"Тіркелген тарифтерді айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 наурыздағы № 271 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 сәуірдегі № 207 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. "Тіркелген тарифтерді айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 наурыздағы № 271 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 24, 180-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Тіркелген тарифтерді айқындау қағидаларында:

      4, 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қазақстан Республикасының Үкiметi бұрын бекiтiлген тіркелген тарифтердiң деңгейлерiн жыл сайын түзетуге құқылы.

      5. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бекiтiлген тіркелген тарифтердi түзету туралы актiсi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таралатын мерзiмдi баспа басылымдарында қазақ және орыс тiлдерiнде алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн екi жыл өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қуаты аз жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану жөніндегі объектiлерді енгiзудi ынталандыру, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерiн дамыту үшін табиғи, климаттық, техникалық немесе өзге де жағдайлары қолайсыздау жерлердi электрмен қамтамасыз ету үшiн тіркелген тарифтер жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану жөніндегі объектiлердің белгiленген қуатына байланысты сараланады.";

      мынадай мазмұндағы 11-2-тармақпен толықтырылсын:

      "11-2. Шетелдік валютада кредиттік міндеттемесі бар жобалар үшін егер ұлттық валютаның айырбасталатын валюталарға қатысты айырбастау бағамының өзгеруі алдыңғы жылмен салыстырғанда 25 % және одан жоғары болған жағдайда, күн сәулесінің энергиясын түрлендіру үшін қазақстандық кремний (Kaz PV) негізінде фотоэлектрлік модульдерді пайдаланатын, жалпы қуаты 37 МВт күн электр станцияларының жобаларына арналған тіркелген тарифтерді қоспағанда, тіркелген тарифтер инфляцияны және ұлттық валютаның айырбасталатын валюталарға қатысты айырбастау бағамының өзгеруін ескере отырып, жылына бір рет 1 қазанға мынадай формула бойынша индекстеледі:



, мұндағы:

      Тt+1 – жоғарыда көрсетілген формула бойынша есептелген азаю жағына қарай толық тиынға дейін дөңгелектелген, индекстелген тіркелген тариф;

      Тt – егер бұрын мұндай индекстеу жүргізілген болса, бұрын жүргізілген индексацияны есепке ала отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қолданыстағы тіркелген тариф;

      ТБИt – мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның деректері бойынша айқындалатын, индекстеу жүргізілген жылдың 1 қазанының алдындағы он екі айға жинақталған тұтыну бағасының индексі;

      USDt-1 – индекстеу жүргізілетін жылдың 1 қазанында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша айқындалған теңгенің АҚШ долларына қатысты ағымдағы бағамы;

      USDt – индексациялау жүргізілген күннің алдындағы он екі ай кезеңге есептелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша айқындалатын теңгенің АҚШ долларына қатысты орташа бағамы.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады