Байланыс формасы

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 421 қаулысы.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 20 маусымдағы
№ 421 қаулысымен
бекітілген

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесіндегі медициналық көмек – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға ұсынылатын медициналық көмек көлемі.

      Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ оралмандар, егер "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен МӘМС жүйесіндегі құқықтарды тең дәрежеде пайдаланады және міндеттерді атқарады.

      Егер заңдар мен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері МӘМС жүйесіндегі құқықтарды Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде пайдаланады және міндеттерді атқарады.

      Шетелдіктердің бірге тұратын жұбайы (зайыбы) және балалары олардың отбасы мүшелері болып табылады.

      2. МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек халықтың денсаулығын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған дәрі-дәрмектік көмекті қамтитын медициналық көрсетілетін қызметтердің кешені түрінде ұсынылады.

      3. МӘМС жүйесінде:

      1) алғашқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі – МСАК) маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмек;

      2) МСАК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша ауруларды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде емдеу жағдайларын қоспағанда, стационарды алмастыратын көмек;

      3) ауруханаға жатқызу жағдайларының жоспарланған саны шеңберінде МСАК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша ауруларды ТМККК шеңберінде емдеу жағдайларын қоспағанда, жоспарлы стационарлық көмек;

      4) уәкілетті орган айқындайтын аурулар (жай-күйлер) тізбесі бойынша МСАК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша медициналық оңалту және қалпына келтіру емі;

      5) ТМККК кірмейтін аурулардың патологиялық-анатомиялық диагностикасы ұсынылады.

2-тарау. МӘМС жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесі

      4. МСАК маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмек:

      1) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 155-бабының 7-тармағына сәйкес он сегіз жасқа дейінгі балаларды және он сегіз жастан үлкен адамдарды уәкілетті орган бекіткен тәртіппен және кезеңділікпен профилактикалық медициналық қарап-тексерулер;

      2) бейінді мамандардың ТМККК шеңберінде динамикалық байқауға жатпайтын аурулары бар адамдарды қабылдауы және консультациясы, оның ішінде:

      диагностикалық көрсетілетін қызметтер, оның ішінде көрсетілімдер бойынша, уәкілетті орган бекіткен тәртіппен маманның жолдамасы бойынша, зертханалық диагностика;

      Кодекстің 42-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен тәртіппен жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді қолдану;

      уәкілетті орган бекітетін тәртіппен бейінді мамандардың медициналық манипуляциялар мен ем-шараларды орындауы;

      осы Тізбенің 5-тармағына сәйкес стационарды алмастыратын көмек көрсету;

      Кодекстің 88-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес дәрілік заттарға және медициналық бұйымдарға, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарына рецепт жазу, уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен қамтамасыз ету;

      Кодекстің 59-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен тәртіппен жүргізілетін еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама;

      3) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету.

      5. Ауруларды ТМККК шеңберінде емдеу жағдайларын қоспағанда, стационарды алмастыратын көмек МСАК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша ұсынылады және мыналарды:

      1) бейінді мамандардың қарап-тексеруін, консультацияларын;

      2) диагностикалық көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде зертханалық диагностиканы;

      3) медициналық манипуляцияларды, ем-шараларды және хирургиялық операцияларды (эстетикалық пластикалық операцияларды қоспағанда) жүргізу арқылы дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды пайдалана отырып, емдеуге жатқызуға себеп болған ауруды және оның асқынуларын, өмірге қауіп төндіретін қосарласқан ауруларды емдеуді;

      4) Кодекстің 42-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен тәртіппен ұсынылатын жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді қолдануды;

      5) уәкілетті орган бекіткен аурулар (жай-күйлер) тізбесі бойынша МСАК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша медициналық оңалтуды және қалпына келтіру емін;

      6) қозғалысы шектеулі адамдарға жіті жай-күйлер және созылмалы аурулардың асқынуы кезінде үйдегі стационарды ұйымдастыруды қамтиды.

      6. Ауруханаға жатқызу жағдайларының жоспарланған саны шеңберінде ауруларды ТМККК шеңберінде емдеу жағдайларын қоспағанда, жоспарлы стационарлық көмек МСАК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша ұсынылады және мыналарды:

      1) медициналық көрсетілімдер бойынша бейінді мамандардың қарап-тексеруін, консультацияларын, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып;

      2) диагностикалық көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде медициналық көрсетілімдер бойынша зертханалық диагностиканы;

      3) медициналық манипуляцияларды, ем-шараларды және хирургиялық операцияларды (эстетикалық пластикалық операцияларды қоспағанда) жүргізу арқылы дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды пайдалана отырып, емдеуге жатқызуға себеп болған ауруды және оның асқынуларын, өмірге қауіп төндіретін қосарласқан ауруларды емдеуді;

      4) Кодекстің 162-бабының 5-тармағына сәйкес қанды, оның компоненттерін дайындау, өңдеу, сақтау, өткізу номенклатурасына сәйкес қанмен, оның компоненттерімен, сондай-ақ уәкілетті орган бекіткен қанды, оның компоненттерін, препараттарын сақтау, құю тәртібіне сәйкес қанмен және оның компоненттерімен, препараттарымен қамтамасыз етуді;

      5) Кодекстің 42-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен тәртіппен ұсынылатын жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді қолдануды;

      6) уәкілетті орган бекіткен аурулар (жай-күйлер) тізбесі бойынша МСАК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша медициналық оңалтуды және қалпына келтіру емін;

      7) Кодекстің 59-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен тәртіппен жүргізілетін еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптаманы;

      8) Қазақстан Республикасы Бюджет Кодексінің 69-бабы 2-тармағының екінші абзацына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тамақтанудың заттай нормаларына сәйкес ұсынылатын емдік тамақтануды;

      9) стационар палатасында қосымша сервистік көрсетілетін қызметтерді (теледидар, тоңазытқыш, телефон байланысы, тапсырыс бойынша тағам, медициналық көрсетілімдер бойынша анықталған жағдайларды қоспағанда, палатада жалғыз жатқызу) ұсынусыз пациентке емдеуге жатқызудың барлық кезеңіне төсек-орын беруді;

      10) үш жасқа дейінгі баланы, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтіп-бағуға мұқтаж ересек, науқасы ауыр балаларды күтіп-бағуды тікелей жүзеге асыратын анасына (әкесіне) немесе өзге адамға еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ бере отырып, онымен медициналық ұйымда бірге болу мүмкіндігін ұсынуды;

      11) медициналық ұйымда баланы күтіп-бағу үшін болған барлық кезеңде бір жасқа дейінгі баланы емізетін ананы тегін тамақпен қамтамасыз етуді;

      12) балалар стационарлық медициналық ұйымдарында ойнау, демалу және тәрбие жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасауды қамтиды.

      7. Уәкілетті орган бекіткен тәртіппен МСАК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша медициналық оңалту және қалпына келтіру емі.

      8. ТМККК-ге кірмейтін аурулардың патологиялық-анатомиялық диагностикасы.

      9. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, мамандандырылған емдік өнімдермен, иммундық-биологиялық препараттармен қамтамасыз ету:

      1) денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес – стационарлық және стационарды алмастыратын көмек;

      2) Кодекстің 88-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың үшін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің уәкілетті орган бекітетін тізбесіне сәйкес амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде жүзеге асырылады.

      МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері Қазақстан Республикасында тіркелген дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, мамандандырылған емдік өнімдерді, иммундық-биологиялық препараттарды пайдаланады. Дәрілік заттар Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізілуге тиіс.

      Кодекстің 7-бабы 1-тармағының 32) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды нақты пациенттің тіршілік көрсетілімдері бойынша медициналық көмек көрсету не сирек кездесетін және (немесе) аса ауыр патологиясы бар пациенттердің шектеулі контингентіне медициналық көмек көрсету үшін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қолдануға жол беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады