"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 9 шілдедегі № 414 қаулысы

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 180-бабының 2-тармағына және "2018 – 2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2017 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму, Қаржы министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамымен кредиттік шарттар жасасуды;

      2) кредит берудің негізгі және қосымша шарттарының орындалуын бақылауды;

      3) бюджеттік кредиттердің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, уақтылы өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингтеуді қамтамасыз етсін.

      3. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (келісім бойынша) тоқсан сайын, есептік кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Қаржы, Инвестициялар және даму министрліктеріне кредиттің игерілуі туралы ақпарат берсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігіне жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 9 шілдедегі
№ 414 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттары

      1. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қарыз алушы) кредит беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:

      1) кредит 217 "Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобаларын қаржыландыру үшін "Қазақстан Даму Банкі" АҚ кейіннен кредит беру жолымен, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ арқылы кредит беру" бюджеттік бағдарламасы бойынша "2018 – 2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2017 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген 12000000000 (он екі миллиард) теңге сомасында беріледі (бұдан әрі – кредит);

      2) кредит қарыз алушыға мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында 20 (жиырма) жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда жылдық 0,1% тең сыйақы мөлшерлемесі бойынша теңгемен беріледі;

      3) кредитті республикалық бюджеттен бөлу кредиттің барлық сомасын қарыз алушының шотына біржолғы аудару жолымен жүзеге асырылады;

      4) игеру кезеңі қарыз алушының шотына кредит аударылған күннен бастап 2 (екі) жылды құрайды;

      5) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жарты жылдық төлемдермен жылына 2 (екі) рет жүзеге асырылады;

      6) қарыз алушы кредит бойынша негізгі борышты өтеуді 6 (алты) жылды қоса алғандағы жеңілдік кезеңі өткеннен кейін 2024 жылдан бастап тең үлестермен жүзеге асырады;

      7) бюджеттік кредитті берудің мақсаты теңгемен және/немесе шетелдік валюта баламасымен жалпы сомасы 24 млрд. теңгеге, оның ішінде 12 млрд. теңгеге бюджеттік кредит және 12 млрд. теңгеге нарықтық қаражат, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін 20 (жиырма) жыл мерзімге дейін жылдық 0,15 % сыйақы мөлшерлемесімен "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамына кейіннен кредит беру болып табылады. Бұл ретте сыйақының номиналды мөлшерлемесі түпкі қарыз алушы үшін жылдық 9 %-дан жоғары болмауға тиіс.

      2. Кредиттерді беру, өтеу және қызмет көрсету бойынша қосымша шарттар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес кредиттік шарттарда белгіленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады