Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шығыстарын қысқарту жөніндегі шаралар туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 шілдедегі № 475 қаулысы.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қаулыға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 16.03.2023 № 221 (Қызмет бабында пайдалану үшін) қаулысымен (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 01.07.2023 дейін қолданылады).

      "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 10-бабының 1-тармағына және "Орталық, жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі шығыстарды қысқарту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 25 мамырдағы № 108 өкімінің 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 3 жыл мерзімге:

      1) базалық жиынтықтан жоғары, қозғалтқыш көлемі 2000 текше сантиметрден асатын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде шығарылмайтын жеңіл автокөлік құралдарын;

      2) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде шығарылмайтын арнайы және жедел-қызметтік автокөлік құралдарын (жеңіл автомобильдер базасындағы);

      3) кеңсе жиһазын сатып алуға тыйым салу белгіленсін.

      2. Мынадай деп белгіленсін:

      1) осы қаулының 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларының талаптары Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары төрағаларының қызметін қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары төрағаларының және делегациялардың қатысуымен өтетін ресми іс-шараларға қызмет көрсету жағдайларына қолданылмайды;

      2) осы қаулының 1-тармағы 3) тармақшасының талаптары, әкімшілік персоналын қоспағанда, әлеуметтік сала ұйымдарына (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, дене шынықтыру және спорт) және халыққа қызмет көрсетумен байланысты ұйымдарға ("Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы) қолданылмайды.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.11.2021 № 846 қаулысымен.

      3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар (келісу бойынша), квазимемлекеттік сектор субъектілері (келісу бойынша):

      1) осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын;

      2) жарты жылдық негізде жыл сайын жарты жылдықтың және жылдың қорытындылары бойынша (10 шілдеге және 10 қаңтарға) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі шығыстарды қысқарту жөніндегі шаралардың іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.

      4. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың қорытындылары бойынша (25 қаңтарға) Қазақстан Республикасының Үкіметіне осы қаулының орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат беруді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне жүктелсін.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады