"Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 361 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 610 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі № 758 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 01.09.2023 № 758 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 55-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 361 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 37, 508-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларында:

      1, 7, 9 және 10-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу тәртібін айқындайды.";

      "7. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының өздері немесе олардың заңды өкілдері тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) өтініш-сауалнама;

      2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі мен паспорты, он алты жасқа толмаған балалардың туу туралы куәліктері;

      3) егер кететін адамның заң бойынша асырауындағы отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрса, "Неке (ерлі - зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 22-тарауында көзделген тәртіппен жасалған алименттерді төлеу туралы келісімді ұсынады. Келісімге қол жеткізілмеген кезде кететін адамдарға алименттің мөлшерін тұрақты ақша сомасында белгілеу немесе алиментті біржолғы төлеу не белгілі бір мүлікті алимент есебіне беру немесе алиментті өзге де тәсілмен төлеу не кететін адамның кету үшін заңда көзделген кедергілердің болмауы фактісін анықтау туралы соттың шешімі беріледі.

      Ескертпе: Кодекске сәйкес алимент алушы отбасы мүшелеріне:

      кәмелетке толмаған балалар;

      ата-ана;

      еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайы (зайыбы);

      жүктілігі кезеңінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы зайыбы, оның ішінде бұрынғы зайыбы;

      ортақ мүгедек баланы он сегіз жасқа толғанға дейін бағып-күтуді жүзеге асырып отырған, сондай-ақ он сегіз жасқа толған соң ортақ мүгедек балаға І-ІІ топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда көмекке мұқтаж жұбайы (зайыбы);

      неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғанға дейін еңбекке жарамсыз болып қалған көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз бұрынғы жұбайы (зайыбы);

      көмекке мұқтаж кәмелетке толмаған аға-інілер мен апа-сіңлілер, қарындастар;

      көмекке мұқтаж кәмелетке толмаған немерелер;

      көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз ата-әжелер;

      кәмелетке толмаған балаларды іс жүзінде тәрбиелеген және асыраған еңбекке жарамсыз мұқтаж адамдар;

      өздерінің өгей ұлдарын немесе егей қыздарын тәрбиелеген және асыраған, еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж өгей әке мен өгей шеше жатады;

      4) әскери есептен шығарылғаны туралы анықтама;

      5) ата-анасымен не өзге де заңды өкілдерімен кету туралы шешім қабылданған кезде он жасқа толған баланың пікірін есепке алу туралы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысы;

      6) он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары ата-анасының бірімен (қамқоршысымен, қорғаншысымен) бірге тұрақты тұруға кететін кезде Қазақстан Республикасының аумағында тұратын ата-анасының екіншісінің нотариалды түрде расталған келісімі. Келісім болмаған кезде, кәмелетке толмаған баланың кетуі сот тәртібімен шешілуі мүмкін;

      7) мемлекеттік баждың немесе консулдық салықтың төленгенін растайтын құжаттың көшірмесі.

      Осы тармақтың 3) және 6) тармақшаларында көрсетілген адамдарды Қазақстан Республикасының аумағында тіркеу туралы мәліметтер болмаған жағдайда кету туралы өтініш білдірген азамат олардың ел аумағында тіркелу фактісін анықтау үшін ішкі істер органдарына өтінішпен жүгінеді.

      Азаматтардан басқа құжаттарды сұратуға жол берілмейді.";

      "9. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу туралы шешім осы Қағидалардың 7-тармағында тізбеленген барлық құжаттар берілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей қабылданады.

      Қазақстан Республикасының азаматына елімізден тұрақты тұруға кетуге рұқсат беруден бас тарту үшін негіз болған жағдайда тиісті құжаттар ресімделмейді.

      Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуіне құқықты шектеудің барлық жағдайларында ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының азаматына хабарлама береді, онда шектеудің негізі мен мерзімі және осы шешімге шағым жасау тәртібі көрсетіледі.

      Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың жасына қарамастан, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты ресімделеді. Олардың жеке куәліктері Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеген ішкі істер органдарына тапсырылады.";

      "10. Қазақстан Республикасынан тыс жерге уақытша жұмыстармен кеткен және сол жерде тұрақты тұрғылықты тұруға ниет білдірген Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне өтініш білдіреді. Өтінішке осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттар қоса беріледі.

      Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі болмаған, жоғалған немесе қолданылу мерзімі өткен жағдайда өтініш беруші түсініктеме береді.

      Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері құжаттар, паспорттың және балалардың туу туралы куәлігінің көшірмелері қоса берілген өтінішті Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу үшін өтініш берушінің Қазақстан Республикасындағы соңғы тіркелген жері бойынша ішкі істер органдарына жібереді. Ішкі істер органдары келіп түскен құжаттарды қарайды және өтініш берген сәтте Қазақстан Республикасының аумағында өтініш берушінің тұрақты тіркеуінің болуына қарамастан, Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге рұқсатты ресімдеу туралы шешім қабылдайды.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады