"Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 маусымдағы № 616 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 23 қарашадағы № 769 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 маусымдағы № 616 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 41, 521-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидасы осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, бұл ретте халық саны екі мың адамнан астам аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап және халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2017 жылғы 23 қарашадағы
  № 769 қаулысына
  қосымша
 
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 1 маусымдағы
№ 616 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидалары

      1. Осы Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру тәртібін айқындайды.

      2. Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1) мүліктік кешендер ретіндегі республикалық заңды тұлғалар, республикалық меншіктегі акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестері коммуналдық меншікке облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімінің өтінішхаты негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша беріледі;

      2) республикалық заңды тұлғалардың мүлкі облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімінің өтінішхаты негізінде:

      ветеринариялық препараттарды, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдар (құралдар) мен атрибуттарды қоспағанда, беру күніне теңгерімдік құны отыз мың және одан көп айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болған кезде – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша;

      ветеринариялық препараттарды, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдар (құралдар) мен атрибуттарды қоспағанда, беру күніне теңгерімдік құны отыз мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аз болған кезде – берілетін мүлік теңгерімінде тұрған республикалық заңды тұлғаны басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органымен келісілген мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша;

      теңгерімдік құнына қарамастан, ветеринариялық препараттар, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдар (құралдар) мен атрибуттар – ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісілген мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша коммуналдық меншікке беріледі;

      3) мүліктік кешендер ретіндегі коммуналдық заңды тұлғалар, коммуналдық меншіктегі акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестері республикалық меншікке облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігінің қаулысы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық меншікке қабылдау туралы қаулысы негізінде беріледі;

      4) коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі республикалық меншікке мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен және мүлік теңгеріміне берілетін республикалық заңды тұлғаны басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органымен келісілген облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігінің қаулысы негізінде беріледі;

      5) коммуналдық меншіктегі мүліктік кешендер ретіндегі жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғалары республикалық меншікке жергілікті қоғамдастық жиналысымен және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімімен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының шешімі және Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық меншікке қабылдау туралы қаулысы негізінде беріледі;

      6) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларының мүлкі республикалық меншікке мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен және мүлік теңгеріміне берілетін республикалық заңды тұлғаны басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органымен келісілген аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының шешімі негізінде беріледі.

      3. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру туралы шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде қабылдау-беру актісі (табыстау актісі) ресімделеді.

      Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлік осы Қағидалардың 2-тармағының 3) және 5) тармақшаларына сәйкес мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне берілген жағдайда, қабылдау-беру актісі (табыстау актісі) Қазақстан Республикасының Үкіметі шешім қабылдағаннан кейін күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде ресімделеді.

      Қабылдау-беру актісіне (табыстау актісіне) беретін және қабылдайтын тараптардың уәкілетті лауазымды адамдары қол қояды және оны мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері мен жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, коммуналдық меншікке билік етуге уәкілетті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшылары бекітеді.

      Қабылдау-беру актісі (табыстау актісі) мемлекеттік және орыс тілдерінде төрт данада, қабылдау-беру актісін (табыстау актісін) ресімдеуге қатысатын тараптардың әрқайсысы үшін бір данадан жасалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады