"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 27 наурыздағы № 138 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы" 1997 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 11, 154-құжат; 1999 ж., № 8, 239-құжат; № 23, 925-құжат; 2002 ж., № 6, 71-құжат; 2003 ж., № 1-2, 13-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; № 24, 157-құжат; 2005 ж., № 23, 98-құжат; 2006 ж., № 12, 69-құжат; 2007 ж., № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2012 ж., № 4, 32-құжат; № 8, 64-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат; 2014 ж., № 6, 28-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; 2015 ж., № 6, 27-құжат; № 8, 45-құжат; № 15, 78-құжат; № 19-II, 106-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат; № 23-ІІ, 170-құжат, 2016 ж., № 7-I, 49-құжат):
      12-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Егер жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері мүгедектердің тиісті санаттары үшін белгіленген мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақының мөлшерінен аз болса, мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы төлеу жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне мүгедектердің осы санаты үшін белгіленген мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейінгі тиісті қосымша төлемдер түрінде жүргізіледі.".
      2. "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 17-18, 247-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 1, 4-құжат; № 23, 117-құжат; 2011 ж., № 10, 86-құжат; № 16, 128-құжат; 2012 ж., № 2, 14-құжат; № 8, 64-құжат; 2013 ж., № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; 2015 ж., № 6, 27-құжат; № 10, 50-құжат; № 19-II, 106-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат; № 22-V, 158-құжат; 2016 ж., № 7-I, құжат):
      1) 1-баптың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "8) халықты жұмыспен қамту орталығы - ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында құратын мемлекеттік мекеме.";
      2) 2-бапта:
      1-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1-1. Кедейлік шегінің мөлшерін орталық атқарушы орган мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктеріне қарай пайыздық мәнде орта есеппен жан басына шаққандағы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы негізінде айқындайды.";
      2-тармақтың 1) тармақшасы алып тасталсын.
      3. "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2003 жылғы 25 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 9, 41-құжат; 2004 ж., № 23, 140, 142-құжаттар; 2006 ж., № 23, 141-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 20, 152-құжат; № 24, 178-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 9-10, 50-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат; № 11, 102-құжат; № 14, 117-қүжат; 2012 ж., № 2, 14-құжат; № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; № 8, 64-құжат; № 14, 95-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 2, 13-құжат; № 3, 15-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 14, 72-құжат; № 21-22, 115-құжат; 2014 ж., № 1, 1, 4-құжаттар; № 19-І, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат; 2015 ж., № 6, 27-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат; 2016 ж., № 7-I, 49-құжат):
      10-1-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтік төлемдерінің дербестендірілген есебі;".
      4. "Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы" 2005 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 12, 44-құжат; 2007 ж., № 24, 178-қүжат; 2009 ж., № 23, 111-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 6, 28-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; 2015 ж., № 6, 27-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат):
      1) 1-бапта:
      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "4) отбасы - некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға септігін тигізуге тиісті мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге байланысты адамдар тобы;";
      мынадай мазмұндағы 12) тармақшамен толықтырылсын:
      "12) медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі - медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізетін уәкілетті мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі;";
      2) 3-1-баптың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар тағайындау және төлеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";
      3) 3-2-бапта:
      1), 2), 5) және 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) жәрдемақыларды тағайындау жөніндегі уәкілетті органға беру үшін құжаттар қабылдауды және олардың жинақталуын тексеруді жүзеге асырады;
      2) құжаттарды қабылдау, жәрдемақыларды тағайындау, тоқтата тұру, тоқтату, қайта бастау және қайта есептеу істерінің макеттерін қалыптастыру мәселелері бойынша жәрдемақылар тағайындау жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайды;";
      "5) балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды төлеуге қажеттілікті есептеу бойынша болжамды деректерді қалыптастырады;
      6) жәрдемақы төлемдеріне ай сайынғы қажеттілікті және оны төлеу кестелерін қалыптастырады, балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды төлеуге қаражат қажеттілігі туралы өтінімдерді уәкілетті мемлекеттік органға жібереді;";
      4) 5-баптың 2-тармағының 2) тармақшасында:
      үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      "Адамдар бала туғанда берілетін жәрдемақыны, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы жүгінуге құқылы.";
      мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Балаға мүгедектік алғаш рет белгіленген кезде мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін өтініш беруші медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне тұрғылықты жері бойынша жүгінуге құқылы.";
      5) 6-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Жәрдемақы тағайындау мен төлеуді уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін тәртіппен уәкілетті орган жүргізеді.";
      6) 10-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) бала туғанда берілетін жәрдемақы:
      бірінші, екінші, үшінші балаға - 38,0 айлық есептік көрсеткіш;
      төртінші және одан кейінгі балаларға - 63,0 айлық есептік көрсеткіш";
      7) 11-бапта:
      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
      "11-бап. Жәрдемақыларды төлеуді тоқтату немесе тоқтата тұру";
      1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Осы Заңның 4-бабы 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көзделген жәрдемақыларды төлеуді тоқтату үшін:";
      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
      "1-1. Осы Заңның 4-бабы 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген жәрдемақыларды төлеу мынадай мән-жайлар туындаған күннен бастап тоқтатыла тұрады:
      1) жәрдемақы алушылардың Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге тұрақты тұруға кетуі;
      2) жәрдемақы алушының сот тағайындаған бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаны өтеуі;
      3) арнаулы әлеуметтік қызметтер ақылы негізде ұсынылатын адамдарды қоспағанда, жәрдемақы алушылардың мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) тұруы негіз болып табылады.
      Жәрдемақы төлемін тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлар өткеннен кейін жәрдемақы төлемі қайта басталады.".
      5. "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2013 ж., № 10-11, 55-құжат; № 21-22, 115-құжат; 2014 ж., № 1, 1-құжат; № 6, 28-құжат; № 8, 49-құжат; № 11, 61-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 6, 27-құжат; № 8, 45-қүжат; № 10, 50-құжат; № 15, 78-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат; № 22-VІ; 159-құжат; № 23-ІІ, 170-құжат; 2016 ж., № 8, 65-құжат):
      1) 1-бапта:
      31) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "31) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары - еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын, кәсіптері өндірістердің, жұмыстардың, жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген жұмыскерлердің пайдасы үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына агенттер меншікті қаражаты есебінен аударған ақша;";
      2) 6-баптың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "6) өндірістердің, жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын, пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асыратын жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесін бекітеді;";
      3) 7-бапта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) өндірістердің, жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын, пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асыратын жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесін әзірлейді;";
      6-1) тармақша алып тасталсын;
      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "8) орталық атқарушы орган мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақпараттық жүйелері арасында жеке зейнетақы шоттары бойынша қозғалыстар туралы ақпарат алмасу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";
      4) 9-баптың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Бір мезгілде жасына байланысты зейнетақы төлемдерін немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындауға құқығы бар адамдарға олардың қалауы бойынша осы зейнетақы төлемдерінің біреуі тағайындалады.";
      5) 11-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "7. Өмір бойғы ай сайынғы қамтылымды алатын отставкадағы судьяларға жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалмайды.";
      6) 15-баптың 5-тармағы алып тасталсын;
      7) 16-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 46 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.";
      8) 20-баптың 12) және 13) тармақшалары алып тасталсын;
      9) 26-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Агенттер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын меншікті қаражаты есебінен еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын, кәсіптері өндірістердің, жұмыстардың, жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген жұмыскерлердің пайдасына жүзеге асырады.
      Өндірістік объектілерді аттестаттау нәтижелерімен расталған зиянды еңбек жағдайлары жойылған жағдайда агенттер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асырмайды.";
      10) 34-баптың 9-тармағының 15) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "15) Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы айқындайтын тәртіппен салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттары туралы орталық атқарушы органның ақпараттық жүйелерімен ақпарат алмасуды жүзеге асыруға;";
      11) 39-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      "39-бап. Салымшылардың олар үшін міндетті зейнетақы жарналары енгізілген, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың және агенттердің құқықтары мен міндеттері";
      12) 53-баптың 3-тармағының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры комиссиялық сыйақының шамасын кемінде екі баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялау арқылы салымшыларға (алушыларға) оны бекіткен күннен бастап бір айдан кешіктірмей хабарлауға тиіс.";
      13) 57-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Жеке зейнетақы шотының болуы, ондағы ақша қалдықтары мен оның қозғалысы туралы анықтамалар, салымшы (алушы) қайтыс болған жағдайда, жазбаша сұрау салу бойынша, заң бойынша мұрагерлікке құқығы туралы куәлікке сәйкес мұрагерлер болып табылатын өсиетте көрсетілген адамдарға, соттардың іс жүргізуіндегі мұрагерлік істер бойынша ұйғарым негізінде соттарға беріледі.";
      14) 64-баптың 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "8. 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қатысушылары болған адамдардың осы баптың 1 - 3-тармақтарына сәйкес еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алу құқығы әскери қызметшілердің (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдардың пайдасына 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін бюджет қаражаты есебінен аударылған міндетті зейнетақы жарналары сомасының 50 пайызы қайтарылған жағдайда туындайды.";
      15) 68-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
      "Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алған жағдайда еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындауға жүгінген күннен бастап, бірақ мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны төлеу тоқтатылған күннен кейін тағайындалады.";
      16) 71-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Осы Заңның 11 және 64-баптарында белгіленген жағдайлар болған кезде мүгедектігі бойынша жәрдемақы азаматтың қалауы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жасына байланысты зейнетақы төлемдерімен немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерімен ауыстырылуы мүмкін.";
      17) 73-баптың 10-тармағының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2014 жылғы 1 қаңтарға дейін ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары, егер пайдасына ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары енгізілген адамдар өндірістердің, жұмыстардың, пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асыратын, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесіне кірген кәсіптер жұмыскерлері болып табылған жағдайда, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарына аударылады.".
      6. Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 15, 78-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат):
      1) 1-бапта:
      3 және 11-тармақтар алып тасталсын;
      19-тармақта:
      2) тармақшада:
      жетінші және он үшінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
      "Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болған не болмаған кезде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 54 пайызы мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырыла отырып, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 100 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі.";
      "5) әскери қызметтегі, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі кезеңдер;";
      он бесінші абзацта "кезең зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есепке жатқызылады." деген сездер "кезең;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы он алтыншы абзацпен толықтырылсын:
      "8) "Байқоңыр" кешенінің ресейлік ұйымдарындағы 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек қызметінің кезеңдері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есепке жатқызылады.";
      8) тармақшаның он бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "8) орталық атқарушы орган мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақпараттық жүйелері арасында жеке зейнетақы шоттары, шартты зейнетақы шоттары бойынша қозғалыстар туралы ақпарат алмасу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";
      23) тармақшаның он тоғызыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "15) орталық атқарушы органның ақпараттық жүйесімен жеке зейнетақы шоттары, шартты зейнетақы шоттары бойынша қозғалыстар туралы ақпарат алмасуды жүзеге асыруға;";
      2) 2-бапта:
      мынадай мазмұндағы 2-1), 2-2) және 2-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      "2-1) 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін осы Заңның 1-бабының 19-тармағы 34) тармақшасының он үшінші және он төртінші абзацтары мынадай редакцияда қолданыста болады:
      "10. Мерзімдік сақтандыру төлемдері ай сайын, тоқсан сайын немесе зейнетақы аннуитеті шарты тараптарының келісімі бойынша өзгедей тәртіппен, бірақ осы Заңның талаптарына сәйкес жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.
      Алғашқы сақтандыру төлемін сақтандыру ұйымы зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру ұйымына зейнетақы жинақтарын аударған сәттен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.";
      2-2) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін осы Заңның 1-бабының 19-тармағы 19) тармақшасының алтыншы және жетінші абзацтары мынадай редакцияда қолданыста болады:
      "2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін деректемелері алушының зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішінде көрсетілетін алушының банк шотына аударады.
      Аударуға, есепке жатқызуға және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдеріне байланысты банк қызметтеріне ақы төлеу, оларды айырбастау сомаларын қоспағанда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.";
      3) 2018 жылғы 1 шілдеден бастап 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін осы Заңның 1-бабының 19-тармағының 2) тармақшасының оныншы абзацы мынадай редакцияда қолданыста болады:
      "2) міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең;";
      3) тармақшада:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "3) 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін:
      осы Заңның 1-бабының 19-тармағы 1) тармақшасының оныншы, он бесінші, он алтыншы және он жетінші абзацтары мынадай редакцияда қолданыста болады:";
      отыз төртінші, отыз бесінші және отыз алтыншы абзацтар алып тасталсын;
      3) 3-бапта:
      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 19-тармақтың 19) тармақшасы, 34) тармақшасының он үшінші және он төртінші абзацтары";
      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағын, 2-тармағының 1) тармақшасын, 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларын, 5 және 6-тармақтарын, 7-тармағының 1), 2), 5) және 6) тармақшаларын, 8, 9, 12, 13, 14, 15 және 16-тармақтарын, 19-тармағының 1) тармақшасының екінші, үшінші, төртінші, оныншы, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, жиырма үшінші, жиырма төртінші және жиырма бесінші абзацтарын, 2) тармақшасының оныншы абзацын, 3) тармақшасының жетінші абзацын, 4) тармақшасының алтыншы, жетінші және сегізінші абзацтарын, 5) тармақшасының төртінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, оныншы, он бірінші, он үшінші және он төртінші абзацтарын, 12) тармақшасының төртінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы және он тоғызыншы абзацтарын, 13) тармақшасының екінші, үшінші, он үшінші, он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма бірінші және жиырма тоғызыншы абзацтарын, 15), 17) және 18) тармақшаларын, 19) тармақшасының алтыншы және жетінші абзацтарын, 21) тармақшасын, 23) тармақшасының екінші, үшінші, төртінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші, он бесінші, он сегізінші және он тоғызыншы абзацтарын, 26) тармақшасының екінші, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма бірінші, жиырма екінші, жиырма үшінші, жиырма төртінші, жиырма тоғызыншы, отызыншы және отыз бірінші абзацтарын, 28) тармақшасын, 29) тармақшасының бесінші, сегізінші, тоғызыншы және оныншы абзацтарын, 30) тармақшасының бесінші және алтыншы абзацтарын, 32) тармақшасын, 20-тармағын, 21-тармағының 1) тармақшасын қоспағанда, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.".
      7. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 28 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 19-ІІ, 106-құжат, 2016 ж., № 7-І, 49-құжат):
      1) 1-бапта:
      6-тармақтың 1) тармақшасының алтыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1-2) әлеуметтік келісімшарт - жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматы не оралман, сондай-ақ "Жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда өзге адамдар мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, ал "Жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыруға тартылған жеке және заңды тұлғалармен тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы келісім;";
      7-тармақта:
      4) тармақшасының үшінші, төртінші және бесінші, жетінші және сегізінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Тізбесін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын құжаттарды қоса бере отырып, жәрдемақы тағайындау туралы өтініш осы Заңның 4-бабында көзделген жәрдемақыға құқығы бар отбасының тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорацияға беріледі.
      Балаға мүгедектік алғаш рет белгіленген кезде мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін өтініш беруші медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне тұрғылықты жері бойынша жүгінуге құқылы.
      Адамдар бала туғанда берілетін жәрдемақыны, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы жүгінуге құқылы.
      Жеке өзі жүгіну мүмкіндігі болмаған жағдайда өтініш беруші белгіленген тәртіппен берілген сенімхат негізінде жәрдемақы тағайындау туралы өтінішпен жүгінуге басқа адамдарға уәкілеттік беруге құқылы.";
      4-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдар ақпараттық жүйелерде өтініш беруші туралы сұратылған мәліметтердің жоқ екенін растайтын электрондық құжаттарды ұсынған кезде сұрау салуды жүзеге асырған Мемлекеттік корпорация ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде ақпараттық жүйелердегі өтініш беруші туралы мәліметтерді сәйкес келтіру үшін құжаттардың түпнұсқаларын ұсыну қажеттігі туралы өтініш берушіні хабардар етеді.";
      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "6) 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "9-бап. Көп балалы анаға берілетін жәрдемақыны тағайындау және төлеу
      1. Көп балалы анаға берілетін жәрдемақыны тағайындауға өтініш жасау қандай да бір мерзіммен шектелмей кез келген уақытта жүзеге асырылады.
      2. Жәрдемақы төлеу ағымдағы ай үшін және барлық қажетті құжаттарымен бірге жүгінген күннен бастап жәрдемақы тағайындалған жағдайлар сақталған кезеңге жүргізіледі. Алушы қайтыс болған жағдайда жәрдемақы қайтыс болған айына қоса төленеді.
      3. Жәрдемақы тағайындау үшін растайтын құжаттарды табыс етпеген немесе деректері дұрыс емес құжаттарды табыс еткен адамдарға жәрдемақы тағайындалмайды.
      4. Жәрдемақы төлеу оны тағайындау үшін негіздер жойылған немесе алушы қайтыс болған жағдайда тоқтатылады.";".
      8. "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2016 ж., № 12, 86-құжат):
      60-бапта:
      1) 60-баптың 1-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "3) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 35-баптың 6-тармағының екінші бөлігінің төртінші абзацын;
      2) мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "3-1) Осы Заңның 25-бабының 10-тармағы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мынадай редакцияда енгізіледі деп белгіленсін:
      "10. Банктер "электрондық үкіметтің" төлем шлюзі арқылы мемлекеттік органдарға, соттарға бюджетке төлемдер төлеумен, міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және әлеуметтік аударымдарды аударумен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге ақы төлеумен байланысты жүзеге асырылған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы мәліметтер мен ақпаратты береді.".

2-бап. Осы Заң 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Заңның 1-бабы 4-тармағының 2), 3), 5) және 7) тармақшаларын қоспағанда, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады