Байланыс формасы

Үшінші тараптың Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты сауда шараларын қолдануы алдында тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекіту және "Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1196 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 679 қаулысы.

      "Сауда қызметін реттеу туралы" 2004 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Үшінші тараптың Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты сауда шараларын қолдануы алдында тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасау қағидалары бекітілсін.

      2. "Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1196 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларында:

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Үшінші тараптың құзыретті органына таратылуы шектелген, "Құпия" деген белгісі бар және оған қатысты "ҚБПҮ" деген белгісі алынған қызметтік ақпаратты осы Қағидалардың 46-тармағына сәйкес мемлекеттік орган басшысының рұқсатымен және осы Қағидалардың 26 және 26-1-тармақтарында көзделген талаптарды сақтай отырып жіберу жағдайларын қоспағанда, таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты ашық байланыс түрлерінің техникалық арналары (жалпы пайдаланылатын телефон және факсимильді байланыс, радиобайланыс, спутниктік және ұялы (жылжымалы (мобильді) байланыс, интернет желісі) бойынша беруге жол берілмейді.";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. "ҚБПҮ" деген белгісі бар құжаттар мен басылымдарды әрбір жекелеген жағдайда осы мемлекеттік орган басшысының жазбаша рұқсаты бойынша ғана шетелдік заңды (жеке) тұлғаларға және олардың өкілдеріне беруге жол беріледі.

      Мұндай құжаттар алдын ала мемлекеттік орган құратын орталық сараптама комиссиясының отырысында қаралады, ол оны берудің орындылығы немесе егер беру сәтіне дейін ондағы мәліметтер өзінің бастапқы мәнін жоғалтқан болса, "ҚБПҮ" деген белгіні алу мүмкіндігі туралы қорытынды шығарады.

      Егер "ҚБПҮ" деген белгісі бар құжаттар мен басылымдарда басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне қатысты мәліметтер болса, оларды шетелге беру тек осы мемлекеттік органдар басшыларының келісімімен ғана жүзеге асырылады.

      "ҚБПҮ" деген белгісі бар басылымдарды кітап алмасу тәртібінде шетелге жіберуге жол берілмейді.";

      мынадай мазмұндағы 26-1 тармақпен толықтырылсын:

      "26-1. Сыртқы сауда және сауда қызметі саласындағы уәкілетті органның не Еуразиялық экономикалық комиссияның тергеп-тексеруді жүргізуге жауапты ретінде айқындаған органының, не үшінші тараптың, не Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің құзыретті органының сұрау салулары бойынша мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде сыртқы сауда және сауда қызметі саласындағы уәкілетті орган арқылы Еуразиялық экономикалық комиссияның тергеп-тексеруді жүргізуге жауапты ретінде айқындаған органына, үшінші тараптың және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің құзыретті органдарына тергеп-тексеруді жүргізу мен сауда және өтемақы шараларын қолдану мақсаттары үшін қажетті, таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын, "ҚБПҮ" деген белгісі бар мәліметтерді заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімдерде ұсынады.

      Көрсетілген ақпаратты сыртқы сауда және сауда қызметі саласындағы уәкілетті органға "ҚБПҮ" деген белгісі бар құжаттарды кейіннен қайта жіберу үшін жіберген кезде мемлекеттік органдар өзінің ілеспе хатында жіберілетін мәліметтерді Еуразиялық экономикалық комиссияға, үшінші тараптың немесе ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің құзыретті органдарына беруге басшының рұқсатының нөмірі мен күнін көрсетеді.";

      37-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "37. Мыналарға:

      1) таратылуы шектелген құжаттар мен басылымдардағы мәліметтерді халықаралық (жаһандық) деректер беру желілерінде, интернет желісінде орналастыруға;

      2) оларды жария сөз сөйлеуде немесе ашық баспасөзде, радио мен телевизия бағдарламаларында жариялауға;

      3) "ҚБПҮ" деген белгісі бар құжаттар мен басылымдарды ашық көрмелерде экспонат ретінде көрсетуге, оларды стендтерде, витриналарда немесе көпшілік көретін басқа орындарда көрсетуге жол берілмейді.

      Таратылуы шектелген, "Құпия" деген белгісі бар және оған қатысты "ҚБПҮ" деген белгісі алынған қызметтік ақпаратты осы Қағидалардың 46-тармағына сәйкес мемлекеттік орган басшысының рұқсатымен және осы Қағидалардың 26 және 26-1-тармақтарында көзделген талаптарды сақтай отырып, үшінші тараптың құзыретті органына жіберу жағдайлары қосылмайды.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 10 қыркүйектегі
№ 679 қаулысымен
бекітілген

Үшінші тараптың Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты сауда шараларын қолдануы алдында тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасау қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Үшінші тараптың Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты сауда шараларын қолдануы алдында тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" 2004 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және үшінші тараптың Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты сауда шараларын қолдануы алдында тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалардың мақсаты үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) кәсіпкерлік субъектілері – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар, оралмандар және мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалар;

      2) кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері – кәсіпкерлік субъектілері өздерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің ортақ мүдделерін білдіру және қорғау мақсатында құратын қауымдастықтар (одақтар);

      3) квазимемлекеттік сектор субъектілері – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес болып табылатын еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар;

      4) мемлекеттік органдар – Қазақстан Республикасының орталық атқарушы мемлекеттік органдары, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;

      5) сауда шарасы – арнайы қорғау, демпингке қарсы, өтемақы шарасы;

      6) тергеп-тексеру – Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты сауда шараларын енгізу алдында тергеп-тексеру жүргізетін үшінші тараптың құзыретті органы жүзеге асыратын рәсім;

      7) тергеп-тексеру материалдары – тергеп-тексеру шеңберінде қабылданатын шешімдер туралы хабарламалар, үшінші тараптың құзыретті органының сауалнамасы (сұрау салулары), тергеп-тексеру нәтижелері бойынша дайындалған баяндама және тергеп-тексеру шеңберінде сұратылатын және (немесе) ұсынылатын басқа да ақпарат;

      8) уәкілетті орган – сауда қызметі саласында сауда саясатын қалыптастыратын және басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      9) үшінші тараптың құзыретті органы – Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты сауда шараларын енгізу алдында тергеп-тексеруді жүргізетін шет мемлекеттің, шет мемлекеттер одағының мемлекеттік органы.

2-тарау. Үшінші тараптың Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты сауда шараларын қолдануы алдында тергеп-тексеру жүргізген жағдайда, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл тәртібі

      3. Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты үшінші тараптың құзыретті органы жүргізетін тергеп-тексеру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, оның ішінде:

      1) мемлекеттік органдарды үшінші тараптың құзыретті органдарының Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты тергеп-тексеруді жүргізуді бастағаны туралы хабардар етеді;

      2) үшінші тараптың құзыретті органынан тергеп-тексеру материалдарын алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде тергеп-тексеру материалдарын мемлекеттік органдарға жібереді;

      3) шараларды енгізудің Қазақстан Республикасы экономикасының (отандық өндірістің) жай-күйіне ықтимал әсеріне талдау жүргізеді;

      4) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстан тарапының түпкілікті шоғырландырылған ұстанымын (түсініктемелерін, дәлелдерін) және үшінші тараптың құзыретті органдарының сауалнамасына жауаптарды қалыптастырады;

      5) Қазақстан Республикасының түпкілікті ұстанымын тұжырымдау үшін уәкілетті орган қалыптастырған шоғырландырылған ұстаным бойынша мемлекеттік органдардың қағидаттық келіспеушіліктері болған жағдайда тергеп-тексеру материалдарын Қазақстан Республикасының Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының қарауына шығарады;

      6) үшінші тараптың құзыретті органына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы ресми ұсыныстар мен (немесе) сұрау салулар жібереді;

      7) тергеп-тексеру мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен консультациялар мен кеңестер өткізеді;

      8) үшінші тараптың құзыретті органы жүргізетін тексеру сапарында мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуын және үшінші тараптың құзыретті органына ақпаратты, оның ішінде құпия ақпаратты ұсынуды ұйымдастырады;

      9) жүргізілетін тергеп-тексеру шеңберінде консультацияларға, кездесулерге, келіссөздерге және жария тыңдауларға қатысады;

      10) жүргізілетін тергеп-тексеру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерімен, шет мемлекеттердің өкілдерімен, шет мемлекеттер одақтарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

      4. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде уәкілетті органмен өзара іс-қимылды жүзеге асыру кезінде:

      1) тергеп-тексеру жүргізу мәселелері бойынша уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасау мақсатында мемлекеттік орган басшысының орынбасарынан төмен емес деңгейдегі жауапты лауазымды тұлғаны айқындайды;

      2) өз құзыреті шегінде уәкілетті органнан келіп түскен тергеп-тексеру материалдарын қарайды, егер сұрау салуда өзге мерзім көрсетілмесе, оларды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ақпаратты, қалыптастырылған ұстанымды, сауалнамаға жауаптарды, статистикалық деректерді және үшінші тараптың құзыретті органы жүргізетін тергеп-тексеру бойынша қазақстандық ұстанымды қалыптастыру үшін қажетті өзге де ақпаратты, оның ішінде құпия (таратылуы шектелген) ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етеді;

      3) қажет болған жағдайда уәкілетті органның сұрау салуы бойынша үшінші тараптың құзыретті органы жүргізетін тергеп-тексерулерге, тергеп-тексеру мәселелері бойынша тыңдауларға, консультацияларға, кеңестерге, тексеру сапарларына қатысады;

      4) өз құзыреті аясында уәкілетті органның сұрау салуы бойынша тергеп-тексеруге жататын мәселелер бойынша өзге де қызметтерді жүзеге асырады.

      5. Егер осы Қағидалардың 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген сұрау салынған ақпарат таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жататын болса, мұндай ақпаратты мемлекеттік органдар уәкілетті органға басшының ақпаратты үшінші тараптың құзыретті органына толық немесе ішінара беруге келісімін қоса бере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынады.

      6. Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері:

      1) үшінші тараптың құзыретті органдарынан алынған тергеп-тексеру материалдарын, жұмыс тәртібімен – алған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде, ресми тәртіппен – 3 (үш) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне және уәкілетті органға уақтылы жіберуді;

      2) материалдарды уәкілетті органнан үшінші тараптың құзыретті органына уәкілетті орган көрсеткен мерзімде уақтылы беруді қамтамасыз етеді.

      7. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі:

      1) үшінші тараптың құзыретті органынан дипломатиялық арналар арқылы алынған тергеп-тексеру материалдарын алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде уәкілетті органға жіберуді;

      2) уәкілетті орган көрсеткен мерзімде уәкілетті органның тиісті ресми ұстанымын үшінші тараптың құзыретті органының атына дипломатиялық арналар арқылы жіберуді қамтамасыз етеді.

      8. Уәкілетті орган жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мүдделерін қозғайтын тергеп-тексеру мәселелерін көрсетілген ұйымдарға сұрау салынған ақпаратты, оның ішінде құпия ақпаратты (оны үшінші тараптың құзыретті органына беруге келісім бере отырып) қарау және ұсыну үшін уәкілетті орган көрсеткен мерзімде жібереді.

      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мүдделерін қозғайтын тергеп-тексеру мәселелері бойынша уәкілетті органның өзара іс-қимылы уәкілетті орган мен мүдделі ұйымдардың ресми хат алмасуы арқылы жүзеге асырылады.

      9. Үшінші тараптың құзыретті органынан тергеп-тексеру материалдары Қазақстан Республикасының Үкіметіне келіп түскен жағдайда, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықта белгіленген мерзімде көрсетілген материалдарды уәкілетті органға және қарамағындағы салаларына сәйкес мемлекеттік органдарға жібереді.

      Уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес тергеп-тексеру материалдарын алған кезде өз құзыреті шегінде Қағидалардың 3-тармағына сәйкес мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

3-тарау. Уәкілетті органның үшінші тараптың құзыретті органымен өзара іс-қимыл тәртібі

      10. Уәкілетті орган тергеп-тексеру материалдары бойынша түпкілікті ұстанымды, сауалнамаға жауаптарды, сондай-ақ үшінші тараптың құзыретті органы сұрау салған басқа да ақпаратты, оның ішінде құпия (таратылуы шектелген) ақпаратты қалыптастырады және үшінші тараптың құзыретті органының сұрау салуы тілінде үшінші тараптың құзыретті органына мынадай:

      1) үшінші тараптың заңнамасында айқындалған талап болған жағдайда, тиісті ақпараттық жүйеге жүктеу жолымен;

      2) үшінші тарап заңнамасының ақпараттық жүйені пайдалану туралы белгілі бір талаптары болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы дипломатиялық арналар бойынша береді;

      11. Уәкілетті органның үшінші тараптың құзыретті органы сұрау салған ақпаратты беруі, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, бұл ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларға немесе өзге де қорғалатын құпияға жатқызылған мәліметтерді қамтымаған жағдайда беріледі.

      12. Егер үшінші тараптың құзыретті органы сұрау салған мемлекеттік органдардан алынған ақпарат таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жататын болса, мұндай ақпаратты уәкілетті орган үшінші тараптың құзыретті органына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен "Құпия" деген белгімен береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады