"Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 2 маусымдағы № 341 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы

      Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілсін.

      2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2020 жылғы
№ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

      1-бөлім. Кіріспе

      2-бөлім. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту саласындағы ағымдағы ахуалды талдау

      3-бөлім. Халықаралық тәжірибеге шолу

      4-бөлім. Азаматтық қоғам саласын дамытудың пайымы

      5-бөлім. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

      6-бөлім. Тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері

      Қорытынды ережелер

      Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі.


      1-бөлім. Кіріспе

      Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан халқы өзін еркіндік, теңдік және келісім мұраттарын ұстанатын, әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алуды қалайтын бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғынады.

      Қазақстан Республикасы - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет, онда саяси және идеологиялық әралуандылық танылады, ал азамат, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат құндылықтар болып табылады. Қазақстанның негіз қалаушы қағидаттары - қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, патриотизм және мемлекет әмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.

      Осы конституциялық ережелерді дамытуда "Қазақстан Республикасы Президентінің "Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу" сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" 2019 жылғы 19 маусымдағы № 27, "Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 152 жарлықтарына, сондай-ақ "Бірге" жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстарға сәйкес осы Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) әзірленді.

      Тұжырымдамада азаматтық қоғамды және оның институттарын дамыту үшін жағдайлар жасау, идеологиялық және саяси әралуандылық пен бәсекелестікті, пікірлердің плюрализмі, азаматтық белсенділік нысандары мен әдістерінің әртүрлі болуын ескере отырып, мемлекет пен қоғамның түйінді міндеттерін толыққанды шешу мақсатында оларды талқылауға азаматтарды тарту жөніндегі шаралар бекітіледі.

      Азаматтық қоғам Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясында. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде бекітілген пікір білдіру және бейбіт жиналыстар еркіндігі құқықтарын қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, құқықтық, демократиялық, әлеуметтік мемлекет құрудың негізгі шарттарының бірі бола отырып, мемлекетпен және бизнеспен тең құқылы әрі сындарлы әріптестікке негізделуге тиіс.

      Азаматтық қоғам демократия жағдайында ғана толыққанды қалыптасады және дамиды, ол мыналарды қамтиды:

      адам тұлғасы маңызының артуы;

      құқық үстемдігі;

      азаматтарда өз құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, сақтау және қорғау мүмкіндіктері мен тетіктерінің болуы;

      жеке меншік базасындағы экономикалық дербестік;

      индивидтің өзін-өзі таныту нысандарының алуан түрлілігі;

      мемлекеттің азаматтар мен азаматтық қоғам ұйымдарының барынша көбімен сындарлы өзара іс-қимылы.

      Билік пен азаматтық қоғам бірін-бірі өзара толықтыратындықтан, олардың ынтымақтастығы мынадай өзара іс-қимыл қағидаттарына негізделуге, бірақ олармен шектелмеуге тиіс:

      қоғамның экономикалық, саяси және идеологиялық плюрализмін мемлекеттің тануы;

      мемлекеттің адам мен азаматтың құқықтарын ең қымбат құндылық деп тануы және оны қорғауы, мемлекеттің азаматтардың жеке өміріне араласпауы.

      Мемлекеттік органдар азаматтардың және олардың бірлестіктерінің конституциялық тәртіп шеңберінде өз алдарына дербес мақсат қою және өз қызметін басқару құқығын құрметтейді;

      азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара міндеттері мен жауапкершілігінің болуы. Қоғамдық мүдделер пайдасындағы қызмет азаматтар бірлестіктерінен де, мемлекеттік органдар институттарынан да ашықтықты, жауапкершілік сезімін және өз қызметі мен оған жұмсалатын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп беруге әзірлікті талап етеді;

      қоғам мен мемлекеттің зорлық-зомбылық және заңсыз іс-әрекеттерді пайдаланудан өзара бас тартуы;

      азаматтар бірлестіктері мен мемлекеттік органдардың орынды ынтымақтастықты жүзеге асыруға және қоғам мүдделеріне сәйкес іс-қимылдарды жақсарту үшін міндеттерді бөлуге мүмкіндік беретін әріптестігі;

      азаматтық бастаманың саяси тәуелсіздігі. Азаматтардың бірлестіктері өз қызметі бойынша заң шеңберінде еркін және тәуелсіз болып табылады. Бюджеттер және жария сектор қорлары есебінен азаматтық бастаманы қолдау кезінде саяси сипаттағы шектеулерден аулақ болу керек;

      сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, Мемлекеттік органдар азаматтардың бірлестіктері қатарынан ынтымақтастық бойынша шарттық әріптестерді таңдаған, сондай-ақ жария қызметтер көрсеткен және азаматтар бірлестіктеріне өзге де міндеттерді берген кезде сыбайлас жемқорлық тәуекелін жоққа шығаруға ықпал етеді;

      ұтымды және теңгерімді даму. Азаматтардың бірлестіктері мен мемлекеттік органдар өз қызметінде және өзара ынтымақтастықта ұтымды әрі теңгерімді даму қағидаттарына сүйенеді;

      барлығына тең қарым-қатынас. Азаматтардың бірлестіктері мен мемлекеттік органдар қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктеріне қол жеткізу кезінде барлық азаматтар мен олардың бірлестіктерінің қағидатты теңдігін құрметтейді;

      әлеуметтік, этносаралық, конфессияаралық бейбітшілікке, әріптестік пен келісімге ұмтылу.

      Мықты әрі тәуелсіз қоғамдық институттар болмаса, азаматтық қоғам мен мемлекеттің тиімді өзара іс-қимылы мүмкін емес. Осыған байланысты олардың жұмыс істеуін жақсарту және оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету мақсатында еліміздің заңнамасына өзгерістер енгізу қажеттігі артып келеді. Енгізілетін өзгерістер азаматтық қоғамды дамытудың мынадай қағидаттарына сәйкес келуге тиіс:

      пікір білдіру, бейбіт жиналыстар мен қауымдастықтар еркіндігі құқықтарын жүзеге асыру кезінде адамның өз таңдауы бойынша азаматтық қоғам ұйымдарын еркін құру, оларға қосылу және қатысу құқығын қамтамасыз ету;

      пікір білдіру, бейбіт жиналыстар мен қауымдастықтар еркіндігі құқықтарын іске асыру кезінде азаматтық қоғам ұйымдарына жүктелуі мүмкін кез келген шектеулердің халықаралық-құқықтық міндеттемелерге сәйкестігі;

      мемлекеттің азаматтық қоғам ұйымдарының қызметі үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ететін заңдар мен әкімшілік шараларды айрықша қабылдауға пейілділігі;

      басқару және шешімдер қабылдау мәселелерін қоса алғанда, мемлекеттің азаматтық қоғам ұйымдарының қызметіне араласпауы;

      азаматтар бірлестіктерінің бірде-бірі бұқаралық билікпен өзара қарым-қатынаста бола алмайды және бүкіл азаматтық қоғамның мүдделерін білдіре алмайды;

      стратегиялық инвестициялар ретінде азаматтық қоғам ұйымдарының қызметін институционалдық қолдау үшін жағдайлар жасау;

      азаматтық қоғам ұйымдарының мемлекеттік, жеке, шетелдік және халықаралық ұйымдар тарапынан қосымша міндеттемелер жүктемей қаржылық қолдау көздерін еркін таңдау құқығын сақтау;

      мемлекеттік органдар мен мемлекет қатысатын ұйымдардың қызметіне қоғамдық қатысу және ықпал ету тетіктерін күшейту және кеңейту;

      заң шығару процесіне қоғамдық қатысу нысандарының алуан түрлілігін және елдің құқықтық саясатына әсерін дамыту.

      Осы негіз қалаушы қағидаттарға сүйене отырып, осы Тұжырымдаманың мақсаты азаматтық қоғамды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және тең құқықты әріптестік негізінде азаматтардың мемлекетпен әртүрлі нысандардағы өзара іс-қимылының тиімді жолдарын қамтамасыз ету болып табылады.


      2-бөлім. Қазақстан Республикасында азаматтық коғамды дамыту саласындағы ағымдағы ахуалды талдау

      Азаматтық қоғамды адамгершілік, әлеуметтік-экономикалық, отбасылық қатынастар мен институттардың жиынтығы ретінде айқындауға болады, жеке қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыру үшін бірлестіктерді, қауымдастықтарды, одақтарды еркін және ерікті түрде құратын индивидтер мен топтардың мүдделері солардың көмегімен қанағаттандырылады.

      Әртүрлі әлеуметтік топтар мен индивидтердің қажеттіліктері мен мүдделері азаматтық қоғамның саяси партиялар мен қозғалыстар, жергілікті қоғамдастықтар, кәсіптік одақтар, діни бірлестіктер, шығармашылық, қоғамдық және ғылыми одақтар мен бірлестіктер, бизнес-ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ қоғам үшін көрсетілетін қызметтердің ауқымды спектрін іске асыратын қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар (бұдан әрі - ҮЕҰ) сияқты институттары арқылы жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік құрылымдардан айырмасы - азаматтық қоғамда сатылы емес, көлденең байланыс - оны құрайтын құрылымдар мен адамдардың әртүрлі топтары арасындағы үйлестіру, бәсекелесу қарым-қатынастары басым.

      Азаматтық қоғам белгілерінің қатарына адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын неғұрлым толық қамтамасыз етуді, өзін-өзі басқаруды, еркін қалыптасатын қоғамдық пікір мен плюрализмді, жалпыға бірдей хабардар болуды және ең алдымен, азаматтың ақпаратқа қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыруды да жатқызуға болады.

      Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет бірқатар құрылымдық байланыстармен біріктірілген, онсыз ол да, екіншісі де табысты бола алмайды. Қазақстан Республикасының Конституциясында негізі қаланған құқықтық мемлекет идеясы азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара басқарылуын, мемлекет пен қоғам бостандығының арақатынасын соңғысының және жеке тұлғаның пайдасына бір мезгілде өзгерте отырып, мемлекеттің билікке монополиясын төмендетуді көздейді.

      Азаматтық коғам өзінің базалық бірлігінде азаматтардан тұрады. Азаматты тәрбиелеу - оны демократия құндылықтарының жүйесіне енгізу. Бұл жүйе қоғамдық қатынастардың бүкіл жиынтығы ретінде азаматтық қоғамның мәнінен шығарады.

      Адамдардың қоғамдық өмірге және өз өлкесінің күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге бастамашылық және ерікті түрде қатысуы ретіндегі азаматтық белсенділік қоғамның демократиялық құрылысының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Мемлекеттік органдар оны қолайлы құқықтық орта құрумен, халықты өз қызметі туралы хабардар етумен және азаматтар мен бірлестіктерді шешімдерді жоспарлау мен орындауға тартумен қолдайды.

      Азаматтардың бірлестіктері қоғамда әртүрлі ұғымдар мен мүдделерді білдіру арналары болып табылады, олар арқылы азаматтар ақпарат алады және жоспарланған шешімдер жөнінде өз пікірін білдіреді. Егер саяси шешімдер қабылдайтын адамдар жұртшылықпен диалог жүргізетін болса және жария талқылау процесінде енгізілген ұсыныстармен есептессе, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенім дәрежесі артады.

      Елде азаматтық коғамның қалыптасуы Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 шілдедегі № 154 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрініс тапты.

      Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы азаматтық қоғам институттарын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған заңнамалық және өзге де құқықтық актілерді жетілдіру, одан әрі әзірлеу мен қабылдау үшін негіз болды.

      Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесін енгізу Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асырудың негізгі көрсеткішіне айналды, соның нәтижесінде мемлекеттік функциялардың бәсекелес ортаға берілуіне байланысты кейінгі динамикасы ұлғайып, қазіргі кезде көрсеткіштің 574,8 млн. теңгеден 20 млрд. теңгеге дейін өсуі байқалады.

      Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2010 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған кезекті тұжырымдамасы қабылданды, ол құқықтық идеологияны, құқықты (заңнаманы), заң практикасын жетілдіруге, Қазақстанның демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретіндегі заңды егемендігін нығайтуға өз үлесін қосты.

      "Қазақстан - 2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" стратегиясы мен Ұлт жоспары - 100 нақты қадам үкіметтік емес секторды қайта жүктеудің өзектілігін, азаматтық қоғам институттарымен жұмыс істеу үшін жаңа тәсілдер мен платформаларды қалыптастырудың қажеттігін айқындады.

      Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер салалық қағидатты енгізуге және бейінді мемлекеттік органдардың ҮЕҰ-мен бірлескен әлеуметтік жобаларды іске асыруға катысуын кеңейтуге мүмкіндік берді.

      Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы қазақстандықтардың азаматтық белсенділігін, олардың жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қызығушылығы мен қатысуын арттырды.

      "Кәсіптік одақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы әлеуметтік диалог пен әріптестікті дамытуға жаңа серпін берді.

      Үкіметтік емес сектордың ағымдағы даму бағыты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 159-ө өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасында үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі 2016 - 2020 жылдарға арналған ұлттық жоспарда белгіленген.

      "Қоғамдық кеңестер туралы" Заң және онымен өзара байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, мемлекеттік қызмет туралы, ақпаратқа қол жеткізу туралы, дербес деректер және оларды қорғау туралы заңдар пакеті қоғамдық кеңестер институтын заңнамалық түрде бекітті және мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам және халық институттарымен тиімді кері байланысын қамтамасыз етті.

      ҮЕҰ-ны гранттар мен сыйлықақылар түрінде қаржыландырудың жаңа нысандарын енгізу үкіметтік емес секторды әлеуметтік міндеттерді шешуде азаматтық қоғамның белсенді институттарының бірі ретінде танудың нәтижесі болды, бұл азаматтық секторда жұмыспен қамтылған азаматтар санының ұлғаюына ықпал етті.

      "Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1192 қаулысына сәйкес гранттық қаражат бөлу рәсімдерінің ашықтығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін гранттық қаржыландыру саласындағы оператор - "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КеАҚ құрылды.

      Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесін жетілдіру мақсатында 2018 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру тәртібі заңнамамен регламенттелді және стандарттар әзірленді. Алғаш рет мемлекеттік қаржыландыру есебінен ҮЕҰ жобаларының нәтижелерін бағалау енгізілді.

      Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара қарым-қатынасының жаңа жүйесін қалыптастыруға ықпал еткен "Волонтерлік қызмет туралы", "Қайырымдылық туралы", "Өзін-өзі реттеу туралы" заңдар қабылданды.

      VIII Азаматтық форумда азаматтық қоғамды дамыту тетіктерін жетілдіру жөнінде шешімдер әзірленді. Бұл тұрғыда азаматтық қоғам институттарының рөліне жаңаша қарау үшін бірқатар алғышарттар жинақталды.

      Президенттің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтар мен мемлекеттік органдар арасында кері байланысты қалыптастыру үшін азаматтардың сындарлы сұрау салуларына жедел және тиімді ден қою моделі "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын енгізу қажеттігі атап өтілді. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" идеясы мемлекеттік аппараттың халықтың сұрау салуына сезімталдығын арттыруды, билік пен қоғам арасындағы коммуникациялардың үздік технологиялары мен практикаларын әзірлеуді болжайды.

      Қазақстан 200-ден астам халықаралық конвенциялар мен көпжақты келісімдерге қатысушы болып табылады. Қазіргі уақытта елімізде бірнеше конвенцияға, атап айтқанда, Қазақстан 1998 жылғы 29 маусымда қосылған Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға қатысты тәуелсіз мониторинг институты енгізілді. Азаматтық қоғамның осы процеске қатысуы бағалы құрал болып табылады және Конвенцияның ұлттық деңгейде тиімді орындалуына мемлекетке қолдау көрсетеді.

      Қазақстан Республикасы 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы күн тәртібін қолдады және 2019 жылғы шілдедегі Нью-Йоркте өткен Орнықты даму жөніндегі саяси форумда 2030 жылға дейінгі күн тәртібінің іске асырылуы туралы алғашқы Ерікті Ұлттық Шолуды таныстырды.

      Азаматтық қоғамның негізгі әріптестері Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі - БҰҰ) ұйымдастырған ұлттық жұмыс топтарына, мемлекетаралық келіссөздерге қатыса алады.

      Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен жұмыс құралдарының бірі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі болды. Ол қоғамдық-саяси жаңғырту және көппартиялықты, саяси бәсекелестік пен елдегі пікірлердің плюрализмін одан әрі нығайтуға арналған идеялардың қайнар көзі болып табылады.

      Қазіргі уақытта Қазақстанда 6 саяси партия, әртүрлі бағыттағы 22 763 ҮЕҰ, 18 конфессияны білдіретін 3738 діни бірлестік, әртүрлі меншік нысанындағы 3494 БАҚ, 233 қоғамдық кеңес, 36 салалық және 19 аумақтық ұйымды қамтитын кәсіподақтардың 3 ірі республикалық бірлестігі ресми тіркеліп, жұмыс істейді.

      Өткен 2011 - 2019 жылдар аралығындағы кезеңде мынадай нәтижелерге қол жеткізілді:

      1) ҮЕҰ-ның сандық тұрғыдан өсуі қамтамасыз етілді, олардың әлеуметтік саясатты іске асырудағы қызметінің спектрі кеңейді;

      2) қоғамда ҮЕҰ-ның рөлін нығайту бойынша дәйекті саясат жүргізу драйверіне айналған V, VI, VII және VIII Азаматтық форумдар өткізілді;

      3) қоғамдық кеңестер арқылы қоғамдық бақылау нысандары енгізілді;

      4) кеп партиялы Парламент жұмыс істейді;

      5) азаматтардың мемлекеттік басқару шешімдерін қабылдау процесіне қатысу тетіктері кеңейтілді;

      6) "ашық және есеп беретін үкіметті" қалыптастырудың құқықтық негіздері қаланып, іске асырылды.

      Сонымен бірге, қоғамда бірқатар проблемалы мәселелер белгіленді.

      Қазақстан Үкіметі өзінің әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге ұмтылысында мемлекеттің экономикадағы рөлі мен үлесі қысқаратынын жариялады. Бүгінгі күні квазимемлекеттік сектормен бірге экономикадағы мемлекеттің үлес салмағы 60-80%-ке жетеді.

      Осы орайда қазақстандықтардың белсенділігін күшейтуге, проблемаларды шешу құралдарын ұсынуға тиіс азаматтық қоғам институттарының рөлі артады. Алайда, қазіргі уақытта азаматтық қоғам институттары қоғамдық мүдделерді жеткілікті дәрежеде көрсетпейді. Осыған байланысты оларды күшейту қажеттігі туындайды.

      Өзге проблемалардың арасынан мыналарды атауға болады:

      азаматтық қоғам институттарының қызметін реттейтін заңнаманың жетілдірілмеуі;

      елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына үкіметтік емес сектордың қосқан үлесін есепке алу жүйесінің болмауы;

      халықтың үкіметтік емес сектордың жұмысына және волонтерлік қозғалысқа тартылуының төмен болуы;

      азаматтық қоғам институттарына сенім деңгейінің жеткіліксіз болуы;

      мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам институттарын проблемаларды шешуге тарту бойынша жұмысының жеткіліксіздігі;

      ҮЕҰ-ның мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділігі, қаражаттың түсу көздерін әртараптандырудың болмауы;

      үшінші сектор ұйымдары арасында мемлекеттік қаржыландыру үшін бәсекелестіктің жоғары болуы;

      халықтың сұранысы мен қаражатты нысаналы бөлу арасындағы үйлестірудің нашар болуы;

      үкіметтік емес сектор ұйымдарындағы кадр тапшылығы;

      қайырымдылық институтының жеткілікті дамымауы;

      үшінші сектордың транспаренттілігінің жеткіліксіз болуы;

      азаматтық қоғамға қатысушылар арасындағы әріптестіктің жеткілікті дамымауы;

      қазақстандық азаматтық қоғам институттарының халықаралық алаңдарға қатысуының әлсіз болуы.

      Бұл ретте Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында әлеуметтік экономикалық дамудың парадигмалары ауысты. Алайда, әлемдік мейнстрим - бұл адами капиталдың мөлшерлемесі. Өз сұраныстары, қарапайым өмірлік үміттері, армандары, практикалары бар адам инклюзивті экономикалық дамудың бір бөлігін құрайды.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында адамдардың жаңа дағдылары мен қабілеттерін дамыту - Қазақстанды "дамыған отыз елдің" қатарына одан әрі ілгерілету үшін аса маңызды міндет деп белгіленген.

      Азаматтық қоғам да қайта құрылатын, жаңа технологияларды енгізетін және пайдаланатын, жаңа құзыреттерді алатын болады.

      Азаматтық қоғамның дәстүрлі институттары шағын бастамашылық топтар және тіпті трендтерді қалыптастыратын жеке адамдар - келісу мен мақұлдаудың формальды рәсімдерінен өту қажеттігін айналып өтіп, журналистер мен бизнесті қоса алғанда, адамдардың едәуір массасына ықпал ете алатын және жұмылдыра алатын трендсеттер (пікір көшбасшысы) тұлғасындағы балама пайда болған жаңа жағдайларға бейімделеді.

      Сондықтан дәстүрлі институттарда қажетті шешімдер қабылдау үшін халықтан барабар кері байланыс алуда қиындықтар туындайды. Бұл өмірдегі жағдайларды шешуде халық үшін ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған практикаларды, тетіктер мен заңнаманы жетілдіру және кедергілерді алып тастау қажеттігіне сайып келетін жалпы әлемдік үрдіс екенін атап өткен жөн.

      Жалпы әлемдік үрдістер негізінде осы Тұжырымдама мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды әзірлеуге және іске асыруға қоғамдық қатысу жүйесін дамытуды, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын жақсартуға жәрдемдесуді, мемлекеттің, бизнестің және азаматтық қоғамның әріптестік жүйесін нығайтуды, азаматтық қоғамның орнықтылығын арттыруды, сондай-ақ саяси трансформация мен жаңғыртуды көздейді.


      3-бөлім. Халықаралық тәжірибеге шолу

      Халықаралық тәжірибені талдау азаматтық қоғам ұғымы белгілерінің ортақ екенін және іс жүзінде жетекші халықаралық ұйымдардың анықтамаларынан айырмашылығы жоқ екенін көрсетеді.

      Мысалы, Дүниежүзілік банк қоғамдық өмірге қатысатын, өз мүшелерінің немесе өзге адамдардың мүдделері мен құндылықтарын білдіретін және бұл ретте этикалық, мәдени, саяси, ғылыми, діни немесе филантроптық түсініктерді басшылыққа алатын үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдардың кең спектрін белгілеу үшін "азаматтық қоғам ұйымдары" терминін пайдаланады.

      Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы азаматтық қоғам ұйымдарына осыған ұқсас анықтама береді - бұл "айналасында қоғам өз еркімен өзінен-өзі ұйымдасатын және мүдделер мен байланыстардың кең ауқымын білдіретін қауымдастықтар кептігі. Олар қоғамдық ұйымдарды, байырғы халықтардың ұйымдарын және үкіметтік емес ұйымдарды қамтуы мүмкін".

      Демократиялық процестер әлемдік практикада негізгі рөлі азаматтық қоғамға тиесілі мемлекеттік құрылыстың орнықты модельдерінің сипатына ие болуда.

      Қоғамдық шартты қабылдау

      Азаматтық қоғамның әлемдік практикадағы жұмыс істеуінің басты өлшемшарты қоғамда және мемлекетте тұрмыс сапасын жоғарылату, мемлекеттік құрылымдардың саясат, экономика, құқық, мәдениет саласындағы күш-жігерінде жұртшылықты оларды белсенді түрде қолдауға итермелеу үшін мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы әріптестікті бекітетін қоғамдық, шартты қабылдау болып табылады. Бұл әріптестік өзара түсіністікті, сенімді және екі әріптес үшін тең жағдайды сипаттауы тиіс. Мұндай әріптестікке қол жеткізу үшін мемлекеттік органдар халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту үшін өз іс-әрекеттерін азаматтық қоғаммен келісуі керек.

      Үкімет пен үшінші сектор ұйымдары арасындағы өзара қарым-қатынасты жүйелі түрде түсіну және қалыптастыру қажеттігін әлемнің көптеген елдері, сондай-ақ БҰҰ мен Еуроодақ сияқты халықаралық ірі ұйымдар ұғынды.

      Осылайша, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінде коммерциялық емес сектор мен үкімет арасында бас келісімдерге (шарттарға) қол қойылды, онда қазіргі заманғы демократиялық қоғам үшін үшінші сектордың рөлі мен маңыздылығының ортақ түсінігі белгіленген. Эстония Республикасында парламент шартты "Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы" ретінде қабылдады. Хорватия Республикасында шарт Үкімет пен үкіметтік емес коммерциялық емес сектор арасындағы ынтымақтастық, бағдарламасының нысанын қабылдады. Канадада екі сектор арасындағы өзара қарым-қатынас реформасы "Бірлескен дөңгелек үстелдер" атты құжат нысанында берілген.

      Аталған құжаттар мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы өзара қарым-қатынастарды трансформациялау үшін негіз болады.

      Тұтастай алғанда, азаматтар мен биліктің өзара іс-қимыл жасасуының шетелдік тәжірибесі жан-жақты құжаттарды (шарттар, тұжырымдамалар, ынтымақтастық бағдарламалары, бірлескен дөңгелек үстелдер және басқалар) қабылдаудан басқа билік пен қоғам арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықтың әртүрлі нысандары пайдаланылатынын көрсетеді.

      Мысалы, Эстонияның азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасында мынадай қағидаттар көзделген:

      1) азаматтық бастаманы және қатысу демократиясын дамыту;

      2) ерікті қызметті азамат болмысының маңызды компоненті ретінде бағалау;

      3) азаматтардың экономикалық, әлеуметтік және саяси құқықтары мен міндеттерін жақсы зерделеуді және сақтауды дамыту;

      4) азаматтардың өз отбасылары, отандастары, туған өлкелері, мемлекет және бүкіл әлем алдында жауапкершілік сезімін дамыту;

      5) азаматтардың бірлестіктері мен бұқаралық билік арасындағы ынтымақтастық негізінде жатқан құндылықтар мен қағидаттарды ұғыну және өзара міндеттердің, құқықтар мен қызмет басымдықтарының аражігін ажырату;

      6) демократияны дамытудың міндетті шарты ретінде азаматтар бірлестіктерінің жұмыс істеуі мен нығаюы үшін қолайлы орта құру;

      7) азаматтық бастаманы қолдау жүйесін дамыту;

      8) мекемелер мен азаматтар және олардың бірлестіктері арасындағы ынтымақтастыққа ықпал егетін ынтымақтастық пен білімнің ізгі әдет-ғұрыптарын тарату;

      9) азаматтарды және олардың бірлестіктерін саяси тұжырымдамалар мен құқықтық актілерді әзірлеу, жүзеге асыру және талдау процесіне кеңінен тарту және бұл үшін қажетті ақпарат арналары мен тетіктерді дамыту;

      10) қоғамдық өмірді ұйымдастыру кезінде азаматтар мен олардың бірлестіктерінің ерекше мүдделері мен жеткілікті түрде көрсетілмеген немесе жеткілікті түрде танылмаған қажеттіліктерін тану және назарға алу;

      11) коммерциялық секторды тарта отырып, қайырымдылық пен филантропияға ықпал ететін ортаны құру.

      Қоғамдық қатысу

      Польша Республикасы "халық үніне құлақ асатын мемлекет" моделін табысты енгізу мысалдарының бірі болып табылады, онда жергілікті деңгейде халықты, осал топтар мен белсенді азаматтарды тарта отырып, инклюзивті жоспарлау қағидаты енгізілген. Биліктің орталық органдары өз функцияларын неғұрлым темен деңгейге беру арқылы стратегиялық мәселелерге жұмылған. Мемлекеттік қаржыны басқару жүйесі өзгертілген - тәуелсіз бюджеттер құрылған және қаржы саясатын жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде жүргізу үшін жауаптылық енгізілген.

      АҚШ-та республикалық үкімет көптеген саяси аспектілерді ел азаматтары бақылайтын өзін-өзі басқару қағидаттарына негізделген. Өзін-өзі басқару органдары сыртқы мемлекеттік бақылаудан немесе сыртқы саяси ықпалдан ада.

      Азаматтық қоғам институттарының мемлекетпен өзара іс-қимылы

      Әлемдік практикада проблемалы атаулы ортада еркін араласатын буферлік операторларды құру әдістері кеңінен пайдаланылады. Бұл - үкімет құрған, қаржы бойынша оған есеп беретін, бірақ өз қызметінде тәуелсіз квазиүкіметтік емес ұйымдар.

      Мемлекеттік органдар функцияларының бір бөлігін іске асыратын үкіметтік емес атқарушы ұйымдар бөлінеді. Атқарушы-әкімшілік ҮЕҰ, сот, мониторинг бойынша консультативтік кеңестер бар. Ұлыбританияда шамамен осындай 560 ұйым бар.

      Бұл жүйе 1990-шы жылдары қалыптасты және жетілдіруді жалғастыруда. Халықтың сезімтал жіктерінің немесе тәуекел топтарының әлеуметтік проблемаларын шешуге арналған Қоғамдық ықпал бондтарының жүйесі (SIB - Social Impact Bond) жұмыс істейді.

      Мемлекеттік орган арнайы әлеуметтік көрсетілетін қызметке ақы төлеу бойынша бонд шығарады (мысалы, жасөспірімдердің есірткіге тәуелділігін төмендету). Көрсетілетін қызметтің өнім берушісі инвесторды іздейді және іске асыруды қамтамасыз етеді. Нәтижеге табысты қол жеткізілген жағдайда, бонд бойынша төлем жүргізіледі.

      "Қоғамдастық органайзерлері" бағдарламасы іске асырылуда. Оның мақсаты жергілікті қоғамдастықтардың өзін-өзі ұйымдастыруы мен өзін-өзі басқаруын қалыптастыру. Мемлекеттік қаржыландыру арқылы Бағдарламаны Locality қоғамдық ұйымы іске асырады. Мәнісіне келсек, аталған ҮЕҰ өңірлік саясатты жүргізу жөніндегі өкілеттікке ие болды.

      Мемлекеттік неғұрлым беделді ҮЕҰ-мен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жүзеге асырған кезде стратегиялық әріптестік практикасы пайдаланылады. Стратегиялық әріптестіктердің мемлекеттік қаржыландыру жаппай әлеуметтік іс-шаралар, тақырыптық конференциялар мен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

      АҚШ-та үкіметтік оператор-агенттіктер нақты өкілеттіктерді мемлекетпен байланысты емес ҮЕҰ арасында бөледі және олардың қызметін үйлестіреді.

      Мемлекеттік және муниципалдық қызмет корпорациясы осы тектес аса ірі кооператор болып табылады. Ол Үкіметтің AmeriCorps, Senior Corps және Learn and Servie America бағдарламалары шеңберінде ҮЕҰ-ны шоғырландырады.

      Сингапурда ерікті қайырылымдылық ұйымдары "ЕҚҰБҚ, Voluntary welfare organizations" мемлекеттің әлеуметтік функцияларды құралы болып табылады. Сингапурда барлығы 425 ЕҚҰ бар, қызмет бағыттары әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек және құқықтық көрсетілетін қызметтерге шоғырланған. Қарттар үйлері, балалар үйлері, психиатриялық емханалар ЕҚҰ-ның қамқорлығында.

      Азаматтық қоғамды дамыту индекстерінің халықаралық стандарттарын, қағидаттары мен өлшемшарттарын қолдану

      Әлемде азаматтық қоғамның дамуын бағалау құралдары мен индекстерін қолданатын бірқатар азаматтық қоғам бірлестіктері бар. Қазақстанда осы тетіктерді енгізу азаматтық қоғамның тиімді моделін құруға мүмкіндік береді.

      Сонымен қатар, азаматтық қоғам институттары өз қызметінде Азаматтық қоғам ұйымдарына арналған әдеп және мінез-құлық кодексінің (The Code of Ethics and Conduct for NGOs) қағидаттарын басшылыққа алады және оларды ұстанатынын көрсетуге ұмтылады.

      Азаматтық қоғамды дамытудың қазіргі заманғы трендтері

      Бүгінгі күні азаматтық қоғамды дамытудың жаһандық трендтері бірқатар орнықты үрдістерді көрсететінін халықаралық тәжірибе куәландырады.

      1. Халықаралық деңгейде азаматтық қоғам институттарына сенім және олардың мемлекеттік және корпоративтік секторларда басқарушылық шешімдерді қабылдауға ықпал ету деңгейі өсуде. Дүниежүзілік экономикалық, форумның болжамы бойынша перспективада халықтың мемлекеттік мекемелер мен ірі корпорацияларға сенім деңгейі мен азаматтық қоғам институттарының халықтың санасына әсер ету деңгейінің арасындағы алшақтық ұлғаяды.

      2. Азаматтық қоғам институттары жаһандық Күн тәртібін қалыптастыруға қатысады және оны белсенді іске асырады. Бүгінгі күні тұрақты құрылымы бар халықаралық ҮЕҰ ресми консультативтік процестерге, G20 және БҰҰ сияқты көпжақты форумдарға белсенді қатысады.

      Мысалы, Халықаралық Валюта Қоры мен Дүниежүзілік банк тобының жыл сайынғы кеңестері барысында азаматтық қоғам үшін саясат мәселелері бойынша жеке Форум өткізіледі. Онда әлемдік экономиканың перспективалары, жаһандық қаржылық тұрақтылық, жұмыспен қамту және кедейлікті жою мәселелері талқыланады.

      3. Әлем гипербайланысты болып келе жатыр. Интернетке, әлеуметтік желілер мен ұялы телефондар технологияларына қолжетімділіктің кеңеюінің арқасында жеке тұлғаның виртуалды азамат ретіндегі күші өсуде. Әлеуметтік желілердің ауқымы жеке адамның немесе адамдар тобының азаматтық ұстанымын білдіру парадигмасын өзгертті. Азаматтық қоғамның дәстүрлі институттары жаңа желілік институттармен халықтың пікірін білдіруге монополияны иелену құқығы үшін бәсекелеседі.

      4. Елдердің үкіметтері азаматтық қоғам құру емес, әлеуметтік топтасуды дамыту міндеттерін қояды. Ол халықтың тыныс-тіршілігінің өзекті проблемаларын шешуге, әлеуметтік оқшаулау мен әлеуметтік дезинтеграцияны (кедейшілік, баспанасыздық, жетімдік және т.б.) еңсеруге белсенді қатысуын көздейді.

      5. Ірі бизнес пен блокчейн технологиялары кейбір мемлекеттік институттарды алмастыра алады және шешімдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ете отырып, күрделі әлеуметтік проблемаларға оң ықпал ете алады. Коммерциялық және инвестициялық қаржы компаниясы болып табылатын. JPMorgan компаниясы таяудағы онжылдықта бизнес-қоғамдастық әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін 1 триллионға дейін доллар салады деп болжап отыр.

      Қазақстан әлемдік трендтермен бір бағытта қадам басуда және жаңа әлеуметтік белсенділік адамдар мен мемлекеттің күнделікті өміріне әсер ететінін түсінеді. Азаматтық қоғам жаңа трансформацияның жолсерігі бола алады және болуы тиіс. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында Қазақстан үшін мынадай қағидатты өзгерістер белгіленген:

      "тек өзімнің және өзіме жақын ортамның қамын ойлаймын" деген көзқарастан - қалаға және елге қамқорлық жасайтын "жауапты азамат";

      жас ұрпақтың еліктеуі үшін іріктемелі үлгілерден - өмірдің барлық салаларындағы рөлдік модельдер;

      шетелдік мәдениетті ішінара қабылдаудан - елде де, одан тыс жерлерде де ұлттық мәдениетті ілгерілету;

      Қазақстанның полиэтникалық азаматтарынан - азаматтық бірлік негізінде күшті азаматтық қоғам және бірегей ұлт болу.


      4-бөлім. Азаматтық қоғам саласын дамыту пайымы

      Азаматтық қоғам саласын дамыту пайымы азаматтық қоғамның:

      қоғам мен мемлекет арасындағы өзара тиімді диалогты қамтамасыз етуі;

      мемлекеттік басқару мен қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыру үшін кері байланыс тетігін қамтамасыз етуі;

      мемлекеттің есеп беру мен ашықтығы жағдайында шешімдер қабылдауға азаматтардың қатысуы үшін қолайлы жағдайлар жасауы болып табылады.

      Бұл пайымға қол жеткізу үшін азаматтық белсенділікті дамытуға, мемлекеттің азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге, азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының шешімдер қабылдау процесіне қатысу деңгейін арттыруға, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін нығайтуға және Қазақстандағы БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарын іске асыру үшін азаматтық қоғамды тартуға бағытталған міндеттерді шешу қажет.

      Тұжырымдаманың негізгі міндеттері:

      азаматтық қоғамды және оның институттарын, оның ішінде қоғамдық-саяси салада дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау;

      азаматтық белсенділікті қолдау және дамыту;

      азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының шешімдер қабылдау процесіне және мемлекеттік істерді басқаруға қатысу деңгейін арттыру;

      азаматтық қоғам институттарының әлеуетін нығайту;

      азаматтық қоғамды Қазақстандағы БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарын имплементациялауға тарту.

      1-міндет. Азаматтық қоғамды және оның институттарын, оның ішінде қоғамдық-саяси салада дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау.

      1.1 "Қоғамдық-саяси саланы жаңғырту"

      Кіші міндет шеңберінде мынадай шаралар қабылданатын болады: саяси партиялар туралы заңнамаға, сайлау заңнамасына, әлеуметтік әріптестік жүйелеріне, бұқаралық ақпарат құралдары туралы, бейбіт жиналыстар туралы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

      - саяси партиялар туралы заңнамаға елдің саяси жүйесінде саяси партияларды құруды жеңілдететін және олардың рөлін күшейтетін өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Саяси партиялар көпшіліктің де, азшылықтың да саяси мүдделерін көрсетуі және мемлекет пен қоғамның орнықты саяси дамуына ықпал етуі үшін шын мәніндегі саяси әралуандық пен саяси плюрализмге жағдай жасау;

      - конституциялық демократияны және азаматтардың сайланбалы билік органдарында тікелей өкілдігін нығайту үшін сайлау заңнамаларына, процестер мен рәсімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Тиімді жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін, оның ішінде жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге халықтың қатысуы мен мүдделілігін ынталандыру, азаматтардың жергілікті билік қызметінің тиімділігін бағалау жүйесіне, бюджет қаражатын пайдалану мониторингіне қатысуы, өңірлік және жергілікті өзекті мәселелерді шешуде төменгі деңгейдегі әкімдердің дербестігі мен халық алдында есеп беруін нығайту бөлігінде заңнамалық, институционалдық және экономикалық негіздер құру;

      - әлеуметтік әріптестік жүйесін одан әрі жетілдіру. Кәсіптік одақтардың еңбек саласындағы ұлттық саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету. Еңбек құқықтарын ұйымдасқан түрде қорғауға жәрдемдесу;

      - тәуелсіздігін күшейту, адал және объективті журналистиканы ынталандыру, ақпараттық кеңістікті монополияландыруға жол бермеу үшін бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Мемлекеттік билік органдарының ашықтығы мен есеп беруін қамтамасыз ету үшін ақпаратқа тиімді қол жеткізуді қамтамасыз етуге жәрдемдесу. Азаматтардың өздерінің саяси қалауын неғұрлым негізді таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін әртүрлі саяси партиялар мен топтардың бағдарламалары, бастамалары туралы қоғамды ақпараттандыру деңгейін арттыру құралы ретінде саяси дебаттар институтын нығайту;

      - азаматтар мен мемлекет арасындағы кері байланыс нысандарының бірін қамтамасыз ету үшін азаматтардың көпшілік орындарда, оның ішінде үкіметті сынап өз пікірін білдіру құқығын қамтамасыз ету үшін бейбіт жиналыстар туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

      1.2 "Азаматтық қоғамды дамыту үшін заңнамалық және институционалдық негіздерді жетілдіру"

      Кіші міндет шеңберінде мынадай шаралар қабылданатын болады: коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, азаматтық қоғамды заңнамалық бастамаларды талқылау процесіне тартуға бағдарланған норма шығару рәсімдерін жетілдіру, азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының қатысу нысандары мен рәсімдерін жетілдіру.

      - бейресми ұйымдарды құру мүмкіндігін және олардың қызметін көздей отырып және қоғамдық ұйымдарды тіркеуге қойылатын талаптарды жеңілдетіп, коммерциялық емес ұйымдар туралы, оның ішінде қоғамдық бірлестіктер туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Азаматтық қоғам мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін мемлекеттің негізгі әріптесі болып табылады, ал коммерциялық емес ұйымдар азаматтық белсенділіктің институционалдық нысандары ретінде қоғам мен мемлекет арасындағы өзара тиімді диалогты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;

      - азаматтық қоғамды заңнамалық бастамаларды талқылау процесіне тартуға бағдарланған норма шығару рәсімдерін жетілдіруге бағытталған қосымша шаралар қабылдау. Азаматтық қоғам институттарының құқықтық актілер тұжырымдамаларын дайындау, олардың жобаларын әзірлеу және қабылдау сатыларына қатысуы қабылданатын басқарушылық шешімдердің сапасын арттыруға және азаматтарды заңнама процесіне жақындатуға мүмкіндік береді;

      - азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының, оның ішінде қоғамдық кеңестердің, жұмыс топтарының, консультативтік-кеңесші құрылымдардың және басқа да кері байланыс арналарының шешімдер қабылдауға қатысу нысандары мен рәсімдерін жетілдіру, сондай-ақ оларды тиімді рәсімдермен қамтамасыз ету.

      2-міндет. Азаматтық белсенділікті қолдау және дамыту

      2.1 "Азаматтық белсенділікті қолдау"

      Әлемдік практикада мемлекеттің дамуының жетекші ресурстарының бірі адами және әлеуметтік капитал болып табылады, олардың негізінде адамдар, сондай-ақ олардың әлеуеті мен дамуы жатыр.

      Аталған кіші міндет шеңберінде әртүрлі, оның ішінде волонтерлік және қайырымдылық сияқты нысандар арқылы қоғамда азаматтық белсенділікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Бұдан басқа, қоғамдық өмірдің барлық салаларын қозғайтын және мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды әзірлеудің іргетасына айналатын көптеген азаматтық бастамаларды дамытуды ынталандыру жөніндегі ауқымды және жүйелі жұмысты ұйымдастыру қажет.

      Мынадай шаралар қабылданатын болады: елде волонтерлікті дамыту, қайырымдылықты ынталандыру.

      - азаматтарды волонтерлік қызмет практикасына тарту үшін құрылған тиімді тетіктер мен қолайлы жағдайлардың жұмыс істеуі арқылы елдегі волонтерлікті жүйелі дамытуға бағытталған шаралар кешенін іске асыру. Ол үшін азаматтардың волонтерлік қызметке қатысуын жандандыру, оларды күнделікті жақсы істер жасау практикасына тартуға ықпал ету қажет. Волонтерлік қызметті одан әрі жүйелі дамыту және әртүрлі жастағы және әлеуметтік топтарда волонтерлік мәдениетті нығайту үшін Волонтер жылы шеңберінде ұйымдастырылған шараларды іске асыруды жалғастыру. Халық үшін волонтерлік көрсетілетін қызметтердің тартымдылығын арттыру үшін азаматтарды салалық волонтерлікті, волонтерлік қызметтің нақты кейстерін дамытуға тарту моделін ілгерілету практикасын жалғастыру. Волонтерлік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған іс-шараларды іске асыруды, оның ішінде Қазақстан азаматтарының БҰҰ жұмысына қатысуын жалғастыру;

      - қайырымдылық ұйымдары, қайырымдылық қызметке қатысатын бизнес-құрылымдар мен азаматтар үшін әлеуметтік және экономикалық шаралар қабылдау арқылы қайырымдылықты ынталандыру жөнінде шаралар қабылдау. Қайырымдылық тетіктерінің ашықтығын қамтамасыз ету. Қайырымдылық мәдениетін - атаулы көмектен гранттарды бөлуге трансформациялау бойынша жұмыс жүргізу. Халық арасында қайырымдылық мәдениетін дамыту және танымал ету үшін ынталандырулар енгізу. Азаматтық бастамаларды қолдау үшін жергілікті қайырымдылық қорларын дамыту бойынша жұмыс жүргізу.

      2.2 "Азаматтық белсенділікті дамыту"

      - қолайлы заңнамалық реттеуді және осындай бастамалардың қызметі үшін қажетті басқа да жағдайларды жасау жолымен азаматтардың ресми және бейресми азаматтық бастамаларда өзін-өзі көрсетуі үшін мүмкіндіктерді кеңейту;

      - азаматтарды "тек өзімнің және өзіме жақын ортамның қамын ойлаймын" деген көзқарастан өзі тұратын жері мен Отанына қамқорлық жасайтын "жауапты азаматқа" қайта бағдарлау үшін жағдай жасау. "Жауапты азамат" идеологиясы азаматтардың жауапты салық төлеушілер болуын және түрлі деңгейдегі бюджеттердің жұмсалуын бақылауға қатысуын болжайтын болады;

      - шешімдер қабылдау және бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау процесіне қатысуға құзыретті болуы үшін азаматтарды құқықтық ағарту жүйесін енгізу;

      - азаматтық қоғамды дамытуда және құқықтық мәдениетті қалыптастыруда жоғары оқу орындарының ролін арттыру;

      - жергілікті қоғамдастықтың мүдделері мен қажеттіліктерін бағалау негізінде ауылдық/қалалық аумақтарды инклюзивті жоспарлау тәсілдерін енгізу. Азаматтық қоғамды ұйымдастырудың үлгісі ретінде жергілікті қоғамдастықтарды (community-орталықтар) дамыту үшін жағдай жасау. Жергілікті жерлерде маңызды мәселелерді шешуге азаматтарды белсенді тарту, ҮЕҰ-ды өмір сапасының жоғары стандарттарын ілгерілетуге барынша кеңінен тарту (ақпараттандыру, консультация беру, қоғамдық қатысу) үшін жағдай жасау.

      3-міндет. Азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының шешімдер қабылдау процесіне және мемлекет істерін басқаруға қатысу деңгейін арттыру.

      3.1 "Азаматтық бақылау жүйесін құру"

      Ресми де, бейресми де азаматтық қоғам ұйымдары мемлекет істерін басқару процестеріне белсенді қатыса отырып, Қазақстанның қоғамдық өмірінде маңызды орын алатыны дұрыс. Азаматтық қоғам ұйымдары өз күш-жігерін қоғамдық проблемаларды шешуге, әлеуметтік шиеленісті шешуге, ресурстар мен көмекті инклюзивті бөлуге, нысаналы топтармен байланысқа жұмсайды.

      Қазақстандық қоғамның алдында азаматтық қоғам ұйымдарының рөлі мен олардың билік шешімдерін қабылдауға және мемлекет істерін басқаруға және осылайша қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы проблемаларды шешуге ықпалын күшейту міндеті тұр.

      Ол үшін азаматтық қоғам институттарын дамыту үшін жағдай жасайтын бірқатар өзгерістер енгізу, адами капиталды тарту және оның саясатқа, экономикаға, құқықтық жүйеге, қоғамның мәдениетіне және мемлекеттің басқару процесіне ықпалын арттыру қажет. Баяндалғанның контексінде мынадай шаралар әзірленетін және іске асырылатын болады: азаматтық бақылау тетіктерін күшейту, қоғамдық тыңдаулар регламентін енгізу, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың іске асырылуына азаматтық мониторинг және бақылау, квазимемлекеттік сектордың әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындарының директорлар кеңестерінің құрамына азаматтық қоғамның қатысуы, азаматтық қоғамның тәуелсіз мониторингке қатысуы жүйесін енгізу, заңнамаға өзгерістер енгізу.

      - азаматтық қоғамның түрлі институттары, сондай-ақ қоғамдық кеңестер арқылы азаматтық бақылау тетігін күшейту. Бүгінгі күні қоғамдық кеңестердің құрамына конкурстық іріктеу тетіктері енгізіліп қойды; коғамдық кеңестердің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз ету жөніндегі мәселе шешілді Қоғамдық кеңестер халықпен кері байланыстың тиімді тетіктерінің біріне айналады;

      - халықаралық стандарттар мен ұсынымдар негізінде қоғамдық тыңдаулар регламентін енгізу арқылы қоғамдық тыңдаулар институттарын дамыту және күшейту ("Ақпаратқа қол жеткізу, шешімдер қабылдауға жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қоп жеткізу туралы" БҰҰ Еуропалық Экономикалық Комиссиясының конвенциясында көрсетілген мысал бойынша).

      Қоғамдық тыңдаулар институты азаматтардың өз мүдделерін қозғайтын мәселелерді, халықты толғандыратын басқа да өзекті мәселелерді, оның ішінде адамның құқықтары мен бостандықтарына қатысты заңнамалық актілер бойынша талқылауға белсенді және инклюзивті қатысуы үшін жағдай жасауы тиіс.

      - жұртшылықтың кеңінен қатысуымен мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың іске асырылуына азаматтық мониторинг және бақылау жүйесін:

      1) жұртшылықты және сарапшылық қоғамдастықты тарта отырып, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу;

      2) полицияны қоса алғанда, мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық мониторинг пен есеп беру нысанында тұрақты негізде қоғамдық бақылауды жүргізу сияқты құралдар арқылы енгізу;

      - мемлекеттік активтерді басқару жөнінде шешімдер қабылдау процесінде ашықтықты арттыру үшін квазимемлекеттік сектордың әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындарының директорлар кеңестерінің құрамына азаматтық қоғамның қатысуын қамтамасыз ету;

      - халықаралық конвенциялар мен көпжақты келісімдерді ратификациялау шеңберінде алынған мемлекет міндеттемелерінің тәуелсіз мониторингіне азаматтық қоғамның қатысуын қамтамасыз ету.

      - мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарларды әзірлеу процесіне азаматтық қоғамның түрлі институттарының қатысуын, мақсаттарды енгізу мониторингінің тетіктерін ұсынуды, қаржыландыруға және өзге де ресурстарға қол жеткізуді, сондай-ақ есептілік процесіне қатысуды қамтамасыз ететін құқықтар мен міндеттемелерді бекітіп, заңнамаға өзгерістер енгізу.

      3.2 "Азаматтармен өзара іс-қимылдың цифрлық тетіктерін дамыту"

      Міндеттерді шешу үшін әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік шешімдерді қабылдау процесіне азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының қатысуының цифрлық тетіктерін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау қажет.

      Кіші міндет шеңберінде мынадай шаралар қабылданатын болады: мемлекеттік органдарда қоғамдық онлайн-қабылдау бөлмелерін құру, қоғамдық бастамаларды ұсыну бойынша сервис құру, ақпаратты ұсыну және тарату нысандарын жетілдіру, жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу.

      - мемлекеттік органдарда қоғамдық онлайн-қабылдау бөлмелерін құру арқылы қоғамның билікпен диалогының жаңа тетіктерін енгізу, олар арқылы азаматтар қызықтыратын сұрақтарын қоюға, ұсыныстар мен ескертулер қалдыруға, сондай-ақ мемлекеттік органдардан дәлелді жауаптар алуға мүмкіндік алады. Елдің ішкі істер органдарының фронт-кеңселер түріндегі қоғамдық қабылдау бөлмелерін құру жөніндегі тәжірибесі мультипликацияланатын болады.

      - e-gov.kz веб-сайтында қоғамдық бастамаларды ұсыну сервисін құру, онда азаматтар жаппай талқылау үшін әртүрлі идеялар мен жобаларды ұсына алады және мемлекеттік органдарға өзекті мәселелерді шешу үшін шоғырланған сұрау салулар жібере алады. "Ашық үкімет" шеңберінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қоғамдық бастамалар бойынша дауыс беру мүмкіндігі көзделетін болады;

      - "ашық үкімет" порталы және әлеуметтік желілер сияқты ақпаратты ұсыну және тарату нысандарын жетілдіру. "Ашық үкімет" порталына мемлекеттік органдар беретін ақпарат халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес келегін болады, халықпен кері байланыс беру, деректерді атап айтқанда бастамаларды, бірақ онымен шектелмей, өзектілендіру мен визуалдауды автоматтандыру үшін қолжетімді болады;

      - халықтың жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу.

      3.3 "Азаматтық қоғам ұйымдарының және азаматтық қоғам мен мемлекеттің басқа да институттарының өзара іс-қимылын трансформациялау".

      Аталған кіші міндет шеңберінде азаматтық қоғам ұйымдары әлеуметтік мәселелерді шешуде, мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды іске асыруда олардың маңыздылығы мен қажеттігін талдау және бағалау тұрғысынан мемлекеттің негізгі әріптесіне айналады.

      Азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жөніндегі уәкілдердің рөлі күшейтілді. Уәкілдер қызметі тиімділігінің түйінді көрсеткіштері енгізілді, уәкілдер мәртебесі нормативті түрде айқындалды, функционалы бекітілді.

      Кіші міндет шеңберінде мынадай шаралар қабылданатын болады: мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және гранттық қаржыландыруды жетілдіру, мемлекеттік функцияларды үкіметтік емес секторға беру, заңнамалық және өзге де кедергілерді алып тастау.

      - қоғамның нақты қажеттіліктерін қамтамасыз ету және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін азаматтық қоғам ұйымдарын мемлекеттік қаржыландырудың негізгі нысандары ретінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және гранттық қаржыландыруды жетілдіру арқылы мемлекет пен азаматтық қоғам ұйымдарының өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру бойынша шаралар қабылдау:

      1) әлеуметтік проблемалар мен қоғамның қажеттіліктерін объективті және тәуелсіз бағалауға негізделген мемлекеттік қаржыландыруды бөлу тақырыбын қалыптастыру жөніндегі саясаттар мен рәсімдерді әзірлеу;

      2) бастаманы төменнен бастап іске асыруды қамтамасыз ету және әлеуметтік проблемалардың инновациялық шешімдерін іздеу мақсатында мемлекеттік гранттық қаржыландыру тетіктерін жетілдіру;

      3) елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешуде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның тиімді әріптестігін қамтамасыз ететін әлеуметтік технологияларды енгізу;

      - мемлекеттік функцияларды үкіметтік емес секторға беру процесінің белсенді кезеңіне көшуді жүзеге асыру:

      1) үкіметтік емес секторға беру мүмкіндігі тұрғысынан барлық мемлекеттік функцияларға талдау жүргізу, халыққа сапалы қызмет көрсету үшін осы сектордың мүмкіндіктерін ескере отырып, мұндай берудің шарттарын айқындау;

      2) азаматтық қоғам ұйымдарының мемлекеттік функцияларын беру жөніндегі жоспарды әзірлеу;

      - азаматтық қоғам ұйымдары мен институттарының "ашық үкімет" бастамасын ілгерілетудегі рөлін жандандыру үшін заңнамалық және басқа да кедергілерді алып тастау, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізу және дербес деректерді қорғау саласында, сондай-ақ құқықтық реттеудің басқа да салаларында жан-жақты және кешенді тәуелсіз мониторинг пен заңнаманы сыртқы бағалауды жүргізу

      4-міндет. Азаматтық қоғам институттарының әлеуетін нығайту.

      Міндет шеңберінде Қазақстанда үкіметтік емес секторды дамытуды, оны кәсібилендіруді және мемлекеттік саясатты іске асыруға белсенді қатысуды қамтамасыз ететін заңнаманы жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау.

      4.1 "Үкіметтік емес секторды кәсібилендіру".

      Кіші міндет шеңберінде мынадай шаралар қабылданатын болады: ҮЕҰ-ны қолдаудың ресурстық орталықтарының және азаматтық қоғамның басқа да институттарының тұрақты жұмысы арқылы үкіметтік емес сектордың әлеуетін арттыру, ірі желілік ұйымдарды дамыту, Қазақстан мен Орталық Азия өңірінде мемлекетпен азаматтық қоғам әріптестігінің тиімді моделін дамыту.

      - ҮЕҰ-ны қолдаудың ресурстық орталықтарының және азаматтық қоғамның басқа да институттарының (бейресми бірлестіктер мен жергілікті қоғамдастықтарды қоса алғанда) тұрақты жұмысы арқылы үкіметтік емес сектордың әлеуетін арттыру үшін жағдай жасау, олар азаматтық қоғам институттары үшін құзырет орталықтарына айналуға тиіс. Осы Орталықтардың қызметін бағалау бойынша KPI (Key Performance Indicators) енгізу. Азаматтық қоғам институттарының оқыту жүйесін, ҮЕҰ-ның институционалдық және ұйымдық даму жүйесін құру. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына азаматтық қоғам институттарының үлесін есепке алу әдіснамасын енгізу. ҮЕҰ-ны қаржыландыруды ұсыну үшін верификацияланған ҮЕҰ тізілімін, рейтингін қалыптастыру. Заңнаманы жетілдіру, оның түзетулері қаржылық-ұйымдастырушылық тұрақтылық үшін пайданы жинақтауға мүмкіндік береді.

      ҮЕҰ Академиясы құрылатын болады, оның негізінде қазақстандық қоғамға риясыз қызмет ететін азаматтық сектордың көшбасшылары, Қазақстанның әлеуметтік белсенді және жауапты азаматтары даярланатын болады;

      - мемлекеттің стратегиялық әріптестері ретінде қоғамдық маңызды басымдықтарды іске асыру үшін функцияларды жүзеге асыратын әртүрлі салалар бойынша ҮЕҰ мен азаматтық қоғамның басқа да институттарын біріктіретін ірі желілік ұйымдарды дамыту үшін жағдай жасау;

      - Орталық Азияда азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі хаб ретінде Қазақстанды жаһандық позициялауды жүзеге асыру. Демократиялық қағидаттарды ілгерілету, адвокация мен қызметтерге бағдардың арасында теңгерім құру бойынша Қазақстан мен Орталық Азия өңірінде мемлекет пен азаматтық қоғам әріптестігінің тиімді моделін дамыту бойынша тұғырнамаға айналу;

      4.2 "Азаматтық қоғам институттарының орнықтылығын арттыру"

      Бюджеттің, жеке және заңды тұлғалардың, халықаралық ұйымдардың қаражатын тарту, сондай-ақ ҮЕҰ-ның коммерциялық қызметін дамыту есебінен азаматтық қоғам институттарын қаржыландыру көздерін әртараптандыру үшін жағдай жасау.

      Кіші міндет шеңберінде мынадай шаралар қабылданатын болады: әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік қаржыландыру жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру; әлеуметтік әсерді бағалау институтын күшейту.

      - "әлеуметтік кәсіпкерлік" терминін бекітуді қоса алғанда, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру шараларын енгізу, әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімін құру, әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларын және әлеуметтік кәсіпкерлік экожүйесі ойыншыларының диалог тетігін әзірлеу, ҮЕҰ мен азаматтық қоғамның басқа да институттарының жобаларын қолдау үшін микрокредиттер мен инновациялық гранттар бөлу тетіктерің пысықтау. Әлеуметтік салада инновацияларды енгізу үшін жағдай жасау. Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту картасын әзірлеу;

      - үкіметтік емес сектор ұсынатын әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік қаржыландыру жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған заң қабылдау;

      - әлеуметтік әсерді бағалау институтын күшейту. ҮЕҰ және азаматтық қоғамның басқа да институттары бастамаларының бағдарламалық орнықтылығын арттыру мақсатында жоспарлауды стандарттау және әсерді бағалау үшін әлеуметтік өзгерістердің әртүрлі салаларындағы әсерді бағалау әдіснамасын әзірлеу.

      5-міндет. "Қазақстандағы БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарын имплементациялауға азаматтық коғамды тарту"

      Әлемде соңғы онжылдықтарда әртүрлі елдердің азаматтық қоғам институттары арасындағы ынтымақтастықтың орнықты үрдісі қалыптасты. Оның мақсаты қауіпсіздік, адам құқықтарын қорғау, экономикалық және әлеуметтік даму, кедейлікті еңсеру, қоршаған ортаны қорғау, білім беру, ғылым, мәдениет, шұғыл гуманитарлық және техникалық көмек көрсету, бітімгершілік сияқты түрлі салаларда уақыттың сын-қатерлеріне ден қоюдың тиімді тетіктерін әзірлеу болып табылады.

      Әмбебап қолданылатын жаңа жаһандық мақсаттарға қол жеткізуге орнықты даму саласындағы 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібі бағытталған. Міндет шеңберінде Күн тәртібі 2030-ды енгізу және имплементациялау процесіне азаматтық қоғамның қатысуы жандандырылатын болады.

      - барлық мүдделі тараптардың қатысуымен ұлттық деңгейде Орнықты даму мақсаттарын (бұдан әрі - ОДМ) танымал етуге жәрдемдесу;

      - әртүрлі әлеуметтік және экономикалық бағдарламалар мен жобаларды жоспарлау құралы ретінде пайдалану мақсатында ОДМ индикаторларын оқшаулауды және оларды одан әрі имплементациялауды жүргізу;

      - ОДМ индикаторларын оқшаулау және оларды одан әрі іске асыру процесіне жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам ұйымдарын тартуды қамтамасыз ету.

      Биліктің әртүрлі деңгейлерінің және жергілікті мүдделі тараптардың, оның ішінде халықтың осал топтарының мүдделерін ескере отырып, ОДМ бойынша жұмыс топтары мен нысаналы топтар құру;

      - азаматтық қоғам ұйымдарының қатысуымен ОДМ-ді іске асырудың қоғамдық мониторингін ұйымдастыру. Ұлттық деңгейде оның жай-күйі мен даму үрдістерін талдауды және бағалауды, азаматтық қоғам мен мемлекеттің осы тұрғыда өзара байланысын қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қамтитын құжат ретінде Қазақстанда ОДМ күн тәртібін іске асыру туралы Ұлттық баяндамаға негіз болатын ОДМ бағыттары бойынша өңірлік баяндамаларды дайындауды жүзеге асыру.

      Ашық үкіметтің ашықтық, адалдық және сатылмаушылық, есеп берушілік және мүдделі тараптардың қатысуы қағидаттарына негізделген стратегиялары мен бастамаларын қарастыру.


      5-бөлім. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

      Тұжырымдаманы іске асыру жүйелілік, дәйектілік және ведомствоаралық ынтымақтастық қағидаттарына негізделетін болады.

      Тұжырымдаманы іске асыруда мемлекет белсенді қолдау функциясын атқарады, бастамалардың үйлестірушісі болып табылады, үрдістердің стратегиялық маңызын қарастырады. Сонымен қатар, азаматтық қоғам институттары мемлекеттік билік органдарының көмегімен нәтижелерге қол жеткізу үшін жауапкершілікке ортақтасуы тиіс.

      Мыналар:

      1) азаматтардың азаматтық қоғам институттарының жұмысына қатысуының өсуі;

      2) азаматтық секторда жұмыспен қамтылған азаматтар санының артуы;

      3) әртүрлі әлеуметтік топтар тарапынан азаматтық қоғам институттарына сенім деңгейінің артуы;

      4) волонтерлік қызметке қатысатын азаматтардың улесінің кеңеюі;

      5) белсенді жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғамның басқа да институттар санының ұлғаюы;

      6) қаржылық және бағдарламалық орнықты азаматтық қоғам институттары, оның ішінде әлеуметтік кәсіпорындар үлесінің ұлғаюы;

      7) ҮЕҰ мен қайырымдылық қорларының атына азаматтар мен бизнес тарапынан қайырымдылық жарналар түсімдерінің өсуі;

      8) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру шеңберінде ҮЕҰ әлеуметтік жобаларының көрсетілетін қызметті алушыларының қанағаттану деңгейінің артуы;

      9) елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үкіметтік емес ұйымдар, волонтерлік қызмет үлесінің ұлғаюы;

      10) "халық үнемі құлақ асатын мемлекет" моделінің қағидаттарын енгізу, азаматтар мен азаматтық қоғам институттары үшін мемлекеттік билік органдарының қолжетімділігі;

      11) азаматтық қоғам институттарының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын оң бағалайтын азаматтар үлесінің ұлғаюы;

      12) азаматтық секторға берілген мемлекеттік функциялар санының ұлғаюы;

      13) заңның үстемдігін, БАҚ бостандығын, саяси және азаматтық бостандықтарды сақтау саласында азаматтық қоғамды дамыту халықаралық рейтингтерінде (индекстерінде) Қазақстан көрсеткіштерінің жақсаруы;

      14) Қазақстан Республикасында өткізілетін азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі өңірлік және жаһандық алаңдардың саны Тұжырымдаманы іске асыру нәтижелеріне айналуға тиіс.


      6-бөлім. Тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері

      Азаматтық қоғамды дамытудың ұсынылып отырған шаралар кешенін іске асыру 2020 - 2025 жылдарға есептелген және мына кезеңдерді өтуді болжайды:

      Бірінші кезең - 2020 - 2022 жылдар.

      Тұжырымдаманы іске асырудың осы кезеңінде азаматтық қоғам институттарының дамуын қамтамасыз ететін заңнаманы жетілдіру, институционалдық қамтамасыз ету шаралары қабылданатын болады.

      Азаматтық белсенділікті, оның ішінде волонтерлік пен қайырымдылық арқылы қолдау және дамыту жөнінде шаралар қабылданатын болады.

      Мемлекеттік органдардың, бизнестің және азаматтық қоғамның ынтымақтастық тетіктері нығайтылатын болады.

      Қабылданатын басқарушылық шешімдердің тиімділігін, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен есептілігін арттыру үшін мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл рәсімдерін, нысандары мен арналарын жетілдіру жөнінде шаралар қабылданатын болады.

      Азаматтық бастамалар мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу үшін негіз болады.

      Мемлекеттік функцияларды азаматтық секторға беру процесінің белсенді кезеңіне көшу жүзеге асырылатын болады.

      Азаматтық қоғам институттарының, оның ішінде қоғамдық кеңестердің ролін арттыру арқылы азаматтық қоғамның тетіктері күшейтілетін болады.

      Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың іске асырылуын қоғамдық мониторингтеу және бақылау жүйесі енгізілетін болады.

      Халықаралық стандарттар негізінде қоғамдық тыңдаулар регламентін енгізу арқылы қоғамдық тыңдаулар институты дамытылады.

      Екінші кезең - 2023 - 2025 жылдар.

      Екінші кезеңде Қазақстан азаматтары азаматтық қоғам институттарының қызметіне белсенді қатысады және мемлекеттік органдармен бірге ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайды.

      Азаматтық қоғам институттары қаржы қаражатының көздерін әртараптандыру арқылы, оның ішінде кәсіпкерлік арқылы әлеуметтік міндеттердің шешімдерін іздестірумен айналысады.

      Азаматтық қоғам институттары мемлекеттік саясатты іске асырудың барлық кезеңдерінде қоғамдық бақылауға белсенді қатысады.

      Азаматтық қоғам институттары халықпен тұрақты диалогта болады және оның мүдделерін көрсетеді.

      Азаматтық қоғам институттары өзінің сараптамалық әлеуетін іске асыра отырып және сапалы, оның ішінде нарық жағдайында қызмет көрсете отырып, бизнес үшін тең құқылы серіктес болады.

      Халық пен бизнес арасында азаматтық қоғам ұйымдарына деген жоғары сенім оларға қайырымдылық пен демеушілік қайырмалдықтарды шоғырландыруға және қоғамның әлеуметтік мәселелерін шеше отырып, әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.

      Азаматтық қоғамның түрлі институттары арасында әріптестік пен тәжірибе алмасуды қамтамасыз ететін тиімді көлденең байланыстар жұмыс істейді.


      Қорытынды ережелер

      Тұжырымдаманы іске асыру Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі құндылықтары мен қағидаттарын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мұраттарын жаңа ақиқат және азаматтық қоғам дамуының әлемдік үрдістеріне уақтылы ден қою контексінде одан әрі жүзеге асыруға ықпал ететін болады.

      Тұжырымдаманы іске асырудың тиімділігі жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталған барлық мемлекеттік және үкіметтік емес құрылымдардың, азаматтық қоғам институттарының және әрбір азаматтың сындарлы өзара іс-қимылына, сенімді, сапалы және белсенді қатысуына байланысты.

      Азаматтық қоғам саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру елдің үдемелі демократиялық дамуының басым міндеттерін шешуге мүмкіндік береді.


      Тұжырымдаманы іске асыруда көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясы;

      2) 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі;

      3) "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" 1995 жылғы 17 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы;

      4) "Қоғамдық бірлестіктер туралы" 1996 жылғы 31 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы;

      5) "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;

      6) "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

      7) "Саяси партиялар туралы" 2002 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;

      8) "Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар мен сыйлықтар туралы" 2005 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы;

      9) "Медиация туралы" 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;

      10) "Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы;

      11) "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы;

      12) "Қайырымдылық туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы;

      13) "Волонтерлік қызмет туралы" 2016 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

      14) "Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығы;

      16) "Қазақстан-2050" Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың - 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына Жолдауы.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады