстүрлі, достық қарым-қатынастарды нығайту, теңдік пен өзара тиімділік негізінде Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерінің болуы мен жұмыс істеуінің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында,

      1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясын және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясын назарға ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Өзаралық қағидатына сәйкес және Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметінің Қазақстан Республикасының Үкіметіне Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу Даби қаласындағы дипломатиялық корпуста орналасқан, алаңы 11148 шаршы метр № 46 W-59/2 жер учаскесін Қазақстан Республикасы Елшілігінің объектілерін салу үшін 49 жыл мерзімге уақытша өтеусіз жер пайдалану шартымен, осындай мерзімге кейіннен ұзарта отырып пайдалану үшін беруіне алмасу ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметі Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметіне Астана қаласында, Тәуелсіздік және Р. Қошқарбаев даңғылдарының қиылысы ауданында орналасқан, алаңы 26147 шаршы метр жер учаскесін Қазақстан Республикасындағы Біріккен Араб Әмірліктері Елшілігінің ғимаратын және Біріккен Араб Әмірліктері Елшісінің резиденциясын салу үшін 49 жыл мерзімге уақытша өтеусіз жер пайдалану шартымен, осындай мерзімге кейіннен ұзарта отырып пайдалануға береді.

2-бап

      Тараптар осы Келісімге сәйкес берілетін жер учаскелерін болу мемлекеті Тарапының белгілі бір көрсетілген жазбаша келісімінсіз кеңейтуге, сатуға, оларға ауыртпалық салуға, меншікке беруге, үшінші тарапқа жалға немесе қосымша жалдауға беруге құқылы емес.

3-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген ғимараттар мен құрылыстарды жобалау және салу болу мемлекетінде қолданылатын қала құрылысы және сәулет туралы заңнаманың ережелерін бұзбауға тиіс.

4-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелері қарыздардан, ауыртпалықтардан және үшінші тараптардың құқықтарынан босатылып беріледі.

5-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өзара негізде ғимараттар мен құрылыстарға меншік құқықтарын және осы Келісімде көрсетілген жер учаскелерін жалға алу құқығын заңды ресімдеуді қамтамасыз етеді.

6-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелері болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес алынатын барлық салықтардан, алымдардан, баждардан босатылады.

7-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде жерге орналастыру және топографиялық-геодезиялық жұмыстар, жоба сараптамасы және ғимараттар салу сияқты көрсетілетін қызметтердің нақты түрлеріне жұмсалатын барлық шығыстарды, сондай-ақ оны күтіп-ұстауға және жөндеуге, электрмен, газбен, сумен және жылумен жабдықтауға, көрсетілетін байланыс қызметтеріне және басқа да қызмет көрсетудің нақты түрлеріне жұмсалатын шығыстарды Тараптар болу мемлекетінде қолданылатын нормативтер мен тарифтерге сәйкес өздері төлейді.

8-бап

      Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінің шекараларына инженерлік желілердің жеткізілуін қамтамасыз етеді және коммуналдық құрылыстарға барлық қажетті қосылуды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға жәрдем көрсетеді.

9-бап

      Тараптар болу мемлекетінің заңнамасында көзделген барлық қолданылатын рәсімдерді міндетті түрде сақтаған жағдайда, Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде ғимараттар мен қосалқы құрылыстарды салуға жобалау құжаттамасын келісуге және бекітуге, рұқсат беруді ұйымдастыруға жәрдем көрсетеді.


10-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін және Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

11-бап

      Осы Келісімді түсіндіру және қолдану кезінде туындайтын дауларды Тараптар өзара консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешеді.

12-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім 49 (қырық тоғыз) жыл бойы қолданылады және егер Тараптардың бірде-біреуі оның қолданысын өзінің ұзартпау ниеті туралы ағымдағы қырық тоғыз жылдық кезең өткенге дейін бір жылдан кешіктірілмейтін мерзімде екінші Тарапты жазбаша нысанда хабардар етпесе, келесі қырық тоғыз жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.

      Осыны куәландыру үшін өз үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген, төменде қол қойған өкілетті өкілдер осы Келісімге қол қойды.

      201___ жылғы "___" ________ ______________ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
__________________

Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі үшін
_________________


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады