Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 15 қыркүйектегі № 567 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев
     

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 15 қыркүйектегі
№ 567 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы НЕГІЗДЕМЕЛІК КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" деп, ал жеке алғанда – "Тарап" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі

      екі мемлекет арасындағы достық байланыстарды нығайту және олардың мұнай-газ саласындағы, мұнай-газ-химиясындағы және электр энергетикасындағы ынтымақтастығын ынталандыру мақсатында,

      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық өзара толықтырушы сипатта болатынын, сондай-ақ осы саладағы екі елдің ынтымақтастығын одан әрі кеңейту үшін географиялық артықшылыққа ие екенін ескере отырып,

      мыналарды:

      мұнай өңдеу зауыттарында (бұдан әрі – МӨЗ) өңдеу үшін Өзбекстан Республикасына шикі мұнай беруді ұлғайтудағы өзара мүдделілікті, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Жизақ облысында жаңа МӨЗ салу жөніндегі өзбек тарапының ниетін;

      Қазақстанның оңтүстігін күзгі-қысқы кезеңде табиғи газбен үздіксіз жабдықтау қажеттігін, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының газ-көлік жүйесінің транзиттік әлеуетін дамытудағы өзара мүдделілікті назарға ала отырып;

      теңдік, өзара тиімділік және ұзақ мерзімдік ынтымақтастық қағидаттарына сәйкес төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін екі елдің кәсіпорындарын қолдау жөнінде тиімді шаралар қабылдауға келісті.

      Тараптар өз мемлекеттері кәсіпорындарының Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының аумағында мұнай мен газды барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдау жөніндегі бірлескен жобаларға қатысуына, сондай-ақ өзара тиімді инвестициялық жағдай жасауға және Тараптар мемлекеттері кәсіпорындарының өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес рұқсаттар, жеңілдіктер мен преференциялар алуына жәрдем көрсетеді.

      Тараптар Үйлестіру кеңесін құрады, ол осы Келісімнің іске асырылу барысын тұрақты негізде қадағалайтын болады, сондай-ақ мұнай мен газды сатып алу-сату, уақтылы тасымалдау мәселелерін, жұмыстарды үйлестіруді қамтамасыз етуді және өзге де туындайтын мәселелерді шешуді қоса алғанда, оның шеңберінде жүзеге асырылатын іс-шаралардың уақтылы орындалуын реттеуді және бақылауды жүзеге асыратын болады.

      Үйлестіру кеңесінің құрамын бекіту үшін Тараптар дипломатиялық арналар бойынша жазбаша хабарламалармен алмасады.

2-бап

      Тараптар Ресейде шығарылатын мұнайды Өзбекстан Республикасына Қазақстан Республикасының аумағы бойынша "Шағыр" мұнай құю пунктіне (бұдан әрі – "Шағыр" МҚП) дейін және одан әрі Өзбекстан Республикасына қарай бағытта теміржол көлігімен жылына 1 млн. тоннаға дейінгі көлемде беруді жүзеге асыруды қолдайды.

      Тараптар Ресейде және Қазақстанда шығарылатын мұнайды Өзбекстан Республикасына Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жылына 5 млн. тоннаға дейінгі көлемде беруді қамтамасыз ету үшін мұнай-көлік инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде Шымкент – Жизақ магистральдық мұнай құбырын салу қажеттілігін қолдайды.

      Тараптар Өзбекстан Республикасына Қазақстан Республикасының аумағы арқылы мұнай тасымалдаудың мүмкін болатын мерзімдері мен көлемдері туралы уағдаласты:

      - 2017 жылы 0,2 млн. тоннаға дейін;

      - 2018 – 2020 жылдары жыл сайын 1 млн. тоннаға дейін;

      - 2021 жылдан бастап 5 млн. тоннаға дейін.

      Өзбек тарапы Жизақ МӨЗ-ді қамтамасыз ету үшін жылына 2 млн. тоннаға дейінгі көлемде Қазақстанда шығарылатын мұнайды беруге мүдделілік танытады. Қазақстан тарапы ұлттық заңнамасының шеңберінде Қазақстан Республикасының шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін экономикалық тұрғыдан орынды болған кезде жылына 2 млн. тоннаға дейінгі көлемде Қазақстанда шығарылатын мұнайды беруге жәрдем көрсетеді.

3-бап

      1. Қазақстан тарапы Қазақстанда шығарылатын мұнай өнімдерін Өзбекстан Республикасына беруге мүдделі. Өзбек тарапы Өзбекстан Республикасының аумағына кемсітушіліксіз қол жеткізуді қамтамасыз етеді және Қазақстан тарапына Өзбекстан Республикасының және шектес мемлекеттердің аумағында Қазақстанда шығарылатын мұнай өнімдерінің маркетингіне жәрдем көрсетеді.

      2. Тараптар:

      - Ресей мен Қазақстан мұнайын өзбек МӨЗ-де, оның ішінде Жизақ МӨЗ-де өңдегеннен кейін алынған мұнай өнімдерінің Өзбекстан Республикасының ішкі нарығындағы және сыртқы өткізу нарықтарындағы бірлескен маркетингін;

      - мұнай өнімдерінің сыртқы өткізу нарықтарына, оның ішінде Қазақстан тарапының логистикалық инфрақұрылымын пайдалана отырып, логистикасын дамытуға уағдаласты.

4-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелерін орындау мақсатында мұнай-көлік және газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобаларды іске асыру үшін мынадай ұйымдарды тағайындайды:

      бұдан әрі бірлесіп "уәкілетті ұйымдар" деп аталатын, Қазақстан тарапынан – "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы және/немесе ол тағайындаған үлестес компания(лар),

      өзбек тарапынан – "Өзбекмұнайгаз" акционерлік қоғамы және/немесе ол тағайындаған үлестес компания(лар).

5-бап

      Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу үшін Ресейде шығарылатын мұнайдың көлемін өзбек тарапының уәкілетті ұйымының өтінімдері (жылдық, айлық) негізінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі айқындайды және белгіленген тәртіппен бекітілетін мұнай тасымалдау графигіне (жылдық, айлық) енгізіледі.

6-бап

      Тараптар уәкілетті ұйымдардың қуаттылығы жылына 5 млн. тонна болатын Шымкент – Жизақ мұнай құбырын салу және 2021 жылға қарай пайдалануға тапсыру жөніндегі жоспарларын іске асыруға қолайлы жағдай жасауға ықпал ететін болады.

      Шымкент – Жизақ мұнай құбырын жобалауды, қаржыландыруды, салуды және пайдалануды уәкілетті ұйымдармен келісілген шарттарда, өзінің тиісті мемлекетінің аумағында әрбір уәкілетті ұйым жүзеге асыратын болады.

      Тараптар өзінің уәкілетті ұйымдарын Шымкент – Жизақ мұнай құбырын жобалауға, салуға және пайдалануға арналған қажетті өкілеттіктермен, рұқсаттармен және лицензиялармен қамтамасыз етуге келісті.

7-бап

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1. Мұнай тасымалдау жүйесінің техникалық мүмкіндігі шегінде, сатып алу-сату шарттарында көзделген транзиттік мұнай көлемін тасымалдауға жәрдем көрсетеді.

      2. 8-баптың бірінші тармағының ережелері орындалған жағдайда өзінің уәкілетті ұйымы арқылы Шымкент – Жизақ магистральдық мұнай құбырына дейін жылына 5 млн. тоннаға дейінгі көлемде мұнайды тасымалдау бойынша техникалық мүмкіндікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының аумағында мұнай-көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі іс-шараларды уақтылы өткізуге жәрдем көрсетеді.

8-бап

      Өзбекстан Республикасының Үкіметі:

      1. Өзінің уәкілетті ұйымы арқылы "ship-or-pay" талаптарында Өзбекстан Республикасының аумағына мұнайды тасымалдау үшін Қазақстан Республикасының аумағында қуаттылық құруға Қазақстан тарапы салған инвестицияларды ақтау үшін жеткілікті кезеңде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша магистральдық мұнай құбыры мен тасымалдау үшін мұнайдың кепілдік берілген көлемін ұсынуды уәкілетті ұйымдар арасында келісілген талаптарда қамтамасыз етеді. Мұнайдың осындай кепілдік берілген көлемі мұнайды тасымалдау бойынша қызметтерді ұсынуға арналған шарттарда көрсетілуге тиіс.

      2. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы берілетін мұнайдың жоспарланған көлемін қабылдауды қамтамасыз ету үшін Өзбекстан Республикасының аумағында мұнай-көлік және мұнай өңдеу инфрақұрылымдарын салуды уақтылы аяқтауға кепілдік береді.

      3. Ресейлік өнім берушілер беретін мұнайдың сапасын ресейлік мұнайдың ағымдағы берілімдерінен төмен емес деңгейде сақтауға кепілдік береді.

      4. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы мұнайдың жоспарланған көлемін тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында Ресей тарапының Ресей Федерациясының аумағында мұнай-көлік инфрақұрылымының өткізу қабілеттілігін, сондай-ақ Ресей тарапымен келісу бойынша ресейлік мұнайды Қазақстан Республикасы бағытында және одан әрі Өзбекстан Республикасына тасымалдау үшін Ресей Федерациясының магистральдық мұнай құбыры жүйесіне қол жеткізуді мөлшерлес ұлғайту үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

9-бап

      Магистральдық мұнай құбырлары бойынша мұнайды тасымалдау кезінде оны есепке алу Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ мұнайды тасымалдау бойынша қызметтерді ұсынуға арналған шарттарға сәйкес жүргізіледі. Құбыр көлігімен алып өтілетін мұнайды есепке алу аспаптары Қазақстан Республикасының аумағында орнатылады.

10-бап

      Қазақстан тарапы Шымкент – Жизақ магистральдық мұнай құбырын пайдалануға бергенге дейін магистральдық құбырмен мұнайды тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерге нөлдік мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығын салады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын қайтару мақсаттары үшін магистральдық құбырмен мұнайды тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді Қазақстан тарапы халықаралық тасымал ретінде қарастырады.

11-бап

      1. "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамының мұнай құбырлары жүйесі бойынша мұнай тасымалдауға тарифтерді қалыптастыруды және бекітуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамы жүзеге асыратын болады. Тарифтер тиісті операциялық шығыстарды жабуға, инвестициялық салымдардың қайтарылуын және пайда алуды қамтамасыз етуге тиіс.

      2. Транзиттік мұнайды тасымалдау құны 1 тоннасына АҚШ долларымен белгіленетін болады.

12-бап

      Қазақстан тарапы Қазақстан Республикасының МӨЗ-ін мұнаймен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының магистральдық құбырлары жүйесінде ресейлік мұнайды қазақстандық мұнаймен ауыстыруды дербес жүзеге асыруға құқылы.

13-бап

      1. Тараптар техникалық мүмкіндіктер болған кезде және үшінші тараптар шарттық міндеттемелерді сақтаған кезде жылына 5 млрд. текше метрге дейінгі көлемде қазақстандық газды Өзбекстан арқылы транзитпен "Орталық Азия – Орталық" газ құбыры арқылы "Түрікменстан – Қытай" газ құбырына не Өзбекстан аумағы арқылы Қазақстанның батысынан ("Орталық Азия – Орталық" магистральдық газ құбыры, "Бұхара – Орал" магистральдық газ құбыры) газ транзитінің (алмасудың) кез келген өзге маршруттары бойынша Қазақстанның оңтүстігіне ("Түрікменстан – Қытай" магистральдық газ құбыры, "БГА-ТБА" магистральдық газ құбыры, "Газли-Шымкент" магистральдық газ құбыры) беру үшін барлық қажетті шараларды, оның ішінде оған техникалық мүмкіндіктер жасау жөніндегі шараларды қабылдайды.

      2. "Өзбекмұнайгаз" акционерлік қоғамы күзгі-қысқы кезеңде 2006 жылғы 27 желтоқсандағы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы, "Өзбекмұнайгаз" ұлттық холдинг компаниясы және "Газпром" ашық акционерлік қоғамы арасындағы Табиғи газды қарсы беру туралы келісім (СВОП-операциялары) шеңберінде Қазақстанның оңтүстігіне мәлімделген мөлшерде табиғи газды беруді қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін болатын шараларды қабылдайды.

14-бап

      Тараптар электр энергетикасы, химиялық және мұнай-химиялық өнімдерді өзара беру саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырады, сондай-ақ өзара мүддені білдіретін ынтымақтастықтың басқа да салаларын айқындауы мүмкін.

15-бап

      Осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу үшін Тараптар:

      а) тәжірибемен, озық практикамен бөлісуге, қажеттілігіне қарай ақпаратпен алмасуға және консультациялар жүргізуге;

      б) әртүрлі конференцияларды, семинарларды, форумдарды және т.б. қоса алғанда, қызметті ынталандыру жолымен екі Тараптың мемлекеттік органдары, компаниялары арасында қатынастардың орнауын көтермелеуге және қолдауға ниетті.

16-бап

      Тараптардың бірінің осы Келісім бойынша міндеттемелерді орындауына кедергі туғызатын мән-жайлар туындаған жағдайда, Үйлестіру кеңесі туындаған кедергілерді еңсеру және осы Келісімді орындауды қамтамасыз ету бойынша өзара қолайлы шешімдер қабылдау мақсатында тиісті консультациялар жүргізеді.

      Үйлестіру кеңесінің мүшелері арасында консультациялар арқылы шешу мүмкін болмаған, осы Келісімнің ережелерін түсіндірудегі және/немесе қолданудағы келіспеушіліктер тиісті хаттамалар ресімделе отырып, Тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.

17-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

      Тараптар осы Келісімді іске асыруға қатысудан туындайтын уәкілетті ұйымдардың міндеттемелері бойынша жауаптылықта болмайды.

      Бұл ретте Тараптар уәкілетті ұйымдардың өз міндеттемелерін тиісінше орындауын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдайтын болады.

18-бап

      Осы Келісім шеңберінде берілетін ақпараттың құпиялығын сақтау уәкілетті ұйымдар арасында жасалатын Құпиялылық туралы келісімге сәйкес реттелетін болады.

19-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады.

      Осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      Осы Келісім 2035 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады. Осы мерзім аяқталған соң, егер Тараптардың ешқайсысы Келісімнің кезекті қолданылуы кезеңі өткенге дейін кемінде алты ай бұрын оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етпесе, ол әрбір кейінгі жылға автоматты түрде ұзартылады.

      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісім шеңберінде, оның қолданылуы кезеңінде жасалған шарттармен (келісімшарттармен) көзделген міндеттемелердің орындалуын қозғамайды.

      2017 жылғы " " Ташкент қаласында бірдей заңды күші бар, әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі данада жасалды.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады