"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 қазандағы № 636 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 21, 93-құжат; 2009 ж., № 23, 112-құжат; № 24, 129-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 29, 32-құжаттар; № 15, 71-құжат; № 24, 146, 149, 150-құжаттар; 2011 ж., № 2, 21, 25-құжаттар; № 4, 37-құжат; № 6, 50-құжат; № 7, 54-құжат; № 11, 102-құжат; № 13, 115-құжат; № 15, 125-құжат; № 16, 129-құжат; № 20, 151-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 16-құжат; № 3, 21-құжат; № 4, 30, 32-құжаттар; № 5, 36, 41-құжаттар; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 94-құжат; № 18-19, 119-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 2, 13-құжат; № 5-6, 30-құжат; № 8, 50-құжат; № 9, 51-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 13, 63-құжат; № 14, 72-құжат; № 15, 81, 82-құжаттар; № 16, 83-құжат; № 20, 113-құжат; № 21-22, 114-құжат; 2014 ж., № 1, 6-құжат; № 2, 10, 12-құжаттар; № 4-5, 24-құжат; № 7, 37-құжат; № 8, 44-құжат; № 11, 63, 69-құжаттар; № 12, 82-құжат; № 14, 84, 86-құжаттар; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 128, 131-құжаттар; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 2, 3-құжат; № 11, 57-құжат; № 14, 72-құжат; № 15, 78-құжат; № 19, 100, 106-құжаттар; № 20, 113, 117-құжаттар; № 21, 121, 124, 130, 132-құжаттар; № 22, 140, 143, 144-құжаттар; № 22-V, 156-құжат; № 22-VI, 159-құжат; № 23-II, 172-құжат; 2016 ж., № 7-II, 53-құжат; № 8-I, 62-құжат; № 12, 87-құжат):

      1) 50-баптың 1-тармағының 8) тармақшасындағы "облыстық бюджетке түсетін салық түсімдері болып табылады." деген сөздер алып тасталып, мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:

      "9) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алымдар облыстық бюджетке түсетін салық түсімдері болып табылады.";

      2) 51-баптың 1-тармағының 23) тармақшасындағы "республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттеріне түсетін салық түсімдері болып табылады." деген сөздер алып тасталып, мынадай мазмұндағы 24) тармақшамен толықтырылсын:

      "24) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алымдар республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттеріне түсетін салық түсімдері болып табылады.";

      3) 71-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы бесінші абзацпен толықтырылсын:

      "жасына байланысты зейнетақы төлемдерін және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін арттыру мөлшері;".

      2. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 18-I, 18-II, 92-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 145, 146-құжаттар; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 6-құжат; № 7, 33-құжат; № 8, 44, 45-құжаттар; № 9, 46-құжат; № 10, 50-құжат; № 11, 52-құжат; № 14, 71-құжат; № 15, 78-құжат; № 16, 79-құжат; № 19-I, 101-құжат; № 19-II, 102, 103, 105-құжаттар; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 115-құжат; № 21-I, 124, 125-құжаттар; № 21-II, 130-құжат; № 21-III, 137-құжат; № 22-I, 140, 141, 143-құжаттар; № 22-II, 144, 145, 148-құжаттар; № 22-III, 149-құжат; № 22-V, 152, 156, 158-құжаттар; № 22-VI, 159-құжат; № 22-VII, 161-құжат; № 23-I, 166, 169-құжаттар; № 23-II, 172-құжат; 2016 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 9-құжат; № 6, 45-құжат; № 7-I, 49, 50-құжаттар; № 7-II, 53, 57-құжаттар; № 8-I, 62, 65-құжаттар; № 8-II, 66, 67, 68, 70, 72-құжаттар; № 12, 87-құжат):

      1) 83-баптың бірінші бөлігінің 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертігуге ұшыраған және (немесе) кәсіби ауруға шалдыққан мүгедектерді кәсіптік оңалту саласындағы міндеттерді жұмыс берушінің сақтамауы түрінде жасалған бұзушылық – ";

      2) 90-баптың үшінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Еңбек делдалдығын көрсететін жеке және заңды тұлғаның, сондай-ақ жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау үшін бос жұмыс орындары туралы еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптар қамтылатын ақпаратты орналастыруы – ";

      3) 98-бапта:

      бірінші бөліктің 5) тармақшасы алып тасталсын;

      төртінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Еңбек делдалдығын көрсететін жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алған немесе өздерінің қарамағында жұмысқа орналасуға рұқсат алған шетелдік жұмыскерлер жұмыс істейтін жұмыс берушілердің бастапқы статистикалық деректерді бермеуі – ".

      3. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 20-II, 20-III, 112-құжат; 2016 ж., № 1, 4-құжат; № 6, 45-құжат; № 7-II, 55-құжат; № 8-I, 65-құжат; № 8-II, 72-құжат):

      193-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Айрықша құқықты іске асыру мемлекеттік монополия субъектісін құру жолымен жүзеге асырылады. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорын, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі не Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік кәсіпорын ғана мемлекеттік монополия субъектісі бола алады.".

      4. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., 22-IV, 151-құжат; 2016 ж., № 7-І, 49-құжат):

      1) 26-баптың 2-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) медицина жұмыскерлерін қоспағанда, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді қоса атқаратын жұмысқа орналастыруға жол берілмейді.";

      2) 53-баптың 9-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 24) тармақшасында көзделген негіз бойынша еңбек шартын бұзуға жұмыскер "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанда еңбек, ұжымдық шарттарда және (немесе) жұмыс берушінің актісінде айқындалатын мөлшерде өтемақы төлене отырып, жұмыскер зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін еңбек шартын бұзу күніне дейін кемінде бір ай бұрын оны хабардар ете отырып, жол беріледі.";

      3) 181-баптың 2-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен міндетті алдын ала және мерзімдік медициналық қарап тексеруден, сондай-ақ ауысым алдындағы (рейс алдындағы, рейстен кейінгі) медициналық куәландырудан өтуге;";

      4) 182-баптың 2-тармағының 17) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "17) келісімде, ұжымдық шартта, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты не кәсіптік аурудың белгілері пайда болғанда басқа жұмысқа ауыстыру кезінде жұмыскерлерді міндетті, мерзімдік (еңбек қызметі барысында) медициналық қарап тексеруден және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан меншікті қаражаты есебінен өткізуге міндетті.".

      5. "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1991 ж., № 52, 636-құжат; 1995 ж., № 19, 117-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 10, 101-құжат; 2004 ж., № 19, 115-құжат; № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 10, 69-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; 2011 ж., № 16, 128-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 23-24, 116-құжат; 2014 ж., № 16, 90-құжат; 2015 ж., № 22-V, 158-құжат; 2016 ж., № 8-ІІ, 67-құжат; 2016 ж., № 23, 118-құжат):

      1) 17-баптың 11) және 12) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіру туралы өтініш білдіргенге дейінгі бес жыл ішінде осы Заңның 21-бабы 1), 2) және 5) тармақшаларының негізінде Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтса;

      12) осы Заңның 21-бабы 8) тармақшасының негізінде Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтса, оның өтініші қабылданбайды.";

      2) 19-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалту салдарынан тоқтатылады.";

      3) 21-баптың бірінші бөлігінде:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "21-бап. Азаматтықты жоғалту";

      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) адамның шетелдік қарулы қақтығыстарға, шет мемлекет аумағындағы экстремистік және (немесе) террористік әрекетке қатысуы салдарынан жоғалтады.";

      4) 27-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы бапта аталған баланың Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуына не одан шығуына ол кәмелетке толғаннан кейін және ерікті қалауы бойынша ғана жол беріледі.";

      5) 30-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ішкі істер органдарының Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау және Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіру, оның ішінде жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен), азаматтықтан шығу, азаматтықты жоғалту және Қазақстан Республикасының азаматтығына жататындығын айқындау мәселелері жөніндегі өтінішхаттарды (өтініштерді) қабылдау, ресімдеу және қарау тәртібін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі әзірлейді және бекітеді.";

      6) 31-баптың бірінші бөлігінің үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтуын тіркейді;";

      7) 37-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "37-бап. Азаматтық алу және оны жоғалту мерзімінің есептелуі";

      екінші бөліктің тоғызыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "осы Заңда көзделген тәртiппен мемлекеттiк органдардың оны жоғалтқанын тiркеген күнi;";

      8) 41-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Азамат болу және азаматтықты жоғалту туралы мәселелер жөніндегі шешімге шағымдар Қазақстан Республикасы Президентінің атына беріледі.".

      6. "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2011 ж., № 5, 42-құжат; № 15, 118-құжат; № 16, 129-құжат; № 17, 136-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 11, 16-құжаттар; № 4, 30, 32-құжаттар; № 5, 41-құжат; № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 95-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 2, 13-құжат; № 8, 50-құжат; № 9, 51-құжат; № 15, 82-құжат; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 9-құжат; № 2, 10, 12-құжаттар; № 4-5, 24-құжат; № 7, 37-құжат; № 12, 82-құжат; № 19-I, 19-II, 94, 96-құжаттар; № 22, 131-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 8, 42-құжат; № 11, 57-құжат; № 14, 72-құжат; № 19-I, 99-құжат; № 19-ІІ, 103, 105-құжаттар; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VIІ, 117-құжат; № 21-І, 124-құжат; № 21-ІІ, 130-құжат; № 21-ІІІ, 135-құжат; № 22-ІІ, 145, 148-құжаттар; № 22-VІ, 159-құжат; № 23-ІІ, 170, 172-құжаттар; 2016 ж., № 7-I, 47-құжат; № 7-II, 56-құжат; № 8-I, 62-құжат; 2016 ж., № 24, 124-құжат):

      134-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 5-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-3) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қызметтерін көрсету;".

      7. "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 16, 127-құжат; 2012 ж., № 5, 41-құжат; № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 21-22, 114-құжат; № 23-24, 116-құжат; 2014 ж., № 11, 64-құжат; № 16, 90-құжат; № 21, 118-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 19-II, 102-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 22-I, 143-құжат; № 22-V, 154, 158-құжаттар; № 22-VI, 159-құжат; 2016 ж., № 7-I, 49-құжат; 2016 ж., № 23, 118-құжат):

      1) 1-бапта:

      12-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "12-1) қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қоныс аударушылардың және олардың отбасы мүшелерінің шекті саны;";

      13-2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "13-2) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін оралмандардың және олардың отбасы мүшелерінің шекті саны;";

      20) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "20) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуді, көші-қон процестерін реттеуді және халықтың көші-қоны саласындағы жұмысты үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;";

      20-1) тармақша алып тасталсын;

      2) 8-баптың 7-1) тармақшасы алып тасталсын;

      3) 8-1-бап алып тасталсын;

      4) 9-бап мынадай мазмұндағы 5-1), 5-2) және 5-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "5-1) халықтың көші-қоны саласындағы ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;

      5-2) көші-қон процестерінің мониторингін жүзеге асырады;

      5-3) көші-қон процестерін реттеу және мониторингілеу саласында шаралар жүйесін әзірлейді;";

      5) 11-бапта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейді;";

      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) өз құзыреті шегінде көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;";

      2) тармақша алып тасталсын;

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) халықтың көші-қоны саласындағы жергiлiктi атқарушы органдарға әдiстемелiк басшылық жасауды жүзеге асырады;";

      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) өз құзыреті шегінде көші-қон процестерінің мониторингін жүзеге асырады;";

      8) тармақша алып тасталсын;

      6) 52-баптың 2 және 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін қоныс аударушылардың және олардың отбасы мүшелерінің шекті санын айқындайды.

      3. Қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу қоныс аударушы жергілікті атқарушы органдарға беретін өтініштің негізінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.".

      8. "Қазақстан Республикасы Ішкi iстер органдары туралы" 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 8, 48-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 16, 79-құжат; № 21-I, 125-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; 2016 ж., № 24, 131-құжат):

      5-бап мынадай мазмұндағы 8-1), 8-2) және 8-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "8-1) халықтың көші-қоны саласында ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;

      8-2) көші-қон процестерінің мониторингін, талдауды және болжауды жүзеге асырады;

      8-3) көші-қон процестерін реттеу және мониторингілеу саласында шаралар жүйесін әзірлейді;".

      9. "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2016 ж., № 7-І, 48-құжат):

      1) 1-бапта:

      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) жұмыспен қамтудың жеке агенттiгi – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тіркелген, қызметтерді өтеулі көрсету туралы шарт негізінде еңбек делдалдығын және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын көрсететін жеке немесе заңды тұлға;";

      мынадай мазмұндағы 17-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "17-1) халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтер аутсорсингі – халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметтерді өтеулі көрсету туралы шарт негізінде жұмыспен қамтудың жеке агенттіктеріне, сондай-ақ еңбек делдалдығын көрсететін жеке және заңды тұлғаларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары жөніндегі функцияларды беруге бағытталған іс-шаралар кешені;";

      18) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "18) жұмыспен қамтудың жеке картасы – жеке бас деректері, жұмыспен қамтылу тарихы, ұсынылатын және іске асырылатын іс-шаралар, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсаты және олардың орындалуы көрсетілетін құжат;";

      мынадай мазмұндағы 27-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "27-1) "Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсы – еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын қамтитын, Интернет желісінде қолданылатын, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын көрсету мақсатында еңбек ресурстарын дамыту орталығы қолдайтын электрондық ақпараттық ресурс;";

      34) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "34) халықты жұмыспен қамту орталығы – ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында құратын заңды тұлға;";

      2) 7-бапта:

      13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын;

      "13) білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізудің тәртібін әзірлейді және бекітеді;";

      15) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 16-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "16-1) халықты жұмыспен қамту орталықтары көрсететін қызметтерге тарифтерді және тарифтердің шекті деңгейін қалыптастыру әдістемесін әзірлейді және бекітеді;";

      21) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "21) өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама беру немесе оны ұзарту тәртібін, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін басым салалардың (экономикалық қызмет түрлерінің) және олардағы сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін әзірлейді және бекітеді;";

      24) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "24) жұмыспен қамтудың жеке картасының нысанын және оны жүргізу тәртібін әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 26-1) және 26-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "26-1) халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтер аутсорсингі шеңберінде ұсынылатын көрсетілетін қызметтер тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      26-2) мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыруға жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмыс орындарын құру, жұмыс орындарын құру туралы мәліметтерді ұсыну мониторингін жүргізу тәртібін әзірлейді және бекітеді;";

      3) мынадай мазмұндағы 7-1-баппен толықтырылсын:

      "7-1-бап. Орталық атқарушы органдардың құзыреті

      Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға жауапты орталық атқарушы органдар жұмыс орындарын құру мониторингін жүзеге асырады және тиісті мәліметтерді халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.";

      4) 9-бап мынадай мазмұндағы 10-1) және 10-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "10-1) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) және өңірлік комиссиялар туралы ережелерді бекіту;

      10-2) мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде жұмыс орындарын құру мониторингі және тиісті мәліметтерді халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсыну;";

      5) 10-бап мынадай мазмұндағы 10) тармақшамен толықтырылсын:

      "10) адамдарды осы Заңның 14-бабына сәйкес жұмыссыздар ретінде тіркейді.";

      6) 11-бапта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) өтініш білдірген адамдарды осы Заңның 13-бабына сәйкес жұмыс іздеуші ретінде тіркейді;";

      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) жұмыс іздеп жүрген адамдарға және жұмыссыздарға жеке келген немесе ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және/немесе ұялы байланыс желісінің абоненттік құрылғысы арқылы жүгінген кезде лайықты жұмыс бар екендігі туралы міндетті түрде хабардар ете отырып, лайықты жұмыс таңдауда жәрдемдеседі және жұмысқа орналасу үшін қағаз және/немесе электрондық түрде жолдама береді;";

      9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) жұмыспен қамтудың жеке картасын жүргізеді;";

      11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) жұмыс іздеп жүрген адамдарға, жұмыссыздарға және жеке немесе интернет-ресурс арқылы жүгінген өзге де адамдарға еңбек делдалдығын көрсетеді;";

      мынадай мазмұндағы 11-1) және 11-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "11-1) жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтаманы өтеусiз негiзде береді;

      11-2) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары бойынша көрсетілетін қызметтерді жұмыспен қамтудың жеке агенттіктеріне, еңбек делдалдығын көрсететін жеке және заңды тұлғаларға аутсорсингке береді;";

      7) 13-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "13-бап. Жұмыс іздеп жүрген адам

      1. Жұмыс іздеп жүрген, жұмысы және (немесе) табысы (кірісі) жоқ адам жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін өтініш білдірген кезде, тұрғылықты жерi бойынша халықты жұмыспен қамту орталығында не "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы мынадай құжаттардың:

      1) жеке басын куәландыратын құжат;

      2) еңбек қызметін растайтын құжат (бар болған кезде);

      3) білімі, біліктілігі, арнайы білімінің немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжат (бар болған кезде) негізінде жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеледі.

      Он алты жасқа толмаған адам да өзінің заңды өкілдерінің бірінің жазбаша өтінішін ұсынады.

      2. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адамды тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде, бос жұмыс орны пайда болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және/немесе ұялы байланыс желісінің абоненттік құрылғысы арқылы лайықты жұмыстың бар екендігі туралы хабардар ете отырып, лайықты жұмыс таңдау арқылы оған жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі, сондай-ақ тегін әлеуметтік кәсіптік бағдарлау және кәсіптік оқыту бойынша қызметтер көрсетеді.

      3. Жұмыс іздеп жүрген адам халықты жұмыспен қамту орталығына бару немесе ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және/немесе ұялы байланыс желісінің абоненттік құрылғысы арқылы хабардар ете отырып, ал ауылдық елді мекендерде тұратындар кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне халықты жұмыспен қамту орталығынан (кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен) лайықты жұмыстың бар екендігі туралы ұсынысты алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жұмыс іздеуге, сондай-ақ кәсіптік оқуға қатысуға қызығушылық білдіруге тиіс.";

      8) 14-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "14-бап. Жұмыссыздарды тiркеу

      1. Халықты жұмыспен қамту орталығы осы Заңның 13-бабының 2-тармағында белгіленген кезең өткеннен кейін екі жұмыс күні ішінде осы Заңның 13-бабының 1-тармағында көзделген құжаттарды жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешім қабылдау үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға жолдайды.

      Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган халықты жұмыспен қамту орталығынан тиісті ақпаратты алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде, осы баптың 6-тармағында аталған адамдарды қоспағанда, өтініш білдірген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс таңдалмаған, жұмыс іздеп жүрген жұмыссыз адамды жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешім қабылдайды.

      2. Жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы оның деректерін тексергеннен кейін жұмыспен қамтудың жеке картасына алынған мәлiметтер енгiзіле отырып жүзеге асырылады.

      3. Халықты жұмыспен қамту орталығы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган шешім қабылдаған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу күні немесе тіркеуден бас тарту туралы хабардар етеді.

      4. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз ретінде тіркелген адамның өтініші бойынша өтеусiз негiзде қолданылу мерзімі берілген күннен бастап күнтізбелік отыз күнді құрайтын анықтама береді.

      5. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тiркелген жұмыссыздар халықты жұмыспен қамту орталығынан лайықты жұмыс орны туралы ұсыныс алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту орталығын хабардар етуі керек, ал ауылдық елдi мекендерде тұратын жұмыссыздар кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiн ұсынылған лайықты жұмысқа келісу немесе бас тарту туралы жеке немесе ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және/немесе жүйелердің ұялы байланыс желілерінің абоненттік құрылғысы арқылы хабардар етуі тиіс.

      6. Мыналар:

      1) он алты жасқа толмаған;

      2) еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн, оның ішінде жұмысты толық не толық емес жұмыс уақыты жағдайларында ақы үшiн орындайтын немесе табыс (кіріс) әкелетін өзге де ақы төленетiн жұмысы бар;

      3) "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған;

      4) жұмысы мен табысының (кірісінің) жоқтығы туралы көрінеу жалған мәліметтерді қамтитын құжаттар, сондай-ақ басқа да анық емес мәліметтер ұсынған адамдар жұмыссыз адам ретінде тіркелмейді.";

      9) 15-баптың 2-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) осы Заңға сәйкес халықты жұмыспен қамту орталығына келудің немесе хабарлаудың тәртiбiн, шарттарын және мерзiмдерiн сақтауға;";

      10) 16-бапта:

      1-тармақтың бірінші абзацы және 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган халықты жұмыспен қамту орталығынан тиісті ақпаратты алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде, жұмыссызды мынадай жағдайларда:

      1) халықты жұмыспен қамту орталығы ұсынған лайықты жұмыстың екі нұсқасынан бас тартқанда немесе ұсынылған лайықты жұмыс нұсқаларымен келісу немесе одан бас тарту туралы халықты жұмыспен қамту орталығын, ал ауылдық елді мекендерде тұратындар – кент, ауыл, ауылдық округ әкімін уақтылы хабардар етпегенде;";

      11) 18-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) еңбек қызметі, еңбек нарығының жай-күйі, игерген кәсібі (мамандығы) бойынша жұмысқа орналастыру немесе кәсіптік оқытудан өту мүмкіндіктері туралы кәсіби хабардар етуді;";

      12) 19-бапта:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Жұмыс берушілерді қоса қаржыландыру ескеріле отырып, кәсіптік оқыту бюджет қаражаты шегінде Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес, білім беру ұйымдарында не жұмыс берушілердің білім беру қызметіне құқығы бар оқу орталықтарында еңбек нарығындағы қажеттіліктер ескеріліп, оның ішінде жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша жүргізіледі.";

      6- тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Әлеуметтік келісімшарт халықты жұмыспен қамту орталығы, оқытуды жүргізетін ұйым, жұмыс беруші және оқитын адам арасында жасалады.";

      екінші бөлік алып тасталсын;

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқуға жіберген адамдар өздігінен, дәлелсіз себептермен оқуын тоқтатса, жұмыс іздеп жүрген адам не жұмыссыз ретінде қайта тіркелген күннен бастап үш жыл өткен соң оқуға қайта жіберілуі мүмкін.";

      13) 20-бапта:

      4-тармақтың екінші және үшінші бөліктері алып тасталсын;

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Әлеуметтік жұмыс орындарындағы еңбек қызметін дәлелсіз себептермен өз бетінше тоқтатқан жұмыссыздар жұмыссыздар ретінде есептен шығарылады және жұмыссыз ретінде қайтадан тіркелген күннен бастап үш ай өткеннен кейін ғана жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қайта қатысуы мүмкін.";

      14) 21-бапта:

      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Өз еркімен, дәлелсіз себеппен жастар практикасына қатысуын тоқтатқан адамдар жұмыссыз ретінде есептен шығарылады және жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тек жұмыссыз ретінде қайтадан тіркелген күннен бастап үш ай өткеннен кейін ғана қайта қатыса алады.";

      5-тармақ алып тасталсын;

      15) 22-баптың 2-тармағында:

      бірінші бөліктің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) оқудан бос уақытта студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының;";

      екінші бөлік мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:

      "3) өмірлік қиын жағдайға тап болған студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының.";

      үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Адамдардың қоғамдық жұмыстарға қатысуы олардың жұмыссыз ретінде тіркелген күніне сәйкес кезектілік тәртібінде олардың келісімімен жүзеге асырылады.";

      3-тармақ алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдар қоғамдық жұмыстарды құруға өтініш берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесін, ұйымдастырылатын жұмыс орындарының санын, түрлерін, көлемi мен нақты жағдайларын, қатысушылардың еңбегiне төленетiн ақының мөлшерiн және олардың қаржыландыру көздерiн бекiтедi.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Өз еркімен, дәлелсіз себеппен қоғамдық жұмыстарға қатысуды тоқтатқан жұмыссыздар жұмыссыз ретінде есептен шығарылады және қоғамдық жұмыстарға тек жұмыссыз ретінде қайта тіркелген күннен бастап үш ай өткеннен кейін ғана қайта жіберілуі мүмкін.";

      16) 23-баптың 3-тармағы алып тасталсын;

      17) 24-бапта:

      1-тармақтың 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) бір облыс шегінде – мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй бөлу және тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасу мүмкін болған кезде экономикалық әлеуеті төмен ауылдардан облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға жүзеге асырылады;

      2) "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, сондай-ақ ерікті түрде қоныс аударуды көздейтін, халықты жұмыспен қамту саласындағы үкіметтік бағдарламаларға сәйкес қоныс аударушылар мен оралмандарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге адамдардың ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдеседі.";

      4-тармақтың бірінші абзацы мен 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Ерікті қоныс аударатын адамдарды мемлекеттік қолдау:

      1) жұмыскердің қоныс аударуы жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің қоныс аударуына және тұрғын үйді жалдау (жалға алу) бойынша және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеуге субсидиялар беруді;";

      18) 26-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыспен қамтудың жеке картасына тиісті өзгерістерді уақтылы енгізеді.";

      19) 28-бапта:

      1-тармақта:

      5) және 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) қоғамдық жұмыстарды, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және жастар практикасынан өту үшін жұмыс орындарын ұсыну;

      6) жұмысқа орналастыру мәселесi бойынша жеке немесе интернет-ресурс арқылы, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығының, жұмыспен қамтудың жеке агенттіктерінің, сондай-ақ ұйымдарда белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес еңбек делдалдығын көрсететін жеке және заңды тұлғалардың жолдамалары бойынша өтiнiш жасаған адамдарды бар бос орындарға қабылдау;";

      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық деректер базасына, оның ішінде интернет-ресурс арқылы сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос орындар мен жұмыс орындарын болжамды құру туралы деректерді ұсыну;";

      2-тармақта:

      1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) бос жұмыс орындарының (бос лауазымдардың) болуы туралы, мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік сайланбалы қызметтердің, Парламент және мәслихат депутаттарының, Қазақстан Республикасы судьяларының, әскери қызметте тұрған адамдардың, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және оның ведомстволары жұмыскерлерінің бос лауазымдарын қоспағанда, бос жұмыс орындарының (бос лауазымдардың) болуы туралы мәліметтерді еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, пайда болған күнінен бастап үш жұмыс күнi iшiнде халықты жұмыспен қамту орталығына жазбаша немесе интернет-ресурс арқылы жiберуге;

      2) жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші – жеке тұлға қызметінің тоқтатылуына, адам санының немесе штаттың қысқартылуына байланысты, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкелетін өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі кезінде алдағы уақытта жұмыскерлердiң жұмыстан босайтыны туралы, босатылатын жұмыскерлердiң лауазымдары мен кәсіптері, мамандықтары, бiлiктiлiгi және еңбекақы мөлшерi көрсетiле отырып, жұмыстан босатылуы мүмкiн жұмыскерлердiң саны мен санаттары туралы және олар жұмыстан босатылатын мерзiмдері туралы жұмыстан босатылардан кемінде бір ай бұрын халықты жұмыспен қамту орталығына жазбаша немесе интернет-ресурс арқылы толық көлемде ақпарат беруге;";

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) жолдамаға тиiстi белгi қою арқылы, жұмысқа қабылдау немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарту туралы (жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жағдайда себебін көрсете отырып), жазбаша немесе интернет-ресурс арқылы халықты жұмыспен қамту орталығына дер кезінде хабарлауға (жұмысқа орналастыру үшін жiберілген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде);";

      5) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "9-1) Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес қызметкерлердің аударымдарын және (немесе) жарналарын есептеуге (ұстауға) және аударуға;";

      3-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) қоғамдық жұмыстарды, әлеуметтік жұмыс орындарын, жастар практикасын ұйымдастыруға қатысуға, уақытша сипаттағы жұмыстардың басқа да түрлерін ұйымдастыруға және жүргізуге;";

      20) 30-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "30-бап. Еңбек делдалдығын көрсету

      1. Жұмыс іздеп жүрген адамдарға, жұмыссыздарға және басқа да жүгінген адамдарға осы Заңның 11, 31-баптарына сәйкес халықты жұмыспен қамту орталықтары, жұмыспен қамтудың жеке агенттіктері еңбек делдалдығын көрсетеді.

      2. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыспен қамтудың жеке агенттіктерімен, сондай-ақ еңбек делдалдығын көрсететін жеке және заңды тұлғалармен халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтерді аутсорсингтеу туралы шарт жасасуға құқығы бар, осы шартты жасасқан күннен бастап он жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органды хабардар етеді.

      Халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтерді аутсорсингтеу туралы шарт жасасу жайлы ақпаратты оны жасасқан күннен бастап он жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы "Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсына орналастырады.";

      21) 31-баптың 2-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) еңбек делдалдығы үшін өтініш берген және жұмысқа орналасқан адамдардың саны туралы кәсіптер (мамандықтар) бөлінісінде халықты жұмыспен қамту орталығына жазбаша немесе интернет-ресурс арқылы тоқсан сайын ақпарат беруге;";

      22) 32-баптың 2-тармағында:

      9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратындар;";

      мынадай мазмұндағы 10) және 11) тармақшалармен толықтырылсын:

      "10) шетелдік заңды тұлғалар филиалдарының немесе өкілдіктерінің бірінші басшылары болып істейтін;

      11) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын еңбек қызметін іске асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органдардың рұқсаттары талап етілмейтін адамдар тізбесінде көзделген адамдарға қолданылмайды.";

      23) 33-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жергілікті атқарушы органдар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде жұмыс берушілерге еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар береді және (немесе) оларды ұзартады не рұқсаттар беруден, ұзартудан бас тартады, сондай-ақ аталған рұқсаттарды тоқтата тұрады және кері қайтарып алады.";

      24) 34-баптың 2, 3 және 4-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Экономиканың басым салаларындағы (экономикалық қызмет түрлеріндегі) сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін мемлекеттік басқарудың тиісті саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

      3. Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама алу үшін Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелеріне Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу туралы өтініш береді, ол халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.

      Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасында болған жағдайда, өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама алу үшін шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу туралы өтініш береді.

      Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасқан жағдайда өз бетінше жұмысқа орналасу үшін анықтама берген күннен бастап үш ай iшiнде шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға анықтаманы еңбек шартының қолданысына, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге ұзарту үшін өтініш береді.

      4. Анықтама беру немесе өз бетінше жұмысқа орналасқан кезде оларды ұзарту тәртібі шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың біліктілігіне және білім деңгейіне қойылатын талаптарды, сондай-ақ өз бетінше жұмысқа орналасу үшін экономиканың басым салаларының (экономикалық қызмет түрлерінің) және олардағы сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін мемлекеттік басқарудың тиісті саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады