Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің мүдделерінде геокеңістіктік ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 13 мамырдағы № 275 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2018 жылғы 6 маусымда Қызылда жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің мүдделерінде геокеңістіктік ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (бұдан әрі – Келісім) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Келісімді іске асыру бойынша уәкілетті орган болып айқындалсын.

      3. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетін қабылданған шешім туралы хабардар етсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Ескерту. Нормативтік құқықтық
актіге қоса тіркелген
халықаралық Келісімнің мәтіні
ресми болып табылмайды. ҚР
халықаралық Келісімінің
жасасқан тілдердегі ресми
куәландырылған көшірмесін ҚР
халықаралық Келісімдерін
тіркеуге, есептеуге және
сақтауға жауапты ҚР Сыртқы
істер министрлігінен алуға
болады
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 13 мамырдағы
№ 275 қаулысымен
бекітілген

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің мүдделерінде геокеңістіктік ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері

      ақпараттық өзара іс-қимылды одан әрі дамыту қажеттілігін басшылыққа ала отырып,

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің мүдделерінде геокеңістіктік ақпарат алмасу және пайдалану саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыруға ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланылатын терминдер мыналарды білдіреді:

      геокеңістіктік ақпарат - қызметтің әртүрлі салаларында пайдалану үшін қажетті жергілікті жер және Жер бетінде, Жер бетінің төменгі қабатында, Жер атмосферасы бетінің үстіңгі қабатында және Жер маңындағы кеңістікте орналасқан объектілер туралы деректердің жиынтығы;

      геокеңістіктік ақпарат банкі - геокеңістіктік ақпаратты орталықтандырылған жинақтаудың, сақтаудың, өңдеудің және берудің техникалық, бағдарламалық, ақпараттық, лингвистикалық және ұйымдастыру құралдарының кешені;

      құпия ақпарат - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі ынтымақтастық барысында алынған (берілген) және (немесе) жасалған (құрылған), кез келген нысанда білдірілген, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінің мемлекеттік құпияларын (мемлекеттік құпиясын) құрайтын, рұқсатсыз таратылуы Тараптардың қауіпсіздігі мен мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін мәліметтер;

      ақпараттық ресурстар – ақпараттық инфрақұрылым, сондай-ақ ақпараттың өзі және оның ағымы.

2-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптардың әрқайсысы уәкілетті органды айқындайды, ол туралы депозитарийді оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарландырумен бір уақытта хабардар етеді.

      Уәкілетті органның атауы өзгерген жағдайда, тиісті Тарап бұл туралы депозитарийді 30 күн ішінде жазбаша түрде хабардар етеді.

      Депозитарий белгіленген тәртіппен Келісімге қатысушы мемлекеттерді Тараптардың уәкілетті органдары туралы хабардар етеді.

3-бап

      Тараптар геокеңістіктік ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:

      геокеңістіктік ақпарат банктерін құру;

      Тараптардың геокеңістіктік ақпарат банктерінде бар, сондай-ақ Тараптардың геокеңістіктік ақпарат саласындағы мүмкіндіктері мен қажеттіліктері туралы ақпаратпен өзара алмасу;

      геокеңістіктік ақпаратпен жұмыс жөніндегі мамандарды оқыту (даярлау және біліктілігін арттыру);

      геокеңістіктік ақпарат банктерін қалыптастыру бойынша жұмыс тәжірибесімен алмасу;

      ғылыми-тәжірибелік зерттеулер мен бірлескен жұмыстарды ұйымдастыру;

      әдістемелік, оқу және арнайы әдебиетпен алмасу.

4-бап

      Тараптар геокеңістіктік ақпарат банктерін мынадай қағидаттарда құрады:

      геокеңістіктік ақпарат банктеріне енгізілуі тиіс геокеңістіктік ақпаратқа бірыңғай талаптарды пайдалану;

      қолданылатын бағдарламалық және техникалық құралдардың үйлесімділігі;

      ақпаратты техникалық өңдеу құралдарын, оны сақтауды және уәкілетті органдарға жеткізуді біріздендіру;

      геокеңістіктік ақпарат банктерінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қарулы күштерінде пайдалану үшін ұсынылған үйлесімді геоақпараттық технологиялар және бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдану;

      ақпаратты рұқсат етілмеген кіруден кепілді қорғау.

5-бап

      Тараптар геокеңістіктік ақпаратты жасау, орналастыру және сақтау кезінде оған қойылатын бірыңғай талаптарды ескереді.

      Геокеңістіктік ақпарат координаталар жүйесінде белгіленген бірыңғай стандарттар мен техникалық шарттар, номенклатуралық парақтардағы бөлінген бағандар бойынша жасалады және жағдай мен жергілікті жерді, әртүрлі қолданбалы ақпараттық және есептік тапсырмаларды бірлесіп көрсету міндеттерін шешуді қамтамасыз етуі тиіс.

6-бап

      Уәкілетті орган Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қорғаныс министрліктерінің геокеңістіктік ақпарат банктерінен геокеңістіктік ақпарат алу үшін тиісті жазбаша сұрау салуды жолдайды.

      Сұрау салынған ақпарат Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына және олардың арасында бар шарттарға сәйкес ұсынылады.

7-бап

      Уәкілетті орган сұрау салуды толық, уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      Сұрау салу келісілген мерзімдерде және сұрау салған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттің ұлттық заңнамасында айқындалған тәртіппен орындалады.

      Геокеңістіктік ақпаратты беру белгіленген алмасу форматтарында машиналық тасымалдаушыларда және аналогтық түрде жүзеге асырылады.

8-бап

      Егер сұрау салған Тарап сұрау салуды орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін не ұлттық заңнамасына және/немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп ұйғарса, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.

      Сұрау салушы Тараптың уәкілетті органы бас тартудың негізделген себептерін көрсете отырып, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартылғаны туралы дереу жазбаша түрде хабардар етіледі.

9-бап

      Тараптар ақпараттық ресурстардың қауіпсіздігін және алынған мәліметтердің, оның ішінде геокеңістіктік ақпаратты алу фактісі мен мазмұнының құпиялығын қамтамасыз етеді.

      Геокеңістіктік ақпаратпен алмасу нәтижесінде алынған мәліметтерді оларды ұсынған Тараптың келісімінсіз олар сұрау салынғаннан және ұсынылғаннан өзге мақсаттарда пайдалануға болмайды.

10-бап

      Осы Келісімді іске асыру шеңберінде геокеңістіктік ақпаратты беру кезінде Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес осыған ұқсас жеткізілімдер үшін белгіленген жеңілдік тарифтерін қоса алғанда, әкелу, әкету немесе транзиттеу шарттарын қолданады.

11-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде ұсынылған геокеңістіктік ақпаратты оны ұсынған Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа, заңды және жеке тұлғаларға бермейді.

      Тараптардың бірі осы Келісімді іске асыру барысында алған ақпаратты басқа Тараптардың мүдделеріне нұқсан келтіру үшін пайдалана алмайды.

12-бап

      Геокеңістіктік ақпаратпен, оның ішінде құпия ақпаратты қамититын ақпаратпен жұмыс істеу және оны осы Келісімнің шеңберіндегі ынтымақтастық кезінде қорғау Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

13-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындауы мүмкін шығыстарды дербес көтереді.

14-бап

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері жолымен немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.

15-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан ол үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

16-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

17-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

18-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.

      Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шыққанға дейін кемінде алты ай бұрын депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып және осы Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және басқа да міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

19-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжатты беру жолымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекет үшін Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      2016 жылғы 6 маусымда Қызыл қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған мемлекеттің әрқайсысына оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін
Армения РеспубликасыныңҮкіметі үшін
      Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін
Қазақстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін
      Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін
Молдова РеспубликасыныңҮкіметі үшін
      Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
Тәжікстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін
      Түрікменстан Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Өзбекістан РеспубликасыныңУкраина Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады