Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 25 қыркүйектегі № 702 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 14.10.2019 № 760 қаулысымен.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 25 қыркүйектегі
№ 702 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі

      көші-қон саласындағы ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында көші-қон процестерін реттеудің аса маңызды бағыттарының бірі ретінде қарай отырып,

      Тараптардың көші-қон саласындағы екіжақты ынтымақтастығы үшін құқықтық негіз құруға ұмтыла отырып,

      екі мемлекеттің ынтымақтастығын одан әрі дамыту мақсатында көші-қон саласындағы әріптестік ынтымақтастық арқылы қарым-қатынасты тереңдетуге ниет білдіре отырып,

      халықаралық құқық нормаларын және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын негізге ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім шеңберінде Тараптар көші-қон, бір Тарап мемлекетінің екінші Тарап мемлекеті аумағындағы азаматтарының құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде өз мемлекеттерінің заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ақпараттық өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады.

      Тараптар өздерінің ұлттық заңнамалары мен халықаралық шарттары шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің аумағында еңбек ресурстарын тарту саласында мемлекеттік органдар мен шаруашылық субъектілер арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

2-бап

      Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру үшін жауапты құзыретті органдары (бұдан әрі – құзыретті органдар) мыналар болып табылады:

      Қазақстан Республикасынан – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;

      Әзербайжан Республикасынан – Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік көші-қон қызметі.

      Жоғарыда көрсетілген құзыретті органдардың ресми атаулары мен функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бірін-бірі бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

3-бап

      1. Тараптар осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырады:

      1) статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпарат алмасу;

      2) Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында болатын Тараптар мемлекеттерінің азаматтары туралы мәліметтер алмасу;

      3) ынтымақтастық процесінде туындайтын мәселелер бойынша тәжірибе алмасу және практикалық көмек көрсету;

      4) Тараптар мемлекеттері азаматтарының құқықтарын, оның ішінде оларға берілген тұруға арналған рұқсаттардың мерзімі ішінде олардың отбасы мүшелерінің тұру құқықтарын қорғау;

      5) Бір Тарап мемлекетінің аумағында болуы (тұруы) үшін негіздері бар екінші Тарап мемлекеті азаматтарының құқықтық мәртебесі мәселелерін қарау.

      2. Осы Келісім Тараптарға ынтымақтастықтың өзге де өзара қолайлы бағыттарын әзірлеуге және дамытуға кедергі келтірмейді.

4-бап

      1. Қажет болған жағдайда және өзара уағдаластық бойынша Тараптар:

      анықталған көші-қон заңнамасын бұзушылықтар және заңсыз көші-қон арналары туралы;

      Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында әрекет ететін заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға қатысы бар заңды және жеке тұлғалар туралы;

      келу визаларын және өзге де құжаттарды алу және оларды заңсыз көші-қон мақсатында пайдалану тәсілдері туралы;

      Тараптар мемлекеттерінің көші-қон заңнамасы туралы, оның ішінде көші-қон процестерін реттеу, пана және азаматтықты беру тәртібі, заңсыз көші-қонға қарсы күресті ұйымдастыру, сондай-ақ заңнаманың көрсетілген салаларындағы өзгерістер туралы;

      заңсыз көші-қонның алдын алуға бағытталған практика мен шаралар туралы;

      сыртқы көші-қонды реттеу әдістері туралы ақпарат пен мәліметтер алмасуды жүзеге асырады.

5-бап

      1. Тараптар заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасау және өз мемлекеттері азаматтарының құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Тараптар мемлекеттерінің азаматтары туралы мынадай санаттар бойынша ақпарат алмасады:

      1) Тараптар мемлекеттері азаматтарының болу орны (тұрғылықты жері) бойынша есепке алу (тіркеу) туралы мәліметтер;

      2) Тараптар мемлекеттерінің аумағында уақытша және тұрақты тұруға рұқсат, сондай-ақ жұмыс істеуге құқық алған Тараптар мемлекеттерінің азаматтары туралы мәліметтер;

      3) бір Тарап мемлекетінің азаматтығын алған немесе қайта қалпына келтірген екінші Тарап мемлекетінің азаматтары туралы мәліметтер, сондай-ақ Тараптардың бірінің азаматтығына тиесілігі туралы мәліметтер;

      4) Тараптар мемлекеттерінің азаматтары алған жеке басты куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер.

      2. Тараптар өз мемлекеттері азаматтарының Тараптар мемлекеттерінің аумағына келуіне (не олардың аумағынан шығуына) шектеулердің болуы және негіздер туралы мәліметтер алмасады.

6-бап

      Осы Келісімінің 5-бабында көрсетілген адамдардың жеке басын анықтау, белгілеу және құқықтық мәртебесін айқындау мақсатында Тараптар мынадай дербес деректер алмаса алады:

      тегі, аты, әкесінің аты (орысша және латынша жазылған);

      жынысы;

      туған күні;

      туған жері;

      азаматтығы;

      Тараптар мемлекеттерінің аумағында тұру үшін шетелге шығуға арналған құжаттың немесе жеке басты куәландыратын құжаттың сериясы, нөмірі, берілген күні, оны берген орган;

      әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы;

      қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы;

      Тараптар мемлекеттерінің аумағында болу орны (тұрғылықты жері) бойынша есепке алу (тіркеу) туралы;

      Тараптар мемлекеттерінің аумағында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттың, сондай-ақ жұмыс істеуге құқығының болуы туралы;

      Тараптар мемлекеттерінің аумағына кіруге рұқсат етпеу фактісі не Тараптар мемлекеттерінің аумағынан шығуға мерзімдері көрсетілген шектеу қою туралы;

      фотосурет бейнелері;

      дактилоскопиялық карта (болған кезде).

7-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:

      1) осы салада семинарлар мен тағылымдамаларды ұйымдастыруды қоса алғанда, Тараптар мемлекеттері құзыретті органдарының көші-қон мәселелерімен айналысатын қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру;

      2) ынтымақтастық процесінде туындайтын мәселелер жөніндегі жұмыс топтарын құру және сарапшылармен алмасу;

      3) ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар өткізу және бірлескен іс-қимылдарды қажет ететін ынтымақтастықтың басқа да нысандарын пайдалану;

      4) Тараптар мемлекеттері құзыретті органдарының аумақтық органдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының, мекемелерінің жұмысымен танысу;

      5) халықаралық ұйымдардың қатысуымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру.

8-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мүдделі Тараптың жәрдем көрсету туралы сұрау салуларының (бұдан әрі – сұрау салу) негізінде жүзеге асырылады.

      Тараптардың әрқайсысы көші-қон мәселелері жөніндегі өзінде бар ақпаратты, егер мұндай ақпарат екінші Тарап үшін қызығушылық тудырады деп пайымдауға негіздер болса, екінші Тарапқа сұрау салусыз жолдай алады.

9-бап

      1. Сұрау салу және сұрау салуға жауап жазбаша нысанда, оның ішінде мәтінді берудің техникалық құралдары пайдаланыла отырып жолданады.

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар қорғалған электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып, өзара іс-қимыл жасасуды ұйымдастыра алады.

      2. Сұрау салуда:

      сұрау салушы мен сұрау салынатын органның атауы;

      сұрау салу мәнінің қысқаша мазмұны, оның мақсаты мен негіздемесі;

      сұрау салуды тиісінше орындау үшін пайдаланылуы мүмкін басқа кез келген ақпарат қамтылуға тиіс.

      3. Сұрау салуға сұрау салуларды орындау бойынша үйлестіруші болып табылатын Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органының басшысы (оның орынбасары) немесе ол уәкілеттік берген адам қол қояды. Тараптар осы Келісім күшіне енгеннен кейін 45 күн ішінде сұрау салуларға қол қоюға уәкілетті адамдардың тізбелерімен, сондай-ақ бланкілердің үлгілерімен алмасады.

      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген сұрау салуларға қол қоюға уәкілетті адамдардың тізбелері не бланкілері өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бірін-бірі дереу хабардар етеді.

      5. Сұрау салудың төлнұсқалығына немесе мазмұнына күдік туындаған кезде қосымша растау сұратылуы мүмкін.

10-бап

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың жылдам және толық орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      Сұрау салынатын Тарап өзінің пікірі бойынша сұрау салуды тиісінше орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.

      Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапты сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе оны орындауды едәуір кешіктіретін мән-жайлар туралы дереу хабардар етеді.

      2. Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау қылмыстық қудалауға немесе өз мемлекетінің аумағында жүзеге асырылып жатқан өзге де іс жүргізуге кедергі болуы мүмкін деп пайымдаса, онда ол сұрау салуды орындауды кейінге қалдыруға немесе оның орындалуын өзі айқындаған шарттардың сақталуымен байланыстыруға құқылы.

      3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау нәтижелері туралы сұрау салушы Тарапқа мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабарлайды. Сұрау салуды орындау мерзімі ол келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 30 күннен аспауға тиіс.

      4. Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне, басқа да елеулі мүдделеріне зиян келтіруі не заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келуі мүмкін деп пайымдаса, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартады.

      Сұрау салушы Тарап бас тарту себептері көрсетіле отырып, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тарту туралы жазбаша хабардар етіледі.

11-бап

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың келіп түсу фактісінің, оның мазмұны мен оған ілеспе құжаттардың, сондай-ақ жәрдем көрсету фактісінің құпиялылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды.

      Сұрау салуды құпиялылықты сақтап орындау мүмкін болмаған жағдайда, сұрау салынатын Тарап бұл туралы сұрау салушы Тарапқа хабарлайды, ол сұрау салуды осындай жағдайларда орындау не орындамау керектігін шешеді.

      2. Осы Келісімнің негізінде алынған сұрау салуды орындау нәтижелері оларды берген Тараптың келісімінсіз сұрау салынғаннан және берілгеннен өзге мақсаттарда пайдаланылмайды.

      3. Осы Келісімнің негізінде бір Тарап алған мәліметтерді үшінші тарапқа беру үшін мәліметтерді берген Тараптың алдын ала келісімі талап етіледі.

      4. Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасын және халықаралық міндеттемелерін басшылыққа ала отырып, Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған ақпаратты кездейсоқ немесе заңсыз жоюдан, өзгертуден немесе таратудан, сондай-ақ кез келген өзге де санкцияланбаған қол жеткізуден немесе пайдаланудан қорғауға бағытталған қажетті ұйымдастырушылық-техникалық шараларды жүзеге асырады.

      5. Осы Келісімнің шеңберінде алынған ақпарат ол берілген мақсаттар талап ететін уақыттан ұзақ сақталмайды. Ақпарат Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының құқықтық актілеріне сәйкес жойылуға жатады.

12-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімді орындаумен немесе түсіндірумен байланысты барлық даулы мәселелер олардың арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

13-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмейтін болса, Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын шығыстарды Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес дербес көтереді.

14-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

15-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыру шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде орыс тілін пайдаланады.

16-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 17-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

17-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді. Тараптардың әрқайсысы өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жолдай отырып, оның қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы бір Тараптың осындай хабарламаны екінші Тараптан алған күнінен бастап 6 ай өткен соң тоқтатылады.


      20__ жылғы "___" _________ __________ қаласында қазақ, әзербайжан және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін пайдаланылатын болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады