Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қарсы әрекеттер үшін жауапкершілікті реттейтін заңдарды соттардың қолдануы туралы

Күшін жойған

Қаулы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумы 1994-жылғы 23-желтоқсан N 7, Пленумның 1996-жылғы 20-желтоқсандағы N 11 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен бірге. (Қазақстан Республикасы (Қазақ КСР) Жоғарғы Соты Пленумы қаулыларының жинағы, 1997 ж., 1 том, 87 бет). Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2007.05.11. N 1 нормативтік қаулысымен.

      Соттардың жұмысындағы кемшіліктерді жою, олар азаматтардың өмірі мен денсаулығына қарсы жасалған әрекеттер үшін белгіленген заңдарды біркелкі қолдануын қамтамасыз ету мақсатымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы қаулы етеді:

      1. Жасалған қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі әділ зерттеу жөніндегі заң талаптары қасақана кісі өлтіргендігі туралы істерді қараған кезде ерекше ескерілуі тиіс. Себебі, одан айыптының әрекеті дұрыс бағалануы, ал қылмысты ауырлататын жағдайлар жасалғанда заң бойынша өлім жазасы қолданылатындығы осыған байланысты екеніне соттардың назары аударылатын болсын.

      2. Кісі өлтіруге бірнеше адам қатысқан жағдайда соттар қатысушылардың арасындағы алдын ала келісім болған-болмағанын, олардың арасында рольдердің бөлісілген-бөлісілмегенін, сондай-ақ қылмыс жасауға қатысқандардың әрқайсысының оған қатыстылығы дәрежесіне қорытынды жасауға негіз беретін басқа да барлық жайларды мұқият зерттеп, қатысушылардың әрқайсысының іс-әрекеттерін дәрежелеп, жеке-жеке жаза тағайындауға тиіс.

      Кісі өлтіруге бірлесіп әрекет жасаған жәбірленушінің өмірін сарп ету процесіне өздері тікелей қатысқан адамдар осы қылмысты әдейі жасағандар деп табылады. Олардың әрекеті ҚК-тің 88-бабының тиісті бөліктері және оның тармақтары бойынша дәрежеленеді. Қылмысқа қатысы бар, бірақ кісі өлтіру процесіне тікелей қатыспағандардың әрекеті (ұйымдастырушылар, дем берушілер, арандатушылар) дәлелді деп танылғанда, дәрежелену белгілері көрсетіліп, ҚР-тің 17-бабымен және 88-баптың тиісті бөліктерімен дәрежеленуге тиіс.

      Қылмыс субъектілерін сипаттайтын дәрежелеу белгілері (ерекше қауіпті рецидивистің немесе бұрын қасақана кісі өлтірген адамның қасақана кісі өлтіруі) тек сондай белгілері бар қылмысқа қатысушылардың әрекетін дәрежелегенде ғана ескерілуі тиіс. Басқа қылмысты ауырлататын орындаушының әрекеттерін сипаттайтын жағдайлар қылмысқа қатысушылар үшін оларға ондай жағдайлар алдын ала мәлім болғанда ғана жауапкершілік тудырады.

      3. Соттар бір топ болып қасақана кісі өлтіру қылмысынан сондай қылмыс жасаған бандаға қатысушыларды айыра білген жөн. Қарулы банданы ұйымдастырғаны, оған және олардың шабуылына қатысқаны үшін жауапкершілікті белгілейтін ҚК-тің бабында банданың қылмысты әрекеттерінен мүмкін болатын зардаптары үшін жауапкершілік көрсетілмеген. Осыған орай бандаға қатысушы адамның қасақана кісі өлтіруі жасалған қылмыстардың жиынтығы бойынша бандитизм және қасақана кісі өлтіру ретінде дәрежеленуге жатады.

      4. Қасақана кісі өлтіру тікелей де, жанама арам ниетпен де жасалуы мүмкін екендігін соттардың еске алғаны жөн. Адамды қасақана өлтіруге оқталу қылмысы, тек тікелей ниетпен жасалады. Бұл жағдайда айыпты өзінің әрекеті қоғамға қауіпті екенін, жәбірленушінің өлерін біліп, өлгенін тілейді. Бірақ оның ырқына байланысты емес себептерден адам өлмей қалады. Осыған байланысты айыптының әрекеттері шын мәнінде жәбірленушіні өлтіруге бағытталған ба, дегеніне жетуге нендей жағдайлардың кедергі болғанын анықтау қажет.

      5. Өзіне және өзге тұлғаға материалдық пайда (мүліктік құқықтарды, тұрғын үйге құқықтарды, үшінші тұлғалардан сыйақы алу және тағы сол сияқты) келтіру мақсатымен немесе материалдық шығындардан (мүлікті, ақшаны қайтару, қызмет көрсетуді төлеу, алименттерді төлеу, материалдық міндеттемелерді орындау және төлемдерді өтеу және тағы сол сияқты) құтылу мақсатымен жасалған қасақана кісі өлтіру ҚК 96-бабы екінші бөлігінің з) тармағы бойынша пайда табу мақсатымен жасалған әрекет ретінде саралануға жатады.

      Сыйақы үшін қасақана кісі өлтірген кінәлінің әрекеттерін де жалданып кісі өлтіру ретінде ҚК 96-бабы екінші бөлігінің з) тармағы бойынша, ал осындай кісі өлтіруді ұйымдастырған немесе орындаушыны сыйақыға кісі өлтіруге айдап салған тұлғаның әрекеттерін ҚК 28-бабының үшінші немесе төртінші бөліктері және ҚК 96-бабы екінші бөлігінің з) тармағы бойынша саралау керек.

      Егер кінәлінің ниеті қарақшылық шабуыл жасауға бағытталса және осы қылмысты жасау және жәбірленушіге күш қолдану процесінде кінәлі оны қасақана өлтірсе, жасалған әрекет қылмыстардың жиынтығы ретінде ҚК 96-бабы екінші бөлігінің з) тармағы және ҚК 179-бабының тиісті бөлігі бойынша саралану қажет.

      Қарақшылық шабуылдан немесе басқа қылмыстан кейін жасалған әрекетті жасыру мақсатымен қасақана құқыққа қарсы қаза келтіру жасалған әрекет үшін жауаптылық көзделген қылмыстық заң нормасы бойынша және ҚК 96-бабы екінші бөлігінің к) тармағы бойынша саралануға жатады.

      Басқа қылмысты жасауды жеңілдету мақсатымен қасақана қаза келтіру де өлтіру тәсіліне (күш қолдану, у беру және тағы басқа жолмен) қатыссыз ҚК 96-бабы екінші бөлігінің к) тармағы және кісі өлтіргеннен кейін өзінің пиғылын жүзеге асыру мақсатында жасалған қылмыс үшін жауапкершілік көздейтін қылмыстық заңның нормасы бойынша саралануы керек.

      Егер мүлікті иемдену ниеті қасақана кісі өлтіргеннен кейін туындаса және пайдакүнемдік ниет оны жасау себебі болмаса, онда кінәлінің жәбірленушіні өлтіргеннен кейін оның мүлкін алумен байланысты әрекеттері ҚК бөтен меншікке қарсы қылмыстар үшін жауаптылықты көздейтін баптары бойынша, ал кісі өлтіруі - ҚК 96-бабының саралаушы белгілерінің болуына байланысты тиісті бөлігі бойынша саралауға жатады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25. N 12 Нормативтік қаулысымен.

      6. Соттарға бұзақылық ниетпен жасалған кісі өлтіруді жеке бас араздық салдарынан, дау-дамай немесе төбелес барысында жасалған кісі өлтіруден ажырата білген жөн. Бұл мәселені шешу кезінде кінәлі мен жәбірленушінің қарым-қатынасын, ұрыс пен төбелестің сылтауы мен себептерін, қақтығысты бастаушыны анықтап, екеуінің белсенділігі мен әрекеттерінің сипатын және басқа да жағдайларды ескеруі тиіс.

      Қоғамды анық құрметтемеудің, моральдық және әдептілік нормаларын өрескел бұзудың салдарынан кісі өлтіру, егер кінәлінің әрекеті қоғамдық тәртіпті ашық бұзуға және өзін маңайындағы адамдарға қарсы қою, оларға қарағанда басымдылығын көрсету, оларға менсінбей қарау тілегінен туындаса, ҚК 96-бабы екінші бөлігінің и) тармағы бойынша саралануы керек. Бұл көп жағдайда себепсіз немесе болмашы сылтауды кісі өлтіруге себеп ретінде пайдалану арқылы жасалады.

      Егер бұзақылық ниетпен бір кісіні өлтіру кезінде кінәлі басқа тұлғалардың денсаулығына қасақана ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірсе, онда жасалған әрекеттерді тұтастай қылмыстардың жиынтығы бойынша ҚК 96-бабы екінші бөлігінің и) тармағы және денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығын көздейтін ҚК баптарының тиісті бөліктері бойынша саралаған жөн.

      Бұзақылық ниетпен кісі өлтіруге дейін және одан кейін жасалған бұзақылық әрекеттер онымен бір ниетпен байланысты болмаса, ҚК 257-бабының тиісті бөлігі бойынша дербес саралануы тиіс.

      Қасақана кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтiру, егер олардың жасалуына қызғаныш, кек, бас араздық және басқа да ниеттер себеп болса, тек қана қоғамдық орында немесе бөтен азаматтардың көзінше жасалуына байланысты бұзақылық ниетпен жасалған деп санауға болмайды.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25. N 12 Нормативтік қаулысымен.

      7. Қасақана кісі өлтірушілікті ҚК-тің 88-бабының "в" тармағымен дәрежелегенде айыпты адам өзінің бұл қимылын жәбірленушінің қызмет немесе қоғамдық борышын орындалуына байланысты екенін сезуі керек. Сондықтан оны қылмысқа итерген жәбірленушінің қандай заңды әрекеттері себеп болғанын анықтауы қажет.

      Кез-келген адамның міндетті қызмет аясына жататын жұмысын қызметтік борышты орындау, ал қоғамдық борышты орындау деп - арнайы жүктелетін қоғамдық міндеттердің орындалуын айтады. Сондай-ақ қоғам немесе жеке адамның мүддесіне бола (заңды бұзуға жол бермеу, дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыс туралы өкімет органдарына хабарлау және т.б.) жасалған басқа әрекеттер де танылады.

      Милиция қызметкерінің қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі өзіне жүктелген қызметін атқарып тұрған кезде оның өміріне қарсы және де айыптының бұл әрекеті. ҚК-тің 173-1-бабының диспозициясымен қамтылған жағдайларды қоспаған басқа да өзінің қызметтік борышын орындап тұрғанда өміріне қарсы жасалған әрекеттер, ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің "в" тармағымен дәрежеленеді.

      Егер жәбірленуші милиция қызметкері болмаса, бірақ сол мезетте милиция қызметкерімін деп өзін таныстырып және қоғамдық тәртіпті қорғауға бағытталған әрекеттер жасаса, оның өміріне қарсы жасалған әрекеттер ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің "в" тармағымен дәрежеленеді.

      8. Ерекше қаталдықпен қасақана кісі өлтірген жағдайға баға бергенде, мұндай ерекше қаталдық айыптының объективті әрекеттерінен басқа өз қылығына психикалық тұрғыдан қарауынан да көрінуі мүмкін екенін ескеру қажет. Атап айтқанда, жәбірленушіні өлтіру алдында немесе өлтіру үстінде оны азаптаған, қинаған немесе қорлаған болса, айыпты біле тұра жәбірленушіні ерекше қайғы-қасіретке душар етсе (жәбірленушінің денесін көп жерден жарақаттау, жанын қинайтын уды пайдалану, тірідей өртеу, көп уақыт аш қалдыру, су бермеу т.б.), бұл әрекеттер ерекше қаталдықтың белгілері деп саналады. Жәбірленуші жақындарының көзінше өлтірілсе, бұл әрекеттер жәбірленушінің жақындарына ерекше күйзеліспен қайғы-қасірет әкелген болса, ол да ерекше қаталдық болып табылады. Мұндайда айыптының субъективті көзқарасы жәбірленушіні өлтіруге бағытталған тікелей арам ниеттілігімен бірге, кісі өлтіру процесінің басы-қасында болған оның жақындарына ерекше күйзеліс пен қайғы-қасірет әкелген ниет ретінде де сипатталады.

      Жәбірленушіге туыс адамдар ғана емес, қалыптасқан өзара қарым- қатынастағы сыйлас адамдар да (заңды некесі жоқ ерлі-зайыптылар, жігіт пен қалыңдық, қамқоршылар мен бағып-қағуға алғандар, солардың қолындағылар, т.б.) оның жақындары деп танылуы мүмкін.

      Жәбірленушіні өлтірген кезде оның жақындарының басы-қасында болу фактісін ғана емес, айыптының қылмысты солардың көзінше, яғни қылмыс жасағанынан хабардар екендігін де соттар анықтауы қажет.

      Айыпты адам бірнеше жақын адамдарды өлтіру ниетпен, алдымен басқаларының көзінше жәбірленушінің бірін, содан соң қалғанын өлтірсе, ол қаталдықпен кісі өлтіру деп есептеледі. Себебі өлтірер алдында жәбірленушінің әрқайсысына олардың көзінше жақын адамдарын өлтіргенде, ерекше моральдық күйзеліс әкелген болып саналады.

      Жәбірленуші өлтірілген соң (оны жасыру мақсатымен мүшелеп тастаудан басқа) оның денесі танымастай етіліп бұзылуы, мәйіттің қорлануы да қаталдықты дәлелдейді, және ол ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің "г" тармағымен дәрежелеуге негіз болады.

      9. Көп адамның өміріне қауіп төндіретін қасақана жасалған кісі өлтірушілікті дәрежелеу үшін айыптының басқа адамдардың өміріне немесе денсаулығына нақты қауіп төндіретін тәсілді қолдану арқылы, белгілі бір адамды өлтіруге барғандығын анықтау қажет. Мұндайда айыптының әрекетін ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің "д" тармағымен дәрежелеу үшін өлтірмекші болған адамның қасында болғандардың саны, олардың дене жарақатын алған-алмағаны есепке алынбайды.

      Нақтылы бір адамды өлтіруге бағытталған әрекеттің салдарынан болған қауіптен басқалардың зақымдануына әкеліп соқтырған айыптының қылығы жанама ниет түрінде болады. Сондықтан бір адамды көп адамның өміріне қауіпті тәсілмен өлтіргенде басқалардың да өлуі немесе дене жарақатын алуы ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің "д" және "з" тармақтарымен немесе дене жарақатын алуы ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің "д" тармағымен және қасақана дене жарақаттау үшін жауаптылық белгілейтін басқа да тиісті баптармен дәрежеленуге жатады.

      10. Зорлаумен немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерімен ұштастырылған кісі өлтіру деп сол қылмыстарды жасауға оқталу немесе жасау барысында жәбірленушіге қасақана қаза келтіруді түсіну керек.

      Зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасау үстінде немесе көрсетілген қылмыстарды жасауға оқталу кезінде немесе зорлап жыныстық қатынас жасау, нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері аяқталғаннан кейін жасалған әрекеттерді жасыру не көрсетілген қарсылық үшін кек алу мақсатында жәбірленушіге құқыққа қарсы қаза келтіру ҚК 96-бабы екінші бөлігінің к) тармағы бойынша және ҚК 120 немесе ҚК 121-баптарының тиісті бөліктері бойынша саралануы керек. Қылмыстық процесті жүргізуші орган кінәлілердің көрсетілген әрекеттерін саралау кезінде іс бойынша анықталған ҚК 96-бабы екінші бөлігінің к) тармағында, сондай-ақ ҚК 96-бабы екінші бөлігінің басқа тиісті тармақтарында және ҚК 120 немесе ҚК 121-баптарының тиісті бөліктерінде көзделген барлық саралаушы белгілерін көрсетуі тиіс.

      Зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасау үстінде немесе көрсетілген қылмыстарға оқталу кезінде жәбірленушінің денсаулығына жеңіл немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру ҚК 120 , ҚК 121-баптарының диспозициясымен қамтылады және қосымша саралауды талап етпейді.

      Денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 20 желтоқсандағы N 875/1 бұйрығымен бекітілген Сот-медициналық сараптама өндірісін ұйымдастырудың ережесіне сәйкес, алынған сараптама қорытындысы негізінде анықталады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25. N 12 Нормативтік қаулысымен.

      11. Жәбірленушіні өлтіру және қылмыс жасауды оңайлату немесе кісі өлтірушінің немесе басқа адамның жәбірленуші білетін өзге де жасаған қылмысын жасыру ниетімен істелсе, мұндай әрекеттер ҚК-тің 88-бабының 1-бөлігінің "е" тармағымен дәрежеленеді. Бұл жерде жасырған қылмыс жәбірленушінің өзі немесе басқа адам жөнінде жасалғандығының, оның ауырлығы, қасақана немесе абайсызда жасалғандығы айыптының өз мақсатына жеткен немесе хабар түсіп, айыптыға ол белгілі болған жағдайда да, кісі өлтіру басқа қылмысты жасыру мақсатымен болуы мүмкін. Басқа қылмысты жеңілдету немесе жасыру мақсатымен кісі өлтіру - бұл басқа қылмысты бір адамның да, олар бір-бірімен өзара сөз байланыса отырып әр түрлі адамның бір мезгілде немесе әр кезде де жасалуы ықтимал. Жасыру немесе жеңілдету мақсатымен кісі өлтіруге себеп болған қылмыс өз бетімен бөлек дәрежеленеді.

      Егер өзінің қоғамдық немесе қызметтік борышын өтеу үстіндегі жәбірленушіні айыпты қасақана өлтірсе, оның өзі басқа қылмыс жасауды жеңілдету немесе жасыру үшін жасалса, бұл әрекет ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің "в", "е" тармақтарымен дәрежеленеді.

      12. ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің "ж" тармағын қолдану үшін айыпты адамның әйелді өлтіргенде оның жүкті екенін білгендігі жетіп жатыр. Бұл жерде оның жүктілік мерзімі, ұрықтың өміршең еместігі, әйелдің жүкті екендігі жөнінде тиісті емдеу мекемелерінде есепте тұрған-тұрмағандығы оған қатысы жоқ.

      13. Бір немесе қысқа мерзімде бірнеше рет әрекет жасап екі одан да көп адамды бірінен соң бірін өлтірсе және бұл әрекеттері көп адамның өліміне тікелей немесе жанама ниеті болғандығын көрсетсе, онда айыптының әрекеті ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің "з" тармағымен дәрежеленеді. Екі немесе одан көп адамды өлтіруге ойы болған айыптының бір адамды өлтіріп, екіншісін өлтіруге оқталуы екі немесе одан да көп адамды өлтірген қылмыс болып табылмайды. Өйткені қылмыс жасау пиғылы бола тұра көп адам қылмысты жасаушының ырқынан тыс жағдайларға байланысты өлмей қалып тұр. Мұндай жағдайда айыптының әрекеті ҚК-тің 15-бабы мен 88-баптың 1-бөлігінің "з" тармағы және басқаша дәрежелеу белгілерінің болуына байланысты ҚК-тің 88-бабының тиісті бөліктері бойынша дәрежеленуге тиіс.

      Айыптының бір мезгілде бір адамды өлтіріп, екінші адамды өлтіруге оқталуы қандай кезекте жасалғандығына қарамастан ҚК-тің 15-бабы және 88-баптың 1-бөлігінің "з" тармағы бойынша дәрежеленеді.

      Егер бірнеше адам өлтірілсе, бірақ қылмыс жасалған кезде әр айыпты басқаның көмегінсіз тек бір адамды өлтірсе, ондай қылмыс ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің "з" тармағымен тек барлық қылмыскерлердің бірнеше адамды өлтіруге ниеттері болғандығы, сол ниеттерін жүзеге асыруда олар өзара рольдерін бөліп алғандары анықталған жағдайда ғана дәрежеленеді.

      14. "И" тармағы бойынша бұрын қасақана кісі өлтірген адамның алғашқы қылмысы үшін сотталған сотталмағанына қарамастан қасақана адам өлтіруі (абайсызда, қажетті қорғану шегінен асу жағдайда немесе қатты жан күйзеліс үстінде ашумен адам өлтіруден басқасы) дәрежеленеді. Бұрын қасақана кісі өлтіргендер деп:

      а) ҚК-тің 52-бабының 1-бөлігі, 53-бабының 1-бөлігі, 88, 173-1- баптардағы, 227-баптың "в" тармағында көрсетілген қылмыстарды жасаған;

      б) оларды жасауға қатысқан (17-бап) адамдар саналады.

      Бұрын жасаған қылмысы үшін қудалау мерзімі өтіп кетсе немесе сотталғандығы жойылса ия болмаса одан арылған болса, онда бұрын кісі өлтіргендігі есепке алынбайды.

      Егер тұлға бірнеше кісіні өлтірсе және олардың ешқайсысы үшін сотталмаған болса, онда әрекеттердің барлығы ҚК 11-бабы бесінші бөлігінің талаптарына сәйкес ҚК 96-бабы екінші бөлігінің н) тармағымен (негіздер болса, басқа да тиісті тармақтары бойынша) саралануға жатады. Сонымен қатар уақыты бойынша бірінші жасалған кісі өлтіру ҚК 96-бабы бірінші немесе екінші бөлігі бойынша дербес саралауды талап етпейді.

      Екі немесе одан да көп кісілерді өлтіру бірнеше кісіге қаза келтіруге бағытталған біртұтас ниетпен жасалса, қылмыстар жиынтығын құрамайды және ҚК 96-бабы екінші бөлігінің а) тармағы бойынша саралануға жатады.

      Кісі өлтірген және кісі өлтіруге оқталған жағдайда кінәлінің әрекеті қылмыстар жиынтығы ретінде саралануға жатады.

      Әр мезгілде жауаптылықты ауырлататын екі рет қасақана адам өлтіруге оқталған немесе жауаптылықты ауырлататын жағдайда екі рет қасақана адам өлтірген және олардың бірде-біреуі үшін сотталмаған адамның әрекеттері тиісінше ҚК-тің 15-бабы және 88-бабының 1-бөлігінің "и" тармағы бойынша, осылармен қатар қылмыстарын ауырлататын жағдайларды белгілейтін тиісті тармақтар бойынша дәрежеленуі керек.

      Соттар айыптының алғашқы қылмысының заңды бағалануының дұрыстығына назар аударуы міндетті, өйткені оның жаңа қылмыс жасау әрекетін ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің "и" тармағы бойынша дәрежелеу осыған байланысты.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25. N 12 Нормативтік қаулысымен.

      15. Қасақана адам өлтіруді ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің "к" тармағы бойынша дәрежелеу үшін айыптының қанға-қан деп кек қайтару дәстүрін мойындайтын халықтың тобына жататындығы анықталуы қажет.

      Сондай-ақ аталған қылмыс жасалғанға дейін адам өлтіру фактісінің болғандығы орын алғандығы, айыптының онымен туыстық қарым-қатынаста болғандығын,оның туысының өліміне жәбірленушінің немесе туыстарының кінәлі екендігі қалай белгілі болғандығын анықтау қажет. Адам өлтірудің себебі ретінде қаншылдықпен кек қайтаруды жеке бастың жек көрушілік қатынастары негізіндегі тұрғыдан, кек қайтарудан ажырата білу керек.

      16. ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің "л" тармағы бойынша тек заңмен белгіленген тәртіп бойынша, қасақана адам өлтіргенге дейін күшіне енген үкім негізінде аса қауіпті рецидивист деп саналатын және белгіленген заң тәртібі бойынша сотталғандығы жойылмаған адамдар ғана жауап береді. Соттар сотталушының әрекетін дәрежелеуге әсерін тигізетін оның жеке басының осындай мәліметтерін мұқият зерттеу керек.

      17. Еңбекпен түзеу мекемесінде бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеуші жұмыстан іріткі салу кезінде немесе жаппай тәртіпсіздік жасауға қатысушы билікті ия қызмет бабын асыра пайдалану кезінде қасақана кісі өлтірсе, оның бұл әрекеттері осындай қылмыстары үшін жауапкершілікті белгілейтін ҚК-тің баптарында қамтылмайды. Сондықтан олар дербес дәрежеленуі тиіс, ал айыпталушының барлық әрекеті қасақана кісі өлтіру үшін және осы қылмыстары үшін жауаптылықты белгілейтін ҚК-тің баптары бойынша дәрежеленеді.

      18. Қасақана адам өлтіруді жәбірленушіні өлімге әкеп соқтырған, қасақана денеге жарақат түсіруден ажырата білу үшін айыпталушының пиғыл бағыты, оның өз әрекетінің нәтижесін жәбірленушінің өліміне жеке көзқарасын ескерген жөн. Тура немесе жанама ниетпен қасақана кісі өлтіру кезінде айыпты өзінің жасаған әрекеттерінің дұрыс еместігін түсінеді, қоғамдық қауіпті салдар жәбірленушінің өлімінің болатынын алдын ала біледі және тура ниетпен осылай болса екен дейді, ал жанама ниетпен ол мұны әдейі жасайды, бірақ бұған немқұрайды қарайды. Ал, денеге ауыр жарақат түсірген кезде ол әрекетінің қоғамдық қауіпті сипатын түсінеді. Бірақ жәбірленушінің өліміне оның көзқарасы абайсыздық формасында болады.

      Айыпты пиғылының мәні туралы мәселені шешкен кезде соттар жасалған қылмысқа барлық жағдайлардың жиынтығы тұрғысынан келуі керек. Және, жеке алғанда қылмыстың тәсілі мен құралын, жарақат пен денедегі басқа да ақаулардың санын, сипатын, ауырлығын айыптаушының қылмыстық әрекеттерді тоқтату себептерін және т.б., сондай-ақ, айыпталушының, жәбірленушінің алғашқы мінез-құлқын, олардың қарым-қатынасынан, айыптаушының қылмыстан кейінгі әрекеттерінің сипатын ескеру қажет.

      19. Денеге жарақат түсіру деп бөгде адамның денсаулығына қасақана заңсыз түрде немесе абайсызда денедегі ұлпалардың анатомиялық тұтастығын бүлдіру жолымен әйтпесе, басқа жолмен оның ағзаларының дұрыс жұмыс істеуін бұзу арқылы зиян келтіруді айтады. Дене жарақатының ауырлығы сот- медициналық сараптауды тағайындау жолымен анықталады. Оның қорытындылары басқа айғақтардың жиынтығымен бірге зерттеліп бағалауға жатады. ҚІЖК-нің 53-бабына сәйкес дене жарақатының сипаты мен ауырлығын анықтау үшін сараптауды міндетті түрде тағайындау қажет. Жәбірленушінің түрінің адам танығысыз бүлінуін мойындау сот-медициналық сараптың емес, соттың құзырына жатады.

      ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінде көрсетілген жағдайларда жасалған қылмыс белгілері бойынша ауыр дене жарақатын дәрежелеген кезде ҚК-тің 93-бабы 2-бөлігінде ауыр дене жарақатын түсіру қайталап жасалу белгісінің көрсетілмегенін ескеру керек.

      20. Соттардың назарын ҚК-тің 13-бабына сәйкес қажетті қорғану құқығы азаматтардың өмірін, денсаулығын, арын, беделін, сондай-ақ мүлкін қоғамдық қауіптерден қорғаудағы конституциялық құқығын жүзеге асырудың бірден-бір кепілі екеніне аудару керек. Азаматтар заңға сәйкес шабуылдан қашып қорғанудан немесе басқа амалдар қолданудан тыс, заңға сәйкес қоғамдық қауіпті шабуылға қарсы залал жасау жолымен белсенді шараларды қолдануға қақысы бар. Мұндай кезде олар қоғамдық қауіпті шабуылдан қорғану жағдайында келтірген залалы үшін жауап бермейді.

      21. Қажетті қорғану жағдайының тек қана қоғамдық қауіпті шабуыл сәтінде ғана емес, шабуыл жасау қауіпі анық төнген кезде, сондай-ақ, шабуыл аяқталғаннан кейін де, бірақ, істің барысында қорғанушы үшін оның тоқтап қалу сәтінің түсініксіз жағдайында жасалса да туындайтынын түсіндіру керек.

      Соттар шын мәнінде қоғамдық қауіпті шабуыл жоқ, бірақ қорғанушыға оқиғаның өту жағдайы қоғамдық қауіпті шабуылдың жасалып жатқанына негіз берсе және ол мұндай шабуылдың бар екенін қате түсінген кездегі қорғанудан өтірік қорғануды айыра білуі керек.

      Мұндай жағдайда өзінің болжау қателігін аңғармай және қателігін аңғару мүмкін болмаған адамның қорғану құралдарын қолдануын қажетті қорғаныс жағдайында жасаған әрекет деп қарау керек. Егер адам жасалған шабуылдың жалғандығын ұғынбай, залал келтіретін болса, бірақ, іс жағдайына қарай мұны ұғына алатын және ұғынуға міндетті болса, онда мұндай адамның әрекеті абайсызда залал келтіргендігі үшін жауапқа тартылатын ҚК-тің баптары бойынша дәрежеленуге жатады.

      22. Заңның мәні бойынша шабуылшыға қажетсіз-ақ ҚК-тің 90-шы немесе 96-баптарында көрсетілгендей, қасақана залал келтірілетін кездегі шабуылдың сипаты мен қауіптілігіне анық, сөзсіз қорғанудың сәйкессіздігі ғана қорғанудың қажетті шегінен асып кеткендік деп мойындалады. Қоғамдық қауіпті шабуыл бетін қайтару кезінде абайсызда келтірілетін мұндай зиянкестік үшін қылмыстық жауапкершілік туындамайды.

      Соттар қажетті қорғану шегінен асқан белгілердің бары немесе жоғы туралы мәселені шешкен кезде тек қорғану мен шабуыл жасау құралдарының сәйкестігін немесе сәйкессіздігін ғана емес, қорғанушыға қауіп төндірушінің қауіптілік сипатын шабуылға қарсы тұрудағы оның күші мен мүмкіндігін, сондай-ақ шабуылшы мен қорғанушының күштері ара салмағына ықпал ететін барлық басқа жағдайларды да (шабуылшы мен қорғанушының саны олардың күш-қуаты, жасы, қаруланғандығы, шабуыл жасау уақыты мен орны және т.с.с.) ескеруі керек. Қорғанушының бір топ адам шабуылды жасаған кезде барлық топтың әрекетінің қауіптілігі мен сипатына қарай олардың кез-келгеніне осындай қорғаныс шараларын қолдануға құқы бар.

      23. Шабуыл барысында туындаған жан күйзелу жағдайында қорғанушының қауіп сипатын үнемі дәл болжап соған сәйкес қорғаныс құралын таңдай алмауы мүмкін. Сондықтан шабуыл жасау кезінде қолданылған қарудың немесе басқа нәрсенің шабуылшыдан қорғанушыға ауысып, шабуылшыға қарсы соққы бергеннен, болмаса шабуылды тойтарғаннан гөрі көп зиян келтірсе, егерде мұндай жағдайда шабуыл сипаты мен қаупіне қарай қорғаныстың сәйкессіздігі жіберілмеген болса, онда бұл қажетті қорғану шегінен аспағандықты дәлелдейді.

      24. Формальдық жағынан қылмыс белгілері бар, бірақ, маңызды болғандықтан, қоғамдық қаупі болмашы екені біле тұра қорғанушы басқа адамға зиянкестік жасаса, сондай-ақ, ол адамды заңсыз әрекеттер жасады деген сылтаумен өз пайдасына шешу үшін шабуыл жасауға киліктірсе (төбелес шығару, қоқан-лоқы, кек алу әрекеттерін жасау және т.б.), егерде зиянкестік шабуылды тоқтатқаннан немесе ол біткеннен кейін жасалып, қорғану құралын қолдану қажеттігі жоқтығы айқын болса және бұған қорғанушының көзі жетіп тұрса, ол қажетті қорғану кезінде болды деп табылмайды. Мұндай жағдайда жасаған әрекеті үшін жауаптылық жалпы негізде қаралады.

      25. Соттар, адам өлтіру қажетті қорғану шегінен асып кеткен жағдайда денені жарақаттаудан дәл осындай табанда пайда болған жан күйзелісі жағдайында жасалған әрекеттерді айыра білуі керек. Сотталушы қажетті қорғану деңгейін асырып жіберу кезінде шабуыл жасаушыға зиян келтіре отырып, қорғануды қоғамдық қауіпті қастандық жасауға қамтамасыз етумен басшылыққа алады. Ал табанда пайда болған жан күйзелісі салдарынан (ызаланып шектен шығу) болған қылмыс қорғану мақсатында емес, тап осындай толқу әсерінен жасалынады. Егер қорғанушы қажетті қорғану шегін асырып жіберген кезде одан туындайтын әрекет табан астында қалыптасқан жан күйзелу үстінде болса, онда оның әрекеті нәтижесіне қарай ҚК-тің 90-шы немесе 96-баптары бойынша дәрежеленуге жатады.

      Соттар ызаланып шектен шығушылықты, оның туу себептерін, табанда пайда болған-болмағанын анықтауы қажет. Мұндайда ызаланып шектен шығушылық қалпының күрт интенсивті көңіл-күйге берілуі тұрғысынан көрінетінін, ал оның өзіңді ұстай білу мүмкіндігі кезінде сананы билеп, ызаланып шектен шығу реакциясы тууына қарай әрекет еткен кезде көрінетінін ескерген жөн. Айыптының осындай халде қанша уақыт болғанын анықтау үшін сот психиатрлық сараптауды өткізу қажет. ҚК-тің 89-шы немесе 95-баптарынан туындайтын жауапкершілікті тек жәбірленуші тарапынан заңсыз қысым жасағанда немесе ауыр тіл тигізуден болатын емес, сол сияқты айыптының немесе оған жақын адамдардың құқы мен заңды мүдделерінің өрескел бұзылуымен ұласқан (күштемей әрекеттеу нәтижесінде өлтіру немесе денсаулыққа зиян келтіру, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өз білгенін істеу, қызмет бабын пайдалану) жәбірленушінің басқа да заңға қайшы әрекеттерінің себептері немесе аса күшті жан күйзелісі жәбірленушінің әлденеше заңға қайшы келетін әрекеттерінің салдары ретінде және соңғысы оның тікелей себебі болған кезде туындайды.

      ҚК-тің 89-шы немесе 95-баптары бойынша әрекетті дәрежелеудің аса қажетті шарты - айыптының әрекеттері жиынтығына талдау негізінде анықталатын, жәбірленуші тарапынан заң қайшы әрекеттерге жауап реакция болып келетін кенеттен аса күшті жан күйзелісі деп табылады. Осы жағдайлар арасындағы уақыт жағынан алшақтық ҚК-тің осы аталған баптарының қолдануына жол бермейді.

      26. Қажетті қорғану шегінен асып кеткен жағдайда немесе табанда пайда болған жан күйзеліс үстінде қасақана адам өлтіру немесе денеге жарақат салу ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің "д", "ж", "з", "и", "л" тармақтарында көрсетілген дәрежелеу белгілерінің болғанына қарамастан ҚК-тің 89, 90, 96-баптарымен дәрежелеуге жатады.

      27. Сотталушы әрекетінің қажетті қорғану шегінен асырып жіберу немесе кенеттен туындаған жан күйзелісі жағдайында жасалғанын анықтай отырып, сот үкімдегі өз шешімін жалпы тұжырымдарымен шектеп қоймай, қол жұмсаудың қорғану сипаты мен қауіпсіздігіне сәйкессіздікті байқататын нақты жағдайларға немесе айыптының қатты жан күйзелісінің болғанына негіздеуі керек.

      28. Жәбірленуші тарапынан заңға қайшы күш жұмсау немесе ауыр сөз айтудан туындаған қажетті қорғану шегін асырып жіберу немесе күшті жан күйзелісі жағдайында жасалған қылмыстарды қараған кезде соттар бас бостандығынан айыруға қатысы жоқ басқа жазалауды қолдану мәселесін талқылауы тиіс.

      29. Шегінен асырмай қорғану жағдайында келтірілген зиянның АК-тің 444-бабы бойынша орны толтыруға жатпайтынын ескеру керек. Егер зиян қажетті қорғанудың шегін асырып жіберу барысында болмаса жан күйзеліс үстінде ашумен жасалса, онда зиянның орнын толтырудың мөлшері істің жайына қарай және қорғанушымен қол сұғушының кінәсінің дәрежесіне қарай төмендетілуі мүмкін (АК-тің 453-бабы). Қажетті қорғанудың шегін асырып жіберу кезіндегі қылмыстан жәбірленген адамдарды емдеуге жұмсалатын қаржы осы қылмысты жасаған сотталған адамдардан мемлекет кірісіне өтелініп алынбайды (АК-тің 459-1-бабы).

      30. Соттар қажетті қорғану туралы заңның қолданылуына байланысты істерді қараған кезде алдын ала тергеудің сапасына талапты жоғарылатуы керек. Іс бойынша қылмысқа екі жақтан қатысқандардың бәрі анықталып жауапқа тартылуын, шабуылшы және қорғанушы жөніндегі, істердің бір өндірісте тергеліп сотта қаралуын талап етуі қажет.

      31. Соттар қасақана адам өлтіру мен абайсызда адам өлтіруді ажырата білуі керек. Мұндайда абайсызда адам өлтірудің қылмыстық өзіне сенушіліктің (адам әрекет жасаған кезде жәбірленушінің өліп қалуы мүмкіндігін алдын-ала біліп, оны болдырмауға жеңіл қарайды) немесе қылмыстық немқұрайдылықтың айыпты жәбірленушінің өлу мүмкіндігін алдын-ала білмейді, өлтіруге, не денесіне ауыр жарақат салуға ойы болмауы нәтижесінде болатынын ескеруі керек.

      Қылмыстық өзіне сенушіліктің нәтижесіндегі адам өлтіруді жанама ниетпен адам өлтіруден ажырата білу керек. Мұндайда мыналарды ескерген жөн:

      а) өзіне сенушілік кезінде айыпты адам өлімінің болуы мүмкін екенін ғана біле алады;

      б) айыпты адам өзіне сеушілік кезінде жәбірленушінің өлімін болдырмауға жеңіл қарайды. Жанама ниеті болған кезде жәбірленуші өлімін болдырмауға ешқандай шара қолданбай оның болғанын тілемейді, бірақ болуына саналы түрде жол береді.

      Абайсызда адам өлтіруді жауапкершілік тудырмайтын кездейсоқ өлтіруден ажырату қажет (адам кісінің өлімі болатынын білмеген және білуге мүмкіндігі болмаған немесе адам өлімінің болу мүмкіндігін білген, бірақ, оны болдырмау үшін айыптының ойынша барлық қажеттерді жасаған, бірақ, өлім оның ырқына байланысты емес себептерден болған).

      32. ҚК-тің 92-бабының диспозициясына сәйкес өзін-өзі өлтіруге жеткізгені үшін жауаптылықтың міндетті шарты тек айыптының онан материалдық немесе басқадай тәуелділігіндегі жәбірленушіні қинап немесе күш көрсету фактілері және осы әрекеттер мен жәбірленушінің өзін-өзі өлтіру арасындағы байланыс қана емес, жәбірленушінің іс жүзіндегі өлімі де негіз болып табылады. Аталған бап осыған сәйкес әрекеттерге, егер жәбірленушіні өзін-өзі өлтіруге оқталса, бірақ, оның өліміне жол берілмесе (басқа адамның қатысуы, дер кезіндегі дәрігерлік көмек, т.б.), жауаптылық белгіленбейді.

      Өзін-өзі өлтіруге итермелеудің субъективті жағы абайсыздықпен немесе қылмыстық нәтижеге деген жанама ниетпен сипатталады.

      33. Қасақана кісі өлтіргені үшін жаза тағайындағанда соттар қылмыс жасаудағы барлық жағдайларды: ниетінің түрін, себептері мен мақсатын, тәсілін, қылмыс жасау кездері мен барысын, орын алған залалдың ауырлығын, айыптының жеке басын, сонымен бірге оның мінез-құлықтық жайы мен жағдайын, жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын жағдайларды ескеруі керек.

      ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігінің екі немесе одан да көп тармақтарында көрсетілген, жауаптылықты ауырлататын жағдайларда, жасалған қасақана кісі өлтіру осы барлық тармақтар бойынша дәрежеленуі тиіс. Ал жаза мұндай жағдайда әр тармақ бойынша жеке-жеке емес, жауаптылықты ауырлататын бірнеше жайлардың бар екендігі есепке алына отырып, ҚК-тің 88-бабы 1-бөлігі бойынша тағайындалуы керек.

      Соттар айыптыға жазаның ерекше түрін қолдану туралы мәселені шешкенде өлім жазасы тек жауапты ауырлататын ерекше жағдайларда және ауыр қылмыс жасаушы адам ерекше қауіпті болғанда ғана қолданылатынын ескеруі тиіс. Өлім жазасын қолдану барлық жағдайларда сот мәжілісіндегі анықталған жағдайларға сілтеме жасау арқылы және айыпталушының толық мәлімет сипатына орай үкімде негізделуі керек.

      34. Аталған қаулының қабылдануына байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының төмендегі қаулыларының күші жойылғандығы мойындалсын:

      "Милиция қызметкерлері мен халық жасақшыларына қастандық жасау туралы істерді соттардың қарау практикасында туындайтын кейбір мәселелер" туралы 1962-жылдың 22-қыркүйегіндегі N 10 қаулысы; 1963-жылғы 25-қыркүйектегі N 7 және 1968-жылдың 12-маусымындағы N 5 пленум қаулылары енгізілген өзгертулерімен қоса;

      "Қасақана дене ауыр жарақаты туралы істер бойынша сот практикасы туралы" 1974-жылдың 25-наурызындағы N 1 қаулысы, 1977-жылғы 23-маусымдағы N 4 қаулысымен енгізілген өзгертулер толықтырулармен қоса;

      Республика соттарының ССРО Жоғарғы Пленумы қаулысын орындауы туралы 1975-жылдың 27-маусымындағы N 3 "Қасақана кісі өлтіру істері жөніндегі сот практикасы туралы" қаулысы.

      ССРО Жоғарғы Соты Пленумының төмендегі қаулылары қолданбайды деп танылсын:

      "Қасақана кісі өлтіру істері бойынша сот практикасы туралы" 1975-жылдың 27-маусымындағы N 4 қаулысы, 1989-жылдың 22-қыркүйегіндегі N 10 Пленум қаулылары енгізген өзгерістер, толықтырулармен қоса;

      "Қоғамдық тәртіпті қорғау міндеттерін орындауына байланысты милиция қызметкерлерінің, халық жасақшыларының, сондай-ақ әскери қызметшілердің өміріне, денсаулығына және беделіне қастандық жасауына жауаптылығы жөніндегі заңдарды соттардың қолдануы туралы" 1989-жылдың 22-қыркүйегіндегі N 9 қаулысы;

      "Қоғамдық қауіпті қастандықтан қажетті қорғану құқын қамтамасыз ететін заңдарды соттардың қолдануы туралы" 1984-жылдың 16-тамызындағы N 14 қаулысы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады