Қазақстан Республикасында кедендiк бақылауды онан әрi ұйымдастыру жөнiндегi шұғыл шаралар туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1992 жылғы 29 желтоқсан N 1097. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996.04.29. N 520 қаулысымен.

      Республиканың экономикалық мүдделерiн қорғау, материалдық және мәдени құндылықтардың заңсыз әкетiлуiн, қару-жарақтардың, есiрткiлер мен басқа да тиым салынған заттардың әкелiнуiн болдырмау, контрабандаға қарсы күрестiң тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi 1993 жылғы 1 қаңтарға дейiн Қазақстан Республикасының аумағындағы кедендiк мекемелердiң құрылымын, жер-жерге орналасуын және қызмет аймақтарын анықтасын.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бас кеден

басқармасы орталық аппараты қызметкерлерiнiң санын 120 адам 
мөлшерiнде белгiлеу қажет деп табылсын.
     3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне Қазақстан
Республикасы кеден органдары қызметкерлерiнiң штаттық санын 1993
жылы 3150 адамға дейiн, ал 1994 - 1995 жылдары - жылына қосымша
1000 адамға дейiн көбейтуге рұқсат етiлсiн.
     4. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi 1993 жылғы
1 сәуiрге дейiн:
     - Жезқазған облысында Жезқазған;
     - Қызылорда облысында Қызылорда;
     - Көкшетау облысында Көкшетау;
     - Қостанай облысында Қостанай;
     - Қызылорда облысында Ленинск;
     - Солтүстiк Қазақстан облысында Петропавл;
     - Семей облысында Семей;
     - Батыс Қазақстан облысында Орал;
     Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасымен 
шекарасында:
     - Семей облысында Бахты;
     - Шығыс Қазақстан облысында Майқапшағай кедендерiн 
ұйымдастыратын болсын.


      Қазақстан Республикасының жұмыс iстеп тұрған кеден мекемелерi iшкi нарықты қорғау мiндеттерiне сәйкес қайта құрылсын.
      5. Облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi мемлекеттiң экономикалық мүддесiн қорғау мiндеттерiне сәйкес Қазақстан Республикасымен жапсарлас мемлекеттер шекараларында автомобиль және темiр жол кеден өткелдерiн, аэропорттарда, теңiз және өзен порттарында өткiзу бекеттерiн құру және ыңғайлы орналастыру жөнiнде шаралар қолдансын.
      Кеден мекемелерi үшiн үй және ғимараттар, сондай-ақ әлеуметтiк-тұрмыстық және арнайы мақсаттарға арналған объектiлер салуға жер учаскелерiн беру қамтамасыз етiлсiн.
      6. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне кеден қызметiн дамыту үшiн қажеттi әлеуметтiк-тұрмыстық мақсаттағы объектiлердi және басқа да объектiлердi салуға байланысты тапсырыс берушi мiндетi жүктелсiн.
      7. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бас кеден басқармасы көлiк құралдарына тексеру жүргiзу тәртiбi және Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiнен республикаға әкелiнетiн және республикадан әкетiлетiн жүктердi хаттау туралы Ереженiң жобасын бiр ай мерзiмде әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне енгiзсiн.
      8. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi, Мемэкономкомы, Материалдық ресурстар министрлiгi кеден жүйесi қызметкерлерiне еңбекақы төлеуге, арнайы техника мен жабдықтар сатып алуға, сондай-ақ 1993-1995 жылдары әлеуметтiк-тұрмыстық мақсаттағы объектiлердi, кедендiк инфрақұрылымды ыңғайлы орналастыру мен қайта құруға және мемлекеттiк кеден статистикасын жинау мен өңдеу үшiн есептеу орталығын ұйымдастыруға қажеттi материалдық-техникалық және қаржы ресурстарын бiр ай мерзiмде бөлудi қарастырсын.
      9. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi, Ұлттық хауiпсiздiк комитетi, Iшкi iстер министрлiгi, Көлiк министрлiгi, Қазақ азаматтық авиация басқармасы, "Қазавтокөлiк" концернi, Қазақ аумақтық-өндiрiстiк өзен флоты басқармасы өнiмдердi, тауарларды және шикiзаттарды кедендiк хаттаусыз әкелудi және әкетудi болдырмайтын шараларды анықтасын.
      10. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi, Денсаулық сақтау министрлiгi, Мәдениет министрлiгi Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бас кеден басқармасымен келiсе отырып өткiзу бекеттерiнде санитарлық, мал дәрiгерлiк, фитосанитарлық, медициналық бақылауды, сондай-ақ өнер заттарын және басқа мәдени құндылықтарды әкетуге бақылау жасауды ұйымдастырсын.
      11. Қазақстан Республикасының Байланыс министрлiгi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Бас кеден басқармасының тапсырысы бойынша және бюджеттiк қаражаттар есебiнен 1993-1994 жылдар iшiнде Қазақстан Республикасының кеден жүйесiн сенiмдi байланыспен қамтамасыз етсiн.
      12. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi 1993 жылы Қазақстан Республикасының кеден қызметi үшiн кадрлар дайындау жөнiндегi ұсынысты Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiне енгiзсiн.
      13. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi әскери қызметшiлерiнiң қатардағы және басшы құрамдағы адамдары үшiн Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарында қарастырылған барлық хұқықтарды, жеңiлдiктердi, тәртiптердi, қызмет атқару,

еңбекақы, лауазымды қызмет окладтарына қосымша үстемеақы, көп жылдық
еңбегi мен атақтары үшiн төлем шарттарын кеден жүйесi қызметкерлерiне
де қолдану туралы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне өтiнiш
жасалсын.
     14. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бас кеден
басқармасына кедендiк қызметтiң соммен түскен барлық табыстарының
10 процентiн және валюталық табыстарының 5 процентiн осы қаулыда
қарастырылған шараларды қаржыландыру үшiн дербес пайдалану хұқығы
берiлсiн.
     15. Осы қаулының орындалуына бақылау жасау Қазақстан 
Республикасының Қаржы министрлiгiне жүктелсiн.

            Қазақстан Республикасының
               Премьер-министрi
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады