Байланыс формасы

Алаяқтық туралы істер бойынша сот практикасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы № 6 нормативтік қаулысы.

      Сот практикасында туындаған мәселелерге, заңнаманың өзгеруіне байланысты және заң нормаларын біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Соттардың назары алаяқтықтың міндетті белгісі кінәлі адамның пайдакүнемдік мақсатының болуы, яғни бөтен мүлікті өзінің меншігіне не оған құқықты өзінің пайдасына не басқа адамдардың пайдасына құқыққа қарсы өтеусіз айналдыруға ұмтылуы болып табылатынына аударылсын. Алаяқтық алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен жасалады, олардың ықпалымен меншік иесі немесе мүліктің өзге иесі мүлікті немесе оған құқықты басқа адамдарға өз еркімен береді.

      2. Алдау бөтен мүлікті жымқыру немесе бөтен мүлікке құқықты иемдену мақсатында алаяқтық жасау тәсілі болып табылады. Алдау меншік иесінде немесе өзге адамда мүліктің кінәлі адамға және (немесе) басқа адамдарға берілуінің заңға сәйкестігі туралы қате түсінік туындататын кінәлінің меншік иесіне немесе мүліктің өзге иесіне шындыққа жанаспайтын көрінеу жалған мәліметтерді хабарлаудан не меншік иесіне не мүлік иесіне хабарлануға тиіс шынайы фактілерді жасырудан құрылуы мүмкін.

      Алдау нәтижесінде жаңылыстырылған меншік иесі немесе мүліктің өзге иесі өзінің мүддесі үшін жасаған әрекетттерінің негізділігіне сенімді бола отырып, кінәлі адамға мүлкін өз еркімен береді.

      3. Алаяқтықтың тәсілі ретінде сенімді теріс пайдалану кінәлі адамның өзінің және меншік иесінің немесе иелігінде мүлкі бар өзге адамның арасында туындаған сенімді қарым-қатынастарды пайдакүнемдік пиғылмен бөтен мүлікті немесе оған құқықты заңсыз алу мақсатында пайдалануына негізделеді.

      Мүлік иесінің немесе өзге адамның алаяққа сенім артуы әртүрлі мән-жайларға негізделуі мүмкін: жеке таныстығы, туыстарының және өзге адамдардың ұсынымы бойынша, кінәлінің қызметтік жағдайы және т.б.

      4. Алаяқтық кезінде алдау ауызша, сонымен қатар жазбаша нысанда болуы мүмкін.

      Жымқыру кезінде жалған құжаттарды пайдалану алдау нысандарының бірі болып табылады. Басқа адам әзірлеген жалған ресми құжатты пайдалана отырып жасалған жымқыру алаяқтық құрамымен толық қамтылады және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 385-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.

      5. Егер адам құқық беретін немесе міндеттерден босататын жалған ресми құжатты қолдан жасау жолымен аляқтық жасаса, жасалған әрекетті ҚК-нің 385-бабының бірінші бөлігінде және ҚК-нің 190-бабының тиісті бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралаған жөн.

      6. Алаяқтық жолмен жасалатын жымқыруды мүлік иесінің немесе өзге адамның мүлікті өз еркімен беруін қажет етпейтін, бірақ басқа қылмыстың (үйге, қоймаға кіру үшін алдау және т.б.) жасалуын жеңілдететін алдау тәсілімен өзге нысандарда жасалатын жымқырудан ажырату керек.

      7. Алдау бөтен мүлікті жымқырумен байланысты басқа қылмысты жасауды жеңілдету үшін пайдаланып, бірақ оны жасау барысында ол адамның әрекеттері меншік иесіне немесе сол мүліктің өзге де иесіне белгілі болып қалғанын біле тұра, оның иесінің еркінен тыс бөтен мүлікті заңсыз ұстауды жалғастырса, жасалған әрекетті (мәселен, адам ұялы телефонды иесінен қоңырау салуға сұрап алып, оны алған бойда иесінің көзінше қашып кеткен жағдайларда) тонау деп саралаған жөн.

      8. Алаяқтық жымқырылған мүлік алып қойылған және кінәлінің немесе басқа адамдардың заңсыз иеленуіне өткен және олар оны меншік мүлкі ретінде өздерінің қалауы бойынша пайдалануға немесе билік етуге нақты мүмкіндік алған сәттен бастап аяқталды деп танылады.

      Егер алаяқтық бөтен мүлікке құқықты иемдену нысанында жасалса, қылмыс кінәліде бөтен мүлікті өзінің меншігі ретінде иеленуге, пайдалануға және билік етуге бекітілген құқықтық мүмкіндік туындаған сәттен бастап, яғни осы құқық тиісінше ресімделгеннен, куәландырылғаннан немесе тіркелгеннен кейін аяқталды деп есептеледі.

      9. Ақпараттық жүйені пайдаланушыны Qiwi-кошелек, интернет-банкинг және т.б. арқылы алдап өзінің қылмыстық пиғылын іске асыру мақсатында ақпараттық жүйеде көрінеу жалған мәліметтерді немесе бағдарламаларды орналастыру жолымен ақпараттық технологиялар (компьютер, компьютерлік бағдарламалар, интернет, ұялы телефон және т.б.) арқылы жасалған, ақпараттық жүйені пайдаланушының мүлкін немесе мүлікке құқығын иеленуге бағытталған кінәлінің әрекеттерін ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе оның сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған алаяқтық деп тану қажет.

      Аталған іс-әрекеттер ақпараттық жүйеге немесе телекоммуникация желісіне заңсыз қол жеткізумен ұштасқан жағдайларда, егер компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізу нәтижесінде ЭЕМ жұмысы, ЭЕМ жүйесі немесе олардың желісі жойылса, түрлендірілсе не бұзылса, мұндай әрекеттер ҚК-нің 190 және 205 немесе ҚК-нің 190 және 206-баптарымен қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға жатады.

      10. Алаяқтықты азаматтық-құқықтық қатынастардан ажырату үшін алаяқтық кезінде кінәлі адамда алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы бөтен мүлікті жымқыруға немесе бөтен мүлікке құқықты иемденуге қатысты пиғыл бөтен мүлікті немесе оған құқық алуды көздейтін шартты жасасқанға дейін және (немесе) сол сәтте туындайтыны ескерілгені жөн.

      Мұндай жағдайларда кінәлінің алдау әрекеттері кінәлінің бөтен мүлікті алған немесе мүлікке құқықты иемденген фактісімен себептік байланыста, яғни алдау әрекеттері осы мүлікті беруден немесе оған құқықты иемденуден бұрын болуға тиіс.

      11. Соттардың шарттық міндеттемелер кезінде алаяқтық жолмен жымқыруға қатысты пиғылдың болуын адамда қабылданатын міндеттемені орындауға нақты қаржы және өзге де материалдық мүмкіндіктің (материалдық-техникалық жарақтандыру, еңбек ұжымы және т.б.) немесе шарт бойынша міндеттемелерді орындауға бағытталған қызметті жүзеге асыруға қажетті лицензияның, рұқсаттың көрінеу жоқтығы, адамның жалған құрылтай құжаттарын немесе кепілдік хаттарды пайдалануы, мүлік бойынша берешектің немесе кепілдің болуы туралы ақпаратты жасыруы, көрінеу орындалмайтын шарттарды жасасуы және басқа мән-жайлардың жиынтығы анықтауы мүмкін екенін ескергені жөн.

      Тараптардың арасындағы шарт тараптардың тиісті міндеттемелерді орындауға екі жақтың ниеті бойынша жасалған, бірақ оны жасасқаннан және материалдық пайданы алғаннан кейін тараптардың бірінде алынған міндеттемелерді орындауға кедергі келтіретін объективті мән-жайлар туындаған жағдайларда, жасалған әрекет алаяқтық ретінде саралануы мүмкін емес.

      12. Пайдакүнемдік пиғылмен бөтен жеке немесе өзге құжаттардың (мысалы, зейнеткерлік куәлігінің, баланың туу туралы куәліктерінің, иесінің аты көрсетілген банктік жинақтаушы кітапшасының немесе басқа да атаулы бағалы қағаздың және т.б.) негізінде әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды, ақша аударымдарын, банктік салымдарды немесе басқа мүлікті құқыққа қарсы иемдену алаяқтық болып табылады.

      Егер кінәлі адам аталған құжаттарды алдын ала ұрласа, онда оның әрекеттері ҚК-нің 384-бабының үшінші бөлігі бойынша қосымша саралануы тиіс.

      Мән-жайлардың басталуы заңға, заңға тәуелді актіге және (немесе) шартқа сәйкес тиісті төлемдерді немесе бөтен мүлікті алуға шарт болып табылатын олардың болуы туралы көрінеу жалған мәліметтерді тиісті шешім қабылдайтын уәкілетті органға ұсыну жолымен, сонымен қатар аталған төлемдерді алу үшін негіздердің тоқтатылғанын жасырып қалу жолымен әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды, басқа да ақша төлемдерін немесе өзге мүлікті иемденуден тұратын әрекеттерді алдау жолымен бөтен мүлікті жымқыру ретінде саралау қажет.

      13. Адамның жалған төлем тапсырмаларын немесе бөтен жеке және өзге құжаттарды банкке ұсына отырып, пайдакүнемдік мақсатпен банк қызметкерін алдау немесе оның сенімін теріс пайдалану жолымен банктердің шоттарындағы ақшалай қаражатты өз пайдасына немесе басқа адамдардың пайдасына өтеусіз айналдыруы алаяқтық деп сараланады.

      Қаржы жағдайы немесе кепілдегі мүлкі туралы немесе кредит немесе дотация алу үшін елеулі маңызға ие болатын өзге де мән-жайлар туралы көрінеу жалған мәліметтерді ұсыну арқылы дотацияны не кредитті қайтаруға ниеті болмай өзінің меншігіне айналдыру мақсатында адамның оларды алуы алаяқтықтың құрамын құрайды.

      14. Адам алаяқтықтың нәтижесінде банктік шотқа ақша есепке алынған сәтінен бастап оларға иелік ету мүмкіндігін алады және осы қаражаттың оның шотына есепке алынған сәтінен бастап, қылмысты аяқталды деп есептеген жөн.

      15. Алдын ала ұрланған немесе жалған кредит (есептік) картасын, ұсынушыға арналған бағалы қағаздарды (облигация, вексель, акция және т.б.) пайдалану жолымен бөтен ақша қаражаттарын банкомат арқылы жымқыру алаяқтық құрамын құрамайды. Мұндай жағдайда жасалған әрекетті бөтен мүлікті жасырын жымқыру ретінде саралау қажет.

      Ұрланған немесе жалған кредиттік не есептік картаны пайдалану жолымен банктік шоттарда жатқан бөтен ақша қаражаттарын жымқыруға байланысты әрекеттерді адам банктің уәкілетті қызметкерін алдау немесе оның сенімін теріс пайдалану жолымен жаңылыстырған жағдайда ғана алаяқтық деп саралаған жөн.

      16. Мемлекеттік сатып алу саласындағы алаяқтық деп бюджет ақша қаражаттарын өзінің пайдасына немесе үшінші тұлғалардың пайдасына айналдыру үшін тапсырыс берушіні немесе мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны әдейі жаңылыстырып, алдау мақсатында көрінеу жалған ақпаратты(қаржы немесе шаруашылық жағдайы, қызметкерлердің, техникалық құралдардың және т.б. болуы туралы) ұсынуды қамтитын кінәлінің (өнім берушінің) әрекеттерінің нәтижесінде өнім беруші тауарды жеткізбей немесе жұмысты орындамай немесе қызметті көрсетпей бөлінген қаражатты өзінің пайдасына асыруы түсініледі.

      Тапсырыс берушінің уәкілетті адамы тауарларды немесе орындалған жұмыстарды немесе көрсетілген қызметтерді қабылдау-тапсырудың көрінеу жалған актісін жасаса, соның нәтижесінде өнім берушінің шотына ақша қаражаттары түсіп, өнім беруші оларды өзінің меншігіне айналдырған және өзінің қалауы бойынша билік еткен жағдайда, өнім берушінің мұндай әрекеттерінде алаяқтықтың құрамы болмайды. Анықталған мән-жайларға байланысты олардың (тапсырыс берушінің не өнім берушінің уәкілетті адамдарының) осы әрекеттері лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану немесе сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп алу немесе талан-таражға салу жолымен жымқыру деп саралануы мүмкін.

      17. Алаяқтықты жымқыру белгілері болмаған алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіруден ажырату кезінде соттардың жымқыру белгілері болмаған алдау немесе сенімді теріс пайдалану барысында кінәлі адам мүлік иесінің немесе өзге адамның заңды иелігінен мүлікті алып қоймайтынын немесе оған құқықты иемденбейтінін ескеруі тиіс. Мұндай жағдайда кінәлі адам алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүлікті немесе оған құқықты немесе мүлік иесіне немесе өзге адамға ақы төлеумен көрсетілетін қызметтерді өтеусіз пайдаланып, заңсыз пайда табады және жәбірленушіге немесе мүліктің өзге иесіне нақты материалдық залал келтіреді.

      Мұндай әрекеттер мемлекеттік органның немесе кәсіпорынның, жеке немесе заңды тұлғаның мүлкіне немесе оларға көрсететілетін ақылы қызметтерге ақы төлемей пайдалануды (заңнамада белгіленген төлемдерден немесе коммуналдық қызметтер үшін, тұрғын үйді, техниканы жалдағаны үшін ақы төлеуден босататын жалған құжаттарды ұсыну жолымен, электр энергиясын, суды, газды есепке алмай тұтынуға мүмкіндік беретін энергия желілеріне, су, газ құбырларына рұқсатсыз қосылу немесе осы адамға берілген көлікті жеке мақсатта пайдалану, жолсеріктер мен кондукторлардың жолаушыларды билетсіз тасуы және т.б.) білдіреді.

      18. Кінәлі адамның әрекеттерін ҚК-нің 190-бабы төртінші бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық топ жасаған алаяқтық ретінде саралау кезінде ҚК-нің 3-бабының 23, 24, 25, 33, 34, 35 және 36-тармақтарында көрсетілген түсіндірулерді басшылыққа алу қажет.

      19. ҚК-нің 190-бабы екінші бөлігінің 3-тармағында көзделген алаяқтық жасалған кезде қызметтік жағдайын пайдаланатын адамдар деп "Мемлекеттік қызмет туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V Қазақстан Республикасы Заңының нормалары қолданылмайтын қызметшілерді немесе лауазымды адамдарды түсінген жөн.

      20. Кінәлі адамның, егер ол мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам не оған теңестірілген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам бола тұра, мүлік иесін алдау немесе оның сенімін теріс пайдалану жолымен мүлікті жымқыру немесе оған құқықты иемдену мақсатында өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып қасақана жасаған әрекеттерін ҚК-нің 190-бабы үшінші бөлігінің 2-тармағы бойынша саралау қажет.

      21. Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам өзінің қызметтік өкілеттіктерінің жоқтығынан немесе қызметтік жағдайын пайдалануға мүмкіндіктің болмауынан нақты жүзеге асыра алмайтын әрекеті (әрекетсіздігі) үшін бөтеннің ақша қаражаттарын немесе өзге құндылықтарын иелену пиғылымен алуы алаяқтық ретінде саралануы тиіс.

      Осы адам қылмыс жасау орнында ақшаны, бағалы қағаздарды және басқа да материалдық құндылықтарды алу кезінде ұсталған жағдайда жасалған әрекетті алаяқтыққа оқталу ретінде саралау керек.

      Соттар кінәлі адамның әрекеттерін ҚК-нің 190-бабы үшінші бөлігінің 2-тармағы бойынша саралау кезінде ҚК-нің 3-бабының 16, 26, 27 және 28-тармақтарын басшылыққа алғандары жөн.

      22. Адамға (жалдау, мердігерлік, комиссия, тасымалдау, сақтау және т.б. немесе еңбек шартының) азаматтық-құқықтық шарттардың негізінде сеніп тапсырылған мүлікті ол иемденіп алған немесе талан-таражға салған жағдай қызметтік жағдайын пайдаланған алаяқтыққа жатпайды. Көрсетілген әрекеттер ҚК-нің 189-бабымен қамтылады.

      23. Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамның не оған теңестiрiлген адамның не лауазымды адамның не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның көрінеу алаяқтықты ұйымдастырушылар, оған айдап салушылар және көмектесушілер ретіндегі әрекеттері, егер олар қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, ҚК-нің 28-бабының тиісті бөлігі және ҚК-нің 190-бабының екінші немесе үшінші бөліктері бойынша сараланады.

      24. Кінәлі адамдардың әрекеттерінде ірі немесе аса ірі мөлшерде сараланатын алаяқтық белгісінің бар болуы туралы мәселе ҚК 3-бабының 3 немесе 38-тармақтарына сәйкес шешілуге тиіс.

      Алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобында немесе қылмыстық топтың құрамында "ірі мөлшерде" немесе "аса ірі мөлшерде" белгісі бойынша алаяқтық жасаған адамдардың әрекеттерін саралау туралы мәселені шешу кезінде қылмысқа қатысушылардың барлығы жымқырған мүліктің жалпы кұнын негізге алған жөн.

      25. Соттарға жалғаспалы алаяқтықты оның бірнеше рет жасалуынан ажырата білу қажет. Жалғаспалы алаяқтық кезінде кінәлі бір көзден бөтен мүлікті бірнеше рет алу жолымен мүлікті иеленуге қатысты бір пиғылды іске асырып, алдын ала көздеген мақсатына қол жеткізеді.

      26. Алаяқтықтың бірнеше рет жасалу белгісін екі немесе одан көп адамдарға қатысты алаяқтықтың жасалуынан ажырату үшін екі немесе одан көп адамға қатысты алаяқтық бір сәтте және бір қылмыстық әрекетпен жасалатынын (үлестік құрылысқа қатысушыларға, ақпараттық жүйені пайдаланушыларға және т.б. қатысты алдаушылық) ескерген жөн. Бірнеше рет жасау кезінде, аталған іс-әрекет әртүрлі уақытта жасалады және мүлік әртүрлі көздерден жымқырылады.

      27. "Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 8 нормативтік қаулысының 19 және 20-тармақтарының күші жойылды деп есептелсін.

      28. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының
Төрағасы
Қ.МӘМИ
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Қ.ШАУХАРОВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады