Соттардың рецидивті қылмыстар жөніндегі қылмыстық істерді қарау тәжірибесі туралы

Күшін жойған

Қаулы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумы 1994 жылғы 27 мамыр N 1 (Қазақстан Республикасы (Қазақ КСР) Жоғарғы Соты Пленумы қаулыларының жинағы, 1997 ж., 1 том, 33 бет). Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы N 8 Нормативтік қаулысымен.

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007.12.25. N 8 Нормативтік қаулысымен.

      Рецидивті қылмыстар туралы істер жөніндегі сот зерттеулерінің тәжірибесін талқылай келе, заңды дұрыс және біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мақсатымен Пленум

      Қаулы етті:

      1. Соттардың назары рецидивті қылмыстар туралы, соның ішінде қылмыстық жаза шараларын өтеп жүрген кезеңдегі қылмыстық істерді қарау кезінде заңның дәлме-дәл сақталу қажеттігіне аударылсын.

      2. Соттар өткендегі сотталғандығы, бұрын тағайындалған жазаны нақты өтелгендігі, жазаны өтеуден босату негіздері туралы, сондай-ақ сотталушының жеке басы жөніндегі басқа да мәліметтерді мұқият және жан-жақты тексеріп, анықтауы қажет.

      3. Соттар бұрын сотталған адамдарға жаза тағайындау туралы мәселені шешкенде, жазаны дербестендіру туралы заң талаптарын басшылыққа алуға, түзелу жолына қасақана түскісі келмейтін және ауыр қылмыс жасаған рецидивистерге негізсізден негізсіз жазаның жеңіл шараларын қолдануға жол бермеуі тиіс.

      Бұл жерде бұрын қандайда бір қылмыс жасаған адамның қайталап жасаған қылмысы заң бойынша жауаптылықты ауырлататын жағдайлар болып табылатындығын естен шығармаған жөн. Бірақ алғашқы қылмысының мән-жайына байланысты сот үкімде, ондай шешімдердің дәлелдерін келтіре отырып, көрсетілген жағдайларды ауырлататын жағдайлар деп танымауға да қақылы.

      Ал бұрынғы жасаған қылмысы заңда қылмыстың дәрежелену белгісі ретінде көрсетілген жағдайда, бұл жауаптылықты бірден ауырлататын жағдай деп танылмайды.

      Егер бұрын қылмыс жасап кінәлі болғанын үкім анықтаса және сол үшін сотталғандығы жойылмаса немесе арылмаса немесе бұрын жасалған қылмыс осы іс бойынша негізді түрде адамға айып етіп тағайындалса және сот осы айыбы бойынша оны айыпты деп таныған жағдайларда ғана ондай адамның бұрынғы жасаған қылмысы жауаптылықты ауырлататын жағдай ретінде немесе қылмыс құрамын дәрежелейтін белгісі ретінде ескерілуі мүмкін.

      4. Үкімдер жиынтығы бойынша жаза тағайындағанда, бұрынғы жасалған қылмыстың жазасын соңғы қылмысы үшін тағайындаған жазаға толық немесе жартылай қосу туралы мәселені шешкен кезде, соттар бұрынғы және кейінгі іс- әрекеттің ауырлығын, айыпты адамның жеке басы туралы мәліметтер мен жауаптылықты ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды ескеруі керек. Үкімдер жиынтығының ережелері бойынша жаза тағайындау кейінгі қылмысы үшін тағайындалған жазаның түріне бұл қылмыстың қасақана немесе абайсызда жасалғанына қарамастан жүргізіледі.

      Бұл орайда мынаны ескеру керек, үкімдер жиынтығы бойынша түпкілікті тағайындалған жаза қалайда шартты түрде немесе үкімді орындауын кейінге қалдыру арқылы тағайындалған жазадан немесе жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босаған кезіндегі жазаның өтелмеген бөлігінен көбірек болуы керек.

      5. Заң талаптарына сәйкес ерекше қауіпті рецидивист деп танылуы мүмкін адамдар жөніндегі қылмыстық істерді қарағанда, соттар әр жағдайда осы адамның ерекше қауіпті рецидивист деп тану қажеттігі туралы мәселені сотталушының жеке басының мәліметтерін, жасаған қылмыстарының қоғам үшін қаншалықты қауіпті екенін, олардың себептерін, қылмыстық пиғылының қаншалықты іске асқанын, болған іске қатысуының сипаты мен алатын орнын және істің тағы басқа мән-жайларын ескере отырып, талқылауға тиісті. Осыған орай, заңның мәні бойынша, ерекше қауіпті рецидивист деп - қоғамға аса қауіпті, түзеуге қасарыса көнбейтін кәнігі қылмыскерлер ғана танылуы тиіс.

      Сотталушыны ерекше қауіпті рецидивист деп тануға негіздің бар-жоғы және осындай шешімді қабылдаудың қажеттілігі туралы мәселе сотта сотқа қатысушылардың сот ісін жүргізу ережелерінің тепе-теңдік принципін ескере отырып зерттелуі тиіс, сонымен қатар сотталушының қорғалуға деген құқын жүзеге асыруға толық мүмкіндік берілуі керек.

      Сотталушыны ерекше қауіпті рецидивист деп тану қажеттігі жөнінде мәселені қарағанда, сот осындай шешім қабылдауға (бұрынғы қылмыстары қай жаста жасалынды, бұл қылмыстар бойынша сотталғандығы жойылды ма, жоқ па немесе одан арылды ма, жоқ па, бұрынғы үкімдер бойынша қылмыстық әрекеттері дәрежеленуі өзгерді ме, жоқ па, оларды жоғары тұрған соттар кассациялық немесе қадағалау тәртібімен бұзды ма, жоқ па және т.б.) бөгет жасайтын жағдайлардың бар-жоғын тексеруге тиіс.

      Сотталушыны ерекше қауіпті рецидивист деп таныған кезде сот үкімде өз шешімінің дәлелдерін жазуға міндетті, ал үкімнің қорытынды бөлігінде қылмыстық заңның тиісті нормаларын сілтеме жасай отырып, сол шешімнің өзін көрсетуге міндетті. Егер сотталушыны ерекше қауіпті рецидивист деп тануға формальдық негіздер болса, бірақ сот ондай адамды ерекше қауіпті рецидивист деп танымауға болады деп тапса, бұл шешім де үкімде дәлелденуі керек.

      6. Бұрын басқа мемлекеттерде сотталған адамдарды ерекше қауіпті рецидивист деп тану туралы мәселені шешкенде, соттар қолданылып жүрген мемлекетаралық келісімдерді ескере отырып, Қазақстан Республикасы заңдарын басшылыққа алуы керек.

      Бұл орайда соттар сотталған жердегі қылмыстың дәрежеленуі жөніндегі сот үкімін ескеруі, бірақ бұрын істелген әрекеттердің жазаға тартылуы, қылмыстың дәрежеленуі мен оның ауырлығы Қазақстан Республикасы қылмыстық заңының нормаларына сай белгіленуі тиіс.

      Бұрынғы сотталғандықты қылмыстың дәрежелену белгісі және жауаптылықты ауырлататын жағдайлар ретінде ескергенде де соттар дәл осылай шешуі керек.

      Сонымен бірге, мұндай жағдайда Қазақстан Республикасы соты тағайындалған жазаға қылмыстың жиынтығы немесе басқа мемлекеттердің соттарының үкімдерімен тағайындаған жазаларды қосуға болмайтынын естен шығармаған жөн. Қазақстан Республикасы мен басқа да мемлекеттердің соттары тағайындаған жазалар жеке-жеке орындалады.

      7. Қылмыстық іс материалдарында сотталушының бұрынғы сотталғандығы туралы мәліметтер жоқ болса, соттар айыптаушы жақтан ол мәліметтерді алдыруға шара қолдануы қажет.

      Бұл жерде Қазақстан Республикасы соттары қараған істер бойынша үкімдердің көшірмесін сотталушының қылмыстық әрекеттерін дәрежелеу белгілері барлығын немесе оны ерекше қауіпті рецидивист деп тану қажеттігі туралы мәселелерді шешу керек болған жағдайда ғана іс материалдарына қосуға болатындығын есте тұтқан жөн. Сотталғандығы туралы үкімдер көшірмесі мен басқа да мәліметтерді алдырмауы істі қосымша тергеуге жіберуге негіз болып табылмайды. Егер бұл мәліметтердің болмауы сотталушыны ерекше қауіпті рецидивист деп тануға мүмкіндік бермесе, сот ол туралы үкімде көрсетуі тиіс.

      8. Үкім шығарылғаннан соң бірінші іс бойынша үкім шығарылғанға дейін сотталушының басқа қылмыстары үшін айыпты екені анықталса және оған соңғы жаза - қылмыс жиынтығы тәртібімен белгіленсе, мұндай адамды ерекше қауіпті рецидивист деп танығанда оның барлық қылмыстары үшін сотталғандығы, бір рет сотталғандығы деп есептеледі.

      9. Заң талаптарына сәйкес адамды ерекше қауіпті рецидивист деп тану туралы мәселені шешкенде, оның 18 жасқа дейінгі жасаған қылмыстары үшін сотталғандығы ескерілмейді.

      10. Жаңадан бірнеше қылмыс жасаған адамды ерекше қауіпті рецидивист деп тану мәселесін қараған кезде, соттар қылмыстар немесе үкімдер жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыруға белгіленген жазаның ақырғы негізінен емес, оны ерекше қауіпті рецидивист деп тануға негіз болатын нақты қылмысы үшін белгіленген жазаның мерзіміне сүйенуі керек.

      11. Сот үкімі бойынша еңбекпен түзеу мекемесінде, тергеу изоляторында, сондай-ақ бас бостандығынан айыруға сотталған уақытша ұстайтын изоляторда отырған, айдауда, кез-келген жерде айдауда жүрген немесе үкімдері заңды күшіне енген қамаудан немесе күзеттен қашқан адамдар заңға сәйкес бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүргендер болып табылады.

      Адамның қамаудан қашып жүргендегі уақыты заң бойынша жазаны өтеу мерзіміне есептелмеуі бұл жерде ешқандай есепке жатпайды.

      Егерде үкім бойынша шартты немесе еңбек міндетті түрде қатыстыра отырып бас бостандығынан айыруға шартты сотталған, немесе үкімнің орындалуын кейін қалдыру арқылы сотталған адамдар заңда көрсетілген негіздер мен тәртіп бойынша бас бостандығынан айыру орындарына жазасын өтеу үшін жіберілсе, ондай адамдар бас бостандығынан айырылу түріндегі жазаны өтеп жүрген адамдар болып саналады.

      12. Соттың заңды күшіне енген үкімі бойынша бұрын бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған, бұл жазасын еңбекпен түзеу мекемесінде өтеуге тиісті болған, бірақ бұл жазаны өтемеген (мысалы, оны өтеуден жалтарған, үкімді орындау қылмыстық істерді жүргізу заңында көрсетілген тәртіп бойынша кейінге қалдырылған) адам да бұрын бас бостандығынан айыруға сотталған адам деп есептеледі, тек үкімнің орындалмай қалғаны оның мерзімі өтіп кеткендіктен; еңбекке қатыстыру арқылы бас бостандығынан айыруға шартты түрде және қылмыстық заңда көрсетілгендей үкімнің орындалуы кейінге қалдырылған жағдайлар бұған кірмейді.

      Сондықтан да бұрын бас бостандығынан айыруға шартты түрде, яки еңбекке міндетті түрде қатыстыру арқылы бас бостандығынан айыруға шартты түрде сотталған, яки үкімнің орындалуы кейінге қалдырылған адам, егер ол сынау мерзімі кезінде немесе еңбекке міндетті түрде қатыстыру арқылы шартты жаза өтеп жүрген кезінде немесе үкімнің орындалуын кейінге қалдырған уақыт кезінде немесе заңда көрсетілген негіздер бойынша үкімде тағайындалған бас бостандығынан айыру жазаны сот ұйғарымымен нақты өтеуге жіберілген уақытта жаңадан қылмыс жасаса, онда ондай адам ерекше қауіпті рецидивист деп танылуы мүмкін.

      Бұл орайда заң белгілеген тәртіп бойынша сотталғандығы жойылған немесе одан арылған жағдайда бұрын сотталғандық есепке алынбайды.

      Соттың үкімі бойынша түзеу жұмыстарына сотталған кейін заңда белгіленген негіздер бойынша онысы бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адам, сондай-ақ жасаған қылмысы үшін бас бостандығынан айыру жазасының орнына заңға сәйкес тәртіп батальонына жіберілген әскери қызметкер, бас бостандығынан айыруға сотталғандар қатарына жатпайды.

      13. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің ерекше қауіпті рецидивист жасаған қылмыс үшін аса жоғары жауаптылық жүктейтін тиісті баптарымен бұрын заң түрінде ерекше қауіпті рецидивист деп танылған және бұл үкім заңды күшіне енген жағдайда ғана дәрежеленетіндігі соттарға түсіндірілсін. Бұл орайда мынаны ескеру керек - ерекше қауіпті рецидивист деп тану туралы шешім сол адамның заң белгілеген тәртіп бойынша сотталғандығын жою мәселесімен бір мезгілде бұзылады.

      14. Қылмыстық жаза шараларын өтеу кезеңінде жасалған қылмыстар туралы қылмыстық істі қарағанда еңбекпен түзеу мекемесінің жұмысына іріткі салатын әрекеттер, еңбекпен түзеу мекемесі қызметкерлеріне қасақана көнбеуге бағытталған, қамаудан және жазаны өтеуден жалтарған қылмысы үшін жауаптылық жөніндегі заңды дұрыс және бірыңғай қолданудың үлкен мәні бар.

      Бұл категориядағы істерді қарай отырып, соттар бұл қылмыстарды және аралас қылмыс құрамын бір-бірінен дұрыс айыра білуге, заңды асыра түсіндіруге жол бермеуге, айыптының қылмыстық ниеті мен мақсатын дұрыс анықтауға тиіс.

      15. Әкімшілік қызметкерлеріне шабуыл жасаудың, түзелу жолына түскен сотталғандарға күш көрсету мен қорқытудың, сол секілді әрекет жасау мақсатында қылмысты топ құрудың кез келген оқиғасы еңбекпен түзеу мекемесі жұмысына іріткі салатын әрекет болып танылмайды, оған тек қана айыптының заңға қарсы шығып қылмыстық жазаны өтеудің белгіленген тәртібін өзгертуге, еңбек-түзеу мекемесінің, оның бөлімшелерінің қалыпты жұмысына немесе олардың кейбір өкілдерінің заңды қызметін өзгертуге, түзелу жолына түскен сотталғандарды құқық тәртібін, режим талаптарын сақтаудан бас тартуға, оларды әкімшілік қызметкерлерінің заңды қызметіне қарсы шығуға, сондай-ақ сол сотталғандар мен әкімшілік қызметкерлерінің жасаған әрекеті үшін кек алуға бағытталған әрекеттер жатады.

      Бұл орайда, еңбек-түзеу мекемелерінің жұмысына іріткі салатын әрекеттер құрамы болған қылмысты басқа ұқсас құрамды қылмыстар құрамынан шектелген кезде әкімшілік өкілінің әрекеті де, сотталған адамның тәртібі де заңды сипатта болуы керектігіне назар аударған жөн.

      16. Егер қолданылып жүрген заңға сәйкес мадақтауға және жазалауға құқы бар лауазымды адамдарға, колония бастықтарының кезекшілікте тұрған көмекшілеріне және бақылаушылар құрамының адамдарына, сондай-ақ ЕТМ-лерінің басшылықта жүрген басқа адамдарына, күзет қызметінде тұрған ішкі әскерлердің әскери қызметкерлеріне, бас бостандығынан айыру орындарында жалпы және кәсіптік-техникалық білім беріп жүрген адамдарға, медициналық қызмет көрсетушілерге, сотталғандардың өндірістік жұмысына басшылық жасайтын әкімшілік және инженер-техникалық қызметшілерге шабуыл жасалса, жазаны өтеп жүрген адам осы әрекеттері үшін еңбекпен түзеу мекемелерінің жұмысына іріткі салған деп жауапталады.

      Егер аталған адамдарға шабуыл жасауға олардың заңсыз әрекеттері себеп болғаны анықталса, онда айыптының жауапкершілігі адамның жеке басына қарсы жасаған әрекет үшін тиісті заңмен белгіленеді.

      Қарастырып отырған қылмыс құрамын дәрежелеу үшін кінәлі адамдардың әрекеті аталған адамдарға тек шабуыл жасау сипатында болуы керек, айыптының әрекеттерінде олардың заңды қызметіне қарсыласу немесе көнбеу белгілері болғандығы анықталса, онда жауаптылық Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша туындайды.

      Кінәлі адам бір мезгілде әкімшіліктің бір немесе бірнеше өкілдеріне шабуыл жасаса және әкімшіліктің басқа қызметкерлеріне бағынбаса, сот қылмысына дәрежелегенде, оның жәбірленушілердің әрқайсысы жөніндегі әрекеттеріне қарамай, қылмыс жасау себебі мен мақсатының бағыт-бағдарына қарай бар әрекеттеріне тұтас баға беруі керек.

      17. Түзелу жолына түскен сотталғандар зорлық-зомбылық көрсету деп күш көрсету, олардың үрейін ұшыру, қорқыту, жәбірлеу және қорлау деп түсіну керек. Бұл орайда соттар кінәлілер мен жәбірленушілердің шын мәнінде түзелу жолына түскенін тексеруі керек. Сондықтан да соттар сотталушы арасындағы дау-дамай, ұрыс-керіс, жеке қақтығыс үстінде болған екі жақтың осы тақылеттес объективті қылмыстарын (жарақат түсіру, денесіне зақым келтіру т.б.с.), түзелу жолына түскен сотталғандарға зорлық-зомбылық көрсетуден айыра білуі тиіс.

      18. Әкімшілікке шабуыл жасау немесе түзелу жолына түскен сотталғандарға зорлық-зомбылық көрсету мақсатымен қылмысты топты ұйымдастыру немесе ондай топтарға белсене атсалысу, тіпті мұндай топтар істемекші қылмысты әрекеттерін әлі жасамаған жағдайда да, ондай әрекеттер еңбекпен түзеу мекемелерінің жұмысына іріткі салатын әрекеттер қылмысының басын құрайды. Мұндай кезде соттар ондай топтағы әрбір сотталушының нақты ролін, топтасқан қылмыстық әрекетке оның тікелей қатысты екенін, топты құру мақсатын, шабуыл жасамақшы адамның белгілі болған жағдайындағы айыптының қылмыстық әрекетінің себебін анықтауы тиіс.

      19. Әкімшілікке шабуыл жасау немесе түзелу жолына түскен сотталғандарға зорлық-зомбылық көрсетумен бірге қорқыту, сабау, денеге жеңіл және орта дәрежеде жарақат түсіретін әрекеттер жасаса онда айыпкердің әрекеттері еңбекпен түзеу мекемесінің жұмысына іріткі салатын әрекеттер үшін жауапкершілік белгілейтін заңның бабымен қамтылады, басқа баптармен қосымша дәрежелеуді талап етпейді.

      Жазаны өтеп жүрген адамның жасаған қылмыстарының ең болмағанда біреуі ауыр қылмысқа жатқызылған болса бұл жағдай қылмыстың дәрежелену белгісі ретінде қылмыскер үшін қылмыстар жиынтығы бойынша өтеуге тиісті тағайындалған жаза мерзімінің барлық кезеңі бойында күшінде болады.

      20. Жалпы, күшейтілген, қатаң немесе ерекше режимдегі еңбекпен түзеу колониясында жазасын өтеп жүрген еңбекпен түзеу мекемесі әкімшілігінің талаптарын қасақана орындамағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Бұған оның бас бостандығынан айыру жазасына сотталғанының да, қылмыстық заңда көрсетілген негіздер бойынша сот ұйғарымымен басқа жазаның бас бостандығынан айыруға ауыстырылғанының да еш қатысы жоқ.

      Бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының бір бөлегін түрмеде өтеуге тағайындалған адам көрсетілген қылмысы үшін колонияға жіберілгеннен соң жазасын өтеу режимінің талаптарын бұзғаны үшін заңда көрсетілген жазаны алған, содан кейін де заңды талаптарға қасақана көнбей қойған, я болмаса еңбекпен түзеу мекемесінің әкімшілігіне қарсы басқа да қылық көрсеткен жағдайда ғана қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.

      Заң жүзінде бір қылмысы, ауыр қылмысқа жатқызылған, қылмыстық (үкімдердің) жиынтығы бойынша жазасын өтеп жүрген адам бұл қылмыстарды жасаса, ондай жағдай қылмыстың дәрежелену белгісі ретінде қолданылады.

      21. Сотталған адамды еңбекпен түзеу әкімшілігіне заңды талаптарына қасақана бағынбау немесе өзгеше қарсылық көрсетуі үшін қылмысты жауапқа тартудың қажетті шарты ол адамды камералық үлгідегі бөлмеге (жалғыз адамдық камераға) немесе түрмеге ауыстыру түрінде қолданылған шаралар болып табылады. Аталған шаралардан соң бір жыл ішінде заңның диспозициясында көрсетілген әрекеттерді жасаған адам ғана бұл қылмыстар үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Егер сотталған адамға тәртіпті соңғы рет бұзғаны үшін басқа шара қолданылып қойса, заңның мән-мағынасы бойынша ол адамды камералық үлгідегі (жалғыз адамдық камера) бөлмеге көшіруге болмайтындығын соттардың ескергені жөн.

      Соттардың еңбекпен түзеу мекемесі әкімшілігінің сотталған адамға қасақана бағынбағандығы үшін қойған талаптарының және ол үшін камералық үлгідегі бөлмеге немесе жалғыз адамдық камераға оның ауыстырылғандығының заңды және негізді екендігін тексергендері жөн. Егер аталған шаралар заңсыз қолданылған болса, онда сотталған адам бұл қылмыс үшін жауапқа тартылмайды.

      22. Қылмыстық заңның бұл нормасының мән-мағынасына қарай еңбекпен түзеу мекемесінің әкімшілігіне ынталандыру және жазалау шараларын қолдану құқықтарын пайдаланатын лауазымды адамдар ғана, сондай-ақ отрядтарының бастықтары, колониялар бастықтарының кезекші көмекшілері және сотталғандарды қадағалау міндеттері атқаратын бақылаушылар құрамындағы адамдар жатады.

      23. Қылмыстың дәрежелену белгілерін дәлелдеген кезде еңбекпен түзеу мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау қандай негізде деп табылғанын және әкімшіліктің өз міндеттерін жүзеге асыру кезінде айыпкердің көрсеткен қарсылығы үкімде көрсетілуі керек.

      Әкімшіліктің заңды талаптарына қасақана бағынбауға сотталған адамның оларды орындаудан ашық бас тартқаны, жазаны өтеу ережелерін орындау барысында ерегісетіні, әкімшілік өкілінің лауазымды міндетіне байланысты өз құқығын пайдаланып заңды талаптар қойғанына қарамастан оны орындау кезінде қыр көрсететіні, орындауға тиісті және міндетті бола тұра оны қасақана орындамайтыны жатады. Мұндайда қасақана бағынбаудың мәні әкімшілік талаптарын орындамаудың осы секілді оқиғалар жүйесінде де (екі және одан да көп), сондай-ақ жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бір кезде созылмалы түрде немесе жалғастыра отырып бұзуда, сотталған адамның режим тәртібін орындаудың бас тартуында немесе белгілі бір міндеттерді бұдан былай орындаудан бас тартуында да болуы мүмкін.

      Еңбекпен түзеу мекемесі әкімшілігінің міндетін жүзеге асыруына өзгеше қарсылық көрсету деп өндірістік, басқа да бөлімшелердің немесе жүргізілуге тиісті режимдік, тәрбие, оқу, мәдени-көпшілік жұмыстары мен басқа да шаралардың тоқтап қалуына бағытталған, яки бұған басқа да сотталған адамдарды арандату жолымен жасалған өзге де қасақана әрекеттерді айту керек.

      Әкімшілік талаптарына қасақана көнбеуді немесе оған басқа да қарсы әрекеттер көрсетуді соттар жазаны өтеу режимін бұзудың (мысалы: сапқа кешігу, киім формасын бұзу, карта ойнау, басқа да құмар ойынын ойнау т.с.с.) мәні болмашы оқиғаларымен шатастырмауы тиіс, мұндайда бұл тектес тәртіп бұзу саны есепке алынбайды.

      24. Еңбекпен түзеу мекемесінде жасалған қылмыстар туралы қылмыстық істерді қарағанда соттардың еңбекпен түзеу мекемелерінің жұмысына іріткі салу әрекеттерін белгілейтін қылмыстан, еңбекпен түзеу мекемесінің әкімшілік талаптарына қасақана бағынбау қылмысын, басқа да, мәселен, өкіметтің өкіліне қарсылық көрсету, оларға тіл тигізу, лауазымды адамдарды қорқытып оларға күш көрсету, бұзақылық, қоғамдық тәртіпті бұзатын топтасқан әрекетке белсене қатысу немесе оны ұйымдастыру, адам өміріне, денсаулығына және жеке басына қастандық жасау қылмыстарынан айыра білуі тиіс.

      25. Қамаудан немесе күзетіп тұрған жерден қашқанын және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден жалтарған әрекеттерді дәрежелегенде соттар қылмыстық заңның біркелкі қолданылуын қамтамасыз еткені жөн. Мұндайда еңбекпен түзеу колониясын, қоныс колониясын, түрмені, еңбекпен тәрбиелеу колониясын, тергеу изоляторын, алдын ала қамау камераларын (уақытша ұстау изоляторын), қамаудағылардың ауруханасын тастап кету, қолданылып жүрген заңға сәйкес қамаудан қашу деп саналады.

      26. Қашу үшін жауаптылық сотталған адамға қамауға алыну туралы құжатты жариялағаннан кейін және бұл шешім нақты орындалғаннан соң басталады. Қамауға алу туралы үкім немесе басқа да шешімдер жариялағанымен, олар шын мәнінде орындалмаса, қашып жүрген адамды қамаудан қашты деуге болмайды.

      Бұл қылмыстың субъектісі болып бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген және бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алынған адамдар танылады.

      Қамауда заңсыз ұсталып отырған, соның ішінде заңсыз сотталған адам, қамаудан қашқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

      27. Қамау орнынан немесе күзетуден қашу тек тікелей қасақана ниетпен жасалады, мұндайда айыптының көздеген мақсатының, оның қашу себептерінің, мейлі ол уақытша немесе жазаны тіпті де өтеуден жалтару немесе күзетуден құтылу болсын, оған еш қатыс болмайды. Қашу - созылмалы қылмыс болып танылады, қылмыстың басы бас бостандығынан айыру орнын тастап немесе күзетуден немесе сотталған адамның алаңсыз жүріп-тұру құқығын пайдаланатын белгілі бір мерзімде қайтып оралмай кеткен сәтінен басталады. Демек сол сәттен бастап қылмыс аяқталған деп қарау керек, сондықтан да сотталған адамның қашып жүрген мерзімі оның қылмысын дәрежелеуге ешбір ықпалын тигізе алмайды.

      28. Егер сотталған адам күзетшіге, әкімшілік пен құқық қорғау органдарының басқа да қызметкеріне және кез-келген азаматқа күш көрсету арқылы еңбекпен түзеу мекемесі әкімшілігінің өкіліне шабуылдау, милиция қызметкерлерінің өміріне қастандық жасау, өлтіру, денеге жарақат түсіру, сондай-ақ ішкі істер органы қызметкерлері мен басқа да азаматтарды өлтіретіндігімен қорқыту, кепілдікке адам алу арқылы жасап қашса немесе қашуға ыңғайланған болса, жауаптылық жасалған қылмыстардың жиынтығынан құрастырылады.

      29. Еңбекпен түзеу мекемесінің территориясынан тыс жерде сатылу тәртібімен жазасын өтеуге ауыстырылған бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүргендер қамаудан қашқаны үшін жауапты, мұндайда олардың жауапкершілігі туралы мәселе қоныс колонияларында жаза өтеп жүргендерге қолданылатын тәртіп негізінде шешіледі.

      Егер де айыпкер лауазымды адамдармен сөз байласып, солардың рұқсатымен қашқан болса, егер қылмыс жасау барысын да азғыру, пара беру белгілері болса, онда лауазымды адамның әрекеті лауазымдық қылмысқа сәйкес және қашуды ұйымдастырған немесе қашуға жәрдемдескен деп дәрежеленеді, ал қамаудан қашқан айыптының әрекеті қосымша лауазымды адамдармен бірлесіп қылмыс жасауға қатысқан деп дәрежеленуі мүмкін.

      30. Бас бостандығынан айыру орнынан қысқа мерзімге шығып кетуге рұқсат берілген сотталған адам дәлелсіз себептермен белгіленген мерзімде еңбекпен түзеу мекемесіне оралмаса, келмей қалса, жазасын өтеуден жалтарған деп есептелуі мүмкін екендігін соттарға түсіндіру керек.

      31. Соттардың рецидивті қылмыстар туралы барлық істер бойынша қылмыстың қайта жасалуына себепші болған жағдайлардың бәрін, ең алдымен, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік басқа да органдардың жұмысындағы кемшіліктер туралы мәселені анықтап алған жөн. Атап айтқанда бұрын сотталған адамның тәртібіне бақылау жасалды ма, жоқ па, жазасын өтеп жүрген және одан соңғы кезеңде жұмыс орны мен тұратын жерінде онымен қылмыстың алдын алу шаралары жүргізілді ме, жоқ па, қажет болған жағдайларда оған әкімшілік қадағалау қойылды ма, жоқ па, еңбек және тұрмысқа орналасуына көмек көрсетілді ме, жоқ па. Еңбекпен түзеу мекемесінің жұмысына іріткі салу, әкімшіліктің талаптарына қасақана бағынбау, қашу және жазаны өтеуден жалтару әрекеттері туралы қылмыстық істерді қарағанда бұл заңсыз әрекеттердің сотталғандардың құқығын бұзу, тәртіп практикасын бұрмалау туындамағанын соттар тексеруі қажет.

      Соттар қылмыстық жазаны атқарушы әкімшілік органдары қызметшілерінің қызмет өкілеттіктерін асыра сілтеу, нәтижесінде қызмет бабын теріс пайдалану, өз міндеттерін орындауға немқұрайды қарау, жазасын өтеу режимін бұзушылар мен қасақана қылмыс жасаушыларды бетімен жіберу, оларды жасырып қою, қызмет ету борышы заңдары мен талаптарын бұзу фактілеріне, сондай-ақ сотталғандардың құқығына нұқсан келтіру, олардың еңбегі мен тұрмыстық, санитарлық-дәрігерлік жағдайларын, жеке-жеке тәрбиелеу жұмыстарын ұйымдастырудың қанағаттанғысыздығы оқиғаларына мұқият құлақ асып, оны болдырмау жөнінде жеке ұйғарым шығаруы тиіс.

      Бұрын бас бостандығынан айыруға қатысы жоқ жаза алған, қайта қылмыс жасағандардың қылмыстық ісін қарай отырып, соттар бұрын шығарылған үкімнің орындалған орындалмағанына, яғни бұл адамдарға жазасын өтеп жүргенде бақылау қойылған, қойылмағанына, сондай-ақ бұл істегі кемшіліктерге де назар аударып отыруы тиіс.

      32. Сотталушының жеке басы, олардың өмір сүруі мен тәртібі туралы мәліметтерді зерттей отырып, соттар анықтау және тергеу органдарынан, айыптаушы жақтан соның ішінде оның алдында жазасын өтеп шыққан жерден сотталушыға сипаттама беретін қажетті материалдарды, олардың еңбекке орналасқандығы, маскүнемдігі, есірткіге салынғандығы, СОЗ, СПИД ауруына байланысты күштеп емделгені, сондай-ақ олардың психикалық жай-күйі туралы мәліметтерді талап етуі тиіс.

      Бұрынғы үкім бойынша маскүнемдік пен есірткіге салынудан күштеп емдеу белгіленген сотталушы егер аяғына дейін емделмеген болса, онда үкімнің қорытынды бөлігінде мұндай емді жалғастыру керектігін атап көрсету керек.

      Сарапшы-психиатр сотталушыға дәрігер-психиатрдың бақылауы қажет деп тапса, онда соттар үкімнің қорытынды бөлігінде бұл туралы тиісті нұсқауларды көрсетуі қажет.

      33. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы, облыстық және Алматы қалалық соттары қылмыстық жазаны орындауға қатысты материалдарды, рецидивтік қылмыстар туралы қылмыстық істерді қараған кезде соттардың заң талаптарын дұрыс қолдану үшін оларға қадағалау жүргізуді күшейтіп, бұл категориядағы істер бойынша жинақталған сот тәжірибесін зерттеп, соттардың жіберген қателіктері мен кемшіліктеріне талдау жасайтын және оларды жою жолында тиісті шаралар қолданылатын болсын.

      34. Осы Қаулының қабылдануына байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Сотының 1985-жылғы 20-желтоқсандағы "Республика соттарының рецидивті қылмыспен күресу жөніндегі заңды қолдану тәжірибесі туралы" N 9 Қаулысы үшін жойды деп есептелсін.

      Мыналар қолданылмайды деп танылсын:

      СССР Жоғарғы Сотының 1976-жылғы 25-маусымдағы Пленумының "Рецидивтік қылмыстарымен күресудегі соттардың заңды қолдану тәжірибесі туралы" N 4 Қаулысы, 1982-жылғы 9-желтоқсандағы Пленумның N 10 және 1986-жылғы 16-қаңтардағы Пленумның N 5 қаулылары енгізген өзгертулерімен қоса;

      СССР Жоғарғы Сотының 1982-жылғы 9-желтоқсандағы Пленумының "Рецидивтік қылмыспен күресуге бағытталған СССР Жоғарғы Соты Пленумының басшылық түсіндірулерін орындау мен заңды қолдану жөнінде соттардың қызметін одан әрі жетілдіру туралы" N 9 Қаулысы;

      СССР Жоғарғы Сотының 1985-жылғы 21-маусымдағы Пленумның "Еңбек түзеу мекемелерінің жұмысына іріткі салатын әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық туралы істер жөніндегі сот тәжірибесі туралы" N 10 Қаулысы, 1989-жылғы 2-наурыздағы N 1 қаулысы енгізген өзгертулермен қоса;

      СССР Жоғарғы Сотының 1985-жылғы 5-сәуірдегі Пленумының "Еңбекпен түзеу мекемелері әкімшілігінің талаптарына қасақана көнбегені үшін жауаптылық туралы заңды соттардың қолдану тәжірибесі туралы" N 4 Қаулысы, 1989-жылғы 2-наурыздағы Пленумының N 1 қаулысы енгізген өзгертулерімен қоса;

      СССР Жоғарғы Сотының 1989-жылғы 2-наурыздағы Пленумының "Еңбекпен түзеу мекемелерінде жасалған қылмыстар туралы істер жөніндегі сот тәжірибесі туралы" N 1 Қаулысының 2, 5, 8 тармақтары.


      Оқыған:

      Қасымбеков Б.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады