"Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру мәселесі туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 19 қазандағы № 649 қаулысы.

      "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны заңнамада белгіленген тәртіппен қайта құру жолымен жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "ОҚМПУ" КеАҚ) болып қайта ұйымдастырылсын.

      2. "ОҚМПУ" КеАҚ қызметінің негізгі түрлері жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі және қосымша білім беру саласындағы білім беру қызметтерін көрсету болып айқындалсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) "ОҚМПУ" КеАҚ жарғысын бекітуді;

      2) басқару органдары құрылғанға дейін "ОҚМПУ" КеАҚ атынан мемлекеттік тіркеу құжаттарына қол қоюға, қаржы-шаруашылық қызметті жүзеге асыруға және үшінші тұлғалар алдында оның мүдделерін білдіруге уәкілеттік берілген тұлғаны сайлауды; 

      3) "ОҚМПУ" КеАҚ Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;

      4) "ОҚМПУ" КеАҚ акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне беруді;

      5) осы тармақтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

      4. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгеріс пен толықтырулар бекітілсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 19 қазандағы
№ 649 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгеріс пен толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 305-жолмен толықтырылсын:

      "305. "Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті" КеАҚ.

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 222-33-17-жолмен толықтырылсын:

      "222-33-17 "Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті" КеАҚ.".

      3. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 19.08.2022 № 581 қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады