"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 5 маусымдағы № 367 қаулысы.

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 180-бабының 2-тармағына, "2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2018 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Сарыарқа" магистральдық газ құбыры" жобасын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін кейіннен "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамын кредиттей отырып, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамымен кредиттік шарт жасасуды;

      2) кредиттеудің негізгі және қосымша шарттарының орындалуын бақылауды;

      3) бюджеттік кредитің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингтеуді қамтамасыз етсін.

      3. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (келісу бойынша) тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-шы күнінен кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне кредиттің игерілуі туралы ақпаратты ұсынсын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 5 маусымдағы
№ 367 қаулысымен
бекітілген

"Сарыарқа" магистральдық газ құбыры" жобасын қаржыландыруды қамтамасыз үшін кейіннен "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамын кредиттей отырып, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттары

      1. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қарыз алушы) кредит беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:

      1) кредит 018 "Сарыарқа" магистральдық газ құбыры" жобасын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ-ны кейіннен кредиттеумен "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ны кредиттеу" бюджеттік бағдарламасы бойынша "2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2018 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген 23546000000 (жиырма үш миллиард бес жүз қырық алты миллион) теңге сомасында беріледі;

      2) кредит қарыз алушыға мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында 10 (он) жыл мерзімге жылдық 0,1 %-ға тең сыйақы мөлшерлемесі бойынша теңгемен беріледі;

      3) республикалық бюджеттен кредитті бөлу қарыз алушының шотына кредиттің барлық сомасын біржолғы аудару жолымен жүзеге асырылады;

      4) игеру кезеңі қарыз алушының шотына кредит аударылған күннен бастап 7 (жеті) айды құрайды;

      5) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жылына кемінде 1 (бір) рет жылдық төлемдермен жүзеге асырылады;

      6) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы 3 (үш) жылдық кезеңді құрайтын жеңілдік кезеңі өткен соң тең бөліктермен жүзеге асырады;

      7) бюджеттік кредит берудің мақсаты "Сарыарқа" магистральдық газ құбыры" жобасын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін қарыз алушының кейіннен "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамын 10 (он) жылдық кезеңге жылдық 0,15 % сыйақы мөлшерлемесімен кредиттеуі болып табылады.

      2. Кредиттерді беру, өтеу және қызмет көрсету бойынша қосымша шарттар Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес кредиттік шартта белгіленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады