Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың полиция департаменті, қалалық, аудандық, қаладағы аудандық полиция органы бастығының және учаскелік полиция инспекторының халық алдында есеп беруін ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 6 қарашадағы № 723 қаулысы

      "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берiлiп отырған Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың полиция департаменті, қалалық, аудандық, қаладағы аудандық полиция органы бастығының және учаскелік полиция инспекторының халық алдында есеп беруін ұйымдастыру мен өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министр
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 6 қарашадағы
№ 723 қаулысымен
бекітілген

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың полиция департаменті, қалалық, аудандық, қаладағы аудандық полиция органы бастығының және учаскелік полиция инспекторының халық алдында есеп беруін ұйымдастыру мен өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ереже

      1. Осы Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың полиция департаменті, қалалық, аудандық қаладағы аудандық полиция органы бастығының және учаскелік полиция инспекторының халық алдында есеп беруін ұйымдастыру және өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және оларды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Жергілікті қауымдастық алдында бетпе-бет cөз сөйлеуі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың полиция департаменті, қалалық, аудандық, қаладағы аудандық полиция органы бастығының және учаскелік полиция инспекторының (бұдан әрі – полиция қызметкерлері) есеп беруі болып табылады.

      3. Полиция қызметкерлерінің есеп беруі азаматтарды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың полиция департаментінің, қалалық, аудандық, қаладағы аудандық полиция органының (бұдан әрі – аумақтық полиция органдары) және қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскенің жұмысы туралы ақпараттандыру бойынша міндетті қызметінің бір бөлігін білдіреді.

      4. Есеп беруді өткізу кезінде полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Құқық қорғау қызметі туралы", "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы", "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Қағидаларды басшылыққа алады.

2-тарау. Есеп беруді ұйымдастыру мен өткізу тәртібі

      5. Полиция қызметкерлерінің есеп беруі:

      1) жергілікті қауымдастық алдындағы ашықтығын, жауапкершілігін және есептілігін одан әрі арттыру;

      2) ашықтық және жариялылық қағидаттарын қамтамасыз ету;

      3) азаматтардың полицияға сенімі деңгейін арттыру мақсатында жүзеге асырылады.

      6. Есеп беруді өткізудің міндеттері:

      1) азаматтарды құқық бұзушылық профилактикасының, қоғамдық тәртіпті сақтаудың және қылмысқа қарсы күрестің жағдайы туралы хабардар ету;

      2) қоғамдық бақылау жүйесін дамыту;

      3) мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен, ұйымдармен және азаматтармен құқық бұзушылықтардың алдын алу және ашу бойынша өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;

      4) полиция қызметі саласында азаматтарды құқықтық сауаттандыру болып табылады.

      7. Жергілікті атқарушы органдар:

      1) аумақтық полиция органдарымен келісім бойынша полиция қызметкерлерінің халық алдында есеп беруін өткізу күнін айқындайды, тиісті кестелерді бекітеді, олардың көшірмелерін аумақтық полиция органдарына жібереді;

      2) есеп беру кездесулерін өткізілетін күнге дейін кемінде он күн қалғанда оларды өткізудің уақыты мен орнын, кестелері және алдағы есеп беруге халықтың сұрақтарын (ұсыныстарын) жолдау тәсілдері туралы ақпаратты айқындайды және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында (мерзімді баспа басылымдары, теле-, радиоарналар, ресми интернет-ресурстар) жариялайды;

      3) жергілікті қауымдастықтың жиынын немесе жиналысын ұйымдастырады.

      8. Өткізілетін орны санитариялық және гигиеналық талаптарға сәйкес келуі және болжамдалған қатысушылар саны сыюға тиіс.

      9. Есеп беруге дайындалу кезінде:

      1) мемлекеттік және ведомстволық статистикалық есептілік;

      2) қылмысқа қарсы күрес және құқық бұзушылық профилактикасы бойынша қолданыстағы республикалық және өңірлік бағдарламалар;

      3) жеке және заңды тұлғалардың, өкілдік органдар депутаттарының, Қоғамдық кеңестердің, қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер өкілдерінің өтініштері;

      4) полиция қызметі туралы қоғамдық пікірді зерделеу нәтижелері;

      5) бұқаралық ақпарат құралдарындағы полиция қызметі мәселелері жөніндегі жарияланымдар;

      6) аумақтық полиция органдарын ресурстық қамтамасыз ету, оның ішінде қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша полицияға жүктелген міндеттерді іске асыруға жергілікті атқарушы органдар бөлген қаржылық және өзге де қаражаттарды пайдалану нәтижелері туралы мәліметтер;

      7) өзге де қажетті ақпарат пайдаланылады.

      10. Есеп беруге тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік мәслихаттарының депутаттары, жұртшылықтың, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, ауыл және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық органдарының, меншіктің барлық нысанындағы ұйымдар мен кәсіпорындардың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.

      11. Есеп беруді өткізу барысы хаттамада тіркеледі, оны хатшы – жергілікті атқарушы органның өкілі толтырады.

      12. Есеп беру хаттамасы міндетті түрде есеп беру өткізудің уақыты, күні, орны, қатысушылар саны, қабылданған шешімдер, сондай-ақ есеп беру барысында келіп түскен азаматтардың шағымдары, ұсыныстары мен ескертулері туралы ақпаратты қамтуға тиіс.

      13. Есеп беру хаттамасы тікелей ол өткізілген күн толтырылады.

      14. Хаттамаға хатшы және тиісті полиция қызметкері қол қояды, жергілікті атқарушы органның мөрімен расталады.

      15. Есеп беру барысында жауаптар мен түсіндірулер толық көлемде берілмеген азаматтардан келіп түскен шағымдар, ұсыныстар мен ескертулер хаттамаға тіркеледі және олар бойынша "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тиісті тексеріс жүргізіледі.

      16. Полицияның құзыретіне кірмейтін шағымдар, ұсыныстар мен ескертулер келіп түскен жағдайда, бастамашыны міндетті түрде хабардар ете отырып, олар бағыныштылығы немесе аумақтылығы бойынша мемлекеттік органдарға жолданады.

      17. Есеп беру материалдарын тіркеуді, есепке алуды және сақтауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Хаттама көшірмесі тиісті аумақтық полиция органына жолданады.

      18. Есеп берудің хаттамасын орындауды бақылау жергілікті атқарушы органдарға және аумақтық полиция органдарының басшылығына жүктеледі.

      19. Есеп беруде азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді және ұйымдарды олардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін марапаттауды жүргізуге жол беріледі.

      20. Жиналыс өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапкершілік тиісті аумақтық полиция органының басшысына жүктеледі.

3-тарау. Аумақтық полиция органы бастығының есеп беруі

      21. Аумақтық полиция органы бастығының халық алдында есеп беруі жергілікті атқарушы орган басшылығының қатысуымен жылына кемінде бір рет – есеп беру кезеңінен кейінгі жылдың бірінші тоқсанында жүргізіледі.

      22. Аумақтық полиция органы бастығының есебінде:

      1) қызмет көрсетілетін аумақтағы криминогендік ахуал;

      2) қылмысқа қарсы күрес және құқық бұзушылық профилактикасы бойынша республикалық және өңірлік бағдарламаларды іске асыру нәтижелері;

      3) полицияның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеу бойынша қызметінің негізгі қорытындылары;

      4) қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыс профилактикасы мен оған қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі;

      5) сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстың жағдайы мен нәтижелілігі;

      6) жеке және заңды тұлғалардың, мәслихат депутаттарының, мемлекеттік органдардың өтініштерін қарау нәтижелері туралы ақпарат, сондай-ақ аумақтық полиция органы қызметіндегі кемшіліктер туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға ден қою шаралары;

      7) аумақтық полиция органының қызметі туралы қоғамдық пікірді мониторингтеу қорытындылары;

      8) полиция қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістер;

      9) жергілікті деңгейде шешуді талап ететін аумақтық полиция органы қызметін ұйымдастырудағы проблемалы мәселелер;

      10) қызмет көрсететін аумақта қалыптасқан жағдайға сәйкес қарауды талап ететін өзге де мәселелер көрсетіледі.

      23. Есеп беру барысында азаматтардың ұсыныстары мен ескертулері тыңдалады, олар бойынша тиісті түсіндірмелер мен жауаптар беріледі.

4-тарау. Учаскелік полиция инспекторының есеп беруі

      24. Учаскелік полиция инспекторының халық алдындағы есеп беруі аумақтық полиция органы басшылығының және жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен бір тоқсанда кемінде бір рет жергілікті қауымдастық жиындарында өткізіледі.

      25. Есеп беруді өз бетінше аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімдері шақыратын жергілікті қауымдастық жиналыстарында не жергілікті қауымдастық жиынымен өкілеттік берілген жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша өткізуге жол беріледі.

      26. Қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелердің ерекшеліктеріне қарай есеп беруді бірнеше іргелес әкімшілік учаскелерде тұратын жергілікті қауымдастықтың бірыңғай жиынын (жиналысын) өткізу жолымен жүргізуге болады, онда бірнеше учаскелік полиция инспекторы біруақытта есеп береді.

      27. Есеп беруде учаскелік полиция инспекторы қатысушыларға қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскедегі криминогендік жағдай және оны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы, құқық бұзушылық профилактикасы, азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы, полицияның профилактикалық қызметі саласында Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістер туралы, шағымдар мен өтініштер, оның ішінде өткен есеп беру барысында келіп түскен шағымдар мен өтініштер бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратты жеткізеді.

      28. Есеп беру барысында азаматтардың ұсыныстары мен ескертулері тыңдалады, олар бойынша тиісті түсіндірмелер мен жауаптар беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады