Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына трансферттерді беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 8 қыркүйектегі № 554 қаулысы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 35-бабының 7-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына трансферттерді беру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 8 қыркүйектегі
№ 554 қаулысымен
бекітілген

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына трансферттерді беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына трансферттерді беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (бұдан әрі – қор) республикалық бюджеттен:

      1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде қызметтер көрсеткені үшін ақы төлеуге;

      2) қордың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (бұдан әрі – МӘМС) әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне медициналық көмек көрсеткені үшін денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеуге арналған шығындарды өтеуге;

      3) "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) айқындалған қорға жарналар төлеуден босатылған Қазақстан Республикасының азаматтары үшін МӘМС-ге мемлекеттің жарналарын төлеуге трансферттерді аудару тәртібін айқындайды.

      2. Трансферттер сомасының көлемі жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджетті бекіту кезінде айқындалады.

2-тарау. Қорға трансферттерді беру тәртібі

      3. Республикалық бюджет бекітілгеннен кейін қор трансферттердің жылдық сомаларын айларға бөлу жөніндегі ұсыныстарды қалыптастырады және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарын қалыптастыру кезінде есепке алу үшін уәкілетті органға жібереді.

      Қор трансферттердің жылдық сомаларын айлар бойынша бөлуді аванстық төлемдерді төлеудің болжамды мерзімдерін ескере отырып, төлемдерді жүзеге асыру мерзімдеріне байланысты жүзеге асырады.

      4. Трансферттерді пайдалану процесінде міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу қажеттілігі кезінде қор ағымдағы айдың 5-күніне дейінгі мерзімде міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарын уәкілетті органға жібереді.

      5. Уәкілетті орган ТМККК шеңберінде қызметтер көрсеткені үшін және МӘМС жүйесінде әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне медициналық көмек көрсеткені үшін денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеуге берілетін трансферттерді қордың қазынашылықтағы есеп шотына аударуды ағымдағы айдың бірінші бес жұмыс күні ішінде (желтоқсан айының 20-күніне дейін) төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарының сомалары шегінде ай сайын жүзеге асырады.

      Ақшалай қаражатты міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына енгізілген өзгерістерді ескере отырып аудару ағымдағы айдың 25-күніне дейін жүзеге асырылады.

      ТМККК шеңберінде көрсетілген қызметтер үшін ақы төлеу және МӘМС жүйесінде әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне медициналық көмек көрсеткені үшін денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеуге берілетін трансферттер бойынша пайдаланылмаған қалдық сомасын айдың соңына қарай қор одан кейінгі айдың сомасына қосуға тиіс.

      Келесі қаржы жылының 1 қаңтарына пайда болған ТМККК шеңберінде көрсетілген қызметтері үшін ақы төлеу және МӘМС жүйесінде әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне медициналық көмек көрсеткені үшін денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеуге берілетін трансферттер бойынша пайдаланылмаған қаражат қалдығының сомасы қолданыстағы бюджет заңнамасына сәйкес республикалық бюджет кірісіне қайтарылуға тиіс.

      6. Трансферттердің жылдық көлемін бөлінген бюджет шегінде нақтылау (түзету) қажет болған кезде қор Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес уәкілетті органға ұсыныстарын жолдайды.

      Бөлінген бюджет шегінде трансферттердің сомаларын нақтылау (түзету) жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес қарайды.

      7. Заңның 26-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11), 12), 13) және 14) тармақшаларында көрсетілген жарналарды төлеуден босатылған Қазақстан Республикасының азаматтары үшін МӘМС-ге мемлекеттің жарналары түріндегі ақшалай қаражатты қорға аудару уәкілетті орган айқындайтын Аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу (ұстап қалу) және аудару қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

3-тарау. Трансферттерді пайдалану жөніндегі есептілік

      8. Уәкілетті орган белгілеген нысандарға сәйкес қор уәкілетті органға тоқсан сайын ТМККК шеңберінде қызметтер көрсеткені үшін ақы төлеуге, қордың МӘМС жүйесінде әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне медициналық көмек көрсеткені үшін денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеу шығындарын өтеуге және қорға жарналар төлеуден босатылған Қазақстан Республикасының азаматтары үшін МӘМС-ге мемлекеттің жарналарын төлеуге берілетін трансферттерді пайдалану жөніндегі есептерді тапсырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады